Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)
V
V
Әтірет бастықтарымыздың бастығы кім екенін күн шыға бақырып жібергенінен білдім. Күшіген тұмсық, өгіз қарын, бұқа қабақ, маймыл маңдай, дәу сұр екен. Сахнаға театрда помещик шабарманы рөлімен екі рет, күрес жиындарында өзі білмейтін мәселелерді әшкерелеп он шақты рет шыққанын көргенмін. Өтірік күлкісі ақпанның боранындай, өсегі өрттің морындай тыжырындыратын бедек[1] еді. Сол бедек алдыңғы автомобильдің кабинасынан шыға бақырды. Шындығында бақырмақ емес, сірік жасырған батпақ арасындағы тұғырдай-тұғырдай төмпешіктерде отырған «оңшыл-ұлтшылдарды» көріп, зейілдігі ұстағандықтан ақырмақ екен. Қатты ұйқыдан құрғаған кеңірдегі оқыс бақыртып қойыпты. Тамағын дереу қырынып жіберіп, ақырғанда сахнадағы помещик қожайынның дәл өзі болып шыға келді. Ұйықтамай шоңқиғандарымыз сол бұйрық бойынша секіріп барып, автомобиль жарендігіне жармасып едік. Іңірде келе сала сазға қисайып ұйықтап қалған сапарластарымыз орындарынан тұра алмай қалды. Белсенді бастары көтерілсе де, бөкселері қозғалмай «редакционға» айнала қалыпты. «Су перісі» жеңілірек соққандары үш-төрт домалап, төрт аяқтай түрегелді де, автомобильдеріне қарай өздіктерінен шойнаңдады. Ауырырақ соққандарын сауларымыз қаумалап көтеріп, кузовқа шалқасынан шығардық. Әйтеуір көп бастықтан активтеріміздің қол-аяғына жармаспа дегендей тойтарыс естілмеді. Бірақ, жатып алғандар көп болғандықтан сауларымыз кузовқа түрегеп тұрып әрең сиыстық.
Бұл асу - Еренқабырғаның аты шыққан қанды асуы болатын. Басы - мұз, жүрегі - тас, етегі - саз тік құзарды тоғыз айланып өрлейтін шаппа жолының үшінші айланбасына шыққанымызда, жүк мая боп тиелген арттағы автомобиліміз қоңыздай боп әрең көрінді. Ұшпа тік жар үстіндегі тар жолдан машина дөңгелегі сәл тайса, иә, тормұзы секонттан жаңылса-ақ тозаңша тозғанымыз. Оқыста төменге қарап қойғандар лоқсып құса бастады.
Бесінші айланбаға өрлегенімізден бастап иман дұғасы оқыла бастады. Жол мұзға айнала бастап еді. Арапша мінәжат дұғаларын білетін активтеріміз көп екен. Алланың мың бір аты түгел аталды. «Сімағызам» аталатын осы дұғаны қазір қала да оқыса, активтіктен айрылып қана қалмай, мақсатыңды айт деген бұйрық түсіп, күреске тартылар еді.
- Қалада Құдай жоқ сияқты еді,- деп күбірледі біреуі. - Мына тауда көп екен!
- Аспанға[2] жақындап қалмадық па!- деген жауапқа үш-төрті қатар күлгенде басқалары шу ете түсті.
- Күлмеңдер!... Күлмеңдер!», «матордың дымы құрып келе жатқанда тайып кетпесін!», «қозғалмай тұрыңдар!»...
Тұмсығымыздың ұшында ғана жыбырлап қалған жанымыз, асудан асқан соң денемізге әрең тарады. Күнгей беттің жолы кең де құрғақ екен. Түс ауғанша құлдай ағып келіп, ақ толқынды өзен көпірінен өттік те, сол өзенді бойлап, батыс-терістікке беттеген кең саймен қайта өрлеп барып тоқтадық. Балғынтай осы десті. Жып-жылы тиді ауасы. Жайдары, ырайлы қойнау екен.
- Түсіңдер!- деп ақырды зор бастық. Біз түссек те «пері соққан» белсенділер қозғала алмады.
- Түсіріңдер, түсіріңдер! - бірнеше бастық қатар ақырды бізге. Қайта шығып оларды түсірдік. Буыншақ-түйіншек, теңдерді арылтып түсіріп бола бергенімізде кузовқа ара мен балталар қайта лақтырылды. «Түспеңдер!» деген бұйрық шықты бізге. Алтау едік, «су перісінен» аман қалған мықтылардан таңдап он бес жігітті автомобильге қайта шығарған бір бастық кабинкаға кірісімен машина гүр ете түсті.
- Жуанынан, ә, жуанынан кесіңдер!»- деп тастап зор бастық тамақ салған қалтасын өзенге қарай қолтықтай жөнелді. Темір жүректі автомобиль Үрімжіден шыққалы тамақтанбағандығымызға қарамай, келген жағымызға қайта ағызды. Суға қарап тамсана өттік. Бір-екеуі активтіктеріне қарамай, наразылықтарын жариялады.
- Пешка болған соң тамақ пен судың керегі жоқ деп түсінеді екен ғой!
- Мұнан да дойбының «тайыншасы» болғанымыз жақсы екен!
- Тайынша болсақ, суға бастықтан бұрын жетер едік!- деп біздің «Құйын соққан» да көсіп жіберді. Сен кіріспе дегендей қабақпен Қалық түртіп қалды оны., Кабинкадағы қисық мұрын бастық, төбесінен өрген сөзді естіп отырыпты, терезеден басын шығарып сөйледі:
- Шыдаңдар, асхананы басқарамын. Осы міндетті тез бітіріп қайталық, сендерді бүгін ет-сорпамен күтемін!... Бір-екі рюмка арақ та ішкілерің келетін шығар!..
Арақ пен еттің осы қызуымен автомобильде оқыралай жөнелді. Тоңқалаңдап талай бұрылыстың тасын сүзіп, талай ағаш пұтағына басымызды соқты. Талай қисайып, талай түзеліп барып, таудың орманды сайына бұрылдық.
- Ыңғай жуанынан таңдап кесіңдер! - Бұл бастық та солай бұйырып тастап, қолын артына қайыра жөнелді. - Қырыңдар!- деді қырат басына шығып алып, тауды ышқындырған араның сарылы мен балтаның таңқылына сүйсіне айқайлап жіберді. «Ет пен араққа» тез жетудің қамымен пешкалар құтыра тиді орманға. Сол сайдағы жөні түзу ірі ағаштар түгел құлап болғанда, өзіміз қит ұрып қара терге шомылып отырып қалған екінтіде әрең қайтты бастығымыз. Қызара бөртіп ісініп, арақ кекіріп қайтты. Ұйқыдан жоғалған есін баклашкасындағы арақпен жиып қайтты:
- Кескен ағаштарың үш итарқа жабуға жете ме?-деп сұрағанында түгел аңырдық. Ағаштың қай қажетке істетілетінін білмей, ыңғай тақтайлық, бөрене, бағаналық жуандарын құлата бергенбіз ғой. Үш итарқа үшін ғана бір сайдағы құрылыс ағашын түгел жойғанымызға шу ете түстік...
Бізге үш бөрене, он шақты діңгек пен жүз шақты сырғауыл ғана керек екен! Көрсеткен есебіміз бойынша бастығымыз зор бастығынан қайта сұрап келу үшін шоферды тыжырындырып, автомобильді қайта тоңқалаңдатты. Кескен ағаштарымызды сол бойы пұтаусыз тастап енді сырғауылдық, діңгектік ағаштарды кесіп жидық.
Сорлы машина іңірде алқынып-қабынып әрең келді. Бастығымыз мас. Үш бөрене мен екі жүз сырғауылдың үстіне шоңқиып қайтып барғанымызда өзеннің сарылынан басқа ешқандай дыбыс жоқ. Ет түгіл, су қайнатқан оттың да жылыты жоқ. Бір-бір тоқашты өзен жағасына апарып кемірдік те буыншақтарымызды сипалап жүріп әрең тауып құладық.
