Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4170 0 пікір 8 Қазан, 2012 сағат 10:22

Тұрсын Жұртбай. Қара дәптердің иесі (жалғасы)

Cуретте - Жұмахан Күдерин

5. ЖҰМАХАН   КҮДЕРИН

(Қара дәптердің иесі)

 

Алаш тарихында аты атаусыз қалып келе жатқан тұлғаның бірі - Жұмахан Маусымбайұлы Күдерин.

Cуретте - Жұмахан Күдерин

5. ЖҰМАХАН   КҮДЕРИН

(Қара дәптердің иесі)

 

Алаш тарихында аты атаусыз қалып келе жатқан тұлғаның бірі - Жұмахан Маусымбайұлы Күдерин.

Өмірбаяндық анықтама: 1893 жылы сол кездегі Жетісу губерниясының Лепсі уезінде (қазіргі Аякөз ауданының ) туған. 10 жасқа толғанда Маусымбайдың бар малы жұтқа ұшырап, әкесі де, ағасы Жүніс те жалға тұрады. Он жасар Жұмахан әуелі ауыл молдасы Мұқаш Бакеновке, одан кейін ауыл мұғалімі Ишенғали Жабағытаевқа жалдана жүріп дәріс алады. Сөйтіп, 1911 жыл «Мамания медіресесін» бітіріп, 1912 аға сынып оқшыларына сабақ береді. 1913 жылы Қапал ауылшаруашылық мектебіне түсіп, оны 1917 жылы агротехник (полевод), веттехник (скотовод) мамандығы бойынша тәмәмдаған соң Талдықорған мен Лепсіде қызмет етеді. Уақытша өкіметтің Жетісудағы комиссары, «Алашорданың» Жетісу бөлімшесінің төрағасы М.Тынышбаевтің ұсынысысмен 1918 жылдың 15 сәуірінде Лепсі уезінің жер жөніндегі бөлімінің меңгерушісі (комиссары) болып тағайындалады. Атқарған істері: 1916 жылы туған жерінен босып кеткендерді тарихи отанына қайтару (6 000 мың түтінді қайтарып әкелген) және денін қоныстанушылар иемденіп алған ата жұртын тарихи иелеріне қайтару, егін егуге дағдыландыру, халық ағарту ісін жолға қою, халық билері кеңесін жүргізу, қызыл әскерге («Алашорланың» Жетісу жасағының комиссары -Т.Ж.), Қазақ аткомының Лепсі уезіндегі өкілі міндетін атқарды. 1921 жылы жайлаған оба ауыруының бетін қайтару мақсатында «Ыссықкөл тамырымен обаны емдеу» атты жарияхаты жарияланды.

1924 жылы Ташкенттегі Орта Азия Мемлекеттік университетінің ауылшаруашылығы факультетіне түседі. Оқи жүріп: Қазақ-қырғыз жетім балалар мектебінің мұғалімі, 1925 жылы Қазақ педагогикалық институтында математика пәнінің оқытушысы, 1926 жылы Қазақ өлкесінің Түркістандағы өкілі, 1925-1927 жылдары Қазақ ғылыми зерттеу орталығының ғылыми қызметкері (Төрағасы Х.Досмұхамедов), Рабфакың түрлі ағарту курстарының дәріскері, 1929 жылдан Қапыланбектегі ауылшаруашылығы техникумының және ОААУ-нің оқытушысы  қызметтерін атқарды. 1930 жылы «ғалым агроном» мамандығына ие болды.

Осы аралықта алаш қайраткері, әмбебап ғалым, агротехник-зоотехник (1913-1917), ғалым-агроном (1925-1930) Жұмахан Маусымбайұлы Күдерин - биология (улы жыландар, зиянды жәндіктер мен жұқпалы аурулар), ботаника (техникалық өндірістік өсімдіктер - кендір талшықтары, тұт талшықтары, көк сағыз бен тау сағызы, дәнді дақылдар - тары, жүгері, қарақұмық, соя, құмыршық (жұмыршық -?), дәрілік өсімдіктер - көкпек, татыран, итсигек), улы өсімдіктер мен майлы өсімдіктер, мал шаруашылығы (биязы жүн талшықтары) саласы бойынша ғылыми еңбектер мен зерттеулер жариялады. Осы саладағы ғылыми-зерттеулері оба індеті тұсында және тоқыма кәсібінде тәжірибеден өтіп, пайдаланылуға ұсынылған. Сонымен қатар салыстырмалы сөздік пен терминдік сөздіктерді, әдеби оқулықтарды, мектеп оқулығын құрастырған. Жаратылыстану саласындағы алғашқы оқулықтар мен терминдердің авторларының бірі.

Оның негізгі ғылыми еңбектері мынадай:

Әліппе (1919, мектепте қолжазба түрінде оқылған),

Халық әдебиетінің үлгілері (1921-1930 жылдары аралығында қайталанып басылып отырған),

Орта Азиядағы жылан тұқымдарының түрлері, Қызылорда, 1925,

Майлы өсімдіктердің түрлері, 1926

1926

Итсигек - улы өсімдік, 1926-1927, Қызылорда.

Көкпек - жылқы үшін улы өсімдік, 1926,

Тары, жүгері тағы да басқа қуаңшылыққа шыдамды өсімдіктер, 1926, Қызылорда.

Кендір - техникалық дақыл, 1926, Қызылорда,

Татыран - жемдік дақыл және оны қызылшамен будандастырудың нәтижесі, 1927, Қызылорда.

Он оқулық (ауыл шаруашылығының 10 саласына туралы балаларға арналған оқулық, 1928),

Халық әдебиетінің құрастырмасы (хрестоматия). 5-жылдық оқушыларға арналған (1929),

Құмыршық (жұмыршық - ?) - Батыс Қазақстандағы азықтіқ өсімдік, 1929,

Қаратұт - табиғи жібек талшығын беретін ағаш (Алматы, газетте басылған),

Н.И.Баранский. Экономикалық жағырафия, І бөлім, аударма, (1927), ІІ бөлім, аударма (1929, қолжазба күйінде қалған),

Ботаника (Өсімдік)  оқулығы (Мәскеу, 1927),

Қазақстанның физикалық географиясы (1929, қолжазба күйінде қалған),

П.Ф.Лезгаф. Физикалық география, аударма(1929, қолжазба күйінде қалған),

Өсімдіктер тіршілігі, 1930,

Қой және оның жүні, Қазбаспа,1930

Кенеп,1930, Қызылорда.

1930,

Қазақстан малшаруашылығы, қолжазба күйінде қалған, 1930,

Техникалық дақылдар энциклопедиясы, қолжазба күйінде қалған, 1930,

Кендір, аударма, Мәскеу, 1931

Жамбасбұршақ (соя) - жан-жақты азықтық дәнді дақыл, аударма, басылым көрмеген, 1932.

Жұмахан Күдериннің өмірі мен ғылыми еңбектері арнайы зерттеуді қажет етеді.

 

1.

 

Осындай өнімді ғылыми жұмыспен айналысқан Жұмахан Күдерин Мұхамеджан Тынышбаевтің ісіне байланысты 1930 жылы 17-қыркүйекте (Күдерин Жұмақан - 17/IХ -30 ж.) Ташкентте ұсталып, жауапқа тартылды. Алдыңғы толқыннан кейiнгi алаштың ең көрнекті де үмiттi тобының бір өкілі ретінде ұсталған. Өйткені Ж.Күдеринге нақты айып тағылып, қылмысы көрсетілмеген. Тек «алашордашылардың контрреволюциялық ұйымының көсемдері ұлтшыл топтан тыс»:

«Өздерiнiң жолын қуатын iзбасарларды дайындаудың аса маңызды мәселе екендiгiн ескере келiп, ұйым мүшелерi оқушы жастарды өздерiнiң қарамағына iлiктiру үшiн белсендi түрде қимылдады және оларды ұлттық рухта тәрбиелеуге ұмтылды.

г). Қазақтың мемлекеттiк баспаларында - Досмұхамедов пен Ысқақов Даниал (Ташкентте), Дулатов (Қызылорда да), Бөкейханов пен Әуезов (Мәскеуде) қызмет iстедi.

д). Оқулықтарды - Байтұрсынов, Дулатов, Омаров Елдес, Досмұхамедов Х. және («Алашорданың» кезiндегi идеологиялық бағыт-бағдар бойынша) жазды.

е). Аударма әдебиеттерiмен - Бөкейханов, Дулатов, Жұмабаев, Байтасов (аудармалардың мағынасын бұрмалап) керексiз, кеңес мектептерi мен бұқара халыққа аса қажеттi емес кiтаптарды аударумен шұғылданды», - деген жалпылама айыпты ұстанған сияқты.

Яғни, белсенді ғылыми қызметі қылмыс ретінде қарастырылған. Сондықтан да болар Жұмахан Күдериннің түрмедегі көрсетінділері тіпті елеусіз.

30-жылы 6 қыркүйекте тергеуші М.Тынышбаевқа:

"Сіз Ташкенттегі астыртын ұйымға тартылған Күдерин Жұмақаннан, Әуезов Мұхтардан, Қожамқұлов Насырдан, Көшкімбаевтан басқа, тағы кімдердің қатысқанын білесіз? Түркістандағы көтеріліс туралы Күдериннен хат алыпсыз ғой. Оспанов Әлімхан садыр мен матайлардың, Алакөл ауданы тұрғындарының Қытайға босып жатқанын Сізге хабарлапты ғой"- деп жорта сұрақ қойған.

М.Тынышбаев бопсаға түспес үшін:

„Ташкентте астыртын ұйымның жұмыс істегенін, оған Күдерин Жұмақанның, Әуезов Мұхтардың, Қожамқұлов Насырдың, Көшкімбаевтің, тағы басқа кімдердің қатысқанын білмеймін. Күдерин Ташкентке 24-жылы кетті.  20-21 жылдары  студенттік ұйым құрылмаса керек. Оған ұйым жайын мен айтқан шығармын. Өйткені ол маған ру жағынан ең жақын адамның бірі. Әрбір мәселе жөнінде менімен ақылдасып отыратын. Орташалардың ұйымын құратындығы туралы маған ештеңе айтпады. Күдеринмен мен өткен жылы Алматыда кездестім. Шымкенттегі оқиғалар жөнінде құлағдар еткенімді бұрынғы көрсетіндімде көрсеткемін. Ташкентте тұрған кезімде Қазақстандағы жағдайлар туралы Күдеринге айтқан да шығармын. Қазақтарды жазалау, әсіресе, 1916 жылғы көтеріліс аса қатыгездікпен жүргізілді деп. Мұны айтпау мүмкін емес.  Одан басқасы нақты есімде жоқ.  Алматыдағы кездескен адамдармен  арадағы әңгімемді бұрынғы жауабымда көрсеткенмін. Тілеулинді танымаймын да, білмеймін де. Ол туралы осы абақтыда отырғанда естідім»,- деген жауап  айғақ бола алады.

