Жұма, 22 Қараша 2024
Бетбұрыс 4956 1 пікір 2 Желтоқсан, 2021 сағат 14:23

Түрік бірлігі

Түрік бірлігінің біртұтастығы мен тіл, әдебиет, дін, тарих және мәдениет саласындағы көкейтесті мәселелер түрік тілдес халықтардың қай-қайсысын да толғандыратыны анық. Қазақ халқының ұлттық көсемі Әлихан Бөкейхан: «Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана» –  десе, ұлт зиялысы Мұстафа Шоқай 1936 жылы Берлин қаласында Түркістан жастарының алдында сөйлеген сөзінде:

«Түркістан жастары, бірлесіңдер! Сендердің бірліктерің, сендердің бір-біріңе күш қосуларың еліміздің бақытына қызмет етпек. Мұны  ұмытпаңдар! Бәріміздің құбыламыз – өзіміздің ата жұртымыз, өлкеміз Түркістан болмақ! Түркістан үшін өлу, Түркістан үшін жан беру – бәрімізге бір мақсат, бір мухәббат, уәзифа болмақ. Мұны ұмытпау керек!...Түрік халқы – батыр халық. Түрік халқы – арыстан, ер халық. «Кімнен таяқ жегендей  Біздің түріктің баласы, Алдырып жүрген дұшпанға Ауызының аласы». Бұл нақыл сөзді ұмытпауымыз керек. Бәріміз бір болсақ, біздің жеңбейтұғын жауымыз болмайды, мақсатымызға жетеміз! Онсыз біздің күніміз жоқ, құрып кетеміз. Құрымасымыз үшін, боспасымыз үшін күшімізді біріктіріп, иін тірестіріп,  бір-бірімізге жәрдем беріп жүруіміз керек. Онсыз біздің күніміз қараң. Мұны ұмытпау керек! Түрік баласы,  ұмытпаңдар, бастарыңдағы бөтен елдің өкіметін шығарып тастауға тырысыңдар!» – деп тебірене сөйлеген  болатын.

Түрік десе жүрегі қан жылаған Мағжан Жұмабаев «Алыстағы бауырыма» деп аталған жырында:

Алыста ауыр азап шеккен бауырым,
Қуарған бəйшешектей кепкен бауырым.
Қамаған қалың жаудың ортасында,
Көл қылып көздің жасын төккен бауырым! – деп туысқан түрік жұртымен бірге қайғырып, мұңына мұңдасып:

Япырмай, айырылдық па қалың топтан,
Шабылып қайтпайтұғын жауған оқтан?
Түріктің жолбарыстай жүрегінен,
Шынымен қорқақ құл боп жаудан бұққан?!
Шарқ ұрып ерікке ұмтылған түрік жаны,
Шынымен, ауырды ма, бітіп халы?!
От сөніп жүректегі, құрыды ма
Қайнаған тамырдағы ата қаны?! – деп бір жағынан торықса, бір жағынан бауырластарының қайратын қайрады, жігерін шыңдады.

Түріктер  қазақ ақынының аталмыш өлеңінің Мұстафа Кемал Ататүрік бас болған ұлттық көтерілістің туы тігіліп, Түркия жерін жатжұрттықтардан босату кезінде жазылғанын жақсы біледі.Ал арада 70 жыл уақыт өткен соң  түрік  шайыры Фейзуллах Будак «Мағжанға  жауап» деп аталған өлеңін жазды.

Қазақ режиссері Марат Қоңыров түсірген «Мағжан» деректі фильмінің тұсаукесері Түркияның Стамбул қаласында өтуі және түрік ағайындардың қызығушылығын туғызғаны да осы өлеңге байланысты.

Мағжанның: «Түркістан – екі дүние есігі ғой, Түркістан – ер түріктің бесігі ғой. Тамаша Түркістандай жерде туған, Түріктің Тәңір берген несібі ғой» – деген тамаша жолдары бүкіл түрік жұртының ұранына айналды.