Тау жотасынан күн жарқырап шыға келгенде ойланып қарасам, бастық шатыры «әтірет штабы» деген қып-қызыл бивска мен жоғары жаққа оқшаулап тігіліпті де, әйелдер шатыры оған таяу өзен қойнауына қамалыпты. Алғашқы түскен жерлерінде үйме-жүйме «пері соққандар» жатыр. Бір бастығымыздың айқайымен түрегеліп, алдымен баспаналарымызды жасауға кірістік. Бастықтар бүгін тіпті зейіл екен, шойрылғандарды бір-бірден теуіп оятты.
- Даяужың[3] уақытында бұл еркеліктерің жүрмейді!- деп тұрып тепті біреуі. Шатырының алдынан зор бастық айқайлады оған.
- Тұрмағандарын тізімдеп қой, кеште күрес жиынын ашамыз!
«Күрес жиыны» мұнда тағы да ере келгенін естіген соң «пері соққандар» сергіп сала берді. Бастарын күшене-күшене көтеріп, алдыларындағы ши түбірлерінен тартып түрегеліп еді, жарымы қайта құлады да жарымы еңбектеп-бүкшеңдеп іс майданына беттеді. Ал, әйелдер жүгіріп жетіп, сасқандықтарынан бір-бір сырғауылды құшақтап тұра қалыпты. Сырғауыл қоятын арқалық түгіл діңгектері де орнатылмаған. Бес-алтауымыз діңгек орнататын шұқанақтарды енді қазып жатқанбыз.
- Ал, бұл сырғауылдарды қайтпексіздер?- деп жымиды «құйын соққан» әйелдер сақылдап күліп, қолдарындағы жойдақсыздарды тастай-тастай салды. Бірақ, бекер тұрып қалса, «даяужыңға наразы» деген қалпақпен күреске түспейме. Аурулары да, саулары да үреймен жалтақтай қарасты бастықтарға.
- Алдымен діңгекті құшақтаңдар, діңгекті!-дегенімде бәрі діңгекке жүгірді. Он діңгекке алпысы жармасып келіп, жаңа қазылып жатқан төрт-бес шұқанаққа түсті. Мына бір жүз жиырма адам түгіл өздерінің не істейтіндіктерін білмейтін көп бастықтың көздері де осы төрт-бес шұқанақта ғана қалыпты. Қазуға тиісті басқа шұқанақтар да көп екенін, тіпті ошақ пен оттың, отын-судың да керек екендігін ойламайтын сияқты. Шындығында ыстық тамақ сағынышы көбінің сағаттарын тықылдатып бара жатса да олар «буржуазияша баптанудан» қорқады. Ал, оларға «буржуазияшыл оңшыл-ұлтшыл» басымызбен ошақ жасауды біз айтсақ, кері төңкеріс болып шыға келмей ме!... «құқыққа қайта таласқандық», «пролетарият дектатурасын аударуға ұрынғандық» дегізіп, көз шұқытудан «күнәһәрлар» қауымы сақтанады. Сөйтіп, көпшілік жаутаңдаса берді бір-біріне.
- Бүгінгі жұмыс тіпті көп, тез істелік азаматтар! -деп ақырында Қалық бастады сөзді. - Үш итарқа... асхананың қазан-ошағы, от жағуда бар. Домна пештің жұмысына мына орналасу жұмысымыз кедергі болмасын, тездетелік!
- Группаларға бөлінсек, осы жұмыстардың бәріне жетісеміз!- деп оны «Құйын соққан» қостап еді.
- Группаға бөлу - біздің ісіміз, шатағың болмасын сенің! Жүріңдер жолдастар әтірет штабына, дүйжаңмен[4] сөйлесіп бөлейік!
Бастықтар шұбай жөнелгенде көпшілік өз денелерін өздері басқаруға құқық алғандай жайраңдап, кетпен-күрекке жүгірді. Бірнешеуі барып, асхана шатырының алдынан ошақ қазды да тайқазанды орната қойды. От жағып, су қайнатуға кірісті бірнеше әйел.
Тайқазандағы көлдей су қайнап, тіршіліктің буы бұрқыраған шақта штаптағы бастықтар жиыны тарай қойды. Крушкаларына шайлары мен қанттарын салып, қазанға ұмтылғандарында біз де жүгірдік.
Асхана бастығы бір-бір тоқаш тарту міндетіне енді кірісті де, әтірет бастығы тәртіп жариялап, группаға бөлудің уақытын сол сағынышты шай үстінен тапты. Алдымен бізге қатал ескерту жариялады.
- Оңшыл-ұлтшылдар бірдемелерін қысып жүрсін, басшылық біздің қолымызда, демек, ұстара біздің қолымызда. Мұнда келгелі құқық алғандай құтырып, бұйрық жүргізген дұспандар бар. Тіпті, «дойбының тайыншасы болсақ суға бастықтардан бұрын жүгірер едік» деп әлден басшылыққа тіл тигізгендер бар!... Бұлай сөйлейтін құқықты кім берді сендерге!
- Басшылықпен бәс таласқан элемент тұрсын орнынан! - шу ете түсті көмекші бастықтар. - Ұранға неге қосылмайсыңдар, кеңірдектеріңе бірдеме тығылып қалды ма! - Бір бастық осылай қайталап ақырғанда ғана дауыс қосты көпшілік. Кешегі сөзінен ұшынған «құйынсоққан» әлдеқашан түрегеліп тұрғанда «орнынан тұрсын» деп көтерген ұрандарына өздері ду күлді.
- Неге күлесіңдер, төңкеріс деген қалжың ба!- деп ақырды енді зор бастық. - Өндіріс төңкерістен айрылмайды. "Даяужың" өндірісіне бойкүйез қарағандық - әлбетте төңкеріске опасыздық істегендік. Мұнан соң біз ешкімнің жүзіне, абыройына қарамаймыз. Гүлнисаның ахуалынан үлгі алсаңдар болады. Ол енді «оңшылға майыл»[5] элемент, біліп қойыңдар, оңшылдармен бірге басқарылады. Бірнеше активтеріміз осы оңшылдар жағынан аздырылып, пассивтік-сүйрелмелік дәрежесіне түсіп, жатып алды! Көздерін ашсын олар!... Маужуши бізге «жауды менсінбеңдер», «кім де кім дұспан жақтан көрінсе, ол да дұспан» деп үйретеді. Ал, сендер қайда барасыңдар!.. Қай жақтан көрінбексіңдер!.. Дереу қайтыңдар өз жолдарыңа! Жауды адам қатарында есептеуге қатал тиым салынады, өйтетініміз, олар - жау!... Төңкерісшілер жақта, яғни, біз жақта болыңдар, біздің тілімізді алыңдар! Төңкерістік пешкалық позицияда тұрыңдар! Басшылық қайда бұйырса сонда болыңдар! Активтік нәтижелерің сонда ғана қорғалады. Ал, дұспандар тілдерін көмекейлеріне сақтасын! Олар сөйлеуге емес, істеуге ғана міндетті!...
Зор бастық осылай бір сағат сөйлеп алып, группа бөлінісін жариялады. Гүлниса екеуіміз домна үшін кірпіш құю группасына, оның да ең ауыр жұмысы - ылай жасауға бөлініппіз. Ең мықты «авчаркалар» бізді бақылап басқаруға бөлінгенін байқадым.
Гүлнисаның ақ балтыры сазандай жұмыр санына дейін түріліп, талдырмаш нәзік денесіне лайықсыз ауыр кетпенмен лайға түскеніне жаным удай ашыды. Өзі шырайын бұзбай, маған көз астымен қарап қойып, күлімдей кірісті іске. Тау суының мұздай суық ызғарынан шімігер емес.
- Сіз лайдан шығып, су құйып беріп қана тұрыңыз!- деп күбірлей сала бар күшіммен қопара жөнелдім. - Лайды мен-ақ үлгертемін!
- Ауырып қаласыз!- Ол да күбірлей сала тырбаңдады. Бірақ, кетпенін менше басқара алмай, екі-үш жұлқып әрең шығарып тұрып, терге лезде малшынды. Іш көйлегі жабысып қалған толық омырауына көзім түсіп, сырт айлана бердім. Жұмыстан емес, ұят пен аяушылықтан қинала шықты үнім.
