Аронның өлімі. Билік: «біз кінәлі емеспіз», - дейді...
26 қараша күні Алматы жұрты ақын, диссидент, «Шаңырақ» оқиғасы кезінде тұтқындалып, 15 жыл темір торда отырып, денсаулығы күрт нашарлаған соң, абақтыдан босатылған Арон Атабекпен қоштасты. Жүздеген адам Арон Атабекті ақтық сапарға шығарып салды.
Арон Егідеев (Атабек) түрмеден шыққан соң бірнеше аптадан соң Алматы қаласындағы ауруханада қайтыс болды. Ол өзіне тағылған айыпты мойындаған жоқ. Керісінше, өзін толықтай ақтап шығуды талап еткен.
Қазақстандық һәм Халықаралық құқық қорғаушылар Арон Атабектің 18 жыл түрмеге кесіліп, оның 15 жылын тар қапас, темір торда өтеуінің саяси себептері барын айтады. Жақтастары оны «билікті өткір сынағаны үшін» түрмеге қамады деп санайды. Билік бұл пікірмен келіспейді. Саяси қудалау барын жоққа шығарады.
Ал ҚР Қылмыстық атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Мейрам Аюбаев Арон Атабектің қазасына қатысты пікір білдіріпті. «Диссиденттің ауыр қазасына биліктің кінәсі жоқ», деп сөйлепті. «Азаттық» радиосы солай деп жазады.
«Арон Едігеев 2019 жылдан бастап барлық медициналық тексеруден бас тартты. Кейінгі кезде арықтай бастағаны байқалды. Жыл басынан бері Ұлттық превентентивті механизм, қоғамдық бақылау комиссиясы өкілдерін, сырттан дәрігерлер шақырдық. Олар да дәрігерге қаралудың маңызды екенін түсіндірді. Туыстарына да айттық. Дәрігерге қаралу, қаралмау кез-келген адамның конституциялық құқығы. Дәрігерге қаралуға зорға келісті. 22 қыркүйекте Павлодар қаласының N1 ауруханасына жатқызылып, диагноздары анықталды (Диагноздары медициналық құпия саналады - М.А). 1 қазанда Павлодар қаласының сот шешімімен жаза мерзімі қысқартылып, босатылды. Сол күні әпкесі келді. Медицина қызметкерімен бірге Алматыдағы үйіне дейін жеткізілді», – депті Мейрам Аюбаев.
Ал «Азаттықтың»: «ҚАЖК өзін Арон Атабектің өліміне жауапты санай ма?», - деген сұрағына: «жауапты санамайды», - деп қысқа қайырыпты.
68 жастағы диссидент, ақын Арон Атабек 24 қарашада Алматы қаласындағы ауруханада көз жұмған. Диссидент «Шаңырақ оқиғасы» бойынша сотталып, 15 жыл түрмеде отырған.
20 қазан күні ақынның қарындасы Рәзия Нутышева Арон Атабектің жағдайы нашарлағанын айтты. Кейін жедел-жәрдем шақыртып, диссидентті жеке клиникаға жатқызған. Арон Атабектің сол уақытта жасанды тыныс аппаратымен дем алып жатқаны айтылды. Кейін оның жан сақтау бөліміне түскені туралы хабарланды. Онан кейін комаға түскені айтылды.
Бұған дейін халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен жергілікті белсенділер оның өліміне билікті кінәлап, түсініктеме беруді талап етті. Халықаралық дәрежеде тергеу жүргізу қажеттігін де алға тартты.
Осыған дейін Abai.kz ақпараттық порталында түрмеде отырған Арон Атабекке араша сұраған Қазақстан және шет ел қаламгерлерінің хаттары мен Арон Атабектің бірнеше мәлімдемелері жарияланған.
«Арон Атабекке араша сұраймыз!» атты Ашық хат ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына жолданған. Үшбі хат авторлары: Ұлықбек Есдәулет, Олжас Сүлейменов, Мұрат Әуезов бастаған бір топ зиялы қауым өкілдері.
Онда:
«Жан азабы өз алдына, түрмедегі қинау мен азаптаудың алуан түрін басынан кешірген Арон Атабектің денсаулығы бірнеше жылдан бері күрт нашарлап кетті. Жасы 70-ке таяған қарттың екі қол мүлдем көтерілмейді, жүректің ишемиялық ауруы қан қысымы, бүйрек-өкпе, буын ауруларына т.б. өміріне қауіп төндіретін, түрме жағдайында емделуге келмейтін кеселдерге душар болды.
«Елім-қазағым!», - деп жанын шүберекке түйген батырымыздан тас зынданда айырылып қалсақ, арымызға сын болары хақ! Ұрпақ алдында ұятты болмайық, Президент мырза!», - деп жазылған еді.
Онан соң Ресейлік құқық қорғаушы ұйымдар - ПЭН-Москва мен «Свободное Слово» ассоциациясы қазақ қаламгерлерінің түрмедегі диссидент ақын Арон Атабекке араша сұраған үндеуін қолдап, оны қамаудан босатуды сұрап, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа қайрылу жасады.
Ал 18 тамыз күні Азаптаулардың алдын алу жөніндегі топ өкілдері Павлодар облысындағы АП-162/1 түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан саяси тұтқын Арон Атабекке барып қайтыпты. Бұл туралы Адам құқықтарын қорғау бюросы хабарлады.
1 қазанда Павлодар қалалық №2 соты Шаңырақ оқиғасы бойынша сотталған Арон Атабектің жазасын денсаулығына байланысты жеңілдету жөнінде өтінішті қанағаттандырғаны, оның бостандыққа шығатыны хабарланды.
21 қазанда Арон Атабектің денсаулығы күрт нашарлап, комаға түскені белгілі болды. Ал 11 қараша күні Арон Атабектің қарындасы диссиденттің әлі реанимацияда, комада жатқанын хабарлаған.
24 қараша күні Арон Атабектің Алматы қаласындағы ауруханада қайтыс болғаны жария болды.
Abai.kz