Әбдіуақап Қара. Жахия молла
|
Бірінші суретте - ақын Мұхтар Шаханов пен Құрманияз Жолшы
2012 жылы 17- тамыз күні Ыстамбұлда Түркия қазақтарының алдынғы қатарлы ақсақалдарынан Құрманияз Жолшы дүние салды. Жұма намазынан соң Зәйтінбұрын Әмина Инаныш мешітінде жаназасы оқылған марқұм үшін кешкісін үйінде ауызашар беріліп Құран оқытылып дұға істелді. Өткен жылдарда қазақтың белгілі ақыны және мемлекет қайраткері Мұхтар Шахановпен кездесіп сөйлескен Құрманияз ақсақал ХХ- ғасырдың алғашқы жарымында Алтай мен Баркөлде белгілі дін ғалымы болған Жахия молланың немересі. Осыған байланысты Жахия молла туралы мақаламызды ұсынбақпыз.
|
Бірінші суретте - ақын Мұхтар Шаханов пен Құрманияз Жолшы
2012 жылы 17- тамыз күні Ыстамбұлда Түркия қазақтарының алдынғы қатарлы ақсақалдарынан Құрманияз Жолшы дүние салды. Жұма намазынан соң Зәйтінбұрын Әмина Инаныш мешітінде жаназасы оқылған марқұм үшін кешкісін үйінде ауызашар беріліп Құран оқытылып дұға істелді. Өткен жылдарда қазақтың белгілі ақыны және мемлекет қайраткері Мұхтар Шахановпен кездесіп сөйлескен Құрманияз ақсақал ХХ- ғасырдың алғашқы жарымында Алтай мен Баркөлде белгілі дін ғалымы болған Жахия молланың немересі. Осыған байланысты Жахия молла туралы мақаламызды ұсынбақпыз.
Шынжаңда өткен ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүрген екі үлкен ғұламасынан бірі Ақыт қажы болса, екіншісі Жахия молла болып табылады. Қазақтың Молқы руынан шыққан Ақыт қажыны және шығармаларын бүгін Шыңжанда білмейтін адам кемде кем. Бірақ, қалайша екен Жахя молланы көп адам білме бермейді. Мұның негізгі себептерінен бірі Ақыт қажының ғұлама болумен қатар, артында көптеген жазбаша еңбектер қалтыруында жатса керек. Ақыт қажы Ислам дініне қатысты еңбектерін өлең түрінде жазып ол кездің шектеулі мүмкіншіліктеріне қарамастан көзінің тірісінде Қазанда баспадан шығарып үлгерген еді. Бірақ Жахя молла ондай жазбаша еңбек қалтырмағандықтан ол туралы көп зерттеу жүргізілмеген болса керек.
Бақытқа орай Жахия молланың ұрпақтары тірі, қазір Ыстамбұлда өмір сүріп жатыр. Олардан бірі ұлы Хамзадан болған немересі Жәлел қажы (фамилясы Инан). Біз осы мақаламызды сол кісінің берген мәліметтері негізінде дайындап отырмыз.
Жахия молла 1875 жылы Қазақстанның Шығыс Қазақстан облысына қарасты Зайсанда туылды. Қазақтың Найман руының Төртуыл ұрпағына жататын Жахя молланың әкесінің аты Бұрқат еді. Арқат және Бөлекбай атында екі інісі болған Бұрқаттың Жахядан басқа Жайлаубай атында бір ұлы тағы бар еді. Жахя бала кезінен бастап зеректігі және еңбекқорлығымен өзге балалардан сытылып шығып көзге түсті. Ауыл имамынан алғашқы сабақтарын алғаннан кейін жоғары білім алу үшін Семейге жіберілді. Семейде ол кездің университеті есептелетін Ғалия медресесіне түсті.
