Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3008 0 пікір 14 Маусым, 2012 сағат 09:58

Дамир ДӘУЛЕТБАЕВ: «Дәрігердің жалақысы аз болса, көңілі пәс болса, ол науқасты қалай емдейді?»

 

Дамир ДӘУЛЕТБАЕВ, Алматыдағы №1 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері, медицина ғылымының докторы:

 

 

Дамир ДӘУЛЕТБАЕВ, Алматыдағы №1 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері, медицина ғылымының докторы:

 

- Несін жасырамыз, бүгінде дәрігер­дің беделі, қоғамдағы орны тым төмен­деп кетті. Халық арасында «дәрігерлер дөрекі сөйлейді, тасжүрек, өз жұмысына енжар қарайды, пара алады» деген се­кіл­ді түрлі сындар айтылуда. Енді осыны қалпына келтіру үшін не істеу керек? Дә­рі­герлердің қоғамдағы беделін, мәр­тебесін қалай көтереміз?

- Ол үшін, ең бірінші, сапаны көтеруіміз ке­рек. Сапалы ем-домның критерийлері көп. Ол ауруханадағы таза төсек орын, нау­қастарға мерзімінде берілетін емі, тағайын­далған тамағы, мекеменің санитарлық таза­лығы, тіпті дәрігердің киген киіміне дейін - барлығы науқастың тез жазылуына, айы­ғуы­на әсер етеді. Біздің де бүгінгі ұранымыз - сапалы медициналық көмек көрсету. Енді оны бірден қалпына келтіру қиын. Өйткені медқызметкерлердің арасында да әртүрлі мінезді дәрігерлер болады. Біреуі дөрекі сөйлеп қояды, енді бірі науқастармен дұрыс тіл табыспайды. Осы ретте біз бүкіл орта буынды медқызметкерлердің барлығын аттестациядан өткіздік. 300 медқызметкердің 74-і аттестациядан өте алмай қалды. Оларды біз үш ай көлемінде қайта оқытып, тағы да емтихан алдық. Өкінішке орай, оның 15-і тағы да құлады. Оның ішінде пәленбай жыл еңбек өтілі бар медбикелердің өзі өз білім­дерін дәлелдей алмады. Бір ерекшелігі - медицина саласында «болдым-толдым, мен бәрін білемін» деген адам бұл салада табысты жұмыс істей алмайды. Өйткені медицинада шығып жатқан жаңалықтар ұшан-теңіз, сон­дық­тан медқызметкерлер өмір бойы үздіксіз білім алып, үйреніп жүруі қажет. Жаңа заман технологиясын ұдайы меңгергені жөн. Әйт­песе алған білімі ескіреді де, жаңа техноло­гияларды қолданудан қалыс қалады. Міне, біздегі кейбір медқызметкерлер де «мен болдым-толдым» деп, ары қарай білімін жетілдірмей, ізденбей қойған. Осының не­гізінде 15 медқызметкерді жұмыстан шығар­дық. Қазір біз жастарды жұмысқа қабылдар­да тек талантты дегендерін ғана іріктеп ала­­мыз. «Ананың өзі жақсы, мынаның көзі жақсы екен, анау Жәкеңнің, мынау Сәкеңнің баласы»  деген жоқ. Бізге жұмысқа келгендерді ең бірінші тестіден өткіземіз, білімін анықтай­мыз. Егер тестіден өте алмаса, жұмыс жоқ. Ал дұрыс балл алса, онда оның қолынан не келетінін анықтаймыз. Бір аптаға дейін сынақ мерзімінен өткізіп, мінез-құлқын бай­қаймыз. Неге? Өйткені қазақта «Мал аласы - сыртын­да, адам аласы - ішінде» деген сөз бар. Меди­цинада, ең бірінші, мейірімді, ізетті, мәдениетті, ибалы, адамгершілігі мол адам ғана жұмыс істеуі тиіс. Алайда, өкінішке орай, бұл саланың жұмысы ауыр, жалақысы төмен болғандықтан, кейде медицинада кездейсоқ адамдар да кездесіп қалады. Осындай кездейсоқ, дөрекі сөйлейтін, өз жұмысының қадір-қасиетін білмейтін кейбір медқызмет­кер­лердің салдарынан медицина саласының мәртебесі, дәрежесі төмен түсіп отыр. Бұдан еліміздің денсаулық сақтау саласы зардап шегуде. Бір апта ішінде адам мінезінің қандай екендігін білуге болады. Өйткені қанша де­ген­мен де қоғамнан өзің­ді жасыра алмайсың. Егер ол осы бір аптада өзін жақсы жағынан көрсетсе, іскерлігін дәлелдей алса, ұжыммен тіл табыса алса, біз оны міндетті түрде жұмыс­қа қабылдаймыз. Ал көрсете алмаса, ешқан­дай реніш жоқ. Осындай сараптаудың негізін­де қазіргі таңда біздің ауруханаға талантты, талапты, білікті жастар келуде. Сталин­ше айт­сақ, «кадр бәрін шешеді». Ұжым дұрыс бол­май, мекеме жұмы­сы алға баспайды.

