Қостанайда жазылған қолжазба (жалғасы)
Басы: Ахмет Байтұрсынұлының Қостанайда жазылған қолжазбасы табылды
БАСПАСӨЗ ТАНЫСТЫРҒАН ТАМЫРЛЫҚ
...Әлқисса, халық мұғалімі А.Байтұрсынұлы Омбыға А.Алекторовтың шақыруымен аттанады. Олар Омбыда бірі - халық мектептерінің директоры, екіншісі - директордың ісжүргізушісі болып қызмет етеді. Бұлардың таныстығы алғашқыда мерзімді баспа бетіндегі мақалалар арқылы басталса керек. А. Алекторов көп жылдар бойы «Оренбургский листок», «Астраханский вестник», «Московские ведомости», «Тургайская газета» т.б. мерзімді баспаларда қазақ фольклоры мен этнографиясы, тарихы туралы мақалаларын жиі жариялап тұрды. Бұған қоса, ол қазақ шәкірттеріне арналған «Даналыққа баспалдақ. Орыс-қазақ бастауыш мектептерінің оқушыларына арналған әліпби» (1891), «Қырғыз-орыс сөздігі» (1897), «Қырғыз хрестоматиясы» (1898) сынды бірнеше оқулықтар мен сөздіктер жазады.
1895 жылы Ақтөбе уезі Бестамақ болысындағы Арынғазиев мектебінде ұстаздық қызмет атқарған жүрген А.Байтұрсынұлының «Тургайская газетаның» № 39 санында «Киргизские приметы и пословицы» атты тырнақалды туындысы жарық көреді. Этнографиялық туындының соңы аяқталатын бетке А.Алекторовтың «Құрманбай» атты мақаласы жарияланады (1сурет).
1 сурет. А.Алекторовтың 1895 жылы «Тургайская газетаның» №39 санында жариялаған «Құрманбай» атты мақаласы. |
Мақалада А.Алекторов Қостанай уезі Кеңарал болысының Қарағайлы орманын қыстайтын Құрманбай атты әнші-ақынның таланты туралы тебіріне жазады. Әсіресе, оның «Өгіз» атты әнді жануарға тән түрлі дыбыстарды салып орындауын таңдана әрі тамсана жазады. Сөздің реті келгенде айта кетуіміз керек, бүгінгі таңда Құрманбай әнші туралы Қостанай өңірінде мардымды мәлімет жоқ. Бәлкім, біздің осы келтірген дерегімізден кейін әлдебір мәліметтер пайда болады ма деп үміттенеміз. «Үмітсіз тек шайтан» демейтін бе еді халқымыз?!
1896 жылы А.Байтұрсынұлы «Тургайская газетада» Бестамақ болысындағы шешекке қарсы екпе егу жұмысына қатысты мақала жазып, қазақ арасындағы шарлатан бақсы-балгерлердің надандықтан туындаған емдік істерін сынға алады (Мархаббат: https://egemen.kz/article/251902-bestamaqta-dgazylghan-beymalim-maqala-akhmet-baytursynulynynh-taghy-bir-maqalasy).
А.Алекторов те бақсылық туралы еңбек жазған. Оның бақсы емшілігі туралы жазылған этнографиялық еңбегі 1899 жылы ол Қазан университетінің баспаханасынан жарияланады. Ол еңбек «Қырғыз ырымдары әлемінен. Бақсы» деп аталады. Мұнда ол Торғай уезі Қаратоғай болысының №1 аулында сол өңірге белгілі Сүйембай бақсымен кездескені туралы жазады. Автор бақсылық ойынның қыр-сырын баяндай келе, Сүйембайға бақсылық қасиеттің қалай қонғанын және оның науқасты емдеген оқиғасын тәпіштеп жазады.
Қазақ фольклоры мен этнографиясына қатысты зерттеушілік, танымдық мақалалар жариялап, оқу-ағартушылық бағытты ұстанған қос тұлға баспасөз арқылы бірін-бірі сырттай танып, соның негізінде құрмет пен сыйластық шеңберін құра білген деп ойлаймыз.
