Сенбі, 23 Қараша 2024
Көршінің көлеңкесі 6351 9 пікір 2 Қараша, 2021 сағат 18:11

«Путиннің арманы - Ұлы империяны қайта құру»

Ресей президенті Владимир Путин «Ұлы империяны» қалпына келтіргеннен кейін қызметінен кетеді. Бұл туралы экономист, Ресей Президентінің экономикалық басқармасы бастығының бұрынғы орынбасары Михаил Хазин айтыпты.

«Путиннен кейін Ресей қандай болады: КСРО ма, әлде Ресей империясы ма?» атты мақалада спикер Михаил Хазин дейтін адам Путин «Ұлы империяны қалпына келтіріп, барып қызметінен кететінін» айқан екен.

Оның пікірінше, Путин «өз мүмкіндігін» президенттік науқанға қайта қатысу үшін қалдырған жоқ.

«Менің ойымша, Путин ойын ойнады. Ол 9 мамыр күні Қызыл алаңда, оның ішінде АҚШ президенті Джо Байденге қарата, жауапкершілік аймағында біздің шешім қабылдайтынымызды, тіпті Ресейде емес, әлемде шешім қабылдайтынымызды айтты. Бұл шарт еді және Женевадағы кездесу өткеннен бері қабылданды», - депті.

Сонымен, Михаил Хазин Ресей мен АҚШ арасындағы келісімдерге қол жеткізілгенін, енді оларды жүзеге асыру керектігін айтқан.

«Механизм ескі форматта, бірақ жаңа ережелермен және жаңа актерлермен болатын сияқты. Осыдан кейін Путин кетіп те қалуы мүмкін, өйткені ол «Ұлы империяны» қалпына келтіреді», - дейді экс-шенеунік.

Тағы бір Ресейлік сарапшы Анатолий Баранов Путинге империя идеясы ұнайтынын айтқан екен.

«Ленинше жаңа типтегі мемлекет идеясы, АҚШ-қа ұқсас принципке негізделгенімен, оның басына сыймады. Бірақ Путинге АҚШ қажет емес, оған императоры, күшке табыну культі, империялық ұлты бар классикалық империя қажет. Империялар дәуірі өтсе де, Путин мұны сезбейді. Ол кез келген нәрсені қалауы мүмкін, бірақ Ресейде империя үшін ештеңе жоқ. Путин өзінің барлық ақылдылығы мен тапқырлығына қарамастан мұны түсінбейді, дәлірек айтсақ, түсінгісі де келмейді», - дейді сарапшы.

Әрі қарай, сарапшы Анатолий Баранов пен орыс баспасөзінің арасындағы осы бір аз-кем диалогқа көз жүгіртіңіз:

Сұрақ: Батыс Путинді КСРО-ны, Ресей империясын қайта құрғысы келеді деп жиі айыптайды. Бұған шынымен сенетін адам бар ма?

Спикер: Путин Кеңес Одағын қаламайды, оны түсінбейді. Ал Ресей империясын қалпына келтіру мүмкін емес.

Сұрақ: Бірақ Ресейдің халықаралық салмағы 90-шы жылдармен салыстырғанда Путин тұсында шынымен де өсті ғой. Сіздің ойыңызша, Путин бұған қол жеткізді ме, әлде солай көріне ме?

Жауап: Путиннің нақты бір нәрсеге қол жеткізуге тырысқанына сенбеймін. Солай болды. Халықаралық салмақ өсті, бірақ теріс жағынан салмақ өсті. Менің ойымша, Собчак қазір көрінде аунап жатқан шығар...

Сұрақ:  Хазин Путиннің сырттан көмек алатын кейбір «ішкі әзәзілдермен» күресіп жүргенін айтты. Бұл қаншалықты рас?

Жауап: Білмеймін, егер ол Навальный туралы айтып жатса, иә, ол күресіп жатыр.  Жалпы, «әзәзілдер» алғаш рет Қадыровтың аузымен айтылған.  Бұл маған біртүрлі көрінеді.

