Дос Көшім. Қазақты қорлау қашан тоқтайды?
Мүмкін, кейбіреулер «ұлшылдар алжи бастаған екен», дер бірақ жүздеген жылдар бойы қалыптасқан түсінік пен сөз мазмұнын психологиялық тұрғыдан қабылдаудан қашып құтыла алмайсың, екінішден, айтылмаса - сөз өледі. Патшалық Ресейдің қол астында, кейін Кеңес заманында орыстан басқаның барылығы «чмо», «чукчі», «калбит», «черный», «носатый» болып жүргенде, өздерін жоғары қойып, басқаларды төмендеткісі келетіндер, даланың тұрғындарын - малға теңейтін. Сендер де далада жайылып жүрген малмен теңсіңдер дегендері болар. Әрине, малдың да малы бар. Секектеп жүретін ешкі мен ең жуас мал - қойдың да өзіндік ерекшеліктер бар. Ал ұлтты мазаққа айналдырып, қорлау үшін олардың құрметтейтін малын қорлау керек болды. Сондықтан болуы керек, қазақты қорлаудың бір жолы - оны қоймен, қазақ сияқты ең жуас, айтқанға көніп, айдағанға жүретін малдың түрімен, теңестіру болды. «У-у бараны!» деген кіжініс, қазақ үшін мазақ та, төмендету де, шеттету де, қорлау да болып табылды. Әрине, біздер де қарап қалмаймыз: «орыс, орыс оңбаған, он шошқаға тоймаған» деген сияқты арзан ұйқас арқылы олардың дастархандарынан түспейтін негізгі тағамын, басты малын өздеріне балаймыз. Бұны біреулер «тұрмыстық шовинизм» деп, көңіл бөлмеуге шақырса, енді біреулер «ұлтшылдықтың нақты көрінісі» есебінде қабылдап, сотқа беруге дайын тұрады.
Мүмкін, кейбіреулер «ұлшылдар алжи бастаған екен», дер бірақ жүздеген жылдар бойы қалыптасқан түсінік пен сөз мазмұнын психологиялық тұрғыдан қабылдаудан қашып құтыла алмайсың, екінішден, айтылмаса - сөз өледі. Патшалық Ресейдің қол астында, кейін Кеңес заманында орыстан басқаның барылығы «чмо», «чукчі», «калбит», «черный», «носатый» болып жүргенде, өздерін жоғары қойып, басқаларды төмендеткісі келетіндер, даланың тұрғындарын - малға теңейтін. Сендер де далада жайылып жүрген малмен теңсіңдер дегендері болар. Әрине, малдың да малы бар. Секектеп жүретін ешкі мен ең жуас мал - қойдың да өзіндік ерекшеліктер бар. Ал ұлтты мазаққа айналдырып, қорлау үшін олардың құрметтейтін малын қорлау керек болды. Сондықтан болуы керек, қазақты қорлаудың бір жолы - оны қоймен, қазақ сияқты ең жуас, айтқанға көніп, айдағанға жүретін малдың түрімен, теңестіру болды. «У-у бараны!» деген кіжініс, қазақ үшін мазақ та, төмендету де, шеттету де, қорлау да болып табылды. Әрине, біздер де қарап қалмаймыз: «орыс, орыс оңбаған, он шошқаға тоймаған» деген сияқты арзан ұйқас арқылы олардың дастархандарынан түспейтін негізгі тағамын, басты малын өздеріне балаймыз. Бұны біреулер «тұрмыстық шовинизм» деп, көңіл бөлмеуге шақырса, енді біреулер «ұлтшылдықтың нақты көрінісі» есебінде қабылдап, сотқа беруге дайын тұрады. Әңгіме онда емес, әңгіме бір бірімізді малға теңегенімізде де емес, әңгіме - сол тілсіз малдардың, шын мәнісінде сол халыққа балама болатындығында болып отыр. Ашуымызды қоздырып, намысымызды оятатын да осы фактор шығар.
Қазақ ұлты тәуелсіздігін алып, басқалармен тең екендігін сезінген уақытта, екінші жақ - «аға ұлт» болып қалған, ұлыдержавалық шовинистік көзқарастан әлі де арыла алмай жүрген кейбір іштар жандардың аузы байлана бастады. Енді тікелей «бараны!» деп айқайлай алмайсың, сондықтан «біз сендерді адам қылып едік», «сендерге мәдениет алып келген ұлы орыс халқы», «оқу мен білімді бізден үйренгенсіңдер» деген сияқты пікірлер айтыла бастады. Оның көлеңкесінде, сөз жоқ, «сендер біз болмасаңдар, мәдениет пен білімнен жұрдай, мал сияқты (қой сияқты!) далада жайылып жүрер едіңдер» деген ой жатты. Әлі есімде, 80-жылдардың басында, Қызылордадан қыдырып келген анамның бір күні дүкеннен түтігіп қайтқаны. Менің сұрағыма анам: «Әй, балам, дүкенде менің айтқан қазақшама орыс тілінде «малдың тілімен емес, адамша сөйлеңіз» деп жауап та бермеді. Ана тіліңді қорлатып, қалай шыдап жүрсіңдер!» дегені бар. Екінші мысал: Желтоқсан көтерілісі кезінде Айнабұлақ жақтан орталық алаңға бет алып бара жатқан бір топ қазаққа, машинада өтіп бара жатқан екі орыс жігіті терезеден: «Бараны» деп айқайлапты. Қаны қарайған қазақтар машинаға тұра жүгіргенде, жүргізушілер (бұл поштаның машинасы болып шықты, оның жүргізушілері қарулы екен) наганмен бір қазақ жігітін атып құлатыпты. Желтоқсан көтерілісінен соң аудармашы ретінде осы істің тергелуіне куә болдым. Жалғыз ауыз сөз бір адамның өмірін қиып кете жаздапты.
