Сәрсенбі, 11 Маусым 2025
Әдебиет 439 0 пікір 10 Маусым, 2025 сағат 13:49

Тынымбай Нұрмағанбетов. Кене

Сурет: qalamger.kz сайтынан алынды.

Бүгін  – қазақ әдебиетінің классигі Тынымбай Нұрмағанбетовтің туған күні. 1945 жылы 10 маусымда, Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Қосүйеңкі ауылында дүниеге келген жазушы қазақ әдебиетіне 1971 жылы «Қауын иісі» атты алғашқы әңгімелер жинағын ұсынды. Осы жинақтан соң ол оқырман қауымға бірінен бірі өткен ғажап туындыларымен жақындай түсіп, әдебиеттегі белгілі тұлғаға айналды. Тынымбай Нұрмағанбетов есімі аталса, оқырман ортасы оның «Қош бол, ата» (1972), «Қарлығаштың ұясы» (1975), «Ата қоныс» (1977), «Тұнық су» (1980), «Бәйтеректер» (1987), «Туған ауыл түтіні» (1989), «Балалық шақтың әуендері» (1995), «Таңдамалы» (1997), «Айқай» (2001), «Періштелердің өлімі» кітабын оқығанын айтып тамсанады. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау тұсында да, бүгінгі мультимәдениет кең жайылған заманда да Тынымбай Нұрмағанбетов – оқырманын жоғалтпаған қаламгер.  Біз жазушыны мерейлі жасымен құтықттай отырып, реинкарнациялық «Кене» әңгімесін жариялағанды жөн көрдік.

Редакция.


Бимен түскі астан соң кабинетін ішінен іліп, аз уақыт мызғып алу үшін диванға қисая бергені сол еді... Соңғы бір жеті сыздап, мазасын кетірген жүрегі шаншып кетті. «Жайсыз қисайдым ба екен?» деп, аз уақыт қайта түрегеліп отырған. Бірақ ауруы басыла қоймады. Бимен диванға қайта жатты.

Қапелімде басқа амалы жоқ-ты. Жаттым деп ойлағаны болмаса, шын мәнінде құлаған. Диванның ағаш ернеуінің шүйдесіне жайсыздау тигенін аңдап қалғаны да содан. Кенет жүрегін әлдене қатты сығып бара жатқандай. Дем алуы қиындады. Жан-жағына алақ-жұлақ қараған Бимен қол-аяқтарының да қимылға келмей әлсіреп бара жатқанын сезген... Маңдайынан тер шықты. Бір кезде демі жетпей тұншықты ма, немене...

Кеудесі кенет көтеріле беріп, шыңы жеткен матадай сетінеп, өз-өзінен жарылды. Ішектерін бойлап жылы қан аққандай. Тұла бойы өртеніп кетердей болып ысыды. Сосын жарылған кеудеден күні бойы сыздап шыдатпай бара жатқан жүрегі... әлде басқа... сыртқа шықты. Нені болса да кеудемнен шығармаймын деп созған оң қолының алақанын ауа қармап қалды.

Әлгінің кеудеден шығуы-ақ мұң екен... бұл қайтып тәнінің ауырғанын... тіпті сол тәннің бар-жоқтығын сезген жоқ. Тіпті әлгіндегі сетінеген кеудесінің қайта бітіп, әлде жарылған күйі қалғанын да аңдай алмады. Ол енді денесінен бөлек, биік тұрды. Дене төменде қимылсыз сұлық жатыр.

Жұмыс уақытысы басталып кеткен де болар, сәлден соң біреу ақырын ғана есікті тартты. Бастығының осы кезде демалатынын білетін біреу болды. Әлде секретаршасы ма екен... аяқ тықылын әзер есіттіріп әрі ұзап кетті. Сосын тағы бір келіп тартты. Сыпайы ғана тықылдатты... Бұл да секретаршасы болды, шамасы.

Әлден уақытта тағы біреу келіп, есікті жұлқи тартып қақты дейсің... Бұл орынбасары шығар. Бұған осылай батылдау келер сол ғана еді ғой. Тапыр-тұпыр аяқ дыбысы... абыр-дабыр сөз де көп. «Бимен Құлжанович!», «Биеке-ее!» деген дауыс мұнда да жетіп жатты. Сол... орынбасары... Бәсе... Содан өзгелері бүйтіп есікті жұлқуға, тарсылдатып қағуға батылдары жетпес еді.

Олар есіктің құлпын бұзуға да әрекет жасағандай. Абыр-дабыр дауыстар тынып, тарсылдаған, қышырлаған дыбыстар басталды. Бірақ есік шетелдікі еді, әзірге сырттағылардың әрекетіне міз бағар емес. Орынбасары тағы айқайға басты. «Бимен Құлжанович!», «Биеке-е!»

Сәлден соң ар жақтағы тасыр-тұсыр да, айқай-сүрен де тынды. Амалдары таусылып, одан әрі не істерге ақылдасып тұрғандай. Дивандағы дене де кісінің зәресін алғандай, көздері төбесіне қарай шығып кете жаздап аларып кеткен.

Жерге түсіп кеткен оң қолының саусақтары еденге тиіп тұр. Осы жатысының аяныштылығынан гөрі жеркеніштілігі басым сияқты.

Кенет тау беттегі терезенің ашық көзінен шофері Жантай түсіп келеді екен. Төртінші қабаттың балконсыз терезесіне шығуға, әрине, Жантайдан басқа жан келіспес те.