Тақырыпқа тұздық:

Осыдан бірнеше жыл бұрын (2019 жылы) Америка саясаткері, «Өркениеттар соқтығысы» концепциясының авторы Самюэлем Хантингтон мен америкалық дипломат Уоррен Маншельдер Карнеги Қорының демеушілігімен 1970 жылы бірігіп ашқан, штаб-пәтері АҚШ астанасында орналасқан, таралымы 100 мыңнан асатын Foreign Policy журналы «Путин император болғысы келеді, бірақ Ресей империялық қағанат емес» атты сараптама мақала жариялаған. Ағылшын тіліндегі сол бір мақаланы Abai.kz ұжымы қазақшалап, оқырман талқысына ұсынған. Біз аталған мақаладағы бірнеше тезисті оқырман талқысына қайта ұсынбақпыз. Қараңыз:

«Путин мен оның алдындағы Борис Ельцин реимпериализацияны қолға алды. Ельцин кезіндегі реимпериализация ТМД орыс емес елдеріндегі жапа шегуші орыстар мен орыс тілділерді қорғау аясында «жұмсақтана» жүргізілді. Бірақ Ельцин сонымен қатар посткеңестік Ресейді экономикалық күйретуге басшылық етіп, қылмыс пен сыбайласқан жемқорлыққа қанат жайғызды. Путинге «Мергеннің басуы, Құланның қасуының» кезі тап келді. Ол әуелі премьер-министр, кейін президент болған шағында Ресей экономикасы сауығып, әлем нарығындағы мұнай-газ бағасы аспандауы оның билігін «қой үстіне бозторғай жұмыртқалғандай» етті. Бұл оның беделін жұрт алдында көкке көтерді».

***

«Батыстың стратегиялық мақсаты экспансионистік Ресейден бөлек демократиямен үйлесіп, ресей үстемшілігіне қарсы тұруға қабілетті, Мәскеуді де, Батысты да достық әм өзара тиімді экономикалық қарым-қатынасқа тартуға бейім орыс емес републикаларды құру. Тап осындай жағдайда ғана Батыс пен Ресейдің көршілері Путиннің империялық амбициясының жігерін құм ете алады».

***

«1918 жылы ресейлік постимпериялық тін негізінде жаңадан орыс емес мемелекеттер өмірге келді. Реимпериализация өте тез әм жылдам өтті. Бүгін Ресей аймақтық ұлы қағанат ретінде әлі өз құдіретін сақтап қалғанымен, нағыз Империя құруға тақымы әлсіз, тізгіні босаң».

***

«Елінің экономикасы жан-тәсілім үстіндегі Путиннің жүгенсіз кеткен араны Африка мен Таяу Шығысқа дейін ашылып отыр. Бұндай араны ашылған империялық тәбеттің дәурені ұзаққа созылмайды. Дәл қазір Путиндік Ресей Кеңес Одағындағы Леонид Брежневтің кезіндегідей алдаусыраған үміттің жетегінде жүрген жайы бар».

***

«Бәрінен де ең бастысы Путин орталықтанған, жемқорланған репрессияға бейім, модернизацияға икемсіз квазифашистік мемлеке құрды. Ол осы мемлекеттің діңі болып табылатындықтан, ол биліктен кеткен соң,  ол құрған жүйенің әлсіздігі жария болып, не амбициялы элита, не болмаса, ашынған қара халық тік көтеріледі. Тағдырдың тәлкегімен, Путин Ресейдің қас жауына айналып отыр. Себебі, ол Ресейді авторитарлық империяға айналдыруды басты мақсатына айналдырды».

Айтпақшы, Кремль маңайына топтасқан азшылық топ арасында Ресей президенті Владимир Путинді «император» деп бағалаушылар қазір де бар екен. Путиннің бұрынғы кеңесшісі Владислав Сурков дейтін адам биыл ете Financial Times газетіне сұхбат беріп, Путинді Рим императоры Октавиан Августпен салыстырыпты. «Путин де Октавиан Август секілді жаңа типтегі мемлекет құра білді», - деп сөйлепті.

Қайсыбір жылы Думаның деліқұлы депутаты Владимир Жириновский Путинді «Император, Әмірші, Князь», деп атауды ұсынған.

Назерке Алтайқызы

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5354