Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 3814 0 пікір 1 Тамыз, 2012 сағат 11:35

Қажығұмар Шабдаұлы. Қылмыс (жалғасы)

ІІ

«Тарих тапсыру» жиындары 50-ші жылдың басынан бастап-ақ әлденеше рет ашылған екен. Онда гоминдаңшылардың мәселелерін анықтауды негіз етіп, өмірбаяндары күрделі-жұмбақты адамдарды ғана шақырыпты. «Тарих тапсыру науқаны» деп аталып, жалпы беттік әрекетке айналып жүргізілуі осы ғана. Бұл жолы қызметшілер мен жұмысшылардың күмәнді-күмәнсызына қаралмады. Тіпті өткен кезеңдерде тарихын тексеріп, ілінерлік мәселе таба алмай қайтарған адамдарын да қайта жиыпты. Қолға алынып, түрмеге кірсе де ондағы тергеу де мойындамай, қылмыс заң жазасына толмай жатқандарын да әкеліп қосатыны естілді.

Мен Тяншан қонақүйінің екінші қабатындағы сондай бір құрама, күрделі атретке шақырылыппын. Бұл атретке қатынасқандар кәсіптік, сала жағынан да әрқилы екен. Оқу-ағарту саласынан да, әдебиет-көркемөнер саласынан да, редакция-баспахана саласынан да, Шинжаңда бейбітшілік пен демократияны қорғау одағынан да, тіпті заң саласынан да, тағы-тағы баршылық көрінді. Бірақ солардың мәселе тапсыруға ең іріктелген активтері мен пассивтерінің өкілдерінен ғана құралған сияқты.

Әйтеуір мені көңілдендіргені, ең жақын достарымнан Асылқан мен Күләннің келуі болды. Бұл екеуін мәселе тапсырғысы келмейтін тоңмойын ретінде әкелген болса керек. Осы жолы Күләнді күмән біткеннен ада-күде арылтармын деп сендім.

ІІ

«Тарих тапсыру» жиындары 50-ші жылдың басынан бастап-ақ әлденеше рет ашылған екен. Онда гоминдаңшылардың мәселелерін анықтауды негіз етіп, өмірбаяндары күрделі-жұмбақты адамдарды ғана шақырыпты. «Тарих тапсыру науқаны» деп аталып, жалпы беттік әрекетке айналып жүргізілуі осы ғана. Бұл жолы қызметшілер мен жұмысшылардың күмәнді-күмәнсызына қаралмады. Тіпті өткен кезеңдерде тарихын тексеріп, ілінерлік мәселе таба алмай қайтарған адамдарын да қайта жиыпты. Қолға алынып, түрмеге кірсе де ондағы тергеу де мойындамай, қылмыс заң жазасына толмай жатқандарын да әкеліп қосатыны естілді.

Мен Тяншан қонақүйінің екінші қабатындағы сондай бір құрама, күрделі атретке шақырылыппын. Бұл атретке қатынасқандар кәсіптік, сала жағынан да әрқилы екен. Оқу-ағарту саласынан да, әдебиет-көркемөнер саласынан да, редакция-баспахана саласынан да, Шинжаңда бейбітшілік пен демократияны қорғау одағынан да, тіпті заң саласынан да, тағы-тағы баршылық көрінді. Бірақ солардың мәселе тапсыруға ең іріктелген активтері мен пассивтерінің өкілдерінен ғана құралған сияқты.

Әйтеуір мені көңілдендіргені, ең жақын достарымнан Асылқан мен Күләннің келуі болды. Бұл екеуін мәселе тапсырғысы келмейтін тоңмойын ретінде әкелген болса керек. Осы жолы Күләнді күмән біткеннен ада-күде арылтармын деп сендім.

Кешкі тамақтан соң жеңіл ғана төсенішім мен көрпемді кішкене бөлменің бір бұрышта жайып жатқанымда, туанжаң[1] деп аталған бір бастық шақыртты мені. Осы қонақ үйде тарих тапсыратын екі-үш атреттің бастығы екен. Аты Нюханбең. Жепаңжүн спеттес сары киінген қысық көз, сопақ бетті, сірке қара. Жепаңжүннің басқа жауынгерінен Нюханбеңнің бір айырықша белгісі ұп-ұзын мұрнынан табылды. Аузына жоғарғы ернінен аса жетіп төнген сол мұрын күлкіге де, сөзге де билегендей бұраң қағып, ирелеңдеп тұрады екен.

Ню туанжаң, шағын бөлменің төріндегі серппелі орындығынан жеңіл түрегеліп қарсы алды мені. Атыма «жолдас» деген қымбатты атауын қосып атап, қол алысып, бас изектетіп отырғызды. Шақырылғандар жиырма шақты ғана. Көбі партия мүшелері екен. Жанқалтамдағы жолдамасын әлі тапсырмаған, партияға ант беріп өтпеген мені бұл топқа қалай қосып отырғанын түсінбедім. Тек, Дөрбілжін аудандық парткомның қызметкерлік боқшамдағы таныстыруы жақсы екендігі байқалды. Сөйлей жөнелді туанжаңымыз. Менің зейінім сөзіне емес, тұмсығына ауып кеткенін сезбей қалыппын. Аузымен бірге сүйреңдеп сөйлегендей, иреңдеп билегендей көрінетін мына мұрын, биші мұрын ғана емес, аса иісшіл мұрын шығар» -деп межеледім. Олай болатыны, біреуге қарағанда мұрны көзінен бұрын бүріліп, үш жағы жыбыр қағады екен. Сезімталдығы мұрнына бітетін иісшіл жануарлардың тұмсығы да осылай жыбырламаушы ма еді!..

«... Партия қатарына өтерде Маужуши мен партия туы алдында қалай ант беретіндігіміз есімізде шығар?» деген сөзі құлағымнан тартып қалғандай болды бір шақта. - «Партия қайда қойса мен сонда, шартсыз бойсұнып, қалтықсыз істеймін!» дейміз ғой. Бұл ант қашан да есімізде болсын!... (Мен түйіле ойладым бұл анттың ішкі мәнін. «жұп-жуас өгіз бол» деген сөз ғой бұл. «Партияға өкіл ретіндегі бір террор жыртқыш тісін ақситып шыға келіп, сүз мынаны десе, өңшең өгіз оған «шартсыз бойсұнып» нұсқалған адамды сүзе бермес пе! Есіл Тұрсын, Шәкен мархұмдар сондай «мүйізден»  өлген-ау!... Ал, қане, Оспан мен Закария мархұмдарды мұндай тағдырдан айырып көрші!» - Басымды жағымсыз ойдан бір шайқап тастап, Нюханбеңінің сөзін жалғасты тыңдадым.)

«... Сол антты іс жүзінен көрсететін ең жауапты қызмет, міне, енді тапсырылды. Бізге: Үрімжі қаласындағы ең тоңмойын, жасырынымпаз кері төңкерісшілердің көбі біздің туанымызға жиналды. Мәселелерін ада-күде анықтап, толық мойындату осы отырған бізге тапсырылды. Ұру-соғу қинау сияқты бұрынғы зұлым үкіметтердің терорлық әдістері мүмкіндігінше қолданылмайды. Бірақ, қылмыстарына қалай да мойындатпай қоймаймыз!... Бұл өзіміздің партиямыз алдындағы бірден-бір міндетіміз. Ал, осы ардақты міндетті, қалай істегенде табыспен орындап шыға аламыз?... Бұл туралы тактикалық, стратегиялық пкірлеріңізді ортаға қойыңыздар! -деп тоқтады туанжаң.