Оқуы аяқталар шақта Семейде оба ауруының пайда болуы Жахияның оқудан кетуіне себеп болды. Осы жұқпалы аурудың қашан шыққанның дәл біле алмай отырмыз. Дегенмен 1890 жылдардың орта шені болуы әбден ықтимал. Ол, өте үрейлі апат әкелді. Күн сайын ондаған, тіпті жүздеген адам аурудан қырылып жатты. Алайда аурудың жан жаққа таралуын тоқтату мүмкін болмай тұрды. Осы тұста бір бақсы "аурудың тоқтауы үшін Ғалия медресесінің бас имамын өлтіру қажет" деген ырым жасады. Қайтерін білмей мүшкіл халде жүрген халықтан осы сөзге сенген біреу таң сәріде намаз оқыту үшін мешітке бара жатқан бас имамды арт жағынан келіп пышақ салып өлтіреді. Осы уақиғадан кейін медресе жабылды. Сонымен оқуы тоқтап қалған Жахя Зайсанға ауылына қайтып келді.
Осыдан кейін қанша уақыт өткені беймәлім. Бір күн Зайсанға келген әке жолдасы Сәрсебай Жахяның өмірінде бет бұрыс жасайтын бір ұсыныс айтады. Сәрсебай Алтай қазақтарының Найман руынан ауқатты және беделді адамдарынан еді. Керейдің бір бұтағы Шақабайлардың атақты биі Тарының құдасы және Нәзір тейжінің нағашысы болған ол Жахяның Семейде медреседе оқып келгенін естігеннен кейін, Алтайда моллаға қатты зәрулік болып отырғанын айтып оны Алтайға бала тәрбиелеуге шақырады. Сөйтіп Жахя әке жолдасы Сәрсебайға еріп Алтайға келеді де, сол өңірдің атақты билерінен Тарының қамқоршылығында бала оқыта бастайды.
Шақабай руын басқарып отырған Тары би жомарттығы, парасаттылығы, қара қылды қақ жарған әділдігімен тарихқа өткен ірі тұлға болатын. Ол бай, байлығына сай жомарттығымен ерекшеленеді. Тары жетім жесірлер мен кедейлердің қорғаушысы болды. Саудамен айналысқан Тары Ресейден алған товарларды Қытайға, Қытайдан алған заттарды Ресейге сататын. Оның Ресейге жөнелткен сауда керуендерін інісі Дәлібай басқарып жүрді.
Дәлібай ерекше ілтипат көрсеткен Жахя молла Сартоғайда төрт жылдай оқу ағарту жұмыстарымен айналысты. Содан кейін Зайсанға қайтып кетті. Бұл жерде Бибимен үйленді. Біраз уақыт өткенен кейін, атап айтқанда 1898 жылы тұңғыш ұлы Хамза Зайсанда өмірге келді.
Бұл арада Сартоғайда Жахя молла кеткеннен кейін орнына молла табылмайды. Сондықтан Сәрсебай қайта Зайсанға келіп Жахя моллаға Тары бидің өзін шақырып жатқанын, өйткені балалардың оқуының шала қалғанын айтты. Осыдан кейін Жахя молла 1904 жылы қайта Сартоғайға барды. Қалған құмырын осында өткізді. Біраз уақыт өткеннен кейін Зайсандағы інісі Жайлаубайды да қасына алғызды. Тіпті кейін Шынжаң қазақтарының әдебиетінде өзіндік орны болатын белгілі ақын Арғынбек Апашбайұлын да Зайсаннан Сартоғайға алғызды. Хамза қажының Түркиядағы ұлы Жәлелге тіршілігінде айтқанына қарағанда, Арғынбек Жахя молламен туыс келеді екен. Өйткені ол жазған өлеңдерінің аяғын
"Найманда Қаракерей асыл затым,
Төртуыл ішінде атам Тоқан.
Арғынбек Апашбаев менің атым,
Әр жерде мағлұм болсын хатым."
деп келтіреді екен.Ақын Арғынбек сонымен қатар молла болатын. Өйткені Жахя молланың ұлы Хамзаны сол оқытқан екен. Жахя молланың Хамза, Қапас, Кәри (Әбдікәрім), Сақаба, Сабыржан және Құмарбек аттарында алты ұлы, Құсни, Зейнеп және Ықман аттарында үш қызы болды.
