Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3207 0 пікір 5 Шілде, 2012 сағат 08:27

Жастардың рухы сынбайды (Жанболат Мамайдың түрмедегі күнделігі)

15 маусым. Таңертеңнен бастап, жан-жақтан телефон қоңыраулатып, достарым мен әріптестерім мені 24 жасқа толуыммен құттықтады. Сағат 10-да менің әріптестерімнің бірі телефон шалып: «Болат Атабаевты үйінен тұтқындап әкетті. Сені де қазір әкетеді. Ешқайда шықпа, саған журналистер бара жатыр!» деп хабарлады. Дәл қазір мені де қамайтынын түсіндім. Себебі Атабаев менің көршім.

Ұзақ кешікпей, үйдің есігін «КНБ» «чекистері» қақты. Есіктің «глазогынан» қарадым. Төрт-бесеуі тұр, «қонақтардың» кім екенін әке-шешеме түсіндірдім. Олар да қобалжып жүр. Киімдерді жинап, журналистердің келуін күтіп отырмыз. «Чекистер» темір есікті бұзып-жарып кіретіндей қағуда. Алматыдағы әріптестеріме хабарласып, мені тұтқындауға келгенін айтып, барлығымен қоштастым. Сағат 11-ге таяу журналистер келді. Есікті аштым. Сыртта «КНБ» майоры Төлепбергеновпен бірге тағы да төрт-бесеуі тұр екен. Соттың қамауға алу туралы қаулысын оқыды. Оған сенсем, мен «бейбітшілік пен адамзатқа қарсы қылмыс жасаппын».

15 маусым. Таңертеңнен бастап, жан-жақтан телефон қоңыраулатып, достарым мен әріптестерім мені 24 жасқа толуыммен құттықтады. Сағат 10-да менің әріптестерімнің бірі телефон шалып: «Болат Атабаевты үйінен тұтқындап әкетті. Сені де қазір әкетеді. Ешқайда шықпа, саған журналистер бара жатыр!» деп хабарлады. Дәл қазір мені де қамайтынын түсіндім. Себебі Атабаев менің көршім.

Ұзақ кешікпей, үйдің есігін «КНБ» «чекистері» қақты. Есіктің «глазогынан» қарадым. Төрт-бесеуі тұр, «қонақтардың» кім екенін әке-шешеме түсіндірдім. Олар да қобалжып жүр. Киімдерді жинап, журналистердің келуін күтіп отырмыз. «Чекистер» темір есікті бұзып-жарып кіретіндей қағуда. Алматыдағы әріптестеріме хабарласып, мені тұтқындауға келгенін айтып, барлығымен қоштастым. Сағат 11-ге таяу журналистер келді. Есікті аштым. Сыртта «КНБ» майоры Төлепбергеновпен бірге тағы да төрт-бесеуі тұр екен. Соттың қамауға алу туралы қаулысын оқыды. Оған сенсем, мен «бейбітшілік пен адамзатқа қарсы қылмыс жасаппын».

Мейлі, қамаса - қамасын! Ең ауыр тигені - шешемнің көз жасы болды. Бейбіт заманда қылмыс жасамаған ұлының тұтқынға алынғаны қай анаға оңай тиеді?! Әкеме рахмет! Ол мені қолдады. «Көз жасыңды тый, жылауды қой! 37-ші жылы сотталғандарды атып тастады емес пе? Бұлар соттаса да, атпайтын шығар. Аққа - құдай жақ, әлі-ақ жеңіп шығамыз!» - дейді шешеме.  «Қайда жүрсең де, аман жүр!» - деді шешем. Бірақ көз жасы тыйылмады. «Стан», «Республика», «Janaozen.net» журналистеріне пікір айтып, «чекистердің» «Тойотасына» отырып, «КНБ» «СИЗО»-сына тарттым. Заттарымды тәркілеп, төмендегі камераға түсірді. Еңгезердей түрме күзетшілері бәрі бір-бірін «Вася» дейді. Аттарын атамас үшін. Біздің не үшін қамалғанымызды білетіндер ақырын қолдауын білдіріп жатыр. «Туған күніңмен!» деп құттықтағандары да бар. Бұлардың ішінде де әділ адамдары бар екен дедім ішімнен.

