Жексенбі, 24 Қараша 2024
Әдебиет 5741 0 пікір 18 Қазан, 2021 сағат 13:06

Табылдың өлең хаты табылды

Бар болғаны 45 жыл өмір сүріп, «оянбай қалған» бард-ақын Табылды Досымовтың өлең-жырлары оқырманының әрқайсысының жүрегін әлі де жылытып жүр. Ақынын сағынған жұрты Атырау мен Алматы арасындағы шаһарларда түрлі шаралар ұйымдастырып, еске алумен келеді.

Жуырда журналист Арман Сқабылұлы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында Табылды Досымовтың бұрын жарияланбаған өлең хаты табылғанын сүйіншіледі.

«Әбубәкір Смаилов маған хат жазыпты. Қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымовтың осыдан отыз жеті жыл бұрын өлеңмен өрген хатын тауып алған екен. Тәкемнің таныс жазуы... таныс есімдер... домбырасын сағынған бозбала... Он сегіздегі Табылдың өлеңі қандай! Түпнұсқадан оқып көріңіздерші!

**** **** **** ****

Арман!

Хат жазу дәстүрі қалды ғой. Сонда да Табылды достың сарғайған хатын тауып алып, хат жазып отырмын. Отыз жеті жыл бұрын Германиядан келген хаттағы 18 жасар бозбаланың ойлы да шымыр шумақтары жүректі шымырлатады. Көпшілік те оқысын, сол заманның тынысы мен Тәкеңнің елге деген сағынышын сезінсін деген тілек менікі. Досымыздың рухы шат болсын!

Біздер нөкер болғанда сен - сері едің,
Серттен тайып кетпейтін семсер едің!
Отыз жеті жылдан соң оралдың ба,
Ескерткіш боп еліңе еңселі ерім?!
Орнатар деп ескерткіш халқым бірде,
Ойладың ба жас дәурен, сал күндерде?!
Сәлеммен Әубәкір», - деп жазды Арман Сқабылұлы.

Табылдың өлең-хаты

Әубәкір, Амансың ба? Мен де сол күйбің тірлік, «служба».

Күндерді ойлап, түндерді ойлап бос өткен,
Дөңбекшимін, алқынады қос өкпем.
Ойлар, ойлар мені жұлып алады,
Кей түндері төсектен...

Біле алмадым, жырға қандай күш керек,
Көңіл құрғыр қандай айла істемек?!
Қартайғанда қалам ба деп қорқамын,
Қарандаштың артын ғана тістелеп?..

Домбыра бар депсің. Басқа не арман бар? Ішекке қол тигізіп, күңірентіп, үн шығармай арманда жүрмін... Арман, Борядан хат алып тұрамын. Светқали, Нұрым Бауыржан (Үс.) т.б. біз кеткен соң КазГУ-дің 50 жылдығында айтысыпты. Бұл Арманның сөзі.  Нұрым ерлеген екен деп ойлап жатырмын. Ойға әлденелер түседі. (Мен кетер түні жатақтағы шағын отырысты (курстастармен) Нүкең өлең оқып еді. Есімде жоқ. Қалғып кетіп отырғанбыз...)

Светқали жүрген шығар:

Айтыста арқаң қозбас па,
Туғаннан кейін Адай боп.
Жеңіспен қайтсаң сөз басқа,
Жеңіліп қалсаң... (Не дай Бох...), - деп...

Бұл жерде ауылдан гөрі Алматыны көбірек ойлаймын. Осыдан бір жыл бұрын ауылда практиканы аяқтап жатыр едік-ау! Тез өткен сияқты.

Кетсем бе деймін бала боп,
Шабады көңіл шалғайға.
Қайда сол КазГУ – городок,
Алматы қайда, ел қайда?!

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1498
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3268
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5641