Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 3894 0 пікір 29 Маусым, 2012 сағат 11:04

Болат Абаған. «Кереметтердің» көлеңкесіндегі келеңсіздіктер

Бұл мақала республикалық «Жас қазақ» газетінің 2008 жылдың 8 тамызындағы санында жарияланған еді. Сол кезде-ақ, Шығыс Қазақстан мен Алматы облысындағы шекаралық аудандардың жағдайы мен шекара маңының қаңырап бос қалуы, ел қауіпсіздігіне қауіп төндіретіндігін айтып, дабыл қаққан мақала кезінде біраз пікірге өзек болғаны да рас.  Дегенмен, уақыт атты төреші биылғы жылы бір айдың ішінде мемлекеттік шекарада тіркелген бірнеше төтенше оқиға  арқылы сол 2008 жылы айтылған ойлар мен тұжырымдардың ақиқат екенін айғақтады. Сол оқиғалардың екеуі осы мақалада сөз болған  Алакөл мен Тарбағатай аудандарында тіркелді. Ал осыдан төрт жыл бұрын қағылған дабылға жауап болды десек, қатты қателесеміз. Бір кездері жеке аудандар болған Үйгентас пен Тарбағатайдың, Нарынқол мен Қапалдың, Мақаншы мен Катонқарағайдың, Марқакөлдің  жағдайы жақсарды деуге ауыз бармайды. Жайлаулар құлазып, шекараның аты ғана бар десек ешкім сөге қоймас. Оған төменде назарларыңызға ұсынылып отырған, осыдан төрт жыл бұрын «Жас қазақта» жарық көрген мақала дәлел бола алады. Дәл сол кезде осы газетті көп адам оқи алмағаны анық. Сондықтан таныса отырып, сол баяғы жартастың әлі сол қалпында екенін көз жеткізсе, мемлекеттік шекараны нығайтуға, шекаралық ауылдарды дамытуға қатысты ойлары мен ұсыныстарын ортаға салса  деген тілек бар.

Автор

 

Үнсіз шөккен Үйгентас

Бұл мақала республикалық «Жас қазақ» газетінің 2008 жылдың 8 тамызындағы санында жарияланған еді. Сол кезде-ақ, Шығыс Қазақстан мен Алматы облысындағы шекаралық аудандардың жағдайы мен шекара маңының қаңырап бос қалуы, ел қауіпсіздігіне қауіп төндіретіндігін айтып, дабыл қаққан мақала кезінде біраз пікірге өзек болғаны да рас.  Дегенмен, уақыт атты төреші биылғы жылы бір айдың ішінде мемлекеттік шекарада тіркелген бірнеше төтенше оқиға  арқылы сол 2008 жылы айтылған ойлар мен тұжырымдардың ақиқат екенін айғақтады. Сол оқиғалардың екеуі осы мақалада сөз болған  Алакөл мен Тарбағатай аудандарында тіркелді. Ал осыдан төрт жыл бұрын қағылған дабылға жауап болды десек, қатты қателесеміз. Бір кездері жеке аудандар болған Үйгентас пен Тарбағатайдың, Нарынқол мен Қапалдың, Мақаншы мен Катонқарағайдың, Марқакөлдің  жағдайы жақсарды деуге ауыз бармайды. Жайлаулар құлазып, шекараның аты ғана бар десек ешкім сөге қоймас. Оған төменде назарларыңызға ұсынылып отырған, осыдан төрт жыл бұрын «Жас қазақта» жарық көрген мақала дәлел бола алады. Дәл сол кезде осы газетті көп адам оқи алмағаны анық. Сондықтан таныса отырып, сол баяғы жартастың әлі сол қалпында екенін көз жеткізсе, мемлекеттік шекараны нығайтуға, шекаралық ауылдарды дамытуға қатысты ойлары мен ұсыныстарын ортаға салса  деген тілек бар.

Автор

 

Үнсіз шөккен Үйгентас

Жетісудың шекаралық ауылдары қаңырап бос жатыр

Алматы облысының көрші алып ел - Қытай Халық Республикасымен шекаралас жатқан үш ауданы 1997 жылғы орашолақ оңтайландыру саясатының кесірінен жабылып қалған болатын.