Әркім өз пікірін іркіліссіз қойды ортаға: «әрқандай кері төңкерісшінің өзді-өз айғақ-факттерін табу», «белсенділер қатарын көбейту», «ұрмай домбытып, көпшіліктің ортасына шығару», «тілдемей янаттап, шымшылап сөйлету», «ұрмай буындырып, қорқытып сөйлету», «қинамай қидалап сөйлету», «ырғаққа салып ұйықтатпай, есінен жаңылдырып сөйлету», «жан жерінен ұстап, үрейін алып сөйлету», «ұтылап қуып індетіп ұстау», «есінен айырып есеңгіретіп сөйлету», «жаңылдырып мойындату»...

«Аң аулаудың» осындай айлакерлік жолымен қақпанға түсіру әдістері түгелімен сөйленді. Бірақ ақ-нахақты айыру Күлән сияқтылардың куәсі мен айғақтарынан анықтап ағарту, жаладан құтқару, жалақорларды жазалау жақтарынан ешқандай пікір айтылар емес. Мұның негізгі себебі, «тарих тапсыру» дегенге туанжаңымыздың «қылмыс тапсыру» деп қана сыңар жақты анықтама жасауынан болып отыр еді. Сөйлеу кезегім тиісімен осыны ортаға сұрау ретінде қойдым:

- Жолдастар, осы пікірлеріңізден менің ойыма бір сұрау келіп отыр. «Тарих тапсыру» деген не? Алдымен осыны анықтап алайықшы! «Тарих» деген не? «Тапсыру» деген не?

Ешкімнен үн шықпай аңтарыла қарасып қалып еді. Туанжаң мырс-мырс күлді де, мұрны оң-солына кезек бұрылып жыбырлады:

- Биғабили жолдас, мұны неліктен сұрадың, алдымен өзің сөйлеп түсіндірші!

- Мен өзім әр-бір адамның «тарихы» дегенді қылмыс деп қана түсінбеймін, «өмірбаяны» деп түсінемін. Өмірбаянның қылмыстысы да, қылмыссызы да болады ғой. Бұл әрекет соны анықтау емеспе!

- Ал оған «тапсыру» деген сөздің неліктен қосылғанын түсінемісіз? -деген туанжаңның мұрны ойнақтап кетті.

- Мен сізден соны сұрайын деп отырмын. «Тарих тапсыру» емес, неліктен «тарих анықтау» болып аталмайды?

- Бізде коммунизмдік тәрбие қызметі енді ғана басталып жатыр. Әлден анықтадық, аппақ, қылмыстан пәк дей салмаймыз. Шынында әсіресе мұнда қылмыстан мүлде пәк адам болмайды. Сондықтан «тарих тапсыру» дегенді түпкілікті мән жағынан «қылмыс тапсыру» деп түсінуіңіз қажет!... Түсіндіңіз бе?

- Түсіндім, бірақ, бұл районда «мүлде қылмыссыз адам болмайды» деген пікірге қосыла алмаймын. Әрқандай районда қылмысты адамдар да, қылмыссыз адамдар да болады. Тіпті қылмыссызы өте көп болады!

- Жарайды. Бұл пікір осы жерде тұра тұрсын. Уақыт қысқа. Ал, бұл науқан туралы өз позицияңызды сөйлеңіз!

- Бұл науқанда айқын қылмыстыларға батыл түрде қылмыс тапсырту, белгісіздері мен нахақтарына қылмысын анықтау позициясында боламын!

- «Айқын», иә, «нахақ» дегендеріңді қалай айырасың? -деп сұрады Ню туанжаң.

- Оны өзінің көтеріп жүрген боқшасы айырып береді. Және жұртшылықтан түскен факттер бойынша тексеріп анықтаймыз! Дерек таппай «қылмыс тапсыр» дегеннен аулақ болуымыз қажет!

- Боқшасынан дайын факт шықпаса, жұртшылықтан пікір түспесе, тексермей-ақ қарап тұру керек пе!... Биғабили жолдас, мынауыңыз оңшыл пікір! -деп күлді туанжаң. - Факт деген іздемей табылмайды. Біз тіпті жоқтан іздеп табуға да міндеттіміз!

- Кері төңкерісшілдік ыспат-факттері барларына қарсы аяусыз күрес жүргізуге міндеттіміз. Ал, коммунист деген адам ең алдымен материалист болуға тиіс. Материалсыз-фактысыз ешқандай адамға өзіміздің субъективтік қиялымызбен соқтықпауға да, соқыр тәуекелмен қимылдап марксизмдік партияға кір жұқтырып алмауға да міндеттіміз!

Ню туанжаң мені бар зейінімен иіскелегендей, тоқтаусыз жыбырлаған мұрнына мен қарап қалыппын да, менің шекелі кең маңдайыма, бұйра шашыма ол қарап қалыпты. Күлімсірей сөйледі сондада:

- Сіз буржуазия зиялыларынша ойлайды екенсіз. Өскен ортаңыз тәрбиелеген ұстаздарыңыз солар ғой. Сізді кіналауға болмайды. Дұрыс түсінік тауып, ақырын-ақырын түзеліп кетерсіз. Қазірше қызметіміздің методы жағынан бірлікке келіп алайық! Мен, факт дегенді жоқтан іздеп табуды дәріптегенде қаймана біреуге субъективтік қиялмен соқтығып, қалпақты зорлап кигізуге шақырып отырғаным жоқ. Оның бүтіндей керісінше, мәселе тапсыруға барынша ынталандыру жолымен қолға келтіруді айтпақшымын.

- Аббәрекелді! -деді бірнешеу. - Осылай істегеніміз дұрыс! Қане, туанжаң соны сөйлеңізші!

- Жарайды, жолдастардың пікірін тыңдап болдық, -деді туанжаң ырғала түсіп орнығып, шын сөзге енді кірісетіндігін білдірді. - Насихатымызға иланбай, тоңмойындық істеген кері төңкерісшілерге не амал қолданатындығымызды жақсы сөйледіңіздер. Бірақ сырттан зорлап сөйлетуден өздіктерінен сөйлеуге құлшындыру - ең негізгі, ең ұтымды әдіс. Енді соған келейік. Жаңа Биғабили жолдас менің «мүлде қылмыссыз адам болмайды» деген себебімді түсінбей қарсы шықты. Бұл кері төңкерісшілерге қарсы ендігі күресіміздің тактикасы. Бұл, жаудың өзін өзіне әшкерелетудің тактикалық көзқарасы. Қолға түскен кірпікшешен, суға салмасаң ашылама!... Ха-ха-ха-һа... «Қылмыссыз адам көп, қылмысты адам аз, сендер ғанасың. Ал, сөйле қылмысыңды!» десең жау сөйлей ме! Ха-ха-ха-һа..!...

- Рас-ау! -десіп күлді бірнешеу.

