Тәуелсіз елге бір ғана жазу қажет!
Бүкіл қазақстандық латын жазуы өмірге келе ме?
Біз Тәуелсіз елміз. Тәуелсіз елдің ешкім не сырттан, не іштен араласуға қақы жоқ жазылмаған заңы – тарихи ата тек жазылымы, жергілікті ұлттың автохондығын танытатын жер-су атаулары және тілі мен дініне қарамай барша тұрғындарына ортақ ұлттық жазуы. Осының соңғы екеуі халқымызды екіге жарып отыр. Және бұрынғы метрополияға (Кремльге) жалтақтау билік тарапынан тыйылмай келеді.
Жер-су атаулары және баршаға ортақ ұлттық жазу тек қазаққа қана керек пе? Жоқ! Өз отаным – Егемен Қазақстан деп танығандарға да керек. Қазақтың 28 әрпі 42-ге айналып, жазуқұлдық пен әріпқұлдықты бастан кештік. Енді одан арылайық десек, Ресей қыр көрсетіп, ішіміздегі бесінші колониясын іске қосты.
Латын негізді Жаңа жазуға барша қазақстандықтар көшуі керек. Одан тек қазақ әліпбиін бөліп алып, ала қойды бөле қырқуға болмайды. Біз Abai.kz, осы мәселе жайында көптеген мақалаларды жаздық. Алғаш болып Қазақстан Жазушылар Одағының басшысы Ұлықбек Есдәулет ағамыз: «Орыс әліпбиін қолданып келген барша қазақстандықтар латын жазуына көшу керек», - деген салиқалы ой айтты. Қазір біздің республикада қазақтан өзге орыс әліпбиін қолданытын 4 диаспораның мектебі мен өкілдері бар. Олар: орыс, өзбек, ұйғыр мен тәжік. Қалған жасанды диаспоралық құқығы жоқ 130 ұлт тек орыс әліпбиін төл жазуым деп таниды.
Латын жазуына қазақпен бірге ұлттық мектебі бар орыс, өзбек, ұйғыр мен тәжіктерде көшуге тиіс. Бұған қатысты 42 әріптік жалпы ұлттық латын нұсқасын ұсынған авторлар мен ұжымдық жобалар өмірге келді. Олар бір ұлт бір QWERTY деген концепция ұсынды. Бұны не депутаттар корпусы, не билік керек етпей отыр. Барша ұлттың басын қостық деп кеуде керетін Ассамблея да бұған құлық танытпай, өлеңін айтып, бұрала билеуден жалықпауда.
Қазір қазақ тілшілері q-қ, в-б, w-у, e-е, r-р, t-т, y-ы, u-ұ, i-і, o-о, p-п, a-а, s-с, d-д, g-г, k-к, l-л, z-з, n-н және m-м сынды 20 әріптерді нақтылап алды. 8 әріп төңірегінде дау әлі өрістеуде. Олар: ә, ң, ғ, ү, ө, ш, ж және и әріптері. Осы ә, ң, ғ, ү, ө, ш, ж және и сынды әріптерді QWERTY-лік қазақ тілінің әрі орпоэфиялық, әрі орфографиялық табиғатын, сыр-сымбатын еш бұзбайтын ә-ae, ң-ng/nx, ғ-h, ү-ue, ө-oe, ш-c, ж-zh және и-j деп жазу жайлы ақылға қонымды жұрт бірден құптаған ұсыныстар айтылды.
Ербол Тілешов тобы ұсынған жұрт жылы қабылдаған ә-ae, ү-ue және ө-oe бойынша Сәбіз-Saebiz деп жазылуын білмеген адам өзінше саебіз деп орысша оқиынын біле тұра, орыс тілді бір қужақ неме РФ айтақтауымен айды аспанға шығарып, көрші ұлттың ТМД әлеміне кең тараған «зб» деген боқтық сөзіне өңін айналдыруы дүниені төңкеріп кетті. Қазақшасы шамалы биліктегілер жынданып кете жаздады. Осылайша Елбасымыз 2017 жылы көтерген ұлттық төл дыбыстарды QWERTY-лік «бір дыбыс – екі әріпке» негіздеу концепциясынан қазақты бас тартуға мәжбүрледі. Бұл енді «білген хан ақымақ па, білмеген қараша ақымақ па-ның» кері.
