Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3173 0 пікір 15 Маусым, 2012 сағат 07:41

Қажығұмар Шабданұлы. Ойын мен ойын бұзар (жалғасы)

Төртінші кітап
БІРІНШІ БӨЛІМ
ОЙЫН МЕН ОЙЫН БҰЗАР

І
Құдіретті тергеушім, өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз!
Қытай халық азаттық армиясы лек-легімен келіп жатты. Ұлттық (Шынжаңдағы жерлік) армияның тарайтыны тарап, тарамайтындары Үрімжі жаққа орын ауыстыруда. Келіп жатқан армиямыз, тарай кетіп жатқан ұлттық армиямыздан да мейірімділеу іспетті. Қараған көзге мылтық стволдары мен штиктері де қатты металдан жасалмағандай, жұп-жұмсақ, жып-жылы көрінеді. Топырақ өңдесі күлгінсары киімдерінде жарқырауық жез түгіл қайыс та жоқ, түп-түгел шүберек. Шүберек кебісі. Шүберек балтыр ораушы, шүберек сөмкелерін мойындарына асып, шүберек белдікпен беліне қоса байлап алыпты. Басымен бас болып жабыса кептелген қалпақтарының күнқағары да шүберек. Гоминдаң қытайларынша шекірейерліктей нысан жоқ, жұп-жұмсақ шүберек. Өздері ауыздарын аша, түп-түгел күліп келеді. Аппақ тістері де жұп-жұмсақ сияқты. Жып-жылы, сүп-сүйкімді. Бәрі де адамға қарағандай, адам болғанда да көптен бері көре алмай сағынған, өз туысқандарына қарағандай, елжірей қарайды.

Төртінші кітап
БІРІНШІ БӨЛІМ
ОЙЫН МЕН ОЙЫН БҰЗАР

І
Құдіретті тергеушім, өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз!
Қытай халық азаттық армиясы лек-легімен келіп жатты. Ұлттық (Шынжаңдағы жерлік) армияның тарайтыны тарап, тарамайтындары Үрімжі жаққа орын ауыстыруда. Келіп жатқан армиямыз, тарай кетіп жатқан ұлттық армиямыздан да мейірімділеу іспетті. Қараған көзге мылтық стволдары мен штиктері де қатты металдан жасалмағандай, жұп-жұмсақ, жып-жылы көрінеді. Топырақ өңдесі күлгінсары киімдерінде жарқырауық жез түгіл қайыс та жоқ, түп-түгел шүберек. Шүберек кебісі. Шүберек балтыр ораушы, шүберек сөмкелерін мойындарына асып, шүберек белдікпен беліне қоса байлап алыпты. Басымен бас болып жабыса кептелген қалпақтарының күнқағары да шүберек. Гоминдаң қытайларынша шекірейерліктей нысан жоқ, жұп-жұмсақ шүберек. Өздері ауыздарын аша, түп-түгел күліп келеді. Аппақ тістері де жұп-жұмсақ сияқты. Жып-жылы, сүп-сүйкімді. Бәрі де адамға қарағандай, адам болғанда да көптен бері көре алмай сағынған, өз туысқандарына қарағандай, елжірей қарайды.
Мен де нағыз халық армиясын көргендей, елжірей қарадым. Қадам басуларынан, бұрын өзім көрген үкіметтердің әскерлерінікіндей сарт-сұрт, сақ-сұқ дыбыс та естілмейді. Бір келкі тәртіпті ырғақпен басқанда да адам құлақтарын аяғандай сыбдырсыз сырғиды. Тіпті жер бетін басуға аяп, бір-жар сантиметр көтеріле ұшып өтіп жатқан сияқты. Кей легінің келе жатқанын әндерінен ғана естіп қалып жүрдік; өлеңдерінің өңделмеген қытайшыл дәл өз нұсқасы былай:
Төңкерістік әскерлер еске сақтаймыз
«Үш үлкен тәртіп», «сегіз сақтықты»:
Бірінші барлық әрекетте қолбасшылыққа бағынамыз,
Аяқ алысты бір келкі тастап жеңіске жетеміз,
Екінші бұқараның ине сабақ жібін алмаймыз,
Бұқараның құлшына қорғауына ие боламыз,
Үшінші барлық олжаны қазнаға тапсырамыз.
Халықтың ауыртпалығын жеңілдетуге тырысамыз,
Үш үлкен тәртіпке бойсұнып,
Сегіз сақтықты ұмытпаймыз.
Бірінші сөзде, сыпайы боламыз,
Бұқараны құрметтейміз, дандайсымаймыз.
Екінші сауда саттықта әділ боламыз,
Әділ алып, әділ беріп, озбырлық етпейміз.
Үшінші біреуден қарыз алсақ,
Жоғалтпай, үстінде қолма-қол қайтарамыз.
Төртінші егерде бүлдіріп қойсақ,
Бағасын кемітпей төлеп береміз,
Бесінші адам ұрмаймыз, ианаттамаймыз.
Жүнпалық  стилді батыл жоямыз.
Алтыншы бұқараның егінін қорғаймыз.
Жорықта, соғыста абай боламыз.
Жетінші әйелдерге қырындамаймыз.
Бұзақылық әдетті батыл жоямыз.
Сегізінші тұтқындарды жәбірлемейміз, албаты тінтпейміз.
Тәртіпке саналы бойсұнамыз,
Өзара бақылаймыз, қайшылық етпейміз.»
Бұл өлеңді көппен бірге күле тыңдап тұрсам да, көзіме жас іркіледі: «Нұрияшымды гоминдаң сараяқтары жеп кетті ғой, әттегене! Сонда сендер болсаңдар мұншалық сергелдең болмас едім ғой!
Бір ротасы біз пәтерлеп отырған ауланың қатарындағы бір кең аулаға түсті. Дауалы биік, қақбасы мықты, көп үйлі, майлының күнгейін қыстайтын бір үлкен байдың қора-жайы болатын. Аудандық үкімет орналастырса да командирлері қора-жай иесін өтінішпен шақырып сыйлап, пәтер ақы ұсынды. Бай оған: «сіздер өзіміздің армиясыздар, ақы алмаймын! Күтіп таза отырсаңыздар болғаны!» -деп берген разылығына қарамай, қауқалақтай жүгірген ланжаңы бай қанжығасындағы қоржынға бір буда ақшаны сүңгітіп үлгерді. «Біз халықтың өгізіміз, ине-сабақ жіптеріңе қиянат қылмаймыз! Мына үйлеріңіз күтілмей, көнеріп қалыпты. Жақсы үй салып беріп кетеміз!» деп аттандырды бір бастығы. Содан көп өтпей, үлкен кварталдың іргетасы қалана бастады.
