Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 2719 0 пікір 3 Қазан, 2012 сағат 09:10

Ақберен Елгезек. Қазақ жастары тағы да сырт қала ма?

Соңғы кездері билік жастар саясатына ерекше көңіл бөле бастады. Ағайларға үлкен рахмет! Айтпайын десем, тілім қышып отыр. Біздің мемлекеттің жұмысы - көп жағдайда «түстен кейін маңырайтын қойдың» абдыраған кейіпін елестетеді. Тәуелсіздік алған 21 жыл бойы біздің қоғам өз бетімен, мемлекет өз бетімен, ал, жастар мүлде басқа әлемде өмір сүріп келді. Әсіресе,  қазақ жастары. Бүгінгі күнге дейін билік қазақ жастарының рухани-материалдық сұраныстарын зерттеп, білді ме екен? Мен «әй, қайдам» - деймін.

Иә, жылда үлкенді-кішілі әлеуметтік зерттеулер жүргізілетіні рас. Алайда, мемлекеттік тапсырыспен өтетін мұндай зерттеулердің ыңғайсыз жерлері түзетіліп, теріс біткен бұтақтары шабылып, кедір-бұдырлары тегістеліп, тапсырыс беруші ағайдың «көңіл-күйін түсірмеу үшін» жоғары жаққа тап-тұйнақтай болып жеткізіледі. Білген соң, айтып отырмыз.

Күніне мың құбылған өмірді кабинет пен қызмет көлігінің терезесінен ғана көруді үйренген әлгі ағайлар әдемілеп жонылған зерттеулердің нәтижесіне балайдай сеніп, жұмысын позитивті түрде жалғастыра береді. Ағайды қойшы. Оның басқа да шаруалары шаш етектен.

Соңғы кездері билік жастар саясатына ерекше көңіл бөле бастады. Ағайларға үлкен рахмет! Айтпайын десем, тілім қышып отыр. Біздің мемлекеттің жұмысы - көп жағдайда «түстен кейін маңырайтын қойдың» абдыраған кейіпін елестетеді. Тәуелсіздік алған 21 жыл бойы біздің қоғам өз бетімен, мемлекет өз бетімен, ал, жастар мүлде басқа әлемде өмір сүріп келді. Әсіресе,  қазақ жастары. Бүгінгі күнге дейін билік қазақ жастарының рухани-материалдық сұраныстарын зерттеп, білді ме екен? Мен «әй, қайдам» - деймін.

Иә, жылда үлкенді-кішілі әлеуметтік зерттеулер жүргізілетіні рас. Алайда, мемлекеттік тапсырыспен өтетін мұндай зерттеулердің ыңғайсыз жерлері түзетіліп, теріс біткен бұтақтары шабылып, кедір-бұдырлары тегістеліп, тапсырыс беруші ағайдың «көңіл-күйін түсірмеу үшін» жоғары жаққа тап-тұйнақтай болып жеткізіледі. Білген соң, айтып отырмыз.

Күніне мың құбылған өмірді кабинет пен қызмет көлігінің терезесінен ғана көруді үйренген әлгі ағайлар әдемілеп жонылған зерттеулердің нәтижесіне балайдай сеніп, жұмысын позитивті түрде жалғастыра береді. Ағайды қойшы. Оның басқа да шаруалары шаш етектен.

Әлгі зерттеулердің нысанасы кімдер деген сұрақ қоялық. Зерттеулердің объектісі көп жағдайда Астана мен Алматыдағы студенттер, облыс орталықтарында жұмыс жасап жүрген жастар. Ал, зерттеу жүргізетін ұйымдардың басым көршілігі орыс тілді ұйымдар. Себебі, олар білімді-мыс. Әлеуметтік зерттеулердің маманы-мыс. Анкеталар орыс тілінде жасақталған соң, олар қазақ жастарының арасында таралмайтыны белгілі. Зерттеулер әлеуметтік жағдайы әжептәуір жастардың арасында жүргізіледі. Оны бақылап, қатаң талап қойып отырған тапсырыс беруші және жоқ. Айта берсең, әңгіме көп.

