Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 6696 0 пікір 10 Шілде, 2012 сағат 11:17

Тұрсын Жұртбай. Халел Досмұхамедов (жалғасы)

2.

Тергеу, қалыптасқан дәстүр бойынша, анкеталық сұрақтарға жауап беруден басталған:

Анкеталық анықтама: 1883 жылы 14 сәуірде Тайсойған қонысында туған. Шаруа отбасынан шыққан. Әкесі мен шешесі кәдімгі көшпелілер, орташа қожалығы бар, үйелмен-сүйелмені көп, күн көрісін күйттеген жандар. Әкесі жоғары оқу орынын бітірерден бір жыл бұрын дүние салған. Артында 10 бала қалған, бұл - 7- бала және екі ұл бар. Үлкен ағасы әкесі қайтқан жылы өкпе ауруынан көз жұмған. Орал казактарының реальдық училищесін бітіріп, Петербургтің медицина академиясына түскен. Бірінші орыс революциясы тұсында студенттік қозғалысқа қатысып, демократиялық бағыттағы саяси-ағарту білімін игеруге ұмтылған, түрлі партиялардың бағдарламаларымен танысқан, бірақ та олардың ешқайсысы, тіпті, қазақ студенттерінің де ұстанымы оны қанағаттандырмаған. Социал-демократтар - тек жұмысшылардың, социал-революционерлер - шаруалардың, кадеттер - ұлыорыстық өктемдіктің мүддесін көздеген, олардың ешқайсысы өзге халықтар туралы тіл-жағын ашпаған, керісінше, оларды арандатқан. Милюковтың:

«Патша үкіметі бұратаналарды тұрпайылықпен және өркөкіректікпен қанап отыр»,- деген сөзі қатты әсер еткен.

2.

Тергеу, қалыптасқан дәстүр бойынша, анкеталық сұрақтарға жауап беруден басталған:

Анкеталық анықтама: 1883 жылы 14 сәуірде Тайсойған қонысында туған. Шаруа отбасынан шыққан. Әкесі мен шешесі кәдімгі көшпелілер, орташа қожалығы бар, үйелмен-сүйелмені көп, күн көрісін күйттеген жандар. Әкесі жоғары оқу орынын бітірерден бір жыл бұрын дүние салған. Артында 10 бала қалған, бұл - 7- бала және екі ұл бар. Үлкен ағасы әкесі қайтқан жылы өкпе ауруынан көз жұмған. Орал казактарының реальдық училищесін бітіріп, Петербургтің медицина академиясына түскен. Бірінші орыс революциясы тұсында студенттік қозғалысқа қатысып, демократиялық бағыттағы саяси-ағарту білімін игеруге ұмтылған, түрлі партиялардың бағдарламаларымен танысқан, бірақ та олардың ешқайсысы, тіпті, қазақ студенттерінің де ұстанымы оны қанағаттандырмаған. Социал-демократтар - тек жұмысшылардың, социал-революционерлер - шаруалардың, кадеттер - ұлыорыстық өктемдіктің мүддесін көздеген, олардың ешқайсысы өзге халықтар туралы тіл-жағын ашпаған, керісінше, оларды арандатқан. Милюковтың:

«Патша үкіметі бұратаналарды тұрпайылықпен және өркөкіректікпен қанап отыр»,- деген сөзі қатты әсер еткен.

1905-1906 жылдары арасында қазақ студенттерімен бірігіп осы бағытта үгіт-насихат жүргізген, «Фикр», «Уральский листок» газеттеріне мақала жазған. Сол үшін абақтыға отырып шыққан. Бақытжан Қаратаевтің мемлекеттік Думаға депутат болуына ықпал еткен. 1910 жылдан бастап ақпан төңкерісіне дейін ауылда дәрігер болған. Оқу-ағарту саласына ынта қойған. А.Байтұрсынов пен М.Дулатов шығарып тұрған Орынбордағы «Қазақ» газетіне белсене араласқан. Ұлттық-демократиялық ұстанымды жақтаған. Кейін Ә.Бөкейханов жетекшілік еткен ұлттық партияның, яғни, «Қазақ» газетінің бағдарламасын қолдап саяси пікір алысуларға қатысқан.

Жауабының соңын:

«17-жылға дейін қазақ ішінде соц.демократиялық та, соц.революциялық та партия болған жоқ деп сеніммен мәлімдеймін, ал большевиктер туралы айтпаса да болады. Егерде, большевик болдым дейтін қазақ табыла қалса, демек оның - әуелде монархист, одан кейін антифедералист, федералист, содан кейін 1920-1924 жылдары коммунист болған, соңынан барып: «Мен Лениннен де бұрын коммунист болдым», - дейтін Бақытжан Қаратаевтан еш айырмашылығы болмағаны»,- деп аяқтайды.

«Мұхамеджан Тынышбаев және басқалардың кеңес өкіметіне қарсы астыртын контрреволюциялық ұйымы» туралы іс Д.Әділевтен басталып А.Байтасовпен аяқталатын алдыңғы тергеудің заңды жалғасы ретінде қарастырылған. Мәскеудегі Бутырка түрмесіне айдауылмен жөнелтілген А.Байтұрсынов, Х.Ғаббасов, М.Дулатов, М.Есполов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, А.Бірімжановпен бірге Д.Әділевті, Ә.Байділдинді жібермей, тергеушілердің оларды Алматыда алып қалуында үлкен мән бар. Д.Әділевтің «астыртын ұйымның кестесінің» және Ә.Байділдиннің әшкерелеуші көрсетінділерінің негізінде «Алашордашылардың» екінші тобын тұтқынға ала бастады. Мәскеуге жөнелтілген тергеу ісінің уақытша кері қайтарылуын өтініп жазған ОГПУ бастығының қызмет бабындағы хаты соған дәлел. Ал Х.Досмұхамедовке қарсы Д.Әділевтің:

«Халел Досмұхамедов, Кәрім Жәленов, Иса Қашқынбаев, Уәлихан Омаров отырыс өткізіп, ұйымды кеңейтудің жолдарын қарастырды, оның әдіс-тәсілдерін ойластырды. Бағдарламаны Халел Досмұхамедов жасады. Мақсаты: большевиктер құлаған соң Қазақстан буржуазиялық-демократиялық ұлттық тәуелсіз республика болмақ. Құрылтайда Ата Заң қабылданады. Әскери құрылым бір орталықтан - Түркиядан басқарылады. Бағдарламаның аты - «Алаш еріктілері» партиясының платформасы деп аталады - десті ғой деймін. Бағдарламаның түпнұсқасы ұйым хатшысы, қазір Орал қаласында жүрген Кәрім Жәленовте сақталды. Жас оқытушылар мен студенттерді ұйымға тартты. Орынбормен байланыс үзілген жоқ. Бірақ онда тек қана Байтұрсынов қалды. Өйткені Дулатов пен Әлихан Бөкейханов Семейде тұтқындалып, кейіннен Орынборға айдауылмен әкелінген болатын. Сәрсенов пен Елдес Омаров та жоқ болатын. Олардың Семейге барған-бармағанын білмеймін. Өзбектерден ұйымға Миржалилов өкіл ретінде қатысып, Жәленовпен бірге жүрді. Бұл оқиғаның барлығы 1921-жылдың аяғында, 1922-жылдың басында өтті»,- деген көрсетіндісі айғақ ретінде пайдаланған.

Тергеу барысында қилы-қилы қитұрқы арандату тәсілдері қолданылған. Алдыңғы тергеулердің тұсында тақыстанған «төтенше комиссияның мамандары» екінші топта жауапқа тартылғандарға ерекше дайындықпен келген және жауаптарын тиянақты түрде хаттап, бірден Д.Әділев көрсеткен «астыртын ұйымның жұмысы» туралы сұрақтан бастаған. М.Тынышбаев пен Х.Досмұхамедовке тағылған айып та, қойылған сұрақ та, олардың реті де бірдей. Соған орай қайтарылған жауап та мазмұндас. Олардың алғашқы көрсетінділерінде абдырап қалғаны байқалады. Ол көрсетінділерде астыртын ұйымның  болғанын мақұлдауға бейімділік бар. Ал кейінгі жауаптарында: ешқандай да ұйым болған емес, тек көзқарасы ұқсас адамдардың екеуара пікір алысуы ғана болды,- деген уәжді ұстанады.

Мұндағы қарастырылған жайлардың мазмұны мен қисындары, себеп-салдары алдыңғы тарауларда, әсіресе, Д.Әділевке қатысты тұстарда барынша қамтылғандықтан да және қайталауға ұрынбас үшін біз мәтіннің арасына өзгелердің жауаптарынан қысқаша дәйек бере отырып, жалпы жауаптың өзін бөліп-жармай толық беруге ұмтылдық. Сондай-ақ бір сарынды, қайталана тәптіштелген хаттамалардың ішінен негізділерін таңдап тәржімаладық. Біздің пайымдауымызша, сондай кең ауқымды мәтіннің бірі - Х.Досмұхамедовтің қарашаның 6-жұлдызы күнгі жауабы. Мұнда алдыңғы және кейінгі сұрақтарға берілген жауаптардың басы қосылып, тұтастық сыпат алған. Сонымен:

«1930 жылы 6-қараша күні айыпталушы Халел Досмұхамедовтен алынған тергеу жауаптарының хаттамасы.

Х.Досмұхамедов: «1). Ташкенттегі қазақ зиялыларының контрреволюциялық ұйымы бізге дейін де болуы мүмкін. Оған біз қатысқан жоқпыз. Ал Жаһанша Досмұхамедов, Мұхамеджан Тынышбаев қатысқан ұйым 22-жылы құрылды да, 24-жылдың басына дейін жұмыс істеді».

М.Тынышбаев: «1) Біздің Ташкенттегі ұйым 22-жылдан бастап жұмыс істеді. Голощекин жолдасқа белгілі болған құжаттарға қарағанда Орынбордағы ұйым 20-21 жылдары құрылған сияқты. Мен бұл мәселені 22-жылы сәуір айында Заки Валидовтің сөзінен білдім».

Ж.Досмұхамедов: «Халел Досмұхамедовтің сөзінде жалғыз-ақ шындық бар. Ол жоғарыда айтылған келеңсіз отырыс қана».

Сұрақ-жауаптың келесі хаттамасында Х.Досмұхамедов те, М.Тынышбаев та астыртын ұйымның болғанынан бас тартқан.

«Х.Досмұхамедов (жалғасы): «2). Ұйымның құрылуына шығыс Бұқарадағы оқиғалар мен Заки Валидовтің, Әнуар пашаның келуі ықпал етті».

З.Валидов: «Кеңес өкіметі жағына шықпас бұрын саяси күштерді біріктіру мақсатында коммунистік партиядан өзге, социалистік партия құру мәселесімен айналыстық. Бастапқыда оның теориялық тұғырнамасын жазумен Ильяс Алкин айналысты. Ол азат социалистік партия аталуы тиіс еді. Бұл туралы қазақ жетекшілеріне хабарлай отырып, оларға: «Алаштың» неосоциалистік қоғамдық-экономикалық платформасының негізінде Қазақ социалистік партиясын құруды ұсындық. Бағдарламаны біз әзірледік. Оның бір данасын қазақтарға бердік. Кейіннен бұл бағдарлама (1926) Прагада жарық көрді...» (282-бет).

Большевиктердің қасақана арандатуымен Прагада жарияланған бұл құжат «Алаш» партиясының мүшелерін тегістей «шет ел шпионы» етіп шығаруға тікелей себепкер болды.

М.Тынышбаев (жалғасы): «Дулатов не Бірімжанов екеуінің біреуі: шығыс Бұқарада Әнуар паша жүр. Оның қасында Заки Валидов бар. Соңғысының қасында Башкириямен байланыс жасайтын башқұрт көмекшісі бар. Өзбектермен бірігіп күреспек. Заки Валидов бұған қазақтарды да тартуды ұсыныпты. Өзбек басшылары арасынан Мінауар Қари мен Ходжаев қолдамақ екен - дегенді айтты. Дулатов, Бірімжанов, Есполов  бұл мәселеге қызу араласты. Жаһанша Досмұхамедов: бұған қатты қарсы болып: мұның бәрі қыртымбай нәрсе, жалғыз атты қонаққа сеніп, бастан айрылуға болмайды - деді».

Ж.Досмұхамедов (жалғасы): «Бірімжановты Бұқараға жіберу туралы сөз болғанда мен ашулана жауап бердім: «Жалғыз башқұрт (Валидов - Т.Ж.) жалпақ Түркістанның халқын бостандыққа жеткізе алмайды. Оның үстіне ешқашан да қолына мылтық ұстап көрмеген, сөз сатқан өзбектердің күшімен Түркістанды жаулап ала алмайды. Ол халықты адастырады. Олардың ісі сөзсіз сәтсіздікке ұшырайды. Тек жазықсыз адамдарды құрбандыққа ұшыратады. Сондықтан да олармен байланыс жасаудың да, сол үшін топ құрудың да қажеті жоқ, тек сіздердікі сияқты төтенше мекемелердің назарын аударады», - дедім».

Х.Досмұхамедов (жалғасы): Екінші жағдай: Мәскеудегі оқиғалар және Болғанбаев пен Әділевтің келуі итермеледі. Егер де қазақ коммунистері әлсіздік көрсетіп, еуропалықтардың алдында дәрменсіздік танытпаса, қазақтардың мүддесін қорғай білсе, мүмкін онда бұл ұйым құрылмайтын да еді. Сондықтан да мұндай үстемдік пен өктемдікке қарсы біліміміз бен күшімізді пайдаланып, ұйымдасқан түрде күресу үшін ұйым құру қажеттігі туды. Бұл тұрғыдан алғанда коммунистер де бізді қолдады. Ұйымның алғы шарттары осындай».