- Лайдан шығып тұрыңыз, бітті, жағаға мен-ақ шығара саламын!
- Менші?
- Сіз демалып, мына жақтан асықпай ғана топырақ босатыңыз!
Гүлниса лайдан шығып, жыламсырай қарады маған. Майкым мен кусарым тұла бойыммен лайға малшынып болып еді. Жаутақтап тұрып артына қайрылған қыз, кірпіш құюшылардың ши түбірлерін шауып, майдан түзеп жатқанын көрді де, үлкен орамалын әкеліп, мойныма аса қойды.
- Теріңізді сүртіп, асықпай істеңізші!
- Мен асықпасын десеңіз, киініп алыңыз!
- Неге?... менің көмектесуімді жақтырмайсыз ба?
- Терлегеніңізді көрсем, қиналады екенмін!
- Сізге қарап мен де қиналып тұрмын! - Ойнақы қара көзге тола қалған жас, омырауына тырс-тырс тамды.
- Шыдамды болыңыз, мен шыныққан, көніккен бас! - Лайды былшылдатып сыртқа ата бастадым. Қайтадан күлімсіреген бейнеге келе қалған Гүлниса да лайды кетпенмен тарта берді. Менің шықынсыма қарап, күшене тартты.
Қиыншылыққа осылай таласқандығымыздан ба екен, лай төбе болып үйіліп, дайын бола қалды. Түскі тамақтың дабылы күн еңкейе соғылғанда екеуіміз екі жаққа жуынуға кеттік.
- Біздің бақытымызға жарай кірпіш құюшылар тіпті икемсіз, сыпыра бошалаң болып шықты. Жалғыз кірпіштік, түпсіз қалыптарына қос уыс лайды домалақтап апарып басқанша уақыт бес минуттап өтіп жатты. Біз шығарған лайымыздың бүгін құйылып бітпейтіндігін біліп, ертеңгі лайға топырақ босата сала отырдық. Екеуіміз екі жақта отырсақ та ойымызды жүз ишарамыздан ұғысамыз. Кірпішшілердің ішек-қарны шашылғандай шұбалаң қимылдарына, жолдан өткен мас қалмақтардың ат үстінде бұлғақтауына, ауып түсіп, ұйықтап қалуларына, соған үйреніп алған аттарының иелерінен үміт үзіп, бет алдыларына жүре берулеріне, «пері соққан» белсенділердің қимылына, бастықтардың оларға қоқаңдауларына... маңайымызда болып жатқан барлық әрекетке Гүлниса күлді де мен жымиямын. Күлкім келмей, Мақпал мен Асқарымды сағынып отырсам да осы сүйкімді қыздың көңілі үшін жымиямын. Ол менің көңілімді көтеру үшін күлетіндігін кейінірек түсіндім. Кей бір жымия да алмай мұңайғанымда, қайғылан ба дегендей басын шайқап қойғанынан ұғылды.
Біздің осы «бекер» отырысымызды бастықтар тағы да көре алмай қалыпты. Кірпішке лай жасап беруден оңай жұмыс жоқ екен деп қалған сияқты. Екінші күн өткенде Гүлнисаны кесек құюға шығарды да, мені ол группадан тас тасу группасына ауыстырды.
Тас болғанда да руда емес, өзеннің малта тасы. Мұның да «неғұрлым жуаны» қажет екен. Неге қажет екенін білмей-ақ зәмбілмен таси бердік. Менің зәмбілімнің артын төрт мықты «актив» кезектесіп көтерді. Мақсат қинау болғандықтан демалдырар емес. Бірі терлейін дегенде тыңы келіп түсіп, қуалай берді. Кейбірі маған жанашырлық ойлап, бір далдаға апарып демалдыратыны болмаса, бастықтардың мақсаты, зорықтырып жығып, «кері төңкерісшілдігімді» дәлелдемек екен. Бұл жайтты кірпіш құя жүріп Гүлниса да біліпті. Бастықтарға жақын жүретін еріктірек әйелдер арқылы мұңғыл малшылардан сүт-қатық алдырып, жатын орныма жасырын жіберіп беріп тұрды.
Үш-төрт күн өткен соң асқананың бастықтарға пысырған тәтті-дәмділері де менің бастығымның асынан табылатын болды. Араным ашылып, тамаққа қасқырдай тидым. Зорыққаным сол, күшейе түсіп, зәмбіл көтерісетін істестерімнің өздерін қайыстырыппын. Төртеуі жеке отырып күбірлесіп алады да зәмбілге қайсысы түссе де мені демалыспен қамдай берді. Зәмбілшілер сияқты ілбіп қана күн өткізетін болдық.
Лайды жарым күндік қана жұмыс көріп, бізден тартып алған екі белсенді үлгере алмай, ең мықтысынан үшеу болып малшынып жүріпті. Қасынан өткенімді Гүлниса маған соларды ымдап жымияды.
Үйген тасымыз таудай болғанда шақта зор бастығымыз айқайлай жетіп, басқа жерге тасытты. Домнаны басқа жерге жасататын болыпты. Ол тастың жарымын екінші рет тасып бола бергенімізде, Үрімжідегі мекемеге кеткен ұстамыз қайтып келіп еді. Зор бастық, штабынан тағы да жүгіріп шықты. Жұмысты түгел тоқтатып, демалыс жариялады. Соңымыздағы жандайшап бастықтарды түгел штапқа шақырып әкетті. Бір сағаттан соң түгел шығып, штап сыртындағы жерді өлшеді. Әр жерге қазық қақты. Тастың екі үйіндісін де сол қазықтардың маңайына тасуды бұйырды сонсоң. Сол жерден бірнеше бөлімді үй қалап, осында қыстайтын болыппыз.
Тасты үшінші рет тасуымыз менің демалысымды тіпті көбейтті. Өйтетіні, іс қузаушы жандайшаптардың үндері ішіне түсіп, өз ойларымен өздері болып, болбырап қалып еді.
Бастықтар ғана көңілді. Кешкі демалыстың уақыты ұзара берді. Тек зор бастық «сорлының жұмысы» ғана көбейгендей: «штабынан» шықпай, қыздарды кезек-кезек шақырып, «тәлім-тәрбие» беретін болды. Ал, өз алдыларына қыз шақыратын «штабы» жоқ, кіші бастықтар өзен бойлап қолтықтай жүріп «тәрбиелесін бе»...
Гүлниса мен бірге кесек құйып жүрген әйелдер ғана «тәрбиесіз» қалып бара жатқан сияқты еді. Екі-үш күннен соң олардан да шақырылушылар шықты. Лай құшақтайтын орындарына «тәрбие қабылдамаған» әйелдер ауыстырылды. Іле-шала Гүлниса да босай қалды кірпіштен. Зор бастық бірер сағат қана сөйлесіп шығарған соң оның еркіндігі тіпті кеңіді. Мас қалмақтың ертоқымымен келген бір жуас атын ертеңіне-ақ міне жөнелді. «Осы бір таза жанды сезімтал қыздың, азғын тәрбиесін тіпті тез қабылдай қойғаны ма?» деп күрсіндім. - «Ауыр жұмыстан құтылу үшін арын сататындай емес еді ғой?»...
Гүлниса төменгі жақтағы қатынас бекетіне қарай жорғалатып барып, белеске шығып біраз тұрды да қайта қайтты. Өзен бойына түсіп, жорғалай аяңдатты. Тұп-тура мен демалып жатқан далдаға беттеді. Абыройын сақтауды қысқаша ескертіп өткізгім келді менің. Бірақ, Гүлниса, жақындап келе күлімдеп, менен бұрын сөйледі.
- Биған аға, төменгі бекетте әскери емхана бар екен. Ертең жексембі, демалады екенбіз, сіз дохтырға көрінуге рұқсат сұраңызшы!
- Сап-саумын ғой, не үшін?
- Сізбен бір сөйлескім келеді!- деп күліп жіберіп түзеді сөзін. - Жай ғана...
- Соңымда «авчарка» бар ғой?
- Олардың бәрі арақкеш, сондағы арақханада қалатыны сөзсіз! - Соны ескертті де, атын қузай тебініп өте шықты.
