Шөкеев «Шаңырақ трагедиясын» қайталағысы келе ме?
2006 жылғы «Шаңырақ оқиғасы» қазақтың, Қазақстанның тарихындағы қанды парақтардың бірі екені даусыз. Алматының «Шаңырақ» ықшам ауданында «заңсыз салынған үйлерді» сүруге билік пәрмен берді. Жергілікті халық бұл шешімге өре-тұрегеліп, қарсылық танытты. Полиция жасағы мен тұрғындар арасында қақтығыс болып, ондаған адам зардап шекті. Ақырында, жергілікті билік, сол азаматтардың жерленін заңдастырып беруге мәжбүр болды.
Тура сондай оқиға енді Түркістан облысында, облыстың дәл орталығында қайталанудың аз-ақ алдында тұр. Алматыдағы «Шаңырақтан» айырмасы – мұндағы жұрттың меншікті жерлері мен үй-жайының барлығы заңды. Құжаттары бар. Жер телімін беру туралы әкімнің қаулысы да, жердің актісі де, сол кездегі комиссияның шешімі де қолдарында. 2007 жылы берілген жер телімдерінің құжаттары Әділет басқармасына тіркелген. Алайда, арада 14-15 жыл өткенде жергілікті әкімдік «мемлекеттің қажеттілігі» үшін деген желеумен жер телімдерін қайтарып, салып қойған баспаналарын бұзуды талап еткен. Тұрғындар: «Әкімдік халықтың осыдан 15 жыл бұрын заңды түрде алған жер учаскелерін жаппай тартып алып жатыр», - деп дабыл қағуда. Дабыл қағып қана қоймай, Өмірзақ Шөкеев пен оның қарамағындағы басшы-қосшылардың қызметтен кетуін талап етуде.
Әкімдік 15 жыл бойы қайда қарап отырған?
Ләззат Малдыбекова, жергілікті тұрғын:
- 2006 жылы Яссы ауылдық округінен үй салуға жер телімі бөлінген болатын. Сосын, біз жер актісін жасау үшін әкімдікке жүгінгенде, әкімдік бізге «легализациямен» шығарып берді. Барлық құқықты анықтайтын құжаттары жасалған. Яссы ауылдық округі әкімдігінің шешімі басқа адамға шыққан. 2014 жылы біз ол кісіден бұл үйді сатып алдық. Енді арада 14 жыл өткеннен кейін жер комитеті сотқа шағымданып жатыр. Себебі – «легализация» комиссиясының шешімі архивке өтпеген. Ол шешімді кім архивке өткізуі керек еді? Біз сотқа шақырғанда әкімдіктен де, жер комитетінен де осыны сұрадық. Біздің қолымызға ешқандай шешім берген жоқ. «Барыңдар, тіркеңдер», - деген жоқ. Оны мұрағатқа комиссия не болмаса әкімдік өткізуі керек. Бізге: «Сол шешім архивте болмаған соң, ол құжаттарыңыз жалған», - деп айтты.
Тіпті, жаңағы «легализация» шешімі бір номермен екі адамға шыққан екен. Ол адамды да іздеп бардық. Ол көрсетілген мекен-жайда ол адам тұрмайды екен. Мына жерде менің екі участігім бар. Біреуінде жаңағыдай, көрсетілген мекен-жайда ондай адам мүлде тұрмайтын болып шықты. Екіншісінде, 60-70 жылдары ол үйді (көрсетілген мекен-жайдағы) әкесі салған екен. «Сондықтан, оны «легализациялауға» қатысты менде ешқандай қажеттілік болған жоқ. Мен ешқандай да «легализацияға» өтініш берген жоқпын», - деп шығарып салды.
Қысқасы, бірінші сатылы сотта біз жеңілдік. «Легализация» комиссиясының шешімі, содан кейін сатып алу актісі жойылды. Ол бойынша, жер Үкіметтікі, ал менің қанша жыл бойы салған үйім, еңбегім зая кетті. Былайша айтқанда: «Жер біздікі, үйіңді алып кете бер», - деп тұр. Өтемақы да, басқа да төленбеді. Себебі сот бізге: «Сіздердің құжаттарыңыз әу, бастан жалған құжаттар болған», - деп айтты. Сонда бұл қалай болды? Біз қаншама жыл осында тұрып келеміз. бала-шағамыз бар, қайда барамыз? Бұл мәселе оларды мүлде қызықтырып тұрған жоқ. «2006 жылғы Яссы ауылдық округы әкімдігінің шешімі бар. Сонымен, қайтадан құжаттарды жасаңдар», - дейді. Оны жасайық деп әкімдікке барсақ: «Қазір ешқандай «госакт» жасамаймыз», - деп бас тартып жатыр. Яғни, қулықпен біздің дүние-мүлкімізді тартып алып жатыр. Керісінше, бізді аляқ етіп көрсетіп отыр. Бұл жерге біз келіп, сатып алған кезде мұнда ештеңе жоқ еді. Құдықты да өзіміз қазып, жарықты да өзіміз тартып, жолды да өзіміз салып жатырмыз. Қаншама қаражатымыз кетті. Оны елеп-ескеріп жатқан ешкім жоқ. «Құжаттарың заңсыз. Архивке өтпеген», - дейді, бітті. Ал архивке оны біз емес, комиссия өткізуі керек.
