Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4452 0 пікір 19 Маусым, 2012 сағат 13:06

Ашаршылық ақиқатына жаңа көзқарас

Тәуелсіздік жылдары жарияланған деректерде кеңестiк билiктiң алғашқы 1920- 1930-жылдарында қазақтар 4-4,5 млн. адамынан айырылған. 1921-1922-жылдардағы аштық кезiнде 1 млн. 700 мың адам (ашыққандарға көмек көрсету комиссиясының төрағасы Мұхтар Әуезовтің мәліметі бойынша), 1932-1933-жылдары 2 млн. 300 мыңға жуық адам құрбан болған. Соңғы мәліметтерде, «1920 жылдардағы ашаршылықтан өлгендердің саны 2,3 млн. адамға жеткені», қазақ демографы Мақаш Тәтiмовтің деректерінде «ХХ ғасырда болған азамат соғысы, қолдан жасалған ашаршылық, қуғын-сүргiн кездерiнде, екiншi дүниежүзiлiк соғыста бас-аяғы 3 миллион 850 мыңға жуық қазақ қырғынға ұшырағаны» айтылады.

 

Қазақ тарихында «ұлы жұт» (ағылш. «Great Famine») атауымен қалған 1920-30 ж.ж. ашаршылықтың экономикалық және демографиялық зардаптарының өте ауырлығы дәлелдеуді қажет етпейді. Сол кездегі қазақ зиялыларының мәліметтері бойынша, ашаршылық апаты Алтайдан Маңғыстауға дейінгі қазақ даласын түгел қамтыған. Бұл жылдары дәстүрлі мал шаруашылығы күйзеліске ұшырады, бірден-бір тіршілік көзінен айрылған қазаққа біржолата жойылу қаупі төнді.

КСРО-да жүргізілген күштеп ұжымдастыру науқаны Қазақ елін айналып өтпегені белгілі. Жаппай тәркілеу құрығына шаруалармен қатар, дәулетті қазақ байлары мен кезінде билік тізгінін ұстаған хандардың ұрпақтары ілікті.

Тәуелсіздік жылдары жарияланған деректерде кеңестiк билiктiң алғашқы 1920- 1930-жылдарында қазақтар 4-4,5 млн. адамынан айырылған. 1921-1922-жылдардағы аштық кезiнде 1 млн. 700 мың адам (ашыққандарға көмек көрсету комиссиясының төрағасы Мұхтар Әуезовтің мәліметі бойынша), 1932-1933-жылдары 2 млн. 300 мыңға жуық адам құрбан болған. Соңғы мәліметтерде, «1920 жылдардағы ашаршылықтан өлгендердің саны 2,3 млн. адамға жеткені», қазақ демографы Мақаш Тәтiмовтің деректерінде «ХХ ғасырда болған азамат соғысы, қолдан жасалған ашаршылық, қуғын-сүргiн кездерiнде, екiншi дүниежүзiлiк соғыста бас-аяғы 3 миллион 850 мыңға жуық қазақ қырғынға ұшырағаны» айтылады.

 

Қазақ тарихында «ұлы жұт» (ағылш. «Great Famine») атауымен қалған 1920-30 ж.ж. ашаршылықтың экономикалық және демографиялық зардаптарының өте ауырлығы дәлелдеуді қажет етпейді. Сол кездегі қазақ зиялыларының мәліметтері бойынша, ашаршылық апаты Алтайдан Маңғыстауға дейінгі қазақ даласын түгел қамтыған. Бұл жылдары дәстүрлі мал шаруашылығы күйзеліске ұшырады, бірден-бір тіршілік көзінен айрылған қазаққа біржолата жойылу қаупі төнді.

КСРО-да жүргізілген күштеп ұжымдастыру науқаны Қазақ елін айналып өтпегені белгілі. Жаппай тәркілеу құрығына шаруалармен қатар, дәулетті қазақ байлары мен кезінде билік тізгінін ұстаған хандардың ұрпақтары ілікті.