«Кереметтердің» көлеңкесіндегі келеңсіздіктер

Содан бері де он бір жыл артта қалыпты. Біреуге аз, біреуге көп көрінен осы уақыт аралығында аталған аудандардағы тұрғындар саны күрт азайып, шекара сызығы бойына орналасқан елді мекендердің кейбірі мүлде қаңырап бос қалса, тағы бірінің түтіні өшуге таяу. Қазіргі кезде Райымбек ауданының «құрамына кірген» Нарынқол мен Алакөл ауданының «құшағына енген» Үйгентастың, Ақсу ауданының қатардағы бір ауылына айналып қалған Қапалдың тұрғыны болып есептелетін елдің қарасы саусақпен санарлық. Елі кетіп, еңсесі түскен Үйгентас, Қапал, Нарынқол ала бағанға жақын орналасқан бір кездегі аудан орталықтары еді. Мемлекеттік қауіпсіздік тұрғысынан алғанда, маңызы ерекше сол ауылдарда бүгінде қаусап қартайған зейнеткерлер ғана тұрады десек артық айтқандық бола қоймас. Олардың да көбі қалалар мен аудан орталықтарын қоныстанған балаларына бүгін-ертең ауа көшетін күнді күтіп, жиналып отыр. Өйткені, шекара сызығын бойлай қоныстанған елді мекендердің  тұрғындары үшін өз еліміздегі әкімшілік орталықтардан гөрі ала бағанның арғы жағында бос жер қалдырмай жайлап алуға кіріскен Қытай елі тым жақын. Бұрынғыдай жаппай жайлауға шығатындар саны азайған, оған күй де, көңіл де жоқ. Соның кесірінен бейтарап аймаққа да көршілердің көз алартып отырғанын жасырып қалуға болмайды.

Дүние есігін жаңа ашқан балаға, өмірден өткен үлкен кісіге немесе жас шаңырақ құрғандарға қажетті алақандай ғана анықтама алу үшін жүздеген шақырымды артты қалдырып, жыл сайын жөнделіп жатыр дегенімен жағдайы бір оңалмаған тас жолды кешіп, арлы-берлу сандалу жұрттың жүйкесін әбден жұқартып біткен. Мектептердің біразы жабылып, қалғандары қалт-құлт етіп, есіктеріне қара құлып түсер күнді алаңдай күтіп отыр. Өйткені, бала саны аз. Тоқсаныншы жылдардың басынан бергі демографиялық құлдырау, елдің «қара қазан сары баланың» қамы емес, қарақан басын күйттеген жылдары өзінің кері әсерін көзге бақырайтып тұрып көрсетуде. Ал тағы біраз жұрт бала-шағасының ертеңін ойлап, шекаралы ауылдардың тасада қалған тоқыраулы тірлігінен түңіліп, көшіп жатыр, көшіп жатыр...

Жақында біз Жетісудың жер ұйығы атанған орман-таулы, өзен-көлді алқаптарымен талайларды тамсандырған, заманында уезд орталығы атанған Лепсинск (бүгінгі - Ойжайлау) ауылы орналасқан, патшалы Ресей кезінде Романовтар әулетіне балы майдай жаққан Үйгентас аймағының ауылдарын аралап, жергілікті жұрттың бетке ұстар азаматтарымен жолығып қайттық. Сонда барып, Алакөл ауданы басшысының облыстағы есеп берулер барысында айтатын «аудандағы керемет экономикалық даму мен ауыл тұрғындарының тамаша әлеуметтік жағдайының» көбі шындыққа жанаспайтынына көзіміз жетті.

Расын айту керек, тұтас аудан бойынша алғанда, азды-көпті жетістіктер бар. Оны жоққа шығаруға болмайды. Алакөл ауданының өзінде теміржол арқылы Қытаймен арақатынас жақсарып, балық шаруашылығы да дамыған. Соның есебінен барлығы жақсы дегенмен, Алакөл ауданының құрамына осыдан он бір жыл бұрын қосылған Үйгентас өңірі тасада қалып, үнсіз шөге бастағандай.