- Бұл әрекетте қылмысты істерге біз осындай позиция қолданамыз. Жолдастар, «әрқандай адамда қылмыс болады. Бірақ, соның қылмыс екендігін танып, өздігінен әшкерелеп тастамаған адам қылмыстан тазармайды», «қылмыс деген ауру, ауыруды емдеп адамды құтқару қажет!», «әрқандай қылмыс болса да өздігінен әшкерелеген адамға кеңшілік, тоңмойындық еткенге қатал жаза қолданылады», «әркім өз қылмыстарына от ашуға борышты», «кел, жолдастар, қылмыс біткенді аяусыз әшкерелелік, жиып-теріп бір-ақ жерге үйелік те, өртеп жіберелік!» -қызметіміз  алдымен осы сөзбен басталады. Расында да осылай істейміз. Өздігінен әшкерелегендердің қылмысы үшін жаза қолданылмайды. Ұқтыңыздар ма?

Шатырлатып қол шапалақтай жөнеліп едік. Туанжаң дуылымызды қол ишарасымен тоқтатып, жалғастырды сөзін.

- Жолдастар әркім өзіндегі қылмысты әшкерелеуден қорықпау керек. Мәселесін тапсыру-тапсырмау, әркімнің өзінің партияға сену-сенбеуіне байланысты. Ал, партия мүшелері әрқандай әрекеттің алдыңғы шебінде болуға міндетті ғой, солай емеспе?... Солай болса, әрбір группаның, атреттің бастықтары болатын сендер, тарихтарыңды бірінші болып өздерің тапсырасыңдар! Бұл жерде тағы бір шындықты ашып айту керек. Қарауларыңдағы адамдардың мәселе тапсыруы, сендердің шабыттандыруларыңа байланысты. Мәселе тапсырудан өздерің неғұрлым аянбасаңдар, қолдарыңдағы кері төңкерісшілер де солғұрлым оңай ашылады.

- Ал, кері төңкерісшілерді сондай қылмыспен жетектеуге өзімізде қылмыс жоқтарымыз қайтпекпіз? -деп сұрай қалды бір ұйғыр жігіт. Нютуанжаң оған кіржие қарағанда, мұрны күржие жыбырлады. Көпшілік жағымпаздар бастықтың бұл райына бағып, сұрау қоюшыға дүрсе қоя берді.

- Сол да сөз болып па!

- Таппай ма екен бірдемені!

- Апасын айта алмасаң да, тақайы бар емес пе! -деп бір шақшақ[2] ду күлдіргенде, Нютуанжаң алақ-жұлақ қарады жан жағына.

- Інім, өзіңізден чоң мәселе табылмаса да кемшіліктер бар шығар, -деп кексе бір жарамсақ айқындады. - Сондайларды чоң принципке көтеріп, ауыз толтырып сөйлей берсеңіз бола береді! Нютуанжаң жаңа қателіксіз адам болмайды демеді ме. Бұл ақиқат!... Сөйлей беріңіз, туанжаң!

- Жолдастар, -деп туанжаң сөзін қайта жалғастырды. - Партия мүшелері төңкеріс жолында. Партия жолында өздерін құрбан етуге әрқашан даяр тұруға тиісті. Солай емес пе!... Жан-тәнімен берілген мүшесін партия да бар күшімен қорғайды. Төңкеріс мүддесі үшін, партия мүддесі үшін өзіңді кейде өте көп қателескен адам етіп көрсетуге де болады. Расында сондай ауыр мәселелерін алалдықпен тапсыруы арқылы партияға өтіп, зор сенімге - беделге ие болған партия мүшелері аз емес қой. Партия кеңшілігінің шексіз екендігін осымен дәлелдеуге болады. Ал, қылмыс өткізу қорқынышты емес, партия алдында соны тапсырмау қорқынышты. Біздің жан-тәніміз де, ар-намысымыз да -партия, келешегіміз шексіз нұрлы!... Ұқтыңыздар ма?...

- Ұқтық, ұқтық! -деп ду көтерді көпшілік. Төрдегі Маужуши суретіне қарап, қолшапалақтай жөнелді.

Нютуанжаң мұнан соң әрқайсымыздың міндетімізді, басқаратын группа, атретімізді ұқтырып, күнделікті іс-әрекет жадуелін таратып беріп шығарды. Мені атрет бастықтығынан өшіріп, бір группаға түсіргені, маған қарап қойып, тізімнен сызуынан байқалды. Ал, мен басқаратын группадағы Күлән мен Асылқанды басқа группаларға ауыстырды да, орындарына менімен сыбайластығы жоқ деп табылған түс таныс қана ұйғыр жігіттерді қосты.

«Мүлде қылмыссыз адам болмайды» деген солшыл тұжырымға қарсы пікірімнің дұрыстығына көзім жетіп тұрса да, туанжаңның «тактика үшін» дегеніне мойындап, мұнан соң оң көзімді мүлде жұмып алуға бекіндім. «Коммунизмшіл партия алдында кертартпа, оңшыл аталудан өлім артық қой! Расында, жан-денем де, ар-намысым да, тіпті барым осы партия емеспе еді. Ол мені қылмыскер бол десе, бола салайын да, сәби бол десе, іңгәлап қайтадан туа салайын!... Бұл, өзімнің ес білген жиырма жылымнан бері оқып, біліп қанған партиям, көңіліме тоқып көксеген арман партиям, бұл, мені, таныса салып, қатарына тартқан Лиңдәйшің тектестердің партиясы. У ұрығын ексе де бал өндіретін, «сайтанды адамға айналдыратын» партия. Бұл маған теріс үйретпек емес. Тіпті де оңшыл бомаймын, көзімді жұмғаным-жұмған!» -деп жіберіппін.

Өзіме міндеттелген группаға ертеңіне таңертең өзім барып, Нюханбең сөйлейтін жалпы жиын залына бастап келдім. Туанжаң қылмыс жөніндегі өзі «тактикалық» деп атаған қате анықтамасын өткен түндегі бізге сөйлегенінен де асыра дәріптеп сөйледі. «Кемшілік, қателік, қылмыс дегендер тірі адамда өтілмей қоймайтын құбылыс. Қателік өткізу жиренішті емес, қазіргі кезеңде оны партияға тапсырмау жиренішті. Қателік істеу қорқынышты емес, оны партияға тапсырмау, түзетпеу қорқынышты. Өз мәселесін кім жасырса, партияға сол сенбейді. Демек, сол жау. Кім толық тапсырып, мәселеден өзін адалап шықса, сол дос. Кім жау, кім дос, қане енді көрелік!»

Туанжаң сөзінің ұзынырғасынан адам тәрбиелеуге тат осы түсінік, әдемі сөзбен жарқылдады да тұрды. Тыңдаушылардың әрқайсысына қараумен болдым. Қылмысы көбіректерінің иығы көтеріліп, құлағы қайшылана түскендей де, қылмысқа «кедейлері» қусырылып, бүрісіп бара жатқандай. Өткенде жартымды қылмыс өткізе алмағандықтарына өкінетіндей.

Сырттан тыңдаушылар қатарында отырған бір кексе әскери сары киімді осыны байқаған сияқты. Дұрыс сарын білдірді.

- Қылмыс өткізу мақтаныш емес қой, қылмыс түгіл кемшілікті де өткізбеу жақсы. Ал, өткізген екен, оны дер кезінде өздігінен тапсырып, өздігінен түзету жақсы! -деп қана қойды жиын тарай бергенде. Лектордың сөзін жасынға шығарып алмайын дегендей тым бәсең үнмен айтты. Ресми сөйленбегендіктен көпшілік оған назар аудара да алмай тарады.