1. «ЖҰТ - ЖЕТІ АҒАЙЫНДЫ»

Ауа райының аса қолайсыз құбылыстары, атап айтқанда, қуаңшылық, жерді көк мұз басуы т.б. салдарынан болатын экономикалық күйзе­ліс­ті ежелгі қазақтар жұт деп үрейленген. Қазақ «жұт - жеті ағайынды содырмен сегіз, салақпен тоғыз, олақпен он» деген сөздер де ертеден келе жатыр. 19 ғасырда қазақ даласында 20 ірі Жұт тіркелген.

Міне, осындай дүркін-дүркін Жұттан аман қалған қазақ, большевиктер билікке келгеннен кейінгі жағдайда оған төтеп бере алмады. Оның басты себебі, жұмысшы мен шаруаның одағына негізделген пролетариат диктатура­сы­ның орнауы еді. Бұл төңкеріс бастапқыда «әлемдік социализм» теориясына сәйкес Ресей империясына «экс­перимент» ретінде енгізілген-ді. 1917 жыл­ғы үздіксіз революциялар, соның ішіндегі «со­циа­лис­тік революция», «кеңестер» туралы В.И.Ленин: «Уақытша үкіметпен, буржуазия үкіметімен қатар әлі әлсіз, жаңа ұрық салып келе жатқан... екінші үкімет - жұмысшы және солдат депутаттарының Советтері құрылды. Бұл үкіметтің саяси сипаты қандай? Бұл - револю­ция­лық диктатура, яғни ор­талықтандырылған мемлекеттік өкіметтің шы­ғар­ған заңына емес, ... бұқара халықтың тө­мен­нен болатын тікелей бастамасына сүйенетін өкімет» деп жазған еді. Алайда, бұл өкімет орталықтан шет жатқан Түркістан сияқты аймақтарда Мұс­тафа Шо­қай­дың сөзімен айтқанда, «... өліктер­дің үстін­де ... әйелдер мен балалардың өліктерін құр­бан­­дыққа шалып орнады». Билік үшін күресте большевиктердің толық жеңісі немесе «социа­листік революцияның салтанат құруы» - азамат соғысынан кейін ғана мүмкін болды. Кеңес өкіметінің 1920 жылдан басталатын дербес билігі 1930 жылдары тоталитаризм (лат. totalis - тұтастай, түгелдей) жүйесін туғызды. «То­талитаризм орнаған мемлекетте қоғам өмірі­нің барлық саласы биліктің бақылауында болып, адам бостандығы мен конституциялық құқық­тары жойылады, оппозиция мен өзге саяси ой өкілдері саяси қуғын-сүргінге ұшы­райды. Оның тарихи үлгілері КСРО-да Сталин, Қытай­да Мао Цзэдун, Солтүстік Кореяда Ким Ир Сен режімі кезінде, сондай-ақ фашистік Италияда Б.Муссолини және Германияда А. Гитлер тұсында орнады» /«Қазақстан» ұлттық энциклопедиясы, 2006. - 704 б.-Т.8.- Б.458/.

Тоталитаризм орнаған КСРО-да 1920-30 ж.ж. байлар мен кулактарды тап ретінде жою шаралары ме­н ауыл шаруашылығын күштеп ұжымдас­тыру саясаты жүзеге асырылды. Нә­ти­жесінде қазақ халқы алапат ашаршы­лыққа ұшырап, жаппай босқыншылықты бастан өткерді. Кеңестік тоталитаризм зиялы қауым өкілдерін ұлттық саяси ұстанымдарына орай «тап жаулары», «жат пікірдегілер» және «әлеу­меттік қауіпті элементтер» ретінде қудалады. А.Байтұрсынов, Ә.Бө­кей­ханов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Ә.Бай­діл­дин, Д.Әбілов, М.Тынышбаев, Т.Рыс­құлов т.б. Алаш арыстары тоталитаризмнің құрбаны болды.

