Қазақстан қырық елден ішімдік алады
Елімізде соңғы бес жылда арақ-шарап өндіру 30 пайызға азайып кеткен. Сонда тұрғындар ішімдікті аз пайдалана бастаған ба, әлде отандық өнімдерге сұраныс төмен бе?
Елімізде соңғы бес жылда арақ-шарап өндіру 30 пайызға азайып кеткен. Сонда тұрғындар ішімдікті аз пайдалана бастаған ба, әлде отандық өнімдерге сұраныс төмен бе?
Статистика агенттігі мәліметтеріне қарағанда, 2011 жылы Қазақстанға әлемнің 40-тан астам елінен алкогольді ішімдік импортталған. Сөйтіп, 64 млн 682 мың литр сыра, 11 млн 999 мың литр табиғи шарап, 1 млн литрге жуық хош иістендіргіш, өсімдік заттары қосылған шарап, 6 млн 780 мың литр арақ қазақстандық дүкен сөрелерін толтырған. Сонда елімізде әр адам басына шаққанда, жылына орта есеппен 5 литрден шетелдік ішімдіктен келеді. Әрине, осыдан кейін қазақстандықтардың тек кілең қымбат әрі жоғары сапалы, таңдаулы арақ-шараптарға ден қоя бастағаны жайлы топшылауға болар еді. Бірақ, шын мәнісінде, жағдай - басқаша.
Сыраның сыры
Өткен жылы елімізде ең көп импортталған ішімдіктің түрі - сыра. Бұл өтімді ішімдік былтыр бірнеше еуропалық елдерден, оның ішінде Бельгия, Германия, Чехиядан көбірек әкелінген. Импорт көлеміне қарағанда, Мексика мен Қытайдан шығарылатын сыраға да сұраныс бар. Алайда барлық алыс шетелдерден елге тасымалданатын сыраның көлемін (2 млн 287 литр) Ресей мен Беларусьтан әкелінетін өніммен салыстырсақ, бұл - теңізге құйылған тамшыдай-ақ (Кесте №1).
Әрине, Қазақстанның бұл екі елмен Кеден одағын құрғанын ескерсек, жаңа экономикалық жағдай үш елдегі сыра шығарушылардың саудасын қыздыра түсуі тиіс. Десек те, қазақстандық кәсіпкерлер өткен жылы ең көп сырасын тап осы «одақтастарына» емес, көрші Қырғызстанға өткізіпті. Ал Қазақстанға 2011 жылы 61 млн литрден астам сырасын жіберген Ресейге бар-жоғы... 782 мың литр қазақстандық сыра кетсе, Беларусьқа бір литр де өтпеген.
«Бұл рыноктың толық екендігін, Кеден одағы елдеріндегі сыра өндіру саласында бәсекелестіктің жоғарылығын, оған қоса Ресей мен Беларусь рыногында бірнеше ірі әлемдік өндірушілердің бар екендігін ескерсек, бұл елдерге экспортталатын жергілікті қазақстандық сыра маркаларының табысты болу мүмкіндігі мейлінше төмен» - деп мәлімдеді Efes Karaganda Brewery компаниясының қоғаммен байланыс супервайзері Юлия Антонова. Оған қоса, мысалы, беларусьтер өткен жылы мемлекеттік реттеу арқылы сыра импортын қысқартып, отандық кәсіпорындар экспортын арттыруға бағытталған бағдарламалар арқылы сыра өндірісін 17,8 пайызға күрт өсірген. Бірақ Қазақстанда керісінше жағдай орын алған.