Осы  науқанға қаратылған лекциялар мен мақалаларды группаларға бөлініп, қайта үйренуге кірістік. Әрине алдымен Маужушидың «либрализмге қарсы тұрайықы» деген мақаласы оқылуға тиісті ғой. Бұл арқылы қылмыскерлер көпшілігінің тығылар ұяларын түгел талқандап, лыпасыз жалаңаштап тастағандаймыз. Мұнан соң зор жиынның баяндамасы мен өзіміздің Нютуанжаңның баяндамасын талқылағанымызда «жазасы кешіріліп», қапастан «азат болған» қылмыстар жамырап-қайнап таси бастады.

- Алдымен мен тапсырайын, мен!

- Үй, сенде не бар дейсің, мен тапсырамын!.. Міне, менде мығым күнәлар бар! -деп бұлқынды жалаңаштар. Кей бірі тіпті әлмисақтан-ақ қылмыс жаратушы күнә тәңіріндей өктемси көтерді қолдарын...

Ал, мен, қылмыс тапсыруға жетекші болып сайланып келсем де, өзімнен Әлияны жалаңаштаудан басқа «жарамды қылмыс» таба алмай қиналдым. «Тарихтарын» алдымен тапсыруға мына таласушылар желкеме мініп, ереуіл көтеретіндей сезілді.

- Мәселе тапсыруға қайсынымыздың дайындығымыз толық болса, алдымен сонымыз сөйлейміз. Сабыр етіңіздер! -дей салдым да, «дайындықтарын анықтап сұрап алып тізімдей бер!» дегенді қатшыға күбірлей салып шықтым. «группа бастықтары алдымен тапсырсын» деп бұйырған Нюханбеңге жүгірдім. Алдымен өзім тапсырсам, бәрі-бір жалған қылмыс құрап айта алмаймын, қылмысқа жарыта алмаймын ғой. Мына кейпіммен қылмыстарымды жасырғандай, сол арқылы «сендерде жасырыңдар, айтып қойсаңдар жазаға ұшырап қаласыңдар!» деп басқалардың қылмыс тапсыруына тосқындық жасағандай көрінетін сияқтымын. Туанжаңға соны айтып, өзімнің тексерілуімді кейінге қалдыра тұруды өтінуді ойлап келе жаттым да тұра қылдым. «Жоқ, алдымен-ақ тапсырып құтыла салмаймын ба!... Ергейтіде бала кезімде бір жаз борми ұрладым деймін. Қауын ұрлағаным да бар емес пе еді. Бигелдінің сиыр ұрлап сойғанын жасырдым. Ал, мектепке кірген соң түйедей қуанышқа німнің мұрнын бұзғанымның өзі-қ бірсыпыра сөз. Сөйтіп жігіт болдым. Әлиямен әншейін еріккендіктен байланыстым. (Бірақ, Әлия опасыздық етпесе, мәселе болмас еді ғой оным) Ал, сонда Әлияны мен бұздым ба, мені Әлия бұзды ма?... Соңында тіпті жалаңаштап тастадым ғой, мен-ақ бұздым дейінші. Бірақ, сол мәселелер, қазіргі менің мына жуан басыма қалпақ болып қанағаттандыра алар ма!... Басқасы ғой сот жүрмейтін балалық шақтың жемісі. Ал, жалғыз ғана Әлиямен болған стилдік мәселем, Биғабылдың барлық қылмысы болып, мына жаланған көпшіліктің қайсысын жарытпақ!... Әттегене, осыған қосымша титтей саяси қылмысым болсашы!... Қой, мына сопы қалпыммен басқалардың мәселе тапсыруына кесе көлденең болып алдыға түспей-ақ қояйын!».

Кіріп барғанымда Нютуанжаң тұмысығы бұраң ете түсті. Менен не дәметкенін сезбегенсіп, отыра бере бастадым. Сөзімді екі-үш күннен бері ойланып, мәселе тапсыруға өзімнен осыдан басқа «үлгі боларлық» қылмыс таба алмағандығымды мәлімдедім.

- Қазір мәселелерін өздіктерінен ақтарғалы отырған көпшіліктің алдына түсіп тапсырған жартымсыз бұл мәселем кері үлгі, ауыз басудың үлгісі болып қалады ғой, мен кейін тапсырайын! -деп өтіндім соңында.

- Әия, жазбасаң да сөйлегеніңде жамап-құрап көбейте бер демедім бе, мәселе тапсыруға сендер ашық қолды болсаңдар, қол астыңдағылар тіпті ашады дегемін ғой!

- Жоқ, мен өтірік қоса алмаймын, бұл, қорыққандығымнан емес, партияның ісіне де, халықтың ісіне де, тіпті өзімнің ісіме де өтірік қосып, ешкімге жұрындық болғым келмейді!

Нютуанжаң үнсіз қарап отырып қалды маған. Тұмсығы үздіксіз жыбырлады. Жүзімді аса суыққа салған сияқтымын. Енді зорласа, «жолдас» болудан кешетіндігімді сезгендей.

- Болды, осыдан басқа тапсырар мәселең болмаса... кейін анықталар, -деді. - Қазірше сөйлемей тұра тұр, бола ма?... Жақсы істе, а, группадағылардың мәселелсін жаңсақ қалдырып қойма! Позициаң мынадай болып тұрғанда, өзіңе сөз келіп қалатын іс туылмасын!

Нютуанжаң менімен бірге кірді группаға.

«Биғабили зужаңның мәселесі бұрын негізгі жағынан тапсырылып болғандығы мен қалған мәселелерін әлі де үздіксіз тапсыра беретіндігін» туанжаң айтып бола бергенінде, Мәтқары атты орынбасарым ыршып тұрды.

- Өшірет менің, мен тапсырамын!...

Тұмсығының суағарына ғана мұрт қойған ұзын бойлы, арық Мәтқарының мәселе тапсырғыштығына таңдана қарап қалыппын. «Әш-пәш дегенше» балалық шағының алты қылмысын айтып жіберді. Су бойындағы балшыққа «үйленуінен» бастап, есекке басқыншылық қыламын деп тепкізгеніне дейінгі қылмыстың бір дәуірі еді мұнысы. «Бала кезінде өстіген қылмыскер, жігіт болғанда не оңдырмақ!» дегендей «келешегінен зор үміт» күткен Нютуанжаңның мұрны жыбырлап, қызыға қарады оған. Мәтқары бозбала болған шағындағы қылмысын қартайған сол есекке дектатураны аямай жүргізгенінен бастады енді. Ашыналарымен ойнауға сол «бәйбішенің» өзін мініп барғанын сөйледі. «Абысындарын» күндеп-күйінсін дегендей көзін жаудыратып қойып, құнажындармен ойнағанын «асқан зұлымдығым» дегендей ашына сөйледі. «Бәйбішені» бұл қорлауы алпыс неше рет такырарланыпты. «Қыз емес» екенсің деп алғашқы екі рет үйленген екі адам келіншегін тастап, қолаңсаң бар, сасық екенсің деп тағы бір адам келіншек тастағанын әшкерелеп күрсінді. Күрсінгені, онысына өкінгендігі емес, қылмыскерлігінің жетілген кезеңіне өрлеуге күш жиғаны екен. 1943-ші жылы Қашқарда гоминдаңға «өз талабымен» мүше болып, 44-ші жылдың жазынан 46-шы жылдың жазына дейін (11 тармақты бітім жарияланғанға дейін) шпиондық міндетке жегілгенін айтты. Сонысын айта салды да, тыңдаушылардың үңірейген көздеріне қарап қорқып, сөзінен қайта тана қойды. «Нақ шпион емес, бір шпион әйелді қорғау міндетінде болдым. Жыңса мекемесінің бұйрығы бойынша оның не істеп жүргенін сұрамай-ақ қорғап жүрдім. Ол бір жиынға кіргенде сыртта есік алдынан күтемін. Үйіне дейін апарып қоямын, басқасын білмеймін» деп танды Мәтқары.

