Дүйсенбі, 25 Қараша 2024
Әдебиет 5356 1 пікір 30 Желтоқсан, 2021 сағат 18:03

Тикондерога

Роберт Луис Стивенсон

Шотландия аңызы

Айтайын хикаясын сол бір жанның,
Ұйқысын қалай аруақ қашырғанын.
Аршалы дөңдер жатқан сонау маңда,
Соғыстан көз ашпаған бір заманда.
Жат адам өмірі аяқ баспаған,
Жағасында теңіздің аласұрған.
Кезерген еріндерін қозғап аруақ,
Қалыпты сұрқай бір атты атап.
Жаңғырып құлағында барса қайда,
Бермепті жанға маза, жатса-тұрса.
Тикондерога – сондағы ат,
Қастерлеп айтқан аруақ.

І Ауруақ шақырған ат

Теңіздің сұр жағасында,
Көкшіл мұнар арасында,
ӨлтірдіСтюартКамеронды,
Бой алдырған ашуына.
Самайынан ақты қаны,
Жосыды қан маңдайынан.
Көкшіл мұнар арасында,
Құшты ажалжат қолынан.
«Япырым-ай, не істедім?
Шатылдым мен қандай іске?
Өліпті, әне, жатыр сұлық,
Қатердің шын төнгені ме?

Қашсам да құтылмаспын,
Алды-артым қауіп-қатер.
Құла түз ол да бекер,
Ажал оғы жұлып кетер.
Өткел сайын өшпендік,
Қамал сайын ажал нешік.
Біреулер оқтап мылтығын,
Қайрайды біреу қанды істік.»

Жан еді ақылы асқан,
Әр қадамы есеппен.
Естімейсің әңгүдік,
Сиюартты бар деген.
Көк мұнарға көз қадап,
Бұрды жүзін өлікке.
Кенет күлкі жүгіріп,
Жайнай қалды жүзі де.
Обалардан өтті асып,
Шатқалдар да жатты қап.
Жүгірді бір жаршыдай,
Қос өкпесін қолына ап.
Алқынады шалдығып,
Жел ұйпалап шаштарын.
Іңірде қызыл жетті ол,
Ағасына марқұмның.
Шығыстан  туып күміс Ай,
Қызарды батыс шапаққа.
Марқұмның, әне, ағасы,
Тұр күтіп үй алдында.

«Өлтірдім адам амалсыз,
Құтқармаққа басымды.
Келдім, міне, алдыңа,»
Деді Стюарт алқына.
«Тапсырдым өз қолыңа,
Тағдырымды сеніп кеп.
Қорға мені жендеттен,
Ал панаңа, есіркеп.»

Ұсынып қолын ізетпен,
Камерон сонда сөйледі.
«Алдыма келген адамның,
Көрген жоқ қайтып меселі.
Өлтірдің кімді, сұраман,
Ақсүйек пе, жарлы ма.
Қылышммен ант етем,
Бермеймін сені ажалға.
Қонақ қып күтем достарша,
Шығарамын төріме.
Сөзіме айтқан берікпін,
Тимейді саған ешкім де.»

Түн ортасы кетті ауып,
Ұлыды қасқыр орманда.
Көрпені жылы қымтанып,
Үй-іші түгел ұйқыда.
Марқұмның тек ағасы,
Дөңбекшиді ұйықтамай.
Қараңғыны жамылып,
Келді марқұм аруақтай.

«Бейуаз қаным төгілді,
Сүйегім қалды жотада.
Ал өздерің ішіп-жеп,
Жүрсіңдер батып думанға.
Кепкен жоқ қаным әлі де,
Кеткен жоқ рухым пәниде.
Мені өлтірген қандықол,
Жатыр ұйықтап төріңде.»

«Өлгенің бе, амал не,
Төккенмен жас көзімнен.
Беріп қойған сертім бар,
Тана алмаймын сөзімнен.»

«Барам не деп әкеме,
Сұраса неге келдің деп?
Жұбатам не деп анамды,
Шықса алдымнан құлным деп?
Не деймін ал аруаққа,
Жүрген бізді қорғалап.
Ақталасың, ал, қалай?
Болғаның ба шын кәззап?»

«Тартпа алдыма парызды,
Аруақтарды қураған.
Тана алмаймын антымнан,
Сөзде тұру серт маған.»

Түн ортасы ауғанда,
Ұлыды қасқыр үш мәрте.
Көрпені жылы жамылып,
Ұйқыда жатыр бәрі де.
Марқұмның тек ағасы,
Дөңбекшиді, күрсінед.
Қараңғыны жамылып,
Келді марқұм үш рет.
Өлтір деді жалынып,
Қандықолды үйдегі.
Үш рет те ағасы,
Сөзіне оның көнбеді.

«Үш рет келдім өзіңе,
Батырам енді қарамды.
Күтеді сені бабалар,
Солар берер бағаңды.
Көнбедің-ау, жә енді,
Тұрғанда әтеш шақырмай,
Айтам саған жалғыз сөз,
Кетем сосын қайрылмай.
Құлағыңда жаңғырып,
Бермесін маза ойыңа.
Тикондерога деген ат,
Есіңе түссін әр уақта.»

Таң атты, міне, ағарып,
Кірісті жұрт шаруаға.
Ағасы шықты сапарға,
Жаңғырып сол ат құлақта.
«Естіп ем талай атты мен,
Естіген емен мұндайды.
Ашуға сырын жұмбақтың,
Шақырсам ба екен дананы?»
Сұрады ол бәрінен,
Төреден де, қарадан.
Балықшымен тілдесті,
Сұрады сырын аңшыдан.
Келді қайтып, кетті тағы,
Ақтарып ескі кітапты.
Жазылған тасқа қашалып,
Жазуыға үнсіз қадалды.

