Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 4492 0 пікір 24 Тамыз, 2012 сағат 13:01

Ләйла Еділқызы. Көк тудың желбірегені…

Астанада қазақтың көк туын желбіреткен, көрермендердің жүрегін елжіреткен «Менің елім - Қазақстаным!» атты мерекелік патриоттық әндер концерті болып өтті. Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендия стипендиаттарының ассоциациясы, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының «Жас Отан» жастар қанаты, «Алтын Қыран» халықаралық қайырымдылық қоры мен «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ бірігіп өткізген кеш Отанымыз бен отандастарымызды ұлықтауға арналды.

«Менің елім - Қазақстаным!» деп аты айтып тұрғандай, кеште негізінен елге, жерге деген сағыныш пен махаббаттан өрілген әндер шырқалды. Жас пен жасамысты, студент пен спортшыны, мемлекеттік қызметкер мен әскери офицерді, бір сөзбен айтқанда, еліміздің жас патриоттарының басын қосқан концерттің көптің көңілінен шыққаны күмәнсіз. Олай деуімізге себеп - «Қазақстан» концерт залына жиналған үш жарым мың көрермен бұл кеште әйгілі әншілермен қатар, ел мүддесі жолында ерлікке пара-пар еңбек сіңірген өнер тарландары мен олимпиадашыларды өз көзімен көруге мүмкіндік алды.

«Бұл кім десе, мен - қазақпын!»

Астанада қазақтың көк туын желбіреткен, көрермендердің жүрегін елжіреткен «Менің елім - Қазақстаным!» атты мерекелік патриоттық әндер концерті болып өтті. Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендия стипендиаттарының ассоциациясы, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының «Жас Отан» жастар қанаты, «Алтын Қыран» халықаралық қайырымдылық қоры мен «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ бірігіп өткізген кеш Отанымыз бен отандастарымызды ұлықтауға арналды.

«Менің елім - Қазақстаным!» деп аты айтып тұрғандай, кеште негізінен елге, жерге деген сағыныш пен махаббаттан өрілген әндер шырқалды. Жас пен жасамысты, студент пен спортшыны, мемлекеттік қызметкер мен әскери офицерді, бір сөзбен айтқанда, еліміздің жас патриоттарының басын қосқан концерттің көптің көңілінен шыққаны күмәнсіз. Олай деуімізге себеп - «Қазақстан» концерт залына жиналған үш жарым мың көрермен бұл кеште әйгілі әншілермен қатар, ел мүддесі жолында ерлікке пара-пар еңбек сіңірген өнер тарландары мен олимпиадашыларды өз көзімен көруге мүмкіндік алды.

«Бұл кім десе, мен - қазақпын!»

«Бұл ән - бұрынғы әннен өзгерек» демекші, бұл концерттің бәсі басқаларынан анағұрлым биік болды. Және бұл ешқандай пафоссыз айтылған сөз. Әйтпесе, Астанада не көп, мерекелік шара көп. Не көп, концерт көп. Бірақ жастарға елжандылық пен отансүйгіштікті, еңбек пен ерлікті насихаттайтын ниеті адал, тілегі түзу бұл шараның орны бөлек. Одан қалса, жұрттың бәрі демалыста. Студенттер ауыл-ауылда дегендей. Міне, шоу-бизнес өкілдері әдетте «өлі маусым» атайтын осындай келеңсіз факторларға қарамастан ұйымдастырушылар өз дегендеріне жетті. Мақсат елді, елдік пен ерлікті ұлықтау болса, ол мақсат толығымен орындалды. «Трио Z» тобының Қазақстан Республикасының Әнұранын көрермендермен еш сүйемелдеусіз орындауы арқылы басталған кеш «Жаса, Қазақстан!» (Асқар Жүнісбековтің орындауында), «Көк тудың желбірегені» (Ибрагим Ескендір), «Отан - сенің иманың» ( Төреғали Төрәлі), «Мен - қазақпын» (Ерболат Құдайберген), «Алға, Қазақ-стан!» («Ринго» тобы), «Атамекен» (Ескендір мен Біржан Хасанғалиевтер), «Сәлем саған, туған ел!» («Кешью» тобы), «Қазақстан» («Орда» тобы), «Қазақ елі» (Маржан Арапбаева) сияқты бірде делебеңді қоздырып, арқаңды шымырлатар, бірде сартап болған сағынышыңды оятып, жанарыңа жас үйірілтер әдемі, әсерлі ән-дерге толы болды. Концерт кезінде үлкен экраннан ән мәтініне сай көріністердің үздіксіз беріліп отыруы мен көк туымыздың көрермендер залының әр тұсында желбіреп тұруы ұйымдастырушылардың өз ісіне деген ыждаһаттылығын қапысыз аңдатқандай еді. Тапсырма солай болды ма, әлде тақырып аясына ыңғайланайық деді ме, кім білсін, әйтеуір, әдетте сын тезіне ұшырап жататын әншілердің киім киісі де, сөйлеген сөздері де бұл жолы көңілге қонып тұрды. Айтпай кетпеуге болмайтын бір ән - бұған дейін Алмас Ахметбек пен марқұм Ермұрат Зейіпхан ағаларының әнін әуелетіп, Алаш баласының ыстық ықыласына бөленіп үлгерген Ибрагимнің жаңа «Аманат» әні еді. Әсіресе оның:

«Тұяғы тозған тұлпардың,

Қанаты талған сұңқардың,

Атадан қалған киелі бұл жер

Аманат бізге, аманат.