Неге Елбасымыз осы қитұрқы мәселенің артында кім тұрғанын тексеріп, өзінің QWERTY-лік «бір дыбыс – екі әріпке» негіздеу концепциясынан қазақты бас тартуға мәжбүрлегендер кімдер екенін қолға алмай отыр?
Неге қазақтың латын негізіндегі «Қазақстандық төл жазу» идеясы жерге тұншықты. Неге қазақ жерінде жеке жазуға ие болып отырған орыс, ұйғыр, өзбек пен тәжік үшін оларға ортақ 42 әріптік әліпби ұсынбаймыз? Әлде, ескі әдетпен орыстан қорқамыз ба?
Негізі біз жоғарыда сөз еткен 20 әіптен бөлек қазақ әліпбиіне кірмейтін орыстық, ұйғырлық, өзбектік және тәжіктік в-v, ф-f, х-x әріптерінің басы ашық. Осылайша, ұлттық латынға тән 42 әріптің 31-нің басы басы бүтін ашылады. Қалған һ (өзбек пен тәжік үшін), ё, й, ц, щ, ъ, э, я, ч, ь және ю сияқты 11 әріптің 10-ын орыстың Н.Ф.Яковлев латын әліпбиін жетілдіріп жұртқа ұсынуға тиіспіз. Бұл бағытта орыстілді тілші қандастарымыз өз үлестерін еселеп, қосады деп сенеміз. Қазір олар ана тілін шала білгендіктен ұлттық латын жазуына қатысты бәрінен шеттеп қалып отыр. Бұл үрдіс «латын жазуы е қазақ тілділер үшін екен ғой?!» деген ойдағы басқа орыстілді қандастармызға да тән. Егер жалпыұлттық латын жазуы қолға алынса, олар бұл мәселеден еш тыс қалайды.
Бір тілді орыстілділер, ана тілімен қоса, не қазақ, не орыс тілін ғана меңгерген қос тілді саны 25-100 мың арасындағы ұлтттар және үш тілді жете меңгерген ұйғыр, өзбек және тәжік тілділер үшін ортақ әліпби қалыптастыру күн тәртібінде тұр. Қазақстанды өтіріктен-өтірік 130 ұлт пен ұлысқа бөлмей, бір тілді, қос тілді және үш тілді отандастарымызды төл ұлттық жазуға бейімделген жалпыға ортақ қазақстандық латын жазуына көшіруіміз керек. Өйткені, Қазақстанда тек бір жазу – бір ұлт идеясы үстемдік құруға тиіс.
Елбасымыздың 2017 жылы алашқа рухани сауын айтқан ататүріктік QWERTY-лік «бір дыбыс – екі әріпке» негіздеу концепциясынан қазақты бас тартуға мәжбүрлеген орынсыз дұрыс пиғылдағы тұңғыш нұсқаны жетілдірмей желкесін үзгендер жауапқа тартылуға тиіс. Бұл нұсқаның жалпы ұлттық һ (өзбек пен тәжік үшін), ё, й, ц, щ, ъ, э, я, ч, ь және ю сияқты 11 әріптік қазақстандық әліпбиге айналуынан қорыққан, әрі Елбасымыздың көрген идеясынан қорыққан РФ барлауы алдымызды орап кетті. Соның нәтижесінде әлі күнге Сәбіз-Saebiz болып жүрміз. Тұңғыш нұсқаны әуелі бүкілқазақтық, одан кейін соның негізінде жалпықазақстандық әліпбиге айналдырмай еш алға баспаймыз. Бір тойда екі қалыңдық болмайды. Тәуелсіз елге бір ғана жазу қажет.
Әбіл-Серік Әліакбар
Abai.kz