Ендігі абыр-дабыр дауыстар да сырттан естіліп жатыр.

Терезенің көзінен бүктетіліп ішке әзер кірген Жантай еденге секіріп түскен бойда-ақ ентіге басып өлі дененің жанына жеткен.

– Бимен Құлжанович!.. Бие-еке-е! Би-аға-а!

Жантай енді бастығының маңдайын сипап, қолдарын асығыс ұстап көрді де, үрейден жан ұшыра айқайлап жіберді. Жан-жағына шошына қараған жас жігіт енді тек қашуды ғана ойлап есікке қарай аласұра жүгіріп жүріп сыртта күтіп тұрғандарға болған жай туралы хабар беру де есінен шығып кеткендей. Тіпті құлыпқа сұғулы тұрған кілтті бұрау да ойына келмей, есікті бар күшімен қайта-қайта итеріп тұрып жылап жіберді. Жылағаны қандай үрейлі еді. Дауысы ажал аузында тұрғаннан бетер... ащы әрі аянышты.

Сырттағылар Жантайдан белгі болмаған соң қайтадан ауызғы бөлмеге жиналыпты. Топырлап, дабырлай бастады. «Не болды?», «Есікті аш» десіп жатыр. Есі шыққан Жантай есіктің тұтқасын бір, топсасын бір сипап жүріп, ақыры қолы кілтке де жетті-ау. Онда да кілтті бұраса есіктің ашылатынын ойлаудан емес, оқыс қолына іліккендіктен ғана секілді. Өйткені кілтті бұрау орнына сындырып жіберердей күшпен әрі-бері ырғай берді. Ауызғы жақтан «Кілтті оңға бұра! Оңға-а!» деген дауыстар шуласа естілгенде барып кілтті бұрады.

Есік ашыла бере лап етіп орынбасары Әліп бастаған бір қора адам кіріп келді. Жантай жұртқа жөн айтпақ түгілі, құсатын жандай өңі бұзылып, шошына айқайлап жылаған күйі әрі кеткен.

Кіріп келгендердің ішінде, құдай-ау, жоқ адам болсайшы. Барлық бөлім қызметкерлері... секретаршалар... еден сыпырушылар. Тіпті көрші мекемелердің ұсақ-түйек қызметкерлері де ілесіп жүр. «Бізде осындай боп жатыр» деп біреу әдейі шақырып алғандай. Бірсыпырасының жүзінде қорқыныштан гөрі қызықтау басым секілді.

Әліптің жүрісі еркін еді. Ешқандай үрейсіз-ақ бастығының білегін жұлқи көтеріп, аз-кем ұстап тұрған ол бір кезде тастай салды. Өлі дененің саусақтары еденді оңға бір, солға екі сызып барып тоқтады. «Бұдан енді қорықпаймын» дегендей ол енді ойқастап сырт бұрылды.

– Жүріп кеткен екен.

Toп ішінен бір сақалды жігіт:

– Сонда өліп қалып па? – деді мәселенің анық-қанығына әбден көз жеткізіп алғысы келгендей.

– Өліпті.

Жұрт үнсіз тынып қалды.

Әліп енді қызметкерлерге тапсырма беріп жатты. Көмекші жігітке:

– Үйіне хабарла, – деді.

Жайшылықтағы әдетімен блокнотын ала кірген көмекші жазып жатты. Орынбасар тағы да: «Жедел жәрдем», – дей берді де: «Енді оның керегі болар ма екен?» дегендей мүдіріп жұртқа қарап еді. Жоспарлау бөлімінің бастығы жуан Гүлсары:

– Бәрібір айтылуы тиіс, – деді өлі денеге бір қарап алып. – Өлді деген сөздің дәрігердің аузынан шыққаны дұрыс.

Көмекші жазып жатты.

– Дұрыс екен, – деді Әліп те Гүлсарыға ризашылықпен қарап тұрып.

Жиналыстарда да екеуі Бименге қарсы шыққанда осылай бірін-бірі қас-қабақпен-ақ түсінісе қоятын. Осы ымыраластықтарын біліп қой, соңғы айларда Бименнің Гүлсары соңына шам алып түскендігі... Тіпті таяу күндері оның шаруасы шешіліп те қалар ма еді, әлде қайтер еді.

Toп көбейіп жатыр. Мәселенің мән-жайын біліп алған соң сытылып шығып кеткендер де бар. Өзара абыр-дабыр. Ыбыр-сыбыр. Әрине, бәрінің аузында – Бимен Құлжанович.

Әліп жан-жағына қарап тұр. Әлдене іздегендей шкаф жанына барды. Сосын столда жатқан қағаздарды қараған болып мұның орнына отырды. Отыруы нық.

Осы орынға енді мен отырмағанда кім отырады деген сенім де бар секілді. Осынша басынуға, әрине, тек өлген адам ғана шыдар. Телефон шырылдай қалып еді, трубканы да батыл көтерді.

– Ол кісі жоқ! – деді бірден саңқ етіп. Арғы жақтағы дауыс «Қашан болады екен?» деп сұраған болу керек.

– Болмас, – деп трубканы лақтырып тастады да, «ендігі жерде жұртпен осылай сөйлесемін» дегендей топқа жағалай ызғармен қарады. Мекеме қызметкерлері де Әліпті мойындап төменшіктеп қалғандай. Гүлсары ғана Әліпке кербез бұрылып, орынбасардың осы сесіне ризалық белгісін аңғартты.

