Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Алашорда 11135 6 пікір 30 Желтоқсан, 2021 сағат 18:12

Ұлт зиялылары ұрпақ тәрбиесі туралы не деді?

Ұлт зиялыларының балаларды ерте дамыту тұжырымдары

Қазақ халқы бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Бала қамын ерте жастан бастап ойлау, бала тәрбиесіне аса мән беру білімді және тәрбиелі ұрпақты қалыптастырады. Қазақ халқының бала тәрбиесіне ерекше мән бергендігі талантты жандардың көптеп қалыптасуына жол ашса керек-ті.

Қазіргі жаһандану қарқыны үдеген уақытта бала тәрбиесіне қатысты ұлттық ұстанымдардың осалдау болып тұрғаны да шындық. Ұлт ұстазы атанған Ахмет Байтұрсынұлының «Баланы ұлша тәрбиелесең – ұл болмақшы, құлша тәрбиелесең – құл болмақшы»,-деген даналығы да бар.  Ата-бабаларымыз өскелең ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, ұлттың болашағы ретінде бағалаған.

Бала тәрбиесіне ерте жастан мән беру арқылы тұлғалану процесі қарқынды жүреді. Сондықтан да, халқымыз еңбексүйгіштік, қиыншылыққа төзе білу, ел намысын қорғау, ата тегін білу, сөзді қастерлеу, тапқырлық пен алғырлық, салт-дәстүрді бұзбау, жасы үлкенді сыйлау, кішілерге қамқорлық көрсету сынды құндылықтарды бала бойыне ерте жастан сіңірді.

Қазақ жерінде болған саяхатшылар, зерттеушілер қазақ халқының тұрмысы мен салт-дәстүрлеріне қызығушылық танытып, бала тәрбиесіне қатысты өз зерттеулерінде маңызды жазбалар қалдырған.

Мәселен, 1865 жылы жарыққа шыққан Л.Мейердің «Материалы для географии и статистики России. Киргизксая  степь Оренбургского ведомоства» еңбегінде орыс ғалымы Н.Я. Зеланд қазақтар туралы: «Қазақтар сергек кең пейіл. Жүзі жарқын, мейірімді. Тез қабылдағыш, сабырлы. Жүйке жүйесі мықты. Өйткені, оның барлық ойы ізгілікке, бақытқа негізделген. Адалдық, уәдеге тұрақтылық, қонақжайлылық, сана саулығы, қиындық бөгеттерге төзімділік ерекше көрінеді. Қаталдық пен кекшілдік қазақ психологиясына тән емес, бұл  халық  өте бейбітсүйгіш, оған ұзаққа созылған қырғиқабақтық жат»- деп жоғары баға берген[1, 20].

Зеректік пен ойшылдыққа, тапқырлық пен батырлыққа баулу ерте жастан басталған. Қазіргі таңда осы бір өзекті мәселеге ерекше мән беру керек. Қорқынышты  нәрселерді есту, көру (қатыгездікке толы ойындар), не болмаса баланы қорқытып тәрбиелеу баланың табиғатына қайшы нәрсе. Жүйке жүйесіне сызат келтіріп, ойы мен сана саулығына зиян келтіреді.

ХХ ғасырдың басында ұлт зиялылары Н.Құлжанова, М.Жұмабаев, А.Байтұрсынұлы және Ж.Аймауытұлы еңбектерінде баланы ерте дамыту мәселелері мен жеке тұлға тәрбиесіне қатысты терең ғылыми ой-пайымдаулар айтылады. Нәзипа Құлжанова ұлттық педагогиканың, оның ішінде мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеу мен оқыту саласының дамуына сүбелі үлес қосқан көрнекті педагог.

Н.Құлжанованың 1928 жылы Орынбордан басылып шыққан «Мектептен бұрынғы тәрбие» еңбегінде баланы ерте жастан тәрбиелеу жолдары, баланың жан-жақты жетілуі, анық сөйлеуі, қабілетін, бейімділігін ашу туралы жазылған. Н.Құлжанованың осы еңбегіне арнайы қалам тербеген А.Байтұрсынұлы бала табиғаты туралы былай дейді: «Бала табиғаты нені сүйеді? Бала табиғатының сүйетіні: жүру, жүгіру, ойнай жүре бір нәрсені шұқынып істеген болу. Баланың ойыны қайсы, «жұмысы» қайсы, айыруға болмайды. Ойын үстінде сөйлеседі, таласады, тартысады: ойын үстіндегі өнерлері ойынынан ойын шығарады, неше түрлі ойыншықтар жасайды. Бала тәрбиесіндегі негізгі мақсат –  баланың бетін жасынан түзеп, дұрыс білім, жақсы әдет, көркем мінез, таза қылық үйрету» [2, 17]. Баланың өз бетімен құмарынан шығып ойнауына жағдай жасау керек. Таласып-тартысса оны көркем мінезбен жеңдіруге әуестендіру қажет. Ұлт ұстазы айтқан «дұрыс білім, жақсы әдет, көркем мінез, таза қылық үйрету» ата-ананың бейнесінен бастау алады. Бала ата-анасының болмысын, бейнесін қайталайды.

