«Көсемдік дерт» және Абай Мауқараұлы

Қазақ қауымына танымал этнограф-жазушы Болат Бопайұлы осыдан екі ай бұрын Ораза кезінде ауырмай-сырқамай қайтыс болған еді. Бұл жазбасын содан бір ай шамасы бұрын жазып, менің ватсабыма жолдаған екен. Бәлкім, пікір білмек ниетте болу керек. Дер кезінде қаралмай біраз уақыт өтіп кетті. Енді, міне сол жазбаны арта қалған рухани аманаты ретінде оқырман жұртшылыққа жолдауды жөн санадым.
БОЛАТ БОПАЙҮЛЫ, жазушы-этнограф
«Көсемдік дерт» және Абай Мауқараұлы
(пәлсапалық сараптама)
«Abai.kz» порталына жарияланған (2024-10-24) Абай Мауқараұлының «Көсемдік дерт» пәлсапалық-эссесі Ислам дінінің шеңберінде жалпы адамзаттың діни сенімге кең шолу жасаған еңбек екенін байқадым.

Сурет: Abai.kz скрині.
Әсіресе, діни сенім мен адамзаттың рухани жағдайын нақты өмірмен байланысты өрнектеген. Адамзаттың құдайға сеніп, сенбеуін оның себебін де адамның философиялық көзқарастары тұрғысынан түсіндіреді.
Солайша, жасанды құдайға сенудің өзі жеке адамның эгоистік көзқарастарынан шыққанын айтады. Тіпті, адамның өз-өзін құдай деп санауы немесе бірнеше құдайға табынуы – оның шектеулі, тар көзқарасының белгісі, дейді.
Адамзат өзінің болмысын тануға қанша ұмтылғанымен, көбінесе өз шектеулі ақылына, жалған құдайлар мен олардың суреттеріне табынумен келеді. Бұл адам болмысының өзімшіл тар түсінігі мен алып дүниенің алдындағы әлсіздігін көрсетеді.
Құдайды тану – философиялық тұрғыда адамзаттың рухани кемелденуінің негізгі мақсаты болған. Алайда, адамдар Құдайды терең түсініп, сезінуі үшін, олар өз эгоизмі мен тар көзқарастарын жеңуі шарт және нақты өмірмен де үйлесімде болу керек. Философиялық жағынан адамның ішкі әлемі мен оның ақиқатты тануындағы жолдарын осылай анықтап бере алған.
Психологиялық сараптама
Психологиялық тұрғыдан қарасақ, адамның ішкі жан-дүниесінің, сенімінің және өзін-өзі тануының өзара байланыстарын да айқындай алған. Эссенің пайымдауынша, адам өзінің болмысындағы шектеулерді анықтай алмағандықтан Жаратушыны немесе жаратылысты дұрыс түсіну мүмкіндігіне ие бола алмайды. Мұнда адамның психологиялық кедергілері мен ішкі рухани сұраныстары көрініс табады. Ол сананың тарлығы, өзімшілдік, өзгеге артық сенім арту сияқты психологиялық факторларды атап өтеді.
Психология бойынша, адам шынайы ақиқатты сезінуі үшін, оның өзін-өзі тануы және эгоизм мен тар көзқарастардан құтылуы қажет. Бұл идея философиялық оймен тығыз байланысты, өйткені адамның жан-дүние кемелдігі оның сыртқы әлеммен үйлесіміне де тіке қатысты.
Теологиялық сараптама
Эссенің мазмұны Құран мен Ислам дінінің қағидаттарына негізделген. Теологиялық тұрғыдан Құдайдың ерекше сипаттарын талдай отырып, адам Оның шексіз болмысын толық тануға қабілетсіз екенін айтады. Құдайдың Құрандағы сипаттары (мысалы, Жалғыз, Мәңгі, Ұқсассыз, Мінсіз, Жоқтан жаратушы, Бәрін білуші, Түгел көруші, Теңдессіз естуші, Шексіз ілім иесі...) адамның шектеулі түсінігіне сай хабарланған, ал одан арғы өлшемге сыймайды, бұл парасат-иманмен қабылдап, көңілмен ғана сенуге тиіс тылсым таным. Сондықтан, адамзаттың көбісі өздерінің көрген, естіген ұстаған нәрселеріне ғана сеніп, соларға табынады. Бұл сенімнің қарапайымдылығымен қатар тереңдігін де түсінудегі қиындықты көрсетеді.