Бұл танғанына біз тамсана үңілдік. Ол әйелдің аты мен тұрған үйінің адресін сұрадық. «Атын жасырын ұстайды. «Үйі де жасырын, әр күні әр қораға кіреді» деп Мәтқары тіпті ғайыпқа айналдыруға беттеді. Белсенділеріміздің таңдайы шық-шық ете түсті. Бұл «қылмысымен» біздің қарнымызды ашырып алатындығын содан түсінгендей, ол әйелмен де «екі-үш рет ашына болып қалған» қылмысын айтты. «Қып-қызыл ерінді бек шырайлық» екен де, екі рет өз талабымен бақшада, бір рет деңге[3] апарып, бірге жатқызыпты-мыс. Мәтқарының өз тапсыруы осымен бітті.

«Енді құтқармаспын» дегендей ойнақтады Нютуанжаңның тұмсығы. Сағатына қарап алып Мәтқарыны мақтай жөнелді.

- Мәтғали, жақсы жолдас! -деді разылық шыраймен. - Партияға сенімі толық, келешегі нұрлы! Өз мәселесін толық тапсыратындығына мен де сенемін. Жалығз-ақ, бүгін даярлығы жетіңкіремей қалған ұқсайды, ойлансын! Жыңса мекемесіне қашан, қалай байланысқаннан бастап сөйлесе, көпшілікті толық қанағаттандыра алады. Қашан сөйлесе де уақыт шығарып беремін. Бұл кейінгі мәселе боқшасында да бар сияқты болатын. Өз аузымен толықтап сөйлеп берсе болғаны!... Өзі сол әйелмен бір бүтін қызметтес болған, көп істерде бірге, ақылдасып істеген. Қандай қылмыс болса да осылай сөйлей беруге болады. Өтілген уақыты мен орнын қалдырмай, дәлел-факттерімен сөйлесе, көпшілік қарсы пікір көтере алмай қалады. Өз қателік-қылмысын әшкерелеген сайын тазарып, адамның жүзі ашылып, әрлене түседі. Ауыруды жойып, адамды құтқару деген осы. Міне, осылай сөйлей беріңдер! -деп туанжаң үстеме жол-жорығын бере шықты. Орынбасарымның «шпион» әйелге осы жағуымен-ақ күрес нысанамызға іліне қалғаны сезілді.

Мәтқарыдан соң екінші болып тапсыруға таласқандарды әрең тоқтаттым. Қатшының тізімдеген өшіретіне бағынып, «қылмысқа ең байы» деп межеленген біріне бердім сөзді. Бұл да алдымен адамгершілікке жат істеген қылмыстарын көпіртіп, іркіліссіз сөйлеп келді де, саяси қылмысқа келгенде шөмейіп, «мақтана алмай» қалды. Екі-үш жалшының еңбегін қанағандығын әңгімеге айналдырып, сөйледі. Гоминдаңға мүше болғандығын кері төңкерісшілдікке жатқызып, нықтап мойындаса да, жасостығын ұры-қарыларды, апиншыны, парақорды ұстатқан жақсы іске, игі еңбекке айналдырып көрсетті. Көпшіліктен наразы пікір гуілдей жөнелді бұған келгенде. Көпшілік пікір беріп көмектесетін кезең, егер өзі дұрыс тапсыра алмаса, кейінгі сатыда екендігін айтып тоқтаттым. Мұның тапсырғанына да сұрау белгісін қойып, кейін қайта тексертуге қалдырдық.

Бұл группада кері төңкерістік қылмысы бар деп белгіленгендерден бұдан басқа үшеуі бар еді. Бұлардың да өздеріне саяси кір жуытпай, осылай өте шығатындығын байқап, алдыларына белсенділердің екі-үшеуін салып сөйлетіп едім. Бұлар Мәтқарымнан да оза шауып, саяси қылмыстың нағыз «саңлақтары» бола кетті. Қарқылдап күле беріппін бұлар сөйлегенде, «кері төңкерісшілерге арнап құрған торымызға ақжүрек белсенділеріміздің ұмтылуын қарашы!» деп күлдім. Нанымдылық жөнінен ажалдың желіні жеткен анасындай қылмыстар да, өтірік пен шынның шата баласындай қылмыстар да шықты. Бұл белсенділерімнен біреуі тіпті шылғи жалғаннан жаралған, басы қазандай, аяғы шидей қарақасқа қылмыс та жасап шығарды. «Жасостықты жақсы істеп бергендігі үшін 49-шы жылдың 9-шы айында Жаң Кайшының өзі арқасынан қаққанын айтты. Ол шақта Жаң Кайшы «арқасынан қағу түгіл» ұлы құрлықта жоқ, Тәйуанға қашып кеткен болатын. Бұл, Нитуанжаңның «қылмыс өткізу жиренішті емес, оны партияға тапсырмау жиренішті» деген нәсихатының, «өтірік айту жиренішті емес, өтірік айтпау жиренішті» дегендей,  ең жиренішті танымға жетіп қалғанын байқатып күлдірді.

Күндіз тапқан «қылмыстарымызды» іңірде апарып, басшылар ортасына қойдық. Нютуанжаңның басқа группа бастықтарының тапқанына көрсеткен разылығы сияқты менің тапқаныма да бас шұлғи салды. Өтірік болсын, шын болсын, әйтеуір қылмыс тапсаң болғаны» дегендей. Бұл пиғылына қарсы пікір айтудың қисынын таба алмай отырып қалдым. Қызметіміздің кемшілігі жөнінен ешкім ауыз ашар емес. Туанжаңға артпай, өзімнің кемшілігім ретінде өзіме аударып сөйлегім келді.

- Туанжаң, біздің бүгінгі қызметіміздің кемшілігі жөнінде айтар пікіріңіз, қояр талабыңыз бар ма? -деп сұрадым соңында.

- Қандай кемшілік жөнінде сұрайсыз? -деп тұмсығын бұра қойды маған.

- Мәселен, бүгін мен нысанадағы кері төңкерісшілеріміздің ең негізгі бір екеуіне титтей де саяси мәселе айтқыза алмай қойғанымды баяндадым-ғой. Бұларға мұрындық боламын деп, белсенділеріміздің үшеуі кері төңкерісшіге айналған факттерін әкелдім. «Тактикамыз» кері нәтиже шығарды. Бұлай істей берсем, ақты қараға, қараны аққа айналдырған нағыз кері төңкерісші өзім болып қалмаймын ба?

- Өздері сөйлеген мәселеге сен қалай жығынды болмақсың?

- Белсенділерімізді солай сөйлеп, өздерін қаралауға мен түрткі болдым ғой!

- Қалай түрткі болдың?