Осы кезде Бименнің әйелі де жеткен. Мән-жайды жол-жөнекей есітіп келсе керек, анадайдан алқа-далқа жылаған күйі өлі денені құшақтап:

– Есі-дертің қызмет еді. Осы қызмет үшін біреумен кетісіп, біреумен келісіп жүріп ақыры... қор болып қызмет орнында қайтыс болдың-ау, – деп сөйлеп те жатты.

Көпшілік денені жапырлай көтерісіп мәшинеге салды.

Өлі денемен оңаша қалған соң әйелі тағы да жылады:

– Дүниенің бәрі күйіп тұрған осындай қымбатшылық заманда да кісі өле ме екен? Ал сен өлдің. Шаруаны бітірген болдың. Енді мен не істеймін? Бала-шағаң не күн көреді?

Әйелі әрі-беріден соң: «Бізді әдейі қор етіп кеткенің ғой», – деп долылық танытып ұрысты да.

Дене үнсіз жатыр. Ол үшін енді дүние күйіп кетсе де бәрібір секілді. Сол денеден бөлініп шыққан Жан-Бимен соның бәрін көріп, тыңдап тұрғанымен етер көмегі жоқ. Бірақ ұзамады да. Тәңірі өз денесін өзіне қорытып қойғандай, бөлмеде қалықтап жүрді. Әлгінде мәшине ішінде де бірге болды. Жұрт дабырласып денені төртінші қабатқа көтергенде де соңдарынан қалған жоқ. Тек мұны ешкімнің көріп-білмегендігі ғана өзіне де, өзгеге де белгісіз, тәңірінің құпиясы еді.

Бір кезде бөлмеге келіні мен баласы кірді. Келіні енесін құшақтап сықсыңдаған болды да, баласы сұңқиып теріс қарап тұрды. Жылаған жоқ. Олардың соңын ала кірген қызы әкесінің денесін құшақтап, ебіл-дебіл жылап жатқанда, бөлмеге ақ халат кигендер енді. Олар бірден денені жүккөтергішке салып, қайтадан сыртқа әкетті. Тағы да мәшинеге салды.

Жан-Бимен өз денесінен бір елі қалысар емес. Қатар жүргендігін ешкімнің елемегендігі болмаса, бұл бәріне куә. Операция столында да, өлілер сақталатын бөлмеде де дененің жанынан ұзамады. Шағын шоғыр жерлеуге шығарып салғанда да... Өлі денемен бірге жұрттың ықылас-пейілі қоса суығандай.

Бәрі де бұған биіктен қарады. Аяды. Күрсінді. Мүсіркеді. Өзгелерді тасалап, бұған жек көріп, суық көз салғандар қаншама? Шынайы көз жасы болған жоқ. Сөздер де солай.

Әлдекіммен ұрысатындай әйелі көкбеттеніп алған. Келіні мен
баласында үн жоқ. Сұңқиып-сұңқиып әр жерде теріс қарап тұрғандары. Қызы да бұл жолы көзіне жас алмады, бірақ осы бір ойда жоқтағы іске таңданғандай өлі денеге телміріп қараумен болды.

Мекеме қызметкерлерінің жүздерінен әлдеқалай көңілділік байқалды ма-ау, немене. Әліп пен Гүлсарының қайғыда жүрміз дегендері болмаса, жүздері жарқын, көңілдері тоқ. Өліктің беті топыраққа жасырынбай-ақ бәрінің асыққан сыңайлары тағы бар. Қаралы жиын бітісімен-ақ мәшинелерін іздеп, мәшинелерін тапқан кезде шопырлары табылмай айқай-абдырау басталып кетті.

Әңгімелесудің реті бүгін келгендей, бірін-бірі қолтықтап аулаққа ұзап кеткендері де бар. Ақыры үюлі топыраққа үш қаралы гүлді айқастыра қойып келушілер түгел қайтып кетті.

Жан-Бимен енді жалғыз қалды. Өз денесін күзетіп күн жүрді. Түн жүрді. Күн қандай ұзақ еді. Түн неткен үрейлі еді. Ғұмырым аз болды деген пенденің жаны шықсын. Нысаптыға бір күн, бір түн де ғұмыр емес пе? Бір апта тіпті ұзақ кешу екен ғой.

Жан-Бимен жалғызсырады. Қорықты. Күнәларым үшін осылай еттің-ау деп құдайға жалбарынды. «Өлгеннен кейін бәрі бітеді. Одан әрі шегі, шеті жоқ тыныштық» деген сөз бекер екен. Елегізіді. Жолға қарады. Ертеңіне жаяушылап келе жатқан жалғыз әйелді көріп емексіп еді... Көрші қабірге келген әйел екен. Тізесін бүгіп отырып әуелі дұға оқып, сосын ағыл-тегіл жылады. Жылап-жылап кешкісін қалаға қайтты.