Кеден одағы рыногын да «жаулай» алмаған бұл ішімдік түрін өндіру Қазақстанның өз ішінде де құлдырай түсіпті. Өткен жылы бұл сусынды шығару 14,1 пайызға азайып, жалпы өнімнің көлемі 425 млн 136,3 мың литрді құраған. Мұның басты себебі алкогольді рынокты реттеу тәртібінің қатаңдатылуымен байланысты деп есептейді Антонова. Ол оның ішінде сыра акциздерінің екі есеге дейін өсіп, декларациялаудың жаңа тәртібі енгізілгенін атап өтеді. Мысалы, 2011 жылдың 1 қаңтарынан акциздер сыраның литріне 13 теңгеден 25 теңгеге, яғни 92 пайызға көтерілген. Сөйтіп, ең көп ішілетін отандық ішімдік түрі - қазақстандық сыраның өзі өндірісте қысқара берген. Дегенмен Қазақстаннан экспортталған жалпы сыра көлемі (3 млн 934 мың) - өткен жылы сыртқа шығарылған барлық отандық арақ-шараптардың арасындағы әзірге «рекордтық көрсеткіш».
Шартараптан келетін шараптар
Былтыр шетелдерден 13 млн литрге жуық шарап өнімдері импортталса, елден бар-жоғы 17 мың 495 литр ғана шарап шығарылыпты. Қазақстанның бұл ішімдік түрі санаулы елге өте аз мөлшерде жіберілген. Экспорт көлемі бойынша алдыңғы орынға Грузия шықса, Швейцария мен Жапония да қазақстандық шараптың дәмін «татып» көрген (Кесте №2). Табиғи шарабымен әйгілі Грузияның 17 мың литр Қазақстан шарабын не үшін алғаны - құпия, бірақ оның есесіне, олар былтыр 1 млн 780 мың литрден артық өз өнімін осында тоғытқан. Қазақстан шарабын өте аз (12 мың литр) мөлшерде тұтынған Молдова да өз шарабын беруде алдына жан салмайды.
Ал біз ойлағандай, француз және итальян табиғи шараптары ең көп импортталған өнім санатында емес. Дегенмен хош иістендіруші және өсімдік заттары қосылған шараптар арасында итальян өнімдері (595 мың литр) ең көбірек келген. Соған қарағанда, қазақстандықтар қымбат табиғи еуропалық шараптарға ден қоя бастады деу - асығыстық. Ішімдік бағасы - бұл рыноктағы сұранысқа әсер ететін елеулі фактордың бірі ретінде қалған. Десек те, қазақстандықтардың талғамы өсіп, шарап ішу мәдениеті қалыптаса бастағанын айтады Қазақстан шарап жасаушылар қауымдастығының қызметкерлері. «Қазір сатып алушылар сауаттырақ. Олар табиғи өнімге қарай ұмтылады. Табиғи шараптарға деген сұраныс жоғары. Осы арқылы рынокты жаулап алуға болар еді», - деп есептейді қауымдастықтың аты-жөнін айтпауды сұраған өкілі. Шынымен өткен жылы елге импортталған өнімдердің басым бөлігі - табиғи шараптар, ал түрлі заттар қосылған шараптардың импортталған жалпы көлемі бір миллион литрге жетпеген. Оның сөзіне қарағанда, елімізде құрғақ шараптарға сұраныс жоғары емес, жергілікті тұрғындар тәтті, жартылай тәтті десерттік шараптарды тәуір көреді.
Бірақ «шетелдік шараптың бәрі бірдей сапалы емес». Қазақстан шарап жасаушылар қауымдастығының өкілдері ТМД елдерінен келетін шараптардың сапасын талай сынға алған. Олар табиғи шараптың бағасы жүзімнің құнына байланысты арзан болуы мүмкін емес деп есептейді. Ал отандық шарап өндірушілердің өздері қазіргі таңда бәсекеге төтеп бере алмай отырғандығын ашық мойындап отыр. Сондықтан былтыр отандық табиғи жүзім шарабын өндіру алдыңғы жылмен салыстырғанда 33 пайызға азайған. Сонда бір жыл бойы Қазақстанда өндірілген шарап көлемі бір ғана Молдовадан осында әкелінетін шараптың үштен бір (2 млн 619,9 мың) бөлігіндей ғана болған.