Бұл рекеттік тартып алу әрекеті
Әлмұхамбет Айменов, жергілікті тұрғын:
- 2006 жылы біз Яссы ауылдық округі әкімдігінің шешімімен осы жерден жер учаскесін алғанбыз. Жалғыз мен емес, ағайындылар, бірге алдық. Уақытында бұл жер далыйып жатқан бос дала еді. 2007 жылы «госакті» алуға барған кезде, бұлар: «легализациямен» алуды ұсынып, жасап берді. Жерлердің карта сызбасын, барлығын ұсынғанбыз. Сол кезде біздің шешімімізді кері қайтарып берді де, бізге «легализациямен» шешім шығарып, «госакті» берді. Біз оны алып, Әділет басқармасына тіркеттік. Содан бері 14-15 жыл өтті. Енді келіп бұлар біздің құжаттарымыздың түбірі жоқ дегенді алға тартып отыр. Комиссияның шешімін архивке біз өткізуге міндетті емес едік. Оны әкімдік өткізуі керек. Біз өз тарапымыздан істелуі керек міндеттердің барлығын жасадық. Әділет басқармасына тіркеттік.
2019 жылы осы жерлерді мемлекеттің қажеттілігіне аламыз деп, біздің барлығымыздың жеріміздің, дүние-мүлкіміздің бағасын шығарып берген. Ол Түймебаевтың кезі еді. Ал Шөкеев келді де: «Болды, бұлардың барлығы «лагализация» арқылы жасалған, жалған құжаттар екен. Бір номерде басқа адам тұр», - дейді. Ол қалай жалған құжат болады? Әкімдік қызметкерлері менің номеріме басқа адамды тіркеп қойғанына менің кінәм қанша? Ол сол жердегі маманның кінәсі. Біз сол қате тіркелген адамның учаскесінде де отырған жоқпыз. Біз өз учаскемізде отырмыз. Біздің әкімнің шешімімен берілген өз учаскеміз бар. Ендеше, сол қателіктерді жіберген өз мамандарын, жер комитетінің, әкімдіктің қызметкерлерін жазаламай ма? Біз де заңды білеміз.
Мына жерде 200-ден астам отбасы бар. Біз Президенттен көмек сұрамасқа амалымыз қалмай отыр. Тегі, мақұл, мемлекетке керек жер болса, алсын да, орнына тең көлемде жер берсін. Салған үй-жайымыздың қаржысын берсін. Біз қаланың басқа жерінен жер алайық. Өтемақысын берсін. Бізге өтемақы бермей, қуып жатыр. Біз құжаттарымызды Әділет басқармасына тіркегенбіз. Соны тексермей, 15 жыл бойы қайда қарап отыр? Әрбір шыққан қаулы, шешім Әділет басқармасына тіркелуі тиіс. Оны облыстық прокуратура жіті қадағалап, тексеріп отырады. Ал осы күнге дейін үндемей келген. Мынау барып тұрған рекеттік тартып алу әрекеті. Халықтан дайын дүниені тегін тартып алғысы келеді. Сөйтіп, жанымызда котеждер салып жатыр. Үлкен, лауазымды кісілерге сол котеждерді беріп жатыр. Облыстық прокурор бар, облыстық сот төрағасы бар, комитеттің төрағасы бар, соларға қызметтік үй деп салып беріп жатыр. Шындығында бұл мемлекеттің қажеттілігі емес. Мемлекеттің қажеттілігі болса, аурухана, мектеп салар еді ғой. Облыс әкімдігінен, қала әкімдігінен біз қалтасындағы қаржысын сұрап отырған жоқпыз. Жерімізді заңдастарып, өтеақысын берсін. Біз әрі қарай өз тіршілігімізді істеп кете береміз. Ал бұлар қазір халықтың ашу-ызасын тудырып отыр. Кешегі қаңтар оқиғасын көріп отырсыздар ғой. Олар да біз секілді, шырылдап жүріп, ақыры шегіне жеткен халық қой...