Бірер сағаттан соң мені подвалдағы 18-ші камераға қамады. Іште екі төсек, орындық, күндіз-түні сөнбейтін жорық, темір торлы терезе бар. Жалғыз өзім жаттым. Түрме жым-жырт. Артық сөйлеуге, дауыс көтеруге, күндіз жиналмаған төсек үстіне жатуға болмайды. Темірдей тәртіп. Бара салып кітап оқыдым. Қанша уақыт өткенін білмеймін. Іштей Болат аға қайда екен деп қоямын. Бір уақытта бір-бірден «оправкаға» (дәретханаға) шығарды. Әр адамға 3 минут береді. Күніне екі уақ шығасың. Қалған уақытта шелекке «отырасың».

«Здесь вопросы задаю - я!» деген «Васяның» даусы естілді. Артынша Атабаевтың таныс даусы естілді: «Хайуандар!» деді де, камерасына кірді. Қайда екенін білдім. Қарама-қарсы камерада отыр. Ішім жылыды. Бір мезетте сырттан көп адамның айқай-шуы естілді: «Атабаев пен Мамай босатылсын!» деп ұрандатып жатыр. Арасынан әкемнің зор дауысын таныдым. Дауыстарды ажырату үшін терезеге жақындаймын: Инга Иманбайдың дауысын таныдым. Полиция көліктерінің сиренасы естілді. Бұларды да қамамаса болды деймін ішімнен. «Мен сендерді естідім!» деп айқайлағым келеді. Әттең, дауысым жетпейді! Бірте-бірте дауыстар бәсеңсіді. Біраз уақыттан соң қаңғыр-дұңғыр шу басталды. Ескі алаңда Ресей жұлдыздары ән салды. Осылайша «СИЗО»-дағы бірінші күн өтті.

16 маусым. Таңғы 5-30-да «подъем». Төсегіңді жинап, кезекті «оправкаға» барасың. Әр жерден таң намазын оқыған адамдардың азан шақырған дауысы естіледі. Олардың не істеп, не қойғанын білмеймін. Бірақ көпшілігі намаз оқып, құдайға құлшылық қылғаны үшін түрмеде отырған секілді көрінеді. Олар «КНБ»-ны да, Ақорданы да «ұрмайды». Олардың пайымдауынша - Алла биік. Сағат 7. 30-да таңғы ас келеді. Сүттен жасалған ботқа. Өте дәмді. Наны да «свежий». «кім тағы да жейді, «кінәсіз» мырзалар?» деп мысқылдайды «Вася». Күлесің. Өзіңе айтылғандай. Сағат 11-де (Васяның сағатын көріп қалдым) орнымнан тұрғызды. «Этапқа кетесің» дейді. Заттарымды тағы бір тексеріп, қолыма кісен салды. Қасымда бес бірдей қаруланған «васькалар»: «қылмыскерді» тұтқындау оңай ма енді! Автозакқа қамады. Бірден түсіндім - «СИ-18»-ге келе жатырмыз. «МВД түрмесі». Болат ағаны іздедім. Жоқ. Бір уақытта: «Жігіттер, су бар ма, дәрі ішейін?» деген таныс дауыс шықты. Атабаев! Тура қасымда, көрші камерада отыр екен. Қолында - кісен, темір тордың ар жағында отыр. Күліп, бір-біріміздің жағдайымызды сұрадық.

Біршама уақыттан соң «СИ-18»-ге кіргізді. Онда бізді екі жай киімдегі офицер қабылдады. «Екеуіңізге кісен салып, қарулы бес әскери жіберген бе?» деп күлді олар «васькалар» кеткен соң. Атабаевпен сөйлестім. Бет-ауызы көгала қойдай. Сол көзінің асты, екі маңдайы, қолдары көкпеңбек. «КНБ» қызметкерлері телефонын тартып алу үшін, қорғаушыма қоңырау шаламын дегенде, бас салып Атабаевты аяусыз ұрған. Жерге құлатқан. Қолына кісен салып, көлікке күшпен тыққан. Масқара емес пе! Жасы алпыстағы аурушаң (қант диабеті, қан қысымы жоғары) режиссерді, аты әлемге әйгілі тұлғаны ұруға кімнің қолы барады?! Баратындар бар екен. Оның аты - «КНБ» «опері» Арманжан Нұрғалиев! Аты масқарамен тарихта қалуға лайық «чекист».