Оның ертесіне «Волгадан» түскен екеуді көріп «достарым әлде қаладағы жерлестерім болып жүрмесін» деп дәметкен. Бөтен біреулер болып шықты. Тіпті қай қабірдің басына келгендері де белгісіз. Баурайдағы көгалға отыра кетіп арақ ішуге кірісті. Қағазға орап алған нан, колбасалары бар. Арақты ішті-ішті де, екеуі сол арада әлденеге керісті. Сосын жаға ұстасып жатты. Бір кезде қайта татуласып, арақтарын сарқып құйып, стақандарын сарқып ішті де, мәшинелеріне мініп қайтып кетті. Сонан соң бұл маңайға адам баласы аяқ басқан жоқ. Қырсыққанда ешкім өлмей де қалды. Өліктің көбейіп жатқаны да ендігі жерде көңілге демеу екен.

Ол әйелін... баласын... қызын күткен. Тіпті кім де болса қарайып, қалқайып келіп, қабірінің басына тізесін бүгіп, дұға оқып жатса... Бұл бір ұлы арман екен.

Ешкім керек етпеген, іздемеген денесінен ақыры өзі де жерігендей болды. Тіпті жек көріп кетті ме-ау. «Бәсе, дүниеде жасаған жаманат, қиянаттарың тегін кетсін бе? Тәңірі ием бәрін есептеп, жіпке тізіп отыр екен де»... деп ойлады Жан-Бимен мұңайып.

Қанша күн, қанша түн өткені де есінде жоқ. Әйтеуір, бұл бір үрей мен азапқа толы кезең болды. Кенет алай-дүлей бір дауыл көтерілді де, мұны іліп әкете барды. Жерден биіктеп барады... биіктеп барады... Жеті қат аспан жолында қалды-ау шамасы. Тауы да көк... көгі де көк... Өзені мен көлі... бұлты... айнала түгел көгілдір. Сұлулығы көз қарыған осындай бір әлемнің ішіне ене бергенде... сол дауыл мұны қайтадан кері алып ұшқаны.

Сұлулық дүниесі адыра қалды. Қайтар жолы шаңды боран... Одан аман өткенде сылбыраған жауынға тап болды... Ол да айналайын екен, көресіні кісі шыдап болмас аязға кезіккенде көрді... Оһо, қайтар жолдың несін айтасың... Бәлкім, тозақ дегенің де одан жеңілдеу болар.

...Топ етіп жерге түскенде ғана Жан-Бимен есін жинап төңірегіне қараса, кәдімгі өзі ұшып шыққан жері. Шаңды боран да, сылбыраған жауын да жоқ. Айнала ай-жай, бәрінен де соңғы – кісі шыдап болмас аязды айтсайшы. «Сақтай гөр, Алла-а...».

Ал мына үй мен қора-қопсы да көзіне таныс секілді. Сөйтсе де бұл жалғыз ағасы Сүйменнің ауласында жатыр екен. Бұл қуанып кетіп, есікке қарай ұмтыла берген. Біртүрлі жүрісі өнбейтін секілді. Бағана шыққан секілді еді, әлі есікке жетіп болатын емес. Өзінше барын салып-ақ адымдағандай. Бәрібір, қолсозым жердегі есік жеткізер түрі жоқ. Табалдырыққа енді іліне бергенде үй ішінен Сүймен шыға келіп, мұны көріп қалды да, өңі суып кетті.

– Әй, мына кене қайдан жүр. Біреудің құлағына кіріп жүрер. Аулаққа апарып өлтіріп тастаңдар, – деді.

Сөйткенше болмай аяқтары серейген ұзын тұра қара бала мұны саусағының ұшына қондырып алып, қораның сырт жағына  лақтырып жіберді.

Әйтеуір, бала өлтірген жоқ. Бұған да шүкіршілік етті. Оның есесіне, өзінің кене болғанын... Тәңірім ұзақ ойланып Бименнің жанын кенеге бергенін... енді мына дүние таусылып, тіршілік біткенше кене боп қыбырлап өтетінін білді. Бойы суып, өзінен-өзі жиіркенгендей болды. Амалы қанша... Қайтадан қыбырлады. Бірақ енді үйге жолаған жоқ. Құла дүзге қарай беттеді.

«Мен өлгенде осы ағам барды ма, бармады ма?» деп ойлады бір сәт. «Көрінген жоқ қой. Бәлкім, әйелім бұларға хабар бергізбеген де шығар-ау. Одан шығады... Шығады... Араласпай кеткелі не заман. Араласпаулары да сол әйелінің кесірі».

Айтпақшы, әлгі ұзын тұра бала өткен жылы оқуға барып, құлап қайтпады ма? Оның құлауы мұның мейірімсіздігінен болды. Әйтпегенде сол ректор Бименнің бір сөзін жерге тастамас та еді. Әлде қолы тимей кетті ме, немене... Өзінің де соншалық көңілі қалған-ау. Кетерінде соқпай да кетті ғой. «Аға, осылай да осылай болды» деп мән-жайды ұғындырса, бұл әлдеқалай амал қарастырар еді. Бұйырмай тұрған іс тағы.

Ойпырым-ай, өлтіріп тастамағанын айтсайшы бәрінен де. Саусағының ұшына қондырып келе жатқаны жай кене емес, Бимен-кене екенін білсе ғой... Сақтай гөр, Алла! Үрей билеген сайын кене алға қарай ұмтыла түсті... ұмтыла түсті.