Біздің ағайлар жастардың ішіндегі шолақ белсенділердің көзқарасын - барлық жастардың көзқарасы деп ойлайды. Айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жаратын әлгі белсенді жастар бір бөлек, өмірдің қайнаған қан базарындағы жағдай мүлде басқа екенін билік енді ғана және өте кеш түсініп отыр.

Есесіне, бүгін билік өзі танымайтын, тіпті қорқатын жастар қоғамын қалыптастырып алды. Биліктің назарынан тыс қалған жастардың бір тобы әртүрлі ағымдарға ілесіп кетті, бір тобы өз нанын өзі тауып жеуге бар жастық жігері мен асыл уақытын жұмсап жүр, келесі бір топтың рухани-интеллектуалдық деңгейі 11 сыныптан ары аспай, төмен қарай құлдырауда. Нашақорлық, маскүнемдік, тағы басқа зиянды әдеттерді айта берсек, тіпті түңіліп кетесің.

Әрине, бәріне қап-қара бояуды жаға салудан аулақпыз. Иманы кәміл, білімді, сергек, зерделі жастарымыз көп. Жаратқанға тәуба дейміз. Бірақ олар аз. Өте аз. Ертеңгі ересектер қоғамын қалыптастыратын жастардың басым көпшілігілінің арман-мұраттары, мақсаттары мен ішкі күйзелістері билікке о бастан, ал, тіпті ел аралап, халықпен тығыз жұмыс жүргізетін журналистердің өзіне де белгісіз. Қазақтың жас жігітін тура сол жағдайда ғұмыр кешіп жатқан екінші жас жігіт қана біледі, түсінеді. Қазақтың жас бойжеткенін ауылдан шығып, қалаға үмітпен келіп, тауы шағылып, тағдыры неғайбыл болған қазақтың қызы ғана біледі. Бірақ қазақ жасы үндемейді. Ол көнбіс. Қытайдың киіміне, суға пісірілген макаронға, тіпті «ролтонға» шүкір деп жүре береді. Өзінің ішкі депрессиясын өзі де сезінбейді, бірақ бір дүние жетіспей тұрғанын біледі. Оған белгісіз түйсік оны «агентке», одан қала берді, жан-жағы мүжіліп кеткен қалта телефонына жүгінуіне апарады. Ал, бұл құрылғылар адамның сөйлесу, дидарласу секілді асыл қасиеттерін жойып келеді. Жастар өз ішіне өздері жұтылып барады. Жұмыс табылса, қуанады. Барын салып істейді, жұмыс табылмаса, баюдың басқа да жолдарын іздейді. Мемлекеттік мекемелерге барып, құқығын қорғап жатпайды. Олар үшін аудандық, облыстық, қалалық әкімдіктер - өзге планеталардан келген ағайлардың мекені ретінде елестейді. Бөлек қауым боп қалыптасып қалған жастардың образы таныс па сізге? Таныс, таныс.

Әлқисса, мұның бәрін неге айтып отырмыз. Ішке сыймаған соң, осылай тізбектеліп жазыла береді екен. Мәселе былай. Үстіміздегі жылдың сәуір айында, Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХІХ сессиясында Мемлекет Басшысы Үкіметке «Жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын» жасақтап, осы күздің қараша айында ұсынуды тапсырған болатын. Тұжырымдаманы талқылау ғаламторда тағы да «қарқынды түрде» орыс тілінде жүріп жатыр. Интернетті пайдалануды жақсы меңгерген адамның өзі аталған тұжырымдаманы қазақ тілінде таба алмай, қолын бірақ сілтейді. Сенбесеңіз, google-ға теріп, іздеп көріңіз.