- «Қылмыс өткізу жиренішті емес, тапсырмау жиренішті», «қылмыс өткізу қорқынышты емес, тапсырмау қорқынышты» деген сөзіңізді мен қайталап дәріптей бердім оларға. «партияға кім сенсе, мәселесін сол көп әшкерелейді» деген ақиқатымыз тағы айтылды. Ал, бұлай сөйлеудегі мақсатымыз, кері төңкерісшілерді өздерін әшкерелеуге шабыттандыру еді. Бірақ, олардың ешқайсысына жұқпады бұл сөздерім. Себебі, кері төңкерісшілеріміз тактикашыл, бізден де қу. Олар әккі, кәрі түлкі. Партияға мүлде жат көзқараста болғандықтан сенбеді, сенбейді де. Бекерге кері төңкерісші аталмаған олар. Ал, төңкеріске жан-жүрегімен берілген, партия не айтты десе, соған үйи қалатын белсенділеріміз, «жиренішті емес» дегенге қайдағы өзінде жоқ масқара қылмысты жиып, партияға сенетіндіктерін таныту үшін «мәселе» тапсырғыштап, өз беттеріне кетпейтін қара сыр жағып жатыр! «Өтірік айту жиренішті емес, өтірік айтпау жиренішті» деуге де жетіп келе жатыр. Бұл қателік қайтсем түзеледі?

Бұл сөзіме атрет, группа бастықтары қарқылдап күлгенде, Нютуанжаң да, оның мұрны да күлді.

- Рас, сондай беталыс бізде де бар! -деп бір-екеуі күбірлегенде, туанжаң мұрны соларға қарап жыбырлап, күлкісін тоқтата қойды.

- Өз қателік қылмыстарын сөйлегендерді біз коммунистер, «ағарды», яки, «ағаруға беттеді» деп есептейміз! -деп жымиды туанжаң. - Еш уақытта да «қарайды», бетіне «қарасыр жақты» демейміз. Ешқандай марксшы олай сөйлемек емес!... Тек!

- «Тек» дей көрмеңіз, өзінен рас өтілген қылмыстарын сөйлеушілерді мен де олай демекші емеспін. «Өтірік айту жиренішті емес, өтірік айтпау жиренішті» дейтін танымға жетіп қалғандарды «ағарды» десек, марксизмге бүтіндей арам сөз сол болуға тиісті. Өтірікке аяусыз қарсы тұрмай ешкім марксизмші бола алмайды. Бір белсендіміз, «мен жасостық міндетті жақсы өтегендігім үшін 49-шы жылы 9-шы айда Нанжінде Жаңкайшы арқамнан қақты»  - деп әшкереледі өзін. Бұл уақытта Жаңкайшы қайда?

- Ха-ха-ха-һа-һа..!.. мұндай факттердің өтірік екендігі өзінен-өзі әшкереленіп, өшіріле салмай ма! -деп күлді туанжаң. - Ондайдан қорқатын не бар!... Биғабили жолдас, сіз өз ойыңызға келген пікірді ашық айтып отырсыз, мұныңыз жақсы! Бірақ, коммунистер ешқандай қателіктен де, қателесуден де қорықпайды, ұмытпаңыз!... Әрқандай адам, қандай қылмысын әшкерелесе де рұқсат, одан ешкім нахақ жазаланып кетпейді! Олар партияға сенеді. Тек, өзіңіз де сеніңіз!

Бұл сөзіне туанжаңның өзі бас болып, барлығын жетектей күлгеніне мен де күлдім. Бірақ ішімнен ыза бүріп, тым келте күліп едім. Сонымды ерекше мұрын сезе қойғандай, тағы жыбырлады.

- Биғабили жолдас, біреу мәселесін сөйлегенде мынауың шын, мынауың өтірік деп кірісу үлкен қателікке апарып соғады. Өтірік мәселені айтудан шектеймін десеңіз, шын мәселені айтудан да шектеп қоясыз. Бұл, теріс әрекет болады. Кері төңкерісшілер кей уақытта қисынсыз жерден қиып түсетін қылмыс өткізеді. Қисыны жоқ, мынауың өтірік десеңіз-ақ мойындай салып, қиналғанымнан айттым деп жоққа шығара салады. Сонысынан дәндейді де шын мәселесін де әдейі қисынсыз етіп құрап, өзің арқылы жоққа шығарады да отырады. Бұл - кері төңкерісшілерге пана болғандық. Өтірік айтудан сақтан десеңіз-ақ, олар шынын айтудан сақтана қояды. Себебі, өзің айтқандай, олардың аты кері төңкерісші емеспе, ха-ха-ха-һа-һа!... Сондықтан олар қандай қылмысын әшкерелесе де бас изеп қойып, жия бер! Керекке жарайтынын аламыз, керексізі қала береді. Солай емеспе жолдастар!...

Туанжаңымыз «солай емес пе!» деген соң, солай емес дейтін «жолдас» бола ма, мойындарын іштеріне тығып шыға берді. «Нұсқаушының дұрыс-бұрыстығын артынан өзі-ақ көрер» деп мен тықтым ішіме. Ертеңіне тағы да солай, қалған кері төңкерісшілерімнің алдыларына «қылмысқа жомарттарынан» бірден салып сөйлете бердім. Тапсырған «тарихтарына» өз пікірімді қосып, атрет бастығыма өткізе беруден басқа, Нютуанжаңға пікір өткіземін деп әуреленудің қажеті жоқ сияқты.

Маған группамдағы кері төңкерісші деп таныстырылғандардың екеуі негізгі жағынан әйелқұмар, екеуі қанаушы алдамкөс-пайдакөстер ғана болып мойындады. Ал, нағыз кері төңкерісші қатарына жататын саяси қылмыскерлер жалаңаш белсенді болып танылғандардан шықты. Мәселе тапсырудағы логикалық-танымдылық жақтарын ойластыра келе мұны да таңданарлық құбылыс емес дегенге келдім соңында. «Дөрбілжіндегі Сәрсен саясаттың жолымен белсенді қатарына өте қойған кері төңкерісші Үрімжіде аз деймісің!»

Иісшіл туанжаңымның мұрны менің орынбасарыма қарап көбірек жыбырлайтын болып еді. Мәтқары өздігінен секіріп тапсырғаннан екі күн өтісімен оны атрет бастығы шақырып, айырым сөйлесті. Іле-шала туанжаңның өзі шақырып екі сағат сөйлесіп қайтарды да, мені шақыртты.

- Биғабили жолдас, сіз Мәтқарының мәселе тапсыруын қандай деп түсінесіз?

- Шала, шала болғанда да ең негізгі қылмысын жасырып қалмақшы!

- Жақсы! ... Ал, ол қылмысын қайтсек мойындатамыз?

- Сіз айтқан боқшасындағы мәліметтерге логиканы қосарлап мініп қуалаймыз!... Тек, боқшасында сондай мәселе бары рас болса, мойындату тіпті оңай ғой!

Туанжаң төмен қарап ойлана күбірледі.

- «Боқшаңда бар сияқты болатын» деп мен, шындығында, тактика үшін ғана бопсалағаным болмаса... жасостық туралы мәлімет жоқ. Қазірде солай бопсалап қайтардым.

- Бұл «тактикаңызға» не айтты? -деп күліп жібердім.