Қазақ өлкесін басқарған Ф.И.Голощекин (1925-1933) елдi индустрияландыру және ұжым­­дастыру саясатын тездетті. Оған И.Ста­линнің 1928 жылы 15 қаңтар - 6 ақпан ара­лы­ғындағы Сібірге сапарында (Новосибирск, Барнаул, Бийск, Рубцовка, Красноярск, Омбы), Крас­ноярскіде өт­кізген «Шығыс кеңесі» түрткі болды. КСРО-ның Бірінші адамы елдегі астық дағдарысына тоқта­лып, «егер 1927 жылғы қаң­тарда 428 млн. пұт дәнді астық дайындап үл­гір­ген болсақ, ал 1928 жылғы қаңтарда дайын­далған астық 300 млн. пұтқа әрең жеткенін, осы жетіспеушіліктің 128 млн. пұт болғанын» /Омарбеков.Т. 20-30 жыл­дар­дағы Қазақстан қасіреті: Алматы: Санат, 1997. - 320 б. - Б. 41/ тілге тиек етті. Осы сөздерді құ­лағы шалған жергілікті «шабармандар» астық дайындауда «асыра сілтеулерге» жол берді. Соның салдарынан қазақтардың дәстүрлi мал шаруашы­лығы күйзелдi, қазақ зиялыларының мәлімет­тері бойынша, сол кезде 40,5 млн.-дай мал басы 4,5 млн-ға қысқарғаны белгілі. Оның үстіне ауа райының қолайсыздығы мен аштық­тан босқан халықтың 24 пайызы, яғни әрбiр төртiншi адам қазаға ұшырап отырған.

Осылайша, большевиктер жоспарға негiз­дел­ген экономиканың негiздерін қалады, өнер­кә­сiп пен ауыл шаруашылығын дамытуда сан қуып кетті. Ал, Қазақ даласында «папка ұста­ған шолақ белсендiлер» көбейіп, көк аспанда «асыра сiлтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» ұран­дары самғады. Патшалық биліктен мұраға қал­ған кеңестiк билiктiң өзге ұлттарды отарлау саясаты, қаншама халықтың көз жасын көл­детіп, «жасанды» қасiретке душар еттi. Әбден, ашық­қан қазақтар шекаралас Қытай, Ресей; Қыр­ғыз­стан, Өзбекстан, Түркіменстан арқылы Моңғо­лия, Ауғанстан, Иран және Түркия сияқты елдерге асып кетіп жатты. Сол жылдары осы елдерге табан тіремеген қазақ отбасы кемде-кем.

1928-1932 ж.ж. бірінші бесжылдық тұсын­да қазақ байларын тәркілеу саясаты күшіне еніп, кеңестік билікке қарсы «әлеуметтiк қауiптi элементтердi» iздестiруге, оларды күш­теп жер аударуға ұласты. Әсіресе, қазақ байлары, қазіргі тілмен айтқанда қазақ меценаттары қудаланды.

Ұжымдастыру науқанында Жетісуға әйгілі ірі ауқатты әулет Маман отбасынан 1720 ірі қара, 13 ақ үй, 13 ағаш үй тәркіленген. Бұл әулеттің мүшелері қазаққа пайдалы істер жасаумен танылған еді, айталық ғылым-білімнің қадірін ұққан Есенқұл Маманов жақсы роман жазған адамға бәйге жариялаған болатын; Семей округінен Құнанбай - Абай ұрпағынан Шәкәрім, Тұрағұл қудаланғаны белгілі. Сол кезде Тұрағұлдан небәрі 36 мал басы тәркі­ленген екен. Семей қаласындағы ет және тері өнер­кә­сі­бінің негізін қалаған, 1918 жылы М.Әуезовтің өтінішімен «Абай» журналын шығаруға қар­жы­лай демеушілік танытқан, ірі қазақ байларының бірі Қаражан Үкібаевтың мүлкі кәмпескеленеді.

Батыс өңіріндегі ауқатты адамдардың бірі, Сырым Датұлының шөбересі Салық Омаров­тың мал-мүлкі тәркіленіп, өзі Жетісуға жер аударылады. Ол кезінде Жаһанша Досмұха­медов­тың Санкт-Петербургке оқуға түсуіне қаржылай көмек көрсетіп, Алаш әскеріне 200 жылқысын берген адам. Сол сияқты Тұрағұл Ибрагимов алашордашы ретінде Халел Ғаб­басов, Мұсатай Молдабаевпен бірге Сібірге жер аударылған.