«Жол азабы - көр азабы» деген, бір кезде аудан орталығы болған Қабанбай ауылынан 20-30 шақырымда жатқан ауылдарға әупірімдеп жеңіл көлікпен баруға болғанымен, одан алысқа тек орыстың «УАЗ»-ымен ғана жете аласың. Кеңес заманында төселген асфальт жолдардың аты ғана қалған, қара жолдағы қазан шұңқырларға түнде түсіп кетсең, көлігіңді ғана емес, өзіңді де жазым етерің сөзсіз. Бізді үйгентастықтар атынан сөз алып, олардың арыз-арманын жоғарыға жеткізуге жол таппай жүрген азаматтар қарсы алды. Араларында жергілікті ұлттың қаймағын айтпағанда, орыс пен украин, неміс пен татар және тағы басқа да халықтардың өкілдері бар. Сондай-ақ бұрынғы ауданның хатшысы, шаруашылық директорлары, мәдениет саласының жетекшілері,  ұстаздар көшбасшысы, БАҚ басшылары да осы жерден табылды. Барлығының ойлары мен армандары ортақ. Ол - күн өткен сайын күйі кетіп, бос қалуға айналған шекаралық ауылдар шоғырланған Үйгентас өңіріне осыдан он бір жыл бұрын айырылып қалған аудан деген әкімшілік басқару мәртебесін алып беру. Сонда ғана қазіргі кезде қаңырап бос қалғандықтан сырт көзге сүйелдей болып көрініп тұрған шекаралық жерлерге тірлік оралып, ауылдарға қайта жан бітеді. Тұрғындардың мәлімдеуінше, кетеуі кеткен тіршіліктің күйі осылай жалғаса берсе, енді бірер жылда елдің шеті мүлде жалаңаштанып қалмақ. Сол баяғы Кеңес заманынан қалған, жаңалық атаулы айналып өтетін шекаралық күзет заставаларындағы шекарашылар да жақын маңдағы ауылдарға арқа сүйеп отырғаны анық. Егер халық қопарыла көшсе, олардың да арттарына қарап алаңдарлары белгілі. Қырағылықтарына селкеу түсері де дәлелдеуді қажет етпейді. Соңында қара ормандай қалаң ел тұрмағасын, арқатұтар айбарыңның жүзі де мұқалмақ. Біз барлығын өзіміз баяндай бермей үйгентастықтарға да сөз берелік.

Ойжайлау, осындай ма еді бұрын халің?

Болат Қошқаров, бұрынғы Үйгентас ауданы басшыларының бірі, бүгінге кәсіпкер:

- ҚР Президентінің 2006 жылғы 26 тамыздағы № 167 «Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі аймақтық дамуының стратегиясы» атты Жарлығымен мұқият танысып, онда айтылған басымдық бағыттардың қатарынан: «Шекаралық аймақтардағы ірі елді мекендердің әкімшілік маңызын арттыру мен абаттандыру» деген сөзді тауып, қуанып қалғанымызды жасырмаймыз. Бұдан соң іле-шала - сол жылдың 29 қыркүйегінде ҚР Үкіметінің осы бағыттағы қаулысы шығып, «шекаралық аймақтың өркендер күні жақындап қалды-ау, ауданымыз қайта ашылып, шалғай елді мекендеріміздің шырағы қайта жарқырайтын болды-ау» деп тәубемізді айтқан едік. Міне, одан бері де екі жылға жуық уақыт өтті. Әзірге Жарлық пен Қаулыда айтылғандардың жылы лебі сезілер емес. Ал шекаралық ауылдар қаңырап, аймақтар иен қалуға жақын. Сөзіміз дәлелді болу үшін төмендегі статистикалық деректерді келтіре кеткенді жөн көріп отырмыз.

Біздің аймақ 1992 жылға дейін Андреев ауданы болып аталып келді. 1991 жылдың 17-18 тамызында ұлтына ұран болған қазақтың хас батыры Қаракерей Қабанбай батырдың Алты алаштың игі-жақсылары бас қосқан 300 жылдық мерейтойы өте салысымен ертеңінде КСРО тарқап, қазақтың өз алдына ел болуына үлкен мүмкіндік ашылды. Ол тойда 2,5 мың киіз үй тігіліп, 70 мыңнан астамадам жиналғаны қазіргі кезде де көз алдымызда. Келер жылы ауданымыз өзінің Үйгентас атты тарихи атауына қайта ие болды. Бұлардың барлығын батыр бабамыздың киесі десіп, сол кезде бір жасап қалған едік ...

