Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4333 0 пікір 5 Шілде, 2012 сағат 08:22

Зікірия ЖАНДАРБЕК. Отырардың Қарахандық билеушілері

Зікірия Жандарбек, т.ғ.к., Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Түркология институтының аға ғылыми қызметкері

 

 

Зікірия Жандарбек, т.ғ.к., Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Түркология институтының аға ғылыми қызметкері

 

 

Қазақтың ортағасырлық тарихында әлі күнге шешімі табылмаған мәселелер баршылық. Солардың бірі - қазақ жерінің  оңтүстігінде өмір сүрген Қарахандықтар мемлекетінің тарихына қатысты нақты ғылыми тұжырымның қалыптаспауы десек артық айтқандық емес. Әлі күнге Қарахандықтар мемлекетінің тарих сахнасына қашан шыққандығы туралы нақты ғылыми пікір толық қалыптасқан жоқ. Зерттеушілердің дені Қарахандықтар мемлекетінің негізін салған Сайрам ханы Білге Күл Қадыр хан деп есептейді[1]. Қытайлық зерттеуші Гың Шыминнің «Қарахандықтар тарихына қысқаша шолу» атты мақаласында қарлұқтардың Үлкен орда мен Кіші орда болып екіге бөлінгенін, Үлкен орда Құз Ордада Арслан Қара қаған деп атанғанын, кіші бөлігі алдымен Таразда, кейіннен Қашғарға көшкенін, билеушісі Бұғра Қара қаған деп атанғанын және бұл бөліну қағанаттың екі тайпасының тотеміне байланысты болғанын жазады. Шігіл тайпасының тотемі - Арслан; яғма тайпасының тотемі - Бура деп аталған дейді. Бірақ ол да Қарахандықтар  әулетінің басын Білге Күл Қадыр ханнан бастайды2. Ал бұл мемлекеттің неліктен Қарахан мемлекеті деп аталғанына әлі күнге жауап жоқ. Бұл сұрақтарға жауапты қытай деректерінен де, парсы деректерінен де, араб деректерінен де табу мүмкін емес. Өйткені, шеттен келген кезбе тарихшылардың ешқашан түркінің ішкі рухани, мәдени болмысын тануы мүмкін емес. Олар көздерімен нені көрсе, соны жазады. Өкінішке орай, қазіргі қазақ тарихы осы шетжерлік кезбе тарихшылар мен географтардың мәліметтерінің деректері негізінде жазылып келеді. Бұл өз кезегінде тарихымыздың көптеген беттерінің әлі күнге ашылмай қалуына себеп болып отыр.

