Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Ғибырат 5670 4 пікір 31 Желтоқсан, 2021 сағат 14:59

Ол бізге нағыз жанкүйер болған аға еді

Тәуелсіздікпен бірге Ұлы көштің де басталғанына 30 жыл толып отырған бүгінгі күндей атын сағынышпен еске алатын бір тұлға бар.

Ол – қазақтың көрнекті жазушысы Дидахмет Әшімханов. Біз Дидаш ағаны арғы бетте жүрген кезімізде білдік. «Табағатай» журналында жарияланған «Жоқ, олай емес!» атты тұрпаты бөлек әңгімесімен «Дидахмет Әшімханов» деген жазушы біздің жүрегімізге мәңгі орнап қалды. Міне, содан бері отыз жылға таяды, біз сол әңгімені әлі ұмытқан жоқпыз!

Азаттықтың ақ таңы атып, Тәуелсіздіктің көк туы көгімізде желбіреген сол бір қуаныштың үстіне қуаныш қосылып жатты – дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашылған қазақтар аттың басын Атажұртқа бұрып, елге ел қосылды. Ажырап қалған ағайын қайта қосылды, шетте туған қазақтың табаны қасиетті қазақ жеріне тиді...

Сол жылдары алыстан оралған сол ағайынға деген ниет те, көзқарас та ерекше еді.

Алдымен, 1990 жылы 25 қазанда Салық Зиманов, Солтан Сартаев, Қайрат Сапарғалиев, Сабыр Қасымов бастаған заңгер тұлғалар жағынан жазылып қабылданған Қазақ Советтік Социалистік Республикасының «Мемлекеттiк егемендiгi туралы» декларациясына «Қазақ ССР-і Республикадан тыс жерлерде тұратын қазақтардың ұлттық-мәдени, рухани және тiл жөнiндегi қажетiн қанағаттандыруға қамқорлық жасайды» деп жазып қойған екен;

Келесі жылы – 1991 жылы 11 қарашада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  Қазақ КСР Министрлер Кеңесіне «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақ КСР-інде қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» №711 қаулы шығартыпты;

1991 жылы 31 желтоқсанда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев  «Қазақ радиосының» эфирінен Өзі сөз алып, «Алыста жүрген ағайындарға ақ тілек» атты атақты Жолдауын жариялады...

Демек, осылай мықты дайындықпен басталған Қазақ көшінің қарқыны қатты болды. Атажұртқа оралған ағайынның алдынан әркім әр түрлі жолмен шығып, құшақ ашып жатты.

Атажұртқа оралған ағайынның шоғыры көбейіп, бір қауым ел болған 2000 жылдары «Хабар-2» арнасынан жарты сағаттық «Отан – Оралман» атты бағдарлама ашылып, оны жазушы Дидахмет Әшімханов ағамыз тікелей эфирден жүргізе бастады.

Телеарналар ренжімесін, мен қазірге дейін «Отан – Оралмандай» сапалы бағдарлама көрген емеспін. «Енді кім шығар екен, қандай әңгіме болар екен?»-деп, біз оның әр шығарылымын күтіп отыратынбыз. Бағдарлама басталған сәттен бастап, экранға тесіліп отырып, тапжылмай көретінбіз.

«Отан – Оралманның» қанша жылға жалғасқаны есімде жоқ, бірақ Дидаш аға бес құрлықтан оралған қазақтың сорпа бетіне шығарын қалдырмай сұхбатқа шақырды. Қандастарымызға қатысты жылт еткен жаңалықты қалт жібермей жұрт назарына ұсынумен болды. Қазақ көшінің жетістігі мен жетпей жатқан тұсын сол барысты басынан кешірген тұлғалардың аузымен түгел айтқызып отырды.

Жаңа аталған бағдарламаның сапасы туралы айтып қалдым ғой. Иә, барлық нәрсенің сапасы жоғары болу керек. Ол әр дәуірде, әр мезгілде әр түрлі болуы мүмкін.

Ал, «Отан – Оралманның» біздің жүрегімізден өшпестей орын алып, осы күнге дейін ұмытылмай келе жатуының бір ғана себебі бар.

Ол – жүргізуші Дидахмет Әшімханов ағамыздың ақжарма пейілінің жарқырап көрініп тұратындығы еді. Сұхбатқа келген қонағына деген ықыласы  бөлек еді. Бір адамға қойған сұрағын екінші адамға өмірі қайталамайтын. Тіпті, ол азаматпен бұрыннан етене таныс, сыралғы достай сөйлесетін. Жүрегіне ендеп  кіріп, іші-бауырын түгел ақтарта білетін. Эфирге әр салада қызмет етек әр түрлі адамдар шақырылады. Соның бәрін аспандатып таныстырып, мерейін асырып, көңілін толқытын әкететін.

