Клара ТӨЛЕНБАЕВА: Сырнаймен ән айту мектебін ашсам деймін
- Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Қызылорда облысы, Шиелі ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен жақында өткен «Өздерің білер Нартаймын!» атты республикалық әнші-жыршылар байқауында бас жүлдеге ие болдыңыз. Онсызда атыңыз бар, атағыңыз бар өнер иесісіз. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері бұл додада керісінше қазылар алқасының құрамында отыруы керек емес пе?
- Сыр сүлейі Нартай Бекежанов атындағы бұл байқау осыған дейін Қызылорда өңірінде республикалық көлемде өтіп келді. Биыл бас қала - Астанада ұйымдастырылды. Бұдан бұрын бірнеше рет ұсыныстар айтылған, бірақ отбасылық жағдайыма байланысты қатыса алмадым. Балаларым кішкентай болып, реті келмей жүрген. Бірақ осы жолы әңгіме қозғалғанда, бірден бас тарттым. Шәкірттеріммен жағаласқым келмеді. Оның үстіне, жасымыз толысты. Уақытында азды-көпті сынға түсіп, топтан оздық дегендей. Алайда Қайрат Байбосынов, Алмас Алматов ағаларымыз «Сырнаймен ән айту дәстүрін бір кісідей насихаттап жүрген адамсың. Сол көшті өзің бастап жүргеннен кейін, кейінгілерге жол көрсетіп, жөн көрсетіп, жарқырап шықсайшы» деп біраз қамшылады. Сол кісілердің сөзін жерге тастай алмадым. Тәуекел етіп, дайындалуға кірістім. Нәтижесі жаман болған жоқ. Бас жүлдеге тігілген темір тұлпардың кілтін Фариза апай өз қолымен табыстады. Бұйыртса, осы көлікті игілігімізге мінсек деген ниетіміз бар.
- Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Қызылорда облысы, Шиелі ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен жақында өткен «Өздерің білер Нартаймын!» атты республикалық әнші-жыршылар байқауында бас жүлдеге ие болдыңыз. Онсызда атыңыз бар, атағыңыз бар өнер иесісіз. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері бұл додада керісінше қазылар алқасының құрамында отыруы керек емес пе?
- Сыр сүлейі Нартай Бекежанов атындағы бұл байқау осыған дейін Қызылорда өңірінде республикалық көлемде өтіп келді. Биыл бас қала - Астанада ұйымдастырылды. Бұдан бұрын бірнеше рет ұсыныстар айтылған, бірақ отбасылық жағдайыма байланысты қатыса алмадым. Балаларым кішкентай болып, реті келмей жүрген. Бірақ осы жолы әңгіме қозғалғанда, бірден бас тарттым. Шәкірттеріммен жағаласқым келмеді. Оның үстіне, жасымыз толысты. Уақытында азды-көпті сынға түсіп, топтан оздық дегендей. Алайда Қайрат Байбосынов, Алмас Алматов ағаларымыз «Сырнаймен ән айту дәстүрін бір кісідей насихаттап жүрген адамсың. Сол көшті өзің бастап жүргеннен кейін, кейінгілерге жол көрсетіп, жөн көрсетіп, жарқырап шықсайшы» деп біраз қамшылады. Сол кісілердің сөзін жерге тастай алмадым. Тәуекел етіп, дайындалуға кірістім. Нәтижесі жаман болған жоқ. Бас жүлдеге тігілген темір тұлпардың кілтін Фариза апай өз қолымен табыстады. Бұйыртса, осы көлікті игілігімізге мінсек деген ниетіміз бар.
- Байқаудың шарты қалай болды?
- Үміткерлерге қойылған талап бойынша екі кезеңде үш әннен орындадық.
Нартай Бекежановтың өз шығармалары мен ұстазы Тайжан, замандастары Шашубай, Кененнің әндерін орындауға ерік берді. Басты олжам - Нартай атамыздың бұрын-соңды көп айтылмаған, мұрағатта жатқан мұраларын жарыққа алып шықтым. Жалпы, мұндай байқаулардың үлкенге де, кішіге де берер тағылымы көп. Дода аясында танымал күйші Қошқарбек Тасбергенов, Шиеліде тұратын Нартай Бекежановтың дәстүрін жалғастырып жүрген бірден бір шәкірті Құрманбек Бексейітов, әнші-жыршы Әлмырза Ноғайбаев ағаларымыз келіп, шеберлік дәрістер өткізді. Әр әннің, әр күйдің шығу тарихын баяндап, қалай орындалатынын көрсетті. Астанаға күнде келе бермейтін, жастардың қолына түсе бермейтін майталмандар. Осындай ағаларымызбен қауышып, сабақ алып, дүниетанымымызды кеңейттік деп ойлаймын.