- Позициясы жақсы емес. «Сіз, кері төңкерісшілерді мәселе тапсыруға шабыттандыру үшін өтірік қылмыс тауып айта бер дегенсіз ғой. Сол үшін айттым!» деп менің өзіме жабысты, ха-һа-һа-һа... шындығында бұл әлгі әйел шпионмен болған байланысын басқаларды шабыттандыру үшін ғана өтірік құрастырған емес, соны сылтау етіп көпірден өтіп алмақ!

- Мен де солай мөлшерледім, -деп жымия қарадым мұрнына, «бәсе мынауыңыз бекер мұрын емес» деуге батылым жетпей, басқа қалжың айттым. - Сіздің «тактикаңыздың» өзін қамалға айналдырып, паналай қоюы мүмкін ғой!

- Биғабили жолдас, бұл мүмкін ғана емес, дәл солай. Бұл, асқан әккі кері төңкерісші. Фузужаң[1] болып, тіпті ішке кіріп алғанын көрмеймісің, мұны мықтап ұстау керек!

Бас изей салдым да, ойланып қалдым. Бас изегенім, Мәтқарының өз мәселесін тексерген тексерісінен жасос болғандығының растығын сезгендігім еді. Ал, ойланып қалғаным, фактсыз болжалды логикамен ғана мұндай адамды мойындатудың қиындығы сезілді. Туанжаң қудың алдағанына алданғансып тұрып, алып ұрудан үміттенетін адам оңай қу емес қой!... Менің бұл ауырсынып қалған жайымды тағы да иіскеп білгендей сөйледі туанжаң.

- Бұған тиісті материалды да, ахуалын білетін адамдарды да ертең саған жіберіп беремін. Алдымен группаңда тексересіңдер. Жасостығының бір ұшын шығарып бере алсаңдар болғаны, атрет жиынына салып тұрып, зорлап суырып аламыз!...

Жатағыма қайтқан жолымнан Күлән қарсы кездесті. Сөйлеспей лып беріп өте шықпақ болғанында алдынан тоса қалдым.

- Биғаш, артымда бақылаушы бар! -деп күлімсіреді.

- Неңді аңдиды?

- Бәле, мені түгіл сені де аңдиды! -деп күліп жіберді де, жүре сөйлемек болды. - Менің соңыма белсенді қатарына қосылғанымнан соң ғана түсті. Соған қарағанда «жолдас» сіздің соңыңызға бұрынырақ түскен шығар. Сырластығымызды білмесін, кесірім тиеді, алысырақ жүре тұрайық!

- Неғұрлым білсін, мен туралы қорықпа, өзіңе не күмән артса, ақтығың үшін мені куәға тарта бер!

Алды-артына жалтақтай тұрып сөйледі Күлән:

- Маған, «Хугожыңмен болған байланысыңды айт» дейді. Одан ақтауға дәлелің жоқ қой, куәлікке өте де, ақтай да алмайсың!

- Ақтай аламын! 43-ші жылдың қысында Хугожыңды өзіңнен қатты жирендіргенсің... «шешем сифлспен ауырған. Маған да жұғыпты» деп жирендіргенсің. Соңынан үш рет шақыртқанда өзің ауырған болып, бармай қойғансың!

- Сол кезде Нұрияштан басқа ешкімге айта алмағаныма өкініп жүр едім! -дегенде Күләннің өткір қара көзінен жас парлай жөнелді. - Біледі екенсің, сол айтқан ғой!... Есіл сіңілім!

- Басқа ахуалыңды да түгел айтқан, бәрі есімде, толық ақтай аламын!

- Мен, осы екі-үш күн ішінде күреске түсемін! -деп жүріп кетті. Мен жатағыма кіре сала Күлән жөнінде ақтау қағаз жазуға кірістім...

Мәтқары үстінен күрес ертеңіне таңертең дайындалды да, түске жақын басталды. Группамызға оның жерлесінен, сабақтастарынан, «шпион әйелге қорғаушы болдым» деген кезіндегі жақын жүрген адамдарынан бірнеше қызметкер келіп қосылды. Жиынды мен басқардым да, алдымен хатшыға оның тапсырған тарихын оқытып бердім.

- Мәтқары, сол «қашқарлық» шпион әйелге қорғаушы болғаныңды өзің тапсырдың, рас қой? -деп сұрай бастадым сөзді. -Сөйтіп жүріп ашына болғаның да рас қой?

Алғашында «өтірік айтқамын» деп жалтарды да, сырттан қатынасқан таныстарынан: «ол әйел қашқарлық емес, ақсулық» деп біреуі, «ашнасы ма, әйелі ме әйтеуір көп уақыт бірге жүрген» деп біреуі шығысымен Мәтқарының аузы буыла қалды. Аузы буылған соң айдаушы да, мұрындықтап жетектеуші де шыға бермей ме. Әйелдің аты да шықты. Оның қазір Ақсу түрмесінде тергеуде екендігі де шықты. Гоминдаңға кім-кімді ұстатқандығы айтылып барып, ол әйелдің жасостығы анықталды.

- «Жасос әйел, жыңса басқармасы таныстырып қосқан сенімді қорғаушысына, өзі сүйген ашнасына тым болмаса бір сырын айтпай ма, саған міндет артпай ма?» деген логика шабуылына өте бердім мен. Мұндай шабуылға пәле екендігімді білген сайын алара берді көзі. Сөйтсе де, «маған біреудің қайда баратынын, не сөйлейтінін біліп келуді ғана тапсыратын» дегенге бір күн шұқшиғанымызда әрең мойындап еді. Іңірден бастап қайта шұқшиғанымызда міндетті ашыналық теңдікпен ақылдасып орындайтындықтарына түн ортасында мойындады. Астыртын міндетке кейінірек тартылса да ашынасымен тең дәрежелі жасос болғандығына таңертең бізді шұқшитпай-ақ шұбырта жөнелді өзі.

Бұл кезде әр атрет, әр группадан Мәтқарыны білетін белсенділерді тәрбиелеп, жалаңдатып Нютуанжаң үлгерген екен. Өзі айтқандай, атрет жиынына салып жіберіп, кеңірдегінен суырып алды бар-мәзірін. Ерлі-зайыпты екі шпион Ақсуда гоминдаңға үш адам ұстату арқылы қызмет орнын өсіріп алып, Үрімжіге шақырылған екен де, Үрімжіде үш аймақ шпионы деп төрт адам ұстатыпты. Бақытына жарай сол ұстатқан жеті адамы да азаттыққа тірі жеткен екен. Көрсетінді материалымыздың жеңілдігімен бәрі құтылды деп мойындады Мәтқары. Солардан хауіптенгендіктен екі шпион некеде ажырасқан болып, әйелін Ақсуға қайтарып жіберіпті...

Нютуанжаң Мәтқарыға «аз кемшілігін қоспағанда мәселесін өздігінен тапсырған» деп «кеңшілік» жариялады да, орнында қалтырды. Мені арқамнан қағып, жеке сыбырлады сонсоң: «жарайсың, жақсы ұстадың! Бірақ, енді көзіңнен таса етпе!... Ал, өзің мен туралы күмәннан тазарған шығарсың? -дегенде мұрны жыбырлай жөнелді.

