Жұма, 22 Қараша 2024
Аласапыран 5658 28 пікір 23 Қазан, 2021 сағат 15:45

Ресей: «Талибан» - террорист емес», - дейді. Қазақстан ше?

Кеше Ресей президенті Владимир Путин «Валдай» пікірталас клубының пленарлық сессиясында сөз алып, «Талибанды» тыйым салынған ұйымдар қатарынан алып тастауға күш салатынын айтты.  «Мұны әуелі БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі жасауы тиіс», - деді Путин.

«Соған сай, біз де  «Талибанды» террористік ұйымдар тізімінен алып тастау туралы шешім қабылдаймыз. Меніңше, біз бұған бірте-бірте келе жатырмыз. Ресейдің ұстанымы – осы бағытқа қарай жүру. Біз бұл ұйымды террористік ұйымдар тізіміне қосарда қалай шешім қабылдасақ, қазір де тізімнен алып тастауға қатысты тура солай шешім қабылдауымыз керек», - депті Путин.

Бұған дейін президент Путин Ауғанстанға қатысты бірнеше мәрте мәлімдеме жасаған. Ресей мен Қытай Ауғанстандағы ахуалдың тұрақталуына мүдделі екенін, тіпті, елдегі қауіпсіздікті қайта орнатуға көмектесуге әзір екенін айтқан.

Ал 20 қазан күні Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров «Талибан» делегациясын Мәскеуде қабылдап, Кремльдің Ауғаныстанға гуманитарлық көмек жіберетінін мәлімдеген.

«Талибан» радикалды қозғалысы көптеген елдерде, соның ішінде Қазақстанда террористік ұйым ретінде танылған. Биыл 15 тамызда «Талибан» Ауғанстан астанасы Кабулды ұрыссыз басып алған.  Ал Ауғанстан президенті Ашраф Ғани елден қашып кеткен. Сөйтіп, Ауғанстан іс жүзінде тәліптер бақылауына көшкен.

Батыс елдері «Талибан» билігін мойындамайтынын мәлімдеді. Ал Ресей билігі ресми түрде мойындамағанмен, «Талибан» делегациясын бірнеше мәрте Мәскеуде қабылдап, жиын өткізді. Ал кеше Ресей президенті  «Талибанды» тыйым салынған ұйымдар қатарынан алып тастау керектігін мәлімдеді.

Ал Қазақстан билігі қайтпек?

Күні кеше Қазақстан Президенті әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Дәурен Абаев «Ашық диалог 2,0» бағдарламасында:

«Тәліптер көрші мемлекеттерді жаулап алуды жоспарлап отырған жоқ, соның өзі жақсы. Осы тұрғыдан алғанда, «Талибанмен» келіссөз жүргізу – оны жасамағаннан гөрі әлдеқайда ақылға қонымды шешім», - деп мәлімдеді.

Әлгінде Қазақстан Президентінің сыртқы байланыстар бойынша арнайы өкілі Ержан Қазыхан Кабулге аттанды (17-18 қазан). Кабулде Қазақстан делегациясы тәлібтермен кездесіп, тараптар арасында арнайы келіссөздер өтті. Келіссөздер гуманитарлық көмек көрсету және қауіпсіздік мәселесі аясында өрбіді.

Қазақстанның тәлібтермен кездесу өткізетіні уақыт еншісінде болатын. Ерте ме, кеш пе мұндай форматтағы кездесулер болатыны анық еді. Оған қалыптасқан геосаяси шындық итермелеп отыр. Ауғанстандағы жаңа билікпен қатынас орнатуға қатысты бірнеше мәрте биік мінберден де айтылды. Ол Ауғанстандағы этникалық қазақтарды елге көшіру, Орталық Азиядағы қауіпсіздік мәселесі мен есірткі тасымалын азайту және өзара әріптестік арқылы аймақтық тұрақтылықты қалыптастыру үшін қажет болатын.

Ал 8 қыркүйек күні Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Ауғанстанға қатысты ұстанымын айтты:

«Ауғанстандағы күрделі дағдарыс жағдайында Қазақстанның прагматикалық сыртқы саясаты маңызды болып отыр. Соғыстан тоз-тозы шыққан бұл елмен ортақ шекарамыз болмаса да, Алматы мен Кабулдың арасы ұшақпен бір-ақ сағаттық жер.