Ал бұр көрсетіндіні тергеушілер «Айыптау қорытындысында:

«Қазақстанның аштыққа ұшыраған тұрғындарына көмек көрсету үшiн 1922 жылы құрылған „Аштарға көмек көрсету" комиссиясын астыртын ұйымға жаңа мүшелер тартуға пайдаланды, айыпқа тартылған Әуезов Мұхтар мен А.Байтұрсыновтың ұсынысы бойынша Қазақстанның түкпiр-түкпiрiне үндеу жолданды, Орынбор қаласында тұрған аштарға көмек көрсету комиссиясының құрамындағы астыртын ұйымның мүшелерi ұйымға адам тартумен айналысты, мысалы, айыпкер Досмұхамедов Жаhанша бұрынғы Жетiсу облысындағы аштарға көмек көрсету комиссиясының өкiлi, Алматы қаласының тұрғыны айыпкер Сүлеев Бiләлдi ұйымға тартты, оған ұйымның бағдарламасының бiр данасын тапсырды. Бағдарламаның бiр данасы аштарға көмек комиссиясының Жетiсу облысындағы Лепсi ауданындағы өкiлi Күдерин Жұмаханның қолына тиген (№ 541784-iс, 1т., 403 және 404-парақтар, № 2370-iс, 1 т., 177, 178 және 179-парақтар),- деп түсірді.

М.Тынышбаев өзінің «Алашорда» үкіметінің Шығыс бөлімінің тең төрағасы кезінде Алаш жасағын қаруландыру үшін жасақталған әскери тоғанақты - Жетісудағы және қытайға босып кеткен аш қазақтарға көмек үшін жиналған азық-түлік, киім-кешек еді - деп үйлестіре баяндаған (мұны айтпасқа болмайтын, өйткені тергеушілердің қолында нақты деректер бар еді) жауабындағы:

«1919 жылы қаңтарда Мырзахан Төлебаев, Жұмақан Күдерин, мен үшеуміз Үшаралдағы Анненковқа келіп, таныстық. Бір сағаттай әңгімелестік. Ол өзін қазақтардың жақсы қабылдап жатқанын айтты. Сол кезде қызылдардың келе жатқаны туралы суыт хабар келді де, біз аттанып кеттік», - деген сөзі ғана назар аударады.

Өйткені, Жұмахан Күдериннің өміріндегі бізге беймәлім тұс та осы 1918-1922 жылдардың арасы. Т.Г.Күдерина - Насонованың естелігі мен қызы Л.Ж.Күдеринаның мағлұматы бойынша, Жұмахан Күдерин 1918-1920 жылдардың аралығында қызыл партизандардың құрамында  Черкаскі қорғанысына қатысқан, БКП(б) қатарына өткен. Тіпті, Қауіпсіздік комитетінің анықтамасының өзінде партияның қатарынан ешқандай себепсіз  (механический) шығып қалыпты. Ал Л.Күдерина мұны Ж.Күдериннің ОГПУ қызметкерлері тарапынан жасалған қысым мен зорлыққа қарсылық ретінде партбилетін өткізген - деп түсіндіреді. «Алашорда» үкіметі кеңес жағына шығып, Ахмет Байтұрсынов Қазақ өлкелік ревкомының мүшелігіне өткеннен кейін, алашордашылардың екінші толқынының дені партия қатарына кіріп, «ел қызметіне» араласқанын ескерсек, Ж.Күдериннің де большевиктер партиясының мүшелігінде болуы әбден түсінікті. Чекистеррдің арандатуы мен жауыздығына көрсетілген саяси қарсылық ретінде саптан шығуы да сендіреді. Алайда, «қызыл партизандардың», оның ішінде М.Тынышбаевтың үздіксіз ашына әшкерелеумен болған «Жетісудың қазақтарын қан қақсатқан, малы мен астығын тонаған, оның өзінің ауылында (Черкаскі қорғанында) әкесінен бастап естияр балаға дейін қырып салған «ағайынды баскесерлер Мамонтовтың» партизандарының құрамында болуы қисынға келмейді. Бұл - қызыл партизандар мен қызыл әскерге қарсы соғысқан алашорда жасағына  қарсылық, М.Тынышбаевқа қарсылық, оның әкесінің қазасына қатысы бар - деген ой тудырады. Ал, шындық оған мүлдем қарама-қарсы. Өзгесін былай қойғанда, М.Тынышбаевтің жоғарыдағы:

«1919 жылы қаңтарда Мырзахан Төлебаев, Жұмақан Күдерин, мен үшеуміз Үшаралдағы Анненковқа келіп, таныстық. Бір сағаттай әңгімелестік», - деген мәліметін қалай түсінеміз.

