Дүйсенбі, 25 Қараша 2024
Алаң 3583 16 пікір 25 Ақпан, 2022 сағат 11:26

Алыстан көрсең, алдырмайсың...

Идеологияға – ие, дипломатияға – диверсификация керек!

Сонымен, соғыс басталды! Дүниені дүр сілкіндірген бұл суыт хабарды естіп, бүкіл әлем 1939 жылдан бері бастан өткермеген шок алды десе болады!

Бұл күндері әлем екіге бөлінген сияқты: бірі – басқа елдің жерін басып алып жатқан Ресей, екіншісі – оған қарсылық танытып жатқан басқа елдер.

Қатысушылары мен олармен мүдделес және ниеттес тараптарды ескерсек, үшінші дүниежүзілік соғыстың қарсаңы деп қабылдауға болатын бұл оқиғаның себептері мен салдарын сарапшылар жан-жақтан талқылап, әртүрлі, кейде бір-біріне мүлдем кереғар пікірлер мен болжамдар айтып жатыр. Сараптамалар да кейде саяси конъюнктураның құрбаны боп кететіні де рас.

Әсіре әрі әмбебап білгішсініп, ол хорға қосылмай-ақ қояйын.

Тек қана бұл геосаяси дағдарыстың Қазақстанға тигізер қандай әсері болуы мүмкін, соған қатысты ғана кейбір ойларыммен бөлісейін.

Біріншіден, бұл соғыстың геосаяси әсері бар.

Ресей – біздің, Тоқаев айтпақшы, «Құдайдың өзі бере салған көршіміз», ЕАЭО, Кеден одағы, ОДКБ мен ШОС-тағы одақтас-әріптесіміз. Украина да -бізден алыс емес: кешегі Совет одағында бірге болдық, экономикалық және мәдени байланыстарымыз баршылық.

Фәлсафалық тұрғыдан айтқанда, Ресей – кешегі империяны қайта қалпына келтіруге ұмтылған авторитарлық режимнің символы болса, Украина – Ресейдің аннексиялық саясатынан зардап шегуші және дамудың батыстық, соның ішінде, ұлттық сананың қайта өрлеуінің (ренессанс) заманауи моделі іспеттес.

Бұл бір-бірімен туыс екі славян халқы арасындағы соғыс емес, бұл дүниетанымдық, өркениеттік екі көзқарастың қақтығысы!

Екі жаққа қатысты позициясын жариялағанда, Қазақстан билігі осы маңызды жайтты ескеруі тиіс.

Екіншіден, бұл соғыстың таза экономикалық әсері бар. Ресей біздің ең үлкен экономикалық әріптесіміз екені мәлім. Ол шындықты біз жоққа шығара алмаймыз. Қарап отырсақ, біздің теңге ғана рубльге телініп қалған жоқ, экономиканың тұтас салалары да солтүстік көршімен жіпсіз байланып қалған! ЕАЭО ол үшін үлкен мүмкіндіктер берген еді, енді соның «жемісін» көріп отырмыз.

Осы орайда Ресей премьері Мишустиннің Украинаға қарсы әскери операция басталған күні басқа елге емес, дәл Қазақстанға, ЕАЭО үкіметаралық кеңесінің отырысына ұшып келуіне де ерекше назар аударуымыз қажет. Ресми есепті қарасақ, ол біздің билікпен тек қана ЕАЭО аясындағы келісім-шарттар мен ортақ іс-шаралар жоспарларының орындалу барысын талқылаған-мыс. Өз басым бұл ақпаратқа онша сенбей отырмын. Соғыс басталған күні кездесіп, екі жақ Украина тақырыбын сөз етпеуі мүмкін емес! Келіссөздердің жай-жапсарын жасырып жатқанына қарағанда, осы сапардың басқа да «нәтижелері» болуы ғажап емес!

Батыс санкциялары түралы сөз қозғағанда, біз Ресейге қатысты санкциялардың Қазақстанға тигізер әсері жайында ғана айтуға бейімбіз. Бірақ, Ресейдің қолтығына кірген сайын, сол санкциялар... өзімізге де жариялануы да мүмкін екенін ұмытпайық! Мәселен, осы сапар барысында Мишустин біздің билікке ДХР мен ЛХР-ды мойындауға қатысты қысым көрсетсе және біздікілер амалсыздан болса да, сондай қадамға барса, немесе біздің экономика нақты салалар мен жобалар негізінде Ресей экономикасымен одан сайын ынтамақтаса түссе, дәл солай болары сөзсіз!

Екі қауіп бар.