Қазақ тарих ғылымындағы бұл түйіні табылмаған мәселені шешудің бір ғана жолы бар. Мүмкіндігінше қазақ халқының дәстүрлі тарихи жадына қатысты жергілікті дерек көздерін кеңінен пайдалану. Сондай дәстүрлі дереккөздерінің бірі - қазақ арасындағы қожа әулеттерінің шежіресі «Насаб-нама» нұсқалары. «Насаб-нама» нұсқаларында біз жоғарыда сөз еткен Қарахандықтарға қатысты мәселелер толық шешімін тапқан деп айтуға болады. Ол туралы біз кезінде «Насаб-нама» нұсқаларына қатысты жүргізген зерттеу еңбегімізде баяндаған болатынбыз3. «Насаб-наманың» кейінгі жылдары табылған нұсқаларында Қарахандық билеушілерге қатысты жаңа деректердің беті ашылып отыр. Солардың бірі Өзбекстан Республикасы Андижан уалайатында Қорғанша қыстағында тұратын Акбар-хан төре Сүйарханов қолжазбасы. Бұл қолжазбаларда Отырарда билік құрған қарахандықтар туралы нақты мәліметтер бар және олар тек «Насаб-намадағы» дерекпен шектелмей өзге де деректермен де қуатталып отыр. Бұл деректерге тоқталмас бұрын біз Түркістан жеріне ислам дінінің алғаш келу кезеңіне қатысты тарихи оқиғаларға қысқаша тоқталып өткеніміз абзал. «Насаб-нама» нұсқаларындағы деректерге қарағанда ислам әскерлері Түркістан жеріне алғаш рет хижраның 150 жылы келеді. Ол қазіргі жылсанауымызға аударатын болсақ, 766/767 жылдарға сай келеді. Демек, біздің тарихта айтылатын Қарлұқ мемлекетінің тарих сахнасына шығу кезеңімен тура келеді. Бұл қазіргі тарихта Қарлұқ мемлекеті аталып жүрген мемлекеттің алғашғы түркі-ислам мемлекеті болғандығынан хабар береді.4 «Насаб-нама» нұсқаларындағы деректерге қарағанда, ол мемлекеттің негізін қалаған Әзірет Әлінің Мұхаммед ибн ал-Ханафийа атты ұлынан тарайтын Абд-ар-Рахим Баб атты кісі. Ол мемлекет кейінгі ғасырларда Қарахан мемлекеті деп аталды. Осы оғиғалар туралы «Насаб-нама» нұсқалары не дейді?  Ендігі кезекте сол деректерді келтіріп, ондағы мәліметтерді талдап көрелік. «Абд ар-Рахим-Стауқ Бұғра хан Қузбалыққа келіб, Шах Хасанға ижазат беріб, өз орынларыға ултуруб, өзлары Қарасман келіб, үч ийыл ханақаларида чилла чекіб, йуз беш йыл умрлары болуб, тарихға йуз елигта дүниадін өттілар..... Шаһ Хасан Құзбалығда қырық йыл кафірлар бірлә ғазат қылыб, Қылыч Қара хан атаныб, ұғлы Шаһ Абд ал-Азизні өз орныға қойуб иетмиш үч йашында тарихқа 183/800-да дүнийадин бардылар....Шах Абд ал-Азиз 20 йыл кафирлар бірлә ғазат қылдылар. Андин Сарығ балығқа келіб 25 йыл кафирлар бірлә ғазат қылыб, Арбуз Қара хан атаныб, ұғлы Шаһ Махмудқа ижазат беріб, өз орынларыға қойуб, сексен йашында тариққа 228/842-да аламдан бардилар....Аларның ұғлы Шаһ Махмуд Сариғ Балығда қырық йыл кафирлар бірлә ғазат қылыб ұғлы шаһ Абд ал-Фаттахны өз орынларыға қойуб, Арғу Тараз иелларига келіб, иерден үй қаздырыб, он беш йыл чилла чекиб, Аулийа Қара хан атанды. Тоқсан беш йашында тарихқа 283/896-да ахиратқа ауланды.5 Міне бұл деректерден біз Қарахандық билеушілер әулетінің негізгі шығу тегінің қайдан екендігін аңғара аламыз. Бұл деректердің шындық екендігіне дау жоқ. Себебі, бұдан өзге бірде-бір тарихи деректе түркілердің ислам дінін VIII ғасырда қабылдағаны туралы дерек жоқ және сол кезеңде тарихта болған, аты аталған тұлғалар атымен байланысты әулиелі жерлер барын ескерсек, онда бұл деректердің тарихи шындық екендігін мойындауға мәжбүрміз. Осындай ойды біз Отырардың Қарахандық билеушілері туралы да айта аламыз. Ендігі кезекте соларға тоқталайық.

