Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2639 0 пікір 11 Маусым, 2012 сағат 09:08

Қанат Қабдырахманов не дейдi, бiз не деймiз?

БУДАН ҰРПАҚТЫҢ БҰЙДАСЫ КІМНІҢ ҚОЛЫНДА?

БУДАН ҰРПАҚТЫҢ БҰЙДАСЫ КІМНІҢ ҚОЛЫНДА?

24 мамырда «Түркістан» газетінен Қанат Қабдырахмановтың «Қазақтарды бөліп жүрген - ұлтшылдар» деген сұхбатын оқып, қазақ баласының өз ұлтын соншама жермен-жексен еткеніне «әттеген-ай» деп жағамды ұстадым. Басылым редакциясының кіріспесінде, Қ. Қабдырахмановтың орыстілді баспасөздерде жарық көрген материалдарында қазақ қауымына қатысты айтылған ойларды біз қате түсініп жүрген жоқпыз ба деген оймен оны ашық әңгімеге шақырдық депті. Хош. Материалды оқып шығып, сан қилы ойға кеттім, оқырманды ойландыратын һәм толғандыратын материал жоғары бағаланатын болса, бұл дүние «Түркістанның» айын аспанға шығарған сыңайлы.
Сұхбат берушінің тарихтан хабарсыз екені және ойларын талдап саралауға тұрмайтынын мына бір үзіндіден-ақ байқауға болады. Оның «ойына не келеді, соны айтатынынша» - көпэтникалық мемлекетте өмір сүру әлдеқайда жақсы (?), ал моноэтникалық мемлекетте өмір сүру мүмкін емес (?!). Автор бұл ойын тіпті дәлелдеп те жатпайды. Бұл жазушының (өзінің сөзіне сенсек) саясат тақырыбындағы саралау мен сараптау тәсілдерінен хабарсыз екені көрініп-ақ тұр, сәлден кейін «Жапонияда не мұнай, не көмір, не газ жоқ... Бірақ адам капиталы өте көп. (Бұл жерде орысша «человеческий капитал» сөзінің аудармасы келтірілген. Ол сөзге «өте көп» деу қате, ол көп сан емес, бір сан). Сондықтан ... әлемдегі озық мемлекеттің бірі. Оңтүстік Корея, Қытай да солай...» деп салады. Ау, сонда моноэтникалық мемлекетте өмір сүру мүмкін емесің қайда, Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай - нағыз моноэтникалық елдер емес пе?! Бұл мемлекеттер халқының 95-99 пайызы мемлекет құрушы ұлт өкілдері - жапондар, кәрістер, қытайлар екенін бүгінгі орта мектеп оқушысы да біледі. Жазушы Қ. Қабдырахманов мұны білмейді деу қисынға келмейді, біле тұра білмегенсиді, өйткені ол оның идеялық ұстанымына - қазақ ұлтын қаралауға, басқа ұлттармен (орыс, ағылшын т.т) терезесі тең емес екенін, білімі де, өркениеттілігі де, дәстүр мәдениеті де ХІХ ғасырдағы қалпында екенін дәлелдеуге қайшы келеді. Қазақстанда өркениетті орыстілділер қалыптастырды дегеніне сенсек, сонда ол өркениет ХІХ ғасырдағы боп шықты ғой.
Өзі қазақ, тегі қазақ, туған жері қазақтың жері, өскен елі қазақтың елі, түрі қазақ, бірақ болмысы, ойы, арман-тілегі мен отбасы, бала-шағасы қазақ емес. Басқа. Кім? Оралхан ағам жазып кеткен Будан. Жасанды жәндік.
Ұлтын қастерлемейтін, тіпті қазақ екенінен ұялатын будан ұрпақ өсіп-өніп, көбейіп келе жатыр. Өткен ғасырда «Ұлы орыс коммунистері» ұйымдастырған зұлматтардан ұлттың жартысына жуығы құрбан болғаны белгілі. Жиырма бірінші ғасырда да ұлт үшін кезекті қасірет - будандар санының өсуінде болып отыр. Олар қазірдің өзінде қоғам мен биліктің негізгі тетіктерін ұстап отыр, тәуелсіздік алған жиырма жылда экономикамыз өткен ғасырдың 90-жылдарындағы деңгейіне жетпеуінің басты себебі - осы ұлтсыздардың іс-әрекеті. Оларға елсүйгіштік, ұлттық намыс, Отан - жат ұғымдар, осы жерді ұрлап-жырлап, иеленіп, ие болып қалу армандары. Ұлттың мүддесі, елдің ертеңі олар үшін түсініксіз сөздер.
Іштен шыққан жау. Қазақтың маңдайына жазған осы жаудан арыла алмай-ақ келе жатырмыз. Өз Анасына (ұлтына, еліне) шапқан, яки оны қаралап, басқалардан кем санаған есірік төл өскен ел, өркениетті деп жүрген ХХІ ғасырдың жетістігі шығар, бәлкім.
Себебі қайда? Мұндай ұрпақ қалып­та­суы­на негіз болған не? Жауап біреу - Тіл.
Ұлттық тілді ұмытқан ұрпақ ұлттық ділді санасына сіңіруі мүмкін емес. Қазақ тілін білмейтін қазақ жаттың - орыстың, ағылшынның, т.б. тілінде ойлайды, яғни оның ділі, болмысы да - орыс, ағылшын.
Бұларға (будандарға) еліктегіштер де ел ішінде толып жатыр. Жер жаһанды жайлаған ұлттардың ішінде өз мемлекетінде тұрып, екеуара жат тілде әңгімелесетін бірден-бір ұлт болса, ол қазақ ұлты шығар. Сенбесеңіз, Алматының көшесіне шығыңыз да, тыңдаңыз қазақтарды.
Қ.Қабдырахмановтың «ойына не келді, соны айтып», ағынан жарылғаны - жарағаны. Оның Ана тілін білмегеніне қынжылмайтыны, игерем деп талпынбайтыны да өзі сияқтыларға ортақ үрдіс. Бүгінгі қазақ қоғамының қасіреті де осында.

