Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 12673 3 пікір 8 Қыркүйек, 2021 сағат 17:07

Бейімбет Майлиннің екі өлеңі және бір мақала

«Жас азамат»  газетіндегі
         Бейімбет Майлиннің екі өлеңі және бір мақала

Қостанайдағы ақын, ұстаз, профессор, ақын Ақылбек Шаяхметов бауырымыз қадірі асқан «Абай» сайтында 2018 жылғы 15 мамырда жариялаған «Алаш ұраны: «Арғы атам – ер Түрік, Біз қазақ еліміз» деген мақаласында мынадай құнды дерек келтірген еді, елеңдеп қалдық.

Сәбеңді де, Би-ағаңды да, «Жас азамат» газетін де  біраз зерттеп, азды-көпті жазғанымыз бар еді. Біздің деректерімізді де оқып көріңіздер.

«Сәбит Мұқанов «Казахстанская правда» газетінің 1937 жылғы 18 маусымда жарық көрген «Об ошибках писателя Б.Майлина» деген мақаласында: «Все эти ошибки не случайны. В №№ 20-22 алашординской газеты «Жас азамат», издаваемой в Петропавловске в 1918 г.,Б.Майлин поместил два стихотворения, где он как довроволец Алашского полка, сформированного Эльдесом Омаровым, призывает казахскую молодежь и всех трудящихся поддержать злейшего врага казахского народа – Алашорду» - деп жазды. Бұл деректен анық байқайтынымыз, Қостанайдағы Алаш полкінің құрамында Би-ағаң да болған.» (Ақылбектің мақаласынан үзіп алған мен.- З.Т.).

Яғни, бұдан түсінгеніміз – 1918-19 жылдары Қызылжарда шыққан алаш жастарының тұңғыш газеті «Жас азаматтың» тігіндісін Сәбең 1937 жылғы мамырға дейін сақтаған болады ғой, немесе «Б. Майлиннің қателерін»  тауып, әшкерелеу үшін архивтен, кітапханадан іздеп, бұлжытпас дерек ретінде пайдаланған. Сәбеңнің дұрыс-бұрысын тексеру үшін 84 жылдан кейін «Жас азаматтың» тігіндісін біз де ақтардық. Тапқанымыз мынау:

«Жас азаматтың» 1919 жылғы 28-қаңтардағы санында «Қостанай хабары» деген шағын хабар басылған.

«Қостанайдағы екінші қазақ полкі кілең көңілді болып жазылған жігіттерден құралған еді. Ең алдымен, бас боламыз, деп жігерлі учительдер, оқушы жастар жазылып, бұларды көрген соң, учебный команда ашылып, оқығандардың біразы соған кірді. Декабрьдің 29-ы күні полктағы жігіттер қондыру стансасына  (Орынбор губерниясында) жүріп кетті. Елдестің һәм басқа оқығандардың ішінде болғанына жігіттер өте қуанышты. Тілші».

Осы мақаланың астына «Басқармадан»: «Ел қорғаны - ер жігіт» деген. Алаш туын көтеріп, жауға қарсы кеткен жас қаһармандардың жауды жеңіп, олжалы болып оралуына тілектеспіз», - деп жазылған.

Бұдан кейін «Өлең». Алаш полкында жүрген бір жігіттің еліне жазған хаты» деген тақырыппен мына шумақтар  басылған.

«ӨЛЕҢ

Сен үшін туып,
Белімді буып,
Кірістім қызмет қылмаққа.

Далаға қонып,
Суыққа тоңып,
Жауыңа қарсы тұрмаққа.
Жабдығың сенің жүргенім,
Михнатқа осы кіргенім.

Қорғаймын жаудан,
Құтқарам даудан,
Қорғалатпай мысықтай.

Бел болдым келіп,
Жәрдемді беріп,
Нақ кезіңде тұншыққан.
Бар ма, тағы арманың?
Айтшы арманың қалғаны!...