Досты сақтандыру борышым бар ғой, кеңірек жерде кездесіп, мына жүрісі жөнінде өзіне де ақыл айтып қойғым келді. Ертеңіне таңертеңгі шайды іше салып, дохтырға көрінуге рұқсат сұрадым. Бастық, бұрыннан соңымда жүрген екі бақылаушысын қосып берді. Гүлниса асқан сұлу денесіне өз терісіндей қондырып тігілген қызыл пүлс көйлегін киіпті. Ұзын бұрымын тарқатып, шатырының алдында тұр екен. Кеттім дегендей бас изеп қалдым. Қыз мол шашын төге сілкіп, арқасына серпіп тастады да өзенге жүгірді. Дөңгелек қана аппақ жүз, жас шыбықтай толқыған қыпша бел, жел ұйытқытқан қызғыш қоңыр жібек шаш, жалт ете түскен қара көз, сүюге бейімделгендей ұмсұнған оймақтай ғана қып-қызыл ерні... Бәр-бәрі, әсіресе лып беріп секіре жөнелгендегі құлын мүсін, романтизм дастандарындағы перизаттың дәл өзін, ондайға сенбейтін көзіме көрсетіп, жүрегіме қондыра қойғандай сезілді. «Япырай мына сойқан Нұрияшыма жау боп тиер ме екен!» деген ой сап ете түсті басыма. «Жоқ, жоқ-жоқ, өрт болып жаласа да күймеймін!» дегендей басымды шайқап тастап, көзімді жұма қойдым да Нұрияшымның бейнесін сіміре тарттым жүрегіме. Өз сүйіктімнің көркем мінезі, тұнық махаббаты шипалы самал болып тыныстатты. Мұның мені қызықтыра қойған мүсіні өз жарымда да бар ғой, ал, онымның рухани дүниесі, мол ақыл-ойы, білім-санасы қай сұлуға қона қоймақ! «Лайлама тұнығымды, кез келген шөптің басын шала беретін мал емеспін!...»
Жолдың ойлы-қырлылығы болмаса, аралық екі шақырымдай ғана екен. Емханаға кіріп, тұмау дәрісін алдым. Ере кірген екі белсенді ере шықты да арақханаға қарап ымдасты. «Бұл кісі арақ ішсе... болмайды. Тағы бір шатақ тауып алмай қайта берсін!», «мені әкеп тастап кетті дей салса болмады ма!»- деп естірте күбірлесті де, иектерін көтере салды.
Көптен өз еркіммен жол басқаным осы-ақ шығар, арқамнан ауыр жүк түскендей сезіммен аяғым жеңілдеп сала берді. Желсіз, жайма шуақ ашық күн сәскелікте жарқырап тұр. «Сұм қыз қай жағымнан көрінер екен» деп жан-жағыма қарай бердім. Жоқ, әтіретке жетуге бір белең ғана қалды. Қыз түгіл сайтанның да елесі жоқ. Бұл белеңнен асқан соң жол жап-жайдақ, штап есігінен бәрі көрініп тұрады. Алды-артыма қарап біраз тұрдым. «Жастық - әуестіктің соқпа құйнынан басқа не сөзі бар дейсің. Қарындасым, аңшы қақпанынан сақтан!» деп бір кезіккенде күбірлей салмаймынба!»- енді күткім келмей өрлей жөнелдім белеңге. Өзен жағасындағы терек арасынан сықылық қақты сұлу күлкі. Бір жуан ақ теректі далдалап ат үстінде тұр екен. Тебініп қалып ытып шықты.
- Білдім!... Кел мінгесіңіз, мына қыраттың асты иен екен!
- Нені білдіңіз?- деп артына, мінгесе салып сұрағаныма жауапсыз күлді. Менің әлгі кідіріп жалтақтағанымнан өзіне деген пейілімді байқаған тәрізді. Ал, өзі еркекше көйлек-сымын қайта киіпті де, сиқырлы шашын түйіп, қалпағымен бастыра салыпты. Сырт көзге алдымда отырған ересек бала жігіт болып көрінетіндей. Оның есесіне жұпары мұрнымды жарды. Қыраттың тігіл жарлауытына ат тіке өрледі. Сауырынан сырғып кете жаздап, ертоқымның алдыңғы қасына созған қолым қыздың дәл қуығының басынан сап ете түсіпті. От уыстағандай дереу тартқанымда қылмысты қолымның сыртынан оның ыстық алақаны жабыса қалды. Бір мезет жібермей, ішіне құшырлана басты да жоғары тартып апарып, жүрегіне басты. Алақаны да көкірегі де оттай, дезмалша қарыды қолымды. Қайрылып қарамаса да құмарлықтың қызара бөрткен жүзін, аппақ мойнының қызарып кеткенінен, жүрегінің атқылақтауынан сездім. Сол сұғанағымды отты алақанымен сипалай берді. Аялап-аймалай берді. Үн жоқ, тұқыра түсті өзі. Жастық сезіміне оқыс шабуылдап қойғанымды ұғып, қолымды зорлап тартып шығарып алып сөйледім.
- Пәк жүректі, аса құрметті қызсыз, кешіре көріңіз, ердің қасынан ұстамақ едім, жаңылыс болды!
Гүлниса күліп жіберіп күрсінді де, біраз ойланып алып тіл қатты.
- Менде сіз аяйтындай оншалық құрмет жоқ!... сондай ахуалдарымды айтайын деп шақырдым сізді...
- Менің де айтып қояйын деген аз ғана пікірім бар еді. Мына жерге түсіп отырайық!- Белден асқан соң аттан секіріп түсіп, оны қолтығынан сүйемелдеп тартып едім, қытығы келіп, қолымды қаға ыршыды мертігуден сақтау үшін құшақтай алыппын. Екі қолы мойныма асыла кетті де, айқара құшақтап алып, бетіме бетін баса күлді. Ойпаңырақ далдаға көтеріп апарып отырғыза қойдым да атты тұсай салып, екі қадамдай алыстап келіп отырдым. Қимылыма кірпік қақпай қадалған қыз демін соза алып төмен қарап сөйледі.
- Сізде кешіріңіз!... мені әдеттен асқан бұзық қыз екен деп қалған ұқсайсыз!
- Жоқ, олай жаман бағаламадым. Сіздің жүрегіңіз де мені таңдандыратын бір түрлі пәктік-адалдық бар!
Гүлниса жүзіме біраз қарап алып тағы да тұқыра жалғастырды сөзін.
- Расшылдық-ақиқатшылдық дегендерді мен сізден үйрендім. Және ең қиын жағдайда, өтірік қоспаса болмайтын күрес үстінде берген жауабыңыздың шыншылдығынан әсерлендім. Менің де сіздей расшыл болғым келетін болды. Сізді жақтап сөйлеп, тіпті, сізбен бірге күреске түскім де келді. Сөйтсем... сізге... ғашық болып қалыппын. Түн бойы қызамын, ұйқым келмейді. Ең болмағанда сіз көрінетін жерде отырғым келеді...
- Қарындасым-ау, баласы бар, сүйген әйелі бар адамға солай бола ма екен! Сендей қызға қандай жігіт бас қоймас, сені алтын таудай бақыт күтіп тұр!...
- Жоқ, олай болудан кеткенмін.. Маған енді шын сөйлеуден басқа парыз жоқ!... Мен қыз да емеспін. Кішкене кезімнен алданып, ит пен құсқа жем болған әйелмін. Сіздің мені қыз деп аяйтыныңызды білемін. Сондықтан толық сөйлеп бергім келді. Бірақ, ессіз бұзық әйел емеспін. Алданғанда бір жақсы көрінген жігіттің махаббатына, алалдықпен алданғанмын. Сіз айтқандай «алтын тауым» осы екен деп беріліппін!... Осы күрес үстінде бәрінің жайы мәлім болды. Мен тәуір деп білетін жігіттің бәрі қаражүрек алдамшы, тақсыпаз, өтірікшілер болып шықты. Ондайларға... ерсіз қалсам да бара алмайтындығымды түсініп жеттім.