Байназар НҰРАЛИН

БҰЛ - БIЗГЕ ДӘУIР АРТҚАН ТАУҚЫМЕТ

Қанат Қабдырахманов не дейдi, бiз не деймiз?

Газет тілшісі Динара Мыңжасарқызының орыстілді бауырымыз Қанат Қабдрахмановпен әңгімесі өзінің «Қазақты бөліп жүрген - ұлтшылдар» («Түркістан», 24 мамыр, 2012 жыл) деген тосын тақырыбымен бізді елең еткізді. Әуелі баспасөз бетін бермейтін көп сұхбаттың бірі шығар деп қалғанбыз. Бірақ бұл «келесі бет қайдасың?» деп өте шығатын дүние емес көрінді. Оқыдық. Қызық екен. Үн қатпауға болмайтын сияқты.

Өткен жылы осы газет белгілі журналист Шахновичпен де нақ осындай әңгіме өткізген. Оған да біз бей-жай қарай алмағанбыз. Кеудемізге кірбің түсіретін тұстары болған соң іле газет бетінде үн қатқанымыз бар. Асымыз ортақ болғасын дастарқанға адал болуды қалағанбыз. Салыстыра қарағанда екі автордың сарыны бір ізде сияқты. Шахнович еліміздегі саяси сипатқа өзі сияқты өзге ұлт өкілдерінің көзқарасын берді және өзінше бүкпесіз ашып айтты. Сонда біз де қарап қалмай оның қайшылықтарын, астарлы мүддесін де көзеп көрсетуге тырысқанбыз.
Ал Қанат қазақ қой. Қанаттың еліміздегі ұлтаралық саясат жөніндегі және қазақ «ұлтшылдары» жөніндегі жаңсақ көрінген пайымдарын ескерусіз қалдыра алмадық. Өйткені Қанат жалғыз емес. Қанатша ойлап, қазақтілді қандастарына іштей ренжіп жүрген орыстілді қазақтар аз ба? Оларға сол реніштің қаншалықты орынды-орынсыз екендігін түсіндіріп жатқан бір пенде жоқ. Ал екеуара ренжісуге қандай негіз бар? Біздіңше, ешқандай негіз жоқ. Тек түсінісуге ғана тірелетін текетірес.
Басын ашып алатын нәрсе: біздің елімізде шын мәніндегі ұлтшылдар бар ма? «Нағыз қазақ» немесе «шала қазақ» деген ұғымдарды қалай түсіну керек? Олар бір-біріне жау ма немесе тіпті бірін-бірі жек көре ме? Бір-біріне төзе алмайтын кездері болса - неліктен? Енді осы сұрақтарға жауап іздеп көрейік.
Қанаттың пікірінше, мен ұлтшылмын. Оның кей пікірі маған инедей қадалып жатқаны да содан. Оның бүкіл ой ауанындағы ащы сөздер маған бағытталған садақтың жебесіндей. Мен оған ашуланбаймын. Рас, мен ұлтшылмын - өз ұлтымды шексіз сүйіп, қыдыр тұтам. Бұл қасиетімді мақтаныш етемін. Еш уақытта оны кемшілік санамаймын. Өйткені мен өз ұлтымның мінезін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, сана-сезімін, жол-жобасын, ең бастысы тілін құрметтеп, бас иемін. Ұлттық рәміздерін маңдайыма тигізіп, кеудеме бассам, рухани мөлдек күшке ие болам.
«Өзіңді өзің жаттай сыйла - жат бойынан түңілсін» деген сөз халықтың даналығынан шыққан. Мен соның ғана құлымын. Бұл қағиданы жоққа шығара алатын күш қай елде бар екен? Меніңше, жоқ. Ресейде - орыс, Германияда - неміс, Қытай мен Франциядағы жергілікті ұлт өкілдері де нақ солай ойлайды. Бұл жалпыадамзатқа ортақ құлдық ететін қағида, оған ешкім шек келтіре алмайды. Осы тұрғыдағы ұлтшылдықты отансүйгіштік, ұлтжандылық деп түсіну әбден орынды болар еді.
