Менің шығармашылықтағы құбылам
Бұл жолдарды жазуға бір жас әріптесімнің хаты себеп болды...
Тәуелділік дәуірде, яғни совет заманында жазған шығармаларымның ішінен жастар тыныс-тіршілігін арқау еткен екі романымды өзім ерекше бағалаймын. Өйткені олар тек қыздар мен жігіттердің махаббат сынды мәңгілік тақырыбы ауқымындағы мәселелерді суреттеумен шектелмеген-тін. Оларда барша тіршілік сол заманғы жеңімпаз идеологияға бағындырылып, белгілі дәрежеде көзқарас біркелкілігі дәуірлеп тұрған кезгі шындыққа көңіл бөлінген болатын. Дәлірек айтқанда, коммунистік құрылыстың жаңа адамын тәрбиелеу бағытын ұстанған кезеңде байқалған, стандартқа айналған ағымдағы тыныс-тіршілікке кереғарлау, біртүрлі бөтендеу сипатты құбылыстарға назар аударылған еді.
Тоталитарлық мемлекет ішіндегі цензураның сүзгілері анталап тұрған шақта сезікті құбылысты көрсететін туынды жазу да, саясат құптамайтын жәйттерді шығармашылығыңда ашық қозғау, талдау, сараптау да мүмкін емес-тін. Бұл орайда сондай күрделі өзгешеліктерді тану, оларды ажыратып, көркем шығармашылығыңда пайдалану үшін алға жүйелі мақсат қоя білу мәселесіне шығармашыл тұлғалардың бәрі бірдей басын ауырта бермейтін. Себебі бұл, менің ұғымымша, оп-оңай шағыла қоятын жаңғақ cанатына жатпайтын еді. Мұндай ойға мен жазу-сызуыма өте-мөте қажет рухани бағдар іздеу барысында құдды эволюциялық өзгеріс іспетті даму үдерісін бастан өткергеннен соң келген болатынмын.
Ыңғайы, өзімнің әлде дұрыс, әлде бұрыс, қалай болғанда да белгілі бір дәрежеде өз ұғымымдағы көзқарас айқындығына қол жеткізгенге дейінгі ізденістерімді әңгімелегенім дұрыс шығар...
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында, студенттік шағымда, мен іштей өзіме шығармашылық жолды біржола таңдап алғандай көрінетінмін. Әлем, оның ішінде орыс, әсіресе француз әдебиеті туындыларын қомағайлана сүзіп, араларындағы өзіме қатты ұнағандарын құмарта, кей жерлерін әлденеше қайтара оқитынмын да, өзімнің бастапқы балаң әдеби туындысымақтарымды жазатынмын. Cөйтіп жүргенде америкалық Джек Лондонның әйгілі «Мартин Иден» романының кейіпкері Мартиннің жазушылыққа есік ашар кілтті қалай іздестіргеніне шындап қызыққан едім. Мен де тап сол Мартин секілді шығармашылық жолда табысты еңбек етуге мүмкіндік беретін өзіндік жұмыскерлік философиямды тауып алуға қатты құмартқанмын. Бұл ретте мен әуелі «Мартин Идендегі» жазушы болуды мақсат етуші қарапайым теңізшінің есіл-дертін жаулаған ағылшын ойшылдарынан бірдеңе түсінуге тырыстым...
Лондон өмір сүрген заманда, дәлірек айтқанда он тоғызыншы ғасырдың соңына қарай, болашақ ұлы қаламгердің санасын дүр сілкіндірген оқымыстылардың ғылыми ой-пікірлері, әрине, тап сол шақта ілім-білім қуып, жазушылық жолға түскен оның әдеби кейіпкері Мартинге де қызық көрініп, оларды игеруге құмартуы әбден табиғи-тұғын. Әйтсе де сол дәуірдегі ең озық ғылыми ой иелерінің эволюцияны зерттеуге алып, түрлердің шығу тегі жайында қорытқандары, шынын айтқанда, одан алпыс-жетпіс жыл өткеннен кейін, күні кеше мектепте ұстаздарымыз дәріс берген ботаника, биология пәндері оқулықтарында жазулы тұрғандықтан ба екен, мені соншалықты елітпеді, дұрысында аса бір құмартып тереңдей алмадым. Содан соң солардан (Г. Спенсер мен Дарвиннен) ертеректе немесе солармен қатар уақыттарда өмір сүрген француз пәлсафашыларының (Монтень, Гельвеций) бірер еңбегімен таныстым. Олардың адам туралы пайымдары, адамның ой еңбегіне қабілеттілігін, тәрбиесін, адам рухының табиғатын зерделеулері, ақыл-ой, жалпы ахлақ хақындағы толғамдары қызықтырды. Құныға оқыдым. Не керек, әйтеуір барша ілім атаулының пәлсафадан басталатынын, мұны жазушы болуды көздеген талапкердің әрдайым зердесінде ұстауға тиістігін ұққандай болдым.
Сосын Лондонның әдеби кейіпкерін күллі ізденістерімен соншалықты шынайы да әсерлі сомдауы шығармасының іс жүзінде өз өмірбаянына сүйенгенінде екенін түсіндім. Мартин Иден бастан кешкен қиын тағдырды, нағыз әдебиет жасайтын күрес алаңына апарар соқпақпен жүріп өтуді Джек (Джон Чейни) өз басынан өткерген екен. Жазушылық жолға түскенде ол Чарльз Дарвин, Герберт Спенсер ілімдерімен қатар социалистік идеяларды тұжырымдаушылардың еңбектеріне де қатты құлаған көрінеді. Капиталистік қоғамда өмір сүрген Джек Лондон «Коммунистік партияның манифесін» және оның авторларының басқа жұмыстарын да сүйсіне оқыпты. Соның нәтижесінде социалистік партияға мүше болыпты, жаңа қоғамдық құрылыс құруды көздейтін революциялық күрестің жеңетініне қалтқысыз сеніпті.
Осы ретте есіме оның «Мексикалық» атты тамаша әңгімесі түсіп отыр: Лондон «революция үшін» еден жуушы болудан тартынбаған жасөспірімнің революция мүддесіне қару-жарақ алуға шұғыл қаржы керек болғанда, сайысы өте ірі сомаға бағаланатын атақты боксшыға қарсы рингке шығуға бекінгенін, сөйтіп, жанкүйерлер көзіне қораш көрінген, үлкен бокс әлеміне мүлдем беймәлім, бірақ сана-сезімін биік идея билеп, бойына жігер, күш-қуат берген жап-жас баланың қалай жеңіске жеткенін ғаламат шеберлікпен суреттегеніне қайран қалған едім.
Алайда Американың социалистік партиясы қоғамды революциялық жолмен өзгерту идеясынан бастартты да, социализм орнату үшін біртіндеп реформашылдық жолмен жүру бағытын ұстанды. Ал оның бұнысы атақты жазушыға ұнамай, өзі бастапқы идеясына соншалықты сенген саяси ұйымға мүшелігін доғарды да, социалистік партия қатарын біржола тастауға бекінді. Партиядан шығатынын тұжырымдаған мәлімдемесінде ол соцпартияның «жауынгерлік рухына деген өзінің сенімі жоғалғанын» хабарлады.
Содан аз ғана кейін, социалист Джек Лондон дүние салғаннан бір жылдай ғана уақыт өткенде, жер шарының қарсы бетіндегі Ресей империясында ірі қызыл социалистік революция болды. Мұны ұйымдастырған большевиктер партиясы революция жеңісін баянды етіп социализм орнатқанын, одан, ендігі кезеңде коммунизмнің материалдық-техникалық базасын жасауға кіріскенін жария еткен еді.
