Су және энергия тапшылығын жою жолы
Қазақстан халқының билік тарапынан асыға күтетін маңызды әлеуметтік-экономикалық бастамалары Президент Жолдауы төңірегіне топтасатыны белгілі. Өйткені, ел басшысы тарапынан жасалатын Жолдауда қарапайым халықтың әл-ауқатынан бастап мемлекеттік саясаттың, халықаралық қарым-қатынастың өзекті бағыттары мен басымдықтары айқындалып жатады.
Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың билік басына келгеннен кейінгі Қазақстан халқына арнаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты үшінші Жолдауын да жұртшылық асыға күткені анық.
Кезекті Жолдауында Мемлекет басшысы халықтың көкейінде жүрген мәселелерді көтеріп, 7 бағыт пен 5 бастама төңірегінде нақты тапсырмалар берді. Әсіресе, Өңірлік саясатты жетілдіру мәселесіне жіті тоқталып өтті.
Мемлекет басшысының атап өтуінше, 2030 жылға қарай әлемде су тапшылығының көлемі 40 пайызға жетуі мүмкін. Сондықтан, жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшуіміз керек.
«Үкімет су пайдалануды реттеу және оны үнемдеу технологиясын енгізу жұмысын ынталандыру үшін нақты шешімдер әзірлеуге тиіс. Су нысандарының экожүйесін сақтап, оны үнемді пайдалану үшін аса маңызды 120 каналды қайта жаңғыртуға кірісеміз. Ақмола, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарында жаңадан 9 су қоймасы салынады. Бұл – ауқымды жоба. Бірақ, біздің қолымызда қажетті ресурстың бәрі бар»,- деді ҚР Президенті.
Жолдауда Атырау және Маңғыстау облыстарының аудандарын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін «Астрахан-Маңғыстау» магистралды су құбыры жаңғыртылатыны және Кендірлі кентінде су тұщытатын жаңа зауыт салынатыны да айтылды.
Мемлекет басшысы Қазақстанда 2030 жылға қарай электр қуатының тапшылығы пайда болатындығын, әлемдік тәжірибеде мұның ең оңтайлы шешімі бейбіт атом екенін де баса айтты.
«Бұл – күрделі мәселе. Сондықтан қауесетке сеніп, эмоцияға берілмей, оны барынша тиімді шешуіміз керек. Үкімет пен «Самұрық-Қазына» бір жылдың ішінде Қазақстанда қауіпсіз әрі экологиялық таза атом энергетикасын дамыту мүмкіндігін зерттеуге тиіс. Бұл мәселеге инженерлік саланы дамыту және атом саласындағы білікті инженер мамандардың жаңа буынын қалыптастыру мүмкіндігі тұрғысынан да қарау қажет»,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Меніңше, Мемлекет басшысының кезекті Жолдауы еліміздің болашақ дамуы мен ертеңгі күнге бетбұрысын айқындап берді. Және де қордаланып қалған мәселелерге қатысты айтқан сөздері мен берген тапсырмалары кезек күттірмейді. Біздің мақсат – ел басшысының болашаққа қойған жоспарларына қолдау білдіріп, өзімізге артылған міндетті жауапкершілікпен атқару.
Талғат Жанысбай, саясаттанушы
Abai.kz