Сенбі, 23 Қараша 2024
Айқай 6302 8 пікір 6 Желтоқсан, 2021 сағат 13:50

Бахтияны «ұлғайтып», Мұқағалиды «кішірейту»

немесе Тағы да Ұйғыр ауданының атауы туралы...

Құрметті, Алматы облысының су жаңа әкімі Қанат Алдабергенұлы!

Сіздің облысқа әкім болып келуіңіз халықтың ішіндегі арман мен тілекке толы үміт шырағын қайта жақты.

Алматы облысында барша қазақтың, қазақстандықтардың тілегіне айналған, миллиондаған жұрттың талабы саналатын «Ұйғыр ауданының атауын өзгерту» деген түйіні шешілмеген мәселе бар.

Қарадала өңіріндегі түрлі әлеуметтік кикілжіңдердің тууына да осы бір атаудың жанама себеп болып келе жатқаны ақпарат құралдарында аз айтылмады. Әлі де бұл мәселе алдыңыздан неше мәрте шығарына біз кепіл.

Аудандағы мемқызметкерлердің өзара «сен қазақ, мен ұйғыр» деп бөлінуі, жабық, кейде ашық саяси текетірестердің жүруі, идеологиялық жұмыстардың кенжелеп қалуы, аудан тізгінін ұстаған азаматтардың ұйғырды ұлықтап, қазақты шетқақпай жасауы секілді сансыз түйіткілдер болмашы әлеуметтік араздықтың ұлғая ушығуына сеп болып отыр. Мұның бәрінің арифметикалық шешімі ауданның атын өзгертуге ғана келіп тіреледі.

Билік бір этносқа аудан аты арқылы басымдық бермей, ҚР Ата-Заңында көрсетілгендей барша қазақстандықтарға теңдей көзқарастағы саясат жүргізуі керек. Бар қазақстандыққа теңдей саясат жүргізілмеді деуіміздің жай ғана бір себебін айтайын. 1935 жылдардан бері осы ауданды жалғыз қазақ басқарыпты. Неге? Неге саясат бәріне бірдей жүргізілсе, бұл ауданның басшылығына мемлекетті құраушы ұлттың өкілі, яки ұйғырдан басқалары тағайындалмайды? (Мұндай ондаған деректі тізіп алда тағы да жаза түспек ойдамыз).

Қазақстанда 150 этнос тұрады! Не себепті ұйғырға ғана аудан атын беріп, қалғандарын тоқалдан туған баладай шетқақпай жасап отырмыз (басқаларға да берейік)?

Мысал көп. Тоқетерін айтқанда осы өңірде «Қордайдағы қырғын» сияқты оқиға туылып кетпеу үшін де ауданның атын өзгерту керек.

Экс-әкім Амандық Баталов Қарадала өңіріндегі ұлттық сипаттағы проблемаларды шешуге барғанда аудан атауын өзгертуге сөз беріп, ықпал ететінін айтып, артынан сайлауды, санақты, т.б ономастикалық мәселелерді сылтауратып, ақыры уәдесін жұтып, зейнетке кетті.

Қош!

Құрметті, Қанат Алдабергенұлы!

Сізден облыс, қала берді қазақ халқы батыл қадам күтеді. Осы өңірдің тарихи «Қарадала» деген атауын аудан атына берілуіне ықпал етіп, барша қазақтың, қазақстандықтардың ізгі-ниетті батасын алғайсыз!

Түйін:

Тағдыр-тарихтың тепкісімен аз бөлігі 1871 жылы Құлжаны «орысқа сатқан» Қарасұлтанмен ере келіп, қалғаны 1882 жылғы Петербор келісімінен кейін қазақ жеріне қоныс аударған ұйғыр этносына жаулық ойламаймыз!

Сөйте тұра ол тараптан ылғи да протестік көңіл-күй сезіліп тұрады. Мысалы, аудан әкімдігінің алдына қойылғалы отырған мына ескерткіш-тақтаны қарағайсыз. Бұл суреттен ұйғыр ақыны Бахтияны ұлғайтып, Мұқағалиды оның табанына таптатпақ (Бұл ескерткіштің басқа эскизі де бар. Бірақ, мынандай нұсқаның да болуы туыс этностың ниетінің «бұзық» екенін көрсетпей ме?) ойларының да болғанын аңғару қиын емес!

Бұл Бахтия қазақтың Мұқағалиына қарыздар ақын емес пе еді, кеше!

Осы бір протестік жайдың өзі ауданның атауын тез арада өзгерту керектігін көзге шұқып көрсетіп тұрса керек...

Қанат Әбілқайыр

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5343