Қазақстан шарап шығарушылардың өз өнімдеріне деген сұраныстың жыл сайын төмендей түсуін шикізат жетіспеушілігімен түсіндіреді. «Жүзім алқаптары жылдан-жылға азаюда. Басқа аймақтармен салыстырғанда апатты жағдайдамыз», - дейді қауымдастық маманы. Оның сөзіне қарағанда, 1985 жылы КСРО-да ішімдікке тыйым салу кезеңінің өзінде Қазақстанда 27 мың гектар жүзім алқабы болса, өткен жылы оның тек 8 мыңы қалған.
Екінші жағынан, қазақстандық шараптардың өзге рыноктарға енуі де оңай емес. Тіпті Кеден одағына кіретін елдердің өзінде ішкі өндірушілерін қорғау мақсатында арақ-шарап импортына тосқауылдар қойылған. «Ресейде сырттан ішімдік әкелушілерге бізбен тіпті салыстыруға келмейтін талаптар қояды. Ондағы алғашқы жарнаның көлемі өнімнің өзіндік құнын бірнеше мәртеге өсіріп жібереді», - дейді шарап шығарушы маман. Оның айтуынша, Ресейдің оңтүстік шығысындағы рынок қазақстандық шарап өнімдеріне зәру. Тіпті Қазақстанға жақын аудандарынан арнайы келіп, қазақстандық шарапты алып кететіндер бар. «Бірақ біз экспортты ұйымдастыра алмаймыз. Себебі Кеден одағы ауқымында бұл ретте өзара қарым-қатынас бірқалыпқа келмеген», - дейді қауымдастық қызметкері.
Арақтың ақыры тақау ма?
Арақ-шарап саласы бюджетке кіріс әкелетін саланың бірі саналады. Мемлекет қазынасына одан жылына орта есеппен 20 миллиард теңге құйылатынын айтады «Қазалко» Қазақстан алкоголь өнімдерін шығарушылар қауымдастығының президенті Әміржан Қалиев. Бірақ Қазақстанда соңғы 3 жылда арақ шығаратын 16 кәсіпорын жабылыпты. Өткен жылы 2010 жылмен салыстырғанда 10,9 пайызға арақ (40 млн 427 мың литр) аз шығарылған. Ал коньяк көлемі 5,1 пайызға кеміп, 4 млн 685 мың литр өндірілген.
Бірақ оның есесіне, Белоруссия мен Ресейден әкелінетін ішімдіктерге есік айқара ашылған. Әміржан Қалиевтің айтуынша, «бұрын бұл шетелдік өнімдерге акциз мөлшері бойынша айырмашылық болатын. Оны 2010 жылдың 1 шілдесінен бастап алып тастады. Енді олардың өнімдері біздің рынокқа ішкі акциздік мөлшермен кіретін болды. Белоруссия мен Ресей өнімдерінің сапасы мен көлемі бойынша бізде ешқандай кедергі жоқ!» - дейді Қалиев. Оның айтуынша, арақ өнімдерінің 95 пайызы Қазақстанға Ресейден әкелінеді. Мәселен, былтыр көрші елден 5 миллионнан астам литр арақ импортталған. Сондықтан «ресейліктер арақтың қандай түрін және қанша әкелемін десе де, бұл - олардың өз еріктерінде», - дейді қауымдастық басшысы.
Ал керісінше, қазақстандық кәсіпкерлердің Ресей мен Белоруссияға арақ-шараптарын апара алмай, ол жақта қазақстандық ішімдіктерге заңды түрде кедергі қойылып отырғанын жеткізді «Қазалко» басшысы. «Белоруссияда - монополия. Үкіметтің рұқсатынсыз арақ апару мүмкін емес. Ресейде шеттен әкелінетін арақ-шараптарға арналған бұрынғы кедергілер сақталуда», - дейді сарапшы. Оның айтуынша, «қазақстандық арақтардың сапасы соңғы жылдары ресейлік өнімдерге қарағанда өте жоғары, бірақ бағасы әлдеқайда төмен». Сондықтан да, Қалиевтің пікірінше, Ресей өздерінің жергілікті арақ өндірушілердің мүддесін қорғау үшін шеттен әкелінетін, оның ішінде қазақстандық өнімдерге қойылатын кедергілерді әлі алмай отыр.
