Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Жыл қорытындысы 6605 25 пікір 30 Желтоқсан, 2021 сағат 18:48

Сиыр жылы: Ресей мен Қытай қысымы артты

Қазақстан індет жайлаған, алпауыт мемлекеттер арасындағы мүдде қақтығысы ашық алаңға шыққан тағы бір жылды, сиыр жылын өткерді. Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына қиындықсыз жеттік деп айта алмаймыз. «Маңғаз» деп сипатталатын сиыр жылынан мүйізделіп шықтық. Корона вирус өкпеден қысып, тынысымызды тарылтқан сын-сағатта демеу болудың орнына батыспен ашық айқасқа шыққан екі құдайы көршіміз: Қытай мен Ресей бізге де мінез көрсетті.

Тосыннан келген обаны жеңудің жалғыз жолы вакцинациялау екені мәлім болғанда екі көршіміз өркениетті елдердің алдын орап, едел-жедел өз вакцинасын шығарды. Біздің билік елден бұрын мойындап, қолдау көрсетті. Миллиардтарға сатып алды. Сонда да жақпадық. Ектіргеніміз өз вакцинасы болсада, солтүстік көршіміз біздің екпе сертификатымызды танудан бас тартты. Отыз жыл мұнай, газ, уран қатарлы табиғи байлығымызды тоннолап әкетіп жатқан шығыс көршіміз де корона вирусты сылтау қылып, отандық кәсіпкерлердің ауылшаруашылық өнімдерін кіргізуге тосқауыл қойды. Билік вакцина айналасындағы дауды сейілткісі келді ме, жоқ, қауіпсіздікті басты назарда ұстады ма, жыл соңына қарай Американың мақтаулы файзер вакцинасын сатып әкелді. Сөйтіп көп векторлы саясат вакцина мәселесінде де толық көрініс тапты.

АҚШ-ты айыптаудан жалықпайтын қос көршіміз Трамп бастаған миссияны (Ауғаныстаннан әскер шегіндіру) Байден жүзеге асырып, орай күтіп отырған Тәліптер қайтадан билікке келгенде, Америка билігін «уәдесін соңына дейін жеткізбеді, жауапкершіліктен қашты», деп сынады. Оның мәні мынада еді: Буш үкіметі 2001 жылы бастаған халықаралық терроризммен күрес соғысының пайдасын екі көршіміз көрді. АҚШ орнатқан орта азиядағы тыныштықты экономикалық, әскери пайдасына жаратты. АҚШ әскері Ауғаныстаннан шығып кеткен соң, сансырап қалды. Біріккен ұлттар ұйымы «террористік ұйым» деп таныған Тәліптерді екеуі алма кезек қонаққа шақырып, ала шапқын болуының сыры сонда жатыр. 2019 жылы Сирияға жиһадқа барған бауырларымыздың жетімі мен жесірін елге әкеліп, «Қазақстан Сириядағы лагерлерден отандастарын қайтарған бірінші ел» деп, «жусан операциясының» мақтауын асырып едік. Шариғат заңымен жүретін билік (Талибан) іргемізден бой көтерді. Сақал, хиджап, балақ, ақида мәселесі тағы да өзекті тақырыпқа айналды.

Кейінгі кездерде пандемиямен бірге тағы да сол терістік көршіміздің анау-мынау емес, белді саясаткерлерінің елімізге мәдени, ақпараттық шабуылы жаңа қарқын алды. Территориямызға, елдігімізге күман келтіре бастады. Биліктің содан сескенген түрі ме, түбі бір түркі, бауырлас ағайындармен қарам-қатынысты күшейтуге ұмтылды. Түрік кеңесі ұйымына мүше болдық. Әрине әрқандай ұйымның құрылуына мәдени, саяси ортақтықтар негіз болатыны түсінікті. Түбі бір бауырлас ұлттардың бірігуінің алғы шарты ортақ әліпби қолдану екені белгілі. Бауырлас Өзбекстан, Әзербайдан тәуелсіздігін алғаш жариялай сала отарлықтың символы болған орыс әліпбиінен бірден бас тартып, латын әліпбиіне көшіп, түркі бірлігін ту еткен жаңа ұйымға алғы шарт әзірледі. Біздің билік керісінше Ата Заңымызды қабылдаған күннен бастап, орыс тіліне ресми тіл статусын берді, латын әліпбиіне бір жолата көшуді жақын келешектің еншісіне қалдырды. «Қазақ тілін саясиландырмайық, байыпты болайық, орыстың үлесі азайып, санымыз көбейгенде, мәселе өз-өзінен шешімін табады», деп сендірді. Ресей президенті Путин мырза жақындағы баспасөз жиынында: «Қазақстан – орыс тілді мемлекет», деп мәлімдеді. Биліктің 30 жыл дәріптеген «сарабдал саясатының» кімнің пайдасына жұмыс істегені соқырға таяқ ұстатқандай анық болды.

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында АҚШ билігінің бастамасымен «Демократияны күшейту, диктатура мен сыбайлас жемқорлықты жою, кісілік құқықты сақтауды» мазмұн еткен демократияны қайта гүлдендіру саммиті өтті. Әлемнің 110 еліне сауын айтылған ұлы жиынға біз «әскери держава», «аспан асты елі» деп дәріптейтін екі дөкей көршіміз шақырылмады. Арасында бізде бармыз. «30 жылда әлем танитын мемлекет құрдық» деп күпінгенімізбен өркениетті елдердің біздің саяси жүйемізді демократия санатына жатқызбайтыны мәлім болды. «Бас кеспек болсада, тіл кеспек жоқ», «қарнымның ашқанына емес, қадырымның қашқанына налимын», «малым – жанымның садақасы, жаным – арымның садақасы» деп өткен ата-баба аруағынан ұят болды. Путиннің келмеске кеткен Кеңес одағын қайта құруды көксеп отырғаны, Қытайдың әлемдегі нөмірі бірінші экономикалық державаға айналудай айқын мақсаты бар екені, Иран мен Тәліптердің ислам халифатын құрғысы келетіні айтпасада түсінікті. Ал біз ше?!

30 жыл дін қудық, ұлттық идеология жасай алмадық. 30 жыл ақша қудық, Тәуелсіз ұлттық өндіріс құра алмадық. 30 жыл дау қудық, қордаланған ұлттық мәселелерді шеше алмадық. 30 жыл той қудық, өткенімізге, бүгінімізге ой көзімен қарай алмадық. Қуатты ел болудың басты талаптарын жүзеге асыра алмадық.

Қорыта айтқанда малымыз жұттан қырылып, халқымызды індет, қымбатшылық қысып, билікті көршілеріміз желкелеп, сиыр жылынан көтерем тоқтыдай сүйретіліп әзер шықтық.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

25 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036