Кенжебек Құдысұлы. Өз даналығы жоқ халық - болашағы жоқ халық
Даналық кешегі, бүгінгі және ертеңгі күн үшін де керек. Өткен күн үшін үлкен бір даналық - өткен тарихқа өз бағамызды беру, ұтқанымыз бен ұтылғанымызды таразылау, өткен күннен сабақ алу. Бүгінгі күн үшін даналық - бүгінгі қоғамның, жеке адамдардың бойындағы бұрыннан келе жатқан «ескілікті ауруын» және жаңадан пайда болған «жаңа ауруын» анықтау, зардабын сезіну, қатердің қайдан келетінін немесе қатер қай жерде тұрғанын білу. Пайдалы мен пайдасызды, даму мен кері кетуді, жақсы мен жаманды, дос пен жауды айыра тану. Ертеңгі күн үшін бір даналық - бүгінгі күннің ауруын болашаққа ала бармау, бүгінгі күннің асылынан айырылып қалмай болашаққа аманат ету.
Бағалай білу
Даналық кешегі, бүгінгі және ертеңгі күн үшін де керек. Өткен күн үшін үлкен бір даналық - өткен тарихқа өз бағамызды беру, ұтқанымыз бен ұтылғанымызды таразылау, өткен күннен сабақ алу. Бүгінгі күн үшін даналық - бүгінгі қоғамның, жеке адамдардың бойындағы бұрыннан келе жатқан «ескілікті ауруын» және жаңадан пайда болған «жаңа ауруын» анықтау, зардабын сезіну, қатердің қайдан келетінін немесе қатер қай жерде тұрғанын білу. Пайдалы мен пайдасызды, даму мен кері кетуді, жақсы мен жаманды, дос пен жауды айыра тану. Ертеңгі күн үшін бір даналық - бүгінгі күннің ауруын болашаққа ала бармау, бүгінгі күннің асылынан айырылып қалмай болашаққа аманат ету.
Бағалай білу
Даналықтың негізгі көзі - халық. «Көптің ақылы көл», «көптің ойы кемеңгер» демейме. Көпті құраушы жеке бір адам ретінде әрбір азаматтың (ол кім болса да) қабілеті шексіз емес, шекті болады. Қабілеті шексіз адамды жер бетінен табу қиын шығар. Қабілеті шекті болғандықтан, қабілетті деген адамның өзі әр қашан дұрысын, ақиқатын дәл тауып айта бермейді. Бірде дұрыс айтса, бірде қате айтып қояды. Бір бөлімін дұрыс айтса, екінші бір бөлімінде қателіктер кетеді т.б. Мыналарды дұрыс айтып отыр деп, оның өзге қателіктерін де дұрыс деп санап, бәрін талғамсыз, сүзгіден өткізбей қабылдауға болмас. Ішінде қатесі бар екен деп, дұрысын да қабылдамай қоюға тағы болмайды. Дұрысын айтуға тырысса да, бәрін де дұрыс айта алатын еш бір адам болмайды. Сондықтан бар мәселе кімнің (мысалы, бір журналистің, бір әкімнің т.б.) сөзі, кімнің идеасы болса да дұрысын (болмыстың ерекшелігі мен заңдылығын шынайы ашып көрсеткендерін) қабылдап, қатесін сүзгіден өткізбей тастауымызда және қате жерін түзетіп, дұрысын айта білуімізде.