Кене тырбаңдап ұзақ жүрді. Соншалық бейнеттеніп жүрдім дегендегісі де жәй нәрсе еді. Анадай жерде әлі Сүймен ағасының үйі. Тіпті әлі алыстап жарытар емес. Ол енді адам болмайтын жер, адам жүрмейтін жол іздеді. Бірақ бұл жаһанда адам ізі түспеген жер, жол болушы ма еді, тәйірі! Ары бұрылса да, бері бұрылса да алдынан сайрап шыға келеді. Айнала шұбырған етіктің ізі... бәтеңкенің ізі. Табан жолға, сірә, жолаған жоқ. Тап қазір кене үшін дүниедегі ең үрейлі, сұсты нәрсе адамның ізі болды. Ол тіпті адамның өзінен де қорқынышты екен. Қарны да ашты. Бір қиыны ендігі жерде не жеп, не ішетіндігі де белгісіз еді.

«Құдай-ай, кене болып күн кешу қандай азап еді. Жаратушы иемнің бұдан гөрі ірілеу жәндікті де қимағанын қарашы» деп мұңайды ол, күнге күйіп, сояуланып кеткен бұталар арасындағы тереңдеу бір ізге түсіп, содан тырбыңдап шыға алмай жатып.

Бұталардың арасынан тырбыңдап шыға берген кене айдаладағы тақырда жалғыз жатқан атан түйені көрді. Түйе қаперсіз. Әлденені күйсеп, төңірегіне маңғаз қарайды. «О, шіркін, түйе болу қандай бақыт еді!» Жақындай беріп кене түйені таныды. «О, Жаратқан ием, мынау Атанбай ғой. Менен бұрынғы бастық». Менен бұрынғы демекші... Ол байғұстың ажалына себепші болған осы кене еді.

Атанбайды бұл тіпті оқып жүрген кезінен-ақ білетін. Кейіннен қызметтерін жаңа бастап жүрген шақтарда аралас-құралас та болды. Маңқиып, маңғаз жаратылған қазақ еді. Ойпырым-ай, сол ниетіне сай жаратушы да оның жанын түйеге бергенін айтсайшы.

Кене оған қызыға қарап тұрды. «Әй, сабаз... Атанбай десе, Атанбай еді-ау. Бұдан қанша жамандық көргенде, өзі бұған бір түйір қараулық жасамады. Құдай-ай, сол жамандықтарды бұл не үшін жасап еді? Қисынсыз жалаларды оған неге жапты? Сол антатқыр қызмет... Мансап... Енді соның бәрі жаман Әліпке қалған жоқ па? Ойбай-ау, оның жанында мына Атанбайлар пайғамбар емес пе?.. Пайғамбар!?»

Кене түйеге жақындай түсті. Сонда да ана жануар мұны елеген де жоқ. Күйсеген күйі иен далаға қарап маңқиып жата берді. Тіпті еледім деген күйде жерге жабысып жатқан кенені атан түйенің іздеп тауып алуының өзі... бір шөмеле шөптің ішінен сынық ине іздеуден әрі бейнет емес пе? «Айтпақшы, бұл пақыр тіршілікте де Бименді елемеу-ескермеуімен жазған жоқ па еді? Онда да сор болған осы биіктігі, осы алыптығы ғой».

Кененің әуелгі ойы осы атан түйенің сабалақ жүніне жабысып алып елсіз жерге ұзап кету еді. Қыбырлап жүріп жүнге жетіп алған соң ендігі жерде түйенің жүнсіз аппақ шабы арман болды.

«Ойбай-ау, сол жерге бір жетіп алсам, маған таптырмайтын жылы да жайлы мекен емес пе?» деп ойлады ол.

Кене шапқа жақындағаннан-ақ бір пәлені сезгендей атан түйе қимылдай бастады. Сосын асықпай орнынан тұрып, құла дүзге бет алды. Бұл кезде кене жұқа шаптың шетіне жетіп те үлгерген. Енді өзінің жарты күн қыбырлап жете алмайтын жеріне түйемен бірге аттап, бұл да құла дүзге бара жатты.

Кенеге мұнан асқан мекен бола қояр ма екен.

Атанбай бастық бұл орынбасар болып жүргенде де ол қандай жайлы еді. Талай шабуылдан аман алып қалған жоқ па бұл пақырды. О, амал-айласы көп тәңірі, енді екеуін әкеліп бұл дүниеде де кездестіруін қарашы. Мына бір қолаңса иісінің өзі қандай керемет! Ұйқысын келтіріп, жұпардай аңқып тұр емес пе? Тіпті сол қолаңсамен бірге әлдебір дәм иісі жеткендей. Сонда кенеге ас-арқау болар бірдеңенің шынымен-ақ осы арада болғаны ма?

Кене аз-кем ойланып жатып, кенет тұмсығын шаптың терісі жұқалау тұсына тығып жіберген. Содан атан түйенің қанын сорды бір... сорды бір... О, ғажап! Мұндай дәмді нәрсені кене қай дүниеде ішіп көріпті. Нағыз ғажап ас түйенің қаны екен ғой! Тоғы басылайын деді. Ал кеп сорды... Ал кеп сорды... Өзі ас әрі сусын ба, немене. Шөлі де қанды. Кененің тұмсығы жұқа шапқа батқан сайын анда-санда бір бақ етіп қойып, атан түйе тайраңдады дейсің. О, ғажап, жол қысқарды әрі бойына нәр барды. Енді қарны ашып шөлдесе-ақ, кене атан түйені іздейтін болды. Әрине, іздеп жатқаннан гөрі оның шабын мәңгілік мекен етіп алғаны әлдеқайда пайдалы ғой.