Үйгентас атауы туралы айтылар тарих та тым тереңде жатыр. Ол жайындағы аңыздардың бірінде Шыңғыс хан әлемді жаулауға аттанып бара жатып, әскерінің санын байқау үш әр сарбазға бір-бір тастан тастатып, тастан төбе орнатып кетіпті де, қайтарында аман қалғандардан сол төбедегі өз тастарын алғызып тастапты. Сонда тастан үйілген төбенің аласармағанын көрген қаған мыңдаған сарбазының жат жерден қайтпай қалғанын біліп, қатты қайғырыпты деседі. Сол Үйгентас бүгінде де алыстан көрінеді.

Бірақ қазіргі кезде аймақта тоқсаныншы жылдардағы 47 мың халықтан 27 мың ғана адам тұрып жатыр. Сол халықтың арасында қазақтармен бірге басқа да ұлттардың өкілдері де тату-тәтті өмір сүрген еді. Аудан мәртебесінен айрылғаннан соң-ақ ірге көтерген олардың көбі тарихи отандарына тартып отырды. Германиядан, Украинадан, Ресейден және тағы басқа елдерден хабар алып тұрамыз бүгінде. Ал әліптің артын бағып, заман жақсарар, биліктің шекаралық аудандарға да назары түсіп, мейрамы оянар деп жылдар бойы сарғая күткен жергілікті жұрт соңғы кездері жақсылықтан күдер үзіп, түп қопарыла көшуге кірісті. Өйткені, мәдениет, денсаулық сақтау ошақтарын айтпағанда, балалар білім алып отырған мектептердің өздеріне қатер төне бастады. Мәселен, Жоңғар қақпасының шығысына орналасқан Үшбұлақ ауылындағы орта мектепте заманында 600 оқушы оқыса, бүгінге оқушылардың саны 200-ге әрең жетеді. Мәдениет үйі, кітапхана, спорт алаңы сынды көпшілікке арналған мәдени орындардың жұмысы мүлде құрыған. Ал аудан орталығы - Қабанбай селосында аудан болып тұрғында 12 мың адам тұрса, қазіргісі жеті мыңнан асар-аспас. Кеңестер Одағына дейінгі кездің өзінде уезд орталығы атанған Ойжайлаудың (Лепсинск) жағдайы жан ауыртып, жүрек сыздатады. Көкжар, Майқан, Жүнжүрек, Шымбұлақ, Шынжылы, Байзерек, Айпара, Кеңес, Жауынгер, Майлышат ауылдарының түтіндері бірер жылд мүлде шықпай қалуы әбден мүмкін. Бұлардың көбінде мектептер де жабылып жатыр. Ал ең көп адам тұрады дегендерінде 20-30 отбасы қалса, енді біреулерінде 3-5 шаңырақ отыр. Осылайша біздің аймақ бойынша өтетін 300 шақырымдық шекара сызығы мен оны арлы-берлі кесіп жатқан соқпақтар бүгінде елсіз-күнсіз қалуда. Заманында сол жасырын соқпақтар арқылы бізге өтпек болған көпатеген жансыздарды жергілікті халықтың өзі-ақ тырп еткізбей ұстап, тиісті орындарға тапсыратын. Ал қазіргісі туралы ештеңе айта алмаймыз.

Ақ патша әулетінің дастарханында мөлдіреген Лепсі балы

Владимир Поляков, зейнеткер-журналист, бір кездегі аудандық «Жаңалық жаршысы» газетінің ең соңғы редакторы:

- Аймақтың бүгінгі жануарлар және өсімдіктер әлемі де аса бай әрі өзінің құндылығы жөнінінен ешбір аймақты теңдестірмейді. Мұнда эндемиктердің 76 түрі, 133 декоративті, 74 тамақтық және 52 балды өсімдіктер өседі. Апорттың атасы болып саналатын жабайы «Сиверс» алмасының тұқымы да осында баяғы қалпында сақталған. «Қызыл кітапқа» енгізілген 14 жануар мен құс түрі де Үйгентастың тамаша табиғатында өсіп-өнуде. Олардың қатарында ілбісін, қызыл қасқыр, ақ тырнақты аю, сабаншы, ұлар, бүркіт және тағы басқалар бар. Әрбір 3-4 шақырым сайын алдыңнан асау бұлақтар шығады. Қазіргі кезде өңірде 20 мың бұлақ ағады. Бұрындары ауданда экологиялық жағынан аса таза ауыл шаруашылық өнімдері: ет пен сүт, бидай мен арпа, майлы дақылдар мен қызылша, көкөністер, жеміс-жидектер мен емдік шөптер өндірілетін. Ал патшалы Ресей кезінде Романовтар әулетінің 300 жылдық тойында жайылған дастарханның төрінен орын алған Лепсі балының құны мен қасиеті әлі күнге жойылған жоқ. Осылардың барлығын ойға алғанда бүгінде қараусыз қалған аймақты ауылшаруашылығы өндірісін өркендететін өлкеге айналдырудың мол мүмкіндігі көз алдыңа келеді. Осының бәрін керексіз қылып отырған билікті мен түсінбеймін.

