Сенбі, 23 Қараша 2024
Ақмылтық 10600 32 пікір 4 Қазан, 2021 сағат 11:18

Құлыбавтан құтылмай, Парламентке күн жоқ!

Осы жылдың шілде айынан бастап БАҚ және әлеуметтік желілердегі жеке парақшаларымда үздіксіз мақалалар, сұхбаттар және шағын жазбалар жариялап, Президент Әкімшілігінің заң шығару ісіне көмескі жолмен араласатынын, оның артында Тимур Құлыбаев тұрғанын, заңдардың, әсіресе экономикаға қатысты заңдар мен нормативтік құжаттардың сол Тимур Құлыбаевтың мүддесіне бағытталып қабылданып келе жатқанын тынбай айтып, дәлелдеп келемін.

Мысал ретінде 2014 жылы 3 шілдеде қабылданған «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңын атап өттік. Аталған Заңның 13-бабының 8 тармағындағы «Қазақстан Республикасының Ұлттық олимпиада комитеті Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес мемлекеттік тапсырмалар алуға құқылы», - деп Тимур Құлыбаев жетекшілік ететін «Қазақстан Республикасының Ұлттық олимпиада комитетi» дербес, тәуелсіз қоғамдық ұйымна ерекше құқық берілген. Бұл – еліміздегі 22 мыңнан астам қоғамдық бірлестіктің ешбірінде жоқ құқық. Егер, болса, ол да тікелей Тимур Құлыбаевтың қолымен жасалғаны белгілі.

Сондай-ақ, 2013 жылы қандастарымызға төрт жылсыз азаматтық берілмейтін қатаң заңның қабылдануына да Тимур Құлыбаевтың 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасына байланысты айтқан: «Жаңаөзендегі ереуілшілер – Түркіменстан, Қарақалпақстаннан тұтас ауыл болып көшіп келіп жатқан оралмандар», - деген сөзі әсер еткенін елдің бәрі біледі.

Тимур Құлыбаевтың қандастарымызға деген сол өштігі әлі өшпеген екен, өткен жылы  «Тұрғын үй қатынастары туралы» заң мен «Халықтың көші-қоны туралы» заңның арасындағы сәйкессіздікті шешуге де Президент Әкімшілігі тікелей кедергі жасап, екі мыңға жуық қандас отбасын пәтер кезегінен шығартып тастады...

Сол Тимур Құлыбаев бұрын Заң шығару ісіне көмескі жолмен ықпал етіп келсе, енді ашыққа шықты. Мәжіліс талқысына келіп түскен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына бір топ депутат «Кәсіпкерлік кодекстің» 138-бабына Тіл туралы заңнаманың сақталуын бақылайтын бапты қайта енгізу туралы ұсыныс берген екен, ол ұсыныс өтпей қалыпты.

Осы мәселеге байланысты, депутат Қазыбек Иса «Қазақ тілінің обалы - Қазақ Үкіметінде!» деген мәлімдеме жариялады.

Аталған мәлімдемесінде депутат Қазыбек Жарылқасынұлы: «Мемлекеттік тілдің обалы - Ұлттық экономика министрлігі (министр Әсет Ерғалиев) және «Атамекен» ұлттық палатасында (төраға Тимур Құлыбаев)», - деп жазды.

Көрдіңіз бе, Парламент Тимур Құлыбаев басқаратын кәсіпкерлік субьекттерінің одағы болып табылатын коммерциялық емес, өзін-өзі реттейтін ұйым «Атамекен» ҚР ҰКП-нан келісім алатын деңгейге түсті.

Конституцияда «Дербес, тәуелсіз қоғамдық бірлестіктер» мен «Кәсіпкерлік субьекттерінің одағы болып табылатын коммерциялық емес ұйымдар» депутаттар берген ұсыныстарға келісім береді деген норма жоқ! Конституция тұрмақ, ешбір заңда жазылмаған!

Қазақстан Республикасының Конституциясында «Парламент – Қазақстан Республикасының Заң шығару билігiн жүзеге асыратын Республиканың ең жоғары өкiлдi органы» - деп, жазылған.

Міне, «Атамекен» ҰКП-сы «Кәсіпкерлік субьектілерге қосымша ауыртпалық  жүктейді...» деп, «Кәсіпкерлік кодекстің» 138-бабына Тіл туралы заңнаманың сақталуын бақылайтын бап енгізу туралы ұсынысты лақтырып жіберді. Қабылдатпай тастады... Сөйтіп, Тимур Құлыбаев бәрімізді тағы бір мәрте ат тепкен ит құсатып, қаңқылдатып кетті.