Соған қарамастан, қазақстандық арақтарды тұтынушылар «географиясы» ауқымды. Мысалы, Ұлыбритания, Израиль, Корея, тіпті Ирак пен Жапонияға да қазақстандық арақ өнімдері белгілі бір мөлшерде жіберілетін болып шықты. Ал Қазақстанға арақтар қайдан әкелінбейді десеңізші?! Барбадос, Багам аралдары, Куба, Бразилия, Гайана, Ямайка, Мексика мен Пуэрто-Рико, барлығы 40-қа жуық елден ішімдіктер импортталады. Мұның себебін сарапшы қазақстандықтардың тұрмыс жағдайы жақсарып, әр алуан ішімдік түрлеріне деген сұраныстың артқандығымен түсіндіреді. «Олар бұрынғы Кеңес өкіметі кезіндегідей тек арақ, күшейтілген шарап, сыра ішіп қана қоймай, виски, текила, ром, жақсы коньяктар тұтынады. Ал текила, виски, ром бізде шығарылмағандықтан, шетелдерден әкелінеді», - дейді қауымдастық өкілі.
Оған қоса Қазақстанда шығарылатын шараптың ғана емес, коньяктың да сапасы төмен, сұранысқа жауап бере алмайтынын айтады Қалиев. Себебі жақсы коньяк жасау үшін жүзімнің жақсы сорты қажет. Ол шарап шығарушылардың алдыңғы уәжін қостай отырып, 1985 жылғы Горбачевтің «құрғақ заңы» кезінде шауып тасталған жүзім плантацияларының әлі күнге дейін қалпына келмегенін еске салады. «Қазақстандықтар сапасыз шарап пен коньякты ішпейді. Ал шетел жақсы спиртін бізге бермейді. Біздің тұтынушылар арзанын әрі сапалысын іздейді. Өнімдерімізге сұраныстың төмендеп, отандық коньяк, шарап азайғанының себебі - осында», - дейді сарапшы.
Оған қоса Қазақстанда жалпы алкогольді ішімдікке сұраныс төмендеп келетінін айтады Қалиев. Оның сөзіне қарағанда, «бұрын жылына өндірілетін арақ өнімінің көлемі - 95-100 млн литр болса, қазір 65-70 млн литр. Бәрі сұранысқа байланысты. Сұраныс азайған». Оған қоса, сарапшының айтуынша, қазір жастар арасында да арақ ішу азайған. Салауатты өмір сүру салты ішімдік рыногына өз әсерін тигізген. Ол келешекте бұл тенденция нығая түсетіндігін, яғни градусы жоғары, күшті ішімдіктерді тұтыну азая беретіндігін, оның орнына жеңіл ішімдіктерге сұраныс өсетіндігін болжайды. Ал отандық өндірушілердің дәл қазіргідей жағдайда осындай сұранысты қанағаттандыруы - неғайбіл, яғни бұл рыноктағы болашағы да - бұлыңғыр.
Тақырыпқа орай:
Адам өліміне әкелген қайғылы оқиғалардан кейін Чехия мен Польшадан келетін ішімдік өнімдері айналымын қадағалау күшейтілді деп хабарлайды Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметі.
Польшаның Кельце қаласы шекарашылары Чехиядан келген күдікті 194 ішімдік бөтелкелерін тапқан. Жарамсыз ішімдіктің салдарынан Чехияда 22 адам қайтыс болып, 30 адам ауруханаға түскен. Польшада осындай негізде екі адамның өлімі тіркелген. Қазақстан импорттайтын ішімдіктер қатарында Польша мен Чехиядан әкелінетін өнімдер де бар.
Айжан КӨШКЕНОВА
"Айқын" газеті