Жексенбі, 24 Қараша 2024
3040 3 пікір 4 Наурыз, 2022 сағат 16:34

Сергелдеңге салған санкция

Бүгінде АҚШ пен Еуропа Одағы елдерінің бірталай компаниясы Ресейге санкция қойды.

Apple компаниясы Ресейдің Украинаға басып кіргеніне қарсылық ретінде өз тауарларын экспорттауды тоқтатты. Apple Pay, Apple Maps сияқты компания қызметтері енді Ресей аумағында жұмыс істемейді. ВТБ, Совкомбанк, Совкомбанк, Промсвязьбанк және "Открытие" банктерінің мобильді қосымшалары да Apple iOS операциялық жүйесінде істемейтін болады.
Google трансұлттық корпорациясы Ресей мемлекеті қаржыландыратын жаңалықтар ұйымдарына YouTube-тің жарнамалық және басқа да видео хостинг құралдарын пайдалануға тыйым салды. Сонымен қатар, Google өзінің іздеу жүйесінен Ресейдің мемлекеттік RT телеарнасын алып тастады. Санкцияға ілінген банктердің тұтынушылары үшін Google Play-ді қолдануға тиым салынбақшы. Дегенмен, қазіргі уақытта Ресейде Google Play бұғатталған жоқ. Іздеу жүйесі, карталар және YouTube сияқты Google қызметтерінің көпшілігі жұмыс істеп тұр.

Microsoft компаниясы Windows App Store дүкенінен RT телеарнасының мобильді қосымшасын алып тастайды және Ресейдің мемлекеттік БАҚ-ның жарнамасына тиым салатынын мәлімдеген.

Американдық Nike компаниясы да Ресейдегі саудасын тоқтатты. Компания сайтынан ресейліктерге тауар сатып алу мүмкін емес. Nike Ресейге өнімін сатуға кепілдік бермейтінін айтқан.

Әлемдегі ең ірі тасымалдаушылар - даниялық Maersk және Женевада орналасқан MSC компаниялары Ресейге және Ресейден контейнерлік тасымалдарды тоқтатты. Бұл Ресейге сыртқы саудадан едәуір бөлініп қалу қаупін тудырады.

American Express қаржы компаниясы Ресейдегі серіктестерімен ынтымақтастығын тоқтатты. Ол Ресейде карта шығаратын және төлем жасау үшін сауда эквайрингін пайдаланатын бірнеше компаниямен серіктес қызмет етеді.

Nokia трансұлттық компаниясы Ресейге өз өнімдерін жеткізбейтінін хабарлады. Компания МТС, "Теле2", "ВымпелКом" және "Мегафон" үшін жабдықтар жіберіп тұрған.

Америкалық Boeing авиаконцерні Ресейдегі қызметін тоқтатқанын және Киевтегі кеңсесін уақытша жапқанын жариялады. Ресейдің басты тасымалдаушысы-Аэрофлот паркі 737 және 777 боингтерінен тұрады. Бұрынырақ ЕО Ресейге Airbus ұшақтарын пайдалануға тыйым салған. Ол Ресейдің бүкіл азаматтық авиациясына қауіп төндірді.
Ресеймен серіктес үш зауыты бар американдық Ford автомобиль өндірісі Ресейдегі қызметін тоқтатты.

Әлемдегі ең ірі мұнай компанияларының бірі ExxonMobil де енді Ресеймен жұмыс істемейді. Компания "Сахалин-1" жобасынан шығуға қадам жасауда. Ол Ресейдің Қиыр Шығысындағы Сахалин аралында үш ірі теңіз мұнай-газ кен орнын басқарып отырған. Ақпан айындағы ExxonMobil-дің жылдық есебінде Ресейдегі активтері 4,055 миллиард доллар екені жазылған.
Австриялық OMV мұнай-газ компаниясы "Северный поток - 2"газ құбыры жобасына қатысуды қайта қарайтын болды. Сонымен қатар, жоба операторы және "Газпромның" еншілес компаниясы - Nord Stream 2 AG - банкроттық туралы өтініш берген.

"Геосаяси жағдайларға байланысты және Nord Stream 2 AG-ге АҚШ салған санкциядан кейін компания қызметкерлерімен келісімшарттарды бұзуға мәжбүр болды. Мәжбүрлі қадамға бардық. Өте өкінішті", - деді оператор.
Газ құбырын сертификаттауды тоқтатқан Германия қазір жобаны толық тоқтатты.