Сол шақта мен жоғарыда айтқан, Лондонның және оның Мартин Иден сынды ғажайып кейіпкерінің әсерімен санамда нобайланған мақсатты – шығармашылықтың кілтін қауырт іздестіру үдерісін бастан кешіп жүргенмін. АҚШ-тағы Джек Лондонды рухани қуаттандырған еуропалық Карл Маркс пен Фридрих Энгельс еңбектері, олардың неміс ойшылы, идеалист Георг Гегельдің диалектикасын материалистік тұрғыдан оқуы, оны Владимир Ильич Лениннің, өзге де атақты ойшылдардың өз жұмыстарында дамытуы дүниеге жаңа ілімді – коммунистік философияны әкелгені мәлім. Міне осы пәлсафа – марксизм-ленинизм – совет заманындағы бірден-бір дұрыс ілім деп саналатын еді. Содан да шығар, жоғары мектеп оқытатын маркстік-лениндік пәлсафа (оның диалектикалық материализм және тарихи материализм деп аталатын екі бөлімі) белгілі дәрежеде менің айналаға, қоғамға көзқарасымның тұғырына айнала бастаған болатын.
Мен инженерлік факультетте оқитынмын, сондықтан да әдебиетке қатысы бар тиісті оқу орындарында оқытылатындай бағдарламадан бейхабар едім. Тиісінше, менің гуманитарлық саладағы өзімше жүргізген ізденістерімде белгілі бір қалыптасқан жүйе мүлдем жоқ-тын. Мен, әйтеуір, өз білігімше керек көргендерімді қуып оқып, қаламымды қолдан түсірмей, алғашқы әдеби тәжірибелерімді жасай бергенмін. Ұзынды-қысқалы әңгімелер жазатынмын. Cолардың ішіндегі өз көңілімнен шыққан, жанрлық атауын өзімше «повесть» деп айдарлаған көлемі үлкендеу алғашқы шығармама соңғы нүкте қойылған уақытты «26 август 1965 жыл» деп көрсетіппін.
Бұл содан қырық бес жыл ілгеріде республикамыздың дүниеге келуіне заңды негіз салған тарихи құжатқа қол қойылған күн болатын. Бірақ Совет Одағының шаңырағын ұстап тұрған уықтардың бірі болып табылатын біздің «тәуелсіз социалистік мемлекетіміз» ол кезде (жалпы тарих сахнасында советтік республика ретінде өткізген күллі жетпіс жылдық ғұмыры бойы) бұл датаны арнайы атамайтын, cол себепті мен хикаятымды аяқтаған мезетте де осынау тарихи дата елеусіз, жәй ғана қатардағы күн ретінде өткен. Менің тұңғыш хикаятымды жазып болған уақытым оған жәй ғана сәйкес келіп қалған еді. Тек кейінірек, шығармашылық қызмет үшін аса қажет жұмысшы пәлсафамды белгілі дәрежеде нақтылай түсіп, жазушылық ізденістерімді кеңейте беру барысында ғана бұл тарихи күн мен сол тарихи күнде өмірге келген маңызды құжатқа ерекше мән бергенмін. Тарихи сананы ояту, оны маужыраған қалпынан сергітіп-көтеріп-қалыптастыру кезеңінде ол мәселеге өзімнің ішкі сезіміммен түйіндеген мақсат-мүддеме байланыста қарай бастағанмын. Жалпы, барлық жағдайда да қаламгер ретінде сезінетін борыш-парызымды мүлдем жаңаша түсінуге көшкен едім...
Осы жолдардың тууына себепші болған белгілі прозашы, «Таң-Шолпан» журналының бас редакторы Нұрлыбек Саматұлы: «Шығарма – жазушының өз ойы, өз толғанысы. Ол – жазушы дүниетанымының бір үзігі, бір тарауы ғана. Жер бетінде оқырманға көрініп тұрған бір өскіні ғана» екенін дөп басып айта отырып, «ал оқырманға көрінбейтін тереңдегі тамыры – жазушының өзі. Сондықтан жазушы өз шығармасы туралы неше бір сұңғыла сыншыдан да көп білетіні анық», – деп тұжырыпты. Маған жолдаған хатында осылай толғана келе, журналында ашылмақ «Бір туындының тарихы» атты жаңа айдардың дәйектемесін жазып жіберіпті.
Алдымен әрбір көркем шығарманың жазушының төл перзенті екенін, олардың әрқайсысының дүниеге келу тарихы да әрқилы болатынын еске алыпты. Сосын «жазушының ұзақ уақыт ойланып-толғанып жазған, қайта-қайта үстінен қараған, айшықты образдар тудырып, сол арқылы айтылар ойды барынша көркемдеп жеткізуге тырысқан шығармасын жазушының дәл өзіндей кім түйсіне алады?» деген сауал тастапты. «Жылдап жазылған шығарманы оқырман бірер күнде, тіпті одан да аз уақытта оқып тастайтынын», бірақ сол оқығандарының дүниеге қандай жолмен келгенін біле бермейтінін еске алыпты. Және «бұлардың бәрі-бәрі туралы жазушының өзінен артық ешкім білмейтінін» қадай айтыпты. Солай дей келе, сондықтан да «жазушы өзінің шығармасы туралы өзі айтса ғой» деген ойға тоқтаған көрінеді.
Жазу барысында не болмайды, дейді Нұрлыбек хатында, бәрі болуы мүмкін, әрі оның баршасы қаламгердің жалғыз өзінің ішкі арпалысы екені анық. «Осы ішкі арпалыс туралы жазушының өзі сөйлесе – қаншама сыр ақтарылар еді» деген ойын аян ете отырып, ол журналда ашылған арнайы айдар аясында «жазушы өзінің бір шығармасының (мүмкін бір-біріне байланысы бар бірнеше шығармасының немесе жекелеген кейіпкерлерінің) өмірге келу тарихын баяндап бере алады» деп, сол айдардың қонағы болатын қаламгерге туғызылар мүмкіндіктің мән-жәйін түсіндіріпті.
Ол жазушының туындысындағы «образдарды қалай сәтті жасап қуанғанын, немесе шығара алмай қиналғанын, қайтіп ізденгенін ...баяндап қана қоймай», өзінің шығармашылық өмірінен сыр шертіп, оқушыны көркем әдебиет тылсымына тарта түскенін, әрбір кейіпкердің бейнесін жасауға қатысты ой-толғамдарын тарқатқанын қалайды. Соларын оқырманға таныта түссе, туындысында айтар ойын кеңірек, тереңірек аша түссе, шығарма жазылған тұстағы қоғамның тынысын аңғартса, сөйтіп оқырманмен шынайы сырласса деген тілегін білдіреді. Сондай үдеріс нәтижесінде «жазушының өзімен өзі қалып ой толғайтын кең көлемдегі көркем баяндалған әңгіме» жазып бергенін қалайды. Бұндай әңгіме шығарманың оқырман арасында танымалдылығын арттыра түсерін, тіпті, тілге тиек болған «туындыны оқымаған адамның өзі онда қандай мәселе қозғалатынын осы эсседен білса де аз олжа емес» деген ой айтады.
Мұнысы дұрыс шығар-ау, бірақ, жасырмағаным жөн, менің еске алып отырған жәйттерім, біріншіден, тап Нұрлыбек ойлағандай әм күткендей дәрежеде жазыла қоймас. Екіншіден, өзім маңызды көріп еске алғандарымның жұртты қызықтыра қоюы да неғайбыл. Тиісінше, менің қаламгер ретінде «өзіммен өзім қалып ой толғауымның», яғни арнайы ашылған айдарда «ағымнан жарылуымның» ұйымдастырушы үміт артқандай нәтиже беруі де екіталай болуы керек. Турасын айтқанда, мен айтпақ әңгіменің қазіргі оқушы қауымды мүлдем елеңдетпеуі әбден ықтимал. Қысқасы, Нұрлыбек жөн-жобасын белгілеп берген тараптағы әңгімемнің көп көңілінен шықпауы ғажап емес.