Қасымызға Жепаңжүн орналасқаны шешем мен жеңгелеріме мұндай рахат боларма; сырттан байқап жүреді де, бір жұмыс істеп жатқандарын көрсе-ақ сыбана жетіп, кірісе кетеді. Жалғыз сиырының тезегін аула бұрышына шешемнің жия жүретінін көргендері бойынша көшеге түскен тезекті түгелімен сол бұрышқа жия беретін болды. Дуал сыртынан лақтырып та жаудыра берді қатқан тезектерді. Балалар ойнап жүріп далаға тастап кеткен көсеу-қысқаштардың қайсысы қай үйдікі екенін ерінбей тексеріп, тауып апарып жүрді. Кемпір-шалдар «айналайын жепаңжүн » десті. «Айналайын жепаңжүннің» осындай қамқорлығында сол көшеден «салақ әйел» дейтінді естімейтін де болдық.
Бір күні кешке жақын қызметтен қайтып келе жатсам, Манап жолыға кетті. 46-шы жылғы Құлжа түрмесінен біз шыққан соң екі аптада босап, толыға қайта оралған болатын. Күлкілі, мысқылды сөзімен «жағдайларға» сүріне өтіп, кейде сол «жағдайларды» сүріндіре өтіп келеді. Сүрінісе жеңілдім демейтін де, сүріндірсе жеңдім демейтін. Өйтетіні ешкімге жалынбайтын да, жалындырмайтын. Мекеме қызметінен қалдырса, өз үйін мекемеге - дүкенге айналдыра қоятын. Зергер ұста да, лабырант-дәрігер де, саятшы-аңшы да, әңгіме-кеңестің маздап тұратын ошағы. Қызмет-жұмыс түп-түгел өз қолында болатын. Сондықтан бұл кісінің қызмет ахуалын сұрамайтынмын. Құшақтап амандасып, бала-шаға, жай-күйін сұрай сала үйге бастадым.
Қарсы жағымыздан қақпаға бұрын жеткен бір офицер мені көріп тұра қалды. Артына қайыра ұстаған қолында шыбық бар сияқты еді. Біз жақындағанда онысын көрсетпей, артына далдалай қойды.
- Сенің үйіңнен не нәрсе жоғалып еді? -деп сұрады қытайшалап, шешемнен дабыстап сұрадым.
- Ұршық, ұршық! -деп айқайлады шешем. - Бір айдан асты. Кішкене Бижан көшеге шығарып тастады ма екен, табылмай кеткен.
Ұршықты ханзуша не деп атайтынын білмей, "жіп иіретін" дегенді ишарамен көрсетіп едім, қарқылдай күлді де ұстата қойды «айналайын жепаңжүнім». Қос қолын подда итағатшыларынша қабаттай изектеп, артына қайрыла жөнелмекші болғанда, Манап ымдай сөйлей тоқтатты:
- Өзің жүн білетін апицер сияқтысың, тоқташы!... Биған мынауыңа аударып берші сөзімді!... Апицер жолдас, біз, халық, сіздердің осы қамқорлықтарыңызға дән ризамыз. Рахыметімізді айта-айта таусып алатын сияқтымыз. Сіздер келгелі түймеміз жоғалмайтын болды! Жә, осыны бір аударшы Биған!
Қытайшаға шала-пұла аударып бола бергенімде изектей күліп алып, апицер сөйлей кетті:
- Барлық алғыс Маужушиға тән, Маужуши үйретті бізге! Шинжиаңға кірерімізде тоқтатып қойып, мұндай шағын санды ұлттарға қалай көрінуіміз туралы үш ай үйрену жүргізді. Үйренгенімізді әрекетімен істеп те пысықтадық. Біз халықтың өгізі болып, бар жүгін көтеруге тиістіміз!
- Мұнда келіп ойын қоюға үш ай дайындалып, пысықтау жүргіздік деші, бәсе неғып кешікті десем! -деп сылқ-сылқ күлді Манап. - Енді өгіз болмай-ақ қойыңыздар! Бізде өгіз көп, өздеріңе сойып беріп те жатырмыз ғой!... Бізге халықтың тұп-тура жауынгері болып көрінулеріңіздің өзі керек! Жұртқа белгілі болып қалған атағы бар жаулар тұс-тұсқа қашып жатыр. Сіздерден қорқып, оларға алданып ерген бауырластарымыз да кетіп барады. Қашып барады, шәшіп барады. Түймесін ғана емес, түйесін шәшіп, жаннан кешіп барады! Солардың алдарынан тосып, аздырмай тоздырмай, өз жұрттарына қайта әкеліп қоныстандырсаңыздаршы!
- Дүй-дүй-дүй, оны білеміз!... Масғұт-Айса бандысы, Оспан-Жанымхан бандысы, дүй, бүдүй, Қалибек - Такыман бандысы... Тағы-тағы, еш қайсысы бізден қашып құтыла алмайды! Мәсғұт, Жанымқан... бәрі-бәрі қолға түсті. Банды жоқ болды, қорықпайды!-деді де изектей бұрылып жөнеле берді офицер. «Халыққа жағынуды үйрену үшін өткізген осы үш айларыңыз жанымды суырып әкетті-ау!» деген өкінішпен күрсіндім де, Манапты үйге кіргіздім.
Шешеммен тәптіштеп сәлемдескен соң қалың киімін шешіп, төрге жайлана отырған Манап, күлкіден солқ-солқ ете түсті. Шығыңқы қарнына мол күлкі сақтап отырғаны байқалса да, айтудан тартыныңқырағандай; төбесінен ғана басталатын қарабұйра шашын қасып сылап, шодырая біткен тоқ шекесін уқалады. Қырқпа қарамұрты жыбырлай түсті:

<!--pagebreak-->

- Жоғалғанына бір жарым ай болған әлгі кішкентай ғана сынық ұршықты тауып әкеліп, анықтап тексеріп, тапсырып тұрғанын қарашы! -деп сықылықтады тағы да. - Осы қамқорларым аман болса, үлкен атаңның бесіктегі шүмегі мен түбегін де тауып әкеліп берер-ақ!
- Армияның халыққа мұндай қамқор болуы таңғаларлық жоғары қасиет қой. Нағыз халық жауынгері ғана осылай болар!
- Шын ниетімен осылай болса, жақсылығына шек бар ма!... Осындай қамқорлық неғұрлым шын ниеттен туылса екен!... Биған, мен өзім көрген үкіметтердің бәрінен күмәнданып, үңіле-үңіле қартайған адаммын ғой. Дәл осы үкіметтен титтей күмәнданғым келмейді. Ендігім тіпті ұят болатын сияқты, көптен күткеніміз компартия ғана емес пе еді. Бұдан күмәнданып, енді қандай үкімет іздемекпін деймін.
- Мұныңыз, дұп-дұрныс идеалогиядан туылған сөз. Ал, күмәндандыра жаздап тұрғаны қай жері?
- Мен алдыңғы күні ғана Үрімжіден келдім. Онда да, жол-жөнекей де көргендерім, жепаңжүннің осынысы. Егер осындай ұп-ұсақ шапағатшылдықты басқа, жеке адамдардан көрсем, сөзсіз алдампаздық дер едім, кір азымас ұсақ қылықпен жақсы көрінгісі келетін адамның жүрегінде жадігөйлік жатады ғой.