Қолжазба мәтінінде Отырарда хан болған билеушілер әулетінің тарихы былайша баяндалады: «Шаһ Абд ал-Маннанның ұлы шаһ Абд ар-Рахман жиырма жасында тарих 380-де хажыға барды. Хажыдан келерде Абу Бәкір Сыддық әулетінен тараған имам Ахмед Бәкірдің қызын некеге кіргізіп, одан Сәкина атты бір қызы, екі ұлы болып, тарих 340-та Сайрамға келіп, он жыл аталарының қызметінде болды. Аталарының әмірімен үш жыл Сайрамда патшалық қылды. Одан соң Исхақ бабтың ұрпағы Махмуд шайхтың ұлы Іляс шайхты келтіріп, оған Сәкине бибіні неке қылып, беріп, өз орнына отырғызып, өзі Отырарға келіп, 30 жыл бой кәпірлермен ғазат қылып, Қылыш Арслан хан атанды. Үлкен ұлы шаһ Қасымды өз орнына қойып, 85 жасында тарих 383-те дүниеден озды. Зиарат орны Отырардың қыбла жағында, Отырар баб деп атайды. ... Олардың ұлы шаһ Қасым, лақабы Санжар хан 40 жыл патшалық қылып, ұлы шаһ Абд Аллахты өз орнына қойып, сексен жасында, тарих 423-те дүниеден озды. Отырар қорғанының түбінде, сол жанында зиарат орны болды. ... Шаһ Абд Аллах, лақабы Арслан хан Отырарда 50 жыл патшалық қылып, өз орнына ұлы шаһ Мұхаммадты  қойды. Жетпіс жасында, тарихқа 473 жыл болғанда дүниеден өтті. Зиараты Қалаш қорғанының ішінде, Ғайыб Ата дейді. Шаһ Мұхаммад, лақабы Татика хан 57 жыл Отырарда патшалық қылды. Оның үш ұл бір қызы бар еді. Аты Фатима бану. Оны Мұхаммад Данышманд Зарнуқиға берді. Үлкен ұлының аты Абд ал-Халық, кіші ұлының аты Абд ар-Рахим еді. Шаһ Абд ал-Халықты өз орнына қойып, кіші ұлы шаһ Абд ар-Рахимға барша аталарынан қалған мирас мүліктерден алып, Отырардан «Хан арығы» мен жүз қостық жер, Иқан кентінен «Суқу таш» арығы, басы Қызыл сеңгірден .... Ұлы дариға дейінгі неше он екі арық пен мың қостық жерлерді берді.... Абд ал-Халық ханның төрт ұлы бар еді. Үлкен ұлының аты - Абд ар-Рахман, және бірінің аты Йағалақ Арыслан еді, және бірінің аты Хасан хан және бірінің аты Мұхаммад шайх. ... Хасан ханға патшалық тиді. ... Тарихқа 640 жыл болғанда 60 жасында дүниеден озды. Зиараты аталарының аяғында еді. Хасан Ханның үлкен ұлының аты Білге хан Отырарда хан еді. Үргеніш сұлтаны Мұхаммед сұлтан келіп, Білге ханды тұтып, Ниса-и еліне әкетіп, сол жерде өлтірді. Қайыр ханды хан қойды. Қайыр ханның нәсілі қаңлы еді. Мұнша аттары аталған хандар мен бектер, мырзалар, баршасы Амир ал-му'минин 'Али ибн Абу Талиб нәсілінен еді. Аналары Хусейн мен [Абу Бәкір] Сыддық, Омар [ибн Хаттаб халифалар] әулетінен еді. Қара хан текті [хан әулеті өкілдері]  Амир ал-му'минин 'Али ибн Абу Талиб рази Аллаху та'ала 'анху нәсілінен еді. Олардан хандық кесілді. Одан кейінгілердің барлығы харам етуші Ауан залым мен екіжүзділер болды6.