Анамның қалған ақ жаулық Ары

Аманат бізге, аманат» - деген иірімдері бойына атаның қаны, ананың сүті дарыған қаракөз көрермендердің қай-қайсысына да ой салғандай! Бейнеклипі де сауатты түсірілген. Көрсең айызың қанатын, тыңдасаң қаның тулайтын шымыр дүние!

Қазақтың қайта оянған рухы. Бұл Ерболат Құдайбергенге қатысты айтылатын теңеу. Ол сахнаға шыққанда қазақ болғаныңа қуанасың. Оның сөзі мен қимылы, өз-өзіне сыймай тұрған ішкі алапат энергиясы осылай айтпасыңа қоймайды. Жұбан ағамыздың жігерлі жырын кейінгі жас толқынға жаттатып қойған Ерболаттың сахнада орындаған екі әні де кеш қонақтарын бейжай қалдырмағаны анық. «Бұл кім десе, мен қазақпын» деп жүрген жігіттің алар биігі мен асар асуы тек мұнымен таусылмасын деп тілейміз біз.

«Менің елім - Қазақстан»

«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, концерттің кульминациясы олимпиадашы Ольга Рыпакова мен Алмас Өтешовтің (зілтемірші) көрермендер ортасына келуі еді. Әлі де ыстық пен суығы басылып үлгермеген ХХХ-шы Лондон Жазғы Олимпиадасының су жаңа қаһармандары концертті жұртпен бірге тамашалап қана қоймай, сахнаға шығып өз әсерлерімен бөлісті. Жастығына қарамай, қатысып отырған тұңғыш Олимпиадасында үздік ондықтың ішіне кірген Алмас жеңісті күндердің әлі алда екенін айтса, Ольга замандасымыз алтын медалін қолына ұстап тұрып, таза қазақ тілінде «Менің елім - Қазақстан» дегенде зал шулап қоя берді. Бір қуантарлығы - концерт барысында спортшыларға деген құрмет бір сәт те толастаған жоқ. Үш жарым мың халық жиналған зал оларға тік тұрып қошемет көрсетті. Сахнаға шыққан әншілер мен басқа да құрметті қонақтардың келісіп алғандай бірауыздан спортшыларға алғыс білдіруі, басқасын қайдам, қарапайым көрермен болып отырған біздерді елдіктің үлгісіндей мақтаныш сезімге бөледі.

«Аллажардан» - «Жаужүрек мың балаға»

Әңгімеміздің басында біздің бұл кеш басқа кештерге ұқсамайды дегенімізді оқырман қауым енді түсіне бастаған шығар. Ел жайлы шығарылған әдемі әуенді елімізге еңбегі сіңіп жүрген талантты, өнерлі адамдардың ой-толғанысымен өрнектеп отыру осы кештің басты ерекшеліктерінің бірі еді. Сондай сәттердің бірінде, сын мен міннен көз ашпай келе жатқан қазақ кинематографиясының беделін бір фильммен біраз жерге көтеріп тастаған режиссер Ақан Сатаев сахнаға шақырылған шақта зал тағы да бір серпіліп қалды. Ақан да Аян Өтепберген, Асылхан мен Артур Төлеповтер сияқты фильмнің бас қаһармандарымен көпшілік алдына көрініп қана қоймай, жүргізушілер қойған сұрақтарға жауап беріп, фильмнің жүгін көтеріскен барша әріптестеріне, өзіне осындай фильм түсіруге мүмкіндік берген «Қазақфильм» АҚ мен қазақ киносына айрықша жанашырлық танытып жүрген Елбасына өз ризалығын жеткізді. Қазақтың тойы кәдесіз өтуші ме еді. Бұған дейін де талай ортада мырзалығымен аты шығып жүрген «Алтын Қыран» компаниялар тобының бас директоры, меценат Исламбек Салжанов пен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы стипендиаттары қауымдастығы кеңесінің төрағасы Бауыржан Байбек «Жаужүрек мың баланың» режиссері мен актерлер құрамына халық атынан рахмет айтып, он миллион теңге сыйақы ұсынды. Және ұсынып қана қоймай, алдағы уақытта да «Алтын Қыран» корпоративтік қорының атынан патриоттық фильмдерге қолдау жалғаса беретінін жеткізді. Біреу білер, біреу білмес, бірақ кезінде «Аллажардың» басты қаһарманын сомдаған Ақанның «Жаужүрек мың бала» сияқты фильм түсіруі бір жағынан заңды сияқты да көрінеді. Әлбетте, кино әлеміндегі алғашқы қадамын ұлт қасіретін игеру арқылы жасаған Са-таевтың алар асуы мұнымен түгесіле қоймас. Оған ең әуелі ұлт һәм мемлекет мүддесі үшін шақшадай басын тау мен тасқа қатар ұрып жүргеніне Алаш баласының түгел сенгісі бар.