- Сіздің қолыңызда Нартайдың сырнайы бар деп естиміз. Бірақ көп жерге алып шықпайтын сияқтысыз?
- Нартай Бекежановтың шығармасын шашау шығармай, дәріптеп жүрген Құрманбек Бексейітов деген ағамыз ақын-композитордың 12 түймелі сырнайын кезінде маған аманаттап тапсырғаны рас.
- Отырған үлкен-кіші
көңіл көріп,
Айтамын әсем жырды
төгілдіріп.
Сырнайды қарындасқа
тастап кеттім,
Шықсын деп бір
сырнайшы ырым қылып.
Қарама ескі екен деп
формасына,
Талайдың барып келген
ордасына.
Сырнайымды тілеймін
шын жүректен,
Қарындастың айналсын деп жолдасына, - деп ақ батасын берген. Бүгінгі күні жақсылығымызбен қуантып, жүлдеге ие болып жатсақ, дуалы ауыз қарияның сол батасы дарыған шығар деп ойлаймын.
Нартайдың сырнайы көненің көзіндей болып, үйімнің төрінде тұр. Бұл аспаптың дауысы Нартайдың өз әндеріне ғана жақсы келеді. Дыбыс қатары толық болмағандықтан, басқа мектептің туындыларына, Майраның, Шашубайдың шығармаларына шамасы жете бермейді. Сондықтан көп жағдайда ұлтжанды азамат, өнер жанашыры Иманғали Тасмағамбетов сыйлаған сырнайыммен ән саламын.
- Сіздің өнер жолыңызға қарап отырсақ, барлығы өз ретімен басталып, сәтімен келе жатқан тәрізді...
- Құдайға шүкір деймін. Шынында да әрдайым Алла тағала жолымды ашып, бағыма тілекші болатын сияқты. Басымды тауға да, тасқа да ұрып, қиналған кезім жоқ.
Балалық шақтан бастасам, әуелі анам Семей өңірі, Ақсуат ауданындағы балалар музыка мектебіне қолымнан жетектеп апарды. Сол жерде баян класында музыкант ретінде Сәуле Жұмахметова апайымыздан үйренгенім ұшан-теңіз. Ол кісі мені баянда ойнайтын маман музыкант ретінде тәрбиеледі. Мектеп қабырғасында түрлі жарыстарға, байқауларға қатысып жүріп, сырнаймен ән айтуға өз бетімше әуестендім. Семейдің Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледжіне оқуға түскенде директорымыз Наубат Қалиев қанатының астына алып, өнерімді ұштай түсті.
Шәкәрім Құдайбердиевтің әндерін бізге қаз-қалпында жеткізген Келденбай Өлмесековті колледжге алдырып, «талантты балаларды тәрбиелеп шығарыңыз» деп дәстүрлі ән үйірмесін ашып берді. Келденбай аға Жүсіпбек Елебековтің шәкірті Мәдениет Ешекеевпен таныстырды. Не керек, сол кісілердің бағыттауымен Алматыға келдім. Мұнда Қайрат аға құшақ жая қарсы алып, Бекболат Тілеуханның сыныбынан бір-ақ шықтым. Бекболат ағаның айтуымен бірінші курста Президент оркестріне жұмысқа тұрдым.
- «Бағыма қарай, жақсы жар жолықтырдым» деңіз...
- Иә, жұбайым әнші-композитор, «Аламан» тобының жетекшісі Медет екеуміз консерваторияда танысып, кейіннен шаңырақ көтердік. Оқу бітірген жылы Мырзатай Жолдасбеков ағамыз мені Л.Гумилев атындағы Еуразия университетіне шақырды. Екі ұжымда қатар жұмыс істедім. Пәтерден пәтерге көшіп, сабылғанымыз да жоқ. Бастапқыда жатақханада тұрдық. Бірақ біз үшін хан сарайынан кем емес еді. 2006 жылы Президент оркестрімен шығармашылық есеп бердім. Сол концерттен кейін оркестр жетекшісі Абай Тасболатов екі бөлмелі қызметтік пәтердің кілтін ұстатты. Ал 2009 жылы Елбасы бірқатар өнер адамдарына пәтердің кілтін тапсырды. 15 әріптесіммен бірге біз де баспаналы болдық.