Отырарды билеген Қарахандық билеушілер тарихы «Насаб-нама» нұсқаларында осылай баяндалады. Осы қолжазбада айтылған бірнеше ханның тарихта болғандығы өзге дерек көздерінде де кездеседі және оларды жоққа шығару мүмкін емес. Мысалы, Абд ал-Халық хан, Хасан хан аттары Отырарда соғылған теңгелерде бар. Ол Б. Д. Кочневтің осы теңгелерге қатысты жүргізген зерттеу жұмыстарында бұл хандардың Отырар тарихында болғандығы толығымен дәлелденді. Ол теңгелердің Отырар қаласында екі кезеңде 1199-1201 ж. және 609/1206-1207 жылдары соғылғанын, теңгенің бір бетінде шаршы сызықтың ішінде «Ла илаха илла Аллах Мұхаммад расул Аллах. Ан-Насир ад-Дин», екінші бетінде «Хақан ал-Хақан адил Шамс ад-Дуниа уа-д Дин уа Қутлуғ Билга» деп, теңгені айналдыра сызылған екі сызықтың арасына «Хасан бин 'Абд ал-Халық ... амир ал-Муминин. Халада Аллаху мулкуху ...» - деп жазылған7. Осы теңгелердегі кісі аттары «Насаб-намадағы» кісі аттарын толығымен қайталап тұрғанын аңғару қиын емес. Демек, «Насаб-нама» нұсқаларындағы деректің негізінде тарихи шындық жатқанын дәлелдейді. Ал, Хорезмшах Мұхаммед Сұлтанның Отырарды жаулап алуы, Отырардың соңғы Қарахандық билеушісі Білге ханды өлтіргені, «Насаб-нама» нұсқаларының барлығында дерлік бар. Біз осы мақалада зерттеу жұмысымыздың басты нысанасы етіп отырған қолжазбада Хасан ханның Білге хан атты ұлы болғандығын, ол Хасан ханның орнына таққа отырғандығын, Үргеніш сұлтаны Мұхаммед сұлтанның Білге ханды тұтып, Нисаға әкеткенін, Білге ханды сол жақта өлтіргенін жазады6. «Насаб-намадағы» осы деректі Насави жазбаларындағы деректер де нақтылай түседі. «Ол Отырардың ханы Тадж ад-дин Білге хан Самарханд билеушісі Усманның немере туысқаны еді. Оны Хорезмшах Мұхаммед Нисаға жіберді. Сол жерде өлтірді,»- дейді7. Хорезмшах Мұхаммедтің тек бір Отырар ханы Білге ханды емес, барлық Қарахандық билеушілерді түгелімен өлтіріп, түркі мемлекеттігін толығымен жойды. Ол туралы араб тарихшысы Йақұт ал-Хамауидің «Му'джам ал-булдан» атты еңбегінде Хорезмшах Мұхаммедтің Қарахандықтар мемлекетін толығымен жойғаны  баяндалады8.

Хорезмшах Мұхаммедтің Сыр бойына жасаған жорығы Қарахандық билеушілерді өлтірумен шектеліп қалмай, бұл жерлерді толығымен тонауға береді. Ол туралы  Йақұт ал-Хамауи Хорезмшах Мұхаммед жорығынан кейінгі Түркістанның жағдайын былай суреттейді: «Ол Мауараннахрды алды. Ол жердегі ханидтерді (қарахандықтарды) жойды. Ол жерлерді қорғайтын ешкім қалмаған кезде, оның да ол жерлерді қорғауға мүмкіндігі болмады. Ол шеткі аймақтардағы қорғандарды өз әскерінің тонауына берді. Халқы көшуге мәжбүр болды.... Ол жерлерде қараусыз қалған бақтар, қираған сарайлар мен үйлер көргендерді еріксіз жылауға мәжбүр етті. Су жүретін оман арықтар бұзылып, сулар ысырап болып, ағып жатты9.