- Дәл жепаңжүнде ондай ниет бола қоймас, жақсылықты ең ұсағына дейін жеткізе істеу, ханзу халқының ұлттық психикасы шығар.
- Бұдан бұрын көрініп жүрген қытайларымыздан мұндай психика көрініп пе еді?!
- Сізге бұдан бұрын нағыз интернационализмшіл, береке-бірліктің қытайы көрінбесе, оның психикасын қайдан көрмексіз! Бұрынғы көргендеріңіз түгелімен зор ұлтшылдықтың зорекер қытайлары ғана шығар!
- Бұл түсінігің ойыма біраз қонады ғой, әй, сөйтсе де, -деп жымия күлімсіреп алып күрсінген Манап, сөзін жаңағы офицер атаған бандылар тақырыбына ауыстырды. - Масғұт пен Жанымханның қаша алмай қолға түскені рас екен. Айса-Мәмітемендер Қашқарға барып, Пәкістанға өтіп кетіпті. Ал, түрлі қорқыныштар мен үркіп дағдыланған тау қазақтары бұл жолы түгел қопарылып, ессіз-түссіз бет-бетімен қашқан екен. Жол жөнекей жат жерде таландыға түсіп, қырылып барады дейді. Көбі Шыңхай, Тебет жақ иенге бет алыпты. Айланып барып олар да Пәкістан арқылы Түркияға өтпек қой! Оспанның өзі қарулы қолдарымен әлі де Кули жолын тосып, Құмылдан беріде жүр екен. Ал Қалибектер Сауандағы өз жайлауынан Үрімжінің Сардауанына ауып барып қыстапты да, жаз шыға содан ары қарай көштерін шұбырта жөнеліпті. Оған ілескен қауым да не дәуір көп екен. Осы жақында Тебет тауларында жергілікті бұлаңшылар жағынан жан түршігерлік талауға, қырмаға түскен хабарлары Үрімжі қазақтарын құсаландырып тұр! -деді Манап.
- Япырай, олардың алдын тосып, тапжылдырмай қоюға мүмкіндік толық еді ғой! -деп қалдым мен. - Біздің қазіргі қорғанатын ішкі шекарамыз әлі «азат» бола қоймаған сол Тебет жақ қана емес пе еді, жепаңжүн ол жаққа да жетерлік келіп еді ғой, неғып жіберіп қойған?!
- Менің жаңағы батырға «өгіз» болмай, жауынгер бол дегенім сол. Бұл көшеде көсеу жоғалып, немізді құратар дейсің, алданып-зорланып босқан бауырластарымызды қаңғыртып, қасқырға жем етпей, тірі әкеліп қоссаңдаршы! -дегенім ғой.
- Оларды тосып тыныштандыруға міндеттелген арнаулы бөлімдер бар шығар!
- Бар екені бар, бірақ олар қашқандарға «алдыларыңнан жарылқасын кете бер, жерлерің қалса болғаны, тиіспейміз, арттарыңа алаңдамай-ақ қой!» дегендей, шекарадан өткенше алыстан баспалай соңдарынан еріп қана отыратын сияқты! - деп, ызаланғандағы дағдысынша қарқылдай күлген Манап, қыза жалғастырды сөзін. - Олай болмаса, көшіп-қонып бара жатқан ошарлы жанды босқын ауылға салт атты скадрондар жете алмай ма!
- Босып үйренген халық қиыннан жол тауып, адастырып кететін шығар, бұл ахуал батырларымыздың жол білмеуінен, иә, жаңсақтан болса керек!
- Ұлттық армиядан да, жергілікті халықтан да жол бастаушы алмай жүрмейді ғой бұлар!... Бірақ, неғұрлым сенің айтқаныңдай болсын, Биған! -деп жымиған Манап, алдына жайылған дастарқаннан шәй ұрттай түсіп, әңгімемен жалғастырды сөзін. - Мал іздеп жүріп бір ауылға қонған қонақ таңертең шәй ішіп отырса, даладан: «қонақ, қонақ, атыңды қасқыр жарып кетті!» -деп айқайлапты бір бала. «Недейді мынау!» деп елеңдеген қонақ, - «неғұрлым бұтты-шатты, әр түрлі сөйлейтін бала болса екен!» -деп түрегеліп, дастарқаннан аттай жөнеліпті. Сыртқа шыға келсе, әлгі айқайлаған бала күліп жіберіпті. Аты ап-аман жайылып жүр екен. «О... айналайын-ай, өтірікші болғаның қандай жақсы болған, ата-анаңа мың рахмет!» деп алқапты қонақ. Сол сияқты осыны естіген құлағым қақас, иә, өтірікшіден естіген болсам екен деп тілеймін! Әйтпесе біздей халыққа нағыз коммунизмшілерден басқа пана жоқ екенін біліп болғанбыз ғой!
- Расында да өтірік хабар шығар! -дедім мен. - Үрімжіде жасырынған нелер кері төңкерісші бар ғой, жепаңжүнді де жалған қамқор, алдамшы жау етіп көрсету үшін солар таратқан өсек шығар. Бірақ сол шын болса да, тіпті түгел қырылып қалса да, мен өзім соны тым аштысына қоймас едім. Компартия мен социализмді біле тұрып, қаламай қашқандары қырыла берсін. Ал, менің аузымның дәмін кетіріп, аңыртып тұрғаны мұның керісінше. Таптық күрес аяқтасқандай мына бір тымырық тыныштықтың орнай қалуы ғана. Барлық жау сол босқындармен бірге кетіп, адаланып болғандай, үкімет те, армия да байлармен құшақтасып, аймаласып жатқандай көрінеді маған. Үкімет жағы байларды: «сүзеген мүйізіңнен, шайнаған тісіңнен айналайын!» деп құшақтаса, байлар құйрықтарын бұлаңдатып, «аңсағаным менің, арманым менің, тиянақ медеуім... сен болмасаң көргілікті Бақайлар мен Шақайлардан көретін едім ғой!» -деп үкіметтің бетінен жалағыштап жатқандай!... Тыныштық пен демократия шымылдығының сыртынан осындай бір масқара комедия көріп отырғандаймын.
Манап тұла бойын солқылдата қарқылдап күлді бұл сөзіме. Жүзіме ойлана бағдарлай қарады сонан соң:
- Сен бұлай емес едің ғой, Биған. Ойшыл сабырлы сияқты едің! - деп күрсінді. - Тағатыңды тауысып, тықыршытып тұрған бір ісің бар ма, иә, ұшқалақ солшыл болмақпысың?!
- Алдыңғы жорамалыңыз қате емес, ал, кейінгісіндей бола қоймаспын. Мен Маузыдұң жушидың «жаңа демократизмін» оқып шықтым. Бұл, Қытайда социализм құру дайындығы ретіндегі аралық дәуірдің сипаты екен. Осы дәуірдегі жауымыз жиянгерлік, феодализм, бұйрократ капитализм атты «үш тау» деп белгілепті. Ал, мен, сол «үш таудың ортаншысынан жұдырықтай ғана бір тасты жарып, "тексеріп көрейін!" десем, әкімдер маңайына жолатпай қорғап отыр!... Феодализмнің ісін тексеру түгіл маңайына жуытар емес.
