Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 3796 29 пікір 21 Қаңтар, 2022 сағат 15:25

Еуропарламент қарары: Сенатор не дейді?

Еуропарламент Қазақстандағы «қаңтар оқиғасына» қатысты резолюция қабылдады. Депутаттар ел билігін наразылық білдірушілерді түгел терроризммен айыптамауға шақырған. Еуропарламент 2 қаңтарда бейбіт басталған наразылықтардан кейін болған «кең көлемді зорлық-зомбылық әрекеттерді» қатаң айыптай отырып,  Қазақстан билігін адам құқықтары мен бостандықтарына құрметпен қарауға және ұсталған демонстранттар мен белсенділерді дереу босатуға шақырған. Еуропарламент резолюциясын 589 депутат қолдаған. 35 депутат қарсы шығып, 47-сі қалыс қалған.

Аталған резолюцияға қатысты ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп пікір білдіріпті. Сонымен Сенатор не дейді?

«Францияның Страсбург қаласында Еуропа Парламентінің биылғы алғашқы пленарлық отырысы өткен екен. Сол отырыста Қазақстандағы қаңтар оқиғалары талқыланып, Еуропа Парламенті Қазақстанға қатысты арнайы қарар қабылдапты. Бұл біржақты қабылданған қарар. Алыста отырып, біздің елімізде орын алған оқиғалар туралы бұлай сырттан тон пішу дұрыс емес. Алдымен елдегі жағдайдың қандай болғаны, оқиғалардың қалай өрбігені жөнінде әртүрлі ақпарат көздерінен шынайы ақпарат алу қажет еді. Бұл үшін парламентаралық іс-қимыл арналарының ақпараттарын пайдалану ақылға қонымды болар еді. Өкінішке қарай Еуропа Парламенті бірқатар БАҚ пен әлеуметтік желідегі желсөздерді ғана басшылыққа алғанға ұқсайды. Бір нәрсенің басын ашып алу қажет. Қаңтар дүрбелеңі кезінде бейбіт шеруге шыққандар болды. Бұл даусыз дерек. Ал ары қарай жағдайды ушықтырып, арандату әрекеттеріне барған бүлікшіл, бұзақы пиғылдағылар болғаны да анық. Жаппай тонауға, өртеу мен қиратуға кіріскендер солар», - деді ол.

Сенатор қазір еліміздегі құзырлы органдар бұл оқиғаны түп-тамырына дейін тексеріп жатқанына баса назар аудартады.

«Екінші мәселе. Оқиғалар барысына терең сараптама жүргізетін болсақ, бейбіт шеру қаңтардың алғашқы күндері еліміздің батыс аймағынан басталып, ешқандай бүлік болмағанын көреміз. Тіпті «Алматы трагедиясынан» кейін батыс өңірде, Маңғыстау жақта сабақты бұта да сынған жоқ. Ештеңе бүлінген жоқ. Билік тарапынан қандай да бір қатты қысым болмағаны белгілі. Азаматтардың бейбіт шеруге шығу, өз талаптарын білдіру құқығы сақталды. Шеруге шыққандар газдың бағасын түсіру туралы талап етті. Билік бұл талапты орындады. Мемлекет басшысы «барлық талаптар ескеріледі, тиісті шешімдер қабылданады» деп айтты. Артынша Үкімет доғарысқа кетті. Елде әлеуметтік-экономикалық нақты шаралар қабылданатыны хабарланды», - деді Нұртөре Жүсіп.

Алайда, ол Қазақстанға қарсы агрессия жасағысы келгендер мұнымен қанағаттанып қалмағандығын атап өтеді.

«Бейбіт шерудің артын лаңкестік әрекеттерге ұластыруды көздеп, бұлғақты бастап жіберді. Үшінші күштер ел іргесін шайқауға ұмтылды. Әуелгі әлеуметтік-экономикалық талаптар жайына қалды. Еліміздің бірқатар аймағында мемлекеттік мекемелерге, әкімшіліктер мен сауда орталықтарына, дүкендерге қарақшылық шабуыл жасалды. Жағдай шектен шығып кеткен соң құзырлы органдар халықты қорғау үшін қару қолдануға мәжбүр болды. Мұндай жағдайда бүлікшілермен келіссөзге келу мүмкін болмай қалды. «Азаттықтың алтын бесігі» атанған Алматыны от пен өртке орап, аяусыз қирату орын алды.Басқа бірқатар аймақта бір орталықтан басқарылған бүлдіру әрекеттері жалғасты. Мемлекетіміздің тағдыры қыл үстінде тұрды. Сыртқы күштер жағдайды өз мақсаттарына пайдаланып, Қазақстанды отқа орағысы келгенін көзі қарақты адамдардың бәрі көрді. Сондықтан азаматтардың бейбіт шеруге шығуын шектеп, құқықтарын бұзды деген айып тіптен ретсіз. Қазақстан Республикасының басшылығы тапсырған ресми тергеп-тексеру нәтижелері жарияланғанға дейін мұндай құжатты қабылдау да қисынсыз. Тергеп-тексеру нәтижелері халықаралық қоғамдастыққа ұсынылатын болар. Сол кезде ел де, әлемдік қауымдастық та ақиқатқа көз жеткізетін болады», - деді Нұртөре Жүсіп.

Abai.kz

29 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5383