Өздері берген өтемақыны қайтаруды талап етіп отыр!
Ырыстықыз Қошқарова:
- 2015 жылы осы жерден екі жер учаскесін алдым. Екі жердің біреуін өзімнің, екіншісін қайын сіңілімнің атына өткізгенбіз. Екі жерді де Үкімет «сносқа» сұрады. Менің атымдағы жердің ақшасын, «сносқа» кеткеннен кейін 3 айдан соң төледі, 4 млн 192 мың теңге. Қайын сіңілімнің жерінің ақшасын берген жоқ. 1 жылдан кейін бізге: «Ақша берілмейді. Сіздердің шешімдеріңіз дұрыс емес», - деген сот қағазы келді. Мен бұл жерді әкімдіктен емес, өзге бір кісіден сатып алғанмын. Бұл жерлердің шешімі 2007 жылы шыққан екен. Қолында сол 2007 жылғы шешім бар. Енді бұлар сол шешімді дұрыс емес деп шығарып отыр. Құжаттардың барлығын Үкіметке өткіздік. Тіпті, түпнұсқасын да өткіздік. Содан кейін менің атымдағы жерге ақша берді. Жаңағы 4 млн 192 мың теңге. Содан 3-4 айдан соң бізді қайта шақырды. «Сіздердің аттарыңыздағы жер шешімі дұрыс емес екен. Сіздерге ақша төленбейді. Сотқа өткізіп қойдық», - деді. Сосын: «Неге, біз бір жердің ақшасын алдық қой. Неге біреуі дұрыс, екіншісі дұрыс емес болады»,- деп едік, сол сөзімізді қағып алып, 1 айдан соң қайта шақырды. «Сіздің бірінші жеріңіздің де құжаттары дұрыс емес екен. Сіз алған ақшаны бізге қайтарасыз. Сіздің құжаттарыңызды сотқа өткізіп қойдық», - деді.
Үкімет өз мұқтаждығы үшін менің жерімді бағалап, өтемақысын төлеп алды. Енді сол өтемақыны қайтар деп отыр. Қысқасы, Түркістан әкімдігі бізді әбден шаршатып отыр. Бармаған жеріміз, ашпаған есігіміз қалмады. Ешқандай өзгеріс жоқ. Мен прокуратураға да жаздым. Олар: «Біз сіздің шаруаңызды шеше алмаймыз», - деп жауап жазып жіберді. Өтемақыны өздері беріп, енді қайтар деп отыр. Бергеннен кейін (2018 жыл) үш жылдан кейін қайтаруды талап етуде. Сонда үш жыл бойы қайда болған? Мен сөйтіп екі жерден де айырылдым. қанша миллион теңге несие алып, құрылыс салғанбыз. Барлығы қазір жоқ болды. Өзім көп балалы анамын. Қазір енді қайда барам, не істеймін?!..
Соттар Шөкеевтың алдында шарасыз!
Жамиля Туленова, заңгер:
- 2020 жылдан бері Түркістан өңірінде жерге қатысты дау тұрғындарды сергелдеңге салып отыр. Бұл мәселенің басында тұрған Түркістан облыстық әкімдігі басшылығы мен Түркістан қалалық әкімдігі басшылығы. Және бұл – қолдан ұйымдастырылып отырған дау. Анығында жер дауы деп айтатындай дау да жоқ. Тұрғындар 14 жыл бұрын «легализация» комиссиясының шешімімен жария еткен жерлерінде меншік иесі ретінде, заңды түрде, мемлекеттік тіркеуден өтіп, пайдаланып келеді. Қазір Түркістан облыстық жер инспекциясы сотқа өз талабын қоюда. Талапқа негіз болып отырған – «легализация» комиссиясы шешімдерінің архивте сақтаулы тіркеу кітабына тіркелмеуі. Жауапкер ретінде тартылған тұрғындардың жер учаскелерінің шешімі әлгі архив кітабына тіркелмепті. Бұл сотқа талап қоюға негіз бола алмайды! Өйткені тұрғындар комиссия жұмысын қадағалауға міндетті емес! Кітапқа шешімдерді дұрыс тіркемесе, оны толығымен тапсырмаса – бұл Түркістан қаласы әкімдігі мен Жер қатынастары бөлімі қызметкерлерінің салғырттығы. Олардың 14 жылдан кейн оянып, сотқа беруі – не лауазымды қызметкерлердің сауатсыздығы, не осы бағытта тікелей нұсқау болуы. Әкімдік пен Жер инспекциясы қызметкерлері сауатсыздық таныста, олардың талабын қанағаттандырып отырған Сот жүйесі туралы не айтуға болады? Тағы да сауатсыздық, құқықтық нигилизм немесе Түркістан облысы әкімі Шөкеевтің алдындағы шарасыздық. Олай болса, жоқ жерде дау туғызып, елді сенделтіп қойған облыс әкімі Шөкеев пен облыстық сот төрағасы Миятбеков өз орындарын босатуы қажет! Халықтың наразылығын туғызып, сергелдеңге салып, заң мен билікке сенімнен айыру – нағыз қаскөйлік!