Қожабай Манаров, Алакөл ауданының Құрметті азаматы, таяуда тоқсанға толатын зейнеткер:

- Жалпы Үйгентас аудан болып тұрғанда мұнда 29 ауыл болса, қазірде олардың 19-ы ғана қалды.Он елді мекеннен түтін шықпағалы бірнеше жыл болыпты, 28 мектептің тең жарымында ғана балалар күлкісі естіледі және олардың өздерінде де бір кездегі оқушыларының саны 50 пайызға төмендеп кеткен. Ал аудан бойынша 1 ғана балабақша жұмыс істейді. Аудан орталығының тым алыстығы да ауылдардағы тұрғындардың күйзелісін асқынта түседі. Үйгентес өңірінде қыс жеті айға дейін созылады. Бір отбасына бір айға 1,5 тонна көмір керек деп есептесек, жеті айға 10,5 тонна көмір қажет. Жер шалғайлығына байланысты көмірлің тоннасы 9-10 мың теңгеге жетеді. Ал жыл сайын 90-100 мың теңгеге көмір алуға екінің бірінің жағдайы келе бермейді. Аудан орталығына бір ғана барып-келу үшін 4-5 мың теңге тағы керек. Жұмыссыздық етектен тартады. Науқастардың ауруханаға дер кезінде жетуі де қияметтің қыл көпірінен өткенмен бірдей. Қыстың күндері жолдар мүлде жабылып қалады. Соған қарамастан туған жерін қимағандар әзірге шыдап-ақ отыр. Алайда сол шыдамның да шегі барын ұмытпаған жөн. Әзірге шекаралы ауылдар шетінен бастап, бір-бірлеп тірліктерін тоқтатуда.

 

Әкелер жолын жалғайтын жастар қалмай барады

Тұрсынбай Кенжебаев, бір кездегі шаруашылық директоры, бүгінде шаруа қожалығының басшысы:

-  Үйгентас аудан болып тұрғанында мұндағылар жарты миллионға жуық қой, 20 мың сиыр, 16 мың шошқа, 8 мың жылқы өсіріп, ет-сүт өнімдерін өндіруден аудандардың алдынан көрінетін. Жыл сайын мемлекетке мыңдаған тонна астық, ет пен сүт, қант қызылшасын, бал сатып дәулетіміз тасып-ақ еді. Соның арқасында ауданымыздан сол жылдары сегіз бірдей еңбек ері шықты. Жасырары жоқ, барлық жағынан өзімізді қосып алған Алакөл ауданынан артық едік. Қазіргі кезде де еңбекке деген құлшыныс басым. Бірақ біздің істі жалғастырар жастар азайып барады. Көбі қалалы жерді сағалап кеткен. Ауылдарға қайта оралғылары жоқ. Өйткені, мұнда олардың бос уақытын мәнді өткізуге арналған мәдени-көпшілік орындарының жұмысы нашар, мүлде жоқ деуге болады. Бүгінде тек туған жерін қимаған нағыз патриоттар қалды. Ал ұрпағының ертеңін ойлаған, олардың қатарынан қалмауының қамын жегендер түгелдей көшіп кетті. Біздер де солардың жолық қуатын шығармыз. Әзірге жыл сайын жүздеп келіп жатқан оралман бауырлармен ғана қара көбейтіп отырмыз.