Сонда да болса, Нұрлыбектің бастамасын қуаттап, шығармаларымның ішінде өзіме ұнайтын бірқатар кейіпкерім барын айтқым келеді. Туындыларымды жазу барысында солар өмір сүрген және әрекет еткен көркем әлемді шынайы тіршіліктен алшақ кетпейтіндей дәрежеде бейнелеуге, олардың образдарын шама-шарқымша заманына сай елестетіп, мейлінше дәл бедерлеуге тырысқанмын. Және әуелдегі бір шағын хикаяттан басталып, біртіндеп роман деңгейіне өрлеп қанат жайған жұмыстарым жайында азды-көпті шертер сырым да бар.
Егер солар жайында майын тамызып әңгімелей алмасам да, айтқым келген негізгі ойымды біршама түсінікті етіп жеткізе алсам, оныма оқырман ынта қойып, жеткілікті дәрежеде назар аударса, тілге тиек болатын шығармаларымды түсініп оқуына себі тиюі әбден мүмкін деп ойлаймын. Өйткені олар менің санамда орныққан шығармашы жұмысына аса қажет тұғыр мен қарудың күші арқылы және сол бір өзіндік кешенде елгезер, елеуіш сынды қызмет атқарып тұратын тетіктен өтіп қана дүниеге келіп жататын. Енді сол осы бір тылсым кешеннің менің жан-дүниемде қалай қалыптасқанын және қайтіп орныққанын түсінуге апаратын жәйтке – жоғарыда баян ете бастаған естелігімнің түйініне келейін...
Менің азын-аулақ жиған-тергенімді жаңаша қорытып, белгілі-бір арнада тоғыстырған, жобаланып келе жатқан жұмыскер пәлсафамды, соны негіз еткен өмірлік позициямды біржола және жүрегіме ең жақын қалыпта сомдауыма айрықша серпін беріп, игілікті әсер еткен бір жәйт болған еді. Соны еске алмақпын. Студенттік достарымыздың бірі сол шақта – алпысыншы жылдардың ортасынан аса бере – әдебиет көкжиегінде өзіндік ойымен, шешен тілімен жарқырай көрінген Асқар Сүлейменовтің қарындасы Жұлдызаймен шаңырақ көтеріп отау тігуге бата алған. Сол себепті біз әлсін-әлсін Асекеңнің үйіне барып, баласы қойған «Айтоты» деген атымен баршаға әйгілі Қымбат анамыздың шәйін ішіп тұратынбыз.
Бірде сол үйде әдебиеттің Асекең құралпы он шақты болашақ жарық жұлдызы жиналды (бұл ешқандай әсірелеусіз солай-тын: олар, елдегі идеологиялық құрсау «жылымық» жылдары біршама босаңсығандықтан, жаңа көзқарастарымен әдебиетке жұлқына кірген «алпысыншыжылдықтар», артынша қойылған саяси шектеулерге қарамастан, шығармашылықтарында өзіндік жаңашылдықтарын танытып, шынында да кейін түгелдей елге белгілі қабырғалы қаламгерлер болған еді). Дастарқан басында бәрі пікірталасы мол қызу әңгімеге кірісті. Біз, Асекеңнің күйеубаласы Жақанның достары, қуып жүрген мамандығымыздың әдебиетке еш қатысы жоқ студенттер, етекте үн-түнсіз құлақ түріп отырғанбыз. Сондай бір сәтте, әдетте ашыла қоймайтын, тумысымнан томаға-тұйық, бұйығы мені кенет түлен түртіп, ағаларымыздың арасында қызу талқыға түсіп жатқан бір мәселеге орай ойымды айтып қалдым...
Бұл кештегі терең мағыналы әм танымды әңгіме-дүкен барысында пікірлес қаламгерлер бірлесіп, хормен, халықтық «Елім-ай» әнін гимн іспеттендіре, күңіренте шырқап тастаған. Содан соң бірін-бірі толықтыратын сан-алуан деректі үстемелей келтірісіп, сол шақтағы кей ұлттардың жойылуға бет алғанын, қазақ тұрмысында орын алып келе жатқан ахуалда төніп тұрған сондай қатерді көрсететін өмір шындығын сыни тұрғыда сөз еткен. Сонда ғой менің ойда жоқта батылдық танытып, заманымыздың ең озық ілімі санатындағы марксизм-ленинизмді алға тарта келе, ұлттардың сіңісуін объективті құбылыс ретінде бағалағаным. Сұхбат тізгінін ұстап отырған Асекең іле маған бұрылды да, түйіле қарап (маған солай көрінді), салмақпен: «Ол бір іріп-шіріген ілім болуға керек», – деді. Мен үндемедім, артынша бұл баға елеусіз қалдырылып, әңгіме өз ретімен жалғаса берді...
Мен, әрине, маркстік-лениндік пәлсафаны «іріп-шіріген ілім» деуді ойыма да алмадым, қайта, Асекеңнің қатаң байламынан өзімше қорытынды шығарып, сол ілім үйрететін ұлт мәселесін көбірек оқып-білуге, сөйтіп, білгенімді тіршілік көріністерімен салыстырып қарап жүруге бет бұрдым. Және мұнымның шығармашылықта басшылыққа алатын жұмысшы философиямды мазмұнға байытып, өзім нобайлап жүрген қоғам тынысын бағамдайтын критерийлерді нақтыландыра түсетінін сездім.
Бұл бағыттағы ізденісімде мен алдымен, Ленин кезінде «бізде бір тамаша грузин ұлт мәселесі жөнінен кітап жазуға отырды» деп сүйсінген үзеңгілесі Иосиф Виссарионович Сталиннің 1913 жылы шыққан «Марксизм және ұлт мәселесі» атты теориялық жұмысын асқан қанағаттанғандық сезіммен оқыдым. Ұлт мәселесін, интернационализмді, интернационалистік тәрбие проблемаларын зерттеуге алған басқа да бертінгі талай еңбекті ақтардым. Ол кезде тұлғалық культі әшкереленуіне байланысты Сталин есімі мүлдем аталмайтын-ды, содан да болар, ұлттың Сталин тұжырымдаған төрт белгісі көп жұмыста оған ешбір сілтеме жасалмастан, жаңаша анықталып жататын. Бірақ маған олардың құндылығы шамалы көрінетін еді.
Реті келіп тұрғандықтан айта кетейін, мен өзімді барша мәселеге ұлт мүддесі тұрғысынан қарауға дағдыландырып алған болатынмын. Осы бір әдет шығармашылығымда көздейтін мақсатымның рухи тұғырын өте дәл тауып берген. Әрқашан алдымнан шамшырақша «менмұндалап» тұратын, беттеген бағытымнан адастырмайтын, бас иіп, тағзым етіп тұратын өз рухани құбылам іспеттенетін. Сол рухани құбыламмен бекем үйлескен жұмыскерлік пәлсафам жазу-сызу үдерісіме, яғни шығармашылығымдағы ізденістеріме жетекшілік ететін бекем де сенімді қаруға айналған. Ішкі дүниемдегі осындай өзгерістің арқасында ұлт мәселесін советтік мектеп ісі практикасында бұрмалаған, шовинистік көзқарастың үстем тұруын заңдастырған мемлекеттік чиновниктің диссертациясына орай сыни мақала жазған болатынмын.