- Жоқ, әлі түсініп жетпепсіз, туылғаннан кемшіліксіз кәмелетпен туылатын ешкім жоқ. Оған өзіңіз де мысал. Өтірікшілдік пен шыншылдықтың қасиет жөніндегі парқын менің үстімдегі күресте айырып өзгеріпсіз, өсіпсіз. Ал, ол жігіттер өзгермейді деп ойлағаныңыз - шалалық емес пе!... Қарама-қарсылық күрес бар жерде сана мен идеяда өзгеріс болмай тұрмайды. Ертеме-кешпе сіз сияқты олар да өзгереді, өседі.
- Ол жігіттер де ондай үміт жоғын, сөйлей алмай отырғаным болмаса, өзім білемін. Мұндай түпсіз терең айтысқа түсіп, әрең тапқан уақытымызды сырап етпелік, өтінемін!
- Мақұл, мұныңызда дұрыс. Мен алдымен сізге айтпақ пікірімді айтып алайын. Мына әтірет бастығы сізге қалай шапағатшы бола қалды, алдымен соны айтыңызшы!
Бұл тосын сұрауыма сақылдап күлді қыз.
- Кезептік мақсатпен жақсы көрінгісі келмей ме! Мұндайлар менің көптен сыралғы дұспаным. Көркемөнер қызметіне орналасқанымнан бері мені мұндай бастықтардың үлкендерінің де талайы айландырып келеді. Оңаша үйге талайы алдап апарып көрген. Ондай әуейліктеріне көнген емеспін. Зорламақ болса, парткомға мәлімдеймін деп қорқыта саламын. Менің алданғаным, тек, махаббаттық уәделесуден ғана болған!
- Сонда да мынадай доңыздан қатты сақтаныңыз!... Ондай ішкі байланыста болмағаныңызбен сырттағы абыройыңызды жояды!
- Түсінемін, бірақ, лаж жоқ. Бастық іс жөнін сылтау етіп шақырғанда бармаса болмайды екен!... Онымнан, менің сырымды білетін достарым күмән ойламайды. Мынау мені осы жаққа жүрерде-ақ айландырған. Өзімен бірге кабинкада отыруға бұйырғанда кузовқа шығып, одан сіздің қасыңызға барып отырып алғаным үшін, онан соң сазға келіп түнегенде өзімен бірге кабинкасында түнемегендігім үшін қалпақ кигізді. Одан да зор қалпақ кигізсе, тағы киермін. Жалғыз-ақ, сізді көріп жүрсем болғаны!... Мен қазір аурумын! - Көзжасын төгіп-төгіп жіберді. Гүлниса, менің тіземді жастана жығылды. - Қатты қиналып жүрмін!
- Не ауру? - Маңдайынан, шашынан сылай сұрадым.
- Сен!- деді қыз, жауабын шорт қайырып, ышқына солқылдады. - Мақпал екеуіңнің махаббатыңа зиянкестік істемеуді де ойландым. Көп семьяда жоқ ең үлгілі махаббат қой, қимаймын, аяймын. Бірақ, лажым қалмады. Өзімді тоқтатуға күшім жетпеді, қайтемін, ұйқы жоқ, жүрегім күйіп, ыс-түтекте тұншыға беретін болдым!
- Олай болма! Ар-намысты ардақтайтын адам бәрін де жеңе алады!.. Жастық сезім дегенді ақылмен басқармаса, адамгершілікті тонайды. Батпаққа да, дәретханаға да тастай беретін, ол бір ақымақ құйын. Үйіргеніне шыдап берсең, аз уақытта-ақ өте шығады, айығасың, дұрыс жолыңды сонда ғана табасың. «Япырай сонда қаймана бір қатын-балалы қалпақтыға да күйіп-жаныппын-ау!» деп күлетін боласың әлі!
- Олай деме!- деп мойныма асыла көтерілді Гүлниса. - Менің қатты бір егесім осы қалпағыңда. Сенде не қылмыс бар еді!... Нахақ қалпақ кигізеді де «мұны адам деп менсін бе» дейді тағы да... Туған елімнің қамын сенше ойлай алатын болғанымда ғана енді адам болдым дей алармын!... Ол идеяның ешкім таласа алмайтын шындығын айтып, сенше жеңе алатын дәрежеге жетсем!... Саған мені алдымен құштар еткен, осы жауынгерлігің. Жұрт қормалындай, ел тірегіндей көрінетін көп ұлтшылдың қайсысы сендей жауап айта алды? «Ұлтшылсың» десе, «ұлтшылмын» деп сүмірейе бергеннен басқа бұл нахаққа не жауап айта алды?... «Анау блогың» десе, «блогым» деп басқа бейуаздарды өзіне қоса күйдіргеннен басқа не берді жұртына!... Ал, сенші?... Сені құтқару үшін өзін құрбандыққа шалмақ болғандарды да қорғап қалдың!... Сен сөйтіп, менің арман-тілегімнің жалғыз ғана жарық жұлдызы болдың, қайтып қиналмайын сен үшін!.. Сенің басыңа жастық, көңіліңе сүйеніш болудан артық не өнер, не қымбат бар мен де!
Гүлниса осыны айтып, маңдайымнан, көзімнен, иегімнен сүйіп-сүйіп алды. Қарсылық ете алмай қалдым. Бұл сұлу сойқан көрсе қызарлықпен емес, жастық-мастық сезіммен, иә, бұзылғандықпен де емес, өзінің өзгеше оянған санасымен, өзіндік ақылымен, арман-мұратымен ұнатыпты мені. Мұны айтпаудың не жөні бар!... Өз аяғын шалыс басып келсе де әлеуметтік ой-пікір жағынан тез өсіпті!... Ал, бірақ, маған болған бұл құштарлығы үшін Нұрияшымды ұмытып, опасыздық істей алармын ба! - Маңдайымнан тер бұрқ ете түсті.
«Шын мағынасында бұл да көркем гүл. Бірақ, өзінің тым ерте ашылып қалғандығымен бойын жия алмай, мына өктем құштарлықтың жалынын түгел сіміріп, шегіне жеткізіп алған, нәзік гүл. Жақсылығын айтып жұбатсам, жабыса қалады. Жазғырсам жасып солады. Мына халінде тойтарсам, күйреп те түсер!... Ал, бірақ, менің де шыдамымды құртып барады мына от құшағы!...»
- Мені аяйтының қайда!- деп қалдым. - Мақпалға зиянкестік істемейтінің қайда!
- Мұндай ахуалды аймалаудан артық аяушылық жоқ. Көптен бері Мақпалыңның қасында бола алмай зарығып жүрсің. Нахақ жазаланып, көңілің жүдеп, азаптанып жүрсің. Осындайда рухи азығың болып жадырата алсам, сенің дертің үшін де, өз дертім үшін де шипа!... Мақпал қазір алыста ғой, бұл жерде сенің көңіліңді көтеріп, жұбата тұруым, оған зиянкестік емес, нервіден қорғаймын!
- Мағыналы адамға мағыналы махаббат қана жарасады ғой, өзіңді бұлай қорлама, қарындас!
- Сен де қорлама, ая мені!... Семьяңда бола алмаған осындай уақыттарда жанама әйелің боламын. Тек, мені кемсітпесең болғаны, таңдаған жолым осы! Басқа ешкімге тимеймін! Шикі надандардың енді біріне қосылып, арақ ішіп келгенінде «қатын екенсің» дегізіп сабатып отыра алмаймын! Ондайда менің әділетсіз-жазықсыз жәбірленетіндігімді сен түсінесің. Ондай қара көңілге ханым болудан, жанымның жарық күніндей сенің ғана қосалқың болып өткенім жақсы. Мақпалға сездіріп, рухи зиян салмайтындығыма серт етемін!... Мен тапқан ең мағыналы махаббат осы ғана!... Ал, мені қаншалық сағындырған кезеңде де алалың бола білемін! Бала бітсе тіпті жақсы, сыртқа білдірмей бағып өсіру маған қиын емес. Сенің перзентің ғана мен үшін ұлы табыс, өмірлік қуаныш бола алады!