Өйткені, 1932 жылы Ораз Исаевтың Сталинге жолданған хатында жазылғандай: «...Бай­лар­дың көптеген аудандарда белгілі бір табысқа жеткенін мойындау керек. Бұл 1930-1931 жылдары байлардың Алтайдан Маңғыс­тауға дейін едәуір ірі-ірі контрреволюциялық бас көтерулер ұйымдастыра алғанынан ерекше айқын көрінді» /Қазақ қалай аштыққа ұшы­рады?. Алматы, 1991. - 206 б. - 26 б./.

Ал, ұлттық зиялы қауым өкілдері, мате­риал­дық жағынан шіріген бай болмаса да, рухани жағынан өте бай адамдар ретінде қоғамға аса қауіпті саналды, олар ұжым­дас­тыру нау­қанында тәркілеудің екінші тобына енгізіл­ді. Осылайша, 1930 жылдары бастал­ған байларды тап ретiнде жою науқаны, 1918-20 жылдардан бастау алатын саяси қуғын-сүргiнді одан әрі өршітті. Тәркі­леуге тартылған адамдар 3 кате­горияға бөлінген еді: Біріншісі концентра­ция­лық лагерлерге жабылды; екіншісі шалғай жерлерге жер аударылды; үшіншісі колхоздардан тыс жерлерге қоныс аударылды. Жаппай тәркілеудің азабын өзге ұлт өкiлдерi де тартты.

Қазақ даласында «оттай лаулаған» ашар­шы­­лық туралы көрнектi қазақ зиялылары Тұрар Рысқұлов, Смағұл Сәдуақасов, Нығмет Нұр­мақов, Ораз Исаев, Сұлтанбек Қожанов және т.б. Мәс­кеуге ресми хаттар дайындады. БК (б) П ОК-нiң Бас хатшысы И.В.Сталин мен Қазақ өлкелiк партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Ф.И. Голо­ще­кинге жолданған Т.Рыс­құловтың «Сталинге хаттары», Ғ.Мүсiрепов, М.Ғатаулин, М.Дәулет­қалиев, Е.Алтынбеков, Қ.Қуанышев жазған «Бе­сеу­дiң хаты» және т.б. хаттарда қазақтың «қара шыбындай» қырылуы мен үдере шетел асуының негізгі себеп­терi, экономикалық және демогра­фия­лық шы­ғынды айғақтайтын нақты мәлiмет­тер берілдi. Сол кездегі ресми мәлі­мет­терде 1933 жылы Қазақ­стан­ның 104 ауданын­дағы 206 мың адам азық-түлік көмегіне зәру болған. Алайда, орталық ашаршы­лық­қа ұшыра­ған аудандарға көмек беру жұмыс­тарын жүйелі ұйымдастыра алмаған, еш­қандай жанашырлық танытпаған.

Дәл осындай ресми хаттар 1918-1922 жж. үз­дік­сіз жүрген ашаршылық кезінде де жазыл­ған. «Обращение киргиз к Ленину» /Қазақ­тардың В.И.Ленинге хаты/ деп аталатын хатты, қазақ делегациясы орталыққа қабылдата алмай, Кавказда жүрген Мұстафа Шоқайға жет­кіз­ген, көп кешікпей, бұл хаттың мәтіні «Бо­рьба» газетінде /Тбилиси, 1921/ түсіндірме­лермен жарық көр­ген. Құжатта адамдардың «иттің етін жеуге» дейін жеткендігі, оларға ешбір медициналық көмектің көрсетілмеуі жалпы қазақ қоғамына теріс көзқарастан туындап отырғаны, Орта­лық­тың өкілдері мен жер­гі­лікті халықтың арасында өзара түсініс­тіктің жоқтығы, партия, ке­ңес қызметкер­лерінің көпшілігінің отарлық рухпен улан­ғандығы жөнінде сөз қозғалады. /К.Есма­ғамб­етов. М.Шоқай қазақтардың ашар­шы­лық­қа ұшырауы туралы» ҚазҰПУ, №2 (29), 2011. 107-114 бб./. Ал, 1932-1933 ж.ж. ашаршылықтың зар­даптары бұдан да зор болған еді. Бұл кезде ит емес, адамның етін жеу фактілері жиі орын алған. Осы тұста Тілеу Көлбаевтың «Ұлт зиялылары ашар­шылық тұсында» мақаласында жарияланған Ілияс Жан­сүгіровтің «Жұт - жетi ағайынды» өлеңiн келтіруді жөн көрдік:

Болғанда ақтабанды шұбырынды,

Қазаққа кесе келiп кiм ұрынды?

Орта жолдан мен келiп килiгiп ем,

Тұмсығы қазағыңның тұжырылды.

Айтпайық, Орал менен Iшкi Ордасын,

Семейдi, Ақмоладай жолдасымен.

Елiн ойран, жерiн шаң топырақ қып,

Қайыршы қылып қойды қатырып, басы, миын».

Алайда, қазақ оқығандарының әр­түрлі жанрдағы жанайқайын еститін құлақ бол­мады, тыңдаусыз қалды. Оның ақы­ры немен аяқталғаны, баршамызға мәлім.

Бүгінге дейін Қазақстандағы ұжым­­дастыру науқаны мен ашаршылыққа қарсы бой көтерулер туралы аз жа­зыл­ған жоқ. Қазақ жерінде 1929-1931 жыл­дардағы 80 мың адамды қамтыған 372 шаруалар көтерiлiсі талқандалды. ОГПУ (Біріккен Мемлекеттік Саяси Бас­қар­ма) мәліметтері бойынша, 1930 жылы қаңтар-сәуір айларында КСРО-да 1,8 млн. адамды қамтыған 6 мыңдай шаруалар көтерілісі болған. Соның ішін­де Қазақ даласындағы ірі көтері­ліс­тер: Созақ, Ырғыз, Қарақұм, Қара­қал­пақ (басма­шы­­лық көтеріліс - Тақ­та­көпір), Адай, Абыралы, Шың­ғыстау, Батпақ­қара (Тор­ғай - Әбді­ғап­пар хан), Балқаш, Жетісу, Сарқанд, Қордай.

Гувер мұрағатынан табылған 6-6,5 беттік «Осман батыр көтерілісі» (бүркеншік есім болуы мүмкін - Б.А.) туралы құжатта белгісіз автор, Қордай таулы асуынан шыққан Осман батырдың шын есімі Бадри Минафарар Карим. Ол 1914 жылы Стамбул институтын бітірген. 1917 жылы Мухтариаттың мүшесі, 1922 жылы Түркисламхукумат құрамына кіргенін» жазады./ Буркитбай Аяған. Красные и черные (материалы Гуверского архива). - Алматы, 2005. - 240 с. - С.82-89/. Қалай болғанда да, мұндай фактілер шаруалар көтерілісін беделді адам­дардың басқарғанын айғақтайды.

2. БАТЫСТЫҚ САРАПШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ?

1920-1930 жылдардағы ұжымдастыру мен ашаршылық туралы алғашқы еңбектер шетелдiк басылымдарда жарық көргенi белгiлi. Солардың ішінде британдық тарихшы Роберт Конквестiң 1986 жылы шыққан «Жатва скорби: советская коллективизация и террор голодом» (ағылш. Robert Conquest. The Harvest of Sorrow: Soviet Collectivisation and the Terror-Famine) еңбегi ерекше. Р.Конквест «Қазақ­стан­дағы ашаршылық қолдан жасалды, басқаша айтқанда 1921 жылғы тәсілмен қайталанғанын, таза идеологиялық қы­сыммен, ойластырылмай жүргізілген ұжым­дас­тыру саясатының нәти­же­сінде туындаған. Бірақ, Қазақстандағы ашар­шы­лық Украинамен салыс­тыр­ғанда әдейі ұйым­дастырылды деуге болмайды. Өйткені, Кеңес өкіметінің қоғамның барлық саласын­дағы әрекеті, өзара байланысты: кулактарды тәркілеу, ұжымдастыру және ауылдағы жасанды ашаршылық» деген тұжырым жасайды.