Даналық - үлкен жақтан белгілі бір дұрыс идеаларды, көзқарастарды, ақиқатты, теорияларды, білім-ғылымды арқау еткенмен; кішісі, бір ұлттың даналығы оның әр бір азаматының кішкентай іс-әрекеті, сөйлеген сөзі арқылы да, әр бір оқырманның журналистің мақаласына білдірген пікірінен де көрініп тұруға тиіс. Мысалы,дұрыс бағалай білу, нақты бағасын бере білу де - даналық. Керісінше асыра сілтеп айту даналыққа жатпайды. Біздің Қазақта кейбір мүделер қақтығысы немесе құндылықта ұқсамастық болған кезде эмолцияға беріліп асыра сілтеп айтатын адамдарды жиі кездестіруге болады. Ұнаса немесе көңілі қаласа мақтап төбесін көкке тигізуге, ұнамаса не қаламаса жамандап тірідей көрге кіргізуге бейім тұрады. «Біткен іске сыншы көп» демекші, тіпті кейбіреулері тек сын айтуға, нашар жағын ғана көрсетуге, жамандауға ысылып алғандай. Ондағысы ол айталмаған ақиқатты мен айтып отырмын дегені болса керек. Ал кейбіреулер оның айтқаны «қате, жалған» дегенмен, өзі «дұрысы, шындығы» туралы жарытып ештеңе айтпайды. Осылай істеу қаншалықты дұрыс, қандай маңызы бар, адамгершілікті, әр бір жеке адамның қадір-қасиетін сақтай білуге септігі барма деген сауал мазалайды. Меніңше орынды сын артықшылығын да, кемшілігін де; дұрысын да, қатесін де қатар көрсету керек. Айтылу рет тәртібі бойынша алдымен дұрысын, жетістігін, артықшылығын айту керек. Содан кейін барып қателігін, кемшілігін, жетіспейтін тұстарын көрсету орынды. Көрсетіп ғана қоймай, дұрысы қалай болады, соны да айтып өткен дұрыс. Осылай істеудің маңызы; біріншіден, дәннің арасынан қауыз іздемей, қауыздың ішінен дән іздеу керек деген сөз; екіншіден, оған (екінші адамға) деген құрмет, ол қылмыскер не есі дұрыс емес адам болса да оны азамат ретінде силағандық. Үшіншіден, бірінші жақтың өз адамгершілік қасиетін сақтай білгеннің көрнісі. Ал асыра мақтау, әсіресе, тек ғана қателіктері мен кемшіліктерін айту - ақиқатты белінен басқандық. Алдынғысының нәтижесінде қоғамда табыну пайда болуы мүмкін. Соңғысының нәтижесінде, өмірде «дұрыс айта алатын» ешбір адам қалмай қалуы, жастар «кімге, кімдікіне» сенерін білмей, «дұрыс бен бұрысты» айыра алмай сенделуі мүмкін. Көрініп тұр дұрыс бағалай білмеу әр бір азаматты, тіпті ұлтты рухани тоқырауға, дағдарысқа апарып соқтыратын бір себеп.
Асыра мақтау не бәрін де қате етіп көрсету, екеуі де асыра сілтеушілік. Сондықтан, шынайы, нақты бағасын беруді әр бір адам үйрене білу, санасына сіңіре білу керек деп есептеймін. Ол үшін екі жақты (дұрыс жағы мен бұрыс жағын, артықшылығы мен кемшілігін, пайдалы жағы мен зиянды жағын т.