- Ол тасты жаруға неліктен асықтың?
- Жүрегім сол тастың ішінде байланып жатыр. Ақыл сұрауға аудандық партия комитеті құрылмады. Тілсімді тас  тынысымды тарылтып барады!
- Е... е, тағы бір оқиға бар деші! -деді Манап, қысқа мұртын сылай жымиып алып күрсінді.  - Бұл, құшақтау мен жауды аймалау дегенің уақыттық қана бір ойын ғой, Биған, бәрінікі де ойын. Қалай ойналатын ойын екенін жаңағы батырлардың үш ай үйренгендігін естімедің бе, -деп сылқылдай түсіп жалғастырды сөзін. - «Әттәжім тімпи» дейтін ойынды білетін шығарсың, тымписа қалғанда кім бұрын күліп қойса, содан ойынбұзар алынатын. Мына қалпыңда қатты «күліп» қойып, сондай айыпқа ұшырап қаларсың, сабыр ете тұр!
- Мен сабыр сақтап отырғанда нәзік жан үгітіліп, күлге айланар деп қорқамын!...
- Манаптың қайталап сұрауы бойынша, Мақпал жөніндегі трагедияны сөйлеп беріп едім. Ойланып қалған Манап, бұл жөнінде ұйықтар алдында ғана жауап қатты:
- Қайда болса да іздеп таппай болмайтын бала екен-ау!. Бұл туралы асығуың дұрыс!... Әкім қорғап отырған бұл жуандарына тиіспей-ақ, астыртын іздеп тауып, алып келіп алсаң болмады ма! Даумен күшіне сонан соң жауап бере жатпаймыз ба!... Мен іздесейін. Ертең сол мектеп бастығына барып, жол жөнін анықтап сұрап алып іздейін!...
Ертеңіне таңертеңгі шәйдан соң Манапты аттандырып, мекемеге келдім. Шәкербайға Сәрсен саясат келіп, шағым айтып тұр екен:
- ... Бүгін таңертең де газет оқымады. Оқу құралын қолтығына қыса сүмірейіп, алдымен Қайсеннің өзі кетеді. Мұғалімдерге барып айтыңыз, бұл партия нұсқауына қайшылық!..
- Жоғарыдан бұйрық түсіру дегеннің немене екендігін білесің-ғой, Сәрсен-ау, бұйрократтық, бұйрократтық деп бүйірлеп жатпай ма! - дей сала жалт қараған Шәкербай, мені көре сала әлгі әуенін бұза боздады. - Ойпырай, Биғабіл-ау, қайда жүрсің шырағым-ау?! Қазақ ерлер мектебінің оқытушылары таңертеңгі уақытта газет оқымайды екен, соны тәртіпке салсаңшы барып!
- Менің бүйірім темірден жаралып па? -дегенімде Махмұт Керім күліп жіберді.
- Қалжыңды қойшы, Биғаш, сенің тіліңді алады деп айтып тұрмын. Ол мектептерге міндеттісің ғой, бара ғой тез! Таңертеңгі милары тұнық уақыттарында газет оқысын!
- Оқушыларының "милары тұнық уақытында" сабақтарын өтеген дұрыс. Мекемедегі үйрену уақыты мектептерге лайық келмейді. Оқытушылар сол сағаттардағы міндетті сабақтарын тастап, газет оқысын деген нұсқау жоқ. Бос уақыттарында өздері-ақ оқып алады. Бұл, ерікті үйрену.
- Қазіргі міндетіміздің ең негізгісі - партия нұсқауын үйрену - газет оқу ғой, Биғаш! -деп Сәрсен жымиды. Кешегі гоминдаңшы кертартпаның бүгінгі мына «белсенділігіне» ашуым келсе де сыртқа шығарғым келмеді. Тозған бетін осынысымен түзеп, әкімдер алдында, осы ағымдағы көпшілік алдына инабат тауып келе жатыр еді.
- Партия нұсқауын үйрену деген қызмет уақытында газет құшақтап отыру деген сөз емес! -дедім сонда да. - Бос уақытыңда үйрен де, қызметіңді жақсы істе, қазіргі нұсқау осы!
- Өз беттерімен оқымайтындары бар, газетті бұрынғыдай көреді. «Шинжиаң газеті» дегеніңіз қазіргі партия сөзі болды ғой, оны оқымайтындар кім болғаны?!.. Мұны сөзсіз түзету керек, Биғаш!
- Сауаты бар азаматтардың қазір газет оқымайтыны жоқ, мұны кесіп айтуға болады. Жаңа үкімет не дер екен деп бәрі де құлақ түріп жүр.
- Барып көрмей кесім айту, бюрократтық болады ғой Биғаш, өзің барып тексеріп сұрап көрші!
- Олай болса, өзіңіз бар да сабағыңызды өтей бер! -дедім Сәрсенге тура қарап. - Мұндай шағым үшін қызмет тастап кете бермеңіз! Қайсенге айт, газетке шыққан материалдардан мұнан соң барған сайын сұрап тұрамыз. Тіпті сынау да алуы мүмкін. Оқытушыларға түгел ескертіп қойсын! Қайтыңыз тезірек, сабақ сағаттарының бірі де бекер өтпесін!

<!--pagebreak-->

- Пай-пай, Биғаш-ай, тым өрсің-ау! -деп күліп Сәрсен шықты да, Шакербай жымиып отыра қалды. Мен өз бөлмеме кіріп, қызметіме отырдым. Әкім мен халықтық істер бөліміне арыз айта келгендер терезеден көрініп тұратын. Солардың дабыры елеңдете берді.
«Жалшы-кедейлер үкіметі құрылды» деген хабар естіген арыз-шағымшылар екен. Досан әкім «Жақаң» мен «Жақаштарының» бетіне қарап, бітірмей келген дауларды талапкерлері қайта көтеріп, бүгін қаңтармен бірге қақай жеткендей әкім кабинетіне кіріп шыққан біреуі.
- Үй, мынауың, менің әлгі жемеңгерімді «ұлттық боржай» -деп атап алып, тағы қорғап отыр ғой! -деп шықты.
- Не деп қорғайды? -деп сұрады сыртта тұрған біреуі.
- «Ұлттық боржайға енді зорлық жүргізбейміз, досымыз, үгіттеп түсіндіреміз. Сонан соң ақыңды жемейтін болады» дейді. Бірақ өзі мұртын бұрынғыдай тікірейтпей, былқылдап, жұп-жұмсақ сөйлейтін болыпты!... Сонысы үшін ғана мен де жұмсап, айтыспай шыққаным!