Мұстафа Кемал Ататүрік  Ислам дінін халыққа таратуға көп үлес қосты. Оның тапсырысы бойынша муфти Мұхаммед Хамди Құранды түрік тіліне аударған. Бұхаридің хадистер жинағын  да Ататүрік   осы ғалымға аудартып, кітапты шығару үшін өз қалтасынан қаражат  берген. Ататүріктің  1927 жылы Парламент мінбесінен: «Біздің көршіміз Кеңестер одағы күндердің күні құлайды. Бірақ ол жерде біздің ағайындарымыз, қандас бауырларымыз бар. Біз солармен байланысты үзбеуіміз керек. Біз соған дайын болуымыз керек. Тіл деген бір көпір, тарих бір көпір, мәдениет деген көпір, осы көпірлерді құлатпауымыз керек. Сол бауырларымызбен біз өте жақын қарым-қатынаста болуымыз керек» – деп айтқаны оның бауырлас халықтар келешегіне деген берік сенімін  көрсетсе керек.

Ататүріктің: «Ұлттық сезім мен тіл арасындағы байланыс өте күшті. Тілдің ұлттық деңгейде және бай болуы – ұлттық сезімнің дамуына әсер ететін басты құбылыс. Түрік тілі – ең бай тілдердің бірі. Оның тек саналы түрде қолданылғаны ләзім. Елін, мәртебелі тәуелсіздігін қорғай білген түрік ұлты тілін де шет тілдердің мойынтұрығынан құтқаруға тиіс» деген әйгілі пікірі де түрік тілдес халықтарды біріктіретін мазмұнға ие..

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан түріктілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VIII саммиті Стамбул қаласының оңтүстік-шығысында Мәрмәр теңізінде орналасқан Демократия және бостандық аралында өткені белгілі. Түріктілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесіне Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан мүше болса, бұл бас қосуға бақылаушы елдердің басшылары Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов пен Венгрияның премьер-министрі Виктор Орбан қатысқан болатын.

Бір жағында аюдай ақыран Ресей,  бір жағында айдаһардай айбат шеккен Қытай тұрғанда Қазақ елінің болашағы түріктілдес елдермен байланысты екенін аңғару қиын емес.

Осыған орай Түркияда өткен түріктілдес халықтар ақындарының халықаралық фестивалі қаламгерлер бірлігін көздейтін, тамыры бір халықтар ынтымағын дамытуға арналған іс-шара екенін айту керек. Осындай іргелі жиынға шақырту алған соң Түркия еліне сапар шектік.

Сапардың алғашқы күні Түркия астанасы Анкарада өтті. Мұндағы Ататүрік музейі көпшіліктің ағылып келіп жататын киелі жері екен. Көкке желбіреген түрік туы, алаңдағы салтанатты қарауыл еркше сезімге бөлейді. Келіп жатқан халық санында есеп жоқ. Ат шаптырым жерді алып жатқан музей залдарындағы экспонаттар тарихтан сыр шертеді.

Күні бойы түрік астанасын аралап, сәулеттті ғимараттары мен саябақтарын тамашалаған соң Адана қаласына аттандық. Автобуста әзербайжан, өзбек және қырғыз әндері шырқалды. Поэзия фестиваліне Түркіменстан, Ирак пен Сириядан да қонақтар келіпті. Тек Ресей жеріндегі бауырлас башқұрт, татар ақындары пандемияға байланысты бөгеліп қалса керек.

Аданадағы мәдениет сарайларында өткен кездесулерде алуан тілде жырлар оқылды. Әзербайжан бауырлардың шайырларынің көпшілігі Қарабақ  пен Шуша туралы өлеңдерін оқығанда, жиналған жұрт қатты толқыды. Шынында да олар өткен қысталаң кезең, ақыры жеңіске жетуі ақындардың патриоттық жырларынан мен мұндалап тұрды. «Топырағыңа жаным құрбан, Әзербайжан!» деген жолдар көкейде жатталып қалды.