Алайда ол, әрине, белгілі себептерге байланысты уақытында жарияланбады. «Лениншіл жас» газетінде бөлім меңгерушісі болып істейтін ағам Кәрібай Ахметбеков ұнатып, басуға құлшыныс білдірген, бірақ басшысы қолдамапты. Сосын «Жалын» альманағы бас редакторының міндетін атқарушы Мұхтар Мағауин ағама алдында ғана маған жылы пікір білдіріп, әңгімемді альманахқа басқанын арқа тұтып, ұсынбақ мақаламның жайын айтқан едім. Ол оқып та көрместен, мұндай жұмысымның «кейі-і-ін, толық шығармалар жинағыңның жиырма пәленбайыншы томында ғана» жариялануы мүмкін екенін аян етті. Сөйтіп, не керек, өзім «партия саясатын бұрмалаушы» деп тапқан ғалым-чиновниктің диссертациясын зор сеніммен әшкерелеген мақсаты үлкен, көлемі шағын еңбегімді жеке мұрағатыма тастай салуға мәжбүр болдым. Ол жиырма шақты жылды артқа салғаннан соң ғана, тек тәуелсіздік туғаннан кейін бір-ақ жарық көрді.
Менің жоғарыда баяндалған жолмен соғып алған шығармашылық тұғырнамам, яғни көзқарасымда қалыптастырған өзіндік жұмысшы пәлсафам өрімтал мектеп шәкірттері тыныс-тіршілігінен жазылған «Менің досым», «Біз табысар қиырлар», «Кластастар» секілді бірер әңгімемде ұлттық тамырды табиғи түрде түйсінетін балалар мен олардың «қазақылыққа» алаңдамай, заманауи озық жетістіктерге төте құлаш ұрған құрбыларын оқырманға ой салар дәрежеде бейнелеуімді мүмкін етті.
Сол кезгі саясат жетегімен орныққан стандартты өмір салты үлкенге де, кішіге де ортақ болатын. Тиісінше жұрт ұлттық құндылықтардың елеусіз күйге түсуіне көндіккен тәрізді-тін. Сондай кезде аталған әңгімелерімдегі, балалар мен жасөспірімдерге арналған басқа да туындыларымдағы жеткіншектердің құрметтеуге тұрарлық ахлақи ұстаным, күрескерлік рух, достық сезімге адалдық танытуын суреттегенім белгілі дәрежедегі шығармашылық табысым болған еді. Бірақ бұлардың бәрі негізгі кейіпкерлерімді іздеу барысындағы, одан, әңгімемнің басында айтқан, тоталитаризм жылдарында өмір сүрген жастар өмірін арқау еткен романдарымды дүниеге әкелу жолындағы баспалдақтар іспетті ғана-тын...
Менің шығармашылық қиялым ең алдымен көз алдыма қазіргі заманғы, сауатты да білікті, бірақ ой өрісі замандастарынан мүлдем өзгеше жас маман сұлбасын елестетті. Соның образын жасауды алдыма мақсат етіп қойдым. Қиялға қанат бітірген бір таңғажайып шақта пайда болып, кезінде өзіме қатты ұнаған Ерік деген есімді мен сол келешек кейіпкеріме бірден еншіледім. Ерікті мен қасаң тәртіп заманының талаптарына мойынсұнбай, еркін ойлау үлгісін танытуға тиіс басты кейіпкерім етіп сомдауды армандадым. Сол төңіректе біраз қағаз шимайладым.
Ол, Ерік есімді советтік жас инженер, зауыт қабырғасында қызметтік міндеттерін адал атқарып болысымен, әдетте ешқайда аялдамастан пәтеріне оралатын еді. Тұруы үшін Ерік байырғы отарлаушылардың түсін өзгерткен бір тұяғы Ермолай шалдың үлкен үйінің бір қуысындағы кішкене бөлмесін жалға алған болатын. Сонда түннің бір уағына дейін әлденені оқумен, бірдеңелерді жазумен шұғылданатын.
Оның қоғам өміріне сыни көзқарасы лақап атпен жазып жүрген туындыларында, әр нәрсеге білдірген пікірлерінде, қатар жүрген замандастарымен қарым-қатынастарында көрініс тауып жататын-ды. Сондайда пікірінің көпшілік ұстанымына кереғарлығы байқалып тұратын. Осы қайшылық уақыт өткен сайын үдей түседі.
Еріктің ойлау жүйесінің қоғамда қалыптасқан ұғымнан өте алшақтауы, ой-өрісіндегі, пайымындағы қоршаған ортаға түрпідей тиетін сәйкессіздік тым көзге ұрып кетеді. Онысының дертті сипат алғаны сондай, Ерік, тіпті, өзінің кездейсоқ кезіктіріп құлай ғашық болған сүйкімді мұғалима қызынан да өз ұстанымы тұрғысынан кінәрат табады. Мұндай жағдаяты қалаулысына деген сүйіспеншілігін ұмыттырып, оны қауіпті депрессиялық күйге ұшыратады...
Маған бұл жас жігіттің бейнесін сенімді түрде сомдау үшін біраз ізденуге тура келді. Мен оны сондай ұнаттым, оның өзіндік күрес тәсілін қолдағандай күй кештім. Шарасызданғанын да түсінгендей болдым. Қысқасы, хикаятыма «Ай нұры» деген ат қойып, туындымның бағын сынап көру үшін, сол жылдары мемлекеттік баспа комитеті, комсомолдың орталық комитеті және жастардың «Жалын» альманағы бірлесіп өткізіп жүрген дәстүрлі жабық бәйгеге жібердім.
Бұл жетпісінші жылдардың бас кезі еді. Жабық конкурсқа түскен шығармалардың бірі ретінде, сапасын анықтап, тиесілі бағасын қою үшін өзіне тапсырылған «Ай нұрын» сол кездегі қолтаңбасы мойындалып, танылып қалған жазушылардың бірі Қажығали Мұхамбетқалиев оқыған екен. Менің хикаятым оған қатты ұнапты, рецензиясында оны жоғары бағалап, тіпті, бірінші орын беру керек деген ұсыныс жасапты.
Конкурс аяқталып, жеңімпаздары анықталады. «Ай нұрының» ешқандай да орынға ілікпегені белгілі болады. Бұл рецензентті таңғалдырады. Себебін білгісі келеді. Біледі: екінші рецензенттің бағасы теріс болған көрінеді. Ал үшіншісінікі? Үшінші рецензия жоқ боп шықты. Мұндай жағдайда шығарманы үшінші адамға оқыту керек екені түсінікті. Солай болуы керек те еді, алайда қолжазба қалтарыста қалып қапты. Конкурс хатшысы Төлен Әбдіков оны тағы бір рецензентке оқуға беруді ұмытып кетіпті. Сол себепті Қажығали озық деп таныған «Ай нұры» ешқандай орынға ілікпей, тіпті мүлдем еленбей қалған екен.
Осыған байланысты біраз пікірталас болған көрінеді. Ақыры абайсыз қиянат жасалғаны мойындалып, туындымен Төкеңнің өзі де танысыпты. Сосын қателігін түзеуге ниет еткен белгісі болар ыңғайы, әйтеуір конкурста абайсызда ескерілмей қалған хикаятқа альманах бетінен орын беруге бекініпті. Құпия конверттер ашылғаннан кейін барлық үміткердің аты-жөндері қатарында «Ай нұрының» авторы да жарияға шығып, оның мен екенім белгілі болған соң, бұларды маған Қажекең айтты.
Төкең кезінде менің бір әңгімемнің тұңғыш рет баспасөз бетіне басылуын мүмкін еткен болатын. Жазуға мектеп қабырғасынан құлап, алғашқы курстарда-ақ әдебиетпен шындап шұғылданған сияқты болғаныммен, бірде-бір жазғаным алты-жеті жыл бойы газет-журналға қабылданбай жүрген-тін. Жылдар бойы алғызбай қойған көрінбейтін қамалды тұңғыш бұзу сол кісінің жәрдемімен жүзеге асқан еді...
