Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Қайнайды қаның... 8450 25 пікір 2 Қараша, 2021 сағат 16:59

Айтылмайтын тақырып: Қазақстандағы қауіпті анклавтар

Жаркент маңындағы Пенжім ауылындағы оқиға кезекті мәрте Қазақстандағы ұлтаралық қатынас мәселесін қайта қарауға себепкер болды. «Қазақстанда анклав бар ма» деген сұрақ күн тәртібіне қайта шықты. Себебі билік ресми түрде этникалық қақтығыстар мен кикілжіңдердің барын мойындамаса да, ұлтаралық қатынас ушыққан ошақтың басым бөлігі этнос өкілдері тұтас орналасқан аймақта болуда. Мысал да жеткілікті.

2006 жылдың 18-19 қарашасында Алматы облысының, Шелек ауылында этникалық жанжал орын алды. Қазақ және ұйғыр ұлтының өкілдері арасында төбелес болып, арты үлкен қақтығысқа ұласты. «Ескі қамал» кафесіндегі төбелестің ұлтаралық қақтығысқа ұласып кетерін ешкім білмегендей еді. Шелек ауылының тұрғындарының басым бөлігі ұйғыр ұлтынан екенін ескерсек, аталмыш оқиғаны бейресми анклавта болды деуге толық негіз бар.

2007 жылы Еңбекшіқазақ ауданындағы Маловодное ауылында қазақтар мен шешендер арасында этникалық қақтығыс бұрқ ете қалды. «Ботагөз» бильярд орталығындағы төбелесте ұлты қазақ жігіт жарақат алады. Оның соңы қазақ-шешен қақтығысына ұласып, оқиға қайғылы негізге көшеді. Қақтығыста 9 адам қаза тапқан, оның жетеуі шешен, екеуі қазақ ұлтынан болатын. Оқиға тіпті, Қазақстан шеңберінен шығып, Мәскеудегі қазақ-шешен студенттерінің арасындағы төбелеске дейін ұласқан еді. Маловодное ауылына Жамбыл облысынан көмекке бармақ болған бір топ шешен жастарын арнайы жасақ жолда тоқтатып, тұтқындайды. Бұл да топтасып тұратын түрлі ұлт өкілдерінің қақтығыс болу мүмкіндігін арттыратын мысал еді.

2007 жылдың қазан-қараша айларында Оңтүстік Қазақстан облысы, Төлеби ауданындағы Маятас ауылында қазақтар мен күрдтер арасында қақтығыс болды. Қақтығысқа 16 жастағы күрдтің 4 жасар қазақ баласына зорлық көрсеткені туралы ақпарат себеп болған. Аталмыш ақпарат жергілікті қазақтардың ашуын тудырып, арты жанжалға ұласты. Маятастың өзінде қақтығыстан күрдтердің 4 үйі өртеніп кеткен. Негізінен ауыл тұрғындарының 90%-ға жуығы күрд ұлтынан болатын. Күрдтерге қарсы шерулер Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам және Бәйдібек аудандарында да өтті. Қақтығыстың алдын алу үшін полиция, прокуратура және ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінен 500-ге жуық адам жұмылдырылған еді. Қақтығыс бір ауылға топтасып алған өзге ұлт өкілдерінің анклавы барын анық көрсетті.

2015 жылы Түркістан облысы, Сарыағаш ауданының, Бостандық ауылында қазақ пен тәжік ұлттарының арасында қақтығыс болды. Ауылда басым бөлігі тәжік ұлтының өкілдері тұратын. Бұл қақтығыстың болуына бірден-бір себепкер бола білді.

Қазақстан тарихындағы ең ірі этникалық қақтығыс 2020 жылдың ақпан айында Жамбыл облысы, Қордай ауданында болды. Қазақтар мен дүнгендер арасындағы қақтығысқа себепкер болған жайт ұлты қазақ қарияның соққыға жығылуы мен полиция өкілдеріне көрсетілген қарсылық болатын. Қақтығыс салдарынан 11 адам қаза тапты, 185 адам медициналық көмекке жүгінді, 23 мыңнан астам тұрғын көрші Қырғызстан аумағына өтіп кетуге тырысты. Ресми деректерге сәйкес, қақтығыс салдарынан 39 тұрғын үй, 20 коммерциялық нысан және 47 көлік өртенген. Материалдық шығын 1,7 млрд теңгені құрады. Сот процесстері 50-ден астам адамды кінәлі деп тауып, ұзақ жылға бас бостандығынан айырды.

Аталмыш оқиғалардың барлығы дерлік өзге ұлт өкілдерінің бір аймаққа, ауылға топтасып, анклавтық жүйеде өмір сүруіне байланысты болды. Зерттеулер бейресми анклавтардың тым қауіпті екенін көрсетіп отыр. Алысқа бармай-ақ, 2021 жылдың көктеміндегі қырғыз-тәжік қақтығысының өзі екі тараптан да ұлттық анклавтың болуына байлынысты бұрқ ете қалғанын дәлелдеп берді.

Қазақстанда жабық тақырып саналатын бұл тақырыпты ашық айту маңызды әрі болашақта қақтығыстар болмауына оң әсерін тигізеді. КСРО билігі бұрынғы одақтастарына үлкен мәселелер тастап кетті. Ол шешілмеген аумақтық даулар, реттелмеген шекаралар мен анклавтар және бейресми ұлттық анклавтар. Қазақстанға 30-жылдардың ортасынан бастап көптеген өзге ұлт өкілдерін күштеп қоныстандырған Мәскеу олардың бір ауыл, аймақта тығыз қоныстануына мүмкіндік беріп, бейресми анклавтардың болуына мүмкіндік жасады. КСРО жоқ, бірақ, ол жасаған мәселелер қалып қойды.

Анклавтық жүйенің барын президент Тоқаев та мойындағандай: «Кей аймақтарда этникалық топтардың қазақстандық шынайылықтан алшақтап, ішкі эмиграцияға көшуі байқалуда. Мұндай тенденция этностардық қазақстандық қоғамға интеграциялануына кері әсерін тигізеді. Бұл туралы шындықты жасырып қалуға болмайды, оның салдары ауыр болуы мүмкін. Және бізге мәселенің қаншалықты екенін бағамдай алуы қиынға соқпақ», - деген еді Президент.

Қақтығыс ошақтары болған аймақтардың тәжірибесін қарасақ, этносаралық қатынасты дамытуға қатысты бейімделу көріністері аз екені анықталуда. Мысалы Пенжім ауылындағы қақтығыста қазақстандық қоғамға сіңісу, шынайылықты қабылдаудың жоқтығы нақты көрінуде. Өз ұлтының таксиіне ғана отыру, өз ұлтының қызметін ғана қолдану, тек өз ұлтына ғана жұмыс беру сынды алалаушылық фактілері анықталды. Бұл Масаншы ауылында болған қақтығыста да нақты анықталған еді. Сондықтан анклавтарды жоқ деп айтуға келмейді, оның көріністері бар. «Ауруын жасырған өледі» дегендей, мұндай мәселелерді ашық айтып, нақты талқылау ғана қақтығыстың алдын алады.

Ка Мырза

Abai.kz

25 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963