Бұл екеуі осылай сөйлесіп тұрғанда талапкердің тағы біреуі әкім алдынан күңірене шықты:
- Құдай-ау, енді қайда барайын, «мал иелеріне қатты тиісе алмаймыз. Халықтық істер бөлімі шақыртып алып айтып, түсіндіріп көрсін. Ақыңды қайтарса, өздігінен қайтарар, әйтпесе зорлық жоқ, жоғарының нұсқауы осы» дейді. «Кедей үкіметі әпереді» деген соң осымен үшінші рет келдім. Баяғы Досан, «Шығыс Түркістан» кезінде «қазіргі жағдай осы, кейін көрерміз, тоса тұр!» деп еді. Енді тіпті ашыққа шығып, бүтіндей байлардың үкіметі болып алыпты ғой! Енді қашан алармыз есе-теңдікті...»
Қатқыл шыққан осы наразылық үн халық бөліміне де естіліпті. Бір тергеушісі шыға келді.
- Ей, сіз нені уағыздап тұрсыз?! -деп талапкерге зекіре жақындағанда сыртқа мен де шығып, қастарына бардым. Тергеуші маған қарамай, сөйлей берді. - Бұлай сөйлесең кері төңкерісші болып кетесің! Анау мемлекет туы, көрдің бе? -деп қақпа үстіндегі қызыл туды нұсқады да баяулай жалғастырды сөзін. - Сондағы анау бес жұлдыздың ортада тұрғаны - компартия. Оның төменгі жағын ала тізіліп тұрған төрт жұлдыздың жоғарғысы жұмысшылар табы. Онан кейінгі екіншісі егіншілер. Үшіншісі ұсақ буржуазия, төртіншісі ұлттық буржуазия. Бұл төртеуі компартия басшылығындағы төңкерісші төрт тап, халық деп аталады. Демек, үкімет иесі осылар. Демек, үкімет құрамында жұмысшылар ғана емес, ұлттық буржуазия да бар, жау қатарына жатпайды. Мал шаруашылығындағы мал иелері (байлар) де осы қатарда.  Демек, бұларға дектатура қолданылмайды.... Демек, - деп тағы бірдемесін айтуға ойлана қалғанда қолтығынан мен тарта жөнелдім:
- Демегің бар болсын сенің! Демек, солай болғанда бұл байларда кедейлерді жейтін тіс жоқ қой?.. Жегендері өтірік пе еді! Ал, «олар да халық» дегенің дұрыс-ақ болсын, бірақ, осы халықтың өз арасында да бірін-бірі қанайтындары, иә алдап, иә зорлап жейтіндері азба еді! Демек, демек дей бергенше соларды тергеп, ақысын алып берсеңші!... Мынау ауыр наразылық! Жұңхуа халық республикасына жаман ат келтіретін наразылық!...
Сөзім осы жерге келгенде қақпадан бір топ адам кіріп келе жатты. Ең алдында Құрышпек пен Кеңесбай. Бұдан оншақты күн бұрынғы бір кеңесуіміз бойынша Нұрасыл өлімі жөніндегі дауларын тағы бір қузап қоюға келгендіктерін біліп, әкім кабинетіне мен де беттеп едім, «сен кірмей тұра тұр, халыс адам болып, кейінгі кезде кіруің қажет болар, сырттан тыңда!» деп күбірлеген Құрышпек, Кеңесбайды ғана ертіп кірді. Ұсынған арызын әкім оқып болғанша күткендей, тым-тырыс еді. Бәсең үнмен сөйлей бастады аз уақыттан соң. Ертіп келген адамдары Кеңесбайдың шақыруымен түгел кірді.
- Бұл, талай тексеріліп, біткен дау. Өнбейтін дауды жаңғыртып не қыласыңдар! -деді Әкім қатқыл дауыспен. - Жауапкерлеріңнен еш мәселе табылмай, Нұрасыл семиясына үкімет жәрдемін беріп қайтарғанбыз ғой, біткен дау!
Кеңесбай да қатқыл үнмен сөйледі.
- Мәселе табылмағандығынан емес, - «жағдай» деп Кәкімбайдан мәселе тапқыларыңыз келмегендіктен тоқтатып тұрған дау болатын.
- Ол берілген, үкімет жәрдемі емес, Кәкімбайдың сіздер арқылы өткізген алдамы болатын. Оны біз білмейді дейсіз бе, жарықтық-ау! -деп Құрышпек күлді. - Оны жәрдемге сындырып малдана көрмеңіз, өшіп біткенді қойып лапылдайтын уақыты енді жеткен дау, қашанға дейін сабыр сақтармыз!
- Байлардың сөзі қашанға дейін сөз бола бермек, біздің талабымызбен дәлелімізге де бір мезет құлақ асыңыз! -деп қалды бір куәгер.
- Қанға құнікер байды қазір ешқандай үкімші қолтығына тығып құтқара алмақ емес қой, Әкім, өзіңіз білесіз! - деп ыңыранды бірі.
Мен үйреткен сөздер жеке-жеке ауыздардан шығып, жерлеп-тапалап жатқанын есік сыртынан күле тыңдап тұр едім:
- Туысқандар, -деп ытқып тұрғаны естілді әкімнің. - Тегінде осы дауды мен басып, Кәкімді мен қорғап отырғандай көреді екенсіздер! Ал, кедей үкіметі құрылды. Нахақ болса да байларды жұлмалап бер - деп мені жұлмаламақ шымшуырларыңыз да көрініп тұр. Бұлай ойласаңыздар, өздеріңіз қатты қателесесіздер. Қателессе де кедейге жаза жоқ деп ойлайсыздар ма, қалай? -дегенінде талапкерлерді қорқытып қайтарғалы тұрғанын сездім де, кіріп барып тұра қалдым. Әкім маған бір қарап қойып, «шыға тұр» дегендей иегін көтеріп қалып жалғастырды сөзін. - Бай саудагер, яғни ұлттық буржуазия да халық, «төңкерісші төрт таптың бірі, оған тиіспейсіңдер!» деп көсеміміз Маужуши шектеп отыр. «Жаңа демократизм туралы» деген кітабында соны жақсылап түсіндірген. Оны білмей келіп, орынсыз даурығып, мені қыжыртпай, сол кітапты толық үйреніңдер! Ал, менікі қате болса, сонан соң көріңіздер!
Құрышпек артына жалт қарады да, маған жалбарақтаған болды:
- Міне, соны білетін үгітші мұғалімнің өзі келіп тұр екен ғой! Айналайын, соны айтып берші бізге! Сол кітапта «кісі өлтірсе де Әкімбайды жазаламайсыңдар!» -деген сөз бар ма екен?!
- Биғабіл, не жұмыспен келдің? -деп Әкім сөзге алдандырып әкетпек болды мені.
- Мектептердің газет үйрену уақытын белгілеу туралы жұмыспен келіп едім.
- Ал, қайтыңыздар, жауап сол! -деді, Әкім талапкерлерге.