«Алашорданың» Шығыс бөлімінің тең төрағасы, қызылдармен екі жылға жуық ашық майданда соғысқан алаш жасағының саяси жетекшісі Семейден армияға қару-жарақ, киім-кешек, ат-арба, қаражат әкеліп, ақ гвардишылар мен атаманға тапсырған, С.Аманжолов басқарға алаш әскерінің жай-күйін Ә.Бөкейхановқа хабарлап отырған М.Тынышбаевпен бірге Ж.Күдерин неге атаман Анненковқа жолығуға келеді? Демек, Ж.Күдерин Тынышбай ақсақалды оққа байлаған «қызыл партизандардың» құрамында болмағаны.

Бұдан кейін де осы мәселелер сан қайтара тәптіштеліп сұралған. М.Тынышбаев та: «Маған туыстық жағынан ең жақын адам еді»,- дегеннен асып ешқандай артық мағлұмат бермеген. Осы орайда табанды ізденуші, мұрахаттардың шын жаны күйері Болат Нәсеновтің жинағындағы Ораз Жандосовтың тергеуге берген жауабында Жұмақан Күдерин туралы:

«... Күдерин Анненковтың бандысының құрамында қайрат көрсеткен белсенді алашордашының бірі. Қаракерей руының көсемі, Тынышбаевтің оң қолы, атаман Анненковтың құрамындағы алашордашылардың төрағасы...»,- деп (Б.Нәсенов, Тарихи құжаттар мен архив мұрахаттары, ҮІІ том, 75-бет) мағлұмат береді.

Бұл көрсетіндінің тергеуші тарапынан қосылған әшкерелеуші саяси сөздерін ескермесек, негізгі деректері ашынған азаматтың жан қысылғандағы жалған сөзіне жатпайды. Бірінші, «Күдерин Анненковтың бандысының құрамында қайрат көрсеткен белсенді алашордашының бірі. Қаракерей руының көсемі, Тынышбаевтің оң қолы, атаман Анненковтың құрамындағы алашордашылардың төрағасы», - дегенде нақты ақиқатты айтып отыр.

Өйткені М.Тынышбаевтің өзі де Ж.Күдерин «туыстық жағынан маған ең жақын адам» деп ашық көрсетіп отыр. Екіншіден, Т.Тынышбаевпен бірге Үшарал қаласында атаман Анненковпен кездескені де анық. Үшінші, 1920 жылы О.Жандосов Сарқанға келіп, М.Тынышбаев екеуі алаш жасағын ресми түрде таратып, оларды қызыл әскер қатарына алып, жасақталып жатқан қазақтың тұңғыш атты полкінің құрамына қосылу үшін Әулие - Ата қаласына өз қолдарымен аттандырған. Оған «Лепсі уезінің жер жөніндегі бөлімінің меңгерушісі (комиссар) Ж.Күдерин» де қатысқан. Төртінші, Жетісу - 1920-1922 жылы жүргізілген жер реформасының нәтижесінде қазақтардан қоныстанушылар тартып алған жер өз иелеріне толық қайтарылып берілген бірден бір губерния болып табылады. Осы тұста М.Тынышбаев пен О.Жандосовтың тапсырмасымен Ж.Күдерин және басқа да ел азаматтары қытайға босып кеткен 6 000 түтінді, яғни, отыз мыңға жуық адамды отанына қайырып әкеліп, ата жұртына қоныстандырғаны тарихи деректерде санына дейін көрсетіліп жазылған. О.Жандосовтың алаш жасағын бейбіт таратып, соның негізінде атты қазақ әскер полкін құрғанын жасырып, бір жыл уақытты кейіндетіп көрсетіп: «Мен оны 1921 жылы жер реформасы тұсында ұлттық іске тарттым», - деп отырғанында осындай астар бар. Ал 1922-жылғы партиялық тазалау кезінде бой тасалаған. О.Жандосовтың жылдарды ауыстырып:

«Анненковтың бандысы талқандалғаннан кейін: «Қытайға өтіп кетсем бе, жоқ, кеңес өкіметінен кешірім өтінейін бе?»,- деп екіойлы болған Күдерин ауылда ұзақ жасырынып жүрді. Ақыры соңғы шешімге келіп, араға кісі салып, менімен байланысты. Мен оны 1921 жылы жер реформасы тұсында ұлттық іске тарттым. 1922 жылы Күдерин Ташкентке кетті», - деп көрсетуінде де бір кілтипан бар.

Өйткені, Жұмахан Күдериннің Ташкентке 1924 жылы барғанын Қазақ оқу ағарту институтына математика пәнінен дәріс беруге қабылданған бұйрық растайды. Ал бұл екі ортада ол Райымжан Марсековпен бірге сырт асып, шетте жасырынып өмір сүрген деп жорамалдауға толық негіз бар. Оның себептерін отбасының кейінгі тағдыры да дәйектей алады.