ҚОСТАНАЙ – ЖАҢА ӘКІМШІЛІК ОРТАЛЫҚ
Тарихтан белгілі, 1868 жылы патша үкіметі Орынбор мен Омбыдан басқарылатын Қазақ даласын 4 облысқа бөледі. Орынборға қарайтын өлке Орал және Торғай облысы болып бөлінсе, Омбыға қарайтын аймақтан Ақмола, Семей облыстары жасақталады. Торғай облысы 4 уезден құралды (2 сурет):
2 сурет. Торғай облысының уездері мен орталықтары.
1883-84 жылдары Торғай облысының Елек пен Николаевск уездерінде елеулі өзгерістер болады. Кен орындарына бай, шұрайлы Елек уезінің тағдыры мүлдем басқаша сипат алады. Ол қазақ жері деген мәртебеден айырылады. Патша әкімшілігі орыс жұрты тығыз қоныстанған аталмыш уездің жерін, халық санын сылтау етіп, Орынбор губерниясына қосады. Уезд орталығы Ақтөбе ауыстырылып, атауы да өзгереді. Елек уезінде Ы.Алтынсаринның инспекторлық қызметі тұсында ашылған Бөрте орыс-қазақ мектебі жаңа орталық - Ақтөбеге қоныс аударады.
Ал Николаевск уезіненің орталығы кезінде «Азиямен сауда-саттық орталығы» деп танылған Троицкіден Новониколаевскіге көшіріледі. Уезге тиісті мемлекеттік мекемелер жаңа әкімшілік орталыққа ауыстырылады. 1861 жылы Шекаралық комиссияның төрағасы В.Григорьевтің тікелей қолдауымен ашылған Троицк орыс-қазақ мектебі де Қостанайға көшіріліп, Ы.Алтынсаринның қадағалауымен әлдейілеп салынған жаңа ғимаратқа орналасады (Мархаббат: https://abai.kz/post/138848 ).
Сол жылдары Торғай облысы халық мектептерінің тұңғыш инспекторы Ы.Алтынсарин Торғайдан туған жері Тобылға көшіп, Қостанай қаласының іргесінен 3 верст қашықтықта орналасқан шұрайлы түбекке үй-жай, қора-қопсы салып қоныстанады (Мархаббат: https://www.abai.kz/post/137404 )
Торғай облысындағы оқу инспекторы лауазымының әкімшілік қызмет орнының Қостанай қаласында орын тебуі осы кезеңнен бастап орнығады. Ы.Алтынсариннен кейін инспектор болған А.Васильев те, оны 1894 жылы ауыстырған А.Алекторов те инспекторлық қызмет тұсында Қостанайды тұрақты мекен еткені байқалады.
Облыс мектептері инспекторларын Қостанайда тұрақтандыру шешімінің өзіндік обьективті негізі бар болатын. Өйткені уезге ағылған перселендердің нөпірі орыс поселениелері мен мен селоларын тез көбейтіп, мектепке деген сұранысты артырады. Оның үстіне 1892 жылдан бастап қазақ ауылдарында бастауыш мектеп ашу ісі қарқын алады. Тез көбейіп жатқан мектептерге мұғалім дайындау мақсатында 1897 жылы Қостанайда Педагогикалық класс ашылады. Осы істердің тікелей басы-қасында болу үшін оқу инспекторы лауазымын атқарған кісілерге Қостанай қолайлы болды. Бұған қоса, патша әкімшілігі Торғай облысының орталығы етіп Қостанай қаласын бекітпек болады. Сол үшін облыстың басшы лауазымына, яғни әскери-губернаторына арналған әкімшілік ғимарат дайындау туралы нұсқау да шығады. Бірақ патша үкіметі бұл шешімді жүзеге асырудан тез бас тартады. Себебі Қостанайды Торғай облысының жаңа орталығы етіп бекітсе, оны болашақта Орынбор губерниясының территориясына қосып алу мәселесі күрделене түсетіні анық еді. Шамасы, әкімшілік Қостанай уезіндегі переселендердің көбейе түсуін күткен сынды. Осылайша, Торғай облысының орталығын Қостанайға қарай жылжыту идеясы өзектілігінен айырылып, облыстың орталығы Орынборда қалады.
1905 жылдан бастап патша ағзамның бақ-тағы «шайқала» бастайды. 1917 жылдан кейінгі аласапыран, азамат соғысы тұтанған аумалы-төкпелі кезеңде Қостанай өңірі Челябі уезіне қосылады. 1920 жылы Қазақ автономиясы құрылған кезде Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы бастаған Алаш азаматтары Қостанай уезін Қазақстанға қайтарып алады.