- Бұл кісілердің сұрауына да жауап бере салайын, халық емес пе, елемесек, «елемент» болып қалармыз! -деп күлдім мен. - Бұл сұрауыңызға Әкімнің өзі жақсы жауап береді ғой, «қателессе кедейлерге жаза жоқ деп ойлайсыздар ма!» демеді ме. Бұдан кемелді жауап жоқ шығар. Жай қателесу ғана емес, адам қанын ішсе, ұлттық буржуазияға жаза жоқ деп ойлайсыздар ма! Ұлттық буржуазия түгіл өздеріңіздің рулық буржуазия болса да жазалануға тиісті ғой! -дегенімде талапкерлер қарқылдай күлді де, әкім жымия тыжырынды. Мен жайшылық қана түсіндіру әуенімен жалғастырдым сөзімді. - Кәкім байдың табы туралы Маужуши тіпті жақсы сөйлеген. Ол гоминдаң шяңзұңы, шпионы, сонымен байыған. Бұл жағынан ең негізгі жауымыздың бірі - бирократ буржуой. Ал, Дәмешті маған зорлап әпермей Совет одағына қашырып жібердің деп Нұрасылды өлтіргені - бирократ феодалдық! Бұл жағынан да негізгі жау. Жай феодал ғана емес, қан ішкен феодал. Маужуши қайтып қорғамақ оны!... Оны біздің мына Әкіміміз де қорғамақ емес, енді қолдаса оңбайтындығын білмейді деп ойлайсыздар ма! Біледі, тек оны сол қылмысына мойындата алмай отырған шығар!
- Жоқ, олай емес әпендім, бұл сөзіңіз Әкімге бұра тартқан сөз! -деп Құрышпек әдейі шытына қарады маған. - Мойындата алмаған емес, өзіміз-ақ мойындатып берер едік, жөндеп тергетпей қойған!
Әкім тағы да ыршып тұрды. Ашудан ұзын мұрты сілкініп кетсе де баяулай сөйледі:
- Биғабіл, сен қызметіңе бара бер, әлгі жұмысың туралы түстен кейін сөйлесерміз!... Ал, сіздер мені Кәкімбайға қосақтап, қолдарыңнан келсе сонымен қосып жазаламақ сияқтысыздар. Бірақ олай бола қоймайтынына сендіре аламын. Кәкімді қандай жау десеңіздер де өз еріктеріңіз. Үкімет оны да дос деп санайды. Төңкерісші қатарына әлдеқашан қосылған, гоминдаңға қарсы төңкеріс басталысымен шяңзұңдығын тастап, көтеріліске қатынасқан да, бар қазынасымен партизандарды, ұлттық армияны қамдаған!
- Жоқ, бұл артық қорғаштау! -деді Құрышпек. - Тергемей қоюдағы сүйенген сүбіхандарыңыз осы болатын. Гоминдаңның жойылатындығы әбден көрінгенде өзінің қат-қабат қылмыстарынан қорқып, қашқан да қаша алмай сасқанынан ақша шашқан!... Соның қашан қашқанын да, кім кімге қанша шашқанында білеміз. Онан да осы дауды қайтадан қарайсыз ба, қарамайсыз ба, соны айтыңызшы!
- Бұл дауды қарап тексеріп болғанбыз. Айқын дәлел таба алмадық десек, Құнікер байды жақтады деп бізді қосақтайды екенсіздер. Олай болса, бұдан ақтығымызға көздеріңізді жеткізейік, аймаққа жолдатып берейік, енді соларды қорқытып өндіріп алыңыздар! -деп шалқалай отырған Әкім, арыз шетіне бұрыштама жазуға кірісті.
- Әкімге бұра тартпайтындығыма көздеріңізді мен де жеткізейін! -дедім мен де Құрышпекке қарап. - Кәкімбайдың он жылдан бергі қылмысын да делоның 5-6 жылдан бері неліктен шешілмей, басылып қалғандығын да, одан бергі жаңа қылмыстарын да толық білемін. Бұл дело халық бөлімі арқылы аймақтық үкіметке жолданса да бәрі бір, қылмыс өткізілген осы жердің өзіне қайтып келіп тексеріледі. Сіздің маған таққан жаңағы кінаңыздан сонда ағарармын! -деп шығып жүре бердім. Арыздың ақ қалған бір бұрышын тауықтың тұмсығынша шоқи бастаған қызыл қарындаш мен сөйлегенде тұқырған бойы тоқтап қалып еді. Жазылған бұрыштаманы сызып тастап қайта жазғанын кейін естідім. Халық бөлімінен күлімсірей шыққан Құрышпек қара тонымның жауырынынан қағып қалып, өте берді. «Жарадың бауырым!» дегені екен: бұрыштама қайта жазылған арызды халық бөліміне апарса, «шақыртқан уақытымызда келерсіңдер, қайталап мұқият тексереміз!» деп қайтарыпты. Әкімнің кейінгі бұрыштамаса «қайта тексеруге» бұрылыпты.
Әлгі, сылтау үшін айтылған жұмысым жөнінде кабинетіне түстен кейін үш рет кірсем де Әкім табылмады.
Мекемеге ертеңіне таңертең келгенімде Әкім кабинетінің алдындағы қара тақтаға қызметтестер үймелей, күлісіп тұр екен. Мен де бардым.
«Қой аузынан шөп алмас» болса бір жөн,
Бөрі аузынан қой алмас! Бұған не ем?! -

<!--pagebreak-->

Деген жарты шумақ қана өлең жазылыпты. Бақайдың жазуы екенін мен танып жымисам да, басқалары танымай, маған қарап жымиысты. «Жағдайшылардың барлық сыры мен сипатын екі ауыз сөзге сиғыза қойған мына жарты шумақ қана өлең, семсердей сесімен қарақылды қақ жарып, әділ үкімін де шығара қойғандай әсерлендірді мені. «Жарайсың, романтигім, сыншыл реализмнің азуы алты қарыс өкілі де болғайсың!» деген ыразылық оймен жымиып едім.
- Кеше тағы бір айтысып шыққаныңды естіп едік, әй сенің сөзің-ау осы! -деп күбірледі бірі. Бөліміме қайтып бұрыла беріп тоқтап сөйлей кеттім:
- Мынаны өшіре көрмеңдер, әкімдер қолданба етуге тиісті сөз екен! Мүмкін, кімдікі екендігін тексеріп алып қабылдар!...
Бүгінгі істерлік ісімнің тізіміне үңіле отырып, терезеден көрдім. Қызметіне енді келген үлкен Әкім де, Әлиев те қара тақтаға бір-бір тоқтап, әлгі өлеңді жазып ала өтті. Досан орындығына орнығып болды-ау деген кезде кешегі сылтаулық жұмысымды айтуға тағы кірдім. Райынан өлеңнің күшін де байқағым келіп еді. Қойын дәптеріне сол өлеңді қондырып алып қарап отыр екен. Мені көре сала жылан көрген кірпіше жиырыла қалғандай болды. Кәрленгендегісінше мұрты жайылып тарамдалып алыпты. Дауыл түткен шүйке бұлттай әлемтапырық шырай көрінсе де сыр бергісі келмегендей, мектептің үйрену уақыты туралы сұрауыма:
- Әлиевпен сөйлесші! -деген ғана бәсең жауаппен шығарды.
Әлиевтің кабинетіне рұқсат сұрап кірдім.