Ұжым қызметкерлерінің жұмысын ба­ғалап, қастерлеу үшін олардың туылған күндерінде т.б. қызықшылықтарында ауру­хана атынан бес мың теңге береміз. Өмір болған соң қайғы болады, егер жақын туыс­тары қайтыс болса, аурухана қаражатынан он мың теңге көмек қарастырылады. Дүниеге сәби келсе, он мың теңге беріледі. Әрине, бұл көп ақша емес, бірақ қайғысымен бөлі­сіп, қуа­нышына ортақтасқаннан кейін олар­да «Мен де Отаныма керек екенмін ғой, жұ­мысымды бағалайды екен ғой» дейтін сезім­де болады. Бүгінгі күні аурухана қарызға ба­тып отырғаннан кейін біздің шамамыз осыған ғана келуде. Ертең қаражат көбейсе, екі-үш есе көп беретін боламыз. Мұның бар­лығы  ұжымның ұйымшылдығын ұстап тұру үшін оң әсер етеді деп есептеймін. Келешекте Қонаев атамыз салып берген бұл аурухана қайтадан өз деңгейіне көтеріледі деген сенімдемін.

- Медицина қызметкерлерінің жала­қысын дифференциялдау керек деген ұсынысты қолдайсыз ба?

- Әрине, қолдаймын. Қазір біздің қара­жатымыз жетіңкіремей тұр. Бірақ дәрігер­лердің өз жұмысын 100 пайыз орындай­тындарына, олардың атына науқастардан арыз-шағым түспесе, жаңа технологияны меңгергендерге жалақыны жоғары деңгейде беруге тиіспіз. Бұл - дәрігерлердің өз жұмы­сына деген ынтасын оятады. Бізде бір аку­шер-гинеколог тәулік бойы кезекшілікте тұр­са, оған 15 мың теңге беріледі. Егер ол ке­зек­шілігін жақсы атқарса, науқастардан шағым түспейтін болса, өз біліктілігін дәлел­десе, алдағы уақытта біз оған кезекшілігі үшін 15 мың емес, 30 мың теңге беретін боламыз. Бұл дәрігерлердің жұмысқа деген ынтасын оятып, науқастарға деген жауапкер­шілігін арттырады. Қазір біз осыны жүзеге асыру үшін жан-жақтан қаржы көзін қарас­ты­рып отырмыз. Егер қаражат тапсақ, зама­науи тех­нология алып, дәрігерлердің істеген еңбегіне қарай жалақыларын өсіріп отыра­тын бола­мыз. Сондықтан министрліктің бұл ұсынысы өте дұрыс. Жақсы істеп, жаңа тех­но­логияны меңгергендерге жоғары жалақы тағайында­луы керек.

- Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің енгізілгеніне екі жыл уақыт бол­ды. Қалай ойлайсыз, бұл жүйе өз жемісін бере алды ма?

- Негізі, бұл жүйенің принципі дұрыс. Әр науқас өзі сенген ауруханасын, өз дәрігерін таңдауы қажет. Бірақ бұл жүйе өз деңгейінде толық орындалып отырған жоқ. Түрлі кедер­гілер орын алуда. Сала министрлігі «Біз ауру­ха­наларды бос жібердік, олардың табыс та­буы­на мүмкіндік бердік» дейді. Бірақ олар мына ауруды былай емде, мынаны былай істе, мынау былай болсын деп талапты көп қояды. Дұрысы, біз келіспейтін тұстарын да жасап қойған. Былай айтқанда, аурухана­ларды бір мекеме қаржыландырады, екінші мекеме қабылдайды, үшінші мекеме тексе­ре­ді. Қаншама бастық. Бұрын мұның бар­лығын бір-ақ мекеме атқаратын. Қазір бас­тық көбейіп кетті. Төрт мекеме төрт жақтан заң шығара бастайды. Әрине, олар бұрын ауруха­нада істеп, осы саланың қыр-сырын білетін білікті мамандар болса, онда әңгіме басқа. Алайда оның көбісі ауруханаларда не болып жатқанын білмей, кабинеттен шықпай жатып заң қабылдайды. Ол заң біздің жұмы­сымызға қайшы келеді. Осындай кемшіліктер орын алуда. Бірақ «Көш жүре түзеледі» деген бар. Әрине, бізге мұндай жүйе керек, ол әлі-ақ өз нәтижесін береді. Бірақ ол үшін төмен­дегі біздердің ұсыныстарымызды жоғары жақ­тағылар ескеріп отыруы қажет. Олар ка­бинет­терінен шығып, ауруханаларды ара­лап, мұн­дағы жағдайды көзбен көріп, тиімді тұстарын бірлесіп шешуі керек.