Түрік ақыны Халисе Текбаш және әзербайжан шайыры Ильгар Тюркоглы үнемі жанымыздан табылып, түсінбеген сөздерімізді аударып беріп жүрді. Өзбек ақыны Өткірбек Мұхамбетовтың мамандығы журналист, тағы бір өзбек ақыны Толкын Хайит Ташкенттегі Әмір Темір музейінің директоры болса, қырғыз ақыны  Момынқұлов Қойшыман Бішкектегі Қырғызтанның Кітап палатасының директоры екен. Олармен емін-еркін тілдесіп, қауқылдасып қалдық.

Адана қаласы Жерорта теңізі жағалауында орналасқан, тұрғыны екі миллионнан асатын қала. Оның жанындағы Чукурова ойпатында мақта, бидай, арпа, жүзім, цитрус, зәйтүн, темекі өседі.

Жейхан өзенінің бойында Баку — Тбилиси — Жейханға дейін мұнай құбыры тартылған. Сейхун өзенінде Су электр стансасы бар.Қазіргі уақытта химия, тоқыма және тамақ өнеркәсібі бар қала қарқынды дамып келеді.

Түркия жері бүгінде
Түріктің алтын бесігі.
Шақырып терең ілімге,
Ашып тұр көпке есігін.
Өнеге болған өзгеге
Кешегі қиын күндерде
Келгені қазақ көшінің,
Құптаймыз біздер бәріміз
Сөйлейтін түрік тілінде
Бауырластардың шешімін.
Қадірлеп өткен ұрпағы
Ататүріктің есімін.
Күллі әлемді жаулайды
Қыпшақтардың жосығы.
Қазақтардан аумайды
Ер Тұғырыл рәсімі.
Қалай есте қалмайды
«Қазақ елі – Атажұрт,
Анажұртым  – Түркия!» –
Деп толғанып сөйлеген
Тұрғыт Өзалдың кесімі,
Естіледі жағымды
Елжіреген дос үні.
Ердоған айтқан сөздің де
Салмағы қандай сесінің.
Дұшпаны кіріп кетпей ме
Бар болса жердің тесігі.
Менсінбей жүрген ел болса,
Сұрауы керек кешірім.
Жеткізсем деп ем сәлемін
Алыста жатқан досының,
Ағайын жұртын тең көрген,
Бөлістім сырды сендермен,
Болар деп дұрыс осыным.

Бұл жыр Аданада оқылды. Келесі күні сапарымыз Козанда жалғасты. Козан шаһары жүзім баулары, кипарис, апельсин, лимон, інжір ағаштары қоршаған шағын қала. Бұл қала орта ғасырларда Сис деп аталған екен.Ол Кіші Арменияның астанасы болған. 1266 жылы аты аңызға айналған жерлесіміз Бейбарыс сұлтан оларға елші жіберіп, шекаралық аймақтағы кезінде моңғолдардың көмегімен  басып алған бірнеше бекіністі қайтаруы сұрайды. Бұл ұсыныс қабылданбағаннан кейін армян әскерінің қолбасшылары Левон және Торос бастаған қалың қолды мамлюктер быт-шыт қылып женеді, Левон қаза тауып, Торос тұтқынға түседі.  Аталған мекен кейін Осман империясының қол астына өтеді.

Қалада өткен кездесуде маған тағы да сөз берілді. Түркия президенті болған Тұрғыт Өзалдың  аталы сөзін есіме алдым. Осы жерде түрік туымен қатар қазақ  қырғыз, әзербайжан, өзбек және түркімен тулары желбіреді.

Туыстықты қалаймыз,
Санды бірдей санаймыз.
Тілдескенде түсінбей,
Бетімізге қараймыз.
Бір еді ғой тамырым,
Көрдік жаудың жәбірін.
Тез ұмыттық қалайша
Бауырластың қадірін.
Бірдей болды дініміз,
Ұқсас болды тіліміз.
Зеңгір көкке қаз-қатар
Көтерілсін туымыз.
Жайқалғанда қыр гүлі,
Елге болсақ үлгілі,
Ынтымағым нығайсын,
Жаса, Түрік бірлігі!

Қазақ елінен қатысқан ақын жалғыз мен ғана екенмін. Бірнеше ақын шақырту алса да келе алмапты. Кеудеме «Тұран бірлігі» деген медаль тағылғанда мақтаныш сезімі көкірегімді кернеді. Ел мен елді, жер мен жерді жақындастыратын осындай бас қосулар екен. Осы туралы Түркия мемлекеттік ұлттық арнасының тілшілеріне сұхбат бергенде де айтып өттім.