б.) қатар ойлау керек. Әрине,алдымен дұрысы, жақсы жағы, пайдалысы қайсы, меніңше үлкен бір даналық соны көре білуде. Қатесі, кемшілігі, пайдасыз тіпті зиянды нәрселері де бар екен деп, жақсы, пайдлы нәрселерін де лақтырып тастауға немесе бәрін теріс, қате етіп көрсетуге болмайды. Одан ешкім ештеңе ұтпайды. Керісінше, бірлікке өз салқынын тигізеді. Қазақта «ақылды адам ақымақтан да бірдеме үйренеді», «дәнін алып, қаузын тастау» даналық сөздері осындайға қаратылып айтылса керек. Нақты бағасын бере білу (әділ бағасын беру) дегеніміз - дәнін алып, қаузын тастау немесе дәні мен қаузын айыра білу емеспе. Дәнін алып тұрып, «еш дән жоқ, бәрі қауыз екен» деп қалай көзжұмбайлыққа салынуға, қалай түкке жарамсыз етіп тастауға, қалай асыра сілтеп айтуға болады. «Су ішкен құдыққа түкірмеу» дұрыс әрі пайдалы іс емеспе. Ғалымдар ішетін судың өзін қорламай, мақсатсыз лайламай, албаты төгіп-шашпай, қадірлеп, мақтап, рахметіңді айтып, алғысыңды білдіріп ішсең оның сіңімді, тіпті шипалы болатындығын тәжірибе жасау арқылы дәлелдеген. Мысалы, арасан суының көп адамның ауруына шипа болығанын естіп те, көріп те жүрміз. Басқасын айтпағанда, мұнда адамдардың оған деген сенімі де маңызды рол ойнайды. Ал біз су емес адамбыз. Егер бір журналистің мақаласында жақсы, пайдалы, дұрыс идеа айтылумен қатар қателіктер, ағат кеткен нәрселер де болып жатса, сол қателігіне, ағат кеткен, артық кеткен жеріне бола, оны жерден алып, жерге салу, айтқандарының бәрін қате етіп көрсету немесе еш мән-мағынасы жоқ деп есептеу оның еңбегіне берілген шынайы баға болып есептелмейді. Мысалы, кейбір оқырмандар мүмкін күйінгендіктен, күйгендіктен (әрине көңілін түсінуге болады) былай деп «журналистердің бәрі жағымпаздар, бәрі надан, атақ құмар, биліктен дәмелі, ананың басын бір, мынаның басын бір шалып, мәнсіз қойыртпақ бірдеңелерді жазады, оттайды т.б.» деп айтатындарды оқып жүрміз. Меніңше адам қандай көңіл күйде тұрса да жағымсыз жағынан осылайша асыра сілтеп айта беру, уақыт өте, біртіндеп журналистің өз ұлтына деген махаббатын, ұлтым үшін деген рухын сөндіруге, ұлт жандылығын өшіруге бір себеп болады. Елім үшін еңбектенсем деген жігерін мұқалтады т.б. тіпті оқырмандарды үркітіп, Қазақша ақпараттарға қарамай, орысша ақпараттарға; еліміздің ақпараты емес, өзге елдің ақпаратын қарауға қарай ауып кетуі де мүмкін. Мұндай асыра сілтеп айту - даналыққа жатпайды. Мұндайлар дәнді де, қауызын да бірге лақтырып тастайтындар. Мұндай асыра сілтеп айтатын адамдардың жеке адамға деген адамшылығын (аяушылығы азайғанын) былай қойғанда, ол осы алған бетінен қайтпаса рухани ашаршылыққа ұшырауы да мүмкін. Сол сияқты, керісінше қатесі, олқылықтары, кемшіл тұстары, тіпті зиянды нәрселері бар екенін көре тұра, олардың барлығына көз жұмып, басбармақты шошайтып, төбесін көкке жеткізіп асыра мақтап жіберуге де болмайды (әрине батырлығын, ізгілігін, адамгершілігін, еңбекқорлығын, ұлтжандылығын т.б. мақтаудың жөні басқа). Ақиқатына көз жеткізбей асыра мақтап айтуды жаны қалайтындар дәнімен қоса қатты қауызын да бірге жеп қоятындар. Мұндай адамдар өзіне немесе қоғамға ауру шақыруы мүмкін. Себебі олардың рухани әлемінің бір бөлігі жалған, қате, нәрсіз (пайдасыз) нәрселермен толтырылған.