Бірақ мен шовинист емеспін. Ұлтшылдықты шовинистікпен шатастыруға мүлде болмайды. Шовинистік деген, турасын айтқанда, Қазақстанда тек қана қазақтар болуы керек, бұл жерде қазақтың мүддесінен басқа мүдде болмау керек деген сөз. Бұл - расизмнің шыңы фашизммен астасып жатқан көзқарас. Осы тұрғыдан қарасақ, бізде шовинист деген атымен жоқ. Болуы да мүмкін емес. Өйткені қазақтардың бәрінің де көзі ашық, сауаты бар. Әйтеуір жиырма жастан асқан қазақтың бәрі марксизм рухында тәрбиеленген. Ал марксизм мен шовинизм сыйыспайтыны бесенеден белгілі. Ол интернационалдық ғылым. Сондықтан қазақтардан басқа ұлт өкілдерін ел іргесінен ығыстыру идеясы ойдан жасалған, қазақ ұлтының абыройын төгу үшін әдейі ұйымдастырылған жат пікірлі жұрттың идеясы. Қалайда қауымшыл қазаққа тән идея емес. Оның бержағында соншалықты оғаш көрінетіндей біздің елде қазақтың ұлттық мүддесі мөлдек қаралып, айрықша бағдарламалар жасалып жатқан жоқ қой.
Мен қазақпын. Өзім туып-өскен топырақта өмір сүріп жатырмын. Менің Отаным - Қазақстан. Менде басқа Отан жоқ. Ал Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдерінің бәрінде өзінің негізгі Отандары бар. Бірақ әрқилы себептермен өз тағдырын менің Отаныммен байланыстырып, осында өмір кешіп жатыр. Олардың осында туып, өскендері де аз емес. Мұндай жағдай әлемдегі бар елде бар. Оның өрескел жері жоқ. Табиғи құбылыс.
Менің талабым елімде тұратын әрбір ұлттың өкілі менің елімді, жерімді, ұлтымның тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін мойындап, сыйласын. Мұны маған - қазаққа қызмет етіп отырмын деп есептемесін, өзімнің туған еліме, өзімнің өскен жеріме қызмет етіп отырмын десін. Қазақ елінің шекарасы мен ұлттық рәміздерін сыйласын, тілін қабылдасын. Сол тілде еркін сөйлесін. (Мемлекетте басты ортақ тіл болуы, ол тіл мемлекет құраушы жергілікті ұлттың тілі болуы талқыға түспейтін заңдылық.)
Ал енді нағыз қазақ пен шала қазақ ұғымына келер болсақ. Бұл біздің маңдайымызға белгілі бір дәуір салған тауқымет. Оған ешкімді кіналауға болмайды. Амалсыз арқалайтын жүк. «Ұлтшыл» деп таңба басылған қазақтардың «шала қазағы» орыстілді қазақтар, «таза қазақ» деп отырғандары, әрине, қазақтілді қандастар. Мұның біріншісі орыс мектебінде оқыған, екіншісі қазақ мектебін бітірген. Бар айырмашылық сол ғана. Екеуі де қазақ - біреуі менің балам, екіншісі сенің ағаң. Бауыр етіңді бөліп қалай шеттете аласың? Қоғамды дамытуда тап қылатын біраз қиындығын айтпасақ, біз бірімізден біріміз көз жаза алмаймыз ғой. Бұл жерде Қанаттың қазақтарды бөліп-жару бар деп ширығуы орынсыз ғана емес, ерсі.
Енді елді мекендердің атын өзгерту тәжірибесіне келсек - ол да қазақтардың ойлап тапқан шаруасы емес. Ресейде біздің дәуірімізде Ленинград, Сталинград, Горький, Куйбышев, Свердловск деген қалалар болатын. Қайда қазір сол қалалар? Ешқайда көшіп кеткен жоқ қой. Әлі орнында, бұрынғыдан да көркейіп келеді. Бірақ жаңа заман орнауына байланысты өздерінің ежелгі аттарына ие болған. Демек оның ешқандай шовинистік сипаты жоқ.