Осы жағдайды Ибн ал-Асир басқаша баяндайды. Ол Гурханнан мемлекет билігін толық тартып алған Күшліктің тегеурінінен шошынған Хорезмшах Мұхаммед Сырдарияның шығысындағы қалалардың халқын түгелімен батысқа айдап әкеткендігін жазады10. Бұл деректер Отырардың ханы деп жүрген Қайыр хан, шындығында, Отырардың өз ханы болмағанын көрсетеді. Ол Отырарға  Хорезмшах Мұхаммед қойған билеуші ғана және Отырар халқының оны жек көруге, тіпті оған қарсы күресуге толық құқы болды. Өз билеушісін өлтіріп, оның орнына Хорезмшах Мұхаммед таққа отырғызған басқа адамды отырарлықтардың дұрыс көрмегені, билеушім деп мойындамағаны анық. Бұл Отырарды Шыңғыс хан әскері қоршаған кезеңде анық байқалады. Қаланың жергілікті билеушілері Бадр ад-дин мен Сафи Акраның Шыңғыс хан жағына өтуі қала халқының  Қайыр ханды билеушіміз деп мойындамағанын көрсетеді11. Демек, бұл деректер қазіргі Отырар ойранына қатысты қалыптасқан пікірдің тарихи шындыққа керағар екендігін дәлелдейді.

Ендігі кезекте Отырардың Қарахандық билеушілердің шыққан тегіне қатысты «Насаб-намада» жазылған дерек те тарихи шындыққа жақын екендігін байқатады. Бұл билеуші әулет өкілдерінің Қарахандық аталуының өзі бұлардың шыққан тегінің осал еместігін көрсетіп тұр. Өйткені, «қара» сөзі көне түркі тілінде тек түсті емес, «киелі» деген ұғымды да береді. Мысалы, Қаратау, Қарашық атаулары да осы киелілікке қатысты шыққанын аңғару қиын емес. Мысалы, қазақ жырауларының «Қасиетті Қаратау, Аса алмаған сенен жау» - деп жырлауының астарында да киелілік жатқанын көруге болады. Қарашық-Шавғар-Қаратау сөздерінің бір мағына беретінін ескерсек, онда «Қарахандық» сөзінің астарында осы киелілік ұғымы жатыр деп түсінуіміз керек. Бұл «Насаб-намада» анық айтылған. Қарахандық билеушілер Әзірет Әлі-Али ибн Абу Талиб әулетінен екендігі көрсетілген. Мұхаммед Пайғамбардың нәсілі Әзірет Әлі әулеті арқылы тарайтынын ескерсек, онда өз шежірелерін Әзірет Әліден бастайтын билеушілер әулетінің киелі әулет атанғанын түсінуге болады.

Осы мақала шеңберінде Қарахандық билеушілердің замандасы болған Қожа Ахмет Йасауиге қаншалықты қатысы болды деген сұраққа да жауап бергеніміз абзал. Бұл бізге сол кезеңдегі Қарахан мемлекетіндегі діни, рухани ахуалдың қай бағытта болғанын түсінуге мүмкіндік береді. Біз талдап отырған «Насаб-нама» нұсқасында бұл мәселе де айқын көрсетілгенін айтуымыз керек. Мысалы, Отырардың ханы Абд ал-Халық хан өзіне Қожа Ахмет Йасауиді ұстаз тұтып, әркезде ол кісімен санасқаны, Қожа Ахмет Йасауи қайтыс боларда басында отырғаны айтылады12.  Ал, оның ұлы Хасан ибн Абд ал-Халық хан болса атасының орнына хан болғанын, Қожа Ахмет Йасауидің шәкірті Мұхаммед Данышманд Зарнуқиға шәкірт болғаны, Қарашық кенті, Сури кенті, Ортақ арғы, Тоған арығы, Созақ кентінің жерлері мен сулары аталарымыздан қалған адал мүлкіміз деп, Әзірет Сұлтан Йасауидің мазарында отырған әулеттеріне ас және нан болсын деп уақф қылғандығы айтылады13. Бұл деректер Қарахандық билеушілердің Қожа Ахмет Йасауи мен оның ілімін ұстанған шәкірттеріне жан-жақты көмек көрсеткенін дәлелдейді. Оның есесіне Йасауи жолы өкілдерінің Хорезмшах Мұхаммедтің жаулаушылық саясатына қарсы күрескенін, Шыңғыс хан шапқыншылығы кезеңінде олардың Шыңғыс хан жағында болғанынан көруге болады. Мысалы,  Мұхаммед Данышманд Зарнуқидың Шыңғыс ханға кеңесші болып, қызмет етуі, Шыңғыс хан әскері мен Зарнуқ қаласының халқы арасында елші болып, қала халқын қарсыласпай беруге көндіруі соның айғағы. Шыңғыс хан ол қалаға «Құтлық балық» деп ат қояды14. Ал мұндай деректердің әлі күнге төл тарихымыздан орын алмауы тарихымыздың көптеген бетінің ашылмай қалуына себеп болып отыр. Оған мысалды ұзақтан іздемей-ақ осы Отырар тарихына қатысты деректерден-ақ көруге болады. Біздің парсы, араб дереккөздеріне сүйеніп жазылған тарихымызда Отырар тағдыры қалай жазылғанының өзі әлі күнге тарихымыздағы ақ пен қараны ажырата алмай келе жатқанымызды білдіреді.