Бірі – жаңа, бұрынғылардан бетер әрі кешенді сипатқа ие болған санкцияларға душар болған Ресей қаржы жүйесі құлдырап жатып, біздің елді өзімен бірге құрдымға сүйреп алып кетуі мүмкін.

Екіншісі – ресейлік компаниялармен біріккен не әріптес болған отандық құрылымдарымызға да сол санкциялардың салқыны тиюі ықтимал. Басқа жерден опа таппаған ресей капиталы біздің елге ағылып жатқаны да содан. Бірақ олардың бәрі «токсичный». Мәселен, ресейлік СБЕР не АЭС жобалары Қазақстанға жүзеге асса, олардың арты қараң болмақ.

Үшіншіден, бұл соғыстың ішкі саясатымызға да әсері бар.

Идеологиялық тұрғыдан біз Ресейдің ұлыдержавалық шовинизммен уланған неоимпериялық дүниетанымының құрбаны әрі құлы боп қалғанымыз өтірік пе?

Күн сайын жатпай-тұрмай осы құндылықтарды дәріптейтін ресейлік телеарналардың қазақ эфирінде емін-еркін таратылуының өз жемісі бар емес пе: «соловьевтер» біздің қоғамда өз жақтастарын тәрбиелеп жатқанын қалай жасырамыз? Оған жол беріп отырған – өзіміздің билік! Гибридтік, соның ішінде, ақпараттық соғыста жеңіліп жатқанымыз да – ұлттық мүддені қорғаудағы биліктің тұрлаусыз саясатының жемісі.

Мәселен, ұлттық патриотизм туралы айтқанда біз тек қана қазақтар туралы сөз қозғаймыз. Бұл мәселе тек бізге ғана керек сияқты. Меніңше, отансүйгіштік сезімін қалыптастыру ісінде Қазақстанда тұрып жатқан өзге ұлттарды да қамту керек! Әзірше бұл бағытта билік екіжүзділік танытып келеді: қазақ тіліндегі ұлттық бағыттағы риторика орыс тілінде мүлдем басқаша түрге еніп кетеді!

Соғыс қарсаңындағы сөзінде Путиннің «денацификация» туралы баса айтуында да біраз гәп жатыр. Ол дегеніңіз тек қана Укриандағы емес, постсоветтік кеңістіктегі басқа елдердегі ұлттық саясаттың жаңаша, заманауи сипат алуына көрсетілген саяси сес деп білемін.

КОВИД жағы бөлек, бірақ сепаратистік пиғылдардың жайылуы жөнінен біздің кейбір облысымыз ғана емес, ой-санамыздың біраз бөлігі «қып-қызыл аймақта»! Ол жаққа вакцина салып, кейбір бейпіл ауыздарды маскамен жауып жатқан ешкім де жоқ!

Идеологиямыздың қандай мүшкіл жағдайда екенін кешегі Қаңтар қанды қырғыны көрсеткен жоқ па?!

«Алыстан көрсең, алдырмайсың!» деп атам қазақ бекер айтпаған. Бізді алыстағы емес, жақындағы қауіпті әлі де байқамай келеміз! Бір сөзбен айтқанда, идеологияға да ие керек!

Алыс-жақын тарихи перспектива тұрғысынан алғанда осынау оқыс та оспадар саясат Путиннің түбіне жетуі де мүмкін. Жиырма жылдан астам орнынан қозғала қоймай оған наразы оппозицияны айтпағанда, оның басқыншылық, агрессорлық, аннексиялық доктринасына қарсы ішкі және сыртқы күштер ұлғайып келеді.

Авторитарлық жүйеде көп нәрсені олигархтар шешетіні рас. Ресейдегі ықпалды кландар да Путиннің өркениетті әлеммен араздасып, оқшаулануына, өз миллиардтарының санкциялардың астында қалуына әкеп соқтырып жатқан саясатына тіпті де риза емес. Бітеу жара бір күні жарылады, сарай төңкерісі болуы әбден ықтимал!

Осы күндері бірқатар БАҚ пен сарапшылар «ешнәрсеге алаңдаудың қажеті жоқ, Тоқаев пен Путиннің арасы жақсы» деген сыңайда позитивті көріпкелдік танытып жатыр.

Путин кешегі күнге дейін Назарбаевпен де дос болған жоқ па? Сондықтан бізге екі басшының екеуара келісімдері емес, жер тұтастығымызға қатысты ресми, тайға таңба басқандай жазылған халықаралық кепілдіктер керек! Олар ескіріп жатса, жаңалу қажет. Сонымен бірге, көпвекторлық сыртқы саясатты жаңаша мән-мазмұнмен толтыру, дипломатиямызды диверсификациялау керек!

Әміржан Қосан

Abai.kz

16 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1524
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3301
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5917