1897 жылдан бастап Ақтөбе уезінің Бестамақ болысынан Қостанай уезіндегі Әулиекөл, Меңдіқара болыстарындағы ауылдық мектептерде ұстаздық еткен А.Байтұрсынұлы кейінірек Қостанай қаласындағы Педагогикалық класта оқытушылық қызметті қатар атқарады (Мархаббат: https://abai.kz/post/141284).
А. Алекторовтың Қостанайды мекен еткен тұсы, Байтұрсынұлының Қостанайға келуі - әу бастан бір-бірін баспасөз арқылы сырттай танитын - екі тұлғаның бір-бірімен кеңірек әрі тереңірек танысуына кең жол ашып, ол қарым-қатынас тамырлыққа ұласады. Қазақ тілі мен тұрмыс-тіршілігі, тарихымен, ментальдік ерекшеліктерімен жақсы таныс ғалым тұлға А.Алекторов Торғай облысы халық мектептерінің инспекторы қызметіне тағайындалғанға дейін Астрахань губерниясының және Бөкей Ордасының оқу инспекторы қызметтерінде болып қазақ балаларына арналған оқу істерін ұйымдастыруда көп тәжірибе жинақтаған еді. Бұл тұрғыда олардың пікір-танымдары бір-біріне жақын болады.
ХІХ ғасырдың соңғы ширегі ХХ ғасырдың бас кезіндегі отарлау саясатын жүзеге асырудан туындаған миграциялық және әлеуметтік күрделі үрдістер жүрген Қостанай қаласы қос тұлғаға болашақта тізе қосып қызмет атқаратын жаңа кезеңге жол ашады.
ҚОСТАНАЙДАН ОМБЫҒА
1868 жылы құрылған төрт облыстың ішінде Торғай облысының оқу-ағарту ісі қарқынды дамиды. Әсіресе, 1892 жылдан бастап көшпелі тұрмысқа қолайлы ауылдық мектептерді көптеп ашу тәжірибесі Қазақ даласының өзге аймақтарының да назарын аударып, қызығушылығын тудыра бастайды. Ауыл мектептерінің жұмыс тәжірибесі мерзімді баспа бетінде де талқыланады. Облысқа тиісті «Тургайские областные ведомости» мен оның жексенбілік қосымшасы «Тургайская газетаны» былай қойғанда, Омбыдан шығатын Ақмола облыстық «Дала уалаяты газетасы» Торғай өңірінде оқу-ағарту ісінде атқарылып жатқан игі істі үлгі етіп жазады. Айталық, «Дала уалаяты газетасының» 1896 жылғы №20 санында көшпелі ауыл мектептерінің қазақи тұрмыс-тіршілікке қолайлы екендігі ерекше ықыласпен аталып өтеді. «Бұрынғы уақытта, - дейді басылым, - қазақ балалары ауылдан, туысқанынан кетіп, отырықшы елді мекендердегі интернатта оқушы еді. Баратын жерлері үшеу-ақ (шамасы, Торғай, Ырғыз, Қостанай қалалары болса керек - автор), ал облыс көлеміне бес Франция сияды. Қазақтар мектепке үрке қарады. Оларды «Қасында туысқаны жоқ жас балалар орыс ішінде өсіп шоқынып кетеді ғой» деп молдалар да қорқытатын. Қазақтардың өтініші бойынша, бес жыл бұрын көшпелі мектептер ашылып еді, Торғай облысы оқу ісінде алға озып кетті. Қазақ қауымы медресе ұстап тұруына, салуына ақша шығарып, қайсы бір кісілер де көп-көп қылып өз жанынан қаражат беріп жатыр. Бұл күнде көшпелі медресе жоқ ауыл сирек кездеседі».
