Қазақстанның Қарулы Күштері COVID-19-ға қарсы «күрес ашты»
Бүкіл әлемді алаңдатқан коронавирус індеті кешенді күрес шараларын қажет етеді. Сондықтан да елімізде COVID-19-ға қарсы қауіпсіздік шараларын күшейту үшін азаматтық ұйымдармен бірге әскерилер де атсалыспақ. Мұндай бірлескен жұмыс өз нәтижесін де беріп үлгерген.
Қазіргі таңда Қазақстан Қарулы Күштері коронавирустың жеке құрам арасында таралмауын болдырмау және COVID-19-бен күресу шаралары бойынша кешенді жұмыстарды іске асырып келеді.
Мәселен, қазіргі уақытта әскери мекемелер мен әскери бөлімдер індетке қарсы сондай-ақ, санитарлық-профилактикалық іс-шаралар өткізіп, медициналық мүлікпен және қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілуде. Арнайы мамандар науқастармен байланысы анықталған және індеттің белгілері бар адамдар анықталған кезде дер кезінде әрекет ету үшін әскери құрамның денсаулық жағдайына үнемі сараптама жүргізіп отырады.
Бұл індеттен өзіңіз бен жақындарыңызды қорғаудың ең дұрыс және жалғыз жолы – екпе салдыру. Мұны бүгін өткен эпидемиологиялық жағдай жөніндегі кеңесте Мемлекет Басшысы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та атап өткен болатын. Себебі, әлемдік медицина әлі басқа әдістерді ұсынған жоқ. Жақын болашақта ұсынуы да екіталай.
Бүгінгі таңда екпе алу процесі Қарулы Күштердің жеке құрамында қарқынды жалғасуда. Соңғы көрсеткіш бойынша, екпе алғандардың саны 100%-ға жетті. Олардың 99 пайызы бірінші компонентті қабылдағандар болса, 92 пайызы екінші компонентті алғандар.
ҚР ҚК Бас әскери-медициналық басқармасы санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бастығы, полковник Әлбек Манабаевтың айтуынша, екпе алған әскери қызметшілердің ауруы жеңіл түрде өтеді. Мұны талдау көрсеткіші де дәлелдеп отыр. Ал, олардың барлығы амбулаторлық ем қабылдап жатқан көрінеді.
Одан бөлек, қазіргі жағдайды ескере отырып, әскери дәрігерлер де азаматтық ұйымдарда қызмет атқаратын әріптестеріне көмекке келуге даяр. Мәселен, осы жылдың сәуір айынан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында әскери госпитальдер бөлінген. Ал, Нұр-Сұлтандағы Бас әскери клиникалық госпиталь шілде айынан бастап коронавируспен ауырғандарды емдеуді бастаған болатын.
Полковник Әлбек Манабаевтың сөзінше, қазіргі кезде үш қалада әскери емдеу мекемесі азаматтарды қабылдауға дайын.
-Ауыр науқастанған азаматтар келіп түскен жағдайда жансақтау бөлімшелері дайындалған. Онда пульсокисметрлермен, оттегі концентраторларымен, өкпені жасанды желдету аппараттарымен, сондай-ақ, басқа да медициналық жабдықтармен жабдықталған, - деді ҚР ҚК Бас әскери-медициналық басқармасы санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бастығы, полковник Әлбек Манабаев.
Сонымен қатар, санитарлық-эпидемиолоиялық орталықтың екі филиалы бар. Бірі – “Астана”, екіншісі – “Батыс”. Қазір ондағы мамандардың саны артқан. Және, аталған филиал мамандарының құрамында вирусологтар мен зертханашылар, бактериологтар мен эпидемиологтар бар.
Сондай-ақ, қазіргі таңда Семей, Талдықорған, Аягөз бен Сарыөзектің әчкери госпитальдарында қосымша төрт инфекциялық изолятор жұмыс істейді. Одан бөлек, Алматы мен Нұр-Сұлтанда екі стационарлық ПТР-зертхана, ал, Семей мен Ақтауда ПТР-тестті өткізу мүмкіндігі бар мобильді зертханалық кешендер жұмыс істеп жатыр.
Алдағы уақытта Қарулы Күштердің санитарлық-эпидемиологиялық қызметінің мамандары қысқа мерзім ішінде шалғайда, алшақта орналасқан аудандардың халқына дәрігерлік-мейіргерлік бригадамен бірге көмектесуге жіберілу жоспарланып отыр.
Бұл да Қарулы Күштер қызметінің коронавирус індетімен күреске қосқан үлесі болмақ.
Abai.kz