Мен ТМД, Еуропалық Одақ және Таяу Шығыстағы әріптестеріммен тығыз байланыста отырмын. Егер сіздердің мемлекеттеріңіз бен үкіметтеріңіздің басшылары ниет білдірсе, олармен ой-пікір алмасуға әрқашан дайынмын.

Әзірге Ауғанстандағы дүрбелең өңірлік қауіпсіздік проблемаларына назар аудартып тұр. Қазақстан зорлық-зомбылықтың, заңсыз есірткі айналымының және Ауғанстаннан тыс жерлерге бақылаусыз көшіп кетудің алдын алу мақсатында бұл елмен ынтымақтастық орнатуға дайын.

Тәліптер біртұтас, инклюзивті және өкілетті ұлттық үкімет қалыптастырып, өздерінің, шын мәнінде, байсалды позиция ұстанатынын және келіссөздерге бейілді екенін дәлелдейді деп үміттенемін.

Қазақстан Ауғанстанның өз ішінде және көршілерімен тату-тәтті, бейбітшілікте өмір сүретін тұрақты, егемен және біртұтас мемлекет болғанын қалайды. Біз бірінші кезекте елдегі қалыптасқан гуманитарлық қиыншылықтарды шешу үшін жаңа билікпен конструктивті іскерлік байланыстар орнатуға дайынбыз.

Халықаралық қоғамдастық Ауғанстанды қазіргідей дағдарыс кезінде қиыншылықтармен бетпе-бет қалдырмауы керек.

Керісінше, біз болашақта Ауғанстанның экономикалық және орнықты дамуы үшін барлық іс-әрекеттеріміз бен жоспарларымызды жұмылдыруымыз керек», - деді ол. Бұл алдағы таңда Қазақстан билігі Ауғанстанмен қарым-қатынас орнататынын айқын көрсеткен месседж болатын.

9 қыркүйек күні Ауғанстаннан арнайы борт келді. Онда 35 қандас бар болатын. Бұл Ауғанстандағы билікті тәлібтер басып алғаннан кейінгі алғашқы рейс болатын. Қандастар арнайы тексеріліп, вирусқа қарсы тексерістен өтіп, белгіленген орындарға орналастырылды. Қандастарды Ауғанстаннан әкелу үшін сөзсіз тәлібтермен келіссөз өткізу керек болғаны түсінікті.

27 қыркүйек күні Қазақстанның Ауғанстандағы елшісі Әлімхан Есенгелдиев Кабулда Ауғанстанның сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Әмір Хан Моттакимен кездесті. Ол Талибанның беделді мүшесі саналады.

«Кездесу барысында тараптар екі ел арасындағы сауда қатынастарын дамытудың маңыздылығын атап өтіп, сауда саласындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге уәделесті», - деп мәлімдеді Талибан өкілі Twitter парақшасында.

ҚР Сыртқы істер министрлігі бұл кездесу туралы ештеңе хабарлаған жоқ. Тек кездесу өткеннен кейін арнайы ақпарат орналастырды.

Сонан соң, Ержан Қазыхан бастаған топ Ауғанстанның қазіргі билігінің тізгінін ұстаушы Абдул Ғани Барадар және Әмір Хан Муттакимен кездесті. Ержан Қазыхан Қазақстан президентінің тапсырмасы бойынша Ауғанстанға 5 мың тонна ұнды көмек ретінде жеткізгенін мәлімдеді. Сонымен қатар, Қазақстандық вакцина QazVac-ты да жеткізу жағын ұсынды.

Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы алғашқы кездесу осылайша Қазақстан тарапынан гуманитарлық көмек көрсету, ал тәлібтер тарапынан Орталық Азияға террорлық топтарды өткізбейтіні жайлы уәдемен аяқталды. Тараптар алдағы уақытта байланысты кеңейтуді жоспарлауда. Бірақ шешімін таппаған сұрақтар бар. Ол Қазақстан «Талибан билігін ресми мойындай ма» және «Талибанды террорлық топтар тізімінен алып тастай ма» деген сауалдар хақында.

Ка Мырза

Abai.kz

28 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3227
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5285