Жахя молла діни саладағы оқу ағарту және моралдық жұмыстары халықтың көңілінен шығып тұрды. Илсам дінінің құндылықтарын, Аллаға құлдық және ғибадат етудің маңызын бүкіл күшін салып уағыздап жүрді. Сөйтіп ауыл адамдарын бірлік-берекеге, имандылыққа шақырып отырды. Олардың тек сауатын ашып ғылымхал мен фықых мәліметтерін берумен ғана шектелмеді. Сонымен қатар оларды ғылым мен білімге де жігерлендірді. Орыс тілін жетік білетін Жахя молла Қазақстан мен Ресейде болып жатқан уақиғаларды байқап отырды. Жүйелі түрде өзіне келіп тұрған орыс және қазақ тіліндегі газет - журналдарды оқып тұрды. Жахя молла оқу ағарту істері мен қатар қазылық қызметті де табысты атқарды. Келіспестікке түскен жақтар оның берген билік үкімдерімен татуласты.
Сол кездің екінші атақты ғұлама және қазысы Ақыт қажы болды. 1868-1940 жылдары арасында өмір сүрген Ақыт қажы туралы көптеген еңбектер оқырманға мәлім. Сондықтан біз осы мақаламызда оған тоқталмақ емеспіз. Біз тек оның Жахя молламен байланысын атап өтпекпіз. Екеуі бір мезгілде өмір сүрген дос ғұламалар еді. Кәміл кісілік танытқан осы екі ұлы ғалым бірбірімен әсте бақталаспады. Тіпті керісінше бірбірлерінің кемшіліктерін толықтыруға бейім болды. Бұл әсіресе олардың қазылық қызметтерінде нақты көрініс тапты. Сол кездің салт-санасы бойынша, араздасқан адамдар өздеріне кімді қазы тағайындаса да ерікті еді. Сондықтан халық Ақыт қажы бейтарап бола алмайтын жағдайларда Жахя моллаға, ал Жахя молла бейтарап бола алмайды деген жағдайларда Ақыт қажының қазылығына жүгінетін. Мисал үшін айтар болсақ, Молқы руынан біреумен араздасқан адамдар, Молқы Ақыт қажыға емес, Найман Жахя молланың қазылық істеуін сұрайтын. Міне бұл жағдай бізге Жахя молла мен Ақыт қажы арасында қазылық мәселесінде өзара ынтымақтастық барын көрсетеді.
Дін саласындағы терең білімі мен қазылық қызметтері Жахя молланың атағын Шынжаңнан асырып Қазақстанда да шығарды. Сондықтан бір күн Қазақстаннан төрт адамдық бір делегация келіп Жахя молланы Қазақстанға қайтуға көндіруге күш салды. Өйткені Зайсандағы қазақ билерінен Халит болыс дүние салған еді. Оның орнын толтыратын адам табылмаған еді. Әлгі өкілдер Жахя моллаға "Халит болыс дүние салды. Оның орнына адам табылмай отыр. Сондықтан сені алып кетеміз." деді.
Осындай шарасыз жағдайды білгеннен кейін Жахя молла Қазақстанға қайтуды мақұл көрді. Бірақ әлгі өкілдермен бірге емес, кейін қайтатын болды да дайындық көру үшін өзіне екі ай уақыт сұрап алды. Сөйтіп Жахя молла Қазақстанға қайтуға дайындалып жатқанда, қажыға кеткен Дәлібайдың киелі жерде дүние салғаны хабары жетіп келді. Осындай жағдайда, Дәлібай қажының зайыбы Жахя моллаға келіп Зайсанға қайтпауын, елде қалуын өтінді. Қиын қыстау күндерде өздерін тастап кетпеуін сұрады. Жахя молла өзіне жақсылық жасаған әке жолдасы Дәлібай қажының қаралы зайыбының өтінішін жерге тастай алмады да Қазақстанға бару жоспарын бір жолата тоқтатып тастады.
Уақыт өтіп жыл 1930 жылдарға келгенде Шынжаңның толқымалы күндері басталды. Қатыгез губернатор Шың Шысай барлық жерде қазақтарға құқай көрсетіп қысым жасай бастады. Әсіресе өзінің темір жұдырығынан алыста Алтайда еркін өмір сүрген қазақтарға тырнағын батырғысы келді. Сондықтан Алтайда тұру қыйынға соқты. Қазақтар лек легімен Алтайдан кете бастады. Осыларға еріп Жахя молланың отбасы да алдымен Нори, одан кейін Баркөлге көшіп келді. Хамза бұл жерде қауіпсіздік мекемесін басқарды. Ол кейін залың, яғни аудан әкімінің орынбасарлығына көтерілді. Жахя молланың кенже ұлы Құмарбек Баркөлде жас шағында дүниеден озды.