Атабаев «КНБ»-ға түскенде қысымы 200-ге бірақ көтерілген, өте қауіпті. Сонымен екеумізді екі камераға жапты. Мені 48-ге, оны 58-ге. Қасымызға бір-бір адам әкелді. Маған Азамат деген 92-ші жылғы жігіт келді. Абайсызда кісі өлтірген. Ауылда жұмыссыз жүрген, ішкен, сонымен қылмыскерлер әлеміне түскен. Бақанастың жігіті. Момақан, биязы адам. Түріне қарап, қылмыскер демейсің. Өмірдің түрлі жағдайы болады, соның сынағына түскен жігіт болса керек. Камераның ішінде не бар? Ашығын айту керек, адам емес, хайуан тұрғысыз жер. Лас, кір төсектер, жамылғыштар. Жартылай сынған душ пен тек лас су сыздықтап ағатын кран. Сегіз адамдық орынға кей-кейде 20-25 адамды салатын кез болады. Күпіршілік болмасын, тамағын әбден ашықсаңыз да жеу оңай емес. Нағыз «баланда»! Жарық күндіз-түні қосулы. Постағылар әр камерадан сығалап, ішіндегілерді тексерісте ұстау үшін. Міне, осындай камерада тұтқындағы екі күн де аяқталды.

17 маусым. Шамамен таңғы сағат 5-тің кезі. «Мамай, Атабаев!» деген айқайдан ояндым. «Ия!». «Бүгін түсте этапқа кетесің, дайындал!». Кейін сұрастырсам, этапқа кетерде бұлай ерте ояту - құрмет көрсетудің белгісі екен. Буынып-түйініп дайын отыру үшін. Қайта ұйқыға кеттім. Бір уақытта дәу балғаны көтеріп, үш «опер» келді. Келе салып, терезедегі торды қақты. Тордың кесілмегенін, орнында тұрғанын осылай тексереді екен. «Не үшін отырсыздар?» деп сұрады «опер». «...Жаңаөзен халқын қолдадым!» - дедім. «Дұрыс! Мен сені қолдаймын. Ақ жол, бауырым!» - дейді «опер».

«Менттердің» арасында да бізді қолдайтындар аз емес.Түске қарай камерадан шығып, төмендегі «накопительге» түстік. «БС, обиженный, вязанный емессіздер ме?» - деп сұрайды бір сержант «накопительге» кіргізбестен бұрын. «Ол не?». Атабаев екеуміз аң-таңбыз. Сөйтсек, «БС» - бывший сотрудник, «обиженный» - зорланған зектер, «вязанный» - түрме полициясына қызмет ететіндер. Бұларды «черныйлар», яғни зектер жек көреді. Олармен қол алыспайды, ыдыс-аяқтармен бөліспейді, бір жерде отырмайды. Бірден «жоқ!» дедік. Іште 20-дан астам адам бар екен.

Таныстық, сөйлестік. Көпшілігі «строгачтар» мен «особистер». Әңгімелері дұп-дұрыс, ойлары бар жігіттер көрінді. Бізден кім екенімізді сұрады, арасында танитындары болды. «Біз сіздерді сыйлаймыз, сіздер халық үшін жүрсіздер» дейді. Көпшілігі Ақтау лагеріне бара жатыр. Жаңаөзендегі жағдайдан барлығы хабардар. «Бізден не көмек керек? Жол ауыр, керек-жарақты сұраңыздар» деп, азар да безер болып жатыр. Атабаевтың үстіндегі киімінен басқа дымы да жоқ. Жігіттер барын ортаға салып, біреуі көйлек, біреуі шалбар, біреуі носки беріп, Атабаевқа бір сөмке киім берді. «Кемедегінің жаны бір» дегенді осы жерден ұқтық. Барлығымыздың бейнетіміз де, зейнетіміз де бір қазір. Бірін-бірі танымайтын адамдар түрмеде табысып, аралас-құралас болып жатады екен. Бір-бірін қиындыққа тастамайды, көмектеседі. Көңіл-күйіміз көтерілді. Көптен көріспеген туыстай арқа-жарқа болдық.