1969 жылдың орта шені болатын, бір күні жас қаламгерлерге арналған «Жалын» атты альманах шыға бастағаны жайындағы хабарға көзім түсті. Тәуекел етіп, альманахтың редакциясына бірнеше жұмысымды апарып бердім. Араға талай уақыт салып, іздеп барсам, редакция қызметкерлері ауысып кеткен, мүлдем басқа адамдар отыр екен. Мен туындыларымды іздеп сұрау салған кісім, оның Төлен Әбдіков екенін кейін білдім, қолжазбамды шкафтың төменгі бөлігіне бұрынғы қызметкерлердің шешімімен жарамсыз жұмыстар қатарында мұрағатқа тасталған жерінен тауып алып берген. Мен оны бірден әкете салмай, осы жаңа қызметкердің пікірін білгім келді. Қарап шығуын сұрадым. Сонда ол маған самарқау көз тастаған да, келер уақытымды белгілеп, қолжазбаларды алып қалған. Айтқан мерзімінде барғанымда, үстелінің суырмасынан қолжазбамды алып шығып, ішіндегі көлемдісін оқығанын айтқан. «Мықтың осы болса – басуға жарамайды» деген де, бәрін маған қарай ысырған: алып кете бер...
Кейде сәтсіздікке ұшырай беруің де батылдыққа жетелейді: мен басқасын да оқып көруін өтіндім. Ол маған таңырқай бір қарап алды да, менің көзімше, бір әңгімемді алдына алды. Оқып шықты. Сосын қайта аударыстырып, әр жеріне көз жүгіртті. Сөйтті де, бәрін тастап кетуімді сұрады. Келесі келгенімде Мұхтар Мағауинмен таныстырған. Төкеңнің өзі бөлім меңгерушісі, Мұхаң бас редактордың орынбасары, қазір бас редактордың міндетін атқарушы екен. Менің «Көгілдір және қызғылт» деген әңгімемді жариялайтын болыпты, тек атын өзгерткен. Қуандым, қабыл алдым.
Бертінде, Америка Құрама Штаттарына қоныстанған соң жазып жүрген естеліктерінің бірінде Мұхаң сол жәйтті: «Мен бұл жігітті әдебиеттегі алғашқы қадамынан бері білетін едім, – деп еске алыпты. – «Жалын» журналында бас редактордың міндетін атқарушы болып отырған 1970 жылы Төленнің дүдәмал ұсынысынан соң, тырнақалды әңгімесін басқам. Ешбір жерде қабыл таппаған, өзгеше әңгіме. «Кемпірқосақ – көк аспан» деп, тақырыбына дейін өзім қойғам...» (Сол шақта өзінің мені: «Шындығында, оң талаптағы, болашағы бар жазушы, білімдар, ойлы жігіт» деп бағалағанын да жазыпты. Алла разы болсын, Мұха!)
Әңгіменің атын өзгерткен Мағауин екенін осылай білдім, онысы маған ұнамды тақырып болғандықтан да, осы уақытқа дейін сол атпен қайта басылып келеді. Ал Әбдіков сол шақта туындымның жетістігі ретінде, «бұл әңгімеде үйлесімді түрде қос желі қатар тартылған» деп атап айтып еді. Мен осы екі азаматты – бүгінде классиктер санатында аталып жүрген қазақтың көрнекті жазушыларын – Төлен Әбдіков пен Мұхтар Мағауинді – әдебиеттегі тұсауымды кесушілер ретінде бағалаймын.
«Ай нұры» альманах бетіне жолдама алған шақта Мұхаң оқытушылық қызметке көшкен, Төкең оның орнына, бас редактордың орынбасары болған, ал бас редактор лауазымына Тұманбай Молдағалиев тағайындалған еді. Ол нөмірге ұсынылған менің хикаятымды оқып, ұнатқанын айтты. Менің Ерігімнің өзінің сүйікті қызы Сағынышқа ерекше мәнермен, бар жан-дүниесімен беріле: «Ай да бүгін аласарып, төбемізден төнеді, Сәулешімді ұлықсатсыз қайта-қайта көреді. Көлегейлеп жабар едім албыраған жар жүзін, Бірақ менің өзімнің де көре бергім келеді», – деп, Тұманбай ақынның өлеңін оқитыны бар, ол соған назар аударып, риза болды. Тіпті, «сен бұл бір шумақты әдебиетке енгізіп жібердің ғой» деді. Мен ыңғайсызданып, үнсіз қалдым...
Сосын Тұмағаң бас редактор ретінде, альманахқа жариялағалы отырған менің хикаятыма байланысты, маған өзінің басты ескертпесін аян етті. Хикаяттың негізгі кейіпкері, осынша әсершіл, романтик, риясыз ғашық бола білетін тамаша жас жігіттің өмірден бұлайша өтуі дұрыс емес деп білетінін айтты. Не керек, хикаяттың соңын өзгертуімді ұсынды. Лирикалық поэзияны жақсы көретін, ұнатқан өлеңдерін өзінің төл туындысындай серпіле оқи беретін Еріктің жан күйзелісіне ұшырауын қабыл алмады. Мұндай жағдай біздің заманымыздың сипатына келмейді, жараспайды деді. Ойлан деді.
Ә дегенде келісе алмаған едім. Бірақ ойлана келе, қаншама дәлелді, нанымды жаздым дегеніммен, сүйікті кейіпкерімнің көпшілік үшін оғаш көрінетін күйректігі, депрессияға ұшырауы және оны жеңе алмауы шынымен де дұрыс болмайтынын ұқтым. Мені ол кезде Еріктің басқа тұрпаттағы замандастарының бейнесін жасау мәселесі толғандырып жүрген еді, жекелеген шығармаларымды жобалап та қойғанмын. Солардың бәрін бір тұтастықта елестеттім де, әр нәрсеге теріс болса да өзіндік ойы бар Ерік мен жасамақ көркем әлемде солармен қатар жүрсе, замана шындығы контрасттар арқылы айқынырақ бейнеленетін болар деп ұйғардым.
Тұмағаңның ескертпесі өте орынды болды, жасап бердім. «Жалын» шықты, хикаят тасқа басылды, өзім іштей қуаныштымын. Оқыған әркім әртүрлі лебіз білдірді, негізінен құттықтап жатты. Пікірін бағалайтын бір үлкен жазушы ағам: «Қайран жастық-ай, махаббатты соншалықты жақсы, мөлдіретіп жазады екенсің» деп мақтады.
Ал мен хикаятымның негізгі ойы түсінілмегенін ұқтым...
Туған халқына деген сүйіспеншілігін керемет тартымды да сенімді дәлелдермен баян еткен ғаламат «Джемшидова чаша» («Жәмшид тостағаны») кітабы үшін қатты қадірлейтін жазушым Әнуар Әлімжанов Жазушылар одағының бірінші хатшысы еді, cол кісінің пікірін білгім келді. Хикаятымның жолма-жол аудармасын көтеріп, қабылдауына бардым...
Бірнеше күннен кейін мені белгілі орыс жазушысы Морис Симашко іздеп тапты. Шығыс тарихынан тамаша туындылар берген, біздің Әліби Жангелдин жайында да романы бар үлкен сөз шебері. Әнекеңнің өтініші бойынша менің қолжазбамды оқып шығыпты. Сол жөнінде сөйлеспекші екен. Белгіленген уақытта кездестік.