Дегенмен, Батыстық тарихнамада кеңестік ұжымдастыру мәселесіне ертерек қалам тартқан авторлар: 1934 жылы У.Х.Чамберлен (Chamberlin, William Henry), 1936 жылы Аманда Эвальд (Ammende, Ewald), 1964 жылы Далримпл Дана (Dalrymple, Dana) болды. Ал, Роберт Конквест (Robert Conquest) бұл тақы­рып­қа 1968 жылдан бастап кіріскен. Жалпы, осы мәселеге батыстық ғалымдардың қызығу­шылығы ХХ ғасырдың 80-жылдарынан бастап артты. Сол кездегі көптеген деректерде КСРО-дағы саяси «қуғын-сүргін» мен «жасанды ашаршылық», «геноцид» ретінде көрсетіледі. Бірқатар батыс­тық зерттеушілердің пікірі «Сталиндік саясат қазақ, украин және өзге ұлттарды этнос, тап ре­тін­де жою үшін әдейі жасалған» дегенге саяды.

«Министерство иностранных дел и Голод» атты кітаптың авторлары Марко Кариннык, Ю. Любомир мен Лючик және Богдан С. Кордан (Marco Carynnyk, Lubomyr Y. Luciuk; Bohdan S. Kordan) Ресей, Батыс Сібір, Қазақстан және Еділ жағалауы бойында белең алған ашар­шылық туралы Ұлыбритания Сыртқы Істер министрлігі (СІМ) мұрағатынан алынған құ­жат­тардың ауқымды топтамасын жасады.

Империя жөніндегі Маркетингілік Кеңестің өкілі, ауыл шаруашылығы бойынша канадалық сарапшы, әрі бақылаушы Эндрю Кэрнстің (E.Carns) есебінің құндылығы жоғары. Ол 1932 жылдың көктемі мен жазында КСРО-ның Батыс Сібір, Қазақстан, Еділ жағалауы, Украина, Қы­рым және Солтүстік Кавказ сияқты астықты ай­мақтарын аралаған. Бұл деректер ауа райы­ның кейбір қолайсыздығына қарамастан, «ке­ңес­тік аграрлық саясаттың салдарынан аштық­тың толық қолдан жасалғанын» айғақтайды.

Американдық сарапшы Марта Брилл Олкотт (Martha Brill Olcott) «Коллективизация в Казахстане» атты еңбегінде: «кеңестанушы үшін ең үлкен проблема, 1930-жылдардағы оқи­­ға­ларды түсіну және дұрыс түсіндіру» екен­дігіне назар аударады. Қазақтар да украин­дық­тар сияқты, Сталиннің аграрлық саясатын геноцид ретінде қарастыруына болады, өйткені ұжымдастыру­дың мақсаты ук­раин­дықтар мен қазақтарды ата-қоны­сынан аластату арқылы орыстарды қоныс­тандыру, сөйтіп егіншіліктің жаңа, ұжымдық түрін ұйым­дас­тыру болды. Дегенмен, автор зерттеу барысында Қазақ­стан­дағы ұжым­дас­­тыру сая­саты­ның, эт­ни­калық топ­тарды жою мақсатын көздеген КСРО-дағы кез келген басқа облыстармен тең келетін құ­жат­тарды ешқашан кездестір­мегенін» атап өтеді.