Бұл – ешбір мемлектте жоқ сорақылық! Конституция – Тимур Құлыбаев үшін шылғау есебінде болып тұрғанына  жұрттың көзі енді әбден жетсе керек. Енді Құлыбавтан құтылмай, Парламентке күн жоқ!

***

Иә, Конституция бойынша Қазақстан Республикасы - президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет.

Соған қарамастан, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Күшті – Президент,  ықпалды – Парламент,  есеп беретін – Үкімет» формуласын ортаға қойды.

Сонымен бірге, «Парламенттік оппозиция туралы» заң жобасын қабылдап, Мәжілісте оппозициялық фракциясының қалыптасуына даңғыл жол ашып берді.

Президенттің мақсаты - жекелеген мәселелердің маңызын жоғары қоюдың алдын алу және заңдар арқылы ведомстволық, салалық, өңірлік және басқа да мемлекеттік ауқымнан тыс мүдделерді қанағаттандыру үрдісінің жолын кесу екені белгілі. Қазақстан Республикасы Президентінің жанынан Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрылуы да осы ізгі мақсатты іске асыру үшін жасалған жаңа қадам екені анық...

«Күшті Президентпен» жаңа Қазақстан құрылды. Енді «ықпалды Парламент» қалай қалыптасады?!

Парламенті күшті мемлекеттердің бәрі шетінен мықты және дамыған.

Парламентің  Конституцияда көрсетілген мәртебесін сақтай отырып, дербес, батыл жұмыс жүргізсе, Ресей АЭС пен Сбербанк туралы сенің Президентіңе ауыз аша алмас еді!

Алысқа бармай-ақ, туысқан әрі көрші Қырғыз Республикасын көз алдыңызға елестетіңізші.

Қырғызстанда үш мәрте революция болды. Үш реткі төңкеріс кезінде де Қырғыз елі мемлекеттігін жойып алудың аз-ақ алдында тұрды. Ал, Қырғыз Республикасын сол қатерден аман сақтап қалған жалғыз ғана күш болды.

Ол – Қырғыз Республикасының Жогорку Кенеши!

Соңғы реткі төңкеріс кезінде Сооронбай Жээнбеков билікті тастай қашып, Қырғызстан басқарусыз қалғанда, «Маңқа Парламент» («Чимкирик Парламент») атанған сол Жогорку Кенеш жұдырықтай жұмылып, мемлекетті заңды жолға түсіре білді.

Міне, ықпалды Парламент деген – осындай болады!

Ықпалды Парламент, керек болса, бір ғана күрескер тұлғаның ықпалымен-ақ қалыптасады екен.

Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешинің бет қаратпас күшті болып қалаптасуына бірден-бір зор үлес қосқан кісі – Өмүрбек Текебаев!

Тәуелсіздік алған отыз жылдың ішінде Қырғыз Жогорку Кеңешинің алты мәрте депутаты, бір кезек Төрағасы болған Өмүрбек Текебаев Қырғызстанның ішкі-сыртқы саясатының стратегиялық бағытын айқындап, жүрер жолын сызып қойған. Қандай Президент келсе де, енді «Текебаев жолынан» қиыс кете алмайды...

Экс-президент Алмазбек Атамбаев кезінде парламентаризмді қалыптастыру бағытымен Өмүрбек Текебаев бас болып жасаған Қырғыз Республикасының Конституциясына өзгеріс енгізем дегенде, Өмүрбек Чиркешович бірінші болып, өзі қарсы шықты.

Бүгін біз Конституция тыс жасап жатырмыз. Конституцияда көрсетілмеген жолмен мемлекетті басқарып жатырмыз. Бұл дұрыс емес! Сіздердің мандат алып келгендеріңізге бір жыл болған жоқ, мандаттарыңыз жаңа. Сіздер лидерсіздер! Мемлекеттің тағдыры Сіздердің қолдарыңда! Мемлекет Сіздерге қарап тұр. Осы жауапкершілікті біз сезе білуіміз керек! Біз біреудің малайы емеспіз! Біз – ел өкіліміз! Бізді қайсы бір кабинеттерге шақырып, ешкім нұсқау бермеуі керек! Біз тарихи шешімді өзіміз қабылдауымыз керек! Өйткені, Қырғыз елінің сіздерден басқа сенетін ешімі жоқ. Бізден жоғары жақта Құдай ғана, сол үшін бізді  «Жогорку Кенеш» дейді. Қырғыздың басқа сенетіні, басқа таянатыны жоқ! Біз мұны ашық және анық білуіміз керек! Алты фракцияның лидері бар, мемлекеттің тағдыры сіздердің қолдарыңызда. Бүгін де мемлекеттің дамуын, мемлекетті басқаруды Конституциялық бағытқа бұруға осы залда отырғандардың мүмкіндігі бар. Бізді немене деп сылтыңдаса да, немене деп келекелесе де бізден басқа қырғыздың таянары жоқ! деді, Өмүрбек Текебаев 2016 жылы Жогорку Кенештің мінбесінде қасқайып тұрып.

