Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 5276 0 пікір 27 Маусым, 2012 сағат 11:38

Ұлықпан Қаманұлы. Ақылына көркі сай Дариға қыздың көрісі

Қазақ халқының бітім-болмысы, мінез-құлқы, тұрмыс салты  ел арасында сақталған ауыз әдебиетінде көбірек көрініс тауып жатады. Әсіресе, айтыс, қоштасу, сыңсу секілді ауыз әдебиеті жанрларынан түрлі кезеңде ғұмыр кешкен халқымыздың салт-санасын ғана емес, белгілі бір айтулы оқиғалар жайында хабар беретін дерек көздерін де кездестіруге болады. Қазақтың ұлан-ғайыр жерінің бірсыпыра бөлігі бүгінгі күні көрші елдер еншісінде. Көңілге медеу болатыны, онда күні бүгінге дейін қандас бауырларымыздың мекен етіп салт-дәстүрі мен әдеби құнды мұраларын қаймағын бұзбай сақтап келе жатқандығы. Солардың бір ірі шоғары ретінде Алтай тауының күнгейі мен теріскейін мекендеп келе жатқан Шығыс Түркістан мен Қобда беті (Монғолия қазақтары) екендігі әмбеге аян.

Аталмыш мекендегі қандастарымыз арасында құдаласу, бір-бірімен етене араласу ежелден қалыптасқан үрдіс болған. Бірі Шыңжаң өлкесіне, екіншісі Монғол еліне қаратылып, арасын шекара бөліп тастаса да олардың туыстық қарым-қатынасы, араласып-құраласуы толастаған емес. Тіпті, Мао-Зе-Дун тұсында шекара тарс жабылса да Бейжің арқылы арып-ашып туыс-бауырларын іздеп, айтшылайтындардың қатары сиресе де үзілмеген. Ал, одан бұрынғы яғни, үш аймақ билік құрған немесе одан да ілгері ХХ ғасырдың бастапқы он-жиырмасыншы жылдары тұсында ел билеген айтулы тұлғалардың өмірі жайында ертеректе аңыз ғып айтылар әңгіме көп еді.

Қазақ халқының бітім-болмысы, мінез-құлқы, тұрмыс салты  ел арасында сақталған ауыз әдебиетінде көбірек көрініс тауып жатады. Әсіресе, айтыс, қоштасу, сыңсу секілді ауыз әдебиеті жанрларынан түрлі кезеңде ғұмыр кешкен халқымыздың салт-санасын ғана емес, белгілі бір айтулы оқиғалар жайында хабар беретін дерек көздерін де кездестіруге болады. Қазақтың ұлан-ғайыр жерінің бірсыпыра бөлігі бүгінгі күні көрші елдер еншісінде. Көңілге медеу болатыны, онда күні бүгінге дейін қандас бауырларымыздың мекен етіп салт-дәстүрі мен әдеби құнды мұраларын қаймағын бұзбай сақтап келе жатқандығы. Солардың бір ірі шоғары ретінде Алтай тауының күнгейі мен теріскейін мекендеп келе жатқан Шығыс Түркістан мен Қобда беті (Монғолия қазақтары) екендігі әмбеге аян.

Аталмыш мекендегі қандастарымыз арасында құдаласу, бір-бірімен етене араласу ежелден қалыптасқан үрдіс болған. Бірі Шыңжаң өлкесіне, екіншісі Монғол еліне қаратылып, арасын шекара бөліп тастаса да олардың туыстық қарым-қатынасы, араласып-құраласуы толастаған емес. Тіпті, Мао-Зе-Дун тұсында шекара тарс жабылса да Бейжің арқылы арып-ашып туыс-бауырларын іздеп, айтшылайтындардың қатары сиресе де үзілмеген. Ал, одан бұрынғы яғни, үш аймақ билік құрған немесе одан да ілгері ХХ ғасырдың бастапқы он-жиырмасыншы жылдары тұсында ел билеген айтулы тұлғалардың өмірі жайында ертеректе аңыз ғып айтылар әңгіме көп еді.