Ал қазақтар өздерінің ежелгі қалалары Кереку мен Қызылжарына бұрынғы халқы қойған атауын қайта жаңғыртса, ол неге ұлтшылдық болып табылады? Қазақ жерінде тұрған бұл қалаларды Павлодар мен Петропавл деп атаған қазақ емес қой. Жаулап алған елдің билігі жергілікті жұртпен ақылдаспай озбырлықпен қойып кеткен аты. Ел тәуелсіздік алғанда өз елінің елді мекенін өз тілінде атай алмайтын қазақтың не жазығы бар. Ол үшін біреудің алдында есеп беру қажет пе? Осы қарапайым түсініктер төңірегінде сөзге келу - есті кісіге ұят емес пе?
Қанат бізге орыстардың қытығына тимейік, әйтпесе бізге басып кіріп, қалаған аймақтарын бөліп алады деп қорқытады. Сондай қауіптің болу мүмкіндігін ескертіп, еліреді кеп. Ескерткеніне рахмет, оған көзжұмбайлықпен қарауға болмайтын шығар. Бірақ «шегірткеден қорыққан егін екпейді» деген менің дана бабаларым. Орыс бізбен көптен көрші. Бірін-бірі жаулап алған фактілер де болған. Көршіміздің мінезін біз жаңа көріп отырған жоқпыз. Әртүрлі жағдайды күтуге болар. Бірақ біз жаңа дәуірде өмір сүріп отырмыз. «Ежелгі жау ел болмас» деген қағидамен емес, ендігі жерде жүз шайыспайық деген принципті ұстанған дәуірге келдік. Шекарамыз екіжақты келісіммен айқындалған. Еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымының тең құқықты мүшесі. Әлемдік қауымдастық еларалық қарым-қатынасқа жіті қарайды.
Екіншіден, орыстың өз территориясы басынан артылып жатыр. Соны игеріп алуға да қуат керек. Біздегі орыстар еліне қайтып оралса олар да қуануы керек деп білем. Қанаттың айтуынша, Ресейге бізден миллионға жуық маман көшіп барған. Бұл шаруасы сан қырлы елге тың олжа емес пе? Дайын маман, дайын жұмыс қолын кім кеудеден қақсын? Оның бержағында әлгі мамандарды біз қуып жіберген жоқпыз. Олар да туған жерінен нәпақа іздеп кетті.
Біз «сен қазақ емессің» деп ешкімді ығыстырып отырған жоқпыз. Орыстың жеріне назар салып отырған жоқпыз. Біздің жерімізде оларға тиісті шөкімдей де жер жоқ. Біздің де орыстан тартып алған жеріміз жоқ екені айдан анық. Сондықтан шекара туралы сөз болуы мүмкін емес. Іргемізді қымтап алған жоқпыз, қайта кедендік ортақ мүддеге көштік.
Шындық - біздің еркін ел болғанымыз. Осы фактыны ел тұрғындары талассыз мойындауын қалайтынымыз. Мойындап қана қоймай сол елге өз Отаным деп қарап, шын ықыласымен қызмет етсе дейміз. Мұның қай жері күпірлік? Сондай шынайы ынтымақ орын алмаса ел ел болмайтыны шүбәсіз шындық.
Ал бізде қиындық аз ба? Кеңес өкіметімен бірге күйрей құлаған өндіріс соңғы жиырма жылда аяғынан тұрып кете алған жоқ. Ауылшаруашылығы да жамбастап жатыр. Білім қойыртпақталып барады. Ұлт тілінде елдің тарихи болмысына сай біртекті жүйелі бағдарлама, оқулық пен тәсілдік құралдар жасалынбаған жерде білім деңгейі қандай болуы керек? Әрине, мардымсыз.