Нафир Хусайнов, аудандық мәслихаттың депутаты, татар мәдени орталығының жетекшісі:

- Мен де өзіме дейін сөйлегендердің пікірлеріне толығымен қосыламын. Алакөл өңірі мен Үйгентас аймағындағы тірлік пен жағдайдың арасындағы айырмашылық өте үлкен. Біздер замана көшінен қалып барамыз. Сондықтан шекаралық аудан қайта ашылса, дұрыс болар еді. Сонда жұрттың ауа көшуі саябырсып, шекаралық аудандардың өмірі қайта жанданады. Аудандық мәслихаттағы депутаттардың басым бөлігі осыны құптайды. Алайда біздің жанайқайымыз жоғарыға жетер емес.

Виктор Розлинг, неміс ұлтының өкілі:

Туыстарымның, балаларымның барлығы Германияға кетіп қалды. Бізді де қайта-қайта шақырады. Ондағы жағдайлары жаман емес көрінеді. Бірақ туған жерімді, әке-шешем жатқан өңірді қимаймын. Қаланы былайғы кезде де көріп жүрміз ғой. Ал Үйгентестың жөні бөлек қой. Бірер апта басқа жерде жүрсем, түсіме кіреді. Дегенмен кетіп қалғандардың біразы аудан ашылса, қайта ораламыз деп құлшынып отыр.

 

Қайран жұртым ...

Оңтайландыру саяси қателік болды.

Бұл - даусыз ақиқат

Жақында елге барып қайттым. Менің де атажұртым жоғарыдағы аудандар сияқты шекаралық аймақта орналасқан. Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданы. 1997 жылы ауданның атын қалдырып, орталығын қытаймен екі арадағы шекара түбінде орналасқан Ақжардан 200 шақырым қашықтықтағы, бұрынғы Семей облысының Ақсуат ауылына аустырғанда, тарбағатайлықтар сол кездегі астанамыз Алматыдағы талай-талай құзырлы мекмелердің есігін қағып, ақсақалдарын алдарына салып, дабылдатқан еді. Ешкімді елең еткізбеген сол алаңдаудың негізі барлығын уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Кезінде сәулетті де айбарлы қалпымен аңсататын Ақжардың бүгінгі жағдайын айтқанда, жүрегің еріксіз сыздап, көзіңе келіп қалған жасты көрестпеуге тырысасың. Аты алысқа тараған аудан орталығының күйі жылатарлықтай болғанда, шекараны бойлай қоныстанған елді мекендерді еске түсіргенде еңіреп жіберуге жақындайсың. Өзім туып-өскен Жетіаралдағы заманында республика көлеміндегі ең үздік мектептер қатарында аталып, елімізге көптеген ғалымдар мен жазушыларды, мемлекеттік деңгейдегі қайраткерлерді тарту еткен орта мектепті биылғы жылы 19 оқушының ғана бітіргенін естігенде тіптен есеңгіреп қалдым. Осыдан тура отыз жыл бұрын осы білім шаңырағынан 103 бала қанаттанып, соның отыз пайызы жоғары оқу орнына түскен болатын. Арадағы айырмашылық жер мен көктей. Үстіміздегі жылдың үш айында ғана 15 отбасы баспаналарын сата алмастан тастап, қалалы жерге қоныс аударыпты. Көш алға жылжыған жылдармен бірге жиілеп барады деп күрсінеді ауылдың ақсақалдары. Осылайша, жекешелендіруге 55 мың қой, 4 мың жылқы, 2 мың сиырмен және ескісі мен жаңасы бар қыруар техникамен, зәулім мәдениет үйі, бай кітапханасымен, мыңнан астам бала оқитын базарлы мектебімен жеткен Жетіаралдағы жағдай да осы. Мәдени-әлеуметтік нысандардың көбі жұмысын тоқтатқан. Төменгі ауылды айтпағанда, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басындағы жер сілкінісінен соң кейін тұрғызылған жаңа ауылдың көшелерінің де көркі кетіп, қираған және иесіз қалған баспаналар көбейген. Әйтеуір, көңілсіз бір тірлік. Соларды көріп отырып, 1997-98 жылдары аудан орталығы ауыстырылғанда үлкен қарияларымыздың аппақ сақалды бастарымен әділдік іздеп сабылғанының себебін түсіндім. Қалай болғанда да Қытаймен шекаралас облыстардың ең шеткі аудандарын қысқарту сол кездері жіберілген үлкен саяси қателік болды. Бұл - даусыз ақиқат. Ендігі мақсат сол кемшілікті жойып, ел-жұрттың жағдайын түзетуді ойға алу. Әйтпесе, шекарамыз жалаңаш қалып, еліміздің тұтастығына да қауіп төнуі әбден мүмкін. Сонымен бірге халықтың наласынан ауыр ештеңе жоқтығын да естен шығармайық.