Кейде бағдарламаға шыққан қонақтар өкпесін ақтарып, «Бізді келімсек деп, кемсітіп жатыр» немесе «Бізді Бәленбай Түгеншеев өйтті-бүйтті...» деген сөздер айтып жатады. Кесіп-пішіп, монтаждап жіберетін емес, тікелей эфир. Не айтсаң, сол беті кетеді...

Мұндайда Дидаш аға «Ол дұрыс емес!» деп, жымиып қойып, майдан қылшық суырғандай етіп, тегістеп, жайма-шуақтатып жібереді.

Дәл сондай қызық оқиғаның біреуі есімнен кетпейді.

Бірде  «Отан – Оралманның» қонақжай төріне қазақтың аса көрнекті ақыны Жәркен Бөдешұлы келіп жайғасты.

Ол кезде Жәркен Бөдешұлы марқұм Қалдарбек Найманбаев Төрағаның Бірінші орынбасары болып жетекшілік ететін Дүниежүзі қазақтары қауымдастығында қызмет істейтін. Кезінде шекара бұзып Қазақстанға келген, көп жыл Көкшетауға жер аударылып, бақылауда жүрген қазақтың аса таланытты әрі тағдырлы ақынын сол Қалдарбек ағамыз қол астына жұмысқа алып, қамқорлық жасап жүретін.

Не қызмет істейсіз деп сұрасақ, «Соны өзім де білмеймін, күнде келем, өлең жазып отырып-отырып қайтам...» дейтін Жәркен жарықтық.

Дәл сол сәтте Дүниежүзі қазақтарының екінші құрылтайы ашылғалы жатқан. Осынау тарихи құрылтайда қандай шешімдер жасалады екен деп, біз де елеңдеп жүргеміз. Шамасы, Дидаш аға Жәркен Бөдешұлын сол Құрылтай қарсаңында телеарнаға шақырып, алда ашылатын құрылтай жөнінде сөйлеткісі келген болса керек.

Эфир басталды. Жүргізуші «Бүгінгі қонағымыз Қазақтың көрнекті ақыны, жырау, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының қызметкері Жәркен Бөдешұлы» деп, әңгімені бастады.

– Құрметті  Жәркен Бөдешұлы, Алла қаласа, санаулы күндерден кейін Дүниежүзі қазақтарының екінші құрылтайы ашылады. Айтыңызшы, осы құрылтайда қандай маңызды шешімдер қабылданады?

Бірінші сұрақ – осы болды.

– Иә, екінші құрылтай ашылады. Қандай шешімдер болатынан сол құрылтайда өздеріңіз көресіздер, жасап жатыр! – деді Жәркен ақын.

– Кішкене тартыңқырап айтсаңыз?

– Оны мен білмеймін! Ашылғанда көресіздер...

Жәркен Бөдешұлында өң-сұрық қалмады. Бет-аузы жыбырлап, екі көзі ежірейе бастады.

Дәл осы сәтте телефон шыр ете түсті.

– Онда көрермендердің сұрағына кезек берейік...» деп, Дидаш аға қоңырау шалған көрерменді тікелей эфирге қосты.

– Мен Қытайдан келген оралман едім. Азаматтық алудың жолдары жеңілдей ме? Соны білейін деп едім...

– Сол құжат жинап тапсырасыз, азаматтық береді..., – деп, шолақ  қайырды Дүниежүзі қазақтары қауымдастығында қызметкері.

Қайрат Құл-Мұхаммед ақынның үйінде отырғамыз. Алакөл асығынан келмейтін, өлең жазудан басқа шаруамен біліңкіремейтін Жәркен ағаның түрін көріп, бір жағынан күлсек, бір жағынан абыржи бастадық..

Іле-шала екінші қоңырау шыр ете түсті.

– Әй, Жәркен, мен «Бәленбай» деген құдаңмын ғой. Сен саясатты қой, бізге өлең оқып берші!

Өзі де әрең отыр екен. Алдында тұрған бір буда қағазды қолына алды да, Жәркен Бөдешұлы өңі гүл-гүл жайнап, өлеңді арт-артынан бұрқыратып оқи жөнелді.

Арғы бет пен бергі беттің арасын сағынышқа толтырған ғажайып өлеңдерге тамсанып Дидаш ағам отыр. Санда-санда «Керемет!», «Бәрекелді!!» деп, қол соғып қояды.

Сөйтіп, ақын Жәркен Бөдешұлы өзіне берілген уақыттың қалғанын өлең оқумен тауысып, эфирді жапты...

Ертесі Жәркен ағамызға жолығып, «Дайындалып бармадыңыз ба?» десем, «Ой, қайдан білейін, өлең оқытады екен деп жетіп барсам, қайдағыны сұрап, зәремді ұшырды ғой...»-деп, қарық-қаық күледі.