Мен бұл шимайымды өзімнің қаламдас әріптестеріме жолдағым келіп отыр. Жастардың болашағына қатысты осындай маңызды құжат дайындалып жатқанда, тағы да үнсіз қалып жүрмейік. Себебі, бұл құжат алдағы 8 жылда жүзеге асатын мемлекеттік жастар саясатын түзгелі отыр. Бұл құжаттың қабылданар алдында бәріміз қимылдап қалуымыз қажет. Бірінші мақсат - құжатта қазақ жастарының, оның ішінде, әсіресе, ауыл жастарының мәселесін мұқият қарауды талап ету. Тұжырымдаманың мен оқыған нұсқасында ауыл жастарына назар аудару керек деп қысқа қайыра салған. Бұл жеткіліксіз. Тетіктері нақты-нақты жазылуы керек. Екіншіден,  жастардың құндылық-патриоттық бағдарлары:-) деген баптағы (мәселен, «батыр айқаста танылар» деген сөйлем бар! Не айтқысы келгенің Құдай біледі...) жастардың рухани-ұлтжандылық ұстанымдарына да баса назар аударайық. Өз нұсқамызды берейік.

Үшіншіден, бұл тұжырымдама қазақ тілінде жасақталып, сосын орыс тіліне аударылуы тиіс. Себебі, орыс тілінде жасалған кез келген құжаттың қазақ тіліндегі нұсқасы мағынасыз, сауатсыз болып шыға келетінін бәріміз білеміз. Сондықтан қазақ жастарына осы құжаттың мәтінін қалай жеткіземіз, тұжырымдамаға қалаларда қызмет етіп жүрген қазақ жастарының, ауыл жастарының мұң-мұқтажын, арман-тілектерін зерделеу нәтижесінде нақты, стратегиялық ұсыныстарды қалай ұсынамыз? Сол жағын кеңесейік. Ойланайық, қыз-жігіттер! Себебі, бүгінгі жас - ертең біздің замандастарымыз. Ертеңгі қоғамды бүгін қалыптастыруымыз керек.

P.S. Ілгеріде осы тұжырымдаманы талқылаған бір жиынға қатыстым. Біткенін асыға күттім десем, сеніңіз маған. Себебі, сол баяғы «белсенді топтың» гламурлық әңгімелерінен жүрегім айнып кетті. Бұлар - мемлекеттік тапсырысқа әбден тойған, қазақ жастарын өздерінің шешімдерімен тұжырымдаманың сыртына шығарып тастаған және бәрімізді «Нашақорлыққа қарсы», «СПИД-ке қарсымын» деген сияқты түкке тұрғысыз шаралармен әбден мезі еткен пысықтар. Бізде шын мәнінде белсенді, елінің ертеңін ойлайтын мыңдаған жігерлі жастар бар. Соларды мемлекеттік тапсырысқа қатыстыруды талап етейік, қазақтың мәселесімен айналысатын жастар ұйымдарын көптеп құрайық, пайдалы әртүрлі шараларды өткізуге мұрындық болайық. Әйтпесе, ертеңгі элитамыз жоғарыда айтқан «шолақ белсенділер» болса, бәріміздің маңдайымыз сонда қызады, жетісеміз, қысқаша айтқанда.

Қаламдас достар, дәл қазір белсенділік танытайық. Өкілетті органдарды жоғарыда айтылған мәселелерге байланысты жиі-жиі мазалайық. Тұжырымдаманың қабылдануына аз ғана уақыт қалды. Сіздің де іні-қарындастарыңыз, бауыр-сіңіліңіз бар. Солардың болашағына алаң болыңыз.

Ағайлар ренжиді де қояды, мүмкін бізден күткендері де осындай белсенділік болар. Басқа жастар көрінбеген соң, әлгі пысықтарға қарап отырып ол ағайларымыз: «балық жоқ жерде, шаян да пәйдөт» - дейтін де шығар. Кім білсін...

"Abai.kz"

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1570
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2265
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3564