1997 жылы «Черная книга коммунизма: преступления, террор, репрессии» атты алғаш­қы іргелі анықтамалық басылым жарық көрді. С.Куртуа, Н. Верт, Ж-Л Панне, А. Пачковский, К.Бартошек, Ж-Л Марголен сияқты халық­ара­лық тарихшы ғалымдардың ұжымы, 1932-1933 жылдардағы ашаршылықты терең түсіну үшін, мемлекет пен шаруалар арасындағы «экономи­калық қатынастарды» талдаған. Республика көлемінде екі жылда мал басының 80 пайызы жойылғаны, мал-мүлкінен айрылған 2 млн. аса қазақтар ашаршылыққа ұшырап, елден тыс­қары жерлерге босып кеткені, миллионға жуығы Орталық Азияға, мыңдаған адамдар Қытайға қашып кеткені туралы баяндалады.

Әлеуметтік тарихшы, кеңестанушы, Чикаго университетінің профессоры Шейла Фицпатрик (Sheila Fitzpatrick) «Повседневный сталинизм. Социальная история Советской России в 30-е годы: город» атты еңбегінде: «Ашаршы­лық уақыт­ша құбылыс болатын, ал азық-түлік пен тұтыну тауарларының тапшылығы олай емес-тін. Маркс­шілдер социализмнің байлық­қа кенел­тетініне сенім артты, бірақ кеңестік билік жағ­дайында социализм мен тапшылық бір-бірінен ажырағысыз болғанын» алға тартады.

Николас Верт (Nicolas Werth) «Раскулачивание как массовое насилие» атты мақала­сында «КСРО-ның басым бөлігін құрайтын шаруа­лар­дың экономикалық артта қалуы мен олар­дың саясаттан аластатылуы - кеңестік биліктің осал тұсы болғанын» көрсетеді.

«Годы голода: Советское сельское хозяйство 1931-1933гг.» атты кітаптың авторлары Р.У.Дэвис и С.Г.Уиткрофт (R.W.Davies and Stephen G.Wheatcroft) 1930 жылдардағы саяси оқиғаларды құжаттық деректер мен есте­ліктер негізінде КСРО-ның аграрлық сая­саты­ның топтамасын - егін егуден бастап 1931 жылғы жоспарлау кезеңіне дейін көрсетуге тырысады.

Батыстық зерттеушілердің көбі И.В. Ста­лин­­нің «ұжымдастыру саясаты украин­дықтар мен өзге ұлттық топтарға қарсы әдейі жүр­гізілген» деген тұжырым жасайды. Бұл мә­се­леге АҚШ Конгресінің шешімімен Украина­дағы ашаршы­лық фактілерін зерттеу ісі жөніндегі арнайы комиссия құрылғаннан кейін жаңаша көзқарас қалыптасты. Осы комиссия­ның атқарушы директоры Джеймс Мейс бастаған топтың қоры­тын­дысы: бұл қасірет «ақырына дейін жасанды ашаршылық болып қалады» және «1932-1933 жылдары Сталин мен оның төңірегіндегілер украиндықтарға қарсы геноцид ұйымдастырды» дегенге келеді.

Австралиядағы Мельбурн университетінің тарих профессоры С.Уиткрофттың (Stephen G.Wheatcroft) «Советский голод 1931-33: политически намеренная или экономическая катастрофа?» атты еңбегінде Еуропалық және Еу­ра­­зия­лық зерттеулер орталығының қолдауы­мен ашар­шылыққа қатысты кеңестік деревня­лардағы қасі­рет туралы жаңа мәліметтер беріледі. Ашар­шылық апатының экологиялық себептері бол­ған­мен, әлемдік тәжірибедегі қазіргі ашар­шы­лықтың себептерін салыстырмалы зерттеулерде, - дейді автор, - ашар­шы­лықтың көбі азық-түлік тапшылығынан емес, нарықтағы тепе-теңдіктің бұзылуынан туындайтын проблемалармен байланысты. Оның көзқарасынша, кеңестік ашар­шы­лық мұның ешқайсысына қосылмайды.