Қазіргі таңда ондай тарихи оқиғалардың куәгерлері өмірден озып, санқилы қызықты әңгімелерді бала кезде құлағы шалған біздің өзіміз ақсақалдық жасқа жеттік. Енді, кейбір білетін жайларымызды жазып қалдыра жүрмесек кейін ұмытылуы, іздесек таппайтын жауһарға айналары хақ. Осы ниетпен әдебиеттанушы ғалымдар мен зерттеушілерге, көзіқарақты оқырман қауымға арнап, Шығыс Түркістан мен Қобда беті қазақтары арасында аты аңызға айналған  Қара Оспанқызы Дариғаның ұзатылған кезінде анасымен және ағасымен көрісіп, қоштасқан жырын ұсынуды жөн көрдім.

Бұл жырды өз анам Шұңқырбайқызы Болатханның айтуы бойынша және Абақ Керей руы Жаңқара-Жәдіктің жыршы-айтыскері Әукеұлы Сырдықан өзінің ұлы Тукайға жаздырған нұсқасы бойынша құрастырып отырмын.

Бұл оқиға бұдан шамамен 110-120 жыл бұрын болған. Байқара-Жәдіктен шыққан атағы алты Алашқа белгілі Қара Оспанның қызы Дариғаны Шерушіден шыққан атақты үкірдай Сүкірбайдың ауылына айттырады. Қара Оспан қара қылды қақ жарған әділ би Бейсембінің ұлы. Кейінде Қара Оспанның өзі де әке орнын басып, би болған. Ал, Сүкірбай - Алтайдың күңгей бетінің қазақтарын Қобда бетіне алғаш бастап келіп қоныстандырған атақты бай және қытайға да, қазаққа да, монғолға да беделді би Жылқышының ұлы. Екеуі де «сен арыстан болсаң, мен - данышпан, сен бас жесең, мен жамбастан қалыспан» десіп, адам-пендеге дес беріспей дүркіреп тұрған шағы болса керек.

Ол кезде Оспан ауылы Алтайдың арғы бөктеріндегі Қанас көлінің арнасында қоныстанған, ал жаз жайлауы - Алтайдың үстіртіндегі Емегейтінің салқын сары жоны. Қанастан он шақты күн көшіп жайлауына жетеді екен. Бейсембі бидің (Бежеңнің) ажарлы да ақылды, ағайын мен жегжаттың бәріне де жағымды бәйбішесі - Әйми. Әймиді ел Әйапаң деп қошеметтейді екен.

Жәдіктің Байқара руынан шыққан әділ би Бейсембінің кенже ұлы Қара Оспан да қажыр-қайратымен, ақыл-парасатымен, шешенділігімен және төрелікте адал да турашылдығымен елге танылған Керейдің кемеңгерінің бірі еді.

Осындай асылдардың сынығы, Оспанның ақылды да қайратты, от ауызды, орақ тілді шешен қызы Дариғаға қалың малын беріп, құдаласып қайтқаннан кейін Қара Оспан мен Сүкірбайдың арасына жік түсіп, наразылық туады.

Наразылықтың себебі, менің естуімше: Сүкірбайдың сәнге жетектеп жүретін «мысық қара» деген сымбатты қара аты болған. Сол қара атты Оспан қалап, тарту-таралғысын беріп сұраттырғанда Сүкірбай бермеген. Осыған өкпелеп, іштей кек сақтаған Қара Оспан қалың мал жеткізе барған құдалардың атқосшы баласына бір көзі соқыр атты киітке ұстап мінгізген. Әрине, бала атты менсінбей, көңілі толмайды (Сүкірбайдың да бір көзі соқыр болғанын еске алсақ, Қара Оспан балаға соқыр атты киітке ұстап мінгізгені кездейсоқ емес екені белгілі).

Қалың мал жеткізіп берісіп келген адамдардан Сүкірбай: «Барған адамдардың киітке көңілі толды ма?» деп сұрағанда барып келген адамдар: «соқыр атқа атқосшы баланың көңілі толмады» дегенді айтады. Бұл сөз елге жайылып кетеді. Осылайша «киітке құдалардың көңілі орта болыпты» дегенді естіген Қара Оспан: «Шерушілер соқыр малданбаса Сүкірбайды неге малданып отыр» деген екен. Осы сөзден от шығып, Сүкірбай құдаласқан ауылымен атысып-шабысуға бел байлайды. Бірақ шерушінің игі жақсылары бірігіп: келінді (Дариғаны) алғаннан соң жәдіктерден (Қара Оспан әулетінен) кек қайтарайық» деп Сүкірбайды тоқтатады.