Тексерістен соң, «автозакқа» тиеді. Күн ыстық, «автозак» камерасы одан да бетер қайнап тұр. Алматы-1 вокзалына тоқтадық. «Столыпинге» тиейді. «Столыпин» - этап алып жүруге арналған вагон. Тергеушілерді бір бөлек, сотталғандарды екі бөлек отырғызды. Ұйықтайтын жер - ағаш тақта. Матрас та, көрпе-жастық та берілмейді. Іші лас. Дәретханасында су жоқ. Екі күн нәр татпаған қарнымыз аша бастады. Бізге бергені - табан балықтың консервісі. Шіріп кеткен балық. Уақыты өтіп кеткен. Біреуін ашып едік, вагон іші мүңкіп кетті. Бәрі жеуден бас тартты. Тек нанын алдық. Барлары жақтастарына беріп жатыр. Өскеменнен этаппен келе жатқандарда консерві бар екен, бізге сол тиді. Сонымен Алматыдан этаппен Ақтөбеге кеттік. Жолда екі тәулік өткіземіз. «Столыпинде» отырып, түрменің адамды қаншалықты азапқа салуға болатынын түсінесіз. Бас бостандығынан айрылғандар адам емес тәрізді. Жануардан да төмен.

Түнге қарай Атабаевпен қал сұрастық. Көрші камерадағы Болат аға ауырып отыр екен. Екі күн бойы нәр татпаған. Қант түсіретін дәрі ішкен. Содан қатты төмендеп, комаға кету алдында отыр. «Басым айналып, мас сияқтымын, комаға кетуім мүмкін, егер кетсем...» дейді. Тез арада шай ішу керек қантпен. Қайнаған судың өзін бір вагон болып, әрең сұрадық әскерилерден. Соны ішіп, әрең өз-өзіне келді. Менің ғой денім сау, қиындықты көтерем. Ал 60-тағы аурушаң Атабаевқа қиын! Этапқа салмай, бір «оперді» қосып, ұшақпен Ақтауға жіберсе, бюджетке қиын соғар ма еді? Олай жасамады. Биліктің ерегіскен түрі. Оған мойыған Атабаев та жоқ!

18 маусым. Біраз адамдармен сөйлестік. Жолдың бітер түрі жоқ. Шымкент пен Қызылорда арасында күн ыси бастады. «Столыпинде» ауа жоқ. Бұл күні үлкен өзгерістер болмады. Түнде шешем түсіме кірді. Қобалжып, мені ойлап, жүрегі ауырып жүрген болар. Бәрі дұрыс менде! Мойыған да, шаршаған да жоқпын. Бұйырса, үйге келемін. Жеңемін!

19 маусым. Ақтөбе түрмесіне жақындадық. Шалқардан Ербол есімді жігітті кіргізді. «Кісі өлтірді» деген айыппен тергеуде жүр екен. Мұнай компаниясында қызмет еткен. Қасындағы екі ағасы да тергеуде бірге жүр. Бір отбасыдан үш бірдей баланың түрмеде отыруы қандай азап!

Міне, Ақтөбеге де жеттік. Арсылдаған иттер. «Автозакқа» міндік. Аптап ыстық. Түрмеге әкелді. «Столыпиннен» соң түрменің өзі ең ыңғайлы үй сияқты көрінеді. Суға түсіп, киім ауыстырдық. Түрмеде отырғандардың көпшілігі бізді таныды. «Қайдан? Қалай?» десек, түрме арасында хабар тарату ең оңай дүние екен. Ақтөбеге келе жатқанымызды бұлар біз «столыпинде» отырғанда біліпті. «Ел құлағы елу» деген, міне, осы. Құрметпен қарсы алды. Алматыдан келе жатқан Мереке деген жігітпен жақсы таныстық: он жеті жылға кесілген екен. Әңгімесі, ойы-пікірі терең жігіт. Өмірге бейім, парасатты азамат. Мұндай ер жігіт түрме сыртындағы өмірде де аз шығар!