«Бұл да көп ойлаумен таңдаған, өзінше ең дұрыс жолы шығар, кінәлауға болмас!»- дедім ішімнен. - «Шегіне жеткен құмарлық тым шешенге айналдырыпты өзін!... Бірақ, Мақпалыма олай опасыздық істеп, мен адам болмақпын ба!» -мұның көңілін енді тойтармай болмады, шыдамымнан таусылдым. Құшағын айырып, тез алыстауым қажет болды.
- Қарындас, «қатынмын» деп өзіңді арзандатқаныңмен де шыншылдықпен айтылған мына сырларың, менің алдымда басыңды тіпті қымбаттата түсті. Қате ойларың да адалдығымен құлпырып шықты. Бірақ, менің мына жайымды түсініп, кешірім ететіндігіңе сенемін: мен Мақпалдан басқаға еркек емеспін. Махаббаттың жүрегі біреу-ақ екен. Оны жарты-жартыға жарып, екеу етуім мүмкін емес екен. Ең жақсысы, маған қарындас болып қал!... Сені қор етпейтін жігітті мен таңдасып, өзіңнің разы-қоштығыңмен қосайын!
Бетін қос алақанымен баса еңіреді Гүлниса.
- Енді бізді іздейді, кешіктік. Екеуімізді осы жерден тапса, зор шатақ! -дегенімде орнынан әрең тұрды. Маңдайынан ғана сүйдім де атқа мінгізіп жөнелтіп, өзім жолдың төменгі жағынан түстім.
«Шіркін табиғат!... алуан түрлі гүлі өзді-өз алдыларына алуан-алуан көрік, бір-біріне мүлде ұқсамайтын алуан түрлі сүйкіммен иіс тапқан неткен бай сырлы дүние бұл!»- деп күрсіндім. - «Мына гүлі өз күлтесін өзі жұлмалап, масқаралап, масқаралап отырып-ақ мас ететіндей сезім, көз ұялтатындай келбет көрсетті-ау!... Әне, күн нұрына шағылысқан қар-мұзды асқар! Соның ар жақ етегінде ғана Асқарымды құшақтап, өз нұрым отырмайма, ертең-ақ жетпеймінбе оныма, кез келген нұрға телміріп, өз нұрымды - көз нұрымды өшірмекпін бе!...»
«Өзіңнің асың тұрғанда басқада әкеңнің басы барма» деген мақал есіме түсіп, қарқылдап күліп жіберіппін. Иен сайда хайуан қораз сезімге беріліп, бір мезет естен танып та кетіппін. Өзенге түсіп, жуынып-тазарып қайттым.
Гүлниса мінген ат тағы бір «масты» төңкеріп тастап шыққандай өрлеп, недәуір алыстап кетіпті. Мен асханаға барып, тамақтанып шыққанымша Гүлниса көрінбеді. Мүмкін ол төсегіне жете құлап, көз жасын жастығына ұрлап төгіп жатқан шығар. Жатағыма мен де жетіп сұладым. Мақпал мен ұлымның суретін алып, көкірегіме баса сұладым.
Гүлнисаның қатты «сырқаттанып» қалғанын күн еңкейе естіп, жаным ашыды. Көңілін сұрап, мүмкіндігім жетісінше демеп қойғым келеді. Шатырына кіруіме рұқсат жоқ. Мен де еңкейе жеттім өзен жағасына. Өрлеп-құлдап жағалай бердім. «Зор бастықтың» өзі жүгіріп, «оңшылға майылына» өзі күтуші болып, өзі дәрілеп жүр екен. Ашық тұрған шатыр есігінен Гүлнисаға көрінетіндей бір қойтас үстіне шығып ұзақ отырдым. Батыс жақтан қою қара бұлт шығып, күн жүзін жапты. Менің көңілімді де бүркей түскендей күңгүрттене берді. Гүлниса орнынан тұра алатындай болса бір көрінер еді, зым-зия. Осы жығылуына тағы да өзім қылмысты сияқтымын. Жатағындағы басқа әйелдерде де үн жоқ, бәрі тұнжыраулы көрінді.
Бұлт аспанды түгел торлап, жаңбырын бүрке бастағанда өз шатырыма жүгіріп едім. Бастықтар айқайлап, «пешкаларын» түгел шығарды сыртқа. Кірпіш жиюға шақырыпты. Плашымды кие сап қайта шықтым. Түйіле төнген күз, сүркей жаңбырын үскіре төккенде біз «секіре» тасыдық кірпішті...
Құрғаған кірпіштің үштен бірі, дегдіп қалған кірпіштің жарымы, жас кірпіштің бәрі күйреп, аяқ астында қалғандығымен ғана тізіп бітірген болдық. Бірақ, біткені сол, жұмысты тіпті көбейтіп алғанымызды ертеңіне көрдік: жауын суы іркілетін ойпаңға тізілгендіктен бұрынғы жал кірпіштерде түгел құлап, майданның ойран-асырын шығарыпты. Бүтін қалғанын теріп дөңге жиюға бұйрық түсті. Жоғарыдан кіші бастықтар тағы да «тез» бітіруге қузады. Қолдан-қолға лақтырып тасып, жауыннан аман қалғандарын да шағып болыппыз. Жаны сіңір екі жүз шақты кірпіштен басқасы расында да «тез бітті». Түстен кейін майдан тазаладық та кірпішшілерден басқамыз өзді-өз группамыздың міндетіне тарадық.
Жауыннан біздің үйген тасымыз ғана аман қалыпты. Бірақ, оны төртінші рет тасуымызға тура келді: қалайтын үйдің іргесі тасқында су басатын жерге қазылыпты. Оның орны тағы да дөңге ауысып, қайта қазылатын болған соң құйрығы қоныс таппаған сорлы тасымызды сол дөңге тағы тасуымыз қажет қой!... Сөйтіп осы өткен жиырма күн ішінде қанша секіріп, қанша ілгерілегенімізді өлшейтін нәтиже табылмады. Төккен терімізбен өлшей қалса, өте көп жол басқанымыз анық. Бірақ, ол сідікпен, өз жаны қиналмаған кім есептеспек.
Гүлниса ауырғалы зор бастығымыз соның қасынан шықпап еді. Әйтеуір жүгіріп жүріп басын көтертіпті. Үшінші күннің кешінде әні естілді. Алдымен ұйғырша ғазал[6] мен татарша жырдан бір-бірден айтты да қазақша әнге ауысты. Ән болғанда да ыңғай Мақпалдың айтып жүрген әндері. Аурудан серги сала тағы да менің көңілімді көтеру үшін айтып жатқанын түсіндім.
... Айналдым ақмаңдайлым,
Ақылдым - бал таңдайлым...
Жар үшін жанын үзе толқитын осы әнді бабына жеткізе, өзегінен өткізе, аса шеберлікпен орындап тынды соңында.
Қан қысымы өрлеген науқас жағдайымен менің қасыма келіп жатқан Қалық та күрсініп жіберді. Ойына бір қызық оқиға түскендей күліп алып күбірледі сонсоң:
- «Неге мұнша күйдіресің арамнан болған» деп тоқтайтын нақшасын[7] сен көсіп жіберсең қайтеді?
Екеуіміз қатар күлдік. Бұл жерге келгелі шықпаған күлкімізді бұл бұрын өзара айтылмаған қалжыңдар да шығып жатты. Гүлнисаның өзі айтқанындай, шынымен-ақ жадырап, көңілденіп жатып ұйықтаппын.
Гүлниса осылай бастап, бізді әр күні кеште әнмен тербетіп, жұбатып тұрды. Өзін де осы әндер сергітетін сияқты. «Штапқа» шақырылып барып айтқанда да жаңылмады мұнысынан. Бірақ, зор бастықтың ыңғай нақша талап етуінен болса керек, «штапта» қазақша ән сирек айтылды. «Сені тіпті де ұмытқаным жоқ» дегендей маған арнап, ара-арасына әншінің өзі қыстыра айтып қоятыны байқалды. Ал оның есесін өз шатырына келіп толтырады. Жатарда халін әнмен білдіріп, халімді сұрағаны екендігі түсінікті болды да жатты. Күндізгі бейберекет жұмыстан зерігіп шаршап, жаурап қайтсақ та кешінде сол әндер недәуір демеп, тыңайтып тұрды.