Шындығында да, егер өкімет басындағы «голощекиндік националдар» С.Сәдуақасовтың:

«Біз осы не үшін жаға жыртысып, құлшына күресіп жатырмыз? Ал осы бүгінгі шындыққа тереңірек зер салған кісі бар ма? Қазақстанның өзінше республика болғанына  6-шы жыл, ал Кеңес билігіне - 9 жыл, біздің жетістіктеріміз қайда, біз қайда барамыз, кейін не ілгері ме, жоқ әлде орнымызда тұрмыз ба?»,- деген өзекті сұрағын өздеріне де қойып, соған жауап беруге тырысса, мүмкін, алашшыл азаматтар мұндай тәуекелге бармас па еді, кім білсін.

Х.Досмұхамедов (жалғасы): «3). Сұраққа жауап: Ұйымның құрамында Халел Досмұхамедов пен Жаһанша Досмұхамедов, Тынышбаев, Есполов, Әділев Дінмұхамед, Қашқынбаев Иса, Бірімжанов және Жәленов болды».

М.Тынышбаев (жалғасы): «Бірде мені Халел Досмұхамедов үйіне шақырды... Отырысқа Халел Досмұхамедов, Мырзағазы Есполов, Дулатов, Жаһанша Досмұхамедов, мен, Бірімжанов және Иса Қашқынбаев қатысты».

Тергеушінің: «Өзбектерден кім бар еді?»,- деген сұрағы жауапсыз қалған.

Х.Досмұхамедов (жалғасы): «4). Сұраққа жауап: Мен - Халел Досмұхамедов, Түркістан республикасының Оқу-ағарту халық комиссариятына қарасты ғылыми комиссияның төрағасы болып қызмет атқардым. Жаһаншаның қайда істегенін білмеймін, ол жалпы заңгер ғой. Тынышбаев пен Есполов Жер жөніндегі комиссариатта істеді. Жәленов Түркістан университетінің студенті, Қашқынбаев ординатор-ұйымдастырушы болды. Әділевтің не істегені маған белгісіз».

Халел Досмұхамедов жетекшілік еткен Ғылым комиссиясы 1922 жылы ғана 622 кітап шығарды, оның 33,7 пайызы қазақ тіліндегі басылымдар.

Х.Досмұхамедов (жалғасы): «5). Ұйымға мүше ретінде орталыққа жақсы таныс, кепілдік бере алатындай зиялылар тартылды. Төралқасына бес адам сайланды. Әділев: әр адам өзіне жақсы таныс бір адамды тартуға ерікті болсын, - деді. Бұл ұсыныс қазақтардың дәстүріне жат болғандықтан да қабылданбады. Біз коммунистерді іске тартпадық, оларға айтқамыз да жоқ. Негізгі міндетіміз - өзімізге етене таныс зиялыларды ұйымға тарту еді. Түркістандық зиялылардың ішінен Тынышбаевті ғана тарттық, одан басқа ешкімді танымайтынбыз. Біз оның өзімен қоса, онымен  рулас туыстары да біздің соңымыздан ереді деп үміттендік. Жалпы ауылдық жерлерде рулық белгі басты қызмет атқарады, бұл арада ол біздің ұйымға да өз септігін тигізеді деп ойладық».

М.Тынышбаев (жалғасы): «Әр қаладан ұйымның бөлімшелерін ұйымдастыру керек. Қажет кезінде олар іске шұғыл араласуы тиіс деп шештік. Алматы мен Шымкент қаласындағы топты ұйымдасыру маған тапсырылды. Мен Алматыдан - Сүлеевті, Шымкенттен - Кенесаринді ұйымға тарту керек деп ұсыныс жасадым. Өзге аталғандардың аты-жөні есімде жоқ».

Х.Досмұхамедов (жалғасы): «6). Сұраққа жауап: ұйымның саяси және экономикалық бағдарламасына келетін болсақ, бізге - жалпыға ортақ сайлау құқығына негізделген Халықтық Ұлттық Демократиялық Республика керек деп есептедік. Мемлекеттік өкілетті заңды орган - Парламент болуы тиіс. Президенттік басқару мәселесі талқыланған жоқ. Ауыл шаруашылық мәселесіне келетін болсақ, онда міндетті түрде реформа жүргізілуі тиіс. Біз: жерге міндетті түрде мемлекеттік меншік орнауы тиіс, жерге жеке меншік жойылуы керек. Егер де жер билігі мемлекеттің қолыңда болса, онда байлар мен феодалдарды қысып ұстауға болады. Оның есесіне біз европалықтардың жерге қоныстануына қарсы болдық. Жерді ең алдымен еңбек шартымен жергілікті халыққа бөліп беру керек. Қашан қазақтар шаруашылыққа бейімделіп, жерді өзара толықтай игергеннен соң ғана қоныс аударушыларға телімге рұқсат етуге қол жеткізуге болады. Мал шаруашылығы саласында қалыптасқан шаруашылық үрдісін сақтау, қуаң және жартылай қуаң жерлерді суландыру, су реформасын жүргізу, өнеркәсіпті дамыту мәселелері алға міндет етіп қойылды. Ұйымның бағдарламасын мен, Жаһанша Досмұхамедов және Тынышбаев жасады. Бағдарлама кімде сақталғаны есімде жоқ, Әділевте ме, жоқ, Жәленовте ме, білмеймін».

Д.Әділев (жалғасы): «Бағдарламаның аты - «Алаш еріктілері» партиясының платформасы деп аталады», - десті ғой деймін. Бағдарламаның түснұсқасы ұйым хатшысы, қазір Орал қаласында жүрген Кәрім Жәленовте сақталды. Жас оқытушылар мен студенттерді ұйымға тартты».

Тергеушіге берілген жауаптағы бұл көрсетінді 1921-1922 жылғы астыртын ұйымның емес, «Алашорданың» мемлекет билігі туралы басты құрылымдық ұстанымы болатын. Онда:

«Россия - демократиялық федеративтік республика болуы тиіс. Федеративтік республиканың құрамындағы әр мемлекет өзінше дербес және әр қайсысының өзін-өзі тең дәрежеде билеу мен мүддесін қорғау құқы болуы керек. Үкіметтің басында Құрылтай кеңесі тұрады, дүбаралығында - Құрылтай кеңесі мен мемлекеттік Дума белгілі бір мерзімге сайлаған Президент билейді. Президент Министрлер кеңесі арқылы басқарады, ол Құрылтай кеңесі мен мемлекеттік Думаның алдына жауап береді. Заң шығарушы өкімет тек қана мемлекеттік Думаның қолында болады, ол үкіметті бақылауға алу құқына ие болады. Тегіне, дініне, жынысына қарамастан барлық азамат сайлау құқына ие. Депутаттарды сайлау бәріне бірдей ашық және жасырын жүргізіледі»,- деп жазылған еді.

З.Валидов: «Жадитшілдер» мен социалистік «Ерік», қазақтардың «Алаш» партияларымен бірігіп мен ұсынған жеті тармақтан тұратын Ортақ бағдарлама қабылдадық: 1. Тәуелсіздікке жету; 2. Демократиялық мемлекет орнату; 3. Ұлттық армия құру; 4. Экономикалық басқару құрылымын орталықтандыру: темір жолдар мен қазба арналарды (каналдар) Түркістанның ұлттық меншігі деп жариялау; 5. Оқу-ағартуды жүйесін жаңарту және орыстардың ықпалынсыз батыс мәдениетімен тікелей байланыс жасау. 6. Ұлт мәселесі жөнінде: мектептерді және мемлекеттің табиғи байлығын мемлекеттегі ұлттардың үлес салмағына сәйкестендіре бөлу; 7. Толық діни еркіндік, дін істерін мемлекет ісімен араластырмау. Қазақтар Діншені өкіл етіп қалдырып, елдеріне қайтқан соң, соңынан келген «Жадитшілдер» мен «Ерік» партияларының жеке-жеке бағдарламалары қабылданды. Бұл - Бұқарада бас қосуымыздың негізгі нәтижесі еді...».

Х.Досмұхамедов (жалғасы): Ұйымның басты құрылымы екі жағдайды ескере отырып қарастырылды: бірінші, кеңес өкіметі құлаған жағдайда, екінші Әнуар паша жеңілген жағдайда не істеу керектігі басты назарға алынды. Бірінші жағдайда - кеңес өкіметі құлаған жағдайда Қазақстан демократиялық-федеративтік республика дәрежесінде Түркістанның негізгі бір құрылымы ретінде өмір сүреді. Ал екінші жағдайда: Қазақстан Түркістанның құрамына кірмейді, ССРО-ның құрамына дербес республика ретінде кіретін болады, - деп ұсыныс жасалды. Біз ол кезде сіздердің федерация туралы шешімдеріңізді білмейтін едік, ол кезде Түркістанды өзбек басшылары билеп-төстейтін, жобаны жасаған да солар болатын. Қазақтардың өзбектермен аралас тұратынына қарамастан, біз өзбектердің бұл ұсынысына мүлдем қарсы болдық. Өйткені біздің басты мақсатымыз - барлық қазақтың басын қосу болатын. Біз тіпті қытайдағы қазақтарды да қосып алудың жолын қарастырдық. Әрине, олар өздері мекендеп отырған территориясымен қазақтың құрамына кіру керек - деп есептедік. Бұл жоспар сол қиял күйінде қалды, іс жүзінде еш нәрсе де атқарылған жоқ. Бұған қазақстандық қазақтардың қалай қарайтыны маған белгісіз. Жат жердегілердің жағдайы өте ауыр күйде, өмір сүру дәрежесі төмен, сондықтан да бірігуге қарсы бола қоймас деп ойладық».

М.Тынышбаев (жалғасы): «...Ұйымның саяси-экономикалық бағытына келетін болсақ мынадай ұсыныс жасалды. Бірінші: Қазақстан Ұлттық Демокаратиялық республика болуы тиіс. Қазақстан географиялық және тарихи тұрғыдан Ресеймен де, Орта Азиямен де тікелей байланысты. Орта Азия федерациясының құрамына Өзбек, Түркімен, Қарақалпақ және басқа да ұлттар кіреді».

Х.Досмұхамедов (жалғасы): «Марсековтің Шығыс Түркістанға өтіп кеткенін естігенмін, бірақ онымен ешқандай байланысым жоқ. 22-жылдары Шығыс Түркістандағы (жауапта Шығыс Қытайда деп жазылған, ал бұл өңір негізінде Қытайдың батыс өлкесі болып келеді -Т.Ж.) жағдайды талдап, ұсыныс жасау үшін онымен байланыс жасау ісі Тынышбаевқа тапсырылды. Ол Семей арқылы хабар салып, Орынбормен байланысуы тиіс еді. Бұл мәселенің қалай аяқталғаны дәл қазір есімде жоқ. Алайда бұл біздің басты мақсатымыздың бірі болатын».

Алаш қозғалысы мен «Алашорда» үкіметі көсемдерінің бірі болып табылатын заңгер қайраткер, публицист Райымжан Марсеков (1879-1939) - қазақ қоғамының саяси өмірінен өзінің лайықты бағасын алмаған, өмірінің соңғы беттері құпия қалпында қалған тұрлаулы тұлғаның бірі де бірегейі. «Алашорда» астанасы Семейге ауысқанда оның барлық заңдық, шаруашылық саласын басқарған, Семей губерниялық қазақ комитетінің, Семей губерниялық жер басқармасының, жалпыалаштық уақытша қазақ сотының төрағасы болған Райымжан Марсеков Уақытша үкіметтің, Сібір үкіметінің, кеңес өкіметінің алдында «Алашорда» үкіметінің заңдық билік тұтқасын мойындатуға тікелей және дербес атсалысқан, бүгінгі тілмен айтқанда тәуелсіз қазақ елінің тұңғыш бас соты болып табылады. Ол:

«Алаш жасағының Жетісудағы жеңістерінен кейін, Алаш қозғалысын басқарған қайраткерлердің беделі артып, халықтың көкейкесті саяси және әлеуметтік-экономикалық талаптарын орындатуда шешуші қызмет еткен, жалпы қауымның жаппай қолдауына ие болып отырған алашордашылардың мемлекеттік құзырын талап етіп, қатаң ұлттық саясат ұстанып отырған үкіметті сот арқылы жауапқа тарту үшін дербес қазақ сотын құруды»,- биліктен талап етіп, бұл мақсатына 1917 жылы 8 маусымда қол жеткізді.

Өзі төрағалығына сайланды. 1918 жылы Сібір үкіметімен үлкен қақтығысқа барып, олар:

«Түрік-татарлардың «Алашорда» үкіметін мойындамау керек, оларды тек қана мәдени автономия ретінде тануға тиіспіз»,- деп  «Алашорда» үкіметінің почта байланысын тегін пайдалануына тыйым салды, Р.Марсеков қазақ комитетінің төрағасы, жалпыалаш сотының бас соты ретінде:

«Егер де үкімет мекемелері «Алашорданы» мойындамаған жағдайда онда қазақ халқы Сібір үкіметінің ешқандай талабын да, өкімдерін де орындамайды. Сібір үкіметінің бір де бір өкімі жергілікті жерде таратылмайды»,- деп мәлімдеп, жергілікті байланысты үзіп тастады.

Армияны жасақтауға қатты кедергі келтіретін мұндай қатаң шараға орай Министрлер кеңесі арнайы тексеру ұйымдастырды, Крот Ішкі істер министріне құпия ілеспе хат жолдап, өзінің Р.Марсековпен ешқандай жеке басының араздығының жоғын айтып, онымен татуласудың амалын қарастыруды өтінді. Большевиктердің ықпалындағы семинария оқытушысы Н.Құлжановтың арнайы жарғысы жасалмаған қазақ сотын сынаған мақаласына орай «Жалақорға жауап» атты мақала жазып, онда:

«Заңның күрделі мәселелеріне жолбикелердің жол көрсетуі ортақ іске пайда әкелмейді... Меніңше, Құлжанов, бүкіл бір халықтың құқықтық кодексін жазып шығуды - газет үшін сүйкете салған жалақорлық мақала сияқты жеңіл іс деп ойлайтын болуы керек... Төңкеріс тұсында неше түрлі қылмыстылар бас көтерді, қыр еліндегі мұндай жағдайға қарсы шұғыл күресуді қажет етеді, комиссия шақырып, кодекстің баптарын, айлап, жылдап талқылайтын уақыт жоқ. Сондықтан да осы уақытқа дейін елімізде қолданылып келген заңдарға сүйене отырып уақытша ұлттық сот құрылды»,- дей келіп, Н.Құлжановтың пікірлерінің тиянақсыздығын дәлелдеп, оның «большевиктердің пайдасына тыңшылық еткен қызметі үшін» айыптады.