Тергеудің айыптау қорытындысындағы жалпыға ортақ:

«Қазақ буржуазиялық-ұлтшыл интелигенциясы Ақпан төңкеріснен кейін ұлтшыл «Алаш» партиясының қатарына кіріп, «Алашорда» үкіметінің құрамында, ақгвардияшыл казактар мен генерал Колчактің контрреволюциялық армиясымен бірігіп, кеңес өкіметіне қарсы ашық күреске шықты, содан кейін, контрреволюциялық армия мен («Алашорда») Үкіметі талқандалған соңғы кешірімге жатқызылғаннан кейін де контрреволюциялық пиғылдағы топтар өзінің кеңес өкіметіне қарсы әрекеттерін одан әрі жалғастырды»,- деген тұжырымнан ғана Ж.Күдеринге қатысты айыптың мазмұны аңғарылады.

Демек, ашық дерек келтірілмесе де, Жұмахан Күдеринді - ең көп санды және ашық майданда жан алып, жан беріскен «Алашорданың» Жетісудағы қарулы әскерінің сардар жауынгері, атақты қанқұйлы «қызыл партизандардың» қызыл қырғынына тосқауыл қойған майдангер - деуге толық негіз бар. Оның өміріндегі көптеген жұмбақтың бірі де осы алаш жасағының сардары - немесе  «қызыл армияның комиссары» болуына тікелей байланысты деген тұжырымға келеміз. Оны кейіннен құралған отбасы біле де бермеуі мүмкін. Біліп те қажеті жоқ еді.

Сонымен қатар санадағы азаматтық соғыстың таты Жұмахан Күдериннің де тағдырына кесірін тигіген. Л.Ж.Күдеринаның ата әулеті туралы табанды іздестірулерінің нәтижесінде Ж.Күдериннің «себепсіз тұтқындалуына» Халел Ғаббасов пен Жақып Ақбаевқа, Шәкәрім Құдайбердіұлына тағылған «Ауыл шаруашылық майданындағы қылмыстар» туралы қорытындыдағы:

«Туысқандарын колективизацияға, тәргілеуге қарсы көтеріліске шығуға үгіттеген, қасақана мал шығынына жол берген, қарулы банды ұйымдастырып, шет елге өтіп кетуге шақырған, кеңес өкіметінің алым-салығын төлеуден бас тартып, оның ауыл шаруашылығын бүлдіруге кеңес берген», - деген айып желеу болған.

Сөйтіп, тағдыр тауқыметі «атадан туған алтауға», яғни, Маусымбайдың өзіне, бәйбішесі Айсадан туған - Жүніс, Жұмахан, Төлеубектің, тоқалы Аядан (Ай, Айқыз -?) туған - Хасен, Қуандық (Қуаш), Мариямның талайына бұйырды. Тәргілеу мен мойынсерік науқаны олардың тұқымын тұздай құртты. Егіншілікпен айналыспайтын 6 түтінге тиесілі 3 сауын сиыр, 2 бұзау, 4 тайынша, 21 жылқы, 3 түйе,101 қойы тәргіленген отбасына тағы да, алғашында - 40 пұт, кейіннен - 200 пұт астық салығын салған. Сөйтіп, жалпы құны 385 сом мөлшерінде салық төлеуден бас тартты деген айыппен бұрыннан келе жатқан «жер мен жесір дауының қарсылас топтағы қайраткерлері» ауылнай Ерғалиевтің, белсенділер Назарбек Қожахметов пен Әшірбек Қарамұрзиннің көрсетуі бойынша бұрынғы болыс, би, 1875 жылы туған, 55 жастағы Маусымбай Күдерин 1930 жылы 10 ақпан күні «байларға салынған азық-түлік салығын төлеуден бас тартқан» зиянкес бай ретінде тұтқындалып, ОГПУ-дің үштігінің шешімімен 3 наурыз күні 58-баптың 10 тармағы бойынша 5 жылға еңбек түзету лагеріне жіберіліп, жер аударылыпты. Күн көріс көзінен айырылған отбасының шаңырағын ортаға түсірген ауылнай Ерғалиев ОГПУ-дің республикалық саяси басқармасы тергеушілерінің сұратқан анықтамасына:

«Аягөз ауданы Айғын ауылдық кеңесі берген бұл анықтама, азамат Жұмахан Күдериннің осы ауылдық кеңестің тұрғыны, әлеуметтік тегі - бай отбасынан шыққанын растайды. Оның әкесі - Маусымбай азық-түлік салығын төлемеген зиянкес бай ретінде - 30-жылы сотталып, жер аударылды. Ағасы Жүніс және туыстары - Ағыбай мен Бұғыбай бандылық қозғалыстың белсенді мүшелері есебінде Қытайға қашып кетті, қазір сол жақта тұрады»;

«... Маусымбаев Төлеубек 31-жылы тұтқындалып, жер аударылған. 31-жылы бандылық топ ұйымдастырып, Қытайға қашып кетті», - деп жауап берген.