Іштерінің қыжылын қалай басарын білмей, қазақтың, қазақ тілінің де өздерімен, орыс тілімен тең дәрежеде екендіктерін мойындағысы келмей жүрген жандардың байбаламдары мен іс-әрекеттерін жиырма жыл бойы көріп келеміз, көтеріп келеміз. «Алматы» аты қайтарылып еді, көшеде «Верный», «Алма-Ата» деген дүкендер мен асханалар толып кетті. Орыстың аты жетпеген жерлерге ағылшын, италия, қытайдың атаулары қойылды. Әйтеуір жандалбаса бір қарсылық! Әрбір сөзді, әрбір ұғымды қазаққа қарсы қою немесе мазаққа айналдыру әрекеті... Жақында КТК арнасы «Бешбармақ» деген хабар бастапты дегенді естідік. Қазақ халқы ешқашан «бешбармақ» деген асты білмеген. Құрметті қонағына ет асып берген. Оны қолымен жеп отырған (ең таза халық болғанымыздан шығар) аталарымызды жабайы көрсету мақсатымен «беш бармақ» деген мазақ атауды да отаршылдардың шығарғаны даусыз. Кейбіреулеріміз осы мазақ атауды құдайдай көріп, ас мәзіріне жазып та қоямыз. (Атауда тұрған не бар деп қабақтарыңды шытпаңдар, кезінде біздің ұлтымыздың атын да сан бүрмалап «қырғыз», «қайсақ» деп жүз құбылтқанын есімізден шығармайық). Ұйқыдағы қазақтың ұлттық намысын көтеруге бағытталған бұндай әрекеттер соңғы уақытта заңдылыққа айналған сияқты.
Енді менің күйіп-пісуімнің негізгі себебіне келейік. Алматыда жүргіншілердің көшені белгіленбеген жерден кесіп өтуін тоқтауға бағытталған арнайы плакаттар жасалынып, ілініліп жатыр деген ақпарат естідім. Сол плакатқа көшеден өтіп бара жатқан (белгіленбеген жерден болуы керек) қоңыр қозының не жуас тоқтының суреті салынған дейді. Қысқасы, белгіленбеген жерден өтсең, сен нағыз «барансың!». Мен қала әкімі Ахметжан ағамыздың қателігіне қайран қаламын. Ауылшаруашылығы министрі болған, малдың қасиетін бір адамдай біледі, қазақ десең - қазақ, ақсақалдығы тағы бар. Сан рет қойдың басына алдына қойып, бата берген де болар. Серік Сейдуманов (менің көптен бергі танысым, «сіз», «біздігіміз» бар жігіт) қателесіп кетсе, кешірімді, оның ауылшаруашылығына ешқандай қатысы жоқ, ономастика ғылымын ғана біршама меңгерген азамат... Ал Ахметжан ағамыздың қойды қорлатуға жол бергені маған мүлдем түсініксіз. Біріншіден, ең қасиетті мал болғандықтан, құрбандыққа да қойды соямыз. Екіншіден, ең бір момын малды ең бір тәртіпсіз, бейбастақ мінез көрсететін мәселеге мысал қылу - өмір шындығына да сай келмейді (Құдайдан қорқайық та!). Әрі итерсең, кері кететін есек не болмаса адам жүрмейтін жерде жайылатын, айдасаң жан-жаққа қашатын ешкі малы болса бір сәрі... Көшені жөнсіз жерден кесіп өтемін деп қырылып жатқан қойларды көрсем көзім шықсын. Жол бермей тұрып алудан сиырдан асқан мал жоқ, ал машинаның астына түсуден иттер бірінші орынды ешкімге бермейді. Бұл жерге қойдың қандай қатысы бар? Мүмкін орыс пен қазақтың арасына от салмай, басқа құрлықтың жануары - кенгуруды суретке қоярмыз. Статистика бойынша дөңгелектің астына көп түсетін де солар дейді. Мен бұл жерде шошқаның суретін ұсынып, дауды асқынтып алғым келмейді, бірақ шошқаның қасында қойдың тәртібінің «бес» екедігін министрден бастап, әрбір қазақ баласы біледі. Ең қызығы, қазақшасында «мал» деген сөз қолданылған да, орысшасында малдың бәрі «баранға» айналыпты. Осының өзі қойдың мінезімен плакаттағы суреттің үйлеспейтіндігінің айғағы емес пе? Айтппақшы бұл плакатты бірінші болып, Ресейліктер қолдапты деген сөз бар. Әрине, қолдайды! Аспаннан іздегені жерден табылып, өзіңнің сөзіңді біреулер сөйлесе, миығыңнан күліп отыра берерсің.
Дос Көшім,
«Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы
«Абай-ақпарат»