20 маусым. Ақтөбе түрмесінде Платонның «Диалогтарын» оқып жатырмын. Сократтың данышпандығы, философиясы мен ой-ауылы әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтпаған тәрізді. Ащы шындықты қараның да, ханның да бетіне тіке айтқан атақты Сократ та әділетсіздік құрбаны болған. Жақында Сократты өлім жазасына кескен соттың шешімін күшін жойған жаңа сот болды. Грекияға ақиқат пен әділдік 2500 жылға кешігіп жетті! Тарих халық сөзін сөйлеген Сократты ақтап алды. Жаңаөзенде мұнайшылар жаппай тәртіпсіздіктерге барды, қаланы қиратты дегенге ешкім де сенбейді. Сотта бұған бірді-бір дәлел келтірген жоқ!

Айтпақшы, Ақтөбеде мұнай ұрлаған, сол үшін 6 жылға сотталған жігітпен таныстық. Мұнай ұрлағанда, оның бастығы болғандар ақталып, ұрлық мұнайды тасыған - орындаушы сотталған! «Айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылды» деген осы. Сол жігіттің бір сөзі есте қалды. «Мен мұнайды ұрлаған жоқпын. Оны қалауымша алдым. Себебі, бұл мұнайдан менің де, бала-шағамның да, отбасымның да үлесі бар. Біздің үлесімізді бізге неге бермейді?». Расында, біздің үлесіміз қайда?

21 маусым. Еуро-2012 футбол додасының кейбір нәтижелерін білдім. Мен неше жылдан бері қолдайтын Англия құрамасы өз тобында бірінші орын алыпты! Германия да топтан ширек финалға шықты деп естідім. Дәл осы додада Англиядан гөрі, Германия мен Испанияға көбірек қолдау көрсетемін бе деп ойлаймын. Себебі Германия мен Испания Украинадағы саяси қудалауға наразылық білдірді! Бұл нағыз азаматтық қолдау! Жуықта камералас ағам Атабаев Германияның ең беделді сыйлығын алды.

Сонымен бірге 28 тамызда ол Германияға жіберуді сұрады. Қазақстанда қудаланған Атабаев Германияда сыйлы тұлға! Өз асылдарын бағалай білмейтін бұл қандай билік сонда?!

22 маусым. Бүгін тағы да жолға шығамыз. Ақтау түрмесіне. Дәл осы түрмеде Жаңаөзен мұнайшылары, саясаткерлері Владимир Козлов пен Серік Сапарғали, басқалары отыр. Сотқа дейін біз де осында, түрмеде боламыз. Баяғы «шмон», «столыпин», ағаш төсектер, конвой. Ақтөбе «столыпині» Алматымен салыстырғанда әлдеқайда таза. Конвой бізді таныды. Атабаев екеуміз біргеміз. Бізді «подельниктер» дейді.

20 маусым. «Столыпинде» келе жатырмыз. Азығымыз - нан мен шай. Мұндай жерде нанның өзі де дәмді болады екен. Болат аға екеуміз бөлісіп жедік. Денсаулығы қалпында. Атырауға жеткенде күн ыстық болады деген еді бізге. Бірақ бүгін күн салқын, жаңбыр жауып тұр. Ол да құдайдың берген сыйы болды. Жол бойы жаңбыр жауды. Осындай қиын кезде бөлісіп жеген нанның қадірін ұмытпау керек. «Адамшылықтың белгісі бұл», - дейді Болат ағам. Ұмытпаймын, әрине! Әртүрлі әңгіме айтып, күлдіріп отыр Болат аға. Қалжыңның түбін түсіреді. Сот туралы сөйлеспейміз. Абсурд туралы не айтуға болады? Сотта бар шындықты айтамыз. Тергеуде де соны айтамыз. Біздің туымыз - шындық. Шындықпен ғана жеңеміз.