Тура осындай анықтамалар Ахмет Байтұрсыновтың, Міржақып Дулатовтың, Жақып Ақбаевтің,  Мұхамеджан Тынышбаевтің, Халел Ғаббасовтың ауылдық кеңесінен тергеуге түсіп жатқан болатын. Әрине, ондағы адам аттары басқа болғанымен де мазмұндары бірдей еді. Сондай ауылдық белсенділердің анықтамаларындағы әшкерелеуші «деректерді жинақтап отырған» тергеу басқармасының сұрақтары да сол бағытқа құрылды. Бұл анықтамалар тергеудің қосымша томына жинақталған. Айғын ауылындағы бұл бақастықтың түп тамырын Ж.Күдериннің қосағы Т.Г.Күдерина-Насонова:

«Ауылда - басқаның қалыңдығын алып қашып әкету дәстүрі болған. Төлеубек ержеткен соң өзінің серіктестерімен бірігіп басқа бір рудың жігітіне айттырылып, қалыңмалы баяғыда төленіп қойылған Батым қызды алып қашады. Сөйтіп, іргелес екі рудың арасында дұшпандық басталады. Коллективтендіру науқаны басталғанда қарсы ру күшейіп, олардың елдестері аудандық мекемелердегі жауапты қызметке орналасып, билікті қолға алады. Сөйтіп, кек қайтару мен қудалаудың барлық мүмкіндігі іске қосылады»,- деп (Т.Г.Күдерина-Насонова, Л.Ж.Күдерина. Өткен өмір. Москва. «Феникс» қоры, 1994) түсіндіреді.

Иә, мұндай қазақы күрес тәсілдері Х.Ғаббасовтың тергеу ісіне қатысты «Бәйбіше - тоқал трагедиясы» атты тарауда барынша толық қамтылған еді. Енді, міне, кәнігі жер мен жесір дауының кәрі тамыры социализмнің топырағына шөгірлене кіріп, жаңаша түрленіп, таптық күрестің бүрлеген тікенді бүріне айналды. Әрине, Жұмахан Күдерин өзінің әулетінің басындағы жесір дауынсыз да жазаға тартылатын еді. Алайда, отыз жетінші жылға дейін зерттеумен айналысып, белгілі бір дәрежеде ғылыми жетістікке жетуге мүмкіндік ашылар ма еді, кім білсін. Әрине, бұл жақсы тілектегі жай болжал ғана.

Осыған орай қойылған сұрақтарға берілген М.Тынышбаевтің:

«... Күдерин маған 30-жылдың ақпан айының басында Алматыға хат жазып, Түркістан ауданындағы көтеріліске қазақтардың, орыстардың, кавказдықтардың қатысқаны туралы хабарлапты. Мен матай мен садырлар тыныш (М.Тынышбаевтің өз ауылы - Т.Ж.) дедім, ал Оспанов Әлімхан Алакөл мен Үржар ауданының тұрғындары Қытайға ауып жатқанын немесе ауып кеткенін айтты" (М.Тынышбаев)»,- деген бір-екі сөйлемнен тұратын жауабының осындай жанама астарлық маңызы бар деп есептейміз.

Қалай дегенмен де, ауылнайлардың белсенділігі мен ағайынның бас араздығы Жұмахан Күдериннің қыркүйек айында тұтқындалуына алып келгені және тергеушілерге «дәлелді себеп» тауып бергені анық. Төніп келе жатқан ашаршылықтың зардабын ерте сезген ел арасында шетке қарай босуға бет алғаны кеңес өкіметіне де, оның ішінде Голщекинге де мәлім болатын. Мұның астарын түсінген М.Тынышбаев өзінің келесі  көрсетіндісінде:

«Айтайын дегенім, мен 22-жылдан кейін ешқандай да ұйымға мүше болған емеспін. Бұл нақты шындық. Тек кеңес өкіметі мен партияның кейбір шараларына наразылығын білдірген бұрынғы алашордашылардың пікірлес адамдарының тобы ғана болды. Сын пікірлер айттық. Мысалы, Халел Досмұхамедов 28-жылғы байларды тәркілеу науқаны туралы: «Бұл дұрыс, кеңес өкіметі бұл науқанды орынды жүргізіп отыр», - деді. Сондықтан да мен ешқандай да ұйымға қатысқан да, сөйлеген де емеспін. Оларға қатысым да жоқ. Мені бандитизммен айыптау тым ұшқарылық. Өйткені мен ешқашанда бандиттікпен айналысқан жоқпын. Ал Үлкен Алматы округіндегі матайлар мен қаракерейлердің қозғалысына келсек, бұл әйтеуір рулас екен деп жорта айтқандық. Олардың қозғалысы мен шекара асып кетуіне менің қатысым жоқ. Мұны қалай түсінесіз, оны өзіңіз біліңіз», - деп үзілді-кесілді бас тарта жауап береді.