***

Әлі есімде, Дидахмет ағамен Жазушылар одағында таныстым. Одақтың алдында бір-екі адаммен әңгімелесіп тұрған жерінен көріп, арнайы барып сәлем бердім.

– Аға, мен Қытайдан келген бауырыңыз боламын, аты-жөнім – Ауыт Мұқибек. Сіздің «Жоқ, олай емес!» деген әңгімеңіз біз жақта басылған, соны оқығам...

– Рахмет, айналайын, мен сенің арғы беттен келгеніңді айтпасаң да біліп тұрмын.

– Қалай білдіңіз, аға?

– Көзіңнің ішінде жылылық бар, содан білдім...

– Жақсы, аға, аман болыңыз!

– Өзің де аман бол, Айналайын! Келіп алғандарың жақсы болған!

Осылайша, Дидаш ағаның дидарын жақыннан көріп, қол беріп амандастым. Қазақта «Жүзі жылы», «Жүзің жылы екен...» деген сөздер көп айтылады ғой, ал «Көзіңнің ішінде жылылық бар» дегенді бірінші рет естуім екен. Бірақ, сондай жылылықтың екі есесін Дидаш ағаның өзінен де сезіп, қуанып қалдым. Әсіресе, «Келіп алғандарың жақсы болған!» деген сөзі жаныма майдай жақты. Қытайдағы бүгінгі жағдайды еске алсақ, шынында Атажұртқа ел аман, жұрт тынышта келіп алғанымыз жақсы-ақ болған екен...

Сөйтіп, Дидаш ағаны кейде алыстан көріп, кей жақыннан кездесіп амандасып жүрдім.

Бірде Алматыдағы Ғалымдар үйінің залында Қазақтың көрнекті қоғам қайраткері, біртуар ұлы марқұм Айтан Нүсіпханұлының алпыс жылдығы өтті. Жиналған жұртта екеп жоқ. Сол жиналыста Дидахмет ағаның сөз алып, «... Айтан ағаның өтінішімен біз «Түркістан» газетінің ішінен «Қоныс» деген бет аштық. Сол-ақ екен, газеттің таралымы күрт өсе бастады. Мақала дегеніңіз басып қалды. Оқысаң, бірінен-бірі өтеді. Баспау мүмкін емес! Амалсыздан «Қонысты» екі бетке көбейттік. Шынын айтайын, біз «Түркістан» газетінен айырылып қала жаздадық, «Қоныс» газетімізді түгел алып қоя жаздады...» дегені әлі есімнен кетпейді.

***

Тұманбай аға жетпіс жасқа шыққанда «Аға болған, нана болған бір ақын» деген көлемді мақала жаздым. Тұмағаның ақындығынан гөрі адамдық болымысын көбірек толғадым. Қазақтардың Ресей мен кеңестік жүйенің озбырлығынан алтыншы және отыз екінші жылдары Қазақстаннан Шығыс Түркістанға ауғанын, Қызыл қытайдың қырғынынан Шығыс Түркістанды паналаған қазақтардың қайта Қазақстанға көшкенін, жергілікті қазақтардың Гималай асып, Түркияға босқанын, ал Қазақстан Тәуелсіздік  алып, дүниенің түкпір-түкпіріне тарыдай шашыраған қазақтың Атажұртқа ағылғанын, тарихи Отанына оралған бізді Тұманбай Молдағалиев секілді жылы жүректі,  кең пейілді ағаларымыздың құшағын ашып қарсы алғанын, қолынан келген көмегін жасағанын жазғам. Және оны «Түркістан» газетіне бастырсам деген оймен Дидахмет ағама апарып бергем. Бір-екі сағаттан соң, Дидаш ағам жарқылдап, біздің кабинетке жетіп келді. Серік Нұғыман, Құл-Керім Елемес үшеуіміз отырғамыз. Қолында менің мақалам. Екі ағам атып тұрып, амандасып жатыр. «Ауытжан, мақалаңды оқыдым. Тұмағаның ақындығы туралы жазбаған адам жоқ. Тіпті, Мұхтар Әуезовтан бастап, бүгінгі бізге дейін, бізден кейінгілерге дейін жазып келеді. Сен Тұмағаны айту арқылы, бүкіл қазақтың ғасырлық тағдырын көтеріпсің, айналайын! Иә, қазақ – осы Тұмағалармен қазақ! Бір-екі еміле қатесі бар екен, соны түзетіп, біздің «Түркістан» газетіне бер!» дегені ағынан ақтарылып.

Қасымда тұраған екі ағам елеңдеп қалды. «Берші, біз де оқып шығайық!» деп жатыр. Төбем көкке жеткендей қуандым.