Қазір біздің Парламент дәл осындай күйде тұр. Жағдайы тіпті бұдан да мүшкіл халге түсіп кетті. Президент Әкімшілігі былай тұрсын, Тимур Құлыбаевтың  «Дербес, тәуелсіз қоғамдық бірлестіктері» мен «кәсіпкерлік субьекттерінің одағы болып табылатын коммерциялық емес ұйымдары» келісім бермейтін деңгейге түскен Мәжілісті – Мәжіліс деп айтудың өзі қиын.

Әрине, мен біздің депутаттарға Өмүрбек Текебаев құсап төңкеріс жаса деуден аулақпын. Құдай оның бетін ары қылсын! Қазақ Парламентінде Өмүрбек Текебаев секілді көкжал қазақтың жоқ екенін де жақсы білемін. Сондай-ақ, Мәжілістің жетінші сайланым депутаттарының Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың емес, Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Берік Имашевтың алдында ант беріп, ерге әу бастан қисық отырған ынжықтығын да бірінші болып мен жазғамын...

Бірақ, соған қарамастан, Өмүрбек Чиркешовичтің бұл тарихи сөзінің  біздің бүгінгі Парламент үшін де аса керек және маңызды болып тұрғанын айтқым келді.

Өмүке айтқандай, қанша жерден сынап-мінесек те, кекеп-мұқасақ та, қазақтың да осы Парламенттен басқа үміт күтері, аяқ артары жоқ. Президент аппаратының қолымен жасалып, халыққа апат әкелген заңдардың да бәрін қабылдаған – осы Парламент!

Президент Жолдауында айтты, «Агроөнеркәсіп кешеніне қатысты қозғалған қылмыстық істердің жартысынан астамы субсидияны талан-таражға салуға байланысты болып отыр...» деп.

Бұл да біздің Парламенттің ырқынан тыс әдейі жемқорлыққа тиімді етіп  қабылдатқан Заңдардың кесірінен болған бассыздық!

***

Қырғыз Жогорку Кенешнің басып өткен ауыр жолы – Қазақ Парламентінің ертеңгі асып өтер биік әрі тайғақ асуы боларын біз ұмытпайық.

Ендеше, сол биік те, тайғақ асудан Қазақстанды құлатпай асыратын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аңсаған, халық күткен «Ықпалды Парламентті» бізге сырттан біреу келіп орнатып бермейді, оны бүгіннен бастап өзіміз жасауымыз керек!

«Ықпалды Парламент» жасаудың екі-ақ жолы бар.

Біріншісі, халықтың күші арқылы. Бұл – өте қауіпті жол!

Егер, Президент Әкімшілігінің заң шығару ісіне көмескі жолмен араласуы шектемесе, Тимур Құлыбаев тізгінін тартпаса, түбі халық атқа мінуі мүмкін. Өйткені, ведомстволық, салалық, өңірлік және басқа да мемлекеттік ауқымнан тыс мүдделерді қанағаттандыру мақсатында Тимур Құлыбаевтың ықпалымен қабылданған қисық заңдардың кесірінен халық әбден қиналды, төзімі таусылып барады. Халық қозғалған жағдайда, Парламент тұрмақ, Ақорданың жағдайы қиындап кетуі мүмкін!

Екінші жол – сол халықтың өкілі болған депутаттар арқылы.

Фейсбуктегі парақашаға кіжініп жазған «Ит қуды, қоян қаштымен» бұл мәселе шешілмейді.  Батыл қадам керек!

Біздің мемлекеттің де тағдыры биліктің үш бұтағының бірі болған Парламенттің қолында тұр. Өзің ұсынған норманы қабылдата алмасаң, онда депутат болып, халықтың көз жасына қалып керегі не?!

Одан гөрі, мандатты тапсырып беріп, Парламенттің есігін ақырын жауып, кетіп қалған – әлдеқайда даңқ емес пе?!

Намысы бар, санасы сергек депутаттар болса, солардың оншақтысы  бірігіп, Президентке, Президент Әкімшілігінің заң шығару ісіне көмескі жолмен араласуын шектеу туралы мәлімдеме жасауы керек.

Егер, одан нәтиже шықпаса, онда ол депутаттар тобымен Мәжілістен кететінін жарияласын!

Ең тиімді және дұрыс жол – осы!

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

32 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5498