- Денсаулық сақтау министрлігі ме­ди­циналық қызметті ақылы ету туралы ұсыныс айтып отыр. Тіпті қызды-қыз­ды­мен жедел-жәрдем қызметі де ақы­лы болып кете жаздады. Жалпы, меди­цина қызмет түрлерін ақылы жасауды көздеп отырған жаңа жүйені қолдайсыз ба?

- Негізі, бұл - еріккеннен шығып отырған дүние емес. Дамыған, өркениетті елдердің өзі денсаулық сақтау саласын тегін ете ал­май­ды. Біз жаңа қондырғылар, жаңа емдеу тәсілдері керек деп отырмыз. Оларды алу үшін, ұстап тұру үшін, тіпті дәрігердің науқас­қа күліп қа­рауы үшін де, оның жалақысы аз болса, киімі жыртық, көңілі пәс болса, үйін­дегі баласына жеткілікті дәрежеде тамақ алып бере алмаса, ол науқасты қалай емдей­ді? Сондықтан жарты қаражатты - мемлекет, жартысын халық беруі қажет. Бұл жерде мемлекеттің де, жалпы адамның да жауап­кер­шілігі болуы тиіс. Кейде бізге науқастар келіп «мені тегін емде, ол - сенің міндетің» деп жекиді. Тіпті «маған дұрыс қарамадың, сотқа беремін» деп ұрсады. Ал оның ауыр­ғанына, осындай күйге түскеніне кім кінәлі? Оған дәрігер темекі шек деді ме, арақ іш, салауатты өмір салтын ұстанба деді ме? Бұл жерде дәрігерлердің кінәсі қандай? Оған өзі кінәлі емес пе? Ауруын асқындырып алады да, дәрігерге мені тегін емде дейді. Мен сізге айтайын, тегін емнің ешқашан қаді­рі болмайды. Тегін болса, науқас екінші қай­тара тағы түседі. Ал өзінен шығын шықса, ақшасы кетсе, онда түсінеді. Сосын өз денсау­лығын күтеді. Денсаулық саласын мемлекет мойны­на алуына болмайды. Қарапайым мысалы, осы аурухананы мемлекет көтере алмай қарызға батты. Сондықтан мемлекет те, жал­пы, адам да жартылай төлеуі тиіс. Бұл ретте медициналық сақтандыру қорларын ашуымыз қажет. Бірақ ол бір адамның қо­лын­да болмауы тиіс. Кезінде оны бір адам­ның қолына береміз деп, ол елдің қаржы­сының бә­рін алып, шетелге қашып кетті. Олай бол­мауы керек. Ол да зейнетақы қор­лары секілді бірнеше болсын, бірақ оның жұмысын мем­ле­кет қадағалауы тиіс. Ал халық қайсысының тиімді екендігін өздері таңдайды. Сол кезде сақтандыру қорлары былай емде, олай емде деп айтар еді. Ал қазір сақтандыру қорлары­ның міндеті мем­лекеттің функциясына беріліп отыр. Негізі, денсаулық саласын мемлекет те, халық та қаржыландыруы тиіс.

- Дамир Абайділдаұлы, өзіңіз басқа­рып отырған аурухананың бүгінгі хал-ахуалы қалай? Қандай жаңалық, не өз­ге­рістер болып жатыр?