- Бұған қоса, Тәуелсіздіктің 20 жылдық тойында мәртебеңіз өсіп, атақ алдыңыз...
- Президент оркестрінде тер төккеніме - 15 жылдың жүзі болыпты. «Қонақ - қойдан жуас» болғанымен, аз отырып, көп сынайды. Сырттан келген қаншама ресми мейманның алдында абыроймен еліміздің өнерін танытуға тырыстық. Сол еңбегім бағаланған шығар деп ойлаймын. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алып, бір қуанып қалдық.
- Ал «Қазақстан» ұлттық арнасының «Кеш жарық» бағдарламасына түсу сізге қаншалықты қажет болды?
- Негізі, бағдарлама үйлестірушілерінің түсіндірулері бойынша кезекті концерттік бағдарламалардың біріне қатысамын деп келген едім. Әнді жанды дауыста немесе фонограммамен орындау туралы да толық мағлұмат берілмеді. Нақты талап айтылмады. Рамазан аға хабарласып, «мұның не, сенің өз даусыңмен ән салуға мүмкіндігің жететін еді ғой» дегенде, не туралы айтып жатқанын ұқпай, өзінен сұрадым. Байқауға келгенімді, онда сарапшылар алқасының жұмыс істейтінін сол кезде бір-ақ білдім. Әрине, кейін бағдарлама жетекшілерімен хабарласып, өз өкпе-ренішімді жеткіздім. Екінші кезеңге өткенімді білгеннен кейін, «шешінген судан тайынбас» деп, аяғына дейін қатысып, ақыры онда да үздік деп танылдым.
- Меруерт Түсіпбаеваның «Қолын қайда жіберерін білмей, шам ұстап шықты» деген пікірін қалай қабылдадыңыз?
- Бұл жерде де түсінбестік болды. Режиссерлер «сіздің артыңызда сахналық қойылым көрсетіледі. Бишілермен бірге сіз де қолыңызға шам ұстап шығуыңыз керек» деген соң, келіскенмін. Әйтпесе, басқа амалын табар едім. Жалпы, сынды дұрыс қабылдай білетін адаммын. Меруерт менің әншілігіме мін таққан жоқ. Қоятын сыны болмады. Сондықтан аса мән беріп, ренжіп жатпадым.
- Сырнайды серік еткен арулардан кімдерді атар едіңіз?
- Жалпы, сырнай татарлардан енген кірме аспап. Әзіргі дерек-болжам бойынша, қазақтың музыка мәдениетінде сырнаймен ән айту дәстүрі Майрадан бастау алады. Он екі қатар сырнайды аталарымыз өзінің төл аспабы ретінде қабылдап кетті. Дегенмен бұл сала әлі де түбегейлі зерттеуді қажет етеді. Бір анығы, ән өнеріндегі бес мектеп сияқты сырнайдың да өз ерекшеліктері бар. Арқадан, Батыстан, Жетісудан, Сыр бойынан қолына сырнай ұстап келгендердің мақамы, мәнері бір-біріне ұқсай бермейді. Олардың арасында Нартай, Шашубай аталарымыздың ізін жалғастырған аз да болса арулар бой көрсетіп жүр. Қазіргі сәтте Майра Уәлиқызы атындағы халықаралық байқау ұйымдастырып, насихаттап жүрген Ағайша Исағұлова апамызды ерекше атап өтер едім. Дегенмен әркімнің салған ізі, ұстанған бағыты, шығармашылық жолы бөлек. Менің ашқан жаңалығым деп - дәстүрлі әндерді сырнаймен орындап жүргендігімді айта аламын. Менің ізімді қуып келе жатқан Назгүл Қилыбаева деген сіңлім бар.
- «Қазақтың музыкалық мәдениетіндегі сырнаймен ән айту дәстүрі» деген тақырыпта диссертация қорғамақ ойыңыз болып еді?