Бірақ, бұл патифонымнан да тосын айрылдым: Үрімжіге қайтып кеткен автомобильдің екеуі тоңқалаңдап қайта жетті де әтіретіміздегі «пешканың» жарымын екі шатырмен қосып ала жөнелді. Ол тізімде мен де бар екенмін. Өздерінің қашан қайда жүретіндігін пешка білеме, мұндағы құрылыс жұмысы домна ісімен қосылып, қалған жарымына, жарымы болғанда да көп бастықпен қосылып, ыңғай жарты жандылары қалыпты. Телміре қарап Гүлниса қалды.
Кең сайды, автомобиль моторын зыр қақтыра өрлеп барып, күн батысқа қарай шықыта, тіктей тарттық. Қиын қиялар мен тағы да күңірене өрлеп, биіктің биігіндегі бір асуға жеттік. Бұл асудан асу үшін емес, жонын басып тұрып, руда қазуға шығыппыз. Түкпір-түкпірді паналаған топ-топ шатырлар көрінді. Мұзды шоқылардың арасындағы бұлақ басталатын бір жырашыққа екі шатырды бізде құрдық. Мұндағы басқарушымыз, баяғы орман қырғызған асхана бастығы екен. Бір-бір тоқаш тарқата сала шайнаңдап, қисықтау ұзын мұрынын билете барды да мұз арасындағы бұлаққа қонжиды. Суды уысымен ұрттап нанын өңештен асыра берді өзі. Мұздай суды бізге қарап ұрттауынан, осындай бір «төңкерісшілдік өнеге» көрсетпек сиқы көрінді.
- Үй мұның не, мына суықта ыстық бірдеме ішпесең өлмейміз бе!- деп құқықтылау бірнеше пешка наразылық айтып еді. Аузындағысын бүрке сақылдады бастық.
- Өзгергенің қане, қалай пұрлытар болмақсың!... Бұл жерде де пуржойшы жасамақпысың! -Бастықтың бұл сөгісіне сөгілушілер де зекірді.
- Пролетариятқа ыстық су қажет емес пе екен!
- Денсаулық қажет емес пе екен?
Бастық асау сөгісін енді «жауас» үнмен жариялады.
- Даяужыңда мұндай талап етсеңдер кім болмақсыңдар, ойлап қойыңдар кім, пұржойдың шіріктескен тұрмысына әдеттеніп қалғансыңдар, мына біздің пұрлытарлық тұрмысымыздан үйренсеңдер ғана адам боласыңдар! Мен міне суық сумен-ақ тойып алдым, өлмедім ғой, сендер де өлмейсіңдер, қайта хайуанша шіріктеспей, ысырап тұрмыстан құтылып шығасыңдар! Суық су шынықтыратын дәрі екендігін мен үйреткелі келдім сендерге!...
- Ей, былжырай берме сен!- деді жуанырақ бір «пешка». - Сені құтыртып, суық суға жерік қып тұрған бакалашкаңдағы арағың! Ішімізден суық ұстағанда оныңды біз тартып алып ішеміз! Жәшігіңдегің біздің бір-бір ұрттағанымызға да жетпейді! Сонда көресің осы «дәріңнің» қасиетін!
- Көмір қане, оны жағатын шаласынды ошақ қане!- деді бастық, өзінше «дұрыс» жауабын арағынан айрылатын болғанда ғана айтты. - Айтып қояйын, мұндай суық тауда көмір болмаса су қайнамайды. Таяртап[8] пуржой не біледі!
- Тастан ошақ қалатып, қазан орнатқызыңыз, суды мен қайнатып берейін!- дедім мен бірнешеуін ерте жөнелдім. Жап-жақын түкпірдегі тоғайдан он құшақ қураған пұтақ келіп, ошақ басына үйілгенде жатын орнына барып құлай кетті бастығымыз.
- Қане, қайнатып көр!
Кісі басына бір-бір күрешкелік су бұрқ ете түсті лезде. «Пролетар» бастық шайдың иісіне шыдамай, күрешкесін ала жүгірді қазанға. Тілдейтін құқығы барлар тұс-тұсынан түйресе де бүлк етпей, ыстық шайға нан шылап жеп, терши қалды.
Таңертең кетпен, күрек, лом, керкемізді көтеріп, бір биікке енді жаяу қиялап өрледік. Ауаның сирегендігі тынысымыздың тарылуынан білінді. Алдымыздан оңтүстікке қарай құлаған тар шатқал көрінді біраздан соң. Екі жағындағы, түбіне көз жеткісіз тік жар тұтасымен темір тас екен. Қызылкүрең жып-жылтыр тас, нақ құрышпын дегендей көкжасыл ызғар шашып тұр. Сол бай қазынаның үстінен автомобиль жүрерлік кенере жол қашалған екен. Жол бойлап құжынаған екі аяқты құмырсқалар екі бетті де қаптап алыпты. Шақ-шұқ керке, шатқа сатыр-күтір құлаған тас, әлемтапырық айқай-шу. Кенере жол іргесіндегі жай тасты шатқа құлатып, жанарлы тасты жалаңаштап, кеңітіп жатыр. Керке тұмсығы тигенде бұл руданың жік-жігімен саудырап сөгіліп бір келкі қырлы-қырлы бөлшектерге айнала қалатыны таңдандырды. Тексеруші мамандар жетпіс проценті темір деп есептепті. Үгілмей жалтырап бөлшектенеді екен де ауамен тотыға келе нағыз көкжасыл темір болып көрінеді екен.
Біз жеткенде күншығыс жақ қарсы беттен таныс дауыстар естілді. Үрімжідегі барлық институт пен әр саладағы ғылыми қоғамдар сол бетті иеленіпті. Араларынан «оңшыл», «ұлтшыл» аталған жалтыр бастар көбірек жарқырайды. Бір жақпар тасты құлаштап ұрып жатқан ғылым академиясының «оңшыл» президенті де танылды.
Біз соларға тұспа-тұс, қарсы тұрғыдан шақылдатып едік. Жалтыр бастардың жоғарғы жағындағы алыс құз басынан аюша тоңқалаңдап келе жатқан бір дәу тас көрінді бір шақта. Қарсы тұрғыда болғандығымыздан біз ғана көрдік те шу ете түстік. Біздің үрейлі айқайымыздан түсіне қойған жалтыр бастар да айқайлады. Апат келе жатқан тұстағы қалың студент біздің қол ишарамыз бойынша екі жаққа бөліне қашты. Бірақ алдыларындағы аңқау «пешкалар» аңырып, жол босата қоймағандықтан артындағылар қаша алмай тығылыпсып, іргелеріндегі жарқабақ астына жасырынды.
Ұзақ биіктен домалап тас төмендеген сайын екпіндеп секіріп соғылып, жолындағы тастардан да бірнешеуін қоса домалатты. Пәле көбейе төнді кенере жол үстінен. Бұл апатты тоқтату дәл қазір ешқандай құдіреттің қолынан келмейтіні белгілі. Екі беттегі неше мың «пешка» түгел шулады. Бүкіл Тяньшань күңіренді шуылымыздан. Тарс-тұрс, сақ-сұқ етіп екпіндеп жеткен зор пәлелер кенере жолдан ыршып-ыршып өтіп, шатқа бір-ақ ұшты да жақыннан домалаған шағын біреуі жарқабақ іргесіне тығыла алмай қалған студенттердің біреуін қағып әкетті. Шыр қағып шатқа бұлаңдап ұшқан адам, барар жеріне жетіп ғайып болғанға дейін шуладық. Оның шелпекке айналған мүрдесін тауып алып шыға алатын да құдірет жоқ еді. Екі беттегі қалың «құмырсқа» тым-тырыс, қыбырсыз тұрып қалды. Барлық бас шалқайып, өзді-өз тұстарындағы биікке, биікке емес, алдашы аспанына қарап қалыпты.
Біздің аспанымыз тіпті қатерлі, ызғармен ырсия төнген тік құзар еді. Қарағыштап қалтырай жүріп, өзімізді алып келген екі автомобилге руданы ертеңіне әрең толтырып қайтардық.
