Бейсенбі, 2 Желтоқсан 2021
1422 0 пікір 15 Қазан, 2021 сағат 15:10

Ауған босқындарының саны 15 мыңнан асты

Ауғанстанның 500-600 азаматы күнде тәжік-ауған шекарасынан өтуге тырысады, деп мәлімдеді Тәжікстан ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің басшысы Саймумин Ятимов. Ол ТМД елдері қауіпсіздік және барлау қызметі басшыларының жиналысында баяндама жасады.

Тәжікстан ҰҚМК басшысы тәжік-ауған шекарасындағы жағдайды "аса күрделі" деп атады. "Әсіресе соңғы екі айда Ауғанстаннан Тәжікстанға өткісі келетіндер көбейді. Босқындар саны 15 мыңнан асып кетті", деді Ятимов.

Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі шарт ұйымы Орталық Азия елдеріне босқындар ағылуы мүмкін деп есептейді. "Аз ұлттарды атамекенінен ығыстырып шығару, терроризм қаупі босқындардың Орталық Азияның Ауғанстанмен шекаралас елдеріне ағылуына себеп болады", деді ҰҚШҰ Бірлескен штабының басшысы генерал-полковник Анатолий Сидоров.

Ресей президенті Владимир Путин ТМД елдері арнайы қызметтері басшыларымен кездесуінде Ирак пен Сириядағы содырлар Ауғанстанға жиналып жатыр деп мәлімдеді.

Путин ТМД елдері арнайы қызметінің мақсаттарының бірі Ауғанстан жақтан келуі мүмкін қауіпті болдырмау деп атады.

Биыл 15 тамызда "Талибан" қозғалысының содырлары Кабулға ұрыссыз кіріп, Ауғанстанда соғыс аяқталды деп мәлімдеді. Қыркүйектің басында Ауғанстанның уақытша үкіметтің құрамын жариялады.

Abai.kz

0 пікір