Қарасайлы ауданында болғанымызда ондағы биік таулар арқылы өтетін теміржол мен көпір, табиғи үңгір көпшілікті таң қалдырды.

Түріктің  ұлы  ақындарының бірі, сопылық поэзияның белді өкілі Жүніс Әмірені біз Қожа Ахмет Яссауидің ізбасары, рухани мұрасын жалғастырушы есебінде танимыз. Оның қайырым мен сауап, жақсылық пен сабыр туралы жырлары кім-кімді де бей-жай қалдырмайды. Ақынның: «Бет-пердеңді ысырсаң, Қайран,  Жүніс  – күнәң көп, Шын сыйынсаң Бір Алла кешіреді – күмән жоқ!»  (аударған Алмат Исәділ) дегені де риясыз шындық емес пе?!

Ақындардың жырлары сезім қылын шертеді, жүрек сырын ақтарады.Түрік шайыры Неджат Жұмалы: «Мен бүгін қапалымын.Ағара ма қарайған ала көңіл? Өзгеше ертең, бірақ, болады өмір» – деген болса, Зия Көкалып: «Мешіт – біздің қазармамыз, Шатыр – біздің дулығамыз. Мұнаралар – көк найзамыз, Құлшылықты құп аламыз» – деп ағынан ақтарылса, осы заманда өмір сүріп отырған Әли Аббас Шынар «Қазақстан» деп аталатын жырында:

Мың жылдық сағыныш, мың жылдық махаббат,
Жол түсіп жеріңе  келдім мен, Қазақстан!
Шет елде емеспін, уайым жемеспін,
Атамның шыққан жері сен, Қазақстан!
Әли Аббастың айтылып ең ізгі тілегі,
Махаббат деп қана соғады жүрегі.
Ауыр сөз ешқашан келмейді тіліме,
Түркиямен бірге  мың жаса, Қазақстан! – деп екі елдің татулығы мен бірлігін жырға қосады. (бұл өлеңдердің барлығын аударған Ақылбек Шаяхмет).

Гүржістанда тұратын түрік  шайыры Осман Ахметоғлы «Арқамда – Хазар, алдымда – дағылар (таулар)» – десе, оның бұл сөздерінен кең далада алшаң басқан, ат құлағында ойнаған, арқасын тауға тіреп, қастасқан жауына қарап шіренген жауынгер батыр бабалар рухын сезгендей боламыз.

Түрік   тілдес   халықтардың  музыкалық аспаптарының да шыққан тегі бір екені кейінгі кезде әңгімеге жиі өзек болып жүр. Әл-Фараби көне музыкалық аспаптардың шығу тегін табиғаттағы дыбыстар мен дауыстарға балап, судың ағыны, құмның сусылы, желдің уілі, қамыстың сыбдыры секілді табиғат құбылыстарымен байланыстырады. Ежелгі түрік фольклорлық ескерткіштерінде  аты аталатын кейбір музыкалық аспаптар: сырнай,  жетіген, шаңқобыз, сыбызғы, дабыл, дауылпаз, керней, дутар, т.б. көпеген түрік тілдес халықтарда бар. Кейбірі уақыт өте келе әр халықтың өзіне тән ерекшеліктерге ұшыраған. Олардың арасында ұрмалы, үрмелі, шертпелі аспаптар бар. Осындай түрік аспабының бірінде әзербайжан шайыры Хұсейін Велиев күй шертті.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, түрік тілдес халықтардың тамыры бір, тілдері ұқсас, салт-дәстүрлері сабақтас, сондықтан олардың мақсат-мүддесі де бір арнада тоғысқаны ләзім.

Ақылбек Шаяхмет,

Махмұт Қашқари атындағы түркі әлеміне сіңірген еңбегі үшін халықаралық сыйлықтың, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты. Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы халықаралық әдеби сыйлықтың иегері

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1457
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3224
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5279