С.Уиткрофттің «Советская статистика о продовольствии и смертности в период голода 1917-1922 и 1931-1933гг.» атты еңбегінде кеңес мем­ле­кетін статистикалық мәліметтермен қам­та­масыз ету және әлеуметтік-экономикалық жоспарды іс­ке асыру мақсатында құрылған, мемле­кет­тік ста­тис­тикалық жүйенің ерекшелігі қарас­тырылады. Алайда, жоспарлау процесі саясат­керлердің шамадан тыс іс-әрекеттерінен қирады, бірақ бұл жоспарлаушылар мен санақшылардың біліксіздігі немесе жасампаз­дығының көрінісі болған жоқ. Мұрағат мәлі­меттеріне сәйкес, са­нақ­шылар кеңес мемлекеті­нің саяси жетек­ші­лерін бірнеше рет шындыққа шақыруға тырыс­қан дей келіп, автор «1922 жылға қарағанда, ауылдық жерлердегі кейбір тамақтану көрсет­кіштері, 1933 жылы төмен болған» деген қорытынды жасайды.

Ұжымдастыру науқаны мен ашаршылық нәу­бетіне қатысты Николо Пианчиоло (Nicollo Pianciola) «Голод в степи. (Коллективизация сельс­кого хозяйства и казахские крестьяне)», француз тарихшысы Изабель Огайонның «Седентаризация казахов СССР при Сталине. Коллективизация и социальные изменения (1928-1945 г.г.)», Н.М.Ней­марктың (Norman M. Naimark) «Геноциды Сталина», Шейла Фицпатрик (Sheila Fitzpatrick) - «Сталинские крестьяне: социальная история Советской России в 30-е годы: деревня», Дана Далримплдің (Dana G.Dalrymple) «Советский голод 1932-1934 годов» зерттеу еңбектері мен мақалалары шықты. Д.Далримпл Кеңес Одағының өзге аймақтарына қарағанда, қазақ халқы адам шығынының орны толмас зардабын тартқанын алға тартады. 1932-34 жылдардағы ашаршы­лық өзінің ауқымы, мерзімдік ұзақтығы, қар­қындылығы мен себеп-салдары жағынан, барлық әлемдік ашаршы­лық­тың ішіндегі ең ауыры болды санайды. Ашар­шылық салдарынан миллиондаған адамдар көз жұмды. 20-ға жуық әртүрлі деректік мәлімет­терде, адам шығыны­ның орташа есебі 5,5 млн.-ды құраған.

И.В.Сталин билігі тұсындағы (1924-1953 ж.ж.) Қазақстандағы ұжымдастыру мен ашар­шы­лық тарихына қатысты батыстық тарихна­малық зерттеулерге талдау жасай отырып, мынадай ой-қорытындыларға келдік:

1. Қолданыстағы тарихнамалық зерттеулер негізінде алғашқы шетелдік іргелі зерттеулер 1980 жылдардың ортасында жарық көрген;

2. Шетелдік әдебиеттерде КСРО тарихы­ның өзекті мәселелері, атап айтқанда күштеп ұжым­дастыру кезіндегі (1928-1932 ж.ж.) ша­руа­­лар­дың жаппай қысымға ұшырауы, 1937-1938 жылдардағы «үлкен террор», Қазақстан мен Украинадағы ашаршылық тарихының нәтижелері объективті қарастырылған;

3. 1920-1930 ж.ж. ашаршылық нәубеті мен саяси қуғын-сүргінге Кеңестік биліктің қаты­на­сын кешенді талдау үшін шетелдік дерекнамалық-тарихнамалық зерттеулердің ауқымын кеңейту қажет.

Сөз соңында Мемлекет тарихы институты­ның ғалымдары тарапынан биыл 1932 жылғы нәубетке 80 жыл толуына орай «1932-33 жыл­дар­дағы Ашаршылық ақиқаты» (Правда о Голоде в 1932-33 годов) деп аталатын ғылыми-көпшілік қауымға арналған екі тілдегі (қазақ, орыс) кітапты баспадан шығаруға дайындап жатқанын айта кеткенді жөн санадық.

Бүркітбай АЯҒАН, тарих ғылымдарының докторы, профессор.

____________________________________

Суреттерде: қоныс аударушы; өз шаруа­шы­лығымен (В.Колтонның сурет­тері. АҚШ, Гувер мұрағаты.)

"Егемен Қазақстан" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377