Асыра сілтеп айтудың екі түрі (асыра мақтау, бір жақтылы даттау) де ақиқаттан алшақ тұрады. Себебі, ақиқат шынайлықты, нақтылықты, нақ болмысты тура бейнелеуді, шынайы бағасын беруді де талап етеді. Сондықтан, ақиқаттың негізгі бір жауы - асыра сілтеп айту, яғни, асыра мақтау не тек даттау, шынайылықтың болмауы. «Айта білген сөз маржан, қосылмасын сөз арзан» демекші, менің білуімше лайықты, нақты бағасын бере білу - даналыққа жатады. Қытай реформаторы Дын ЦиаоПиннің«Өнеркәсіпті дамыту проблемасы жөнінде менің басты ойлайтыным қайткенде еліміздің бүгінгі нақты өнеркәсіп жағдайы негізінде аяқтан тік тұрып, алдағы болашағымызға көз жеткізе аламыз. Қазір біздің өнеркәсіп негізіміз қандай, бұған нақты баға беру керек. Егер нақты жағдайдан артық немесе нақты жағдайдан кем бағаласақ (межелесек), бәрі де дұрыс болмайды.20.08.1963» деген сөзін де бір дәлел ретінде келтіруге болады. Меніңше әр бір адам, әр бір оқырман, әр бір зиялы өзін тірі таразы деп есептеу керек. Үйткені «таразы тура сөйлейді». Әр бір адам кез-келген екінші бір қарапайым азаматты жәй адам деп емес, өнерлі, қабілетті, талантты адам деп қарау керек. Керісінше, кез-келген қоғамға белгілі тұлғаларды да өзім сияқты қарапайым адам деп есептеу керек. Сонда оған (екінші адамға) деген құрмет, силастық болумен қатар табыну да болмайды. Меніңше, кез-келген екінші адамды немесе оның еңбегін дұрыс бағалай білу үшін осы алғы шарт орындалу қажет.
Журанис оқырман қауымнан, оқырман қауым журналистен айырыла алмайтын егіздер. Олай болса олар арасында шынайылылық, шыншылдық болудан сырт өзара силастық, құрмет, мәдениеттілік болу керек шығар. Әр бір оқырман, еліміздің кез-келген бір журналистін жақсы журналист деп есептесе, оларға құрметпен қарайды. Ал өзкезегінде журналист те (күні үшін немесе өсуі үшін т.б. себептермен жағымпаздыққа бармай) жалпы халық үшін шынайы қызмет етуге тиіс. Өтірік нәрселерді айтып, немесе тарыдай нәрсені (мысалы, мардымсыз бір жетістікті) таудай ғылып көрсетіп, халықты алдауға да болмайды. Әрине, барды жоқ етіп көрсетуге де болмайды. Яғни, журналист те шыншыл болуы керек.
Олар (журналисттер мен оқырман, көрермен қауым) әрқашан бір-бірінен үйреніп, білім, тәрбие алып отыруы; бір-бірінен күш-қуат, жігер алып отыруы тиіс. Кез-келген бір журналисттің бір еңбегіне асырмай да, жасырмай да, нақты бағасын беру оған үлкен күш-қуат, жігер береді. Ол өзінің еңбегінің нәтижесін көргендей болады. Оның еңбегіне бола не ақша берілмесе (мысалы, қаламақы), не еңбегін дұрыс бағаламаса, яғни, журналисттің еңбегін не мемлекет, не халық (оқырман, көрермен, тыңдарман) бағаламаса, ол ары қарай жұмысын қалай жалғастыра алады. Еңбегін дұрыс бағаламау, біріншіден ғылымисыздық болса, екіншіден адамгершіліксіздік. Адамды құметтемегендік, адамның қадір қасиетін түсінбегендік. Басқа себептерді айтпағанда, асыра сілтеп айтудың ғылымилығы да, адамгершілігі де жоқ. Ғылымилық (азаматтардың ғылыми болуы) бір ұлттың мәдениетілігінің, өркениеттен қалмағандығының негізгі бір көрнісі екенін әрқашан естен шығарып алмаған дұрыс.