Халық педагогы Н.Құлжанованың «Бала өне бойы еркін ұнатқан нәрселерін шұқылап отырып, бұрап сындырып, мүшелеп әбден танып, қайта салыстырып, соны өзі жасамақ. Һәм жасайды да. Бұл-баланың тағы бір артықша қасиеті, зерттеп тану құмарлығы. Бұл – жан-жақты жайнаған дүниені танып, өзі де жасауға кірісу үшін жаратылыстың көкірегіне әуелден құйған құмарлығы, бұл қасиетін танымайтын надандар «Тиме!», «Сындырасың»,  «Шықпа жығыласың»,  «Таста, бүлдіресің», «Үстіңді былғайды», «Әрі жүр, басымды ауыртпа!» деп зарлаумен баланың алайын деп отырған қанша білімін тағы да тамырын қияды»- [2,30] деген пайымдарының  тағылымдық мағынасы зор. Балаға қойылатын орынсыз шектеулер баланың табиғи дамуын тежейді. Жалтақ, қорқақ қасиеттерге жетелейді. Нәзипа Құлжанова одан әрі «Мектеп жасына толмаған бала не үйренеді?.... Әрине, бала балабақшасыз да, мектепсіз де өсіп адам болады ғой. Бірақ бала бақшаның тәрбиесін көрмеген бала көп білімнен, көп жақсы әдеттерден  құр қалады. Кейде сол білімдерге өмір бойы жете алмайды. Мектепке дейін бала оқымайды деу –зор қате. Мектептен бұрын үйренген білімдері кейін мектепте оқып білгендерінен  көп артық мағыналы болады »- деген қорытындылар жасайды. [2,28].

Ал, «Халқыма деп іс қылдым» деген еңбегінде мектепке дейінгі балалардың жас ерекшелігіне, бала тәрбиесінің ішінде, жан тәрбиесіне ерекше көңіл бөлінген. Үш жасар баланың танымдық әрекеттерінің тынымсыздығын сипаттай отырып, «... үш жасардың мінезі, сөзінің түбі жоқ. Айтқанды тыңдауға тынымсыз, сөзбен жағалас жүреді. Нәрсенің бәрін білгісі келеді. Тапқан заттарының бәрін ойын қылады. Ойын оның тіршілігі. Төңіректегі нәрседен өзіне қызықты ғана көзіне түсіп, ықылас тартады»-дейді. [3,68].  Баланы ерте дамытуда жас ерекшелігіне, ойынның атқаратын рөліне назар аудару керектігін тұжырымдайды. Ойын баланың тіршілігі деген тұжырымның үлкен мәні бар. Ойын арқылы бала көптеген адами қасиеттерді өне бойында қалыптастырады.

Мағжан Жұмабаев «Педагогика» еңбегінде: «Мұхамбет пайғамбар: «Сөзді әрбір адамның  ақылына қарай сөйле»-депті. Сол айтқандай, балаға тәрбиені өзінің шамасына, жаратылысына қарай беру керек. Жас бала жас бір шыбық, жас күнде  қай түрде иіп тастасаң, есейгенде сол иілген күнде қатып қалмақ.Теріс иіліп қалған шыбықты артынан түзеймін десең, сындырып аласың. «Баланы –  бастан» деген сөздің мәнісі осы»,-деп атап көрсетеді. [4,145].   Осы айтылған ойлардың астарында қаншама мағына жатыр. Қазіргі таңда, жаһанданудың қарқыны үдеген уақытта, ата-аналардың жұмыс басты болып, бала тәрбиесімен қарқынды айналысуына шамасы келмеген уақытта арбір ата-ананың есінде болар даналық. Демек, балаға тәрбиені жаратылысына сай беру керек.

М.Жұмабаев баланың қиялының, ойлауының дамуында ойынның атқаратын рөліне ерекше мән берген. Баланың ойлауы туралы: «Адам ойлау арқасында  ғана заттармен көріністердің аралығындағы байламды белгілеп, оларды бар қылған  себептерін табады. Келешекте  оларға ие  болатынын ойлап шығарады, келешекті болжай алады. Қысқасы, ойлай білетін  адам шын мағынасымен адам», -деген. [4,111].   Баланы ерте жастан дамытуда жан мен дененің дұрыс қалыптасу жолдарының ұлттық негіздерін ғылыми тұрғыда  тұжырымдайды.