Эсседе, Құдайды терең тану үшін адамдар Исламның шынайы іліміне яғни имани-сенімге келуі қажет, дейді. Ол тек ғылыми таныммен ғана емес, сонымен қатар Құдайдың рухани тылсым ақиқаттарын да түсіну арқылы жетілетін кемелдік жолы екенін айтады.
Әдеби сараптама
Эссенің мәтінін әдеби тұрғыдан қарасақ, мақала өзінің терең ойларын жеткізу үшін философиялық терминдер мен діни ұғымдарды қатар қолданады. Сол мақсатта эссенің мазмұнын жеңіл әрі нақты түсіндіру үшін көркемдік образдар мен метафораларды да жарыстыра жазған. Мысалы, «Адамзаттың ғажайып үйлесімді дене-мүшесі мен триллион гегабайттық ми-компьютерін өзінен-өзі эволюциямен пайда болды, деп жазған материалистік қағиданың қаншалықты жалған екенін, ойлап көріңіз!» деген сөйлемде, адамдар өздерін табиғаттың кездейсоқ нәтижесі ретінде көрудің, оған сенудің абсурдтығын таныту үшін осындай метафора сөйлем қолданған. Бұл әдеби тұрғыдан терең ойды оңай жеткізудің тиімді тәсілі.
Адамзаттың шектеулі дүниетанымын суреттеу арқылы, бұл эсседе Құдайды танудың ақиқат жолын таза ақылмен ашып көрсетеді. Бұл әдеби тәсіл оқырманды ойлануға ғана емес, сонымен қатар мәтіннің көркемдігін де сезініп көңіл-күй жағынан да оңды әсер алуына ықпал етеді.
Діни тұрғыдан сараптама
Діни тұрғыдан алғанда эсседе адамзаттың сенім мәселесін Исламға негіздеп жазған. Құдайды тану жолындағы бүкіл қиындықтарды Хақ дін арқылы шешу жолдарын көрсетеді. Оның айтуынша, адам Құдайды тек өз жүрегінде және ақыл-ойында сезіне алады. Бұл идея дәстүрлі Исламның негізгі қағидаттарымен сәйкес келеді, себебі Исламда Құдайды тану тек ішкі сенім арқылы жүзеге асады, ал сыртқы әлемнің барлық құбылыстары Оның көркем есім-сипаттарының белгілері, сәулелері, дейді.
Эссенің пайымдауынша, ғылыми таным мен діни сенім бір-біріне қарсы емес, бір-бірін толықтырады. Адамзаттың ғылыми жетістіктері, мысалы, телескоп пен микроскопты қолдану арқылы жаратылысты зерттеу, имани-сеніммен бірге қатарласа отырып, Алланы танудың тылсым жолдарын ашады, дейді.
Тарихи тұрғыдан сараптама
Эсседе тарихи тұрғыдан да нақты қызықты пікірлер бар. Әсіресе, адамзаттың тарихи кезеңдеріндегі құдайшылыққа қатысты көзқарастардың өзгеруі әңгімеленеді. Мысалы, Перғауынның өзін Құдай санауы немесе Мекке тұрғындарының балшықтан жасалған құдайларға табынуы сияқты тарихи мысалдар берілген. Мұндай көзқарастар адамның сенімінің дамуын, оның кезеңдер бойынша өзгеруін де қамтыйды. Әйтседе, діни сенімдер уақыт өте келе қалай өзгерсе де адамның имани сенімге келу жолы жалғыз екені бұлтарыссыз айтылған.
Эсседегі бұл тарихи мысалдардың қолданылуы діни сенім мен философияның өзара тайталас тарихымен байланысты жазылған. Өткен ғасырлардағы құдайшылық ұғымдары мен қазіргі уақыттағы айырмашылықтарды көрсету арқылы адамның рухани даму жолын да тереңірек ашады.
Публицист қаламгердің бұл пәлсапалық эссесі дін, философия, психология, әдебиет және тарих тұрғысынан көп қырлы екенін, сондықтан бұл еңбектің осы жанр саласында жаңалық екенін көрсетуді мақсат еттім.
Дайындаған Әлімжан Әшімұлы
Abai.kz