Жұрттың ықылас-пейілін аударған іске Дала губернаторы да көңіл аударып, Халық ағарту минисистрлігіне Ақмола, Семей облыстарындағы ауыл мектептерінің жұмыстарын ұйымдастырып, оны жолға қоятын лауазымдық штат ашуды сұрайды. Губернатордың өтініші министрлік тарапынан қолдау тауып, Халық ағарту министрлігінің Бастауыш мектептер жұмыстары жөніндегі департаменті 1901 жылдың 16 қарашасында Батыс Сібір оқу округінің басшысына (попечителіне) арнайы хат жолдайды. Онда Ақмола және Семей облыстары ауыл мектептерінің жұмысын ұйымдастыру үшін халық мектептері директоры лауазымы штатын ашу мәселесі қарастырылатынын және оған Бөкей Ордасы мен Торғай облысы халық мектептерінің инспекторы болған Стас кеңесші А.Алекторовтың кандидатурасы лайық екендігін жазады (3 сурет):
3 сурет. Халық ағарту министрлігінің Батыс Сібір оқу округінің басшысына жазған хатынан үзінді.
1902 жылдың қаңтар айында Өндіріс, ғылым, сауда департаменті Мемлекеттік кеңесінің (кеңес өндіріс пен сауда, ағарту саласына қатысты заң жобалары мен бюджеттен бөлінетін қаржыны, акционерлік қоғамдардың жарғысы мен теміржол мәселелерін талқылайтын бақылау органы - автор) жалпы жиналысында Халық ағарту министрлігінің Омбы гимназиясы директорын Ақмола мен Семей облыстарының ауыл мектептерін бақылау міндетінен босатып, Ақмола және Семей облыстары халық мектептері директоры мен оның жанына ісжүргізуші лауазымын белгілеу туралы ұсынысын бекітеді (4 сурет):
4 сурет. Халық ағарту министрлігінің Ақмола және Семей облыстарының халық мектептері директоры мен ісжүргізуші лауазымын бекіту туралы хатынан үзінді.
Халық мектептері директорының лауазымына жыл сайын қазынадан 3400 руб. қаржы бекіту көзделсе, ісжүргізушілікке 1900 жылдың 24 мамырында бекітілген жарлық бойынша жалақы төлеу ұсыныладыі. 1902 жылдың 7 қаңтарында Император Мемлекеттік кеңестің шешімін бекітеді. А.Алекторов пен А.Байтұрсынұлының болашақтағы қызмет орындары орталық органдардың ісжүргізу айналымында осылайша айқындалады.
1902 жылдың 23 қаңтарында Халық ағарту министрлігі ағарту департаментінің вице-директоры Дебольский Батыс Сібір оқу округінің басшысы Лаврентьевке Алекторовтың кандидатурасын құптайтынын білу мақсатында жедел хат жолдайды (5 сурет):
5 сурет. Халық ағарту министрлігінің ағарту департаментінің вице-директоры Дебольскийдің Батыс Сібір оқу округінің басшысына жолдаған жеделхаты.
Оған Лаверентьев сол күні-ақ Алекторовты бекіту өте қажет деп жауап жолдайды (6 сурет):
6 сурет. Батыс Сібір оқу округі басшысының Халық ағарту министрлігі ағарту департаментінің вице-директоры Дебольскийге жазған жауабы.
1902 жылдың 4 наурызында А.Алекторов жаңа лауазымға бекітіледі. Бұл Батыс Сібір округінің өкімдері тіркелетін журналдың 22 сәуір күніндегі жазбасына түскен (7 сурет):
7 сурет. Батыс Сібір оқу округінің өкімдері тіркелген журналдың жазбасынан үзінді.
1902 жылдың 17 сәуірінде А.Алекторов Қостанай қаласынан Батыс Сібір оқу округінің басшысына жеделхат жолдайды. Онда ол Дала генерал губернаторынан жаңа қызметке бекітілгені туралы телеграмма арқылы хат алғанын, бірақ өз қолына әлі бұйрықтың жетпегенін хабарлайды (8 сурет):
8 сурет. А.Алекторовтың Қостанай қаласынан Батыс Сібір оқу округінің басшысына жолдаған жеделхаты.
Бұл жеделхатқа Лаврентьев сол күні бұйрықтың шыққаны туралы және оның қызметке жедел түрде келуі тиіс екенін жазып жауап жолдайды (9 сурет):
9 сурет. Батыс Сібір оқу округінің басшысы Лаврентьевтің Алекторовқа жауап жазған жеделхаты.
А.Алекторов жеделхатты алысымен Батыс Сібір оқу округінің басшысына атқарып жүрген қызметінің ісқағаздарын тапсырып, жаңа қызметке келу үшін 10 күн уақыт беруін сұрап хат жолдайды. Хаттың жазу мәнері А.Байтұрсынұлының каллиграфиясына дәлме-дәл ұқсайтынын байқаймыз (10 сурет):
10 сурет. А.Алекторовтың Батыс Сібір оқу округінің басшысына жазған хаты.