Сонымен, Дидаш аға қызыл сиямен сызған қателерді түзетіп, мақаламды «Түркістан» газеті Бас редакторының орынбасары Жаңабек Шағатайға апарам ғой. Ертесі білейін деп барсам, Жаңабек аға «Мақалаңның Тұманбайға қатысты жерін ғана басам, қалғанының керегі жоқ!» дейді.

«Керегі жоқ, баспай-ақ қойыңыз!» деп, мақаламды қайтарып алдым.

Себебі, Тұманбай Молджағалиев пен Дидахмет Әшімханов секілді болымысы бөлек тұлғалар болмаса, басынан өтпеген көп адам шеттегі қазақтың жан дүниесін, тіпті тадырын түсіне бермейді. Жаңабек Шағатайдың «...қалғанының керегі жоқ!» дегені – «Қазақтың тағдырының керегі жоқ!» дегендей сезілді маған!

Айтпақшы, сол мақаламды «Қазақ Әдебиетіне» беріп едім, ол да баспады. Сосын,  сақтап қойып, кейін «Көш, Көшке кім өш?!!» атты кітабыма кіргіздім.

***

Жар іздеп жүріп, 2010 жылы Гүлбаянды таптым. Тұмаға мен Күлтай тәтем бас болып, Райыс Әріпжан ағамыз қостаған туыстар құдалыққа барды. Көп өтпей, үйлену тойымыз болды. Сол жақсылыққа жерлестеріммен, туыстарыммен, достарыммен бірге, өзім жақсы көретін он шақты ақын-жазушы ағаларым мен інілерімді де шақырдым. Соның ішінен тек Дидаш ағам жеңгемізбен, Жанарбек Әшімжан Самалымен келді. Қалғандары құтты болсын да айтқан жоқ! Дидаш ағам ақ тілегін ақтарыла айтып, қанышымызды бөлісіп, қасымызға келіп бетімізден сүйді.

Жақсылығыңа қуана білген, қайғыңды бөлісе білген жанға не жетсін, Дидаш ағам нағыз бауырмал, көпшіл, қарапайым азамат еді.

***

Қанша жерден қазақ болғаныңмен, екі елде өмір сүріп, екі түрлі идиологиямен тәрбиеленіп өскен адамдардың бір-бірімен тіл табысып, ортақ ойланып, сіңісіп кетуі оңай емес.

Оның үстіне, Атажұртқа оралған ағайынның қуанышымен қоса, құжаттану, жұмысқа тұру жағынан тартқан азабы да аз болған жоқ.

Тіпті, «Бұлар кезінде ел басына күн туғанда қашып кеткен....» деп кіналайтындарды да, беті жылтырап құшақтап амандасқанымен, жеме-жемге келгенде «Бұлар кім еді?!»-деп, бойына тоғытпай, тобықтан қаққысы келетіндерді де көп көрдік...

Дау жоқ, Дидахмет Әшімханов суырылып шығып, «Отан – Оралман» бағдарламасы арқылы соның бәріне жауап беріп, алдын кесті.

Жақсының жақсылығын айту, еңбегін бағалау – адамгершіліктің, зор мәдениеттіліктің белгісі. Биыл Ұлы көштің басталғанына отыз жыл толды. Отыз жылда миллион жарым қазақ келіп, Атажұртына қоныстанды. Әншейінде батыр аталарының тойын жасағыш біздің жерлестеріміз осынау дата қарсаңында дүрілдетіп шаралар ұйымдастыруға, жазғыш қауым алыстан оралған ағайынның алдынан  құшақ ашып шыққан  тұлғалардың еңбегін жарқыратып көрсетуге және Ұлы көштің жетістігі мен әттегенайын түгендеуге жараған жоқ! Ең құрығында, сол бағдарламаның қонағы болғандардың біреуінің бір ауыз жылы сөз айтып, қазақтың Дидахмет Әшімханов деген арда туған азаматын, оның ағайынның арасын жақындатуға дәнекер болған зор еңбегін еске алатын жөндері бар еді.

Әрине, мен Дидаш ағаның «Отан – Оралман» хабарына шақырылған  емеспін, бірақ ағайындарымның сол эфиге шыққанына қуанып, қол соққан жігітпін. Отыз жылдыңтың соңғы күні болса да Дидаш ағамның сол ерен еңбегін  еске алып, осы мақаланы мен жазып отырмын.

Дау жоқ, Дидахмет Әшімхановтың қазақ әдебиеті мен көсемсөзіне сіңірген еңбегімен ел есінде мәңгі қалатын тұлға!

Бірақ, оның осынау қайраткерлік қыры кім-кімге болса да үлгі боларлық дүние екені тағы анық!

Жатқан жерің жарық болсын, Дидаш аға!

Мен Сізді сағынып жүрмын!

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036