Түйін

Жалпы еліміздегі бір кездегі әкімшілік реформамен қысқарып кеткен аудандардың барлығының жағдайы керемет болмай тұр. Дегенмен солардың қатарында болған шекаралық аудандардың бүгінгі тірлігі тіптен нашар. Қалай болғанда да, сол жылдары қаржының жетіспеушілігі кесірінен жабылған аудандар сапына шекаралық өңірлерді қосқанда, ертеңімізді ойламаған секілдіміз. Мәселен, Алматы облысы бойынша қысқарған алты ауданның үшеуі: Үйгентес, Нарынқол, Қапал аудандары шекаралық болса, Шығыс Қазақстанда тарқаған аудандардың арасындағы Тарбағатай, Марқакөл, Катонқарағай, Мақаншы аудандары да Қытаймен екі арадағы шекара сызығын бойлай қоныстанған болатын. Бүгінде осы аудандардың бірде-бірінің дәулеті тасып, мәртебесі асып тұрған жоқ. Кезінде 15 мың халық жайлаған Нарынқол селосында бүгінде сегіз мыңға жетер-жетпес жұрт қалды. Басқа жабылған аудандардың да жағдайы осы шамалас. Ел шебіне қорған болар деген шекара заставаларының бүгінгі жай-күйі азамат соғысы туралы түсірілген кинолардағы шекара бекеттерін көзге елестетеді. Кеібірінің дарбазасында қызыл жұлдыздар әлі күнге «жарқырап» тұр. Оларға апаратын жолдармен тек қана трактор жүре алады. Сонан соң Кеңес заманынан мұра болып қалған жол талғамайтын автокөліктер әупірімдеп қатынайды. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» деген, егер шекарада төтенше жағдай туындай қалса, ондағ,ылардың өз шептерін қаншаға дейін ұстап тұра алатынын тап басып айту қиын. Басқа жерлерден көмек қалай келетінін де болжай алмайсың. Ал көрші ел болса, бетон төселген жолдарын шекараның тұмсығына тіреп қойған. Шекара сызығын қайта белгілеу кезінде Үйгентас өңірінен Қытайға берілген Шолақ атырабын олар туризм және демалыс орнына айналдырып, айналдыра қоршап, табысты күреп тауып отырғанын соңғы жылдары Қытайға жолы жиі түсіп жүрген жергілікті азаматтар күйіне отырып баяндайды. Біздің хал жоғарыдағыдай. Көрікті жерлеріміз көздің құртына айналып, бос жатыр.

 

Төрт жыл өткен соң

Осыдан төрт жыл бұрын Алматы облысының  Алакөл ауданы мен Шығыс Қазақстанның Тарбағатай ауданындағы шекаралық ауылдар мен мемлекеттік шекараны күзететін бекеттердің  жағдайы туралы дабыл қағып, мәселе көтерген едік.  Мүмкін, Алла аузымызға салған болар, қалай болғанда да, биылғы мамыр мен маусымда тура осы аудандардағы шекараларда тіркелген қанды қырғын мен шекарашылардың заставаны тастай қашуы сол кезде айтылған қауіптің уақыт өте келе шындыққа айналғанын көрсетті.

Жоғарыдағы мақалада айтылғандай, елдің ауа көшуі әлі жалғасуда. Мәселен, Алакөл ауданының Үйгентас аймағында 2008 жылы 27 мың халық тұрса, қазіргі кезде 22 мың ғана адам қалыпты. Тарбағатай ауданының Ақжар аймағының жағдайы да осы шамалас, таулы өңірдегі шағын ауылдардағы мектептер қатары жыл сайын қысқарып келеді. Елбасы кейінгі жылдары шекаралы өңірлерді дамыту жайында жиі-жиі әңгіме қозғап, бірқатар тапсырмалар жүктегенімен, шекара бойындағы жұрт оның жақсылығын әлі көре алмай отыр...

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1461
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5295