Түркімен тілін түзетті, қазақ ше?
Орталық Азия мемлекеттерінде орыс тіліне қатысты түрлі шешімдер қабылдануда. Қазақстан мен Қырғызстанда орыс тілінің үстемдігі жоғары болса, Өзбекстан соңғы екі жылда ұстаздардың орыс тіліне қатысты білімін тереңдету үшін Ресеймен бірлескен жобаны жасауда. Ресейге еңбек мигранты ретінде жұмыс істеуге баратын Өзбекстан мен Тәжікстан азаматтары да бұл бағдарламаларды қажеттілік ретінде қабылдайды. Бірақ Түркіменстанда аталмыш тенденциялар байқалмайды.
Түркіменстан өткен аптада орыс тіліне тікелей қатысы бар жаңа заң қабылдады. Ендігі таңда түркімен пошташылары орыс тілінде мекен-жайы жазылған хаттарды жеткізбейді. Бұл «Пошталық байланыстар туралы» атты жаңа заңда жазылған.
Заңның 26 бабында былай деп жазылған: «Пошта арқылы хат жіберуші мен хатты қабылдаушының мекен-жайы Түркіменстан аумағында мемлекеттік тілде жазылуы тиіс, ал шетелге жіберу кезінде жеткізілетін елдің тілі немесе Халықаралық пошта одағының талабына сай рәсімделуі қажет». Сонымен қатар заңда пошта ішіндегі қажетті мәліметтер, байланыс және мекен-жай үлгілері мемлекеттік тілде жазылатыны айтылған.
Бұған дейінгі Түркіменстанда пошта қызметін қолдануда нақты бір тілді жазу міндетті болмайтын. 2010 жылы шыққан «Байланыс туралы» заңның аясында реттеліп отырды, оған дейін 1996 жылғы заңға сәйкес пошталық байланыстар жасалды. Бірақ онда тілге қатысты айтылмағандықтан тұрғындар өздеріне ыңғайлы тілді қолданатын. КСРО кезеңінде өмірге келген жандар мен орыстілді тұрғындар пошталық байланысты орыс тіліне көп жүгінетін.
Түркіменстанда өзге посткеңестік елдерге қарағанда орыс тілінің статусы заңмен қорғалмайды. Жыл өткен сайын Түркіменстанда орыс тілін қолданушылар саны азаюда. Елде тек қана бір мектеп толық орыстілді және аздаған орыс сыныптары бар мектептер бар. Орталық Азия бойынша орыс тілді мектептер ең аз ел осы Түркіменстан саналады. Түркіменстанда тіпті толық өзбек, қазақ және қырғыз тілді мектептер жоқ, бірақ қазақ пен өзбектің саны ондаған мыңнан асады.
Ағылшын тілін оқыту мәселесі де жақсы деңгейде деуге келмейді. Ағылшын тілін оқытуға күш салуды билік қаламайды, себебі оны билікке қарсы топтардың пайда болуына әсері болады деп санайды. Мектеп оқушылары ағылшын әріптерін біліп шықса сол жеткілікті деп санайтын аймақтар да бар.
Түркіменстан мемлекеттік тілді күшейтуді басты саясаттың бірі еткен, оған сыртқы елдермен тым тығыз байланыс орнатпауы да әсер етуде.
Қазақстан болса керісінше үш тұғырлы тіл саясатын ұстануда. Нәтижесінде соңғы бес жылдықта аралас мектептер саны артқан, сәйкесінше қазақ мектептеріне баратын оқушылар саны үш жылда азая түскен. Ал пошталық байланыстарда көбіне орыс тілі қолданылады, оны билік орыс тілінің ресми тіл статусымен ақтап алуда.
Ка Мырза
Abai.kz