ҚХР. Академиясының академигі, профессор, ҚХР ғылым академиясы техникалық ғылым бөлімінің орынбасар директоры, Қытайдың танымал механикалық инженерия сарапшысы, Цинхуа университеті сияқты 20 астам университеттің құрметті профессоры, Қытай елінің үздік педагогы Яң Шузы (Yang Shu Zi): «Егер бір мемлекет, бір ұлт ғылым-техникадан жұрдай болса, бұл оның артта қалғаны. Бір соққы берумен-ақ күйреп бітеді. Алайда, бір мемлекет, бір ұлт адамшылықтан, адамгершілік рухтан, гуманизмнен (гуманизмге қысқа түсінік: адамның өзіне мән беру, адамды құрметтеу, адамға қамқорлық, адамды аялау т.б. бір сөзбен айтқанда адамның өзі туралы мәдениет. Мәдениеттің ғылым, өнерден басқа адамның өзіне қатысты үшінші бір саласы. Бұл мәдениет дамымаса,Адами тұлғасы (человеческой личности) жан-жақтылы дамымай қалады. Бір жақтылы болып қалады, нормадан ауытқиды, тіпті қалыпсыз бағытта дамиды (аномальное развитие). Қоғамдағы орындалуын айтар болсақ: Ең соңында елдегі заңды жетілдіру, заңның сапалы, мінсіз болуы, оның қалтқысыз орындалуы арқылы және ағарту жұмысымен айналысу, тәрбие көрсету т.б. арқылы жүзеге асады) жұрдай болса, азаматтары, тіпті тұтас ұлты екінші бір күштің, яғни, күн көрісінің, жұмысының, қызметінің, атақ-абыройының, дүниенің, ақшаның, нәпсінің, екінші біреудің, лауазымды тұлғаның т.б. жетегінде кетіп (құлына айналып), ешкім ұрмай-соқпай ақ өз-өзінен күйреп бітеді.» деген болатын. Қарап көрсек адамгершілікті сақтау да - үлкен бір даналық. Қазақ «..., алтау ала болса ауыздағы кетеді» дейді. Меніңше лайықты, нақты бағасын бере білмеу (мысалы, журналистке, кез-келген бір тұлғаға), бағалай алмау - алтаудың ала болуына алып келетін, соңында адамды (мысалы, журналистті т.б.) көптің қамын ойлаудан бас тартуға, қара басының қамын ойлауға итермелейтін бір себеп. Оның сыртында адамның қадір-қасиетін түсінбеушілік, бағаламаушылық болып табылады. Адамшылыққа жат нәрсе. Адамды адамгершілік қасиеттен айыратын факторлар (мысалы, имансыздық т.б.) өте көп. Шағын мақала арқылы олардың қайсы бірін айтып болуға болады. Алайда, соның бірі дұрыс бағалай алмау. «Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына налимын» деген сөз осындайға да қаратылып айтылған шығар деп ойлаймын. Дұрыс бағалай алмасаң (мысалы, журналистті, ұлт зиялыларын), қадірін қалай түсінесің. Қарапайым бір мысал, жұбайы еріне «адалмын» десе, ал ері оны «ж...псың» десе, осы бір диалогтан осы отбасының қандай бір жарқын болашағын көруге болады.
Сондықтан, журналистің де, оқырманның да жауапкершілігі зор екенін әр қайсымыз да сезіне білуіміз ләзім. Екеуі де әр қашан әр сөзін эмолцияға берілмей, ақылға салып айтуға тырысқан жөн сияқты. Әрине оқырман қауым үндемей қала беруге тағы болмас. «Ақырғанның бәрі арыстан емес, үндемегеннің бәрі данышпан емес» демекші.
Біздің халық даналықта ешбір ұлттан кем емес, өткен ата-бабаларымыздың да, бүгінгі ұрпақтарының да даналығы жетеді. Ендеше, өмірде бір бөлім адамдардың адамшылық қасиетін жоғалта бастауына (жаңалықтардан көріп жүрміз), әр бір іс-әрекеті мен әр бір сөйлеген сөзінде ақылдылық, өзара түсіністік, силастық таныта алмауына не жетіспейді? Меніңше келесідегілер ме екен деп ойлаймын.
Даналықты:
Өмірде қолдана білу жетіспейді
Насихаттау (тәрбиелеу) жетіспейді
Түсіну, санаға сіңіру жетіспейді
Жинап, бір ізге түсіру (жүйелендіру) жетіспейді
Немқұрайлылық
Ал, сіз не ойлайсыз?
"Абай-ақпарат"