- Кел отыр! -деді, стол қарсындағы орындықты нұсқады. Отыра бергенімде түйедей бір сұрауды қойып кеп қалды. - Әкіммен тағы да қарсыласып, қатты тигенбісің?... Кеше ауырып қалыпты.
- Ауырса кеше түстен кейін ғана ауырған болар. Мен емес, түске шейін ел - халық айтысып еді, өз қылмысы түстен кейін ауыртқан болса керек!
- Ол дауға сенің не қатысың болды?
- Мен Әкімге өз жұмысыммен кіріп едім, -деп бастадым да айтысқан сөздерді сөйлеп бердім.
- Ал, өз жұмысың не еді? -деп сұрады күле түсіп, өз жұмысымды баяндадым. Газет оқу жөніндегі Сәрсеннің талабын да күле тыңдап, ол жөніндегі менің орналастыруымды құптады.
- Мына доскідегі өлең кімдікі? -деп сұрады сонан соң.
- Білмеймін.
- Жайшылықта айтып жүретін сенің сөзіңе бек ұқсайды екен!
- Мұндай бек ұқсайтын сөздер әлі бек көбейер!
- Қалайша көбеймек?
- Досан әкімнің қай жақтың қамқоры екендігін анық көруші көздер көбейген сайын мұндай ащы тілдің де көбейетіндігі сөзсіз!... Осы жарты ғана шумақ өлеңнің өткірлігіне мен де қатты таңдандым.
- Бұл рас сенікі емес пе?
- Емес екендігі анық, егер осыны мен жазған болсам, жасыру емес, зор мақтанышпен мойындар едім. Шыншыл тілге сот пышағы енді өте берер ме!
- Өтуі енді тіпті мүмкін, -деп қалып күліп жіберді Әлиев. - Мәселен, Досан әкім қазір осы істерін партия нұсқауы бойынша істедім деп сендіре алады. Сонысымен сені компартияға қарсы бұзғыншылық істеп жүр деп те сендіре алады. Халықты тыныштандыра тұрудың дәл қазіргі кезеңінде мұндай ерікті шыншыл тілдің үлкен қатері бар.
- Бес жылдан бері әсіресе кейінгі екі жылда байларға шынымызды айта жүріп-ақ тыныштандырып, көпшілігіне қызмет істетіп-ақ келген біз ғой. Жәбірленгендердің талабын шетке қағып, жебірлердің бетіне опа жағып, бұлай сүймей-ақ тыныштық қалпын сақтайтын шындықтан жаралған тәжірибе бар еді ғой бізде.
- Ха-ха-ха-һа... осы сөзің де ұқсамай ма доскідегі өлеңге деп, - орынбасар әкім, мойынымнан қыса қойғандай, қатты күлді. Шорт тынып күрсініп алып жалғастырды сөзін. - Компартия өзі белгілеген жолмен ғана жүруге табанды болады!... Бізге өз жолындағы осы нұсқауды бұзбауды тапсырып отыр.
- Бұл партия нұсқауы емес, жасанды ғана ойын сияқты көрінеді. Мал иелері мен буржуазиядан ақы талап ету де бұзғыншылық болмақ па!
- Досан мұныңды бұзғыншылыққа сиғыза алады. Сенің осы көзқарасыңды мен өз идеямда толық қуаттаушы едім. Ал, қазір ашық қуаттай алмаймын. Себебі жоғарының нұсқауы қазірше осылай екені рас. Дәл қазір Досанның шешімі дұрыс болып тұр. Сен де басқаларға әсері тиетін мұндай солшыл сөзді әшкере айта беруден сақтан! «Көпшілікті құтыртушы», «бұзғыншылық қоздырушы» аталып қалмағайсың! Әсіресе зиялыларға бұл жағынан қатал қарайтын сияқты.
Әлиевтің бұл ақылы «тікенсіз» шын ниетімен мені сақтандыру үшін айтылып отырғанын түсініп, бас изей салдым. Осы орайда Мақпалды табу жөніндегі талабымды тағы бір айтып көргім келді:
- Қамқорлықпен айтылған бұл кеңесіңізге рахмет, әкім ағай! Ешкімге мұрындық болатын әшкере асау сөзді сөйлемей-ақ қояйын. Бірақ, ұжданымды күндіз-түні кеміріп жатқан бір дерт барын, өзіңізге айтып едім ғой... Мақпалдың жоғалуы. Соның қайда екенін жасырын ғана тексеріп, ата-ана, туыс-туғандарынан сұрап беруді халық бөліміне тапсырыңызшы!
- Соған әлі қиналып жүрмісің, әлі ғашықпысың? -деп Әлиев тағы күлді. - Біреуге әлдеқашан қатын болып кеткеннен кейін оны енді не қылмақсың!
- Қайда екенін ғана біліп берсеңіздер, ешқандай көпшілікті құтыртпай - бұзғыншы аталмай-ақ жасырын ғана, түп-түзу ғана барып құтқарып әкелер едім!
- Сендей жап-жас, сұлу жігітке қыз табылмай ма!
- Табылады ғой, бірақ, оның жүрегіндей жүрек таба алмайтыным анық!
- Жүрек деген не ол, дүниеде одан көп нәрсе жоқ жігітім! -деп қарқылдады орынбасар әкім. - Ол жөнінен сауатсыз екенсің, қыздардікі таусылып қалғандай, қатынның жүрегін қайтпексің! Шынымды айтайын, ең қызығы әр күні біреуіне ғашық болу! Жүрек жаңарады, жүректі жаңарта беруден пайдалысы жоқ!
- Әкім ағай, сол «пайданың» бәрі өзіңізбен-ақ кетсін! -дегенімде Әлиев өзіне ең ұнамды бата берілгендей, рахаттана күлді. Мен өтінішімді ішкерілей қайталадым. - Кемпір болса да содан басқаны іздерім жоқ! Көптен бері сүйемел болып, өз ағамдай көрініп қалған сізден өтінерім сол ғана!
Әлиев күлкісін тоқтатып, ойланып қалды да, күрсініп жіберді:
- Мал иелерін тергеу тұрмақ, қазыр оларға көздің ағын көрсетпеу тапсырылып отыр. «Қызың қайда?!» деп кім сұрай алмақ олардан.
- Осыдан төрт ай ғана бұрын, өткен 9-шы айда халық бөлімі оның әке-шешесінің жасырын құдалығын тексергенін ескеріңізші! Сонда үкіметтің рұқсат қағазын алмай ұзатса, жазалануға ыразы екендігіне берген тіл хаты бар. Халық бөлімі енді соны апарып тергесе несі бүлінбек? Феодализмді жоюдың жолы ашылды ғой!
- Қазір одан да уақыттық шектеліп отырмыз. Партияның бұл жөніндегі нұсқауы - неке заңы келмей, мұны істей алмаймыз!
«Ахыметжандар өлгеннен соң басы жоқ адамша ойлайтын болып қалғансыздар ма, су жүрек болып қалғансыздар ма?!» дей жаздап, шамына тимеу жағын да ескере кідірдім:
- Қазіргі үш аймақ ахуалында бұлай тартынатын еш қандай төңкерістік себеп жоқ. Досан әкімде басқадай себеп бар ғой, ал, сіздің бұлай болуыңызға қатты таңданамын.