Қорықпа, елім!
Даңқыңды сенің,
Шетке мықты жаярмын.

Алаштың ұлын,
Күшейтіп құнын,
Сүйреуге көкке даярмын.
Тілегіңнің бәрін де,
Осындай кезде мәлімде!...

Мен десең, жұртым,
Көркейсін ұлтың,
Тартынбаңдар, жәрдемнен!

Қазақ боп іс қыл,
Бірлікпен күш қыл!
Күнің осы әлденген!
Туа бермес, мұндай кез.
Алалықтан, енді без!                         

Шаңқан.

«Жас азаматтың» 1919 жылғы 1 ақпанда санында жарияланған «Еліме» деген  өлеңге қол қойылмаған және ешқандай түсінік берілмеген.

Еліме

Елім‑ау! Бір сен үшін міндім атқа,
Көзден жем қылмаймыз деп, енді жатқа.
Көтеріп Алаш туын ұрандадым,
Қарамай, шапқан қылыш, атқан оққа.

Күншілдер іштен тынып, үндей алмай,
Тұрмады сөйтсе-дағы күндей алмай.
Жөніне өзімшілдік бет қоятын,
Атыңа өзіңмен қатар мен дей алмай.

Есінен кетпей әлі де ескі кездер,
Маған ер, мен қамқорың, дейді: Сөз бер!
Қорларға сөзі майда, үйір болмай,
«Басыңның аманында содан без»,-дер.

Секілді бұл әрекет кірген ішке,
Момынсып, көз боямақ, тапа‑тал түсте.
Қолданып, емін-еркін енді тағып,
Тағы да жүгін артып мінбек үске.

Елім‑ау! Мұны сезсең, қара бері!
Байқасаң, елдің қайда, оңар жері.
Соңыма ер! Күндіз-түні қажымастан,
Жетейін қыр басына сүйреп сені!

Жаңылсам, я жалықсам кінәңді арт!
Шаршайтын буыны жоқ емеспін қарт.
Отырмын, бір сен үшін күйіп-жанып,
Осы сен мендікпісін? Шыныңды айт!

Сәбит Мұқановтың көрсетуінше, бұл да Бейімбет Майлиннің өлеңі болмақ. Бұл өлеңнің мазмұны да 21-сандағы өлеңмен сарындас екені де көрініп тұрған жоқ па?

Осы газеттің  28 желтоқсан күнгі 17-санында жарық көрген «Он үшінші декабрь» деген мақаланың соңын «Б.М.» деп қол қойылған. Мүмкін, Бейімбет Майлин жазған болар деп жорамалдап, беріп отырмыз.

Он үшінші декабрь

[1917 жылғы] 13-інші декабрь - Екінші жалпы қазақ съезінің Ақ орда тігіп, Алтын ту көтеріп, автономиялы жұрт боламыз деген күні. «Автономияға мал-жанды құрбан қыламыз!» деп қойған соң, күңіреніп Құран оқығанда, ақжүрек адал ниетпен ақсақалдар, жастар тілек қылғанда, қуанғаннан моллалардың көңілі босап, еңіренген күні. Мінеки, сол ұлт қанын тасытқан, үміт құрағына ат шаптыртқан тарихи 13 декабрьге - тап бір жыл.

Осы бір жылдың ішінде Алаш тізгінін қолына алған «Алашорданың» басынан кешкен ауырлықтары көп болды. Әлі де тар кешу, тайғақ жолдар болуы мүмкін. Ұлт тілегі бір күнде тездікпен һәм жеңілдікпен орындалмайды, «от алып, қамысқа түсуді» көтермейді.

13 декабрдің қазіргі алдымызға тартқан жемістері Алаш автономиясына іргетас салды. Бұл - бір.

Шашыраған ұлтшылдықты бір ізге салып, бір жерге жинап, ұлт күресіне үлгі берді. Бұл - екі.

Жалған ұлтшылдардың өрісін тарылтты. Бұл - үш.