Атан түйенің шабында қанша күн жүргені есінде де жоқ. Жайлы мекен, дәмді нәр болған жерде күннің де, түннің де қалай өткені білінбейді екен. Аз-кем демалып алып, түйенің қанын ал кеп сор... Бірауық мызғып алып тағы сор-р... Бір кенені қырық жыл асырай алмаса, мұның несі атан түйе! Қанша жыл ірі басшы, талай жерде құрметті қонақ болғанда тап осындай рақат көрді ме?

Атан түйеде тыным жоқ. Тайраңдап желіп келеді. Кененің тұмсығы терең батқан сайын үні зарлы... желісі үдеп барады.

Кене кейде «қай жерге бара жатқанымызды байқайыншы» деп шаптан шығып кең дүниеге қарағысы келеді де, «Ойбай, жазым болып, сыпырылып түсіп қалармын. Жерде енді маған мұндай жұмсақ қайда?» деп шаптың тереңіне қарай тығыла түседі. «Тіпті қайда келе жатқанда, маған келер-кетер не? Жо-жоқ. Ол жерді құдай маған көрсетпей-ақ қойсын».

Осылай ойлап алады да, кене анасының емшегін ермек еткен баладай қайтадан тұмсығын түйенің жылы етіне тыға түседі. Тағы да ал кеп сор-р, ал кеп сор-р... Түйе жануар естіген жанның құйқасын шымырлатардай боздап, безіп келеді.

Ақыры жануар бір амалын тапты-ау. Бір үлкен шәріге таяй бере биік төбенің басына аялдап, тызылдаған шабы өз алдына, түлеген жүнінің орны қышып болмаған соң үй орнындай алаңқайға аунаған. Олай бір, бұлай бір жантайғанда балақ жүні мен жалпақ табанына іліккен топырақтар шабына құйылып, шаң қапқан кене жерге өз-өзінен домалап түсті де, үш-төрт аунап барып шапқа қарай қайта ұмтыла бергенде, атан түйе орнынан тұрып кеткен еді.

Кене пақырға түйені қуып жету қайда? Бұл тырбыңдап бір адым жерді тауыса алмай жүргенде түйе тайраңдап ойға қарай желіп бара жатты. «Сен қалып барады екенсің-ау» деп кенеге бұрылып қараған да жоқ.

Кене енді жан-жағына қарады. Обалы не керек, түйе мұны шалғыны белден көкорай дүниенің ортасына тастапты. Кене болып кеткенмен де, көз қарыған  көңілі толды. Осынша нудың ішінен өзіне қорек болар азық та мол табылатындай сезінді. «Мынау қай қала болды екен» деп ол кенет төмендегі жайылған қойдай бытырап жатқан шәріге телмірген. О, ғажап! Мынау өзінің Алматысы ғой. Анық сол... Кеше ғана сайранды салып жүрген Алматы. Өзі кішкентай болғанымен, кененің көздері өткір еді. Әуелі телемұнараны, сосын «Қазақстан» қонақүйін бірден-ақ таныған. Республика алаңын да аңдады. Одан әрі министрліктер, мекемелер орналасқан үйлерді де ажыратты. Қала үстіндегі көлкіген тұман түтіннен ол өзінің мекемесі орналасқан үйді де іздеп тапты.

«Жеңіл мәшинемен он үш сағаттық жерге мына түйе қалай жеткен-ей. Ойпырым-ай, дүниеде түйеден жүйрік нәрсе жоқ шығар!» деп бірауық түйеге таңданып тұрды. «Бәрінен де дәл Алматының үстінен шыққанын айтсайшы». Көңілі алып-ұшып қуанған кененің тұла бойын кенет үрей биледі.

«Анда-санда Алматыға төбесінен қарап, өткен күндерді есіме алып тұрғаным жақсы-ау. Бірақ бұл маңайда аман-есен жүрудің жайы... Саусағының ұшына қондырып алып аулаққа апарып тастайтын бала қайда бұл жерде? Кенені көрді-ақ екен, қуып жүріп өлтіреді бұл қаланың адамдары. Өкшелерімен мыжып тастайды. Және олардың өкшелері қандай десеңші. Қолдарында таяқ бола қалса ермекке түрткілеп келемеж етеді. Ойбай-ау, мен неғып тұрмын мына ашық алаңқайда. Өтіп бара жатқан адамның көзіне алдымен түсердей болып».

Кене енді тырбыңдап қалың көктің арасына қарай беттеді.

Қаптаған адам іздеріне бір батып, бір шығып, қалыңның шетіне енді жете бергенде алдынан көк сары қанат көбелектің шыға келгені. Жай көз қырын салғаны болмаса, кене әуелі оған мән бере қоймаған. Алдын орап ұшып, кетпей қойғанда барып таныды. Бұрынғы секретаршасы – Бөпетай.

О, ғажап, мұндай да кездесу болады екен-ау! Қарауында екі жыл істеді ме... әлде үш жыл. Әйтеуір, марқұм қыз осы кененің... Бименнің кесірінен бесінші қабаттан құлап өлді ғой. Ой, өзі де қызбалау қыз еді-ау. Еркелеп, еркелеткені ше? Оһо, Бименнің сан рет құмарын қандырған Бөпетай ғой бұл. Ол өлген соң көңілі қандай құлазып жүрді десеңші.