...Морис Давидович саябақ соқпағымен аяңдап жүріп, одан ұзын скамейкада дамылдап отырып, менің хикаятымнан алған әсерін әңгімеледі. Жолма-жол тәржіме, әсіресе олақтау жасалған болса (сыпайы түрде, емеурінмен, менің қолжазбамның орысшаға жолма-жол жасалған аудармасының сапасы төмендігін ескертті ғой деймін), туындының түпнұсқасындай әсер бермейтінін, автор бейнелеген көркем әлемнің сырын бірден түсінуге қиындық келтіретінін әңгімеледі. Дегенмен «Ай нұрында» өзіндік бір құпия барын алғашқы оқығанында-ақ аңғарғанын, айтылатын ойды екінші мәрте оқып барып біршама толық түсінгенін айтты. Мәтінге бүкпе мән тоқу, ойды астарлап айту әдісін қолдану өзін таңғалдырыпты, әрі риза еткен екен.
Хикаяттағы бас кейіпкердің бейнесін сомдауда қолданылған әдеби тәсіл жемісті нәтиже берген деуге болады деді ол... Осы бір Уыт деген лақап атпен әдебиетте бағын сынамақ боп жүрген, көтеріңкі леппен есіп сөйлеуге құмар, қылжақбастау көрінетін, бірақ тілінен әлдебір тікенек байқалып қалатын Ерік есімді жас жігіт, шындап келгенде, оқырманын өзін қоршаған ортаның адамдарын жаңаша тануға елеусіз түрде жетелейді, елестету қабілетін тітіркентіп, ойландырады деді...
Менің шығармашылық жоспарыммен әуестенді. Мен осынау рухани тұрғыда басыбұзық көрінетін Ерікке мүлдем ұқсамайтын, бірақ, бәрібір, оған жақын, қоғамдық позициялары құрметтеуге тұратын замандастары жайында әңгіме-хикаяттар жазып жүргенімді, ойым – өзіндік бейнелері жеке-жеке жасалған солардың бәрін тоқайластырып, қазіргі заманғы әртүрлі реңкті жас адамдар әлемінің көрінісін жаңғыртқым келетінін айттым. Ол мұқият тыңдады, мақұлдады. Сосын менен жапон жазушыларынан кімді білетінімді сұрады.
Мен, әрине, Ясунари Кавабатаны атадым (білетінім де сол ғана еді). Сол шақта ол шығыстан жарқ еткен жарық жұлдыздай әсер еткен-тін. Азиялық алып аумақтан үнді кемеңгері Рабиндранат Тагордан кейін араға жарты ғасырдан астам уақыт салып барып Нобель сыйлығының лауреаты атанған, еуропалықтар үшін тың, ерекше жазу мәнерімен әлемді елең еткізген күншығыс суреткері болатын. Марапаттың ізінше советтік орталық басылымда азиялықтар ішінен суырылып шыққан қаламгердің жекелеген туындысы орысшаға аударылып басылды, ал 70-ші жылдардың басында Мәскеуден «Қазіргі заманғы проза шеберлері» сериясымен біртомдығы жарық көрген-тін. Қызыға парақтағанбыз, сүйсіне оқығанбыз.
Аз-кем пікір алысқаннан кейін ол маған «Иностранная литература» журналының соңғы санында шығыстанушы-әдебиетші Григорьеваның жапон әдебиеті жайында байыпты зерттеуі жарық көргенін, сол мақалада құдды менің туындыма да қатысты пайым тұжырымдалғандай ойға қалғанын айтып, соны оқып шығуға кеңес берді...
Жапон әдебиетіндегі ұлттық көркемдеу дәстүрін қарастыру, оның ерекшеліктерін айқындау, әрине, жақсы, бірақ менің шағын жұмысымды бағалауда содан әлдебір ұқсастық, параллель табу, меніңше, менің балаң ізденістерімді тым артық бағалау сияқты көрінді. Аға қаламгер, сөз шебері Симашконың әдебиетте әлі өзіндік қолтаңбамды танытып үлгермеген менің бір қайнауы ішінде қалған орысша, жолма-жол тәржімеленген мәтініме сапасы төмендігіне қарамастан соншалықты ықылас қойып, мұқият оқып, жол арасына көлегейлегенімді аңғарып, танығанына, оны жақсы бағалап, ілтипат білдіргеніне риза бола тұра, іштей осылай ойладым.
Шынында, қазақы өмірде кездесе беретін өзгеше сөйлеу түрін, тұспал тілін қолдануым пәлендей жаңалық емес қой деп ойладым (оны мен, әділін айтқанда, дұрыстап қолдана да алмайтын сияқты едім). Хикаятымда негізгі ойымды бүркемелеу үшін, цензура тұтқышына тұтылмау үшін, кейіпкерімнің көзқарасын, түрлі жағдайда білдіріп қалатын пікірін толық бермей, емеурінмен көрсеткенмін. Жеткізіп айтылмаған, жанама суреттеулер арқылы ғана нобайланған тұстарды оқырманның өзі жорымалы ой жүгіртуімен толықтырып алатынына сенім артқан әдісім-тұғын мұным. Тура айтуды саясат көтермейтін жағдайды ескеріп, негізгі ойымды сақтау үшін өзімше тұмандатып пайдаланған әдеби тәсілім ғой.
Бірақ оны Морис Давидовичтің жапонтанушы-ғалым Татьяна Петровна Григорьева қарастырып, талдауға алған жапон әдебиетіндегі көркемдік дәстүр мәртебесіне теңестіргендей сипат танытқан пайым білдіргеніне өзімді сондай ыңғайсыз сезіндім. Менің әзірге ешкім тани қоймаған, көпшілікке беймәлім жазу мәнерімді осынау көрнекті жазушы тым көтермелеп жіберді, ықыласына рақметім шексіз, тәңір жарылқасын, әйтсе де онысы артықтау, маған келіңкіремес деген ойда болдым. Содан осы бір қадірменді қаламгердің хикаятыммен танысу барысында менің шығармашылық ұстанымымды айқын аңғарып, ұстанымымның туындымда көрініс тапқан нәтижесін шығыстанушы маманның жапон әдебиеті құпиясына үңілген зерделі зерттеуіндегі тұжырымдарға теңгеруін ұмыт қалдырғанды жөн көрдім. Сөйтіп оның өзім өсіріңкі деп білген салыстырмасына алаң болмай, тек шығармашылық жоспарымды құптағанын ғана ойда ұстадым. Нәтижесінде соны дамытуды, яғни жасалуын көздеген көркем әлемімнің тыныс-тіршілігін – жас азаматтардың образдарын сомдауды, олардың кескін-келбетін, жан-дүниесін, бітім-болмысын өз көруімше жаңғыртып жазуымды жалғастыра бердім.
Жекелеген хикаяттар мен әңгімелерде бой көрсеткен түрлі тұрпатты жас жігіттер мен қыздар – ауылдағы және қаладағы қоғамдық-саяси өмірдің, тыныс-тіршіліктің жағдайынан өз бейнелері, ұстанымдары, әрекеттері арқылы белгілі дәрежеде хабар бере алатын типтік өкілдер – ұзамай «Дүние-кілт» романының кейіпкерлеріне айналды. Бірақ оның жарық көруі әйгілі Сексен алтының Желтоқсанынан кейінгі үскірік атқан «Кіші 37» сынды қауіпті кезеңге дөп келіп қалған-ды. Сондықтан ішіндегі «жау» табуға ілік беріп қалуы ықтимал тарау алып тасталып, жекелеген жерлері түзетіліп, 1987 жылы жарық көрді. Заман дұрысталып, тәуелсіздік келгеннен кейін күзелген жерлері қалпына келтірілді де, 2002 жылы шыққан «Сен ғана» романының алғашқы бөлімі ретінде жарияланды.