Ұсақ-қарыз мойынсеріктігін жолға қойып, одан түскен пайданы оқу ағарту, денсаулық, мал емшілігі ісіне жұмсауды ұсынды және оған қол жеткізу үшін:

«Жер басқармасы мәслихаты: осы жылдың 6-ақпан күнгі тұрғындарды астықпен, күнделікті тұтынуға қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етуді басқарманың қарауына беру туралы ұсынысынан бас тартпайды, өйткені, ерекше өкілдердің құзыры тұрғындардың талабына жауап бере алмайды. Жоғарыда аталған өкілдердің тұрғындарды қамтамасыз етуге атсалысатынын ескере отырып, тұрғындардың сұранысын қанағаттандыратын шараға жер басқармасы тікелей айналысуы тиіс, сондықтан да облыстық басқарманың жанынан азық-түлік бөлімін ашу, оған мойынсеріктер мен өзге де қоғамдық ұйымдарды тарту ерекше қажетті шара болып табылады»,- деген (Д.Аманжолова. На изломе. Стр:180-381) ұсыныс айтып, қаулы қабылдатты.

Өйткені, азық-түлік мәселесі, ол кезде өмір мен өлімнің құнымен пара-пар еді. 1922 жылы кеңес өкіметі «Алашорда» қайраткерлерін жаппай қуғынға алып, Ә.Бөкейханов пен М.Дулатовты түрмеге қамаған тұста Р.Марсеков те жауапқа тартылады. Ол өзіне қойылған:

«Кеңес өкіметінің қай саладағы саясатымен келіспейсің?»,- деген анкеталық сұраққа:

«Қазақстан республикасына өзімен көрші мемлекетпен сауда келісім шарттарын жасау құқы берілмеген. Украина республикасына өзіне көрші мемлекетпен сауда келісім шартын жасау құқы берілген, ол мұны толық пайдаланып отыр, ал қазақ республикасы федерация мүшесі ретінде ондай құқыққа ие емес»,- деп жауап берді.

Осыдан кейін-ақ өзінің де өмір сүру құқына ие болмайтынын біліп, «Алашорданың» шет елдегі бөлімшесін ұйымдастыру үшін 1918 жылы сәуір айында А.Байтұрсынов пен М.Дулатовты бастап апарған Шығыс Түркістанға қоныс аударады. Онда мәдени-ағарту жұмыстарымен айналысып, газет ұйымдастырады. 1939 жылы кеңес өкіметінің тапсырмасымен тұтқындалып, құпия жағдайда шекаралық аймақта тұншықтырылып өлтірілді. «Алашорда» қайраткерлерін халықаралық қылмыскер ретінде көрсету мақсатымен тергеушілердің Х.Досмұхамедовтен Райымжан Марсеков туралы суыртпақтап сыр тартуының себебі де сонда. М.Тынышбаев бұл сұрақты орағытып өтіп:

«Заки Валидовтің қозғалысына біз принциппен қарадық та, ешқандай байланыс орнатпадық. Қызмет бабымен Алматыда да, Қарақұмда (?) жүргенде де Досмұхамедов Халелмен бұл мәселені талқыламағанымды, ұйым атынан ешкімге ешқандай тапсырма бермегенімді, тапсырма алмағанымды анық білемін...»,- деп жауап береді.

Х.Досмұхамедов (жалғасы): «7). Күрес тәсілі мынадай: біз, яғни, ұйым мүшелері кеңес өкіметінің барлық құрылымына қызметке кіріп, осы бағдарламаны жүзеге асыруға ықпал ету болатын. Соның ішінде сіздердің ірі орындарда отырған қызметкерлеріңіздің ара салмағына талдау жасап, есепке алу да (қанша адам, қайда, қандай дәрежеде жұмыс істейді дегендей) міндет етіп қойылды. Саяси бағдарламаның басты бір тармағы - ұлыдержавалық шовинизм мен патшалық қанаудың сарқыншағына қарсы күрес жолына арналды. Партияда жоқтар мен коммунистердің, соның ішінде ұлыдержавалық-шовинистік өктем саясатты ұстанатын барлық еуропалық коммунистердің іс-қимылдарына талдау жасап отыру ұсынылды. Ұлы державалық шовинизмге қарсы күресіп жүрген еуропалық коммунистермен етене байланыс жасап, олардың атқарған шараларына көмектесіп отыру, ұлттық коммунистермен де тығыз байланыс орнатып, солар арқылы сіздердің саяси, экономикалық бағдарламаларыңызға ықпал ету тактикасы алға қойылды. Интервенция мен шет ел державаларының әскери көмегіне сүйену мәселесі талқыланған жоқ».

Олар өздерінің бұл талабын алғаш рет «Алашорда» үкіметінің атынан Ленин мен Сталинге жолыққанда:

«Біз тек: тағы да «өңін айналдырған» ұлы державалық үстемдік пен құлдықтың орнауына, сондай-ақ қазақтардың тағы да ұлы державалық ұлттың саяси қызметшісі мен қолшоқпарына айналуына барлық жан-тәнімізбен қарсымыз», - деп ашық мәлімдеген болатын.

Х.Досмұхамедов (жалғасы): «8). Кеңес өкіметіне қарсы көтеріліс ұйымдастыру мәселесіне келетін болсақ, егер де Әнуар паша мен Заки Валидовтің әскері Ташкентке шабуыл жасаса, әрине, оларға көмектесуге тиісті болдық. Біздің жағдайымызда мұны (көтерілісті -Т.Ж.) жүзеге асыруды армандауға да болмайтын. Өйткені біздің бәріміз де сырттан келгендіктен де, жергілікті тұрғындармен байланысымыз жоқ еді және тұрғындар да ұлттық тегі жағынан құрама  болатын. Сондықтан да жарытып ештеңе атқара алмадық.

9). Алдында айтқанымдай, Германияға оқуға кеткен студенттерге: олардың қолында біздің ұйымның мүшелік билеттері болуға тиісті еді әрі олар үкіметтің ұсынысымен оқуға жіберілгендерін айта жүруі керек,- деп ескерттім. Оларға мен ешқандай тапсырма бергемін жоқ... Мүмкін Орынбордағы ұйым тапсырма берген шығар. Мұстафа Шоқаймен ешқандай байланысымыз болған емес. Ол біздің жақтасымыз болып есептеледі, алайда, шын мәнінде ол біздің жақтасымыз болып табылмайды, өйткені ол ішкі күрестен шеттеп кетті».

З.Валидов: «Бұл құрылтайда: «Түркістан ұлттық бірлігі» орталығын сырттан басқару үшін менің Түркістанда қалмай, Иран, Ауғанстан және Үндістан арқылы Еуропаға кетуімді, Мұстафа Шоқайұлының да шетке кетуін мақұлдады. Маған осыған байланысты Құрылтай төрағасы қол қойған құжат та берілді. Арамызда шет тілін жетік білетін адам болмағаны үшін бұл құжат орысша және түрікше бір кездеменің  бетіне жазылды. Жұбайымды да бірге әкетуіме пұрсат берілді»,- дейді (447-бет).

Осы астыртын жиналысқа қатысқан «Алашорда» үкіметінің мүшелері, оның ішінде Х.Досмұхамедов те эмиграцияға кетуге өздеріне-өздері тыйым салып:

«Қазақтың - Қазақстаннан басқа отаны жоқ. Сондықтан да қазақ үкіметінің мүшелері қазақ ішінде қалуы тиіс»,- деген шешімге келді.

М.Тынышбаев (жалғасы): «Шет елдегі қазақтар туралы мен еш нәрсе білмеймін. Ертеректе Шоқаевқа хат жазған болатынмын. Мазмұны есімде қалмапты. Жалпы алғанда Шоқаевты мен жақтырмайтынмын. Мен оны таяз адам деп есептейтінмін. Шетелге өтіп кеткеннен кейінгі Шоқаевтың тағдыры не болғаны белгісіз және онымен ешқандай байланысым жоқ».

М.Тынышбаев пен М.Шоқайдың саяси көзқарас алшақтықтары 1917 жылғы Түркістан мұсылмандарының құрылтайында басталған болатын. Онда М.Шоқай федеративтік құрылымға қарсы топтың қатарында қарсы дауыс берді. Сондай-ақ алаш қайраткерлерінің мүмкіндіктері бола тұра олардың шет елге бас сауғалап кетпегендігі де жоғарыдағы шешімге байланысты болатын. Ал халық мұғалімі С.Тұрынтаев мұны:

«Олар амалы қалмаған соң, ешқайда қашып құтыла алмайтын болған соң ғана большевиктер жағына шықты, олар Кавказға өтіп кетуді де қарастырды, бірақ ондағы қымбатшылық пен соғыс жүріп жатқанын біліп, тоналып, оққа ұшып кетуден сескеніп, күнкөрістік күйлері болмағандықтан да райларынан қайтты»,- деп «түсіндірді».

Х.Досмұхамедов (жалғасы): 10) Ұйымның тұрақты қаражат қоры болған емес. Қаражатты кім жинағанын есіме түсіре алмай тұрмын. Бірімжанов Бұқараға жүрер алдында ақша жинадық. Заки Валидовпен жолығуға барарда Әділевке де ұйым мүшелері өзара келісіп 25-30 сомнан қаражат жидық».

Бұл арадағы басты мақсат - Әлихан Бөкейханов тергеу басталғаннан кейін жұмыссыз, күнкөрістік қаражатсыз қалған кезінде ең жақын жанашыр достарының ақшалай көрсеткен көмегін, ұйымның қаражаты есебінде хаттамаға түсіру. Сөйтіп, қарулы көтерілісті ұйымдастыру үшін қаржы жинақталды,- деген сылтаумен Ә.Бөкейхановты тұтқынға алу. Әрине, тергеушілер дегеніне жете алмады. Ал Бірімжанов болса өзінің Бұқараға баруының басты мақсаты - аштарға көмек қаржысын жинау екенін айтады.

Х.Досмұхамедов (жалғасы): «11). Басқа республикалардағы контрреволюциялық ұлтшыл ұйымдармен байланыс былай жүргізілді. Мысалы Орынбордағы ұйыммен бастапқыда Байтұрсынов арқылы хабарласып тұрдық. Бұл ұйым өзінің өкілі ретінде Байтасов пен (Далел - Т.Ж.) Сәрсеновті ұсынып, барлық мәселені солармен кеңесіп шешуді тапсырды. Одан басқа нұсқау болған жоқ. Жаз айында мен, Тынышбаев және Жаһанша Досмұхамедов үшеуміз өзара ақылдастық. Менің білуімше, Орынбордағы ұйым өзінің жұмысын ертерек бастаған сияқты. Олар өз істерін бізден дербес жүргізді. Түркістан майданындағы жағдайдың күрт құлдырап кетуіне байланысты біз де (Жаһанша Досмұхамедовті, Тынышбаевті және өзімді айтып отырмын) тыныш жатып, бассауғалауды дұрыс деп шештік. Жастардың арасында «Алаш» бағдарламасына іш тартатын ұйым бар деп естідім. Біз олардан мәселенің анық-қанығын біліп беріңдер деп тапсырма бердік, бірақ та Байтасов пен Әділев жүрексінді ме, ештеңе айтпады. Орынбор мен Ташкент ұйымдарының арасындағы байланысты Байтұрсынов арқылы жүргізеді, оған Әділев байланысшылық етеді - дестік. «Алашорданың» бағыт-бағдарындағы (жетекшілері Байтұрсынов пен Биахмет - Т.Ж.) Сәрсенов) ұйым жұмысын баяндайтын құжаттардың ешқайсысы да сақталмады. Орынбордан Қызылордаға келгенімде алашордашылардың ешқайсысымен сөйлескемін жоқ».

Келесі тергеуде бұлардың жолдаған хатына:

«Байтұрсынов: Сендердің ұйымдарыңды және бағдарламаларыңды, сондай-ақ оған қатысқан мүшелеріңді біз мойындамаймыз»,- деген сәлем айтқаны туралы мағлұмат беріп, Орынбор мен Ташкенттің арасында қандай да бір байланыстың болғанын жоққа шығарды.

Х.Досмұхамедов (жалғасы): «Бұқара қаласында өзбектердің осындай ұйымы бар екенін, ол үкіметтің жетекшісі Исымов Қаримен 23-жылы таныстым. Бірақ біздің ұйым олармен байланыс жасаған жоқ. Олар жадидтік бағытты ұстанады, үлкен әрекетке қабілеті жетпейтін. Әнуар паша мен Заки Валидовтің бағдарламалары қандай, не ойлағандары бар, нені мақсат етеді, қазақтармен қарым-қатынастары қандай, соны білу үшін Бұқараға Бірімжановты жібердік. Біз екі республиканың аражігінде тұрмыз, сондықтан да біздің мақсатымыз Қазақстан мен түркістандық қазақтарды біріктіру екенін білдірдік. Бірімжановтың Бұқарадан қайтып келгеннен кейінгі жауабы маған белгісіз. Кейін Әділевтің де басмашыларда болғанын естідім. Бірімжанов пен Әділевті Орынбор ұйымы 22-жылы жіберіпті. Екі республикадағы ұйымның өзара байланысы болған жоқ».

З.Валидов: «...Сол күндері қазақ қайраткерлері де және Ташкентте де осы бағытта жұмыстар жүргізіліп жатты. 1919 жылдың наурызында Башқұртстан облыстық коммунистік партиясы құрылды, біз Түркістандағы социалистік қозғалыстың басын біріктіріп, дербес социалистік партия құрып, оны Россия компартиясынан бөліп алып, ІІІ интернационалға дербес мүше ретінде кіруді жоспарладық... Бұл кезде қазақ пен өзбектің көрнекті қайраткерлері Низам Ходжаев, Тұрар Рысқұлов, Ахмет Байтұрсынов Москвада болатын. Орталық Комитеттің жанындағы мұсылман коммунистері бюросы соңғы демін алып жатқан. Өліп бара жатқан осы ұйымды пайдаланып Түркістан, Қазақстан, Башқұртстан, Бұқара мен Хиуа облыстық компартия ұйымын ықпалымызда ұстауды көздедік. Бұл бағыттағы жұмысты жандандыру үшін Башқұртстанда жүрген кезімнің өзінде Түркістанға 14 адам жіберген болатынмын. Бұл жұмыс Москвада бұрынғыдан да кең ауқымда жүргізілді»,- деп (268-бет) еске алады.

М.Тынышбаев (жалғасы): «4) Ұйым террорлық іс-әрекетті ұйымдастыруға ұйғарым жасаған жоқ. Бірақ та Жаһанша мен Халел Досмұхамедов үндеу жазып таратуға тиісті болды. Шымкенттегі Даулет Ибрагимов кейін бұл шарадан үмітін үзіп, бойын аулақ салды. Әнуар Паша күйрегеннен кейін және Заки Валидовтің өкілдік мәселесі шешілмегеннен соң, ұйым қайтып кеңес құрған емес. Өз-өзінен тарап тынды. Біз Кеңес өкіметі жағына шығып өзіміздің іскерлік қасиетімізді көрсетуге тырыстық. Біз жобаның екінші нұсқасында көрсетілгендей, ССРО-ның құрамындағы республика ретінде өмір сүру керектігін мойындадық. Коммунистер өкіметінде сайқымазақпен күн көре береміз деп шештік».

Х.Досмұхамедов (жалғасы): «12). Менің және ұйым мүшелерінің айналысқан қызметіне келетін болсам, мен ғылыми баспаны басқардым. Соның ішінде қазақ тілінде көптеп кітап шығаруға ерекше көңіл бөлдім. Сонымен қатар Оқу-ағарту халық комиссариатында да қызмет атқардым. Тынышбаев - Жер жөніндегі комиссариатта істеді, Қашқынбаев - денсаулық сақтау саласындағы шаруашылық жұмыстарымен айналысты. Бірімжанов - «Ақ жол» газетінде, ал Жәленов пен Әділев - жастармен жұмыс істеді. Бұрын Түркістанда жарияланбаған оқулықтарды аударып бастық. Зоология, табиғаттану, анатомия, адам физиологиясы бойынша пәндік оқулықтар жарияланды. Қазір де сол оқулықтар басшылыққа алынып оқытылады. Олар кеңестік мектептердің бағдарламасы бойынша, эксперттердің пікір білдіруімен жарияланды. Ұлтшылдықтың ешқандай белгісі де жоқ. Сонымен қатар халық әдебиетінің үш томдық жинағын шығардым. Әрине, онда маркстік талдау жетіспейтін. Мен халық әдебиеті туралы бірнеше кітапты құрастырып шықтым. Үш оқулық орыс тілінде жазылды. Сыншылар: оқулықтарда ұлтшылдықтың салқыны бар. Ол  ұлтшылдық көзқарсын оқулықтар арқылы студенттерге насихаттап, өз ойын өткізіп жіберуге тырысты - десті. Алайда оған менің мүмкіндігім болған жоқ және бақылау да күшті болатын. Менің Ташкенттегі мәдениет саласына араласқан кезімде 25 атаудан астам кітап қазақ тілінде жарық көрді. Мен кеткеннен кейін бір кітап та шыққан жоқ. Бұл кітаптардың барлығын да ұлтшылдар жазған, солар аударған. Бұл оқулықтарда біздің бағдарламамыздың қазақ халқына қатысты негізгі мәселелері (тұрғылықты халықтардың саны, жер және басқа да мәселелер туралы) түсіндірілді».

Халел Досмұхамедов жетекшілік еткен Ғылым комиссиясы 1922 жылы ғана 622 кітап шығарды, оның 33,7 пайызы қазақ тіліндегі басылым болатын. Ол Институттың ғылыми Кеңесінің төрағасы ретінде:

«Халел Досмұхамедов 1923 жылы 11-шілде күні Москва қаласында өтетін Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесінде ұйымдастырылатын қазақтың тұрмысы мен этнографиясына байланысты шараға Ташкенттегі Қазақ ағарту институтының студенті Құрманбек Жандарбековтің әнші ретінде қатысуын ұсыныс етті, соған орай ол демалыстан шақыртылып алынды. Бүкілодақтық ауылшаруашылығы көрмесіне қатысқан қазақтардың көрмесінде Қазақ ағарту институтының оқытушысы, Ташкенттегі Қазақ ғылыми комиссиясының мүшесі Мағжан Жұмабаев ерекше ынта көрсетіп, белсенділік танытты. Көрмеге әр түрлі құжаттар, кітаптар, материалдар жинағы апарылды. Олардың ұзын саны 100-ге жуық. Солардың ішінде Темірдің Түркістандағы Ахмет Яссауидің мешітін салу туралы жарлығы, Иса Тоқтыбаевтың «Түркістанның жағырапиялық очерктері», Тұрар Рысқұловтың «Жетісу мәселелері» атты кітаптар бар»,- делінген (Ташкенттегі тұңғыш қазақ институты, Ташкент, 2005 жыл, 52-бет).

Алайда кеңес өкіметі мен тергеушілердің білім туралы көзқарасына жүгінсек, мұның барлығы барып тұрған «қастандық», Абайдың тілімен айтқанда, «бақас ғылым» еді. Оған «Айыптау қорытындысындағы» «Мәдениет майданындағы қастандықтар туралы» айыптаулары дәлел. Онда:

«2. Мәдениет майданы: Өздерiнiң жолын қуатын iзбасарларды дайындаудың аса маңызды мәселе екендiгiн ескере келiп, ұйым мүшелерi оқушы жастарды өздерiнiң қарамағына iлiктiру үшiн белсендi түрде қимылдады және оларды ұлттық рухта тәрбиелеуге ұмтылды.

«...1926 жылы оқу-ағарту институты бiздiң ықпалымыздан шығып кеттi, оның есесiне Ташкенттегi жоғары оқу орындарындағы партияда жоқ жастарды өзiмiздiң ықпалымызға қаратып алдық. Бiз мұны жоғары оқу орындарында оқып жүрген Байтасов пен Ысқақов арқылы жасадық. Бұл 1924-1926 жылдары жүргiзiлдi (Досмұхамедовтiң 22.IХ.30 жылы берген жауабынан № 2370-, 1 т., 220-бет).

Жастардың арасындағы өздерiнiң ықпалын күшейту үшiн және ұлтшыл рухтағы жастарды дайындау арқылы өздерiнiң идеяларын бұқара қауымның арасында кеңiнен тарату үшiн контрреволюциялық ұйым баспасөздегi, мәдени-ағарту мекемелерiндегi және ғылыми-зерттеу мекемелерiндегi, жоғары оқу орындарындағы, ең бастысы, әдебиет саласындағы контрреволюциялық әрекеттерiн өршiте түстi.

Астыртын ұйымның бұрынғы мүшелерiнiң көмегімен басылып шыққан кiтаптар - бұқара халықты ұлттық рухта тәрбиелеуге, хан мен батырлардың дәуiрiн аңсау сарынында, кеңес өкiметiне наразылық тудыру рухына бағытталды.

Жекелеген әдеби еңбектердi дайындау белгiлi бiр тәртiп бойынша жүргiзiлiп, ұйым мүшелерiне өзара бөлiнiп берiлдi. «Алқа» атты астыртын әдеби үйiрменiң өмiр сүруi әдеби еңбектердi белгiлi бiр тәртiп бойынша бөлiсiп дайындауға ұйытқы болды, оның бағыт-бағдарын («Табалдырықтың») анықтауға М.Жұмабаев және айыпталушылар Даниял Ысқақов, Халел Досмұхамедов, Мұхтар Әуезов пен Қошмұхамед Кемеңгеров қатысты.

(...) ж). Қазақ тiлiнде мыналар: Х. Досмұхамедов (қазақтардың тәуелсiз кезiндегi өмiрiн жырлаған, батырлар мен қазақ даласының құдiретiн баяндайтын ежелгi әндер мен халық аңыздары), Әуезов (өткен кездiң табиғаты мен ауыл өмiрiн эпикалық сарында әспеттей суреттедi, оларды үлгi етiп көрсеттi), Жұмабаев (сол сарындағы әндер мен өлеңдер), Тынышбаев (орыс тiлiнде - кең байтақ кең далаға қоныстанған бұрынғы тәуелсiз өмiрдiң, өзге халықтарға тәуелсiз күн кешкен тарихын) кiтап етiп бастырып шығарды»,- деп жазылған.

Х.Досмұхамедовтің тергеу хаттамасындағы жауаппен тергеушілердің «Айыптау қорытындысындағы» келтірілген дәйектемелерді зейін қоя салыстыра қараған оқырман, екі жазбаның арасындағы айырмашылықты және тергеушілердің қиыннан қиыстырып бұрмалаған «қорытындысындағы» астары теріс қаратылған «үкім жобасын» қиналмай аңғаратыны анық. Мұндай «бұратылған стильдік тәсілдердің» біразына келер беттерде де орын берілетінін ескерте кетеміз.

Х.Досмұхамедов (жалғасы): «Жер мәселесі туралы нақты ешнәрсе айта алмаймын. Бұл мәселемен мүлдем таныс емеспін. Ал жастармен Жәленов пен Әділев тікелей жұмыс істеді. Олардың нақты міндеттері болды. 25-жылға дейін комсомол ұйымы құрылғанша жұмыс істеді...

13). ...Сәдуақасов пен сәдуақасовшыларға біз іштарта қарадық, әсіресе, жер мен ауыл мәселесі жөніндегі көзқарасы бізге барынша жақын болды. Шындығында мен бұл мәселелер жөнінде онымен пікір бөліскемін жоқ, бірақ та сөйлеген сөздері мен газеттегі мақалаларынан білуге болатын. Біз ол кезде Ташкентте болғандықтан да істің жайынан тыс қалдық. Сәдуақасовшылармен және Сәдуақасовпен ешқандай байланысымыз болмады. Ол кісімен Ермеков, Байтасов, Байтұрсынов, Дулатов, Ғаббасов жақсы таныс болатын, әр тақырыпта пікір бөлісетін. Сәдуақасов солардың ықпалында болды деп ойлаймын».

Х.Досмұхамедов «іштарта қараған» С.Сәдуақасовтың сол жылдары мерзімді баспасөз арқылы білдірген:

«Бүгінгі таңда ұлттық шет аймақтардағы жер саясаты саласындағы нақты міндет 1) Қоныс аударушы байырғы тұрғындармен қоса жергілікті халықты да жерге түпкілікті орналастыру. 2) Жаппай жерге орналастыру (бұған өз еркімен келгендерді жерге орналастыру да, халықтың табиғи өсімін ескере отырып, жер қорын белгілеу және т.б. кіреді) жөніндегі жұмысты қызу қарқынмен жүргізу, осының нәтижесінде артық жер бар болса, анықтау»;

«Ұлт республикаларының аппараттарындағы қызметшілердің бәрі бірдей европалық коммунистер емес екені, онда талай партияда жоқ европалықтардың, тіпті саяси жер аударылғандардың да отырғаны ешкімге құпия емес. Сонда, Митрофанов жолдастың сөзіне қарағанда, бай-манаптардың диктатурасы жария сипат алатын болғандықтан да басқару жүйесіне қалай дегенмен де, бұл, жергілікті интеллигент қой - деп патша чиновнигін (сонда патшаның кезінде чиновниктер тек қана шет аймақтың интеллигенциясынан жасақталғандай) отырғызу ілгері басқандық па?»;

«Мен  ешкімді де ластағым келмейді, бірақ біздің осы мәселе жайындағы саясатымыздың бағыты дұрыс емес, орта шаруаларға тиісінше көңіл бөлінбейді, олардың пайдасы жөнді көзделінбей келеді. Бұл дұрыс емес демекшімін. Қазақ ауылында орташалардың беделі күшті, салмақты, сондықтан орташалар мен кедейлерді бөлмеске, олардың арасына жік салмасқа керек еді. Ауыл ішіндегі жұмыстарымызды орташалар мен кедейлерді одақтастыру, біріктіру бағытымен жүргізу керек еді деймін. Енді байларды тақымдау, оларға мықтылық көрсету керек деген мәселеге келейік»;

«Менің ойымша, қазақ ауылын орыс поселкесінен жеке сөз қылуымыздың қисыны жоқ, Голощекин жолдас, Ресейдегі орыс поселкелерінің жарлылар комитеті жуан жұдырықтарды тақымдап, олардың мүлкін бөліп алу дәуірін өткізіп отыр. Бірақ Қазақстандағы орыс поселкелерінде бұл жұмыстарды жүргізу - кеңес билігіндегі жуан-жұдырық қара шаруалардың қолында болды. Мысалы, сол кездерде Жетісудағы орыс қара шаруалары: «Осы күні жұмыскер мен қара шаруа өкіметі жасалып отыр, қазақтар туралы ештеңе де айтылмаған»,- деп соғып жүрген. Бұл ойын емес, ақиқат. Бұл тарих. Ауыл-поселкеде жүргізілуге тиісті біздің тап саясатымыз бірдей болуы керек. Қазақ ауылында бір түрлі, орыс поселкесінде басқаша саясат жүргізуіміз дұрыс емес, қазақтың байымен қатар орыстың да жуан жұдырықтарын тақымдап отыруымыз керек»,- деген пікірлер еді.