Осы аралықта, яғни Лаврентьевтен хабар жеткен соң, А.Алекторов А.Байтұрсынұлын Ақмола және Семей облысы халық мектептері директорының ісжүргізушісі қызметіне алу туралы Батыс Сібір оқу округының басшысына өтініш жазады. Ол өтінішті біз мақаламыздың алғашқы бөлігінде талдаған болатынбыз (Мархаббат: https://abai.kz/post/141284)
Торғай облысы халық мектептерінің инспекторы жұмысын тапсырған А.Алекторов 1902 жылдың 1 мамыр күні Омбыға келеді. Ол жаңа қызметке жалғыз келмейді, қасында тамыр-досы, ісжүргізуші А.Байтұрсынұлы болады. Бұл оқиғаның шын болғанына А.Байтұрсынұлының 1904 жылы Омбы қаласынан Ішкі істер министрлігіне Торғай облысы тұрғыны ретіндегі салықтан босату туралы жазған өтінішінде «1902 жылдың 1 мамырынан бастап мемлекеттік қызметке кірістім» (Мархаббат: https://abai.kz/post/132530) деп жазуы – сөзіміздің дәлелі (11 сурет):
11 сурет. А.Байтұрсынұлының 1904 жылы Омбы қаласынан Ішкі істер министріне жазған өтінішінен үзінді.
Осылайша А.Байтұрсынұлының ғұмырнамасындағы жаңа кезең - Омбы-Қарқаралы кезеңі басталады. Омбыда А.Байтұрсынұлы Алаш көсемі Әлихан Бөкейханмен тығыз байланысып, оның қолындағы хәкім Абайдың қолжазба өлеңдерімен танысады. Бұл туралы ол өзінің 1913 жылы «Қазақ» газетінде жариялаған «Қазақтың бас ақыны» деп аталатын мақаласында былайша еске алады: «1903-ші жылы қолыма Абай сөздері жазылған дәптер түсті. Оқып қарасам, басқа ақындардың сөзіндей емес...».
Ә.Бөкейхан Байтұрсынұлының ақындық талантына тәнті болып, оның И.Крыловтан аударған мысал өлеңдерін баспа бетінен жариялауға көмектеседі. Бұл тұста ол Н.Потаниннен көмек сұрайды және оған А.Байтұрсынұлының бойында ақындықпен қоса суретшілік талант бар екендігін, бірақ оны әрі қарай кәсіби тұрғыдан ұштау жоқшылық әсерінен жүзеге аспай қалғанына қынжылады (Мархаббат: Сұлтан Хан Аққұлы. «Қырық мысал» жинағы. «Тар жол тайғақ кешкен» тарих: https://abai.kz/post/132972 ).
1909 жылы ақынның аудармалары «Қырық мысал» атты атаумен Петерборда жарияланады. Сол жылы Абайдың, М.Дулатұлының өлеңдер жинағы да жарыққа шығады. Бұл игі істерге жанашыр болған, оны ұйымдастырған, тікелей қолғабыс тигізген Ә.Бөкейхан екендігі бұл күнде бізге анық.
Омбы қаласында негізі қаланған қос тұлғасының достығы бұдан арғы ғұмырнамалық бел-белестерде кездескен күрделі, қиын-қыстау кезеңдерде шыңдалып, тамырын тереңге жайып, жайқалып өсіп, Алаш азаматтарының қазақ жұртын отаршылдық қамытынан азат ету жолындағы күрескерлік іс-әрекеттерінің өн бойында желбіреген байрақты жалаудың рәмізіндей мазмұнға ие болды...
Алмасбек Әбсадық,
филология ғылымдарының докторы, А.Байтұрсынұлы атындағы өңірлік университеттің професссоры.
Мақала ҚР БҒМ Ғылым комитетінің 2020-2022 жылдарға арналған гранттық қаржыландыруына ие болған «А. Байтұрсынұлының ауылдық мектептердегі ағартушылық және қоғамдық қызметі (жаңа архивтік деректер мен өлкетанушылық мағлұматтар, тұлғаның тыңнан табылған шығармалары негізінде)» атты Жоба негізінде дайындалды.
Abai.kz