- Бұл аурухананың ашылғанына, бұйыр­са, биыл 30 жыл болады. Халық арасында бұл мекеме «Қонаев ауруханасы» болып аталып кеткен. 1972 жылы геологтер осында қазба жұмыстарын жүргізіп, екі мың метр терең­дік­тен 68 градустағы жылы су тапқан. Оны кейін зерттегенде судың емдік қасиеті бар екендігін анықтаған. Осылайша бұл «Ақсай» жер-су қоймасы болып аталып, су­дың көзін ашып, емдеу орнын салған. Ол уақытта компартия­ның дәурені жүріп тұрған кез болатын, орта­лық компартия мұны алға­шында партия қыз­меткерлеріне арналған санаторий ретінде ашпақшы болған. Сөйтіп, бұған қыруар қар­жы бөліп, құрылыс жүр­гізі­леді. 1982 жылы ғимарат салынғаннан кейін қазақтың маңда­йына біткен біртуар дара тұлға Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев қалада аурухананың жетіс­пеушілігін ескеріп, мұны тек партия қызмет­керлеріне ғана емес, жал­пы­халықтық ауруха­на етіп өзгертеді. Алға­шын­да санаторий ре­тін­де салынға­ны­мен, Димаш атаның баста­масымен қосымша қар­жы бөлініп, ауруханаға керек-жарақты қон­дыр­ғылар алынады, опе­ра­циялық бөл­ме­лер ашылады. Мұнда 300 орындық кон­ференция залымыз бар, бассейн салынған. Мұның бар­лығы Димекеңнің қол­дауымен, тікелей қам­қорлығымен жүзеге асқан. Керек десеңіз, сол 82-жылдары мұн­дай аурухана Кеңес Одағына қарасты елдер­дің ешқайсы­сында болмаған. Ішінің барлығы мрамор, палаталар, дәрет­хана, душқа дейін заманауи үлгіде жасалған. Тіпті аурухана қыз­меткер­леріне арналып көпқабатты үйлер, жатақха­налар салынған. Өз су ұңғымасы (сква­жи­насы) болады. Ол кез заманның тап­шылығы болса да, шетелден керемет мебе­ль­дер алып келінеді. Ол уақытта бұл ауруха­наға жатып емделу халық арасында арман бола­тын. Мұндай заманауи емдеу орнын қара­пайым халыққа ұсынуы Диме­кеңнің ұлылығы деп білемін.

Өкініштісі сол: егемендігімізді алғаш алып, оңтайландыру кезінде бұл аурухана да қар­жы­ның қыспағына ілікті. Аурухана қызмет­керлеріне берілген көпқабатты үйлер мен жатақханалар сатылып кетті. Храпунов­тың кезінде су ұңғымасы жекеменшікке бе­ріл­ді. Үлкен территориясынан айырылып, тоз-тозы шықты. Қазір біз ұңғымадағы суды бір кәсіп­керден сатып алуға мәжбүр болып отырмыз. Ол мұны оңтайландыру кезінде 49 жылға жалға алған. Мұнда келген бас дәрі­герлердің барлығы қанша соттасса да, әлгі кәсіпкерден халықтың игілігі үшін берілген емдік суды аурухананың өз балансына ала алмай отыр. Елдің игілігі үшін қазылған ұң­ғы­мадағы емдік суды халық тегін пайдалануы тиіс.

Қазір Қазақстан өзінің қадамын нық басып келеді. Әлеуметтік-экономикалық, сая­си жағынан да даму үстінде. Осының лебі біздің ауруханаға да сезілуде. Қазір бізге бөлі­нетін қаражат көлемі жыл сайын ұлғаю­да. Кезінде аурухана қарызға батып кеткен болатын. Биыл бұйырса, мұны толық жаба­мыз.

- Бұл аурухананың басқа емдеу орын­дарынан ерекшелігі неде?