- Жол-жорық осылай деген соң, осылай болу керек!
- Халық азаттық армиясы қыздар түгіл қатындарға қырындамаймыз деп әндетіп келіп жатқанда сондай аяулыларымызды бітеу жұтып қойғандарға ләм дей алмайтын құлға айланғанымыз ба! Тым болмағанда "бесік күйеуді" қайда жібергенін сұратып беріңізші!
- Әйелдерге қырындаудан мал иелеріне «қырындау» қиын болып тұрмай ма! -деп алып, күлкіден тиыла ойланған Әлиев, сөзін күбірлеп жалғастырды. - Осы байлардан сұрап, тексеріп, бұзғыншы аталмай-ақ, тексерсек те енді айтпайды олар... Өзің іздеп тауып қана алып қашып келмеймісің!... Мәселені неке еркіндігіне ғана сүйеп, насихаттап шешу, оңай болар еді!
- Іздеп таба алсам ғой неке еркіндігіңізге де жалынбас едім. Табылмай тұрмай ма!
- Солай болсын, тағы да іздестір! Бір орайын тауып сұрастыруды халық бөліміне мен де айтып қояйын! Қазірше табылмаса шыдап тұра тұруың, бәрінен де қажет. Бұл уақыттық қана жағдай. Мұны «ойын» десең, мына қалпыңда «ойынбұзар» айыпқа ұшырап қалатын сияқтысың, - деп шығарды Әлиев.
Қаңтардың қыс ызғары тамыздың шіліңгіріндей пысынатып, жанымды шыжғырып бара жатқандай, түн бойы дөңбекшіп, күн бойы ішімнен тықыршып жүрдім. Нұрияшымнан хабар жоқ. Қыстың сұрғылт күндері сүзіп қалардай, Досанша тұқыра тымырайып келіп, тымпия өтіп жатты. Жараған бурадай тұна қарап ізденіп жүрмін. Мен күткен дау да жоқ, шабарманға Кәкімбай табылмапты. Жолаушылап кетіпті деседі. Бұрынғы өштестер бір-біріне өңдерін ашып, үнсіз жымия қарасады. Көлгірліктен басқа жау да жоқ сияқты. Бір алып қол ауыз біткеннің бәрін басып алғандай жым-жырт еді.
Бір күні таңертең мектеп аралап қайтып, орныма енді отыра бергенімде Мақмұт Керім, «Шинжяң газетінің» бір нұсқасын алдыма тастай салды. Бас тақырыбына қарап үңіле түскенімде, арандай ашылған бір еркін ауыз жарық еткізді көзімді. Азу тістерін ақситып феодализм машайықтарына ақырып кеп қалғандай елес берді. Өзім қосыла ақырғандай мереймен дауыстап оқи жөнелдім. Оқыған сайын жаным кенелгендей, аузым тұшығандай, тісімнің қышуы қанғандай мейірлене оқыдым:
«Сендер Құдайға сенесіңдер, өздеріңе жақпайтын адамның барлығын Құдайларыңа атқызбақ болып қорқытасыңдар, солай емес пе моллалар?! Ал, мен генерал Уаңжын, міне алдыларыңда тұрмын. Коммуниспін. Ешқандай құдайларыңа бағынбаймын. Қане, құдайларың бар болса, мені атқызыңдаршы, қане!... Қане!.... ешқайсыларың атқыза алмадыңдар ма!... Атқыза алмайсыңдар, Ә!... Олай болса тыныш жүрмегендеріңді мен атамын, ... қысып жүріңдер!» -депті Шинжаңға кірген жепаңжүннің бас қолбасшысы. Өлкелік партия комитетінің бірінші секретары. Оңтүстік Шинжиаңдағы барлық дін ғұламаларын жиып алып сөйлеген сөзі осы екен. Бұл кісінің сөйлеген сөзін естігенім де осы еді.
- Шинжаңға келгеннен бері газетте жарияланған 1-ші сөзі осы! -деп күбірледі Махмұт Керім. Көзім енді ашылғандай қуанышпен бадырая қарадым оған. Қою қара қасының арасына сұйық қана сұраулы леп белгісі (?!) пайда бола қалғандай кірбең қабақпен тым бәсең жалғастырды сөзін - шиті мылтық та көрсетпей берілген Шинжиаңда өздіктерінен бас иіп, қол қусырып тұрған моллалардың жүрегіне осы сөзден дөрекі тиетін түрпі жоқ шығар! Тым кескін адам екен!
- Түрпі түгіл тырнаушы болса да коммунизмшілердікі ғой, әйтеуір! -деп күлдім мен. - Жалпылай емес, феодализмге ғана қаратқан болса, тырнай түссін! Қышыған арқамды қасығандай сүйсіндірді!
Газетті шиыршықтап ала жөнелдім Әлиевтің кабинетіне осы санды газетті орынбасар әкімнің өзі де жайып салып оқып отыр екен. Мен қара тонымды шұбалтып, салдыр-күлдір кіріп барғанымда күліп жіберді:
- Не үшін асығып келе жатқаныңды білемін. Сен қуанарлық сөз жоқ.
- Феодализмді бүйірінен қысып қалып, ішіндегі Мақпалдың әдемі басын шығара қоймады ма!
- Жоқ, бұл жалпы сәлдеге-дінге тиіскені, қой бегіне тиіскені емес.
- Солай болса да менің кішкентай қылмысыма жеңілдік әперетін сөз ғой, өзі бүкіл жаңа демократизм мен төңкерістік бірлік сапты бұзарлық сөз сөйлеп тұрып, «ойын бұзған» есептелмесе, зорлыққа ұшырап, сорланған Мақпалды іздеуіміз қаншалық айып болмақ!
- О заман да бұ заман ойын басқарушының өзі ойынұзар айып тартқанын қайдан көрдің! -деп күлді Әлиев.
- Бұл, бұрын көрілмеген жаңа заман ғой. Ойынбұзарды алдымен ойын бұзған басқарушы тартатын түзім болмаса, заман жаңалығы да болмақ емес қой! Ішімізде сайрап тұр, Құдай тілімізді байлап тұр, амал қанша, Дариға!

Көреген тергеушім, Қытай төңкерісінің осы батырын осы қылмысыма пана тұтпақ болуымнан өтетін надандық жоқ-ақ шығар. 18 мың ғаламның ұлы Құдайының өзін қомсынып жүрген батыр оның қай пендесінің көз жасын көрмек! Тірегі шіріп, өздігінен құлағалы тұрған гоминдаңның тағына шығып алған соң-ақ көзі көкке, көңілі аспанға шығып кетпеді ме! «адыраңдама, соқырым, баланы басып кетерсің!» дей алатын дәл қазір кім бар оған! Еңбекші халықты жендеттерінің ойынбұзар айыппен түрмелейтін құқыққа ие болуы, оның осындай шктеусіз нақұрыстығының нәтижесі емеспе.
(Жалғасы бар)
«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5443