Осындай, өлгенді тірілткен, өшкенді жандырған, өткен дәуренді, ұшқан бақты еске түсірген 13 декабрьді өте құрметтеп өткізуге, саясат дүниесі сау қалпында емес.

Бірақ, қоюланған түн тараңқырап, кейін бұлт ажырап, нұрын төгіп, таң ататын. Ерте ме, кеш пе, 13 декабрь Алаш елінің ардақты күндерінің бірі саналар. Алаш тарихына алтын сиямен жазылар.

[«Жас азаматты» алып оқитындардан сұраймыз:] «Россия бостандығының тарихын тізетін орын аштық. Соған 1917 жылдың февраль өзгерісінен бері болған оқиғаларды, съездердің қаулыларын, таратылған жарнамаларды, кітаптарды, 1905 жылдан осы күнге дейін жұрт үшін жанын салып, бостандық жолында қызмет қылып келе жатқан ұлт адамдарының жайынан баяндама һәм басқа нәрселерді жинап, осы орынға жіберіп тұрыңдар» деп жар салып сұрап отыр. Сондағы мақсаты: мемлекет өзгерісінің (революцияның) тарихын тізіп, бұқара халықтың алдына айна қылып, өз мақсатын өзіне көрсетпек. Мәдениет жолына аяқ басам, жарыққа қол сермеймін, деген жұртқа өзінің һәм басқаның бұрынғы кім екенін танып, таразыға салуы үшін тарих керек.

Өткенді еске түсіріп, жақсыдан жаманды, қараңғыдан жарықты айырып, адамның көз алдына айқын ашып көрсететін - осы тарих. Надандық ұйқысынан жаңа бас көтеріп, жарық жолға қарай қарманып, қол сермеушінің бірі - біздің қазақ. Және сол жарық жолға жетуге дауа болатын көп құралдың бірі де - тарих.

1914 жылдан бергі дәуірді дүниежүзі тексере қарап, күндегісін күнде тізіп, тарих таразысына салайын деп отыр. Тарихты анау-мынау кісі жаза бермейді. Тарих жазушы санаулы болады, және ол адам көп еңбек сіңіріп, есі кетіп, жан шыққанда барып, өзінің ақылы мен миын харып қылып, ойдан-қырдан жинастырып алып қана, ісін жарыққа шығара алады.

Мінеки, сондай адамның жұмысының оңайланып, ойлаған жеріне тез жетуі үшін, оған көптің жәрдемі керек. Сөз қысқасы: « Біздің түпкі мақсатымыз 1914-інші жылдан бері қарай болып келе жатқан өзгерістерде халық басынан қандай күндер, қандай күйлер кешірді, соларды Алаштың ұлтшыл азаматтары шамасы келгенше осы күнгі газеттеріміздің басқармаларына жинап жіберіп тұрса екен, -дейміз.

Керекті материалдар:

1914 жылы басталған зор соғыстан ел арасына қандай өзгеріс кірді, қай жерде қандай істер болды? 1917 жылы бостандықтан соң, қандай мекемелер ашылды. Олардың қаулылары, істеген істері [қандай?] ел ішіне қандай жаңа кітаптар, жарнамалар таратылды? Қандай газет-журналдар шықты? Қандай қауым, ұйымдар ашылды?

Олардың істеген істері (Большевик уақытында болған оқиғалар, олардан қайда, қандай зиян келгендігі). Қазақ үшін жанын салып, бостандық үшін аянбай азап шегіп, жұртты өрге сүйреп келе жатқан азаматтар жайынан һәм басқалар. Осы материалдарды «Қазақ», «Сарыарқа», «Жас азамат», «Абай» басқармаларына осы бастан жинауға қам қылып, оларға Алаштың азаматтары тартынбай, керекті нәрселерді уақытылы жеткізіп тұрса дейміз.

Б.М»

Баспаға дайындаған Зарқын Тайшыбай,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Қызылжардан.

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5407