- Кішкентайларым бірінен кейін бірі өмірге келіп, ортасында шығармашылық есеп беріп, гастрольге шығып кетіп жүргенімде, диссертация қорғау жүйесі өзгеріп кетті. Енді машақаты көбейді. Сонымен, әзірге тоқтап тұр. Оның үстіне, дауысым бабында, жастық жалыным бойымда тұрған уақытты тиімді пайдаланып, клип түсіріп, ән жаздырып, шырқап қалсам деймiн. Алла ғұмыр берсе, жасымыз ұлғая келе, қағазға бас қоямын деген жоспарым бар.
- Сырнаймен ән салуды үйрететін өз әдістемелік оқулығыңызды жаздыңыз ба?
- Зәуре Смақова апайымыздың «Сырнай үйрену мектебі» деген оқулығы бар. Аспапта ойнау әдісіне арналған. Біз көбіне осы оқулықты пайдаланамыз. Өйткені әр бала әуелі аспапты дұрыс меңгеруі қажет. Қол емін-еркін жүреді, техникасы қалыптасады. Саусақ машықтанады. Сосын әнге ауысқанда өз мәнерімізге ауытқимыз. Оны қолмен басып, көзбен көрсетіп, әр саусақты өз орнына қоя отырып, үйретпесек, нотаға түсіру мүмкін емес. Бұрынғы таспаларды тыңдатамыз. Жалпы, алдағы уақытта әдістемелік кітап жазу ойымда бар. Қазірдің өзінде өз репертуарымдағы әндерді нотаға түсіріп, жинақтап қойдым. «Сізден сабақ алайыншы» деп өтініш білдіретін жастар көп. Талантты балалар тест тапсыра алмай, оқудан құлап жатады. «Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, болашақта өнерлі ұл-қыздарды сырнаймен ән айтуға тәрбиелейтін жеке мектебімді ашсам деп армандаймын.
- Кейде дәстүрді дәріптегендер шығармашылық кеш өткізуге асықпайтындай көрінеді...
- Алматыны айтпағанда Астананың өзінде жұртшылықпен жүздесетін уақыт келді. Алғашқы шығармашылық концертім Елордада өткеніне алты жыл болыпты. Әзірге облыстарды аралап жүрмін. Болашақта өнер мен мәдениеттің ордасында бір концерт қою ойымда бар.
- Эстрадалық бағыттағы әндеріңіздің авторы - жұбайыңыз Медет Салықов. Басқа композиторлармен жұмыс істегіңіз келмей ме?
- Эстрадалық бағыттағы әндерімнің алты-жетісі расында Медеттің туындылары. «Гүл сезім» әні ғана Ескендір Хасанғалиев ағамыздыкі екен. Медеттің әні көңіліме бірден қонып, жаныма жағып тұрады. Қалқаман Сариннің өлеңіне жазылған «Жібек сезім» әнінің мен үшін шоқтығы биік. Сондықтан «алтын шыққан жерді белден қаз» деп, алыстан іздемей, жақыннан дорбалап жатырмын. Басқа да композиторлар әндерін ұсынады, бірақ әлі жарыққа шығарып үлгерген жоқпын. Бір байқағаным, дәстүрлі өнер мен эстраданы қатар алып жүру оңай шаруа емес.
Дәстүрлі әншілер өзінің бағытымен, қыр-сырымен, кәсіби орындау ерекшелiгімен дараланса, эстрада жаңашылдықты талап етеді. Әрдайым жасарып, әдеміленіп, жарқырап жүруге міндеттейді. Осы талаптарға сай болуға ұмтыламыз.
- Отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз...
- Бір үйде алты бала өстік. Бір әке, бір анадан туылған үш ұл, үш қызбыз. Мен ең кенжесімен. Анам - Гүлбаршын Байгелова қазір зейнетте. Әкеміз Муфти о дүниелік болды. Өнер бізге нағашыларымыздан дарыған. Бала кезімнен дәстүрлі әнді сол кісілерден естіп өстік. Ағаларым мұғалім, дәрігер мамандықтарын таңдады. Қалдыбек деген ағам бар. Астанада Қалибек Қуанышбаев атындағы театрдың белді актері. Мұқағали Мақатаевтың рөлімен танымал. Өз отбасымда Медет екеуміздің Ақкербез, Әйгерім есімді қыздарымыз, Нұрсамат атты ұлымыз бар.
Әңгімелескен Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ
«Айқын» газеті