Moody ' s халықаралық рейтинг агенттігі Ресейдің 16 қаржы институтының рейтингін төмендету жағын қайта қарайды. Қайта қарау тізіміне Сбербанк, Газпромбанк, Россельхозбанк, Альфа-Банк, Ак Барс Банк, Мәскеу Кредит Банкі (АХЖ), Бүкілресейлік Өңірлерді дамыту банкі, Тинкофф Банк, "Абсолют", "Зенит", "Солидарность", Ұлттық резервтік банк, "Дом.РФ" банкі, мемлекеттік көлік лизингтік компания (GTLK) және оның еншілес компаниялары GTLK Europe DAC және GTLK Europe Capital DAC кірді.
Еуропалық Одақ SWIFT-тен Ресейдің 7 банкі: ВТБ, "Россия" банкі, "Открытие", Новикомбанк, Промсвязьбанк, Совкомбанк және ВЭБ.РФ өшіре алады,-деп жазды Bloomberg. Агенттіктің мәліметінше, санкция салынған банктердің соңғы тізімі ЕО елдері толық талқылағаннан кейін шығады. Бұл тізімге Сбербанк пен Газпромбанк кірмегенін айтады.

Universal Pictures кинокомпаниясы Ресейде жоспарланған фильмдерінің премьераларын қойғызбады. Кинокомпания бұл шешім Украинадағы жағдайға байланысты екенін хабарлаған.

Netflix қызметі ресейлік түпнұсқа жобалармен жұмысын тоқтатты. Компания ресейлік фильмдер, шоулармен жұмысын тоқтатпақшы. Олардың ішінде "Анна К" драмалық сериялы, Александр Петровпен сериал, Юрий Борисов түскен "Ничего особенного" сериялы және Дарья Жуктың "Зато" қылмыстық триллері бар.

Канн фестивалі 2022 жылы Ресейдің ресми делегациясын қабылдамайтын болды. Ұйымдастырушылар ресми Ресей делегациясының және Кремльмен байланысы бар кез-келген делегаттың фестивалиға қатысуына тыйым салды. Олар: "Ресей үкіметімен байланысты кез-келген мекеменің қатысуына жол бермейміз",- деді. Дегенмен, жекелеген кинорежиссерлер іс-шараға қатыса алады.

Британдық BBC Studios телеарнасы Ресейге арналған лицензияларды қайтарып алу туралы айтты. Телекомпания 2019 жылдан бастап ресейлік "Яндекс" және "Кинопоиск" - пен бірге жұмыс істеген. Компания Ресейдің Украинадағы басқыншылығына қарсы осындай шара қабылдаған.
Walt Disney және Warner Bros студиялары Ресейдегі фильмдерінің көрсетілімін тоқтатып жатыр.

Польша Ресейдің елдегі жылжымайтын мүліктерін алып тастауда. Польша соттары Ресейдің Варшавадағы дипломатиялық не консулдық мақсатта пайдаланбайтын екі жылжымайтын мүлкін мемлекеттік қазынашылыққа беру туралы шешім қабылдаған. Ведомствоның айтуынша, тәркіленетін екі жылжымайтын мүлікке Ресей заңсыз иелік етіп отыр.

Канада Ресейге қарсы жаңа санкциялар жариялады. "Мен барлық канадалықтарға және Ресейге мәлімдеймін, біз қосымша шаралар дайындап жатырмыз»,- деді Канаданың Қаржы министрі Криста Фреланд. Бұл туралы алдағы уақытта жариялайтын болады. Министр санкциялар Ресей олигархтары мен Канада аумағында орналасқан ресейлік компаниялардың активтеріне қатысты болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Канада Ресейден келетін шикі мұнай импортына тыйым салды.
Жапония Премьер-министрі Фумио Кисида биліктің әуе жолын жабу туралы ойлануы керектігін айтты

"Ресейлік ұшақтар үшін әуе кеңістігін жабуға келетін болсақ, қазіргі уақытта бірқатар елдер осындай қадамға барды. Біз өз тарапымыздан жағдайдың бақылай отырып халықаралық қоғамдастықпен, бірінші кезекте G7-мен ынтымақтасып тиісті шаралар әзірлеу туралы ойлануымыз керек", - деді Кисида Парламенттің жоғарғы палатасында сөйлеген сөзінде.

АҚШ президенті Джо Байден Украинадағы оқиғаларға байланысты ресейлік ұшақтарға әуе кеңістігін жабу туралы шешім қабылдағанын айтты.
Қазіргі уақытта ресейлік борттарға 36 елдің аумағы арқылы ұшуға тыйым салынды.

Abai.kz

 

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5566