Қазақтың өркениетке қол жеткізуін Қанат тек қана орыс тілімен байланыстырады. Рас, ертеде осы бағыттағы орыс тілінің атқарған қызметін жоққа шығаруға болмас. Ол біз үшін өркениетке барар негізгі жол еді. Ол әлемдік мәдениеттің шеңберін кеңейткен Пушкин мен Гогольдің, Достоевский мен Толстойдың, Тургенев пен Тютчевтің тілі ғой. Мен оны ана тілімдей жақсы көрем. Өйткені өзім сол тілдің маманымын.
Бірақ қазір дәуір басқа. Біз Кеңестік қыспақтан шықтық. Тынысымыз кеңейді. Халықаралық қарым-қатынас өріс алды. Әлемдік ақпаратқа қол жеткіздік. Интернет үйімізде. Елімізге шетелдік инвестиция құйылып жатыр. Еларалық бизнес қанат жайды.
Орыс тілі болмаса қазақ қырылып қалады деп күйректікке салыну күлкі тудырғаннан басқа абырой әпермейді. Қазақ тілінің перспективасы жоқ деп байбалам салу да осы төңіректегі адасу. Қазақ тілін үдемелеп дамытып, шын мәніндегі мемлекеттік тілге айналдыруға қолдан жасалған бөгеттер жол бермей жатыр. Соның бірі - осы бағыттағы Қанаттың пікірі. Қанатқа бұл өзінің үйреншікті тілінен қол үзбеу үшін ғана керек. Қазақ тілін игеруге деген ықыласы жоқ. Мұндай ықылас Қанаттың балаларында қайдан болсын. Осы жағдай, өкінішке қарай, қазақ жұртының ішіндегі созылмалы ауруға айналған. Оның емін табу процесі ұзаққа созылатыны түсінікті. (Ал ықыласы бар орыстың ұл-қыздары қазір қазақ сахнасынан «Керқұла атты Кендебайды» жырлап, домбырамен «Әупілдекті» шырқап жүр.)
Айналып келгенде, мұның бәрі ұлттық идеологияның қалыптаспай келе жатқаны. Әсіресе тіл жөнінде. Жалпы бағыт дұрыс болғанмен тиімділігі болаттай берік нақты шаралар кем. У-шуымыз көп, тізгініміз тиянақсыз. Тізгін бос жерде істе жүйе болмайды. Жүйе жоқ жердегі жұмыста жеміс жоқ. Бұл мен ойлап тапқан ереже емес, нағыз демократияның талаптары. Демократияны еркіндік деп қана ұқпай қатаң тәртіп, айқын жоспар деп қарасақ көп ілгері кеткен болар ек. Намыссыздық па, жігерсіздік пе, әлде жасқаншақтық па, әйтеуір, қол созым жердегі көмбеге жол таба алмай-ақ келеміз.
Мұны Қанат түсінбей отырған жоқ. Керісінше батылдық пен сенімнің олқы соғып жатқанына күйінетін де сияқты. Жуық арада аяғымыздан тұрып кететінімізге өзі де сеніп тұрған жоқ. Бірақ сары уайымға салынбай, бел буынып, жұмыла іс атқарғанға не жетсін! Тәуелсіздік алған бәрімізге ортақ еркін еліміз бар. Тарихи төл территориямыз бар. Рухани, материалдық қуатымыз бар. Сондықтан бізге керегі өзара өкпе-наз емес, ұйымдасып атқа отыру. Өз көкжиегімізге өркениетті жол іздеу. Әлем мойындап келе жатқан айдарлы еліміздің айшықты туын асқақ ұстау. Намыстың да, Мақсаттың да шыңы - осы. Қазақ айбарланып атқа отырғанда, ар-намыстың ақ жолына түскенде бір-бірінен «Руың кім?» деп сұрамаған.

Садықбек ХАНГЕЛДИН,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi

«Түркістан» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435