Жалпы, алаш қайраткерлеріне қарсы жүргізілген тергеу ісіндегі көрсетінділер мен айғақтардың саяси қабыршағын аршып тастаса, онда мұндағы айыптауларды, М.Тынышбаев, Х.Досмұхамедов, Ә.Ермеков және басқалар дәл тауып қолданғанындай, «пікірлес дамдардың әр түрлі саяси шараға қатысты білдірген пікірлері» ғана. Ал оны ширықтырып, өршітіп, қастандық әрекет дәрежесіне көтеру - жазалау саясатын жүзеге асырудың амалы. Оған «Айыптау қорытындысындағы» жоғарыдағы М.Тынышбаевтің көрсетіндісін:

«Бiз, ұйым мүшелерi, байлардың жер аударылуына және олардың мал-мүлкiнiң тәркiленуiне қарсы шара қолданып, оларға алдын-ала ескертiп отырдық, сөйтiп науқанның жүргiзiлуiне бөгет жасадық. Соның iшiнде, менiң өзiм бiреулер арқылы Тұрысбековтерге, Тәңiрбергеновтерге және Есенқұлға тағы басқаларға, сонымен қатар Лепсi уезiндегi өзiм шыққан «найман» руының байларына хабар бердiм (Тынышбаевтiң жауабынан, № 2370-iс, 1 т., 125-парақ және Х. Досмұхамедовтiң жауабынан, 207-парақ)»,- деген мазмұнда «өңделіп» жазылғаны мысал бола алады.

1930 жылы 20-қараша күні» тергеушілер мынадай шараға барды:

«Алматы. ПП ОГПУ-дің ерекше бөлімінің 1-бөлімшесінің бастығы: Тергеу жүргізу ісі туралы УПК-нің 116 бабына сәйкес №2370 іс бойынша қазақ ұлтшылдарының контрреволюциялық ұйымын құрғаны үшін УК-тің 58-7, 58-11, 59-3 баптары бойынша айып тағылған азаматтар:

1. Тынышбаев Мұхамеджанның, ... 18. Қожамқұлов Наширдың, 19. Күдерин Жұмақанның, ... 30. Өтегенов Садықтың үстінен қозғалған істі мерзімінде аяқтаудың мүмкін еместігіне және куәларды шақырып, барлық оқиғаны анықтау  керектігіне байланысты Қаулы етемін:

№2370 іс бойынша жоғарыдағы жауапқа тартылғандарды тергеу түрмесінде ұстауды 1932 жылдың бірінші қаңтарына дейін созу туралы СССР ИКОМ-на ұсыныс жасалсын. Бұл туралы тәртіп сақтау орындарындағы тергеудің жүргізілуін бақылайтын прокурорға хабарланды.

ОО ерекше бөлімінің бастығы - (Попов). «Келісілді» - ОО бастығының орынбасары - (Волохов). «Бекітілді» - тергеу бөлімінің бастығы - (Пирогов)».

1931 жылы 16 тамызда тағы да:

«Мен, ОППП ОГПУ-дің 3 бөлімінің КССР-дегі өкілі Лаптев астыртын ұйым құрған қазақ ұлтшылдарының үстінен қозғалған № 2370 іс бойынша ҚІК-нің 58-7, 58-11 және 59 баптарымен қамауға алынған Тынышбаев Мұқамеджанның, .... Күдерин Жұмақанның...  тергеу ісі ОПК-тің 616 бабында көрсетілген  уақыттан асып кеткенін ескере отырып, жоғарыдағы ұйымға қатысы бар жаңа айыпкерлердің іске тартылуына және соған орай қалыптысқан жағдайға байланысты тергеу жұмысын аяқтап үлгеру мүмкін емес болғандықтан да:

№2370 іс бойынша тергеуге тартылған жоғарыдағы айыпкерлерді 1932 жылдың қараша айына дейін қамауда ұстауға Қаулы етемін. Бұл жөнінде тергеу жұмысын бақылайтын ОГПУ-дің аймақтық прокурорына хабарланды.

3 бөлімнің өкілі Лаптев. «Келісемін»: ОПП ОГПУ-дің бастығы - Хворостян.

«Бекітемін»: Кастев, Мариновский (Үштіктің мүшелерінің қолдары анық танылмады - Т.Ж.)»,- деп Қаулы қабылдайды.

Дәлелденбей қалған бұл бопса «Айыптау қорытындысында»:

Алматы қаласының тұрғыны айыпкер Сүлеев Бiләлдi ұйымға тартты, оған ұйымның бағдарламасының бiр данасын тапсырды. Бағдарламаның бiр данасы аштарға көмек комиссиясының Жетiсу облысындағы Лепсi ауданындағы өкiлi Күдерин Жұмаханның қолына тиген (№ 541784-iс, 1т., 403 және 404-парақтар, № 2370-iс, 1 т., 177, 178 және 179-парақтар),- деген айыпқа ұласып, ақыры ауыр жазаға бұйырылған.

1932 жылы 20-сәуір күні үштіктің үкімі шықты.