Бұл пікір қазақ ұлтының өмір сүруі мен өркендеуінің кепілі еді. Сондықтан да оған тек Х.Досмұхамедов қана «іштарта қараған» жоқ, исі қауым назарын тігіп отырды. Ал мұны «Голощекиннің националдарының» бірі О.Исаев пленумда:

«Мен енді сәдуақасовшылдықпен принциптік негізде келісу мүмкін емес кейбір мәселелерге тоқталып өтейін. Біріншіден, жергіліктендіру хақында. Олар оны іс жүзінде неге саяды? Олар жергіліктендіруді басшылықты тартып алудың әдісі мен құралына айналдырмақ, сөйтіп, Мәскеудің пролетарлық партиялық жетекшілігінен құтылмақ»,- деп қужақтата езуледі.

Өзегі өртенген қайраткер жалғыз Смағұл ғана емес еді.

Х.Досмұхамедов (жалғасы): «14). Коммунистердің ішінен Қожановпен етене таныспын. Қожанов біздің ұйым туралы ештеңе білген жоқ. Өткен жылы менен ұйым жөнінде сұрағанында: ешқандай да ұйым болған жоқ - деп жауап бердім».

Тергеу ісіндегі барлық хаттамада осы арада: «З.Валидов Т.Рысқұловпен кездесті ме, жоқ па?»,- деген сұрақ қойылатын. «Батыс Алашорданың» көсемі Т.Рысқұловтың орынына С.Қожановтың атын атайды.

Х.Досмұхамедов (жалғасы): Сұлтанбековті Ермеков жақсы біледі. Орынбордағы ұйымға мүше болуы мүмкін, оның тізімі бізге белгісіз. Байтұрсыновтың тұтқындалуына байланысты Ермеков менен біздің ұйым туралы сұрады. Асфандияровпен таныспын, тек университеттегі жұмыс жөнімен ғана қарым-қатынас жасадық, ұйым туралы ол ештеңе білмейді. Байтұрсынов тұтқындалғаннан кейін ол бізден саяқсынып кетті. 29-жылы кездескенімізде біздің сақ жүруімізді емеуірінмен білдірді. Ораз Жандосовпен оқу-ағарту комиссариятында істеген кезінен - 28-жылдан бастап көрші тұрдық. Біз оны нағыз берілген коммунист деп есептейтінбіз. Байділдинмен таныспын, оны 28-жылы Орынбордан қызмет бабында байланыс орнату үшін Ташкентке келгенінде көрдім. Ол көз алдындағыдан алысты болжай алмайтын адам, байқауымша, ол тез өзгеріпті, өзінің шын берілгендігін танытуға тыраштанған жолбике коммунист болып шығыпты».

ҮІ томның 133-189-беттері аралығында парақтың екі жағына жолдары тығыздалып машинкаға басылған Әбдірахман Байдилдиннің «Менің Алашордашыларға қарсы күресім және коммунистермен жүргізген жұмысым» атты ұзақ көрсетіндісі бар. Ұзын ырғасы 90 беттен асатын бұл ұзақ көрсетінді 1929 жылдың 26 қазан күні басталып, 133-149 беттері, 2 қарашаға дейін 150-160 беттері, 20 қарашаға дейін 176-189 беттері тасқа басылған. Онда барлық алаш азаматтарының бас-басына тоқталып, олардың бәріне мінездеме беріп шыққан. Мұндағы пікірлер партиялық «өткір, ұстамды, ашық» пікірмен әр сөзі шегелене жазылған. Оның ішінде Х.Досмұхамедовке де тиісті «мінездеме» берілген. Алайда оның ешқандай да дәлелдік түйіні болмағандықтан да, бұл арада келтірудің жөнін таппадық.

Х.Досмұхамедов (жалғасы): «15). Университетте әшкерелеу науқаны жүріп жатқан кезде маған Асфандияров та көмектесе алмады. Менің туысқандық жақындығым бар Құрмановты байдың тұқымы деп университеттен шығарып жіберді. Нағында оның әкесі тақыр кедейдің нақ өзі болатын. Ал оны растайтын құжаттарды табан астында қайдан таба қойсын. Дәл осындай сылтаумен тағы бір студентті шығарып жіберді. Құрғақ ақылдан басқа еш көмегіміз тимеді».

Тергеушілердің «Айыптау қорытындысында» тура осы сөздер: «Х.Досмұхамедов: «...байдың балаларын ҚазМУ-ден шығарып тастаған кезде мен оны (Асфандияровты - тергеушiлердiң ескертуi - Т.Ж.) бұлар байдың балалары емес деп сендiруге тырыстым (Досмұхамедовтiң 21 IХ - 1930 ж. жауабынан. №2370-iс, 1 т., 209-парақ)»,- деп өзгертіліп берілген.

Ал: «Нағында оның әкесі тақыр кедейдің нақ өзі болатын»,- дегенмен: «Байдың балалары емес деп сендiруге тырыстым»,- дегеннің арасында үлкен айырмашылықтың бар екені және мұны неге өзгертіп пайдаланып отырғаны айтпаса да түсінікті.

Х.Досмұхамедов (жалғасы) 16). Заки Валидовтің Ташкентке келуі туралы айтарым мынау. 1922 жылы күзде Ташкентке келгенімде: Заки Валидовтің бізбен кездескісі келетінін маған жеткізді. Ол кезде біздің ұйым құрылған болатын. Өзге ешкім болмағандықтан да кездесуге өзім жалғыз бардым. Кездесу Қашқынбаевтің үйінде жасырын өтті. Бұл туралы... (танылмады - Т.Ж.) Мен, Қашқынбаев, Әділев қана білді. Басты мақсатымыз: 1. Заки Валидов пен Әнуар пашаның нақты бағдарламасын, 2. Олардың күрес нәтижелерін, 3. Ташкентке не үшін келгендігін білу еді.

Жасырын кездесу ақшам кезінде өтті. Мен контрреволюциялық көтерілісшіл қозғалыстың жетекшісі Заки Валидовпен кездесуге бара жатқанымды толық жауапкершілікпен сезіндім. Заки Валидовтің қасында бейтаныс бір адам болды. Ол қасымнан өтіп бара жатып мені байқап қалды. Әңгімеміз қызу өтті. Мен одан: мұнда қалай тап болғанын, неге келгенін сұрадым. Ол: Әнуар паша жараланып қалғандығын, сондықтан да кеңес өкіметіне қарсы күресті тоқтатуға шешім қабылдағанын, енді ұлттық мүдде үшін күресетінін айтты (Әнуар паша бұл кезде қаза тапқан болатын - Т.Ж.). Мен оның бұл ойының дұрыс еместігін, кеңес өкіметі жағына шығуының жазамен аяқталатынын айттым. Анықтап білгенім - Әнуар паша Түркістанда, оның ішінде Бұқара мен Қазақстанда біріккен мұсылман мемлекетін құрмақшы екен. Бұл мәселе жөніндегі көзқарастарымызда біраз келіспеушіліктер болды. Бұдан кейін ол өзінің кеңес үкіметі жағына шыққысы келетінін, үкімет мүшелерімен, Қожановпен тілдесіп беруді өтінді. Мен бас тарттым. Кеңес өкіметі оған кешірім жасай қоймайтындығын ескерттім. Сонымен біздің әңгімеміз аяқталды».

З.Валидов: «Әнуар паша төртінші тамыз, жұма күні Балшыбаннан 7-8 шақырымдай жердегі  Шекен ауылында орыстармен қақтығыста шаһит болды. Оның мына сөзі: «Жеңіске жете алмасақ та, ең болмаса өлігімнің осында қалуымен Түркістанның тәуелсіздігіне қызмет еткен болар едім»,- деуі оның шын жүрегінен шығып еді»... Құрылтайымыз 18-қыркүйекте басталды. Он алты адамның жиналғаны есімде. Әсіресе, қазақ ағайындар жақсы дайындалған еді. Үш күн үш жерде жиналдық. Талқыланған қаулылардың бәрі шын жүректен қабылданды. Әуелі Бұқарада құрылған «Орта Азияның қарапайым мұсылмандарының ұлттық одағының» орнына тек «Түркістан ұлттық бірлігі» деген ат қана алынды. Қазақстандағы «Алашорда» атауы - «Солтүстік Түркістан» болып өзгертілді. Мемлекеттік басқару одақтық дәргейде жүргізіледі, ұлттық мәдениет үстемдігі сақталады, тәуелсіз сот құрылымы болады, тең және туыстық қарым-қатынастарды қамтамасыз ететін одақтық қағидаттар жасалады, Түркістан сотын Ресейдің ішкі істері дәргейінен шығарып, ұлтаралық сотты енгізу, Түркістанның ұлттық сотын Ресейге тәуелсіз жасақтау туралы қаулылар қабылданды».

Х.Досмұхамедов (жалғасы): «17). 1924 жылдан кейін контрреволюциялық әрекетпен шұғылданған жоқпын. Кеңес үкіметіне қарсы шықпасам да «Алашорда»» идеясынан бас тартқам жоқ. Мұны іскерлік-төңкерістік идея десе де болады. Ресми аты болмаса да, біз оны өзара «Ұйым» және «Өркениетті ұлтшылдар партиясы»,- деп атайтынбыз».

Зады бұл бүкіл түркі әлемін оятқан атақты «Иттиһат уа тарахият» партиясының қазақша тәржімасы болса керек.

Д.Әділев (жалғасы): «Тағы бір жайтты айта кетейін. Рысқұлов Түркістан республикасының төрағасы кезінде Мәскеуден Сарымолдаевқа Жаһанша Досмұхамедовтің үйінің адресіне хат жолдайды. Өйткені Жаһанша Досмұхамедов екеуі бажа болатын. Хат орыс тілінде жазылған. Мазмұны: Қожановтың бір тыңшысы мұны Ақмешітке ме, Қазалыға ма, әйтеуір, екеуінің біріне дейін аңдып жүріпті. Тыныштық бермеген Қожановпен күресу үшін оның «Алашордамен» байланысын әшкерелеуге шақырыпты. Мен ол хатты түпнұсқасынан оқыдым. Жаһанша Досмұхамедов: бұл хатты Халел  Досұхамедовке көрсету керек,- деді. Осы жолмен ол хат Досмұхамедов пен Тынышбаевтің қолына тиді. Олар мұны Қожановқа көрсетуге ұсыныс етіп еді, Жаһанша бас тартты. Тінту жүруі мүмкіндігінен сескенді. Ташкенттегі ұйым мен Рысқұловтың арасы осылай суысты. Сарымолдаев ол хатты алды ма, жоқ па, оны білмеймін. 1922 жылы Жаһанша Досмұхамедовтің үйінде - Рысқұлов әйелімен, мен, Жаһанша әйелімен және Сарымолдаев бас қостық. Сонда Рысқұлов: Ағылшынның бір жазушысының кітабын оқыдым. Россия социализмнен алыс жатыр депті. Соның жазғаны дұрыс,- деді».

Х.Досмұхамедов (жалғасы): «18). Рысқұловтың жолдаған хаты Жаһанша Досмұхамедовтің қолына тиді. Хат Сарымолдаевқа жолданған. Ол кезде (Сарымолдаевтің) тұрақты мекен-жайы болмағандықтан да хат Жаһанша Досмұхамедовтің қолына кездейсоқ түскен».

Бұл хаттың «хикаясы» алаш қайраткерлерінің арасында Дездамоннаның орамалының «қызметін» атқарған. М.Әуезов өзінің түрмедегі көрсетіндісінде сол оқиғаға байланысты «Сұғанақ сұр» повесін жазғанын айтады. Оған байланысты деректер Ж.Досмұхамедовпен, М.Тынышбаевпен бетпе-бет жауаптасуда келтіріледі.

Х.Досмұхамедов (жалғасы): «19). Астана Қызылордаға ауысқаннан кейін мен ол ұйыммен (Орынбордағы - Т.Ж.) байланыс жасауға тырыстым. Ол жөнінде Бөкейхановқа хабарласып ем, ол жауап қатпады».

Бұл ұмтылыстың жай-жапсары алдағы беттерде жан-жақты қарастырылады.

Х.Досмұхамедов (жалғасы): «20). «Тұтқындалғанға дейін «Алашорданың» мүддесі үшін қандай іс-әркет жасадыңыз?»,- деген сұраққа айтарым мынау: Ташкенттегі № 2 баспахананы Орынборға ауыстыруға қарсы болдым. Баспаханың Ташкентте қалуы пайдалы екендігіне көздерін жеткіздім. Жалпы алғанда мен Орынбордың астана ретінде қабылдануына қарсы болатынмын. Сонымен баспахана Ташкентте қалдырылды. Бұл ұлттық бағыттағы кітаптарды өзіміздің бақылауымызға алып, басып шығаруға мүмкіндік берді. Сондықтан да мен жоғарғы оқу орындарына арналған ғылыми кітаптарды шығаруға және баспахананы техникалық тұрғыдан жабдықтауға жан-тәніммен кірістім. Қазақстанның өзіндік дербес оқу жүйесі болуына бар жігерімді жұмсадым.

21). Араб әліпбиін қалдыруға мен ешқашан қарсы болған емеспін. Араб қаріпімен қоса латын әрпін қатар пайдалану мүмкін емес деп есептеймін. Төреқұловтың: «Бұл мәселені революциялық жолмен шешеміз, араб әліпбиі мен ұйымның көзін жойып, коммунизмге барамыз»,- дегені бар. Мұны естіп мен барлық жұмыстан бас тарттым. Ол туралы: «Азған адамның тозған ісі»,- деген пікір білдірдім.

22). «Егерде төңкеріс бола қалған жағдайда, онда біздің ұйымның дәргейімен жалпыға ортақ әскери міндетті енгізу керек»,- деген ұсыныс жасалды».

