Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 7630 7 пікір 23 Қараша, 2021 сағат 18:24

Үкіметті кім басқарады?

Бүгін «Nur Otan» төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партияның кеңейтілген жиынын өткізіп жатыр. Жиын барысында партия басшылығының тізгінін ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсыратынын мәлімдеген.

«Tengrinews» агенттігіне берген сұхбатында экс-президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Назарбаевтың бүгінгі шешімі «билік транзитінің заңды жалғасы», деп пікір білдірген.

«Партия жарғысына сәйкес, оның төрағасын сайлау және қызметтен босату «Nur Otan» партиясы съезінің айрықша құзыретіне жатады. Оған дейін Нұрсұлтан Назарбаев партия төрағасы болып қала береді», - депті Айдос Үкібай.

Ал саясатшылар партиядағы бүгінгі өргерістерден кейін билікте біраз ауыс-түйістер болатынын болжап отыр. Бүгін-ертең партия төрағасы ауысқан соң, оның бірінші орынбасары да ауысуы мүмкін екенін айтады. Қазір биліктегі доминант партия саналатын «Nur Otan-ның» бірінші орынбасары 47 жастағы Бауыржан Байбек.

Бауыржан Қадырғалиұлы Байбек саяси қызмет жолын Германиядағы Қазақстан елшілігінде рефрент, атташе болып бастаған. Екі жоғары білімі бар. Бірі – музыкалық педагог болса, екіншісі – экономист.

Президент әкімшілігінде әртүрлі қызметтер атқарған. Президент протоколында қызмет еткен. 2013-2015 жылдар аралығында «Nur Otan-ның» бірінші орынбасары болған. 2015-2019 жылдар аралығында Алматы қаласын басқарды. 2019 жылдың 29 маусымында партия басшылығына қайта ауысты.

Саясаткерлердің пікірінше, Бауыржан Байбек жуық арада вице-премьер атанып қалуы да ғажап емес.

Ал көптен бері ел-жұрттың нөпір сынына ұшырап жүрген Асқар Мамин орнын босатып, «Бәйтерек» холдингін басқаруға, оның орнына соңғы кездері елішілік БАҚ-та жиі аталып жүрген Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев келуі мүмкін-мыс.

Асқар Мамин қазір 56 жаста. 2019 жылдың 25 ақпанында тағайындалды. Артынша президент сайлауы өтіп, билік тізгіні Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа өткен сәтте де, Үкіметті Мамин басқарып қала берді. Мамин Үкіметі үнемі қиындықтар мен келеңсіздіктерге тап болды. Өтірік есеп пен көзалдаушылық жасауға әбден машықтанған Мамин Үкіметінің сансыз олқылықтарының аз бөлігін әлгінде ғана егжей-тегжейлі жаздық.

Оның орнына Үкімет басқаруы мүмкін деген Өмірзақ Шөкеев те оңдырып тұрған үміткер емес. Күні кеше ғана Өмірзақ Шөкеевтің көп өтірігін ҚР Есеп комитеті әшкерелеп, оның Түркістан облысы әкімі ретіндегі жұмысына «2» деген баға қойған.

Өмірзақ Шөкеев 2019 жылдың ақпанынан бері Түркістан облысының әкімі болып жүр. Жасы 57-де. Әлгінде ғана оның облыс әкімі қызметіндегі айлық жалақысы 1 миллион 900 мың теңгені құрайтынын әкімдік ресми жариялады. Бұл ақпарат қоғамның наразылығын тудырды.

Өмкең де көп қызметтен өткен адам. Президент әкімшілігінде, Үкіметте, облыс әкімдіктерінде түрлі қызметтер атқарған. 3 мәрте министр, 5 мәрте Премьер-министрдің орынбасары болған. Қостанай облысы, бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, Астана қаласында әкім болған.

ҚР Үкімет басшылығына тағы бір үміткер – Әлихан Смаиылов. Жасы 48-де. 2019 жылдың ақпанынан бері ҚР Үкімет басшысының бірінші орынбасары болып жүр. Президент әкімшілігінен өткен. Статистика агенттігін басқарған. Сыртқы істер министрлігінде, Қаржы министрлігінде орынбасар қызметтерін істеген. Мемлекеттік холдингтерде басшлық қызметтер жасаған. Президент көмекшісі, Қаржы министрі қызметтерін атқарған.

Биыл осыған дейін билікте болған ауыс-түйістерге көз жүгіртсек, бірінші орынбасар лауазымындағы Әлихан Смаиловтың Үкімет тізгіндеуге жолы ашылық-ақ тұр деп болжауға болады. Өйткені бұған дейінгі болған аз-кем ауыс-түйістерде вице-министр болған азаматтар министр атанып жатты.

Мысалы, биыл лауазым ауыстырған бір министр – Ербол Қарашөкеев еді. Ол 2021 жылдың 1 қыркүйегіне дейін ҚР Ауыл шаруашылық вице-министр лауазымында жүріп, 1 қыркүйекте министр атанды.

ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой да 2020 жылы сол кездегі ДСМ вице-министрлігіне тағайындалып, айналасы үш күннің ішінде министр лауазымын иемденген.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрі Серік Шәпкенов те 2020 жылы вице-министр қызметіне тағайындалған. Ал 2021 жылдың 18 қаңтарында аталған министрлік басшылығына ауысты.

2019 жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігін басқаруға кіріскен Ақтоты Райымқұлова да, 2016-2019 жылдар аралығында аталған министрлік вице-министрі болып жүрген.

Сол секілді 2020 жылы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі болып жүрген Серікқали Брекешев орынбасарлықтан министр дәрежесіне ауысқан адам.

Сол есепке жүгінсек, бүгін Үкімет басшысының бірінші орынбасары болып отырған Әлихан Смаилов та ертең Маминнің орнын басуы ғажап емес.

Онан соң, саясатшылар Үкіметпен бірге бірлі-жарым әкімдердің де қызмет ауыстыруы мүмкін екенін болжайды.

Әкімдер ішінен зейнеткер Даниал Ахметов пен Амандық Баталов бірінші болып кетуі мүмкін-мыс.

Даниал Ахметов қазір 67 жаста. 2014 жылдан бері Шығыс Қазақстан облысын басқарып келеді.

Ал Амандық Баталов 68-де. Ол да 2014 жылдан бері Алматы облысын басқарып келеді.

Бұл екі әкімге де кезіндегі президент Нұрсұлтан Назарбаев арнайы қаулы шығарып, зейнет жасына жетсе де, қызметтерін жалғастыруға мүмкіндік жасаған.

Саясаткер Ербол Еділов, өзінің Telegram арнасында Амандық Баталовтың ертең қызметтен кететінін, оның орнына облысты басқаруға Қанат Бозымбаев пен Бейбіт Атамқұловтың біреуі келетінін айтыпты.

Сонымен, ертең Ақорда жақтан жаңалық күтетініміз анық. Қалай десекте, жаңа өзгерістер болмасы анық. Өзгеріс дегеніміз баяғыдан келе жатқан ескі кадрлардың кезекті орнын ауыстыруы.

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5379