Енді лып етіп шыға келіп, алдын орап ұшып жүргенін қарасайшы. «Бір-біріне етене қатысты адамдар, жақын туыстар о дүниеде қайта ұшырасады» деген сөзді құлағы шалып еді. Рас екен-ау... О, құдіреті күшті Тәңірі!».

Күтпеген жайға таңданып әрі есі кетіп кене бір сәт тұрып қалған. Көбелек –Бөпетай әлі ұшып жүр. Бір оңға, бір солға бұрылып, кейде жоғарылап, сосын құлап, төмендеп ұшқаны қандай сән еді. Ана тіршілікте де осындай әсем қылықтарымен мұның есін шығарды емес пе? Жүргені де, күлгені де жүзін төмен салып, алдына келіп тапсырма алып тұрғаны да мұның бойын баурап, еліктіріп, еліттіріп әкетуші еді-ау. Әуелде «дегеніңе көнбеймін» деп шоршып, шошып, осы ұшып жүргеніндей оңға бір, солға бір бұлтыңдап, қашуын қашты-ау. Бірақ қашқанды қояр Бимен бар ма? Күндердің күні болғанда бүрді ғой аш белінен. «Алда айналайын, Бөпетай-ай! Балапандай шырылдап, шырқырағаныңды қайтейін. Бота көздерің мөлтілдеп жылағаныңды қайтейін...».

О, Бименнің уысында қанша қан, қанша күнә бар. Оның жанын кенеге бергенде құдай көрмей-білмей отыр дейсің бе?..

Алдын орап толқып, қалқып ұшып жүріп көк сары қанат көбелек ақыры ұзап кетті. «Тіршілікте пәк, нәзік адамдардың жанын құдай да әсем мақұлықтарға береді екен-ау?» деп ойлады кене әлі де ұзап кеткен көбелекке қызығып, оны тағы да көргісі келіп іздеп, көңілі елеуреп тұрып.

Ол тырбыңдап алға жылжи беріп, кенет қалт тоқтады. Мұның саяжай тұрған төбенің қарсы бетінде ерекше мәнермен салынған үш қабатты үй бар еді... Иесі марқұм төртінші қабатын бастаймын деп жүріп құлап өлген. Сол үй көзіне оттай басылғаны. «Құдайым-ау, шынымен-ақ мына төбе... Сол болғаны ма?» деп, таңданып тұрып қалың шөптің арасынан төмен қараған... Төмен қараған себебі өзінің саяжайын іздеді. Ырғалып біткен қалың нудың арасынан бірдеңе көремін деп дәмету де далбаса еді. Дүниенің бәрі бұл үшін биік. Төмені аяғының астындағы жер ғана. Ақыры бір амалын тапты-ау... Тырбыңдап жүріп шым кесектің үстіне шыққанда ойдағы өзінің саяжайы менмұндалап, айқайлап шыға келгені. «О, тоба-а, мұндайда қызық болады екен-ау».

Кене қуанды. Қуанғаны «Ендігі жерде осы саяжайдың маңайында-ақ күн кешуіме болар. Ақыры үй ішінен мұнда кім келіп жарытар» деген ой келген.

Осы бір қуаныштың жетегімен саяжайына қарай тырбыңдап, беттей берді де, кенет тоқтай қалды.

Үйінің алдына өзінің соңғы үш жыл мінген ақ «Волгасы» келді. Артқы есігінен әуелі қызы түсті. Сосын Әліп... «Волга» қайтадан кетіп қалды. Қызы жанында тұрған Әліптің мойнына асылып, құшақтады. Тіпті бетінен сүйді ме, немене... Сосын Әліп қызды сәбише көтеріп алып үйге беттеді...

Кененің тұла бойы мұздады. «Демек Әліп» деп ойлады ол алдымен өз қызметінің соған тигеніне шек келтірмей. «Ал мына қызбен... Шофер сол Жантай ғой... О, опасыз дүние...» «Биеке, осы қыздың бір шаруасы менің-ақ мойнымда болсын» деп зыр жүгіріп жүріп оқуға түсіріп еді. Бірер емтиханы сәтсіз болғанда, мұны әуре етпей түзетіп қайтқан да сол... «Биеке, осы қыздың бір шаруасы менің-ақ мойнымда болсын дедім ғой. Қызметке де орналастырамын... Сірә, күйеуді де өзім таңдамасам болмас» деп әзілдегені бар-ды осы қыста қызының туған күніне жайған дастарқан үстінде.

Соны айтқан Әліп... Бұрынғылар «тіршілікте көрген бақытың мен қасіретің бірдей болады. Тәңіріңнің таразысы тең» деп жатушы еді. Шынымен-ақ.

Саяжайын паналау туралы жоспары адыра қалған кене амалсыз қыбырлап кері бұрылды. Бірақ ендігі беталысы бәлендей мақсатты да емес-ті. Әйтеуір, осы төбенің арғы баурайының бос жатқанын білетін. Бәлкім, сол жақта-ақ күн кешіп...