Сонымен қатар, М.Жұмабаевтың ғылыми тұжырымдарында баланы ерте жастан батырлыққа, батылдыққа, тапқырлыққа  тәрбиелеу жолдарын ұсынады. «Педагогика» еңбегінде: «Баланы қорқытпай ер қылып өсіру үшін оның денесін һәм жанын сау, берік қылып тәрбие қылу керек. Алдымен баланы ешбір уақытта қорқытпау керек»- деп [4, 121], баланы қорқыту, үркіту арқылы тәрбиелемей мейірімділікпен, төзімділікпен, әсемдікпен тәрбиелеу жолдарын ұсынады. Бұл мәселе қазіргі күні де тым өзекті. Қазіргі таңда техниканың қарқынды дамыған заманында балаға түзу тәрбие беру ісі  маңызды. Теледидар алдында баланың ұзақ отыруы (қандай мазмұндағы сюжеттерді көріп отырғандығына ерекше мән беру керек), телефонға көбірек қарап ойынмен әуес болуы бала тәрбиесіне қауіпті жағдайлар. Мейірімге қанбаған бала мейірімсіз болады. Теледидар мен телефон ата-ана мейірімін, тәрбиесін бере алмайды. Қазіргі күні жасөспірімдер арасындағы қатыгездік түрлерінің артуы да, немесе өз-өзіне  қол жұмсаудың көбеюі де осы себептерден боса керек-ті.

Бұрынғы ата-әжелердің тәрбиесі - бала тәрбиесінің алтын қазығы. Жыр тыңдап, ертегі тыңдап өскен бала батыр болған. Бұрынғы замандарда адамдардың барлығы дерлік батырлық қасиеттерді иеленгендігінің түп себебі де осында жатса керек-ті. Батырлық қасиет міндетті түрде соғыста қана көрінбейді. Сөзінде, уәдесінде тұру, екі сөйлемеу, мәрттік, жомарттық, қайырымдылық сынды өзге де адами қасиеттер батырлықтың белгісі.

Мағжан Жұмабаев ертегінің баланың қиялына қанат бітіріп, ойлауға, сөйлеуге әсерінің зор екендігін жаза келіп, «Жан тұрмысы өркендеу үшін, яғни ойы, ақылы кеңейіп, құлқы түзеліп, тілі баю үшін жас балаға ертегі тым қымбат нәрсе. Бала ертегіні жан-тәнімен тыңдайды»-деп ой түйіндейді. [4, 95].

Сонымен, қазақ халқы ата-әже, әке-ана институттары арқылы бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп,  баланың дұрыс жетілуіне қамқорлық жасаған. Осы бір өзекті мәселе ғасырлардан ғасырларға жалғасты. Тек қана  бодандық бұғауында болған уақытта ұлттық тәрбиеге сызат түсті. Халқының жанын түсінген зиялылар баланы ерте жастан дамыту мәселелеріне ерекше назар аудара бастады. ХХ ғасырдың басындағы Ұлт зиялыларының ғылыми зерттеулерінде ерте дамыту арқылы баланың жеке тұлға болып қалыптасатындығы айқын дәлелденді. Олардың  баланы ерте дамыту туралы зерттеу қорытындылары бүгінгі уақытта да өзекті. Ерте дамыту деп баланың туғаннан бастап мектепке барғанға дейінгі дамуын айтамыз.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт  Тоқаевтың 2020 жылғы 27 мамырда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында берген тапсырмасын іске асыру мақсатында 2021 жылғы 15 наурыздағы ҚР Үкіметінің №137 қаулысымен «Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды дамыту» моделі бекітілді. Модельдің  25-тармағында «Тәрбиелеу мен дамыту ерте балалық шақтан басталады, бұл ғылыми тұжырымдармен дәлелденген. Балаларды тәрбиелеуде отбасындағы жайлы жағдай, ата-аналардың моральдық қасиеттері зор маңызға ие. Сондықтан, балаларды дамыту мен тәрбиелеу үшін отбасы мен мектепке дейінгі ұйымның күш-жігерін біріктіру қажет»-деп атап көрсетіледі. Сонымен қатар, 26-тармақта «Бірге ойнау дағдыларын, еңбек әрекеті дағдыларын, тазалықты, тәртіптілікті, ұйымшылдықты, ойлауды, қабылдауды, сурет салуды және басқа дағдыларды меңгерту ойын нысанында іске асуға тиіс. Ойын – баланың негізгі  әрекеті және дамытудың негізгі құралы»-деп тұжырымдалған [5,8].

Баланы ерте дамыту жеке тұлғаны қалыптастырады. Кемел адам өзінің айналасына, қоғамға, одан қалды күллі адамзатқа ізгілік әкелуші. Ұлттың болашағы – тәрбиелі әрі білімді жастар. Әл-Фараби ғұлама жазып кеткендей: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың – қас жауы»

Сарсембина Бақыткүл Қуандыққызы

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Ж.Н.Сабирова М.Жұмабаевтың психологиялық көзқарастары: Монография.-Атырау, 2008.-125 б.
  2. Н. Құлжанова Шығармалары: (мақалар. очерктер, педагогикалық ой-пайымдар, аудармалар) – Алматы: «Ана тілі» баспасы  ЖШС., 2014.-384 б.
  3. Н. Құлжанова Халқыма деп іс қылдым.-Алматы: Рауан, 1996.-268 б.
  4. М. Жұмабаев Шығармалары 2-том: Алматы: Жазушы.2013.-376 б.
  5. Мектепке дейінгі      тәрбиелеу      мен      оқытуды      дамыту моделі /https://adilet.zan.kz/kaz/docs/P2100000137

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036