Көзінің қарасынан ағы молырақ, ең қорқақ, ең үркек бір серігімізді жар үстіне қарауылға шығарып қойып қазатын болдық руданы. Кешінде қалың киімімізді түгел киіп, бар мәзірімізді жамылып ұйықтайтын болдық. Аяз қасқыр болып қаптаса да таба алмайтындай, тапса да тістері өтпейтіндей қатерсіз жатсақ та түсінде домалаған тас көріп, айқайлап-ойбайлап тұра қашатын болды бірнеше актив.
Күндіз жұмыс майданында екі-үш рет домалаған тастан жарқабаққа тығылып құтылып, әдістес болып қалып едік. Ендігі қатеріміз қарлы боранда қалды: басқа жердегі борандар соққан жағынан ашық келіп қана ұшыра, иә, құлата жөнелуге «құмартушы» еді. Мына жонның бораны «тым қу» екен: құйын боп ұйытқып, қай жағыңнан келіп, ашаңнан ала үйіргенін білмей де қаласың. Бұғып келіп тік көтеріп, шыр көбелек айландырып ұрады екен. Тұйық қойнаудағы шатырларымызды, ішіне кеулеп кіріп алып көтеріп үйіре берді. Төрт жағынан темір қазық қағып байлап, етектерін таспен бастырып қойсақ та сөйтіп есімізді шығарады.
Ойпаңдау жолдарды қармен басып автомобильдерімізді де жүргізбей қойды. Дегенмен ерегеспе ауруы бар даяужыңшылар емеспіз бе, қызғылықты темір тасты сонда да қазып, үйе бердік. Бірақ, қаскүнем боран тіпті қатты ерегесті бір түні. Шатыр бастырған қазықтарымызды суырып тастап көтерді. Баспанамызға бәріміз шулап жабысып алдық. Сонда да ұйықтатпай үйіре беретін болған соң бәріміз де бар тең жіптермен шатыр арқалығынан байлап, белімізге орап тартып жатып алдық. Жерге кенеше жабысып қалған отызнеше адамды көтеріп әкете алмай, таңға жақын «өзі босай» берді.
Боран тоқтаса да уақытында «таң атпай», түннің тіпті «ұзарып кеткені» білінді. Тұмшалап алған басымызды қымырлатып байқасақ, түн қараңғылығы емес, үрдесін қар басып қалған екен. Тоңмойын шатырмен бірге оның ішіндегі бізді де түгел көміп үлгеріпті. «Ақым» ішінен айқайласып амандасып алып тыпырластық. «Көрден» көтеріліп шықсақ та «бейітіміз» тым қалыңдап көмілген екен. Көр тышқанша түртініп, тас болып қатқан шатыр березенінен есік түгіл тесік те шығара алмай жатып қалдық. Құрал-саймандарымыз сыртта қалған.
Төбемізде көп күрек сақылдап-қарсылдап жатқанын түстен кейінгі сағат екіде бір-ақ білдік. Басқа бір бейтаныс әтірет келіп құтқарыпты көміліп қалған екі автомобилімізді өзіміз қазып шығардық.
Жол жағасына үйіп дайындап қойған темір тасымызды да қалдырып, асу жолы қардан ашылысымен зор бастықтан келген бұйрық бойынша балғынтайымызға түп қотарыла зыттық. Қыстың не қилы қияметін көріп қайтқанымызда Балғынтайда жып-жылы жаз екен. Құйылған кірпішті жаңбыр әлі құтайтпай жойып жатыпты. Біз кеткен екі аптадан бері үй салу жұмысын кірпішке қаратып қойып, тастан «домна пеш» деген атпен зор-зор екі тандыр жасапты. Тіпті таскөмірмен толтырып, үстіне теміртас үйіп, өртеп те көрген екен. Темір шығару түгіл рудамыздың өзінен айырылыппыз: көмірдің шаһары мен темір тас қайнасып қоқ болып қатып қалыпты. Тандырдың тас қабырғасынан ажырар емес. Түбіндегі желдеткіш тесіктеріне іркіліп жылт еткен шойын көрінбейді. Бір дене болып қайнасып тұтасып алған қоқысты ломдап, базғандап айыра алмай тандырларымен тастап қойыпты. «Тандыр домнадан» мүлде үміт үзіп, енді бір-біріне мың бөлке пысырарлықтай пеш жасап жатыр екен. Онысына биік моржа қалапты. Руданы көмей жағына үйіп, көмірді ауыз жағынан өртей бермек сияқты. «Астындағы мына тесікті ашып қалғанымызда қып-қызыл темір бұлақ лақылдап ағып шыққанға дейін өртейміз» деседі.
Соншалық мол көмірдің қызулы шоғында еріп бөлінбеген шойын темір енді бөлек үйілген рудадан түтінді жалын арқылы еріп шыға қоймақ па! - Бұдан да үміт жоғын айтсақ, оңшының ең оңбағаны, кері төңкерісшінің ең кербаққаны болып айыпталмаймыз ба!... Аузымызды зорлап жұмсақ та күлкіден мұрнымыз бүлкілдей берді. Сырт айланып жүріп кеттік.
Гүлнисаның ауруы сол айырылысқан күні қайталап, екі-үш күн жатқан соң Қалықпен бірге Үрімжіге руда тасыған машинамен қайтарылыпты.
Мезгілі өтіп, кеппеске кеткен кірпішті жұттан келген бізге де артып, он күн ішінде құйып болу бұйрығы түсіп еді. Үш күннен соң бұл бұйрық та бұзылды. Үрімжіден келген зор бұйрық бізді тағы да қағып ала жөнелді. Мұндағы «көсемнің» қолында тағы да сол көп көсемше - қораз пешкалармен әйел пешкалар қалды. Бұлардың енді қанша көмірді өртеп, қанша руданы ыстап қоқсыққа айналдыратындығын білмедік. Әйтеуір енді там қаланбайтындығына, көсемдерден басқаларымыздың көзіміз түгел жеткен.
Осы бір жарым ай ішіндегі «зор секіруіміздің» белгісі болып, жон таудан шатқа құлатқан жарларымызбен қар астында қалған рудамыз, кірпіш болып құйылып, қайта топырақ болып үйілген сорымыз, жаудай тиып күйреткен тоғайымыз, тау болып үйіліп, төрт-бес рет көшсе де қоныс таппаған малта тасымыз ғана қалды. Ащы тер, адал еңбегіміздің енді қанша мазаққа айналатындығын қоғам мастығының айығуы ғана білер. Әйтеуір сау адамша бір адым секіре алмағандығымызға қорланып-арланып қайттық.
Данышпан тергеушім, адамгершілік ар-намыс деген «абстракт» немелер түгелімен-ақ «буржуазия мүлкі» емес пе. Менің қорланып-арлану, ұялу сезімімнің әліге дейін жойылмағандығы, «буржуазиялық идеялогияның» сүйегіме дейін сіңіп, шіріткендігіне тағы бір факт болмады ма! Әйтпесе, осы алыпқашпа саясаттың ар-намыста қанша түйесінің жүгі бар еді. Зор секіру, тез секіру деген соң шегірткеше ырши беруден басқа не жауап қалып еді бізге. Мұндайда пайда деп, зиян деп компрадор буржуазияша есептеудің, сөйтіп, жекеменшіктегі ақылдың «арам таразысына» салып, қылмыс үстіне қылмыс қосудың не қажеті бар еді! «Төңкеріс жолы иір-иір, қиыр-шиыр болатындығын» құлағымызға құйып отырсаңыздар да түп-түзу секіртіп пайда таппадың деп кінәлаудың өзінен зор қылмыс бар ма!
(Жалғасы бар)
«Abai.kz»
[1] Бедек - мал саудасының салакеші, жалданба саудагер.
[2] Құдайды аспанда дейтін наным бойынша айтылған қалжың.
[3] Даяужың (ханзуша) - зор секіріп ілгерілеу.
[4] Дүйжаң (ханзуша) - әтірет бастығы.
[5] Майыл (ұйғырша) - бейім.
[6] Ғазал (ұйғырша) - ән, өлең.
[7] Нақша (ұйғаршы) - ән, өлең.
[8] Таяртап (ұйғарша) - жатып ішер, арамтамақ.