"Қазағым" деген ұлына қазағы неге қиянат жасады?
1998 жыл. "Хабар". Футболдан әлем біріншілігінен репортаж тұңғыш рет қазақ тілінде жүргізілетін болды. Басшымыз солай деп шешті. Шешім қабылданған жиналыста отырған қазақтар бір-бірімізге қарап жымың-жымың еттік. Өзгелер іштей қарсы болса да "ханның қызына" қарсы келе қоймас еді. Онша жақтырмағандары түрлерінен байқалып тұрды. Сол күнгі Аманкелдінің қуаныштан бал-бұл жайнаған түрі әлі көз алдымда. Алғашқы матчты жүргізуге де мұқият дайындалды. Қалай жүргізгенін кешелі бері арда ұлын жоқтаған жанкүйерлер айтып жатыр. Тіпті түйдек, түйдек сөздерін әлі күнге ұмытпай, үтір, нүктесімен қайталағандар өз басымды таң қалдырды. Демек сол кезде Аманкелді Сейітхан жаман жүргізбеген.
...Екінші ойыннан соң ғой деймін, әлдебір шаруамен қабылдау бөлмесіне бара қалдым. Алдымнан шашы сирек орынбасар шыға келіп, кешегі ойынды Аманкелдінің қалай жүргізгені жайлы пікірімді сұрады. Өзі түсінбеген соң білгісі келіп тұрғанын түсініп, " өте жақсы жүргізді" дедім.
-Жарайды, олай болса қазақ тілді көрермен неге оны эфирден алып тастауды талап етіп жатыр?- деді орынбасар маған сеніңкіремей.
-Мүмкін емес, -дедім мен, - Ол әдемі жүргізді. Аманкелді айтыс ақыны ғой. Эфирде суырып салды. Мықты!
Соның арасынша хатшы қыздың алдындағы телефон шар етті де, әлдекіммен азғана тілдесіп, трубканы орынбасарға ұсынды. Ол тыңдап алып, маған берді.
-Маған сенбей тұрсаң, міне, өзің сөйлес! Таң атқалы телефонға тыным жоқ! Барлығы "комментаторды алып таста" дейді.
Тыңдадым. Өзімнің қазағым тепсініп, қазақша футбол жүргізушісінің тым еркінсіп жүргізетінін, қайдағы теңеулерді айтатынын, өзінің орысша ғана тыңдағысы келетінін, егер талабы орындалмаса жоғарыға бір-ақ жазатынын айтып, қоя салды.
Аманжанға бұл өте ауыр тиді. Біраз уақыт футбол жүргізуден шеттетілді. Бірақ, мойымады. Тілші болып жүріп, сүйікті спортын қаузай берген...
... Әнеу жылы Аманжан бокс жүргізіп, қайта жарқ етті. Түн ауа телефон соғып, "көке, қалай болды?" деген. Біздің көңіл баяғыдай.
-Мықты, Аманжан! Бөлек жүргіздің!
-Басқаларға мықты болмай тұр ғой, көке! Арнаға телефон соғып, мені спорт жарыстарын жүргізуге жібермеуді талап етіп жатқандар бар.
-Кімдер?
-Өзіміздің ағайын ғой...
Аманжанды сосын әлдебір музейден жолықтырып қалдым. Мәдениет жаңалықтарын түсіріп жүр екен. Көзінде мұң. Спортын сағынып жүргенін айтты. "Хабардағы" күндерді еске алдық...
...Осыдан үш-төрт ай бұрын ба екен, екеуміздің ортақ досымыз телефон шалды.
-Кешке футбол көр!-деді, -Аманкелді жүргізеді. Арна басшылары Аманжанға бүгінгі маңызды ойынды сеніп тапсырып отыр. "Артық кетпе, қызуқандылыққа салынба" дедім. Эфирді сағынды ғой! Бұл жолы ақылымды тыңдайтын шығар...
Футболды көрдім. Аманжаным ағасының ақылын тыңдап, салқынқанды жүргізіп отырған сияқты еді, тас-талқан болып ұтыла бастаған өзіміздің құрамаға күйініп, "Қазақ футболы қашан көгереді? Келімсекте жігер жоқ!" деп эмоцияға беріліп кете берді. Тікелей эфирде отырып, жүрегі қан жылады. Федерациясын да, жаттықтырушыларын да сойып салды...
Ойын біткен соң көп кешікпей ортақ досымыз тағы телефон шалды.
-Сұмдық!- дейді, - Жоғарыдан телефон шалып "Аманкелді Сейітханды бұдан былай комментаторлыққа жібермеңдер" депті. Оларға көрермендер "звондапты". Ақылымды тыңдамағаны-ай!..
-Көрерменің кім сонда?
-Кім болушы еді, өз қазағым ғой! Басқалар Аманжанның сөзін түсінбей қалсын!
...Аманжанды сосын көрмедім. Соңғы сөйлескенде "ауылда, демалыста жүрмін" деп еді. Кездескенде айтатын сөзім бар еді. Үлгермедім. Ол жоқ енді. Сіздерге айтайын.
"Қазағым" деген ұлына қазағы неге қиянат жасады?
Арман Сқабылұлы
Abai.kz