З.Валидов: «Бұл кездері Балқаш көлінің маңындағы Бетбақдалада кезінде Бұқарада бірге болған Діншенің ұйымдастыруымен 30-40 адам әскери жаттығуларды үйреніп жатыр еді. Олар Самарқандағы бізге және Әнуар пашаға көмектесу үшін, ал сырт көзге ат сатуға келген кісі боп Ташкентке жетті. Бәрі де ұлы даланың жалынды жастары екен. Ақын әрі театр әртісі Діншенің өзі де келіп, бұған қоса тағы да ержүрек жастар жіберетінін айтты»,- деп (444-бет) еске алады.

Х.Досмұхамедов (жалғасы): «23). Біз Кеңес үкіметін жақтырмаймыз және оның жазалау саясатынан үрейленеміз.

Сұрақ-жауаптың мазмұны дұрыс жазылған, сол үшін қолымды қойдым... (Халел Досмұхамедов)».

Азамат және «Алашорда» көсемі ретіндегі қайраткерлік өмірбаяны мен көзқарасының барлығы да осы көрсетіндіде қамтылған.

Тергеу барысындағы бетбұрыс бір жылдан кейін ғана басталғаны байқалады. Ендігі қойылатын жауаптар кейбір жайларды анықтауға және жеке адамдарға қатысты берілген. Оның барлығын қамту мүмкіндігі бізде шектеулі болды және қажеті де жоқ сияқты көрінді. Сонда да М.Тынышбаевтің алаш жасағындағы серігі, З.Валидовтің Ташкенттегі құпия кездесулеріне жауапты болған, 1931 жылдың 8-тамызында ұсталған Алдаберген Үмбетбаев туралы көрсетіндісін келтіруді орынды санадық. Өйткені бұл азаматқа қатысты деректер өте қат.

«1931 жылы 10 қыркүйек күні айыпкер Халел Досмұхамедовтен алынған қосымша тергеудің хаттамасы.

Берілген сұраққа қайтаратын жауабым төмендегідей: Үмбетбаев Алдабергенді 22-жылдан білемін. Онымен Ташкент қаласында таныстым. Қазақ тілінен дәріс беретін маман ретінде әңгімелестік. Бөкейханов оған қандай мақсатпен, қандай тапсырма бергенін мен білмеймін. Үмбетбаевтің ұйымға ешқандай қатысы жоқ. Ал Заки Валидовті кім ертіп келгені есімде емес. Ермековпен арадағы араздығымыз 29-жылы орын алды. Ордабаевтің айтуынша, мені семейлік топ ГПУ-дің тыңшысы деп санайды екен. Бұл өсек Сәрсенов Дәлелден тарады. Мұны маған Селебаев пен Ордабаевтың біреуі жеткізді. Сондықтан да мен өзімнің ренішімді Ермековке білдірдім. Ол: «Сендердің Ташкентте жасырын ұйымдарың бар екен, сол туралы айт. Ал сені ГПУ-дің тыңшысы деген сөзді бірінші рет естіп тұрмын», - деді. Мен: «Бізде ұйым болды, бірақ оны ұмыту керек, сондықтан да ол туралы саған ештеңеде айтпаймын»,- дедім».

Үмбетбаевтің түсінігі: «1922 жылы Рысқұлов пен Бірімжановқа қатысты Тынышбаевтан ешқандай тапсырма алғаным да жоқ, орындағаным да жоқ. Мұны Тынышбаевтің өзі де растайтын шығар.

Тынышбаевтің жауабы: Мен бұрынғы бір жауабымда айтқанымдай, 1922 жылы Түркістан қаласында Халел Досмұхамедовпен кездесіп, оған: Заки Валидовпен байланыс орнатылған жоқ, сондықтан да онымен кездесу кейінге қалдырылды,- дедім».

Бұл жауабында, көріп отырғаныңыздай, Х.Досмұхамедов Алдаберген Үмбетбаевтің еш «қылмысын» білмейтін болып шығады. Шындығына келсек, өздері жолығуға ынталы болған Заки Валидовке жіберген сыпайыны жақсы білгені анық.

Халел Досмұхамедов айып тағып отырған Дәлел (Далил) Шегелекұлы Сәрсеновтің өз аты Алаш тарихында алтын әріппен жазылмаса да, туған ағасы Биахмет Сәрсеновтің есімі мәңгілік ұмытылмайтын тұлғаның бірі. Кей тұста ағасының қайраткерлігі туған бауырының ел үшін істеген елеулі еңбектерін тасада қалдырған сияқты әсер қалдырады. Әйтпесе, Дәлел Сәрсенов «Алашорда» үкіметінің ең қыспақты тұсында үш жақты құрсауда қалған Алаш автономиясы мен Башқұртстан республикасының арасын жалғастырған жүректі азамат. Жүсіпбек Аймауытовпен, Қаныш Сәтбаевпен, Мұхтар Әуезовпен қатар Семейдің ерлер гимназиясын 1918 жылы бітірген. 1919-1922 жылы Том университетінің заң факультетінде оқыған. Аталған азаматтардың жүрегін шымырлатқан, әр қайсысы да дәмелі болған Том университетінің медицина факультетінің студенті Ғайнижамал Кутумоваға үйленіп, 1923 жылы Ташкентке ауысады. Мұнда Орта Азия университетін тәмамдап, 1925 жылы 20 мамыр күні Қазақ ағарту институтының директорлығына тағайындалады. Содан кейін Қапыланбектегі мал шаруашылығын зерттеу институтының директоры қызметін атқарады. 1932 жылы жұқпалы індетке ұшыраған ауруларды егу кезінде өзіне де жұқтырып, оқыстан қайтыс болады. Ал жесірі Ғайнижамал Кутумова 1938 жылы Өзбекстан денсаулық сақтау министрінің орынбасарлығына тағайындалып, 1947 жылы докторлық диссертациясын қорғар алдында жүрек талмасынан дүниеден өтеді. Қаныш Сәтбаев пен Мұхтар Әуезовтің жүрегінен ерекше орын алған Ғайнижамалға жазған олардың ғашықтық дастанға бергісіз 200-ге жуық хаттарымен біз 1997 жылы қарзан - қараша айларында Ташкенттегі күйеу баласы, профессор С.Қарабаевтің үйінде танысып едік. Түрме азабынан тосын ажал құтқарған Дәлел Сәрсеновтің алаш қайраткерлерімен байланысын үзбегенін Х.Досмұхамедовтің көрсетіндісі дәлелдейді. 1926 жылы 13 көкектегі институттың ғылыми кеңесіне төрағалық еткен директор Дәлел Сәрсенов:

«Оқытушы Досмұхамедов жолдас Қазақ педагогикалық институты үшін аса бағалы маман болғандықтан да, Оқу ағарту халық комиссариатынан оны Қызылорда қаласына шақыртқан ұсыныстан бас тартып, институтта қалдыруды өтінеді»,- деп шешім шығарды.

Бұдан директор Д.Сәрсеновтің оқытушы Х.Досмұхамедовтің қадірін білгендігі танылады. Ал олардың арасындағы қырғиқабақ қарым-қатынасты елдік күрестің садағасына лайық мінезге жатқызамыз. Бұл отаудың тағдыры барынша инауатты тұрғыдан зерттеуді қажет ететін тақырып. Біз әдептіліктен аспаған бұл эпистолярлық мұраларды сондай бір әдепсіздікпен иеленгісі келген әлдеқалай классик біреудің бетін парасатты оқымысты Серік Қарабаев әдеппен қайыра біліпті.

Оған да тәубә. Кейде ақиқаттың да ар ұялар іске бастайтыны бар.

Бұл - шындық, бірақ үлгісіз шындық.

Тергеушілердің ендігі нысанаға алған адамы «Алаштың» жас жолбарысы Әлімхан Ермеков екені осы хаттамадағы қойылған сұрақтан-ақ аңғарылады. М.Тынышбаев пен Х.Досмұхамедовтен Ә.Ермеков жөнінде жарыстыра «сыр» суыртпақтайды. Мұның алдында М.Тынышбаев: Халел Досмұхамедов пен Әлімхан Ермеков бір-бірімен араз. Сондықтан да олардың арасында ұйымдық байланыс болуы мүмкін емес,- деген мазмұнда жауап берген болатын. Әрине, бұл қалайда Ә.Ермековтің атын хаттамаға түсірудің амалы. Әйтпесе, екі адамның арасындағы қарым-қатынасты реттеу төтенше комитеттің міндеті болмаса керек-ті. Сөйтіп, М.Тынышбаев пен Х.Досмұхамедовті екеуара беттестіреді.

«Айыпталушы Тынышбаев пен Досмұхамедовтің беттесуінің хаттамасы:

Тынышбаевқа сұрақ: Досмұхамедов пен Ермековтің араздығына не себеп болды?

Жауап: 28-29 жылдары біздің достарымыз Дулатов, Байтұрсынов және басқалар тұтқындалғанда Досмұхамедов: «Бұған Орынбордағы контрреволюциялық ұйым мен «Алашорданың» Семейдегі бөлімшесі кінәлі»,- деді, ал Ермеков: «Бұған Ташкент тобы кінәлі»,- деп есептеді. Екеуінің бас араздығы осыдан барып туындады.

Досұхамедовке сұрақ: Бұл туралы сіз не айтасыз?

Жауап: Ермековпен екі арадағы түсініспеушілік 29-жылы ол ауырып жатқан кезде туды. Әрі таныс, әрі дәрігер ретінде оның көңілін сұрай бардым: «Мені семейліктер ГПУ-дің тыңшысы деп өсек таратыпты. Оны таратқан Сәрсенов. Семейліктер мені аңдуын неге тоқтатпайды?»,- дедім сабырлы қалыппен. Ермеков: Мұндай сөзді бірінші рет естіп тұрғанын және мұның арандату екенін, семейліктердің мені аңдымайтынын, оған Байтұрсыновтың да, ташкенттік топтың да жазығы жоқтығын айтты, содан кейін өзіне беймағлұм ташкенттік топ туралы баяндап беруімді өтінді. Мен оған: «Ташкенттік топ туралы саған ештеңе де айтпаймын, оны еске алудың қажеті жоқ, ұмыту керек»,- дедім. Бұл 29-жылдың желтоқсан айы болса керек. Ермеков: «Маған сенімсіздік көрсеттің»,- деп ренжіді. Ермековтің төсек тартып ауырып жатқанын ескеріп, тынышсыздандырмау үшін дауысымды бәсеңсітіп, оны жұбата сөйлеп, бұл тақырыпты енді қозғамайық - деп келістік. Арада аз уақыт өткен соң Ермековпен арадағы болған бұл жайды Тынышбаевқа айттым. Әңгіме барысында екеуміз де: «Бұған пәлендей мән берудің қажеті шамалы, ол мәселе өзінің маңызын жойды»,- дегенге тоқтадық. Мен туралы өсек таратқандары жаныма батқандығын айттым. Тынышбаев мені тыныштыққа шақырды. Сонымен әңгіме аяқталды (Досмұхамедовтің қолы).

Тынышбаевқа сұрақ: Бұл араздықтың негізгі себебін сіз қалай түсіндіресіз?

Жауап: Екеуінің қасында тұрмағандықтан да, Досмұхамедов пен Ермековтің арасындағы айтыстың неден туындағанын мен нақты білмеймін. Соған дейін де және одан кейін де Байтұрсыновтардың тұтқындалғанына Досмұхамедов - орынборлықтарды, ал Ермеков пен семейліктер - ташкенттіктерді кінәлі санады. Мен екеуін де сабырға шақырдым. Бұдан кейінгі Досмұхамедов пен Ермековтің арасындағы қарым-қатынастың қалай қалыптасқанын мен білмеймін. Досмұхамедовті ГПУ-дің тыңшысы десіп жүрді жұрт. Бірақ екеуінің ауызынан мұндай сөзді естігемін жоқ (Тынышбаевтің қолы).

Досмұхамедовтің Тынышбаевқа сұрағы: Мені мен Ермековтің арасындағы кикілжің қай уақытта болды деп есептейсің?

Жауап: Оны Ермеков қана нақты көрсете алады. Менің ойымша 1929 жылдың басында, қаңтар не ақпан айында өткен шығар деп ойлаймын.

Досмұхамедовтің түсініктемесі: Тынышбаев айтыстың өткен уақытын және мен туралы өсектің тараған кезін дәл айта алмай отыр. Екі арадағы сөз қағыстыру 29-жылдың желтоқсан айында өтті, өйткені осыдан кейін Ермеков операция жасатуға кетті де, 1930-жылдың қаңтар айында, мен Москваға емделуге жүрердің алдында қайтып келді. Мен Москвадан 30-жылдың сәуір айының басында қайттым. Тынышбаевті мен қаңтар, ақпан айларында емес, маусымның соңында бір-ақ рет көргенім есімде. Содан кейін көріп отырғаным осы. Мәскеуден оралғаннан кейін тұтқындалғандар туралы әңгімелескен емеспін. Өйткені Байтұрсынов 29-жылдың мамыр айында тұтқындалды. Демек одан ерте бұл тақырыпта сөз болуы мүмкін емес. Тынышбаев уақытын шатастырып отыр. Ермековпен 29-жылдың тамыз, қыркүйек айында кездестік. Байтұрсыновтың тұтқындалуының себептері жөніндегі болжамдарымызды айттық. Мен: «Дулатов, Байтұрсынов және басқа да адамдар ұйымдастырған орынборлық топты ГПУ әшкерелепті»,- дедім. Ермеков: Ташкентте болған кезінде тұтқындалғандардың тізімін көргендігін айтты. Ал Байтұрсынов 24-жылы ғана Ташкентте болған еді. Орынборда да ешқандай құпия ұйым болған емес. Айналып келгенде, Байтұрсыновты университеттің ашылған кезінде сөйлеген сөзі үшін жауапқа тартқан шығар дестік. Тынышбаев осыны жаңылыстырып отыр (Досмұхамедовтің қолы).