Құдалар жағы Дариғаны ұзатып алып қайтуға барғанда қызын құдаларға шығарып салып, отауын тігіп, жасауын беріп қайтуға Дариғаның әжесі (ел-жұрт Әйапа деп атайтын, Бейсембінің бәйбішесі) және Баттал деген ағасы екеуі бірге жүреді. Жасау артқан 35 түйелі керуенді Әйапаң жетектеп, жолда бірнеше қонып, Қобданың Жыланды деген жеріне келгенде алдарынан қару-жарақ асынып, жол тосқан көп жасауыл шығып керуенді тоқтатады. Бұл Сүкірбайдың жол тостырған жасағы еді. Жасауыл топты Сүкірбайдың інісі Байымбай бастапты.

Жасауыл топ керуенді тоқтатып Сүкірбай үкірдайдың: «Дариға келіннің жасауы мен өзін ғана алып келіңдер, келіннің төркіні тарапынан ешбір құда-құдағи келмесін, бірге келе жатқан құда-құдағилар кері қайтсын» деген жарлығын хабарлайды. Құдалар жағы осыншама суық мінез көрсеткеніне қатты налып, өкпелеген Дариғаның Әйапасы мен Баттал ағасы жол ортадан ауылына қайтарға айналғанда, Дариға Әйапасын құшақтап ұзақ көріседі.

Бұл көрістің өзінен Керейдің ару қыздарының ойы қаншалықты терең, өрелі екенін, кезегі келсе өлең-жырды ойланбай-ақ ағытып ала жөнелетін шешен де ұтқыр болғанын кейінгі ұрпақ біліп, тағылым ала жүрсін деген оймен толық нұсқасын төменде ұсындым:

Дариғаның көріс-жыры

Өміртай Оспан, Сүкірбай

Екеуің болдың екі ұдай.

Алдымнан шерік1 тартқызған

Көзіңді ашпа Сүкірбай.

Жасауыл жарақ сайлаттың

Сауыт пен семсер байлаттың

Ел жұртыңа дақ болар

Қатынға қылған қайратың.

Көктемес шалғын қамыссыз

Айтылмас көріс дауыссыз.

Жалғыз тайға2 ар сатқан

Сүкірбай неткен намыссыз.

Шапан бір кидім жағалап,

Жорғаны міндім тағалап.

Бір тай үшін берген-ді

Он бес жорға бағалап.

Ат жарайды кермеден

Ер жақсысы елменен.

Ел билеген адамнан

Есірік мұндай көрмеген.

Айтқаныңды апа, бұрмайын

Әдепсіздік қылмайын

Астамдық, қорлық көргенде

Аянып та қалмайын.

Сүкірбай кәрі қақпасым

Бір құдай сенен сақтасын

Сыйламадың бір жолға

Әйапамның ақ шашын.

Жайлаудағы жапырақ

Қыстаудағы қысырақ

Бұл дүниеден оңбай кет

Көзіңе кірсін топырақ.

Шапан бір кидім айшықты

Былтырғы құлын тай шықты

Жыландыға келгенде

Сүкірбай деген жау шықты.

Шатыр бір тіктім қазықтай

Әйапам берген азықты-ай

Алдыңнан шерік тосатын

Болдыңыз неге жазықты-ай.

Отыз бес түйе артқаным

Жібектен арқан тартқаным

«Айрылман» дейтін Әйапам

Жол ортадан қайтқаның.

Тайпалта міндім сұр жорға

Мінбейді, болса, кім жорға

Жөн білмеске кез болған

Амалым бар ма, қу сорға.

 

Қобданың бойы керуен

Алтайда құрдым серуен

Ат айланбас Керейден

Қандай жерге келіп ем.

Келген де жерім Қобда еді

Жетегім он бес жорға еді.

Осынша қорлық көретін

Әйапам неткен сорлы еді.

Емегейті жайлауым

Жағалай бие байлауын

Алдымнан шерік тартқызып

Артымнан дауын сайлауын.