Уақыт өте келе Баркөлдегі қазақтарға да тыныштық берілмеді. Залым Шың Шысайдың әскери күштері ауылдарға қалай болса солай шабуыл жасап адам өлтіріп мал-мүліктерін тонай бастады. Қазақтар Елісхан және Зайып Тейжінің жетекшілігінде Ғансуға босты. Хамза залың да Баркөлден көшіп кетуге тәуекел етіп қасындағы жүз шақты отбасы мен Ғансуға қарай жылжыды. Бірақ Жахя молла кейбір жұмыстарын реттеу үшін Баркөлде қалды. Алғашқы әйелі Биби қайтыс болғаннан кейін үйленген екінші әйелі Құпыяны ұлы Хамзамен бірге жіберді. Өзі кейін оларға қосылатын болды. Хамза тобы Торанғы деген жерде Шың Шысай күштерімен шайқасып 400 қой, 30 ат және 17 сыйыр жау қолына өтті.
Баркөлде қалған Жахя моллаға Құдай ұлдары мен зайыбы Құпыяны екінші рет көруді жазбады. Шың Сысай әскерлері Баркөлдің кіріс шығыстарын бақылап тұрғандықтан Жахя молла қаладан шыға алмай қалды. Өзін тергеуге алған әскерлерге көшіп кету ойы жоқ екенін, өз еркімен Баркөлде қалғанын айтуға мәжбүр болды. Сөйтіп ол тек Шың Шысайдың қармағынан құтылып ғана қойған жоқ, сонымен қатар үкіметтің мақтау мадақтауына да ілікті. Өйткені Жахя молла сияқты қазақтың атақты ғұламасының өз қолдарында болуы, мұны үгіт насихаттарында пайдаланбақшы болған үкіметке керек еді. Сондықтан Жахя моллаға әр түрлі жағдай жасалып көмек көрсетілді. Жахя молланың қойларының құлағында ең, сыйырларында болса молла деген тамға бар еді. Сол ең мен тамбалар бойынша ұлы Хамзадан тәркіленіп алынған төрт түлік мал қайтарылып берілді.
Ұлдары мен әйелінен көз жазып қалған Жахя моллаға жаңа бір отбасы құру қажет еді. Сондықтан қайта үйленді. Бірақ ғұлама бұдан кейін ұзақ жасамады. Ұлдары Хамза, Қапас, Кәри және Сақаба Тибет пен Ғималаяларды түрлі тауқыметтермен асып әрен жеткен Үндістанда күн көрудің қыйыншылықтарын бастан кешіріп жатқан тұста 1944 жылы Баркөлде дүние салды. Оның бейіті қазір Баркөлде Жасанқызылда. Баркөл елі оны құрметтеп бейітін күмбездеп қойған. Оларға мыңбір рахмет.
Діни және қазылық салаларында елі үшін талмай еңбек еткен Жахя молланың аты өлімінен кейін жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де бүкілдей ұмыт болған жоқ. Шыңжан қазақ зиялылары марқұмды шығармаларында реті келгенде атап еске алуда. Бұлардың қатарында қытай қазақтарының алда келген жазушыларынан Зейнолла Сәнікұлын айтуға болады. Ол Түркия қазақтарының көш жетекшілерінен Құсайын Тәйжі мен Мұстафа Өзтүріктін әкесі Қәбен Тәйжінің аталары Әлкембай мен Төлебайды өзек еткен Сергелден деген романында Жахя молланың аты кей жерлерде көзге түседі. Мәселен сол романда "Керейдің Жәкесі, Меркіттің әкесі" деп танылған Жәке бидің үйіндегі жиналыста Жахя молла да бой көрсетеді. Жиналыста сол кездің қасқасы мен жайсандары болып табылатын Шақабай Тары би, Қазыбек Лак би және Найман Бұтабай би бас қосады. Бұл жерде Жахя молла мен Лак би арасында қызықты диялогтарға орын беріледі.