- Мұнда емдік су бар, бассейін бар, бұл - реабилитацияға арналған аурухана. Сондықтан мұнда кардиореабилитациялық емдеу шаралары жүргізіледі. Бұл дегеніміз, мысалы, барлық емдеу орнында жүрекке ота жасалынады да, науқас он күннен артық жата алмайды. Себебі сырттағы басқа нау­қас­тарға да ота жасалынуы керек. Қазірше, бізде де науқастар он күннен артық емделе алмайды. Бірақ алдағы уақытта біз науқас­тарға опера­ция жасағаннан кейін, осында 20-30 күн реаби­литациялық ем жасайтын боламыз. Реабилитация дегеніміз оңалту дегенді біл­діреді. Яғни біздің аурухана - ау­ру адамдар­дың еңбекке қабілеттілігін арттырып, оларды өмірдің қалыпты жағда­йы­на барынша тиімді және барынша жыл­дам оралтуға бағытталған мемлекеттік, ме­ди­циналық ме­ке­ме. Миға қан кетіп инсульт, инфаркт алған­дар да алда­ғы уақытта бізде бір ай бойы ем­делетін бола­ды. Осы секілді бізде нейро­реа­билитация, травма реабили­тация бар. Ауру­хана қиын жағдайда тұрғанда бұл емдеу мекемесі бірың­ғай тера­пия болып кетіпті. Қазіргідей нарық заманын­да терапия бөлім­шелері көп табыс түсірмейді. Сондықтан жоғары техноло­гиялық емдеу-диагности­калық қондырғы­ларды әкелуіміз керек. Осы ретте біз қазір хирургия және лор бөлімшесін аштық. Осылайша бүгінде лазер­лік емдеу, бейнеба­қы­лау хирургиясы (видео­хирургия) бойынша ота жасауды қолға алып отырмыз. Сондай-ақ Елбасымыз халыққа Жолдауында: «Мемле­кеттік мекемелер мен жекеменшік орындар бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста болып, бірігіп жоба жасап, сол арқылы алға қарай дамуы керек» деген болатын. Осыған сай қазір біз Қазақстан-Ре­сей медициналық университетімен келісім­шартқа отырып, бірегей институт құрып, бірлесіп жұмыс жа­сау­дамыз. Заманауи меди­циналық техноло­гия­ларға жіті назар салып, эндоваскулярлық хирургия бойынша ота жасап, білікті маман­дарды тартып жатырмыз. Оның үстіне, атал­мыш университет маманда­рымен бірігіп, жылжымалы медициналық-диагностикалық мобильді кешенмен шалғай­да жатқан ауыл­дарды аралап, елді мекен тұрғындарының денсаулықтарын тексеріп, емдік шараларды қолға алудамыз. Сонда жүріп-ақ жеңіл-жел­пі оталарды жасаймыз.

- Ауруханаға жаңа аппарат, қондыр­ғылар сатып әкелінді ме? Жалпы, меке­менің материалдық-техниалық базасы қаншалықты деңгейде?

- Қала бойынша аллергологиялық бөлім бізде ғана бар. Әрине, енді мұндай орталық­тар бар шығар, бірақ олар науқастарды тек тексеріп, дәрі-дәрмегін жазып, қайтарып жібереді. Ал бізде мұндай науқастар жатып емделеді. Дарақылық кезінде бір анализ бес мың теңге тұратын ескі аппаратты сатып ал­ған. Сонымен жұмыс істеп келді. Алайда бес мың теңгені көпшіліктің қалтасы көтер­мейді. Қазір біз 25 млн-ға Германиядан зама­науи аппарат алдыртып жатырмыз. Ол бізге шілде айында келеді деп күтілуде. Оның анализі 500-ақ теңге тұрады. Оның үстіне, ескі аппа­ратта анализдердің көлемі, онда 24 түрі ғана болатын болса, ал жаңа қондырғыда оның 300 түрі бар. Көрдіңіз бе, жаңа технология, үнемдеу дегеніміз - осы. Кез келген емханаға барсаңыз, анализдердің өзіне 5000-7000 тең­ге тастап кетесіз. Ал бізде тіптен арзан бол­мақ.

Сондай-ақ пульмонология бөлімі де қала бойынша тек бізде ғана бар. Оларға да заманауи техникалар алып жатырмыз. Қазір көпшілік науқастар укол, система салмаса ренжиді. Ал бізде 15 мың доллар тұратын «Небулайзер» деген аппарат бар. Ол дәріні науқасқа ауа арқылы бу қылып береді. Жам­басқа укол салып, көктамырға система жібе­ріп, ол тамыр арқылы бауырды айналып, бүкіл ағзадан өтіп, өкпеге барам дегенше қаншама уақыт кетеді. Ал бұл қондырғы дә­рі­ні ауа, бу арқылы өкпеге тікелей жібереді.

Ауруханадағы гастроэнтерология бөлімі де қала бойынша жалғыз. Біз асқазандағы асқынып кеткен жараны бұрын дәрімен 21 күн емдейтінбіз. Ал қазір лазерлік аппараттың көмегімен асқазандағы жараны күйдіріп, тез айығуына мүмкіндік алдық. Қысқасы, қан­дай заманауи аппарат шықса, соның бәрін енгізу­ге тырысып отырмыз. Жақында зама­науи техниканың отаны - Кореядан да жаңа техно­логиялар аламыз деп жоспарлап отыр­мыз.