Осы аумақта орналасқан, жалпы саны 245 жер учаскесі бар. 2018 жылғы Түркістан қаласы әкімдігінің №1626 қаулысы бойынша, мемлекет мұқтаждығына мәжбүрлеп алу туралы қаулының шеңберіне енген.
Бұл жерде өрескел бұзылып отырғаны келесі Заң нормалары: «Рақымшылық жасау туралы» Заң талаптары және осы Заң шеңберінде қабылданған, «Жер телімдерін жария ету тәртібі туралы» Ереже.
Бұлардың бір ғана аргументі – жерді жария ету туралы шешім, Кентаудағы архив кітапшасына тіркелмеген. Архив құжаты – мемлекеттік тіркеуден өтпейді. Меншікті анықтайтын құжат болып есептелмейді. Жер телімі мен құжаты мемлекеттік тіркеуден өткен сәттен бастап жер меншік иесінің мүлкі болып саналады. Бұл кісілердің барлығының Жер комиссиясы шығарып берген шешімдері Әділет басқармасында тіркеуден өткен. Демек, бұлар толыққанды меншік иелері.
Ал қазір мүлікті жария ету жайлы комиссия жұмысына жауапты орган – Жер қатынастары бөлімі «мына шешімдерді тексеріңіз», деген ұсыныспен, облыстық Жер инспекциясына хат жолдаған. Облыстық Жер инспекциясы архивтен алған анықтаманы дәйек етіп, қазір сотқа беріп отыр. Сотта Түркістан қалалық әкімдігі мен Жер қатынастар бөлі жауапкер ретінде қарастырылған. Өздері бастамашы, өздері жауапкер болып отырған Жер қатынастары бөлімінің әрекеттері сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық әркеттеріне ұласып жатқаны тағы бар. Ол Қылмыстық Кодекс шеңберінде тексерілуге жататын мәселе. Қазіргі «Мүлікті жария ету туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы Заңының талаптары, «Құқықтық актілер жайлы» Заңның талаптары, «Жер колдексінің» талаптары өрескел бұзылып отыр.
Оны бұзып отырған Түұркістан қалалық әкімдігі, Жер қатынастары бөлімі мен Түркістан облыстық Жер инспекциясының лауазымды тұлғалары. Ең сорақысы – жергілікті атқару органдарының шешімдерін өзінің заңсыз шешімдерімен бүркемелеп отырған Соттың әрекеттері. Сот ешқандай баға беріп отырған жоқ. Тек архивтің анықтамасымен, халықты өз жерлерінен айырып отыр.
Бұл ҚР заңнамаларына қатысты Түркістан өңіріндегі мемлекеттік органдарындағы лауазымды адамдарының сауатсыздығының салдары, не болмаса әдейі ұйымдастырып отырған құқықтық нигилизмнің нәтижесі. Олардың алдында бір ғана мақсат, елдің жерлерін қалайда тартып алу. 2018 жылдың «1626» санды қаулының талабын орындамау, мүлікті бағаламай, өтемақсын төлемей, сот қаулысы арқылы күштеп тартып алу. Бұлардың әрекеттері мемлекеттің жүргізіп жатқан саясатына кереғар. Бұны мен әкімдік пен соттың ымыраласуы деп айтар едім. Өйткені, әкімдік мынандай бейбастыққа барғанда соттың өздерінің мүдделеріне шешім шығаратынына сенімді. Сот процестерінде іске обьективті қарау деген мүлдем жоқ. Тағыда атам өтем, Түркістан қалалық әкімдігі, Түркістан облыстық әкімдігі, Жер қатынастары мен облыстық жер инспекциясы елді ашындырып отыр. Конституциямен қорғалған халықтың меншігіне сот неге нұсқан келтіреді? Сот облыс әкімінің қарамағындағы бір бөлімі сияқты жұмыс істеп отыр. Бұл қолдан ұйымдастырған дау.
Ескерту: Abai.kz еркін ақпарат алаңы. Мұндай ой жарыстырып, пікір алмасуға Қазақстанның әрбір азаматы құқылы. Алдағы уақытта Түркістан облыстық әкімдігі редакциямызға жауап беруге ниетті болса, портал бетінде жариялайтынымызды ескертеміз.
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz