Министрдің қуанышы мұғалімге жұбаныш бола ма?
Үздіксіз дамып отыруы тиіс білім саласы алдағы уақытта да реформалардан кенде болмайды. Кеше мәжілісмендер алдында білім беруді дамыту туралы мемлекеттік бағдарламаның іске асырылу барысы мен алдағы міндеттері туралы білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов есеп берді.
«Сіздермен кездесіп отырғаныма ө-өте қуаныштымын», - деп бастады сөзін білім министрі Бақытжан Жұмағұлов. Расында, мұндай кездесуге ҰБТ басталғалы бері басынан сөз кетпеген бас білімгер шын қуанды ма - ол жағы белгісіз. Алайда министрлік жаңалығын дүркін-дүркін нысанаға алып, тестілеудің кешендісін де, бірыңғайын да сын тезіне салып жатқан депутаттық корпус көптен күткен тәрізді еді. Енді, міне, білім саласының бірінші басшысы көкейдегінің бәрін естіп, жүзбе-жүз жауап қатуға сақадай сай келіпті. Бас-аяғы 16 беттік баяндамасына 30 минут шығындаған министрдің мәліметіне көп тоқтамай, ондағы жұрт күтетін жаңалықтарға жүгінсек.
Министр мұғалімнің жалақысын мандытпақшы
Үздіксіз дамып отыруы тиіс білім саласы алдағы уақытта да реформалардан кенде болмайды. Кеше мәжілісмендер алдында білім беруді дамыту туралы мемлекеттік бағдарламаның іске асырылу барысы мен алдағы міндеттері туралы білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов есеп берді.
«Сіздермен кездесіп отырғаныма ө-өте қуаныштымын», - деп бастады сөзін білім министрі Бақытжан Жұмағұлов. Расында, мұндай кездесуге ҰБТ басталғалы бері басынан сөз кетпеген бас білімгер шын қуанды ма - ол жағы белгісіз. Алайда министрлік жаңалығын дүркін-дүркін нысанаға алып, тестілеудің кешендісін де, бірыңғайын да сын тезіне салып жатқан депутаттық корпус көптен күткен тәрізді еді. Енді, міне, білім саласының бірінші басшысы көкейдегінің бәрін естіп, жүзбе-жүз жауап қатуға сақадай сай келіпті. Бас-аяғы 16 беттік баяндамасына 30 минут шығындаған министрдің мәліметіне көп тоқтамай, ондағы жұрт күтетін жаңалықтарға жүгінсек.
Министр мұғалімнің жалақысын мандытпақшы
Сонымен, орта білім жүйесін жаңарту бағытында министрлік мұғалім мәртебесін көтеруді басты міндет санайды. Ол үшін ең бастысы ұстазға лайықты еңбекақы төлеу қолға алынады. «Мемлекеттік бағдарламада қамтылғандай, 2015 жылға қарай педагогтердің жалақысы жеке сектордағы жалақының деңгейімен теңесетін болады. Бұл бүгінгі жалақыға қарағанда екі-үш есеге артық», - деген министр Бақытжан Тұрсынұлы ұстаздар үстемеақысына депутаттардан қолдау күтетінін жеткізіп, бар мәселенің жүгін осыған қарай аудара салған секілді көрінді. Мұғалім мәртебесін арттырып, ұстазды ұлағаттылар қатарынан көрсетудің тағы бір қыры педагогтерді даярлау сапасына қатысты екені даусыз. Мұнда да министрлік ұстанымы өзгере бастаған. Мәселен, мемлекеттік грантты иелену балы төмен саналатын педагог мамандарды даярлайтын оқу орындарына талап күшейтіле береді. Сосын министрлік елдегі педагогтер даярлайтын 89 жоғары оқу орнынан 43-іне ғана рұқсат қалдырып, 46-сына тыйым салыпты. Ендігәрі педагогтер даярлығы әлемдік тәжірибемен ұштасып, Қазақстандағы мұғалімдердің тең жартысы қайта даярлаудан өтеді.
Елді елең еткізерлік келесі бір мәселе - үштілді оқыту жүйесі. Жасыратыны жоқ, қоғам «үштілділік керек пе, жоқ па» деп жүргенде Бақытжан Жұмағұлов мырза сөзден іске кірісіп те кеткенін аңғартты. «Қазақ тілі - ұлтымыздың рухы, рухани байлығы, оны білу әрбір Қазақстан азаматының борышы деп білеміз. Ал орыс тілі - біздің ортақ байлығымыз, оны жоғалтпауымыз керек. Ғылымға, инновацияға, технология мен бизнеске жол ашатын ағылшын тілін біліп, үйренуіміз қажет», - деген министр қазірдің өзінде 33 мектепте 1 сыныптан бастап ағылшын тілін оқыту жүзеге асқанын атап өтті. Енді келесі жылдың қыркүйегінен бастап аталған тәжірибе барлық мектепке енгізілетін болады. Яғни алдағы уақытта мектептің табалдырығын аттаған бүлдіршін ағылшынша тіл сындырады. Сөйтіп, есейе келе мектеп қабырғасында жүріп-ақ, кезең-кезеңімен кейбір пәндерді ағылшын тілінде оқуды игереді.
Қазақстан студенттер саны жағынан әлемдік ондықта тұр
Мемлекеттік бағдарламаның басты бір бөлігі жоғары оқу орындарына қатысты болатын. Ал ведомство басшысының сөзіне сүйенсек, бұл бағытта әлі де өзгерістер жетіп-артылады. Дегенмен өзгерістердің дені де алдымен сапаға қатысты болатыны белгілі.
Ресми мәліметке сүйенсек, қазіргі таңда елімізде 143 жоғары оқу орны бар болса, ондағы студенттер контингенті 629,5 мың адамды құрайды екен. «Егер әлемде орта есеппен алғанда 10 мың адамға 232 студенттен келсе, Қазақстанда бұл 377 студентті құрайды. Біз осындай көрсеткішпен АҚШ, Ресей және тағы басқа бірнеше елден кейінгі әлемдегі бірінші ондықтамыз. Алайда Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының көптеген дамыған елінде жағдай басқаша. Мәселен, Жапониядағы көрсеткіш - 222, Германияда 285 адамды құрайды. Сондықтан да экономиканы қажетсіз кадрлармен толтыра бермес үшін жоғары оқу орындарының желісін оңтайландыру қажет болып тұр», - деді Бақытжан Жұмағұлов. Сөйтіп, студенттер саны жағынан Қазақстан әлемдік ондыққа енетін ел екен. Ал сол студентті даярлайтын оқу орнының сапасынан ондыққа қашан ілігетініміз ешкімге де белгісіз. Дегенмен министр мырза алған бетінен қайтпайтындығын танытып, білім сапасы төмен ЖОО-ларды жаба беретінін айтып қалды. Дегенмен бұл да оңай шаруа емес екен. «Бұған дейін алты университетті жаптық. Ендігіде ағымдағы жыл барысында тағы 29 университетті жабуды жоспарлап отырмыз. Жалпы алғанда, жоғары оқу орындарын жабу білім мекемелерінің рейтингін есепке ала отырып, жүйелі түрде сот тәртібімен жүзеге асатын болады. Біз жоғары оқу орындарын 5-6 критериймен тексереміз. Әрбір университеттің рейтингін де қадағалаймыз. Ең басты көрсеткіш түлектердің білім жетістігіне байланысты», - дейді министр.
ҰБТ білім сапасының қандай екендігін көрсетті
Министрдің мемлекеттік бағдарлама туралы баяндамасынан соң алғашқы сауалдардың бірі, көпшілік күткендей, ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты болған еді. Оның ішінде елордадағы Аграрлық университетте өткен тестілеу барысында түлектерді түгелдей тінтіп, тіміскілеуге барған қызметкерлердің «ыңғайсыз» тірліктері үлкен дауға айналғаны белгілі. Сосын колледж түлектерін толғандыратын кешенді тестілеудің деңгейіне де депутаттар түсінбеушілік танытқан. Мұндай сауалдарға сақадай сай келген білім министрі Бақытжан Тұрсынұлы ҰБТ мәселесін тұтастай қамтып жауап берді. «Бұл бұқаралық ақпарат құралдарының бірінші бетінен түспей келе жатқан мәселе ғой», - деп бір күрсініп алған министр мырза әлгі аграрлық университеттегі «тінту» оқиғасына қазақтың «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деген мәтелін қолданып тастады. «Сарыарқа ауданы ішкі істер қызметкерлері «шаш ал десе, бас алатын» әдетке басып, ыңғайсыздық жасапты. 154 тестілеу орталығының басқа ешқайсысында дәл осындай ыңғайсыздық орын алған емес. Сол үшін менің орынбасарымнан бастап, комитет төрағасы, жауапты тұлғалар тұтас сөгіс естіді. Осы тестілеу пунктінің басшысы орнынан босатылды», - дейді министр мырза. Бұл ретте Бақытжан Тұрсынұлы қоғамда балалардың бәрін тексеріп жатыр екен деген ой тумауы тиістігін айтып: «Мен өзім мұны қолдамаймын, балаларды тінтімек тұрмақ, қол тигізбеу туралы тапсырманы да бергенмін», - деп ақталды.
Биылғы бірыңғай тестілеу нәтижесіне тоқталсақ, 117 мың бала сынаққа қатысса, олардың орташа балы 70,9 пайызды көрсеткен. Бұл былтырғыға қарағанда 16 пайызға төмен. Неге төмен? Министр сөз арасында осы сауалға да кеңірек тоқталды. «Біріншіден, биылғы ұйымдастырушылық жұмысымыз өте жоғары болды. Екіншіден, жыл сайын тест тапсырмаларын 30 пайызға жаңғыртып отыруымыз керек болатын. Өкінішке қарай, бұл соңғы жылдары жасалмады. Сондықтан да оқушылар тестінің кейбір сұрақтары қалталарында болмай қалғанына таңғалған болуы керек. Дегенмен бұл - мемлекеттік стандарттарға сай жасалған жаңалық», - деп ақталды. Бір сөзбен айтқанда, министр тестінің әділ өткендігін, бұрынғыдай күмәнді балдар болмағанын алға тартады. Сосын дәйекті деректерді де айтады. «Мысалы, Алматы қаласында талантты балалардың физика-математика мектебі бар. Міне, дәл осы мектептің көрсеткіші соңғы уақытта түсіп, керісінше, шалғай ауылдағы 400-500 бітірушінің орташа балы 97-100-ге жетіпті. Сонда ауылда барлық пән тек «4-5»-ке оқытылады дегенді білдіре ме?! Осындай олқылықтарды болдырмау үшін біз жыл бойы мониторинг жүргіздік», - дейді Бақытжан Тұрсынұлы. «Әрине, тестілеудің төменгі көрсеткіші министрліктің жеңісі емес. Бұл ҰБТ-ның ашық, әділ, ұқыпты өткенін білдіреді. Дегенмен мұның өзі оқушыларға берілетін білім сапасын қайта қарастырудың қажеттігін білдіреді. Білім сапасы әлі де жеткіліксіз», - дейді министр. Тоқтала кететін жайт, биылғы ҰБТ-ның табалдырық межесін 43 мың түлек немесе тапсырушылардың 36 пайызы еңсере алмаған. Ал 2011 жылы бұл көрсеткіш 12 мың ғана адамды құраған еді. Айырмашылықтың өзі де біршама жайтты аңғартса керек. Бұдан әрі министр ата-аналар мен мұғалімдер тарапынан орын алған келеңсіздіктерді де мысалға алды. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Шолаққорған орта мектебінде ата-аналар терезені сындырып кіріп, баласымен бірге тестіге қатысып, 12-ден кешкі 4-ке дейін сынақты бірге тапсырған. Жыл сайын қайталанып келген мұндай жағдайдың көрінісі биыл ең төменгі деңгейде болды.