Жыланды деген жер екен

Шеруші деген ел екен

Дөрекілік іс істеп,

Керейге несін дер екен.

Желбіреп ноқа желегім

Көшкен елдей келемін.

Адамсынған өр кеуде

Осы ма бар өнерің.

Есіктің алды сайырды-ай

Сайырдан жылқы қайырды-ай

Айрылман дейтін Әйапам

Жыландыдан айырды-ай.

 

Есіктің алды қайыңды-ай

Бір қайнағам Байымбай

Жол ортадан қайырып,

Әйапам саған не қылды-ай.

Беруші ең әке батаңды

Кешіре көр қатемді

Қайтарды жолдан, амал жоқ

Шаршап бір келген апамды.

Әкемнің аты Оспан-дай

Бәйгеге жүйрік қосқандай.

Не жазығым бар еді

Алдымнан шерік тосқандай.

Жүк арттым түйе кілемдеп

Өседі жылқы күреңдеп

Ойлап па едің Әйапам

Басымшылдық көрем деп.

Қанастай шалқар көлім-ай

Жағалай қонған елім-ай

Көрмеген қорлық көрсетті-ау

Сүкірбайдың шерігі-ай.

Үш Торғайтты жерім-ай

Бес Байтеке елім-ай.

Ел мен жерді ойласам,

Айланып түсер белім-ай.

 

Аюты,Үштас жайлаған

Жасаңға бие байлаған

Қыз-келіншек жиылып

Әткеншек теуіп ойнаған.

Жерден жеміс теріп жеп,

Қызығына тоймаған

Баянсыз екен сұм жалған

Бір күнгідей болмаған.

Буыршынның3 даласы-ай

Сарсүмбенің қаласы-ай

Сымға бір тартқан күмістей

Әттең бір шұңқыр ағашы-ай.

Буыршын деген тоғайым

Әлімбек деген ноғайым

Әлімбектен айырылып,

Шықпаған жанның оңайын.

Жанқалтам толған өрігім

Әлімбек менің серігім

Әлімбектен айырылып,

Шыбындай жанның берігін.

Кішкене ұршық - қорғасын

Әлімбек менің жолдасым

Апамды жолдан қайтарған

Сүкірбай соқыр оңбасын.

 

Қара бір жорға мінгенім

Қазине торғын кигенім

Басыма өсек байланып5

От жалын болып күйгенім.

Ағамның аты Баттал-дай

Толықсып топқа аттанды-ай

Асудан қарсы шыққаны-ай

Аталы жауын тапқандай.

Есіктің алды балдырған

Базардан сайман алдырған

Жалғыз да ағам Батталым

Тобасын6 дұшпан қондырған.

Есіктің алдын жумас па ем

Торғынмен белімді бумас па ем

Анадан ұл боп мен тусам,

Осы елден жылқы қумас па ем.

Аюты, Үштас жайласын

Жағалай бие байласын

Намысы болса біздің ел

Осы елден жылқы айдасын.

деп, Әйапасымен ұзақ көрісіп айрылмағанда, қайын ағасы Байымбай: «болды енді» деп келінді қамшымен осып кетеді. Сонда:

«Қайнағам аты Байымбай

Төскейге шыққан қайыңдай

Бұл содырға не қылдым,

Осып кетті-ау тайынбай».

деп, ары қарай Әйапасының жолына есен-саулық тілеп қоштасады:

Әйапам едің аяулы-ай

Асықпай жүрген баяулар

Қадірді білмес қаталдан

Көңілің кетті-ау қаяулы-ай.

Әйапам енді аман бол

Амандық берсін ұзақ жол

Аты бар әкем, алашқа

Дойырға мұндай, болмас қор.

Көремін қанша кеселді

Жібермеспін, есемді

Айырылар жерім болса, осы

Аман бол, апам, хош енді.

Дариға осылайша Әйапасымен қоштасып бітіп, енді ағасы Батталмен қоштасып көрісе бастайды.

 

Қара Оспанқызы Дариғаның ағасы Батталмен қоштасқан көрісі

Айналайын аға-екем

Бауырға аға бақ екен

Мына бір көрген қорлықтан

Өзіңе аға зар етем.