- Қайсы күмән?... Әлгі қылмыс жөніндегі ұғымдарыңызға қарсылығымды айтасыз ба?... Ол, күмән ғана емес, көзқарас қарсылығы ғой. Бірақ, оны сіз тактика үшін ғана деп түсіндіргендіктен қоя салдым ғой. Шындықта «қылмыс» деген - қылмыс, күнә!... Ол жиренішті. Адамзатты оған мүлде кешірім етпеуге шақыру ғана дұрыс!...

- Сен, Биғабили жолдас... табиғи, өте қарапайым төңкерісші, мынау дұрыс, мынау қате дегендей ғана қатып қалған шыншылдықпен жеңіске жету мүмкін емес. Әлі ойланыңыз! Күресте тактика бірінші орында тұруы қажет! Мәселен, осы Мәтқары осы тактика болмаса жасырынып қала берер еді.

- Бұл кері төңкерісшінің Ақсудан ашылып шығуында сөз жоқ еді, -деп мен өктедім. - Жерлік халықты, бұдан зиянкестік көргендерді былай қойғанда, куәгерлік еткен осы адамдар мен қолға алынып отырған шпион жесірі-ақ ашып тастар еді. Ал, бастыққа ақсақалсыды деп айыпқа бұйырмаңыз. «Жолдас» деген сөзде үлкен кішілік жоқ шығар, солай емеспе?... Сіздің «тактика» деген түсініктеріңізге менің таласым бар. Сыпыра алдауды тактика дей көрмеңіз. Мұнымен бір ғана алдадық. Екінші рет алдай алмаймыз. Партияның стажды кадры деген алтын басыңызға алдамшы деген атауды қостырмауыңыз қажет. Мұны тактика деп қолданып, ұлы партиямыздың абыройына кір жақсақ, халық алдындағы сенімнен айырсақ бұдан жиренішті оппортонизм болмақ емес. Бүгінгі «төңкерістік жеңіс» дегендеріміз ертең өтірікке шығып жатса, сол коммунизм болмақ па! Алдампаз, өтірікші суайттарда не қасиет, нендей бедел болмақ! Ал, «қылмыс өткізуден жиренбе» дей берсеңіз, халық жұртшылығына қандай тәрбие болмақ, нендей нәтиже шықпақ? Әсіресе осыны тереңірек ойлап көруіміз қажет!...

Бұл кеңесіме шытынып суынып келе жатқан бастығым «алтын басыңыз» деген сөзімнен жылу тауып, сәл жұмсара тыңдады. Өзімнің ханзу тіліне аударылған Күлән туралы ақтау қағазымды осы сәтте ұсындым.

- Міне, мына адамды өзіңіз айырым тексеріп көріңізші!...

Міндеттелген группамдағы «тарих» Мәтқарыдан соң тағы да 10 шақты түн шала ұйықтағанымызда әрең тапсырылып болды. «Тапсырылып болды» деуге де болмайды-ау, «кері төңкерісші» деп танысқандарымыз-ыңғай қанаушы-алдамшылар мен әйел жендеттері болып қала берді де, «белсенді» деп қатарға алғандарымыздан үшеуі саяси қылмыскерге айланып, кері төңкерісші қатарына шықты. Нюханбеңнің бұларды алдымен белсенді қатарына тартуы да «тактика үшін» екен. Кері төңкерісшілердің қалымысын айқындап, мойындатудағы менің еңбегіме қатты сүйінгендіктен, кейінірек «тактикасының» бұл сырын да айтып берді.

Өзімен бірге мені де ала жығылуға тырысқандай, Мәтқары әлі де орынбасарлық сипатымен менің «тарих» тапсыруымды үш-төрт рет талап етіп еді. Менен бұл жолы Әлиядан басқа «тарих» тапсырып ала алмайтындығын білген Нютуанжаң сол жауабынан айнымай қойды. «Ол айырым тапсырып жатыр, әлі де үздіксіз тапсырады» деп тойтарып тастады. "Әлі де үздіксіз тапсырыңыздар, тазаруға үздіксіз тырысыңыздар!" -деген суық сөзін туанжаң саяси қылмыс таба алмағандарының бәріне соңғы жиында бірақ жариялап қайтарып еді. Төсенішті қолтығыма қысып, есіктен шыға бергенімде, Күлән қуып жетіп, бірге шықты.

- Ақтаушым, сізге де осыны айтты ма? -деп күле сұрады.

- Әрине, үш-төрт рет айтты.

- Олай болса, менің өкпелеуім қате екен! -деп тағы күлді. Алдыңғы күні бір күн өзі тергеді мені. Алдына жайғаны сенің ақтау қағазың екенін сезгенім бойынша жылай отырып, бар көргенімді жасырмай бір-ақ төгіп едім. Сенің қағазыңды менің сөзіммен салыстыра зерттегендей кезек иіскелеп отырып, шұлғи беруінен ақталған-ақ шығармын деп қатты үміттеніп қалыппын. Қортынды ретінде «әлі де үздіксіз ойлан!» демесі барма! Ыршып түрегеліппін. Қайта отырғызып алып такрарлап, осы қортындысының дұрыстығын жарты сағат дәріптеді. Сендіруге қаншалық тырысқандығын, езуіне бармақтай көбік үйіп қалуынан көріп, күліп жібердім. «Сіздің көнешілдігіңіз, әрқандай шұбатылған бұрымдарыңыздан да көрініп тұрмай ма, көбірек ойланыңыз!» деп қайтарды.

- Қара! -деген Асылқанның нұсқаған жағына жалт қарадық. Шпиондық қылмыс шыққандарды түгел тізіп, сақшылар айдап барады екен. Ең алдында кешірім етіледі деген ұп-ұзын орынбасарым. Қолдары түп-түгел байланыпты. (туанжаңымның бұл кешірімі де «тактика» болғаны ғой!)

- Қарамаңдар, қарамаңдар! -деп тосты алдымызды Нютуанжаң. Оларға тура қарай алатын бет қалды ма, торға алданбай түскені жоқ.

 

Әділетті тергеушім, дүние жемқорларының ешқайсысының есіне түсе қоймаған заманда-ақ қылмыс жидашыларын шығарып, қылмыс-қылмыс деп қылқыңдатып едіңіз. Қылмыстан тәтті зат жоқ екенін сонда-ақ біле қойыпсыз-ау. (тәтті у ғой ол). «Қылмыс істеу жиренішті емес» деп әлемде 1-ші болып міңгірлеген сіз едіңіз, іле-шала тамағыңызды кенеп алдыңыз да, «қылмыс істеу жиренішті емес, компартияға тапсырмау жиренішті» деп жар салған тағы да сіз. Сөйтіп, жиып алып қоғамдастырып, қылмыс социялизмін құра қойдыңыз.

«Келешегің нұрлы» деп жағың сенбей ендігі ұрандатып жатқаныңыз, әрине, қылмыс коммунизмін құру ғой. Ал, қылмыс коммунизмі дегеніңіз - жер шарын мүңкітіп, бүкіл әлем дәретханасына айналдыру емес пе! Жұңхуаның келешегі нұрлы болмай, кімнің келешегі нұрлы болмақ! Ішінде әлбаттасы бар имандай сеніміміз осы!

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»



[1] Туанжаң (ханзуша) - полк құманданы.

[2] Шақшақ (ұйғырша) - қалжыңшыл, нақ мағынасы қалжың.

[3] Дең - қонаққа майланатын қоралы үй. Жеке меншіктегі қонақ үй.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1456
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3219
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5273