Әйелдердің билікте көп болуын жақтаймыз
Әйелдердің билікте көп болуын жақтаймыз. Педофилияға қарсы қоғамымыз бірікті. Осы принциптерден таймасақ әлемдік өркениет бізбен бірге.
Іргемізге Қазақстан террористік ұйым деп жарияланған, әйелдерді тұмшалап, жасөспірім ұл - қыздармен жыныстық қатынасты қалыпты жағдай санайтын Талибан алып Ауғанстан билігін толығымен қолға алды.
Алып елдер ойыны біздің аймақтағы геосаясатқа үлкен өзгерістер енгізбек. Мұндайда ел болып бірігу алғышарттарын орындау парыз.
Ауғанстанның Жапония секілді мықты мемлекет орнатуына мол мүмкіндіктері болды. Бірақ халқы да билігі де Шыңғысхан жаулап алған тар заманнан шыққысы келмеді.
Тарихқа жүгінейік. 1919 жылы Британ империясынан Ауғанстанды азат етіп, тәуелсіздігін жариялаған Аманулла хан зайырлы мемлекет құрмаққа ниет етті. Большевиктерді қолдаймыз деп Ленинге елшілерін жіберді. Қытай, Иран мен Пәкістанды ауыздықтап ұстамақ жаңа ауған билігіне Ленин ризашылықпен Совет Одағы құрамындағы Тәжікстан, Өзбекстан мен Түркіменстанның біраз жерін жергілікті тұрғындарымен сыйлай салды. Біз білетін Тәжікстанда жеті миллион, ал ауған жағында кейінгі қырық жылда соғыстан көз ашпаған он төрт миллиондай тәжік отыр. Ерте заманда біраз уақыт Орталық Азияны билеген саманидтер династиясын қазіргі тәжік елі өздерінің бірінші «тәжік мемлекетінің бастауы» санайды. Мұндай ұлттық дарақылықты алпауыт елдер қалай қоздатып, оттай лаулатып жіберерін кім білсін.
Екіншіден үш миллиондай өзбек акаларымыз да ауған аймағында. Кешелі бері олар көрші елдің территориясына бас сауғалап жүздеп ене бастады.
Миллионға тарта өз қандастарымыз бар. Көпшілігі өзбек болып кеткен. Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы кезде олардың түбі қазақ деп бізден басқа ешкімге керегі болмасы хақ. Дәл қазір оларды Отанымызға көшіріп әкеле алмаймыз. Дегенмен, алып державалар мен шекарадағы үш көршіміз Ауғанстан тақырыбында келіссөздерге отырғанда біз де сыртта қалмауымыз керек. Қандастарымызды қолдау бағытында ғұмырларында көрмеген әлеуметтік жағдайлар жасауымыз қажет болар. Мектеп, емхана, монша салып беру секілді. Кей деректерге сүйенсек қандастарымыз сауда мен кәсіпке ыңғайлы. Бір мұнай заводын салсақ, ауғанда жанармай саудалап өз қаржымызды шығарып қана қоймай, экономикалық тұрғыда Ауғанды билеген Тәліп үкіметіне біршама ықпалымызды жүргіземіз.
АҚШ Президенті Байден: «ауғандықтар өз елдері үшін күреспесе, американ сарбаздары олардың бейбіт өмірі үшін неге құрбан болуы керек», деп ашып айтты. Бір жағы 2001 жылы Кабулды басып алғанда АҚШ тұрғындарының 80% Ақ үй шешімін жақтаса, қазір 17% сайлаушылар ғана қолдап отыр.
Осы жағдайда Ресей билігі Талибандармен келіссөзге баруға мәжбүр болды. Орталық Азиядағы бес республикаға ықпалынан айрылмау үшін Кабулден Елшілігін көшірмеген жалғыз ел.
Әр елдің өз мүддесі, әр пенденің өз пиғылы бар. Украина ұлтшылдары Талибандар осы алған бағыттарынан таймай Орта Азиядағы бес елді басып өтіп Ресей шекарасына жетсе деп алақандарын ысқылап отыр. Олай болса Ресей Украинаның отарлаған жерінен армиясын әкетеді, біз жерімізді қайтарамыз деп пәлсәпә соғуда. Беларусь те Лукашенкодан құтылады дегенді қосып қояды.
Бұл енді қазіргі жағдайдағы алғашқы ойға түйген дүниелер.
Қазақ елі Әйел ана мен балалары үшін жанын пида еткен.
Махат Садық
Abai.kz