Жексенбі, 24 Қараша 2024
Ойдан-қырдан 5305 4 пікір 4 Қазан, 2021 сағат 12:54

Сағынтаев отставкаға кете ме?

Әлеуметтік желіде Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың отставкаға кеткені туралы ақпарат тарады. Бұндай ақпараттың шығуына әкімнің орнына ресми құжаттарға С.Құсайыновтың қол қойғаны себеп болған.

«ВЫХОД К ПРАВДЕ» Теlegram арнасы: «Алматылықтарда жақында жаңа әкім пайда болуы мүмкін. Сағынтаев жақында қызметінен кетуі мүмкін деген әңгімелер жиілеп кетті. Оған себепкер болған әкімнің орнына соңғы уақытта құжаттарды оның сенімді өкілі С. Құсайыновтың қол қойып келуі болып отыр», - деп жазады.

Ал Алматы қаласының әкімінің баспасөз қызметі әкімнің орнына басқа қолдың тұруын әкімнің еңбек демаласында болуымен байланыстырады.

Әкімнің баспасөз хатшысы Әсет Мұқажанов бұл ақпаратты жоққа шығарып: «Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қысқа мерзімді демалыста»  - деп қысқа қайырған.

Алайда Мұқажанов әкімнің қай уақыттан бері еңбек демалысына кеткенін, қызметіне қашан оралатынын нақтыламаған.

Алматыдағы алғашқы жұмыс күндерін «көше аралаудан» бастаған Бақытжан Әбдірұлының доғарысқа кетуі жайлы алғаш рет айтылып отырған жоқ. 2019 жылы Сағынтаевтың өзі сөйлеп, қарамағындағы мемлекеттік қызметкерлердің бірі жемқорлыққа шатылып, онысы дәлелденсе, өз еркімен отставкаға кететінін мәлімдеген еді.

«Құдай сақтасын, егер менің қарамағымдағылардың бірі жемқорлық ісі бойынша сотқа тартылып, сот айыптау үкімін шығаратын болса, заңға сәйкес, мен отставкаға өтініш жазуға міндеттімін», - деген. Деген де, «Менің отставкаға кету туралы өтінішімді қабылдау я қабылдамауды президент Қасым-Жомарт Тоқаев шешітін болады», - дегенді қосып айтқан.

Сағынтаев бір жылда 4 қызмет ауыстырған әкім

Бақытжан Сағынтаев Жамбыл облысының тумасы. 13 қазанда 58-ге толады. Әрідегісін айтпағанда, соңғы 5 жылдың ішінде біраp «кресло» ауыстырған.

2016 жылдың қыркүйегінде ҚР Премьер-министрінің міндетін атқарушы, кейін Премьер-министр болды. Премьерлікпен қатар, «Самрұқ-Қазынада» директорлар кеңесін басқарды.

2019 жылы сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтан сөгіс естіп, Үкімет толық құрамда отставкаға кеткен. Назарбаев: «Өсу жоқ. Әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты ұстап тұру – бүгінгі уақыт үшін жеткіліксіз», - деген экс-президент. Бұл 2019 жылдың ақпаны аяқталар уақыт еді.

Наурыздың 1-і күні Бақытжан Әбдірұлы Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы болып тағайындалды. Бұл қызметте тұп-туралы 23 күн істеп, 24 наурызда Президент Әкімшілігін басқаруға ауысты. Содан араға 3 ай салып, Алматыға әкім болып келді (28 маусым 2019 жыл).

Сағынтаевтың «Премьерлігі» туралы екі ауыз сөз, тақырыпқа тұздық ретінде. Ол Үкіметтің тізгінін 2016 жылдың қыркүйегінде ұстады. Тәуелсіздік алған жылдардан бергі 10-шы адам еді, Үкіметті басқарған. Оның алдында премьер креслосында Мәсімов дейтін мұртты ағай отырған.

Бақытжан Әбдірұлы Үкіметке келгенде көп қазақтың іші жылып, Үкіметтен үзілейін деген үміті қайта тұтанғандай болған. Президенттің қатал сынынан кейін бір-ақ күнде қызметінен кетті. Жұрт Сағынтаев Үкіметін – «көп балалы аналар кетірген Үкімет» деп бағалады.

Енді мына қызықты қараңыз: Жұрт алдында екі-үш жылдық жұмысын түкке алғысыз етіп сынаған экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев кейін сол Сағынтаевты «іскер, адал жігіт» деп мақтаған. Сағынтаев та қарап отырмай, Елбасына алғыс айтып, «мемлекеттің негізін қалаған көреген көсем, бүкіл ұлттың әкесіне» теңеген.

Сөйткен, Бақытжан Сағынтаевтың «отставкаға кететіні» жайлы кезекті сөз тарапты. Ал әкімдік: «Сағынтаев еңбек демалысында», - деп қысқа қайырған екен. Хош. Солай болсын. Алда-жалда желідегі сөз жан алып, Бақытжан Әбдірұлы отставкаға кетіп жатса, Алматы әкімдігін келесі болып кім басқаруы мүмкін? Талқылайық...

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3258
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5562