Тапқанменен талай ат,
Таппады атын іздеген.
Шығыс пенен батыста,
Қалмады жері кезбеген.
Адамның да, жынның да,
Шөптің де жоқ ішінде.
Әр тасын қарап тау-тастың,
Үңілді теңіз түбіне.
Алыстан да, жақыннан,
Сұрастырды қат-қабат.
Шотландия жерінен,
Табылмады ондай ат.

ІІ       Іздеу

Әмір шашып түстікте,
Кемеңгер жан қатулы,
Жар сап Лондон лордтары,
Қол жинауға шақырды.
Жөнелді жаушы аттанып,
Жетті олар күн батысқа.
Теңіз тулап, арша өскен,
Жеріне Шотландия.
Жиыл деді қалмай кеш,
Ту ұстаған төрелер.
Сүйсе егер отанын,
Жан болар ма бөгелер.
Жаңғырығып тау-шатқал,
Көңіренді төбелер.
Баяғы күндей тағы да,
Бебеуледі кернейлер.
Шағылып күн нұрына,
Жарқырады сауыттар.
Шотландия ұлына,
Күн туды тағы атойлар.

«Япыр-ай, нағып жатырмын,
Байланып бықсық өмірге.
Жорыққа жатыр шақырып,
Жататын сірә кезім бе?
Айрылдым күндіз күлкіден,
Ұйқыға түнде жатпадым.
Таба алмадым сол сөзді,
Ұға алмадым айтпағын.
Құлағымда жаңғырып,
Бермеді маза санама.
Тикондерога деген ат,
Түсе берді ойыма.
Жөнелем еріп қосынға,
Оаралман қайтып үйіме.
Қандырып құлақ құрышын,
Соғыстың ащы үніне.»

Нұсқаса ту қай жаққа,
Бөгелмей сонда кетті дос.
Германияда кешіп қан,
Фландерде тікті қос.
Қоңыраулар кентте,
Күңірентті даланы.
Өтті кешіп Рейннен,
Шөлін де лезде қандырды.
Азияның орманын,
Көктей өтті жолында.
Дауысынан дабылдың,
Тітіреді қытай да.
«Естіп ем мен талай ат,
Жатжұрттықтар тілінде.
Алысы бар, жақыны,
Бәрі де тұр есімде.
Кездім ата қонысты,
Шотландияны түк қоймай,
Теңіз бенен құрлықтан,
Қалмады жер оймақтай.
Капитанмын, кокарда,
Паш еткендей бар көркін.
Естісем де талай ат,
Естілмеді сол шіркін.»

ІІІ   Атты табу

Орманды сонау даламен,
Келеді қосын баспалап.
Бергенде қас қарая,
Атылды оқ тарсылдап.
Кетті орман жаңғырып,
Тілінде бөгде жат жұрттың.
Жоғалды сосын артынша,
Ішіне сүңгіп орманның.
Түрлері қалды тек есте:
Шаштарын алған тақырлап,
Беттері бояу, айғыз-дақ.

Іңірде, міне, генерал,
«Тоқта» деді қосынға.
Тұрды да барлап маңайын,
Мырс етті сонда жай ғана.
«Көріп ем талай майданды,
Шығып ем талай қырғыннан.
Кез келді, міне, ағын су,
Ну орман тағы алдымнан.
Көрсем де талай сойқанды,
Көрмеп ем түсіп бұл күйге.
Барыңдар, қане, біреуің,
Тереңін судың өлшеуге.»

Қас қарайып, батты кеш
Тосылды қосын орманда,
Біздің епшіл Камерон,
Жөнелді тартып жағаға.
Мысықша басып аяғын,
Келеді орман ішімен.
Ізінен қалмай әккі жау,
Ереді аңдып бүйірден.
Қас қарайып, батты кеш,
Тырс етпейді айнала.
Орманда бұғып елеусіз,
Күтеді жау сақтана.

«Көріп ем небір сұмдықты,
Бұл жасыма келгенше.
Көргем жоқ бірақ, қайтейін,
Қауіптің мұндай бірін де.»
Қас қарайып, батты кеш,
Тосылды қосын орманда.
Қалды байқап сақ дұшпан,
Таяғанын жағаға.
Сезді ол да жауының,
Жанына таяп келгенін.
Қарады сонда, о, сұмдық,
Көрді өзінің келбетін.

«Құрыған екем,» деді ол,
«Жақсылық емес дәл бұным.
Шайқаста болар ертеңгі,
Таусылмақ менің дәм-тұзым.
Уа, жауынгер, жат тілді,
Иесі бөгде бейненің,
Осында өлім құшамын,
Айтшы атын бұл жердің?

«Су-Мари деп атады,
Француздар бір кезде.
Поптар қойған ат қой ол,
Жарамайды біздерге.
Әсілгі аты басқа, өзге.»
Деп тіл қатты жауынгер,
«Тикондерога аты оның,
Бабаларым жатқан жер.»

Таң атты, міне, ағарып,
Кескілесті екі жақ.
Камерон құлап жер құшты,
Болжағаны келді нақ.
Туған үйі, мекені,
Қалды адыра алыста.
Тапты тыным асау жан,
Жерінде Тикондерога.

Ағылшын тілінен аударған: Нағыз Қапшықбайұлы

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1506
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3279
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5782