Тынышбаевтің сөзі: Досмұхамедов пен Ермековтің арасында болған жайдың мерзімі жөнінде жаңылысып айтқанымды, оның Байтұрсыновты тұтқындаудан бұрын өткенін ескерте кетемін. Оқиға жыл аяғында өткен. Әйтеуір қыс кезінде өткені есімде қалыпты (Досмұхамедов пен Тынышбаевтің қолы қойылған).

Досмұхамедов пен Тынышбаевқа сұрақ: Орынбор мен Ташкентте астыртын ұйымның болғандығын Ермеков білді ме?

Досмұхамедовтің жауабы: Ташкенттегі ұйым туралы Ермеков соңғы уақытта, Қызылордадан Ташкентке ауысқан кезінде ғана, шамамен 25-26 жылдары ғана білген сияқты. Ұзынқұлақтан естіп, білді ме, одан хабарсызбын, менен ол туралы айтып беруді сұрағанда, қашан естігені туралы айтқан жоқ. Орынбордағы ұйым туралы білді ме, жоқ па, ол жөнінде ештеңе дей алмаймын. Менімен сөйлескен кезде ол: «Орынборда ешқандай ұйым жоқ»,- деп сендіріп отыратын (Досмұхамедовтің қолы).

Тынышбаевтің жауабы: 29-жылы мен Ташкентте Ермековпен әңгімелескен емеспін (Қолы). 14 қыркүйек 31 жыл».

Бұл беттесуден тергеушілердің қандай қорытынды шығарғаны түсінікті. Ә.Ермеков 6-қазан күні тұтқындалды. Ал Ә.Ермеков пен Х.Досмұхамедовтің арасындағы өкпе қай күні, қандай жағдайда өтті, мұның жекебасылық қана мәні бар еді. Тергеушілердің Ә.Ермековтің астыртын ұйымның мүшесі болғаны қақында мәлімет ала алмағаны беттесудің барысында анық көрінеді. Екі дегдар өзара амандасып, дидар көрісіп, алдағы жауаптардың мазмұнын ішкі түйсік арқылы емеуірінмен білдірісіп алған сияқты. Өйткені бұдан кейінгі екеуінің жауаптары бір жерден шығады. Ендігі беттесудің кезегі 1930 жылдың 31 қазаны күні тұтқындалған Жаһанша Досмұхамедовке келді.

Мұхамеджан Тынышбаев пен Халел Досмұхамедовтен кейін «Алашорданың» батыс бөлімшесінің тең төрағасы Жаһанша Досмұхамедовтің жауапқа тартылуы өзінен-өзі түсінікті. Ол кісі Москва қаласында тұратын болғандықтан да алдыңғы екеуінен екі ай кешігіп барып, 1930 жылы 31-қазан күні ұсталған. Өзі астыртын ұйымда ысылған заңгер болғандықтан да оның жауаптары барынша нақты әрі дәлелді. Сондықтан да оған қосымша айғақ пен дәлел келтіріп жатудың өзі артық сияқты.

1930 жылы 7 желтоқсан күні ПП ОГПУ-дің ҚАССР-дегі ерекше бөлімінің бастығы Поповтың тергеуіне орай толтырылған І томның 429-бетіндегі анкетада:

«Алматы. 1930 жылғы 7-желтоқсан. Мен, ОО ПП ОГПУ-дің КССР-дегі І бөлімінің бастығы Попов айыпталушы Досмұхамедовтен сұрақ алғанда, мыналар анықталды: Жаһанша Досмұхамедов 43 - жаста, тұратын жері - Москва қаласы, Шабловский пер., 11-үй, 25-пәтер. Туған жері - Орал округі Жымпиты ауданы, партияда жоқ. Ақпан төңкерісіне дейін сот мекемелерінде қызмет еткен. Қазан төңкерісіне дейін әр түрлі қоғамдар мен мекемелерде істеді. Қазір Москвадағы «Скотовод» басқармасында қызмет етеді. Білімі - жоғары, Москва университетін бітірген. Үйленген. Күн көрісі - қызмет табысына байланысты. Әке-шешесі жоқ, диқан болған»,- деген өмірбаяндық қысқаша анықтама бар.

Ол өткендегі қызметін түгел баяндап жатуды артық санаған сияқты. Халел Досмұхамедов туралы анықтамалар мен өмірбаяндық жазбаларда әр түрлі деректер келтіріліп жүргендіктен де, біз тергеу мұрағаттарына негізделген деректерге сүйеніп, бір жүйеге түсірілген қысқаша ғұмырнаманы ұсынуды жөн көрдік.

Сонымен, Жаһанша Досмұхамедов - 1887 жылы 27 маусымда Орал облысы Жымпиты болысының №3 ауылында ауқатты отбасында туған. Болыстық қазақ мектебінен сауатын ашқан. 1899-1905 жылдары Орал қаласындағы реальдық әскери училищеде оқыды. Заң факультетін (1906-1910) бітірген. «Уральский листок» газетіндегі жер туралы мақаласы үшін губернатордың бұйрығымен Орал облыстық басқармасында істеуге тыйым салынған соң Орал округтік сотының көмекшісі, қылмысты істер бөлімі хатшысының көмекшісі, бітімші сот, 1912 жылы Омбы сот палатасына қарасты Барнаул, 1913 жылы Змейногорскі уездерінде бітістіруші сот, Барнаул уезінің көмекші (орынбасар) прокуроры боп қызмет істеген. 1914 жылы Том округтік сотының Каин уезі бойынша прокурордың орынбасарлығына тағайындалған. 1917 жылы Орал облысы қазақтары құрылтайының төрағасы, Бүкілресей мұсылмандарының «Шура-и ислам» комитеті төрағасының орынбасары, 1918 жылы «Ойыл уәлаяты» уақытша өкіметінің төрағасы, «Батыс Алашорда» кеңесінің әскери жетекшісі, жалпыалаштық сот төрағасы, 1920 кеңес өкіметі жағына шыққаннан соң Ташкент қаласына ауысып, Түркістан Республикасы ОАК-нің қазақ бөлімінің хатшысы, халық шаруашылығы кеңесінің жанындағы жүн-жұрқа бөлімшесін басқарған. 1927-1929 жылдары Қызылорда қаласындағы Қазақ ауылшаруашылығы банкісінде заң кеңесшісі, 1929-1930 жылдары Мәскеу қаласындағы «Скотовод» басқармасында заң кеңесшісі болып істеген. Әрине, анкетада оның «Алашорда» үкіметінің бағдарламасының авторларының бірі, Түркістан республикасының «Жауыздық (қылмыстық - Т.Ж.) низамы» атты Қылмыстық кодексінің авторы екені көрсетілмеген.

Жаһанша Досмұхамедовтің 1930 жылғы 5-қараша күнгі көрсетіндісі ІІІ томның 430-бетіне тіркеліпті. Онда тергеушіге:

«Мен Москвадан Ташкентке 1920-жылдың қазан айында келдім, сол жылғы да, келесі 1921-жылғы да қазақтардың бас қосқан ешқандай отырысын білмеймін.

1922 жылы көктемде кешке жақын «Ақ жол» газетінде істейтін біреу: «Бүгін кешке «арқалықтар» (солтүстіктің қазақтары) бас қосып, бір мәселе жөнінде ақылдасатынын айтты. Не туралы екенін сұрағанымда: келген соң білесің»,- деді. Сол күні кешке жақын менің үйіме 7-8 қазақ келді. Қазір есімде сақталғаны Халел Досмұхамедов, Дулатов және Бірімжанов, қалғандары есімде жоқ. Олар: «Қазақ қайраткерлерінің бұрынғы «Алаш» бағдарламасы ресми бекітілген жоқ, кезінде дұрыстап ойдағыдай етіп жетілдірілмеді. Бұрынғы «Алашорда» қайраткерлерінің саяси мәселелер жөніндегі толысқан саяси тұжырымдары тиянақталуы үшін соны жетілдіру керек»,- десті. Мен: «Біз, алашордашылар, қазір әр түрлі саяси ұстанымда жүрміз, саясаттың кейбір мәселелері жөніндегі көзқарастарымыз сай келмейді. Бұрын бізді тек ұлттық белгіміз ғана біріктіріп келген. Қазір біз саясаттан мақұрымбыз. Сондықтан да аталған мақсатсыз бағдарламаны қайта жаңғырту бізге төтенше мекемелер тарапынан тек қана зиян әкелуі мүмкін»,- деп, мұндай түзетуге мүлдем қарсы болдым.

Алайда, қызу пікір таласынан кейін, саяси бет-беделімізді сақтап қалу үшін (З.Валидовтің алдында ма? - Т.Ж.) қалайда бағдарламның керектігі мақұлданып, сол арада оның жобасы жасалды. Бағдарламаны Орынборға жіберіп, ондағы бұрынғы «Алашорда» қайраткерлерінің келісімін алу мақсатымен жобаны «Ақ жол» газетінің бір адамы алып кетті. Содан кейін мен Түркпромсоюздың және Ашаршылыққа көмек комитетінің тапсырмасымен Прежевальскіге (Қарақолға) кеттім, ол жақтан 3 айдан соң ғана Ташкентке қайтып келдім. Сол екі аралықта менің балдызым Надежда Константиновна - Рысқұлов жолдасқа күйеуге шығып алыпты. Сол кезде Рысқұлов Ташкентке Түркістан Республикасының Халкомының төрағасы қызметіне ауысып келіпті. Сөйтіп, мен оның үйінде, ол менің үйімде жиі болып тұрдық. Содан бері жоғарыда аталған адамдардың не істеп, не қойғанынан, жобаны не істегенінен хабарсызбын.

Қызылордаға барғанда мен олармен аталған бағдарлама жөнінде бір ауыз сөз алысқамын жоқ, оны мүлдем ұмытып кеттім, өз ісіммен ғана айналыстым, партия мүшелері мен еуропалықтардың ортасында жүрдім. Мен бұл мәселені бірінші тергеуде айтпаған себебім, біріншіден, менің көзқарасым бойынша жоғарыдағы іскерсінген әрекет қазақтың «Еріккен сарт енегін уқалайды»,- дегенінің кері деп есептедім, екіншіден, маған өзге адамдардың аттарын атау сондай қиынға соқты. Мен бұрын да, қазір де: «Кеңес өкіметін құлата алатындай күш СССР-де бұрын да болған емес, қазір де жоқ»,- деп есептеймін. Сондықтан да ешқашанда кеңес өкіметіне қарсы шыққан емеспін. Қазір де, міне, 10 жылдан бері адал қызмет етіп келемін, өз мамандығымды ғана білемін.

Сіз маған: «Қазақтың әлдекімі әлде қайда Ташкенттен сырт қалаға барды ма?», - деп сұрақ қойып отырсыз, ол туралы мен ештеңе білмеймін. Өз басым ондай жолдыбайшылыққа жүргемін жоқ»,- деп жауап берген.

Сот пен тергеу ісін, іс жүргізу хаттамасын білетін кәсіпқой заңгердің жауабы нақты әрі сенімді. «Алашорданың» ескі бағдарламасын естелік үшін жаңғыртып жобаға түсіру мен астыртын ұйымның арасындағы айырмашылық үлкен, оларға қолданылатын заң баптары да мүлдем басқа. Алғашқы жауап пен соңғы көрсетіндінің арасында қандай айырмашылық бар? Шамалы. Тек өзгелердің көрсетінділерінде ғана: «Ж.Досмұхамедов Ташкенттегі астыртын ұйымның бағдарламасын жасады»,- делінеді.

Жаһанша Досмұхамедов өзге көрсетінділерінде де осы бағыттан таймаған. Көрсетінділері кей тұста сөз бе сөз қайталанып отырады. Сондықтан да тергеушілер өзге айыпкерлермен беттестіруге мәжбүр болған:

«Халел Досмұхамедов пен Жаһанша Досмұхамедовтің тергеудегі беттесуі. 1931-жылдың 15-қыркүйегі.

Х. Досмұхамедовке сұрақ: 1921-22 жылдардағы Ташкентте құрылған сіздердің астыртын ұйымдарыңызға Жаһанша Досмұхамедовтің мүше болғандығын растай аласыз ба және ол бұл ұйымда қандай міндет атқарды?

Жауап: Ешкімде қолхат жазып шақырған жоқ. Ол шешімді Мұхамеджан қабылдады. Оған - Тынышбаев, Жаһанша Досмұхамедов, Иса Қашқынбаев, Мырзағазы Есполов, Кәрім Жәленов қатысты. Олар Түркістандағы және Қазақ өлкесіндегі жағдайларды талқылады, соның ішінде Әнуар пашаның осында келуі мен Бұқарадағы оқиғалар сөз болды. Крондштаттағы көтерліс туралы да хабарланды. Сонымен қатар Орынбордағы Байтұрсынов басқарған ұйым мәселесінен хабарсыз екендігіміз айтылды. Содан кейін күнделікті тіршіліктің ауыртпашылығына тоқталып, Түркістанда ұйым құру туралы ұсыныс жасалды. Өзара сұрақтар қойып, пікір алыстық. Дінше Әділев: «Ұлттар туралы Үндеудің» (1917 жылғы ма, жоқ 1919 жылғы ма? - Т.Ж.) шартын пайдаланып Тәуелсіз Түркістан Халық Республикасын жариялау - туралы ұсыныс айтты. «Кеңес соттары жергілікті тұрғындарды барлық жерде қысып жатыр. Сондықтан да жиналыс ашып, еркін-саяси партия құру қажет. Қалалық кеңес үкіметіне өзінің саясатын өзгертуге ықпал жасау керек»,- деді.