«Қазақстандағы бiрiккен Мемлекеттiк Саяси Басқарманың төтенше өкiлеттiгiнiң жанындағы үштiктiң мәжiлiсiнiң № III/к мәжiлiс - хатының көшiрмесi 1932 жыл. 20-көкек.Тыңдалды: № 2370-iс бойынша : Тынышбаев Мұхамеджанды, Досмұхамедов Халелдi, Досмұхамедов Жаhаншаны қылмыс кодексiнiң 58/10, 57/7, 58/11 және 58/3-статьялары бойынша; 2. Үмбетбаев Алдабергендi, Мурзин Мұхтарды ҚК 58/7, 58/11-статьялары бойынша; 3. Мұңайтбасов Әбдiрахманды ҚК 58/4, 58/11-статьялары бойынша; Кемеңгеров Қошмұхамедтi, Бұралқиев Мұстафаны ҚК 58/10, 11-статьялары бойынша; Күдерин Жұмақанды, Қожамқұлов Нашимдi ҚК 58/11-статьялары бойынша; Ақбаев Әбдүлхамиттi ҚК 58/11 және 16-статья бойынша; Ақбаев Жақыпты ҚК 58/10, 59/3 - статьялары бойынша; Қадырбаев Сейтазымды ҚК 58/7, 11-ст. бойынша; Омаров Әшiмдi ҚК 58/10, 7, 11-ст. бойынша; Тiлеулин Жұмағалиды ҚК 58/2-ст. бойынша; Ермеков Әлiмханды, Әуезов Мұхтарды ҚК 58/7, 10, 11- ст. бойынша Омаров Уәлиханды, Сүлеев Бiләлдi 58/2-статьясы бойынша; Ысқақов Даниалды ҚК 58/10, 11-статьялары бойынша жауапқа тартты.

ШЕШIМ: Тынышбаев Мұхамеджанды. 2. Досмұхамедов Халелдi. 3. Досмұхамедов Жаhаншаны. 4. Үмбетбаев Алдабергендi. 5. Мұрзин Мұхтарды. 6 Мұңайтпасов Әбдiрахманды. 7. Бұралқиев Мұстафаны. 8. Кемеңгеров Қошмұхамедтi. 9. Күдерин Жұмақанды. 10. Қожамқұлов Нашимдi. 11. Ақбаев Әбдүлхамиттi. 12. Ақбаев Жақыпты. 13. Қыдырбаев Сейдазымды. 14. Омаров Әшiмдi. 15. Тiлеулин Жұмағалиды - бес жыл мерзiмге концлагерьге жiберуге, оны сонша мерзiмге жер аударумен ауыстыруға... шешiм қабылдады. 16. Ермеков Әлiмхан. 17. Әуезов Мұхтар - үш жыл концлагерьге қамалсын, уақыттары 8/Х-30 ж. бастап есептелсiн. Ермеков пен Әуезовтiң үкiмi шартты түрде есептелсiн. 18. Омаров Уәлиханды. 19. Сүлеев Бiләлдi. 20. Ысқақов Даниалды қамаудан босатсын, тергеу кезiндегi отырғаны еске алынсын».

Сөйтіп, ұлтшылдығы да, алаш жасағындағы сардарлығы да, астыртын ұйымға мүшелігі де дәлелденбеген, тек «Мәдениет майданындағы» қылмысы ретінде саналған ғылыми зерттеулері мен оқытушылық белсенділігі үшін «ұлтшылдар тобына» қосылған Жұмахан Маусымбайұлы Күдерин бес жылға Воронежге жер аударылды. Онда Халел Досмұхамедов бастатқан Әшім Омаров, Әбілхамит Ақбаев, Мұстафа Бұралқиев сияқты «жер аударылғандармен» қоса аштық, асқынған өкпе ауру, соңынан қалмаған тіміскі - «шпек» ... және осы жолдарды жазуға мүмкіндік берген, артына намысты ұрпақ қалдырған жар, тоз-тозаласы шыққан ата әулеті күтіп тұрды.

 

2.

Ұлттық мақтанышқа айналуға тиісті мұндай тұрлаулы тұлғаның осыған дейінгі және бұдан кейінгі тағдыры туған халқына белгісіз де елеусіз болып келуінің, зерттеушілердің самарқаулық танытуының себебі неде? Іздеушісінің жоқтығы ма? Солай да, солай емес те. Өйткені мұнда кеңестік қысымнан тас-талқаны шыққан тағдырлардың талқысы мен тоғысуы жатыр. Әйтпесе,  әкесінің соңынан арызданып, тек әкесі үшін ғана емес, мұқым алаш қайраткерлерінің ақталуына кеңес тұсында ат салысқан аз ұрпақтың бірі Жұмахан Күдериннің қызы - Лариса Жұмаханқызы Күдерина. Тоқсаныншы жылдардың басында Жазушылар одағына дерек те іздеп келіп еді. Қандай кілтипан себеп еткенін білмеймін, жолай қақпайлаушылар табылып, бізбен әңгімелестірмеп еді. Бәлкім, сол жолы Лариса Күдеріқызымен тіл алысудың реті келгенде, Ж.М.Күдериннің есімі, басқасын былай қойғанда, алаш туралы энциклопедиялардың ішінен орын алуы, өзінің қаржысына аз таралыммен шығарған ғалымның ғылыми-зерттеулері мемлекет тарапынан ресми басылым көріп қалуы мүмкіндігі туар ма еді, қайдам. Өйткені алаш қайраткерлерінің тергеу ісіндегі деректер Ж.М.Күдериннің өмірі туралы толық пікір сабақтауға мүмкіндік бермеп еді. Сол Л.Ж.Күдеринаның сексеніші жылдың екінші жартысында, яғни, 1987 жылы КПСС Орталық Комитетііне жолдаған сұрау хатына сол кездегі Қазақстан Қауіпсіздік комитетінің төрағасының орынбасары, полковник А.Тілеулиевтің өзі:

«Сіздің сұрауыңызға орай орай: Жұмахан Маусымбайұлы Күдерин, 1893 жылы Семей