24 маусым. Таңғы 9-да Ақтауға жеттік. Алдымен жай жолаушыларды түсірді. Сосын біз: үш адам - мен, Болат аға, тағы бір әйел Ақтау түрмесіне кеттік. Қалғандары - 23-тегі қатаң режимдегі лагерьге. Бізге ақ жол тілеп жатыр, рахмет бәріне. Баяғы «автозак» жолда сынып қалды. Мұндай да болады екен. Екі «брейвикті» әкеле жатқанда, «автозак» бұзылды да қалды. Екеуіміздің қолымызға кісен салып алып шықты. Сыртта жеңіл көлік тұр. Біреуінде автоматшы солдат Ақтау түрмесіне алып келді. Жаңа түрме екен. «Оперлер» қарсы алды. Бос камераның табылуын күтіп, біраз отырдық. Режимный бөлімге түсірмек. Мені - бөлек, Атабаевты - бөлек. Алдымен Болат ағаны әкетті. Одан соң - мені. Жолда Серік Сапарғалиді көрдім. Ұнжырғасы түспеген, көңіл-күйі жақсы. Біздің келетінімізді естіген екен. Тенгри.fm радиосынан хабарлапты. Камераға кіре бергенімде «Жанболат» деген дауысты естідім. Камерада Козлов Володя отыр екен. Қал жағдай сұрастық. Одан соң Козлов пен оның камераласын әкетіп, мені оның камерасына отырғызды. Қасымда Сапарғалидің «экс-көршісі» Иса деген жігіт. Дағыстанның жігіті бес жылға сотталған. Шай іштік, әңгімелесіп. Ақтаудағы алғашқы күн аяқталды.

25 маусым. Бүгін тұтқындалғаныма 10 тәулік. Соңғы бір жылда осымен екі рет түрмеге түстім. Былтыр да Жаңаөзен мұнайшыларын қолдағаным үшін 10 тәулікке отырғызған. Биыл қанша жаза кесері белгісіз. Бәрі тек Ақордаға ғана белгілі. Ақорданың ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс қазір. Бұл заман да өзгерер. Нағыз қылмыскерлер түрмеде отыратын заман туады әлі!

Кешке қарай «тергеу амалдарына» шақырды. «КНБ»-дан келіпті. Оперативті топ жетекшісі Толықбаев келді. «Адвокат қашан келеді?» деп сұрайды. Ақтаудан адвокат табуды бостандықта жүріп ойластырғам. Келуі керек, адвокаттың атын айттым. Қоғамдық қорғаушыға әкемнің телефон нөмірін бердім. Сонымен қоштастық.

26 маусым. Камерадағы өмір. Иса Дағыстан өмірі туралы айтып жатыр. Мені ешқайда шақырмады. Түрмеде отырған 10 күннен түйгенім - бұл жақта да өмір қайнап жатыр. Өз жүйесі, жазылған-жазылмаған заңы бар. Менің рухым сынбады. Бостандықтан айырылдым, бірақ ойым тәуелсіз. Ақыл-ойды түрмеге отырғыза алмайды екенсің! Оны түрмеге отырғызып қамайтын адамның өзі. Билік те, Ақорда да емес. Бізді түрмеге отырғызып, жеңемін деген биліктікі - құр далбаса.

«Араша» халықтық комитеті құрылғанын естідім. Біз сияқты саяси тұтқындарды қорғау үшін. Азамматтарға, ағаларыма рахмет! Сіздердің қолдауыңызды сезініп отырмын түрмеде де.Түрмеден қорықпаймын! Егер Ақордаға әлемдегі ең жас саяси тұтқын керек болса, мені-ақ отырғызсын! Жастарды қорқыту үшін істеп отыр осыны. Мейлі! Бірақ жастардың рухы сынбайды бұдан.

«Общественная позиция»

(проект «DAT» № 28 (156) от 04 июля 2012 г.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377