- Жалпы, жас, білікті кадрлардың білі­мін жетілдіру үшін оларды республи­ка аймағына немесе шетелдерге оқуға, тәжі­рибе алмасуға жіберіп тұрасыздар ма?

- Әрине, онсыз болмайды. Осы жылы үш маманымыз: біреуі - Франция, екіншісі - Германия, үшіншісі Мәскеуге барып, тәжі­рибе алмасып, біліктілігін көтеріп қайтты. Өкінішке орай, біздің мамандарымыз тіл білмеген­дік­тен, шетелге шыға алмай отыр. Осыны еске­ріп, жас мамандардың шет тілін оқуына әре­кет жасап отырмыз. Ағылшын тілін жетік мең­гергендердің жалақысын өсіруді ұйғар­дық. Бұл олардың шет тілін білуге деген ынта­сын оятатыны сөзсіз. Онымен қоса, жақында ғана Кореядан білікті мамандар шақырып, осында кездесу өткіздік. Олармен де тәжірибе алмасып, дәрігерлеріміздің білімін артты­рудамыз. Шілде, тамыз айларында Украина, Мәскеу, Германия, Англиядан профессор мамандар келеді деп күтіп отырмыз. Олар жас дәрігер мамандарға дәріс береді. Оларды біз өз қаражатымызбен шақырта алмаймыз. Оған мүмкіндігіміз жоқ. Бұған қала әкімі Ах­мет­жан Смағұлұлы денсаулық сақтау басқар­масы арқылы қаражат бөліп отыр. Сонымен қатар С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті басшылығымен де бірлесіп жұмыстар жасаудамыз. Олардың профессорлары өздерінің студенттері, біздің жас мамандарға осында дәріс береді. Бір жағы олар ұлттық университет болғаннан кейін жылына әлемге аты шулы 100 профес­сорды осында шақыртады. Олар осында шеберлік сыныбын өткізіп, медицинаның қыр-сырын үйретеді. Қазір біз университет басшылығына ондай профессорларды бізге алып келіңіздер деп ұсыныс айтып отырмыз.

 

 

Алашқа айтар датым...

Қоғамда денсаулық сақтауға деген ұғым өзгеруі керек. Біз Кеңес үкіметі кезінен қалған денсаулық сақтаудың бәрі тегін, ақысыз емделуіміз керек деген ойдан арылуға тиіспіз. Бұл саланы мемлекет те, жалпы, халық та қаржыландыруы керек. Сонда ғана оң нәтижеге қол жеткіземіз.

Екінші­ден, еліміздегі колледждерге қатысты көрші Өзбекстанның іс-тәжірибесін қолдануымыз керек. Олар нарықтық кезеңнің алғашқы кезінде әр облыс, аудан орталықтарында техникум, училищелер ашып, балаларын орта арнаулы мамандықтарды игеруге баулыды. Жастарын сырлаушы, сылақшы, слесарь, монтаждаушы, тас қалаушы, ағаш шебері, дәнекерлеуші, краншы, тракторшы-машинист секілді түрлі кәсіптерге үйретіп, олардың барлығын жан-жақтағы көрші елдерге таратып жіберді. Қазір бізде де, Ресейде де құрылыс саласында істеп жүргендердің басым көбі - өзбек ағайындар. Қазір қаншама мемлекет Өзбекстанды асырап отыр. Қазақстанның қаншама ақшасы Өзбекстанға кетуде. Ал біз болсақ, колледж түлектерін мектеп оқушысымен теңестіріп қойдық. Енді олар да ҰБТ тапсыруда. Енді кім колледжге түседі? Қайта колледжге түсетін жастардың санын арттырудың орнына, оған ешкім бармайтындай етіп отырмыз. Сондықтан қандай жағдай болмасын, жастарды колледжге түсуге шақыруымыз керек. ЖОО-ға түсу үшін пәленбай мың ақша беріп, 5-6 жыл оқығанша, аз қаражатпен үш жыл-ақ оқып, мамандық алып, жоғары айлық алуға болатынын жастарға түсіндіруіміз қажет. Бұл ретте үгіт-насихат жұмыстарын көптеп жүргізіп, колледждердің беделін көтергеніміз жөн. Сонда ғана құрылысымыздағы дәнекерлеуші, темір ұстасы, бульдозер жүргізуші, краншы, сырлаушы болып жүрген өзбек ағайындарды өзіміздің отандық мамандар басатын болады.

 

Автор: Серік ЖҰМАБАЕВ

«Алаш айнасы» газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1479
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5471