Бұл менің сонау 70-ші жылдардың басында қағазға түскен «Ай нұры» атты шағын хикаятымның көлемді шығармаға ұласқанының көрінісі еді. Сыншыл Еріктің сыныптас досы, ғылым жолына түскен Дархан оның дүниетанымының тым біржақтылығына назар аударып, оны дұрыстыққа бұру жолын нұсқағаннан соң, туындыда кейіпкерлер қатары көбейген. Олардың ішінде қоғамдағы келеңсіздіктер себебін өздерінше ажыратып, олармен күресу әдісі ретінде жалаң белсенділік емес, білімге негізделген қоғамдық саяси-позиция қалыптастырып алудың маңыздылығына зер қойған Абылай, Қасым секілді жастар, өмірге Ерікше қарайтын ересектеу Наркескен, түрлі мінезді қыздар бар-тын. Бұлардың қатарына жоғары оқудан кейін ауылдық жердегі кәсіби мектепте істеп, жеткіншектерге заман талабына лайық білім беру және саналы қоғамдық-саяси белсенділік қасиетті дарыту бағытында қатарластары түсіне бермейтін біраз жұмыс атқарып барып Алматыға келген Абылай қосылған-ды. Еліміздің дамуының әр шағына, ауызға алынбайтын қасіретті кезеңіне де оның өз көзқарасы бар-тын. Ол жоғары оқу орнының комсомол комитетінде жауапты қызмет атқарып жүріп, студенттердің демократияшылдығын, қоғамдық белсенділігін арттыру жолында пәрменді жұмыс жүргізгені сондай, жоғарғы буындағы комсомол қызметкерлерін біраз дүрліктіреді. Ұзамай өзінің институтта бірге оқыған құрбысы, негізгі қызметіне қоса қоғамдық жұмысты байыппен атқарып жүрген жалынды Дәмештің ықпалымен біртіндеп Дархан, Еріктермен достасады. Олардың жастық шаққа тән көңіл-күйлері мен іс-әрекеттері, өзара қарым-қатынастары ел болашағын, ұлт қамын ойлаумен және сол жолда өзіндік күрес жүргізумен ұштасып жатады.
Кең тынысты полотно есебінде жобалаған туындым осындай жалпы ахуалда бастапқы жоспарыма сай дамытыла берді. Кірпіштерін біртіндеп қиюластыра қалаған көркем мәтінімде кейіпкерлердің бойындағы туған елге, жерге деген сүйіспеншілік, сәтті-сәтсіз ғашықтық сезімдер, адал махаббат қоғамдық белсенді позицияларымен ұтымды үйлесе, жайбарақат қарауға болмайтын небір сыр түрінде өрілді. Қоғамдық даму барысында кейбір маңызды құндылық санатындағы ұлттық бітім белгілерінің өзгеріске ұшырап бара жатқаны көрсетілді. Не керек, шығармаларымда тоталитарлық кезеңнің әйгілі үлкен дүрбелеңі қарсаңындағы шақты, жастар өмірін, олардың бүгінгі күнмен үндесіп жатқан тыныс-тіршілігін оқырманды бей-жай қалдырмайтындай етіп бейнелеуге тырысқан едім. Осы туындыларым «Қарсаң» және «Киелі мұра» атты екі дербес роман ретінде менің жетпіске толуыма орай, 2015 жылы шыққан «Жастық шақ жырлары» атты жинаққа енгізілді.
Сонымен, 70-ші жылдардағы қазақ жастарының әлемі, яғни макрокосмы осы қос романның микрокосмдарына шоғырландырылды. «Қарсаң» романы микрокосмын тануға Нияз есімді жас журналистің қарт кісілер аузынан жинаған ескіліктерінің бірі боп табылатын құстар жайындағы аңыз арқылы берілетін: «Бізде, адамзат баласы арасында мынандай жазылмаған ар заңы бар: әркім шыққан тегінің тарихын, тілі мен мәдениетін біліп, сүюге тиіс. Соларды жау шабуылынан жан-тәнімен қорғауға міндетті. Өз шаңырағын сүйген ғана бөтен шаңырақты сыйлай алады. Кімде-кім ар-ұжданын осы ережеге бағындырса – Отанының адал ұлы сол», – деген, күллі туынды бойы асыл сезімдері жетегінде жүрген жастардың ішкі ұстанымы сипатты әсер ететін тұжырым жәрдемдеседі. Ал «Киелі мұра» романы микрокосмын көненің көзі іспетті сый-қамшыға бедерленген: «Қос пенде, шаңырақ көтердің бе, – ғұмырың маған байланды. Мен деп таңың атып, күнің батса – талайыңмын, елемесең – ажалыңмын. Алтын қазығың ажарын бермесе – жат көздің жауын ала түсем, түтеткен түтінің қисық көтерілсе – семе түсем. Менің семгенім – ошағыңның сөнгені. Алланың қалауы осылай. Әумин», – делінетін жолдар танытып, туындыдағы қоғамдық-шығармашылық белсенділігі айқын жастарды алдарына қойған мақсаттарына апарар қақпаны ашатын маңызды кілт іспетті сезімге бөлейді.
Өзіндік жұмысшы пәлсафам арқылы белгіленген әдеби тәсілмен жазылған туындыларымда жүргізген көркемдік зерттеулерім советтік замананың шындығын білгісі келетін әркімнің көңілінен шығуы керек деп сенем. Кешегі тоталитарлық дәуірде өмір сүрген қыз-жігіттердің жан-дүниесін танып, көркем тарихын көргісі келетін қалың көпшілік, болашаққа қол созған жас азаматтар бұларға бейтарап қарамауға тиіс. Ішкі ойым осындай.
Анығын айтқанда, тоталитаризм дәуіріндегі жастар өмірін арқау еткен шығармам үш романнан тұруы керек болатын. Бірақ белгілі тарихи оқиғалар бұл жоспарымды үзуге итермелеген-ді. Бұрынғы байтақ еліміздегі билеуші коммунистік партия 1985 жылы Мәскеуде жария еткен Қайта құру саясатының, сол жаңа бағытқа иланғаннан туған 1986 жылғы әйгілі Желтоқсан саяси көтерілісінің ызғырығы басыла келе, біздің республикамызда да орныға бастауы менің трилогия хақындағы бастапқы жоспарды күрт өзгертті.
Мен бүткіл жан-дүниеммен тарихтағы «ақтаңдақтар» құпиясын ашу ісіне беріліп кеттім. Тек тәуелсіз елімізде азаматтарымызды қайран қалдырып, оғаштығымен көпшілікті дүр сілкіндірген 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы жастар жайындағы туындыларымның тізбегін жалғастыру қажеттігі жайында ойлантты. Менің байырғы сүйікті кейіпкерім Еріктің қатысуымен жас ұрпақтың жаңа буыны сахнаға шығар уақыты туды деп білдім. Алайда әзірге үшінші томға із салуы ғана ықтимал бір шағын шығарма – тек «Жүрегіңе сен» атты әңгіме ғана жарық көрді. Оның өзі оқыс жағдай шұғыл үн қатуды күн тәртібіне шығарғандықтан, еркіңнен тыс шапшаң жазылған болатын. Ал үлкен полотноға кірісуге уақыт тапшылық етіп тұрды.
Мен оқырманды, жас ұрпақты тарихпен тәрбиелеу, тарихтың енді ашылып жатқан қаралы беттеріне назар аудартып, таныту арқылы тәрбиелеу ісіне атсалысуды бірден-бір парызым деп білетін едім. Сондықтан еліміз мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткізгелі түрлі зерттеулер, публицистикалық мақалалар, тарихи миниатюралар, хикаяттар, романдар жазып жүргенмін.