Әйапам еді аяулым

Шықпайды шаңы жаяудың

Ұмытылар ма күні болар ма

Жүрекке түскен қаяудың

 

Мұңымды айтам ағаға

Ат сүйенер тағаға

Алдымнан шерік ойрандап

Келгендей болдым далаға

Қайтарсың аға, қасымнан

Көрмеген ісім жасымнан

Қайырды, келіп, көп шерік

Бердеңке мылтық асынған.

Осындай жосын7 көріппе ең

Сұмпайы жерге келіппе ем

Кемпір-кешек, балаға

Сайланып шықты-ау шерікпен

Топты шерік, ат қойды

Құйылып беттен лап қойды

Келеатқан көшке күш қылып

Көңілге қаяу сап қойды.

Әйапам мінген сұр жорға

Аттанған екен сұм жолға

Шерігі зорлап қайтарды

Амалым бар ма, қу сорға

Асылдың еді, сынығы

Ардақты жанның ұрығы.

Билігі құрысын Сүкірбай

Не деген жаман, қылығы.

 

Айдадым жылқы адырдан

Аға-екем едің, қадірден

Жасып бір қайттың, қайтейін

Сөгілді-ау, енді қабырғам.

Шағайын аға, мұңымды

Демеңіз қалай, мұнымды

Әжуалап қайтарған

Сүкірбай неткен «жырынды».

Есіктің алды жар ма еді

Айланар жерім тар ма еді

Шай-суына, осының

Әйапам менің зар ма еді.

Сағынам аға көргенше

Артымнан іздеп келгенше

Көңілден қайтіп кетеді

Осындай қорлық өлгенше

Құндызды бөрік басымда

Толықсып келген жасымда

Апам мен ағам, қайтейін

Болмадың бір күн, қасымда

Жыланды деген жер екен

Жағалап қонған ел екен

Бір тайға сонша долданып,

Әкеме несін дер екен.

 

Ұшырдым қыран сонарда

Айналып қолға қонар ма

Осы көрген қорлығым

Тіріде ұмыт болар ма

Әуеден ұшқан бұлдырық

Қоғадан шығар уылдырық

Зорлықпен жолдан қайтарды-ау

Ағамның сағын сындырып.

Шапан бір кидім түймелеп

Пәуеске8 шектім күймелеп

Апам мен аға алдыңнан

Шерігі шықты-ау үймелеп.

Ат байладым кермелеп

Домбыра шерттім термелеп

Осындайға кез болдық

Жыланды деген жерге кеп.

Ашпаңыз енді есігін

Тигізіп алма кесірін

Алдына барып бас ұрма

Ардақты туған есілім.

Әуеден ұшар кезқұйрық

Кезекті жерде сөз жүйрік

Егілмей аға, атқа мін,

Осылай болды бір бұйрық, -

деп ағасы мен апасын аттандырып, жасау артқан көшін өзі жетектеп, Сүкірбай ауылына қарай жол тартқан екен.

 

Кейбір сөз-атауларға түсіндірмелер:

1 - шерік - монғолша «церег», қазақшасы «әскер» деген сөз.

2 - жалғыз тайға - жалғыз ат үшін дауласқанын айтады.

3 - Буыршын - монғолша «Буурчин» деген жер аты.

4 - Әлімбек деген ноғай жігіт Қара Оспан ауылында бала оқытатын молла екен. Қара Оспанмен араздасқан кезде Сүкірбайлар жағы егесіп, Қара Оспанның беделін түсіру үшін, Дариғаны жамандау үшін, Дариға Әлімбекпен көңілдес екен деп өсек таратқан. Осыны естіген Дариға Қайын жұртының өсегін бетіне басып, намысына тию үшін әдейі Әлімбек менің «серігім, жолдасым» деп айтады.

5 - «Әлімбекке байланыстырып өсектедіңіздер» дегені.

6 - тобасын - «тәубесін» деген сөз.

7 - жосын - монғолша «ёсон», қазақша «жөн-жосық» деген сөз.

8 - пәуеске - орысша «повозка» деген сөз: адам тасымалдайтын әсемдеген атарба.

Ұлықпан ҚАМАНҰЛЫ,

С. Торайғыров атындағы

ПМУ профессоры, ғылым докторы (ScD)

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5351