«Өзіңнен баста»

«Болашақ» ұйымының осындай әдемі девизі бар. Қашан пайда болғанын кім білсін, әйтеуір, соңғы кезде көзге жиі шалынатыны рас. Оқисың да, ойланып қаласың. Бәрін бірдей сынап, міней беретін біздің бүгінгі қоғам үшін қажетті-ақ сөз, қаперге алатын-ақ ақыл.

«Болашақ» бағдарламасының бүгінгідей жағдайға жетуі - ең алдымен Президенттің еңбегі! Ел ішер ас пен жейтін тамағын күйттеп жүрген сонау 1993 жылы қолға алынған бұл бағдарлама күні бүгінге дейін 8131 қазақстандықтың қолына «бақыт билетін» ұстатқан екен. Әлемнің ең үздік 100 оқу ордасында білім алуға мүмкіндік беретін мұндай бағдарлама басқа елдерде некен-саяқ. Бар болған күннің өзінде де біздікіндей ауқымды емес. Әңгімені ойда-жоқта «Болашаққа» бұрып әкеткені несі деп отырған боларсыздар ендігі? Оның да өзіндік себебі бар. Біз әу баста әңгімемізге тиек етіп алған патриоттық әндер концертінен бастап, слет жұмысы, оны ұйымдастыру, дайындау, өткізу деген сияқты мың-сан қабат жұмыстың денін осы «болашақ-тықтар» атқарғанын біреу білсе, біреу білмейді. Және соның басында Бауыржан Байбек сынды жігерлі, мұқалу, шаршау дегенді білмейтін «Болашақтың» бірінші өкілі жүр.

Айтқанынан айнымайтын «Алтын Қыран»

«Көрмейін десем, көзім бар,

Сүймейін десем, сезім бар» - деп келетін әнді бұл күнде естімеген қазақ жоқ шығар?! Мұны не үшін айтып отырғанымды оқырман қауым жақсы біледі, әрине. Журналистік тапсырмамен талай жерге ат шалдырып, талай адамдармен таныс-біліс болып қалған бізге кімнің кім, ненің не екені анығырақ көрініп тұрады. Айтқым келгені, барлығын есеп-қисапқа айналдырып жіберген мынау фәниде біреуге алғаусыз, адал көңілмен қол ұшын созатындар жоқтың қасы. Керісінше, көмектесе қалса қайтарымын тілеп, жақсы сөз бен марапатқа семіргісі келетіндерден аяқ алып жүре алмайсың. Ал, қызыл сөзден қырман тұрғыза бермей, біраз уақыттан бері көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүрген осы бір қор жайлы үндемей қалсақ, ол-дағы бір соқырлық болар ма еді?! Өйткені, біз тілге тиек етуге ниет етіп отырған ұжым, қанша уақыттан бері байқап келе жатырмыз, жарнама мен мадаққа аса құлықты емес. Есесіне, соңғы жылдар бедерінде, басқасын былай қойғанда, қазақ руханияты мен өнеріне жүйелі түрде көмек беруден аянып қалған жері жоқ. Айтыс десе айтысқа, мультфильм десе мультфильмге қайта-қайта қол ұшын созып жүрген «Алтын Қыранның» қолдауға зәру қай салаға да қырағылық танытып, демеп жіберуге дайын тұратындығына кейінгі кезде тіпті көзіміз үйреніп бара жатқандай ма, қалай өзі?! Аннан-мыннан оқып, көріп, көңілге тоқығандарымыз осы болғанда, «Алтын Қыранның» біз білмейтін бұдан бөлек қаншама игі істерге мұрындық болғандығы бір Аллаға ғана аян, әрине. Шын мұсылман баласы біреуге істеген жақсылығын тез ұмытады деуші еді. Қашан көрсең де ел игілігіне қажетті жобалардың қасынан табылатын Исламбек мырзаға қатысты айтқың келеді осы сөзді. Өйткені, ол үшін көмек қолын созғанда үлкен, кіші, я болмаса, маңызды, маңызсыз деген дүниелер болмайды. Елге қажет дүние - «Алтын Қыранға» да қажет! Осы сөздің туралығына осы концерт барысында біздің көзіміз тағы бір мәрте жете түскендей болды.

Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,

Суретті түсірген - Ерлан ОМАРОВ,

«Егемен Қазақстан» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1456
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3222
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5276