Ойда жоқта төбеден құйылып кеп, жер бауырлап ұшқан бүркітті көріп зәресі ұшты. «Бұл маңайда бүркіт болушы ма еді?» деп бірауық қайран қалды. Биікке кеткен алып құс құлдилап кеп қайтадан дәл кененің үстімен ұшты. Бүркіт соншалық сұсты еді. Көздері де от шашып тұр екен. «Бұл менің әкем болмасын» деп ойлады кене. Бүркіт болардай да мінезі бар кісі еді. Адамды бетіне қаратпайтын қатал әрі әділ еді-ау. «Сол болды. Менен туған баланың кенеге айналғаны рас па, өтірік пе» деп... көріп барып көз жеткізген болар. Қайтып бұған жолаған жоқ. Биікке самғап, көк аспанға сіңіп кетті. Қайда бет алғанын да кене аңдай алмады.

Қалың шөптің арасымен жылжып бара жатып ол жақын маңнан көкектің үнін естіді. Бұрын көкектің үніне мән беріп көріп пе? Сөйтсе, оның да үні соншалық мұңлы, қасіретті екен-ау. Тіпті ол кененің тағдырына егіліп жылап отырғандай сезілді ме, немене.

Кененің бір сәт денесі дір-р етіп, «Бұл менің анам болмасын» деп ойлады. «Марқұм тіршілікте де өз-өзінен мұңайып, арман-дертін ашып та айтпай бөлектеніп отыратын. Сол... Осы көкек анық анасы болып шықты. Тәңірінің құдіретімен мына қыбырлаған кененің өз перзенті екенін біле қойып... сұңқылдаған дауыс соның қасіреті ғой».

Кененің өзі де ауыр ойдан жүре алмай қыбырлап қалды. Далбасалағаны ма, бір тал бидайықтың түбін айнала бергені.

«Тәңірге жазсам жазған шығармын. Бірақ жұрттан алабөлек не жасап, не бүлдіріппін?.. Мен де жұрт жүрген жолмен жүрдім. Үзеңгілестерім жасаған істі істедім. Заманнан жұққан мінез, пейілден де құралақан қалмаған шығармын. Тәңірім пенделерін сол үшін жазғырса, бір дүниеден екінші дүниеге кене боп қыбырлап қайтқан жалғыз мен болмаспын».

Кене өзі мойындаған белгісіз күш алдында ақталғысы келгендей аңтарылып тұрды. Қыбырлап алға жылжыған болды. Бірақ құлаштап ұмтылғанда өнбейтін жүрісін қазір бір орнында тапжылмай тұр десе де жарасар еді.

Көкектің үні әлі басылар емес. Анасы марқұм өзін-өзі тоқтата алмай ұзақ жылайтын. Мұң-сырын пендеге алдырмайтын әкесі еді ғой, сабаз... Сол әдетінен тағы да танған жоқ.

Кене бір сәт «әкемді көріп қалар ма екенмін» деп көкке қараған. Бірақ бүркіт көрінбеді. Өзара әлденеге таласқан, керіскен құстар ғана топ болып шуласып жүрді. Қыбырлап-жыбырлап ол баурайға құлай берген. Карны да ашып титықтады. Жабысып алып бұйығып жата беретін атан түйенің шабы мен жылы қанын аңсады. Бірақ енді алдынан шыға келер түйе қайда? Әлдебір мақұлықтың құлағына кіріп алып қайтып шықпай қойса ше?

Бұйырмайтын қиялмен келе жатып ол қарсы алдынан өзіне қарай қаптап келе жатқан көп кенелерді көргені... Қаптағанда... кұдай-ау, жер-дүние толған кене екен дерсің. Өзі сияқты олардың жүрісі де қыбыр-жыбыр. «Бұлар неден қашып келеді?» деп кене ой жаққа қарап еді, түтіні будақтап баурайды өрт жалап жатыр екен. Өрттің ар жағында шуылдасып кәдімгі адамдар жүр. «Оһо, мыналардың қашатындайы бар екен ғой» деп ойлады кене өзі де бұрыла беріп. «Мынадай өрттен қалай қашпассың. Әсіресе адамдарды айтсайшы. Олар әрі-беріден соң өздерін-өздері өртеп жатқандар ғой... кенелерді аямақ түгілі. Өздерінің дауыстары шаңқылдап жатыр. Жерге таласып жатқаннан сау ма екен деші...».

Кене өзінше өрге қарай қатты тырбаңдап келе жатып, «бұл баурай да саяжайға берілген екен. Әлгі түйе жайрағырдың мені құла дүзден әкеліп, Құдайдың тар жеріне тастағаны бар-ау?» деп бірауық ренжіді де, сосын өзін-өзі жұбатқандай болды. «Өзі... кенелер тіпті көп екенбіз-ау». Ол жан-жағындағы бірін-бірі басып кетердей қаптап келе жатқан кенелерге тоқ бейілмен қарады. «Ойбай-ау, біз әлі де көбейе түсеміз ғой. Әлгі Әліп, Гүлсары, Жантайлар кене болмағанда не болар дейсің. Өзінің әйелі де бар екен ғой. Тіпті жер-дүние кенелерге толып кетпесе деші... Қызы да ойына түскен. Бірақ кене оны бұл топқа қосқан жоқ. Оны тым болмағанда көбелек болып кетсе екен» деп тіледі.

Кене біткен пырдай шашылып, биікке беттеп барады. Көкек үні әлі сұңқылдап тұр. «Сорлы анам несіне егіле береді екен, болар іс болды ғой» деп ойлады ол.

Бүркіт қайтып көрінген жоқ. «Көңілі қалса жібімейтін, иілмейтін өжет мінезінен танбағанын қарашы жарықтықтың».

Abai.kz

0 пікір