Отырыста біз осы мәселелерді талқыладық. Еркін саяси мүмкіндік беретін үйірме құрудың мүмкіндігі туралы алып-қашпа сөздер қалада кең таралды. Біз осы мүмкіндікті пайдалануға ұмтылдық және өзара пікір алысатын  ұйым құруға уағдаластық. Айтылған мәселелерді Тынышбаев екеумізге қағазға түсіруді ұсынды. Біз оны Жаһанша Досмұхамедовке көрсеттік. Сіздердің «Бағдарлама» деп жүргендеріңіз осы. Бағдарламаның бір данасын Әділевке беріп, пікір білдіру үшін және өздерінің ұйымдарының мақсатын жеткізу үшін оны Байтұрсыновқа жіберуді өтіндік. Аз уақыттан кейін Байтұрсынов Әділев арқылы: «Барлық жағдайды Биахмет Сәрсеновтен ұғысыңдар»,- деп бізге сәлем айтыпты. Сондай-ақ Байтұрсынов: «Сендердің ұйымдарыңды және бағдарламаларыңды, сондай-ақ оған қатысқан мүшелеріңді біз мойындамаймыз»,- депті. Осы жауаптан кейін біз өзіміздің үйірмеміздің жұмысын кейінге қалдырдық. Тек күнделікті оқиғалар туралы пікір алысып жүрдік. Ақпан айында Түркістандағы жағдай туралы толық баяндалған мәліметті Омаров Уәлихан арқылы Орынборға жолдадық. Жағдайдың қиындап кетуіне байланысты ол мәлімет тиісті жерге жетпей қалды.

Біздің барлық мақсатымыз: Кеңес өкіметі еркін партия құруға, жеке бағыт ұстануға мүмкіндік бере ме, жоқ па, ондай болған жағдайда бұқаралықтар Кеңес өкіметі жағына шыға ма?,- деген мәселені білу еді. Сол мақсатпен Бірімжановты Бұқараға жіберуді ұйғардық. Ол бас тартқандықтан да, бұл мәселе нәтижесіз қалды. Өтегенов Садықты кімнің жібергені белгісіз. Біз оған күдікпен қарадық. Ақылды, беделді болғандықтан да ... баруға үгіттедік. Біздің басты бағытымыз мынау еді: Қазақстан жағырапиялық жағынан біртұтас мемлекет ретінде басқарылуы тиіс. Барлық жоғарғы лауазымдар сайланып қойылуы керек. Егерде Кеңес өкіметі саяси еркіндік жариялап, еркін партия құруға мүмкіндік берсе, оларға да осы талапты қою керек - дестік. Бұл бағдарламаға Тынышбаев екеуміз қандай үлес қоссақ, Жаһанша Досмұхамедов те сондай дәрежеде белсене қатысты. Ол - ұйымның құрылымы мен бағытына қарсы болды ма, жоқ па, есімде қалмапты. Қалайда өзара пікір таласы болғаны анық. Қалайда кеңес үкіметінің халық соттары халық ішінен сайланып қойылуы тиіс - дестік. «Тәуелсіз Халық Республикасы жарияланады»,- деген лақап рас болса, бұл әбден мүмкін жайт еді.

Жаһанша Досмұхамедовтің жауабы: Халел Досмұхамедовтің сөзінде жалғыз-ақ шындық бар. Ол жоғарыда айтылған келеңсіз отырыс қана. Бірімжановты Бұқараға жіберу туралы сөз болғанда мен ашулана жауап бердім: «Жалғыз башқұрт (Валидов - Т.Ж.) жалпақ Түркістанның халқын бостандыққа жеткізе алмайды. Оның үстіне ешқашанда қолына мылтық ұстап көрмеген, сөз сатқан өзбектердің күшімен Түркістанды жаулап ала алмайды. Ол халықты адастырады. Олардың ісі сөзсіз сәтсіздікке ұшырайды. Тек жазықсыз адамдарды құрбандыққа ұшыратады. Сондықтан да олармен байланыс жасаудың да, сол үшін топ құрудың да қажеті жоқ, ол тек сіздердікі сияқты төтенше мекемелердің назарын аударады»,- дедім.

Осыдан кейін Халел: «Егер Жаһанша қарсы болса, онда бұл ұйымды құрылмады деп есептеу керек. Одан да бұрынғы «Алашорда» тұсындағы саясатқа көшейік. Қоқан автономиясы кеңес өкіметі жағына шықсын. Оларға: саяси қылмысқа - саяси айып тағылмасын. Кешірім жасалсын»,- деді. Мен: «17-жылдың ортасында қабылданған ескі бағдарламамызды қайтадан жаңғыртуға түбірімен қарсы болдым. ... Мұрзин Әзиз бұған қарсы шығып: «Тынышбаев екеуің Орынбордағы қазақ құрылтайы қабылдаған «Алаш» партиясының бағдарламасын қабылдамадыңдар»,- десті. Мен: ондай бағдарламаның есімде жоқ екенін және орындаудан бас тартатынымды айттым. Алайда жолдастарымның қысымымен жобаны екі-үш күнде жазып бітіріп, «Ақжолға» (газет - Т.Ж.) бердім. Ол жобаны өзгертті ме, жоқ па, білмеймін. Ол жоба Бұқараға жіберілді ме, жоқ па, одан да хабарсызбын. Жоба Байтұрсыновқа және басқа адамдарға жіберілді ме, одан да хабарсызбын. Ешқандай жауапхат алғаным жоқ, ешқандай мәлімдемеге қол қойғаным жоқ. Заки Валидовтің Ташкентке келгенін білгенім жоқ. Оны менен жасырған болуы керек. «Түркістан Халық Республикасы жарияланды!»,- деп түн ортасында мені ұйқыдан тұрғызып айтса да сенбес едім. Бұған кеңес өкіметі де, компартия да келісе қоймайтын. Ташкенттегі қазақ зиялыларының мәжілістеріне қатысқан емеспін. Өйткені мен ол кезде Түркістан Атқару комитетінің тапсыруымен Прежевальскіге іссапармен кеткем. Халел Досмұхамедовтің Өтегеновті қалай үгіттеп көндіргені туралы ешқандай мағлұматым жоқ.

Халел Досмұхамедовтің қарсы жауабы: Бұл оқиғаның тым ертеректе өтуіне байланысты кейбір жайларды ұмытып, не шатастырып алуым мүмкін. Жаһанша Досмұхамедовтің, жалпы «Алашорданың» батыс бөлімінің Заки Валидовке қарсы екені бұрыннан маған мәлім. Мәселе, Заки Валидовтің Бұқараға келуіне байланысты емес, Әнуар пашаға қатысты еді. Ол туралы Жаһанша Досмұхамедовке мен ештеңе айтқаным жоқ. Оған Қашқынбаев түсіндірген шығар,- деп ойладым. Түркістан Халық Республикасының жарияланатыны туралы хабарды Ташкентке келген комиссар Орджоникидзе айтты - деген сыбыс бар. Біз: «Халықтық Республика жариялаудың алғышарттары пісіп-жетілген жоқ»,- деп есептедік. Көп мәселе бізде қарапайым жолмен шешілді. Сондықтан да Жаһаншаның біраз мәселеден хабарсыз болуы мүмкін.

Жаһанша Досмұхамедовтің қарсы жауабы: Әділевпен «Ақ жолдың» қасында жолықтым. Мұндай мекемелерге мен жолай бермеймін. Оны Бұқараға жұмсады ма, жоқ па, хабарсызбын. Жалпы қазақ зиялыларымен араласуды жаратпаймын. Олардан ешқандай тапсырма алғаным жоқ, өзім де ешкімге тапсырма бергем жоқ. Мұны Халел Досмұхамедов те растай алады. Осыдан кейін қандай да бір ұйымға мүше болуым мүмкін бе?

Халел Досмұхамедовпен қатты сөзге келіп қалғандықтан да, жиырма екінші жылдан бастап, жиырма тоғызыншы жылға дейін ешқандай байланыс жасағам жоқ. Тек бір рет Алматыда аңға шыққан кезде кездесіп қалдым. Орынбордағы ұйым туралы ешкім маған ештеңе айтқан жоқ. Соған қарап менің жолым олармен бөлінген екен - деп ойладым. Сондықтан да Халел Досмұхамедовтің көрсетінділері мен үшін жаңалық болып есептеледі.

Халел Досмұхамедовтің қарсы жауабы: Жаһанша Досмұхамедовтің біздің ұйымымызға қандай ықпалы тигенін ашып айта алмаймын. Өйткені екеуміздің қатты сөзге келісіп қалып, жиырма тоғызыншы жылдың аяғына дейін араласпағанымыз рас.

Сұрақ-жауап алған: Попов».

Бұл беттесудің мазмұнына түсініктеме беріп жатудың пәлендей қажеттігі жоқ сияқты. Бәрі де белгілі жайлар. Тек Жаһанша Досмұхамедовтің қадай сөйлегенінен, оның ысылған заңгер екені анық аңғарылады. Айтылған уәждерге екпін түсіре жауап беру арқылы өзінің ұстанымын Х.Досмұхамедовке аңғартып отырған. Тергеу ісіне 1931 жылы 30 наурызда Уәлитхан (Уәлихан) Омаров деген азамат та тартылған. Оның бар айыбы - «Халел Досмұхамедовтің 31-қыркүйек күнгі жауабының хаттамасында» былай көрсетілген:

«1922 жылдың көктемінде Омаров Уәлихан (Уәлитхан) Ташкенттен Семейге кетті. Біздің Ташкенттегі ұйымымыздың беделі төмен болғандықтан да, сондай-ақ Әнуар паша мен Заки Валидовпен қандай қарым-қатынас жасауымыз туралы Семейдегі Әлихан Бөкейхановқа Уәлихан арқылы хат жолдадық. Бұл мәселе туралы Байтұрсынов қанағаттанарлық жауап бермегендіктен де, Бөкейхановты сол кезде өтуге тиісті қазақ зиялыларының мәжілісіне шақыруды көздедік. Жиналыс өтпей қалды, сондықтан да Омаров Уәлиханды пайдаланып Бөкейхановқа хат беріп жібердік. Хаттың мазмұны нақты есімде жоқ. Ұзынырғасы, қалыптасқан жағдайды түсіндіре келіп: «Біз не істейміз, сіз не айтасыз?»,- дегенге саяды. Бөкейхановты өзіміздің көсеміміз санағандықтан да, осы хатты жаздық. Біздің ұйымның ішінен тұтқындалғандар туралы мәлімет бердік. Хатқа мен, Жаһанша Досмұхамедов, Тынышбаев үшеуміз қол қойдық. Кейін білгеніміздей, хат Бөкейхановқа тапсырылмапты. Ол туралы 24-жылы Орынборда кездескенде айтты. Омаров Уәлихан хаттың мазмұнын білмеуі мүмкін. Өйткені оның ұйымға тікелей қатысы жоқ, тек сенімді, көмек көрсете алатын адамның қатарына жатады. Бұл арада басты жауапкершілік - Жаһанша Досмұхамедов, Тынышбаев үшеумізде. Жаһаншаның жауапкершілігі Тынышбаев пен менен кем болған жоқ. Қожамқұловты Әділевтің сырттай таныстыруы арқылы білемін. Омаров Уәлихан біздің ұйымға мүше болған жоқ. Ол біздің үйірмені «жолбике» деп қарады. Менің алдыңғы көрсетіндіме бар қосарым осы (Халел Досмұхамедовтің қолы қойылған)».

Тергеу ісінде тыңшылар қағазға түсірген Иса Қашқынбаев пен Уәлитхан (Уәлихан) Омаровтың екеуара жауаптасуы бар. Зады бұл екі азамат өзара сөйлесіп отырғанда олардың сөзін үшінші бір «үндемес» қағазға түсіріп отырған сияқты. Х.Досмұхамедовтің жоғарыдағы көрсетіндісіне қатысты болғандықтан да осы араға кіріктіріп беріп отырмыз. Ескерте кетеріміз, хаттамада Қашқынбаевтің фамилиясы «Кошкинбаев» деп көрсетілген. Ал мұндай адамның тура осы мәселе жөнінде тергеу ісіне тартылмағандығын ескеріп, біз Қашқынбаев деп алдық.

Қашқынбаев: «Уәлихан, 1921 жылы саған Әлихан Бөкейхановқа арналған бағдарламаны бергенде, Уәлихан, сен сақтық жасамаған сияқтысың. Ол (зады Дінше Әділевтің көрсетіндісін айтып отырса керек - Т.Ж.): «Сен Әлиханға арнап бір құжаттарды берді»,- деп түсініктеме беріпті. Ең бастысы - бердің бе, жоқ па, соны бізге айтқан жоқсың ғой.

Омаров: Маған ешқандай бағдарлама берілген жоқ. Тынышбаевтің, Досмұхамедовтің қолы қойылған хат болды. Әлиханның ауылдан менен бұрын кетіп қалғанын білген соң, хаттың көзін жойдым. Хат туралы Сәтбаевтан басқа ешкімге айтқамын жоқ. Оның мазмұнын Сәтбаев білмейтін. Сен айтып отырған мұндай өсектің тарағаны рас. Менің ойымша мұның бәрін таратып жүрген Әділев немесе Әшім Омаров (? - Т.Ж.).

Қашқынбаев: «Валидовтің үйірмесіне Омаров 1922 жылға дейін мүше болған жоқ. Тек көктемге қарай Тынышбаевқа танысып шығу тапсырылды...».

Бұдан әрі өзара жауаптасуда Қашқынбаев әр нәрсенің басын бір шалып, нақты пікір не уәж айта алмаған. Анау - алай деді, мынау - былай деді,- деген сияқты жалтаң да жалпылама сілтемеге көшкен. Оның тергеу барысына пәлендей әсері де жоқ әрі «тыңшы» түсініксіздеу етіп қағазға түсіргендіктен де, кім не туралы, кім туралы айтып отырғаны, қандай айып тағылғаны нақты ажыратылмайды. Тек айтылып отырған мәселенің мазмұны олардың өздеріне ғана анық болса керек. Сондықтан да анық ойды бұлдыратпас үшін біз де пайдаланудан саналы түрде бас тарттық.

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5343