Қорыта айтқанда, бұл мақала шеңберінде айтылмақ ойдың басты мақсаты - қазақ халқының дәстүрлі тарихи жадының қазақ тарихын жазуға пайдаланылмайтын болса, онда қазақ халқының төл тарихын жазу мүмкін еместігін көрсету болды.

 

 

 


[1] История Казахской ССР, Т.2. с.15.

2 Гың Шымин. Қарахандықтар тарихына қысқаша шолу// Таным тармақтары. Алматы: 1998. 205-223 бб.

3 Жандарбек З. Насаб-нама нұсқалары және түркі тарихы. -Алматы: «Дайк-Пресс», 2002.

4 Біздің тарапымыздан жазылған «Насаб-нама» нұсқалары және түркі тарихы» атты еңбегіңмізде бұл жайлы толық айтылған болатын. (Алматы: «Дайк-Пресс», 2002.)

5 Исламизация и сакральные родословные в Центральной Азии. Т.2. -Алматы-Берн-Ташкент-Блумингтон: «Дайк-Пресс», 2008. С.169.

6 Исламизация и сакральные родословные в Центральной Азии: наследие Исхак баба в нарративной и генеалогических традициях. Т.2. Генеалогические грамоты и сакральные семейства: насаб-нам и группы ходжей, связанных с сакральным сказанием об Исхак Бабе в ΧIΧ-ΧΧI вв. -Алматы: «Дайк-Пресс», 2008. сс. 170-177.

7 Кочнев В.А. Караханидский чекан Параба (Отрара)//Средневековая городская культура Казахстана и Средней Азии: Материалы Всесоюзного совещания. -Алма-Ата: Наука, 1983. -С109-120. сс. 110-111.

6 Исламизация и сакральные родословные в Центральной Азии: ... с. 177.

7 Бартольд В.В.  Сочинения. Т. І. с. 429.

8 Волин С. Сведения арабских источников IΧ-ΧVI вв. о долине реки Талас и смежных районах// ТИИАиЭ,

Т. VIII. -Алма-Ата: Изд. АН Каз ССР, 1960. -С72-92. с. 86.

9 Сонда, с. 86-87.

10 Бартольд В.В.  Сочинения. Т. І. с. 433..

11 Қожаев М. Отырардың қысқаша тарихы. -Түркістан: Мирас, 1998. 31-32 бб.

12 Исламизация и сакральные родословные в Центральной Азии: ... с. 173

13 Исламизация и сакральные родословные в Центральной Азии: ... с. 190.

14 Рашид ад-Дин. Сборник летописей. Т.І. кн.2. -Москва-Ленинград: Изд. АН СССР, 1952. с.204.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377