Екінші бір мәселе колледж бітірушілерінің кешенді тестілеуіне қатысты болатын. Дәл осы мәселеде депутаттар тарапынан түсініспеушілік болғанын еске салған министр жиынды жүргізіп отырған вице-спикер Бақтықожа Ізмұхамбетовтен уақыт сұрап, мәселенің мәнін ашып көрсетуге тырысты. «Жыл сайын 70 мыңнан астам колледж түлектері жоғары оқу орындарына түсуге ұмтылады. Тіпті олардың арасында өз өмірбаянын жаза алмайтындары да кездеседі. Әрине, мен осы мінбеде тұрып, әлгі колледж бітірушілердің бәрі бірдей осал, сауатсыз деп айта алмаймын. Дегенмен университеттік білімге сәйкеспейтіндері қаншама! Ең бастысы, мұның артында қыруар қаржының мүддесі айналып жүр. Бұл тұрғыдан келсек, маған да оңай емес, өйткені менің оппоненттерімнің бәрі де - қалтасы қалыңдар. Біз осылайша кем дегенде 22-23 млрд теңгені құрайтын қызығушылықты қозғап отырмыз», - дейді министр. «Бақсақ, бақа екен» демекші, әлгі миллиардтаған қаражатты жеке университет пен жекеменшік колледждер иесі меншіктеп алған. Ал әлгі миллиардтың схемасын Бақытжан Тұрсынұлының қарапайым тілімен түсіндірсек, жекеменшік университеттер өз жанынан колледж ашып, әлгіні бітірген түлектер онда жай уақыт өткізіп, өздерінің университетке түсу сәтін ғана күтіп жүретін көрінеді (әрине, бәрі бірдей емес - авт.). Мінеки, еңбек нарығында сапасыз мамандардың қаптап шығуы осыдан туады. «Сондықтан да біз кешенді тестілеудің деңгейін де, сапасын да арттыра береміз. Биыл - бірінші жыл ғана, келер жылдан бастап кешенді тестінің тапсырмасы ҰБТ тапсырмасымен бірдей деңгейде болады. Әйтпесе, шынымен, сапасыз мамандар қаптап кетті. Конкурсқа шақыртып, 150 адамнан 10 адамды таңдап ала алмайтын болдық. Бейнелеп айтқанда, олардың ішінде қаламды қалай ұстауды да білмейтіндер кездеседі», - дейді Бақытжан Тұрсынұлы.
Оразкүл АСАНҒАЗЫ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Ағылшын тілінен емес, мектеп мәселесін тек қазақ тілінен бастаған дұрыс. Осы мәселенің түйіні әлі күнге шешімін таппай отыр. Мамандыққа қатысты кейбір пәндерді мемлекеттік тілде оқытудың қажеттігі артып келеді. Осыны жолға қоймасақ, мемлекеттік тілде халыққа қызмет ете алмаймыз. Екіншіден, әсіресе ауылдық жерлерде ән-күй, сурет, еңбек пәндері мұғалімдері жеткіліксіз. Өскелең ұрпаққа, қандай мектеп екендігіне қарамастан, дәл осы пәндерді қазақ тілінде жүргізсек, соған маман тапсақ, игі болар еді.
Шавхат ӨТЕМІСОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Филологтер ұлттық бірыңғай тестілеуде оқушылардың ойларын жазбаша немесе ауызша білдіру сауатын анықтау мүмкін еместігін айтып, дабыл қағып жатыр. Мұндай қабілеттер емтиханда қажет болмағанымен, оқушының дамуын артқа сүйрейді. Нәтижесінде сауатты жаза алатын, дұрыс сөйлей алатын жастар азайып келеді. Мәселен, қазірдің өзінде жастардың кейбірі өз ойларын білдіре алмай, «сленг», «жаргон» сөздерді қолдануға әуес. Тіпті үздік оқушының өзі «короче», «типа», «как бы», «прикинь» сияқты сөздерді қолданады. Жастардың сленгі туралы сөз қозғаудың өзі артық. Әрине, барлық заманда сленг болғанын жоққа шығара алмаймыз, алайда қазір мұның айрықша етек алғаны байқалады. Мұны қылмыстық лексикаға жатқызбасақ та, дұрыс тіл деп қабылдай алмасымыз анық. Қазақтілді жастардың арасында да осындай үрдіс байқалып отыр.
Автор: Қанат ҚАЗЫ
"Алаш айеасы" газеті