Ұлт-азаттық қозғалыс тақырыбымен советтік дәуірде, Бірінші орыс революциясының 80 жылдығы қарсаңында «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») үшін мақала әзірлеуден бастап қатты әуестенгенмін-ді. Шыдамсыздана қолға қалам алып, «1905» романын жаза бастаған едім. Ол шақта Алаш қайраткерлері жайында ашық жазу мүмкін емес-тін, мен Әлихан Бөкейханов образын Ғалибек Нұрмұхаметұлы деген есіммен шығаруға тырысқан болатынмын.
Романның алғашқы журналдық нұсқасы 1989 жылы жарық көрді. Есімде, сол жылғы қаңтарда «Қазақ әдебиеті» газеті менің Ахмет Байтұрсынов жайындағы «Көзқарас эволюциясы» деген мақаламды жария етті (1988 жылғы қарашада ол басқа да алашордалықтармен бірге ақталған болатын). Ахаңның тілші-ғалымдық еңбегі оған дейін-ақ ресми зерттеуге түскенмен, саяси қызметі ашылмаған-тын. Мақаламда соған шамалы көз жүгіртіп, оның «көзжұмбай ұлтшылдықтан» аман екенін айтып жазған едім.
Осы жылы Мұстафа Шоқаев жайында екі мақала жарияладым. Алғашқысы «Ана тілі» газетіне 1989 жылғы мамыр айында шықты. Шағын, сол кезгі қатты саяси-идеологиялық шектеуді ескере отырып, бейтараптау позициямен, жалпы жұртшылыққа алғашқы қажет ақпарат беру тұрғысынан жазылған еді. Есімде, мақала ұсынылған бетте жарияланды, газет шыққаннан кейін хабарласқандардың кейбірі: «Тәубе, Мұстафа туралы оқитын да, суретін көретін де күн туды» деп ризашылық білдіріп жатты. Ұлт мәртебесін көтеруде қалың жұртшылыққа бейтаныс айрықша жарияланымдарымен халық сүйіспеншілігіне бөленіп жүрген осы газеттің бас редакторы Жарылқап Бейсенбаев сонда ұлы тұлға жайында соншама қысқа жазғаныма өкініш білдірген-тін. Сол жылғы қарашада «Қазақ әдебиетінің» қос бетіне менің осынау ғаламат азаттық қайраткерін біршама толық таныстыратын, саяси портреті іспетті мақалам басылды.
Келесі 1990 жылдың орта шамасында «Қазақ әдебиеті» тағы да Мұстафа туралы жарияланым берді: атақты жазушы Әнуар Әлімжановтың мақаласы шықты. Өте жақсы жазылған, танымды, тың ойларымен менің былтырғы жазғандарымды толықтыратын жұмыс. Тек бір қызығы, «Қазақ әдебиеті» газеті оны эмигрант Мұстафа Шоқаев туралы шыққан бірінші жарияланым деп баса айта отырып ұсыныпты. Бұған сол кездегі жазушылардың бір үлкен жиынында жазушы және зерттеуші Тұрсын Жұртбай назар аударып, сыни тұрғыда сөйледі (сонысы үшін артынша, маған өзі айтқандай, «ағаларының» оңаша талқысына, ғайбаттау тезіне түсіпті). «Қазақ әдебиетінің» бас редакторына мен өзім де тікелей сауал қойып сұрағанмын: Әнекең қолдап дәріптеуге мұқтаж қаламгер емес, неліктен газет өзін-өзі жоққа шығарып, өткен жылы ғана менің зерттеу-мақаламды басқанын жасырған, онысы несі, есімі жабық боп келген қайраткер туралы құдды тұңғыш рет жазып отырғандай болуы қалай деген тұрғыда. Бірақ ол мұндай теріс істеріне қысылған жоқ. Мен «Әнуар үлкен жазушы ғой» деген сияқты сырғытпа жауап қана естідім. Соған қарағанда, әлгі жалған ақпаратты белгілі бір топ өздеріне ғана мәлім себеппен, саналы түрде таратты...
1889 жылғы мамырдың соңына қарай Совет Одағы Жоғарғы сотының пленумы саяси репрессия құрбаны, қазақтың ұлттық көсемі Әлихан Бөкейхановты ақтады да, маусымның басында «Қазақ әдебиеті» қос бетіне менің ол жайындағы мақаламды орналастырды. Қызығы, осы мақала 1990 жылы шыққан менің «Жазықсыз жапа шеккендер» атты жинағымнан алып тасталды. Бұл жайында «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының алғашқы төрағасы, мемлекет және қоғам қайраткері Санжар Жандосов «Казахстанская правда» газетіне берген мақаласында «мұндай жартыкеш жариялылықты түсінбейтінін» айтып, қынжылыс білдірген еді.
Одан да қызығы есте, жинақ Жазушылар одағы сыйлығынан үміткерлер тізімінен соңғы сәтте алынып тасталды. Бірде маған одақ қызметкері Несіпбек Айтов сыйлық жөніндегі комиссияның шешімімен өздерінің бұрын жабық боп келген тақырыпта жазылып, қайта құру кезінде тұңғыш рет жеке басылым боп шыққан «Жазықсыз жапа шеккендер» атты жинақты сыйлықтан бірден-бір үміткер кітап ретінде секретариаттың бекітуіне ұсынғанын, бірақ комиссия ұйғарымына кереғар, түсініксіз себеппен лауреаттар тізімінен менің кітабымның сызылып қалғанын, комиссия мүшелерінің Қайта құру саясатының алғашқы сәтті жемісін бағалай алмаған секретариат шешіміне қайран қалып отырғандарын айтты. «Ақыр одаққа келіп қалдыңыз ғой, басшыға кіріңізші, қазір екінші хатшы орнында отыр, неге олай жасағанын өзінен сұраңызшы» деді. Алайда екінші хатшы ештеңені түсіндіріп әуреге түспеді, «сыйлықты саған бермейік дедік, бітті, біздің оған правамыз бар ғой» деп шолақ қайырды.
Мұның бәрі мені өздерінің ішкі «саясаттарын» астыртын түрде жүргізе берушілердің әділдіктен ада қылықтарына қасақана, ұлттық мүддеге жауап беруге тиіс деп есептейтін бағытыммен, өз құбыламды бетке ұстаудан таймай, табанды түрде еңбек ете беруге итермеледі. Мен саяси қуғын-сүргінге ұшыраған жекелеген тарихи тұлғалар және олардың мерейлі даталарына, түрлі маңызды тарихи оқиғаларға (Желтоқсан көтерілісінің 30 жылдығы, Қазақ Республикасының 100 жылдығы, т.б.) орай зерттеулер, публицистикалық мақалалар, тарихи миниатюралар жазуды тоқтатқан емеспін.
Алаш-Орданың 100 жылдығы қарсаңында Алаш қозғалысының өмірге келген шағын, даму жолын, шырқау шыңын көрсететін үш томдық «Алашия» атты он дәптерден (бөлімнен) тұратын рисәлә (тарихи роман) әзірледім. Бұл төңіректе орындалуын тосып жатқан әлі талай жоспар бар. Соларды реттей келе, бәлкім, Алла-Тағала қош көрсе, Ерік пен оның замандастарының су жаңа тарихтағы қызметіне оралудың, яғни көптен кезегін күтіп тұрған жас зиялылар жайындағы үшінші томға алаңсыз кірісудің де сәті туар...
«Бір туындының тарихы» атты жаңа айдар ашылғанын хабарлаған Нұрлыбек Саматұлының хаты түрткі болғаннан соң жазылған еске түсірулерімді осымен аяқтайын...
Бейбіт Қойшыбаев
Abai.kz