Жахя молла ұрпақтары қазір Қытай, Монғолия, Түркия және Еуропа елдерінде өмір сүруде. Оның немерелерінің саны 200-ден асқан. Жахя молланың ұрпақтарынан әсіресе Хамза ерекше көзге түскен қайраткер ретінде танылды. Ол Баркөлден Түркияға жасалған қазақтардың көшінде Наймандарға жетекшілік етті. Түркияға орналасқаннан кейін ондағы Наймандардың қамқоршысы, дұғакөй ақсақалына айналды. Сондай ақылды, парасатты, сері, діндар, көпшіл және берекешіл болған Хамза залыңды тек Наймандар ғана емес, Түркиядағы бүкіл қазақ құрмет көрсетіп сыйлады. Ол 1995 жылы, жүзге таяған шағында Ыстамбұлда Зейтінбұрын деген жерде дүние салды. Хамзаның ұлы Жәлел де бүгін Түркия қазақтары ішіндегі беделді ақсақалдардан бірі. Ол 1986 жылы іргесі қаланға Ыстамбұлдағы Қазақ қорының құрушыларынан бірі. Жахя молланың Қапас атындағы ұлынан немересі Құрманияз бен Зейнеп атты қызынан немересі Шақабай ұруынан Зиажан қажы Түркия қазақтарынан танымал іскер ақсақалдары. Жахя молланың Хамза, Қапас, Кәри және Сақабадан тараған немерелері бүгінгі күнде Германияның Мюнхен, Майнз, Кельн, Францияның Париж, Ұлы Британияның Лондон, Голландияның Амстердам қалаларында өмір сүруде. Ал Хамза атамыздың кезінде Баркөлде тұрғанда нағашасына берген ұлы Кәрімнің ұрпақтары Монғолияда, ал екінші ұлы Ризабектің ұрпақтары болса Үрімжіде өсіп өніп жатыр.
Менің әкем Сүндет қажы Баркөлден Түркияға жасалған көш кезінде анасы мен бауырларынан көз жазып тірі жетім болып Үндістанға жетіп бір жергілікті Пакістандықтын қасында қазақтан оқшау жұмыс істеп жүрген жерінде тауып қамқоршылығында қазаққа қосқан Хамза атамыз еді. Кейін Түркияға келгеннен кейін әкеміз Жахя молланың немерелері Жәлел және Құрманиязбен тізе қосып сауда істеп елдің алдынғы қатарлы отбасыларынан біріне айналды. Өзім жас кезімде Хамза атамыздың дастарқанында көп болып әңгімелерін көп естідім. Сарқытын да көп ішіп талай рет батасын алдым. Сол кісіні өзіме үлгі алдым. Атап айтқанда сол кісідей еліне, халқына қызмет істейтін, халқына жаққан азамат болсам деген арманмен өстім.
Түркияда Жахя молла мен Хамза атамыз үшін айтулы бір оқиға болды. 2007 жылы қазан айында Ыстамбұлдағы бір медресеге Монғолиядағы Кәрім Хамзаұлының немересі Марат оқуға келіпті. Кенеттен келген бұл хабар Түркия және Еуропадағы Жахя молла ұрпақтарын үлкен қуанышқа бөледі. Өйткені солар арасында бүгінге дейін молла шықпаған екен. Міне Құдайдың жазғаны сол, ондай ұрпақ сонау Монғолияның Бұлғын деген жерінен шығып Қазақстанда алғашқы діни сабақтарды оқып соңғы толықтаушы діни білімді Түркияның Ыстамбұл қаласынан алған Кәрімнің немересі Марат болып шықты. Ол бала оқуын табысбен аяқтап молла деген атақ алып Монғолияға қайтып кетті. Ол кетер алдында Жахя молла ұрпақтары құран хатім түсіріп сауабын аталарының аруақтарына бағыштады. Сөйтіп Жахя молла мен Хамза атамыздың аруақтары 2008 жылы тамыз айында орындарынан бір аунап түскен болса керек.
Осы мақаламызға байланысты еске алған Жахя молла атамыздың жатқан жері торқа, барған жері ұжмақ болғай демекпіз. Оның есімінің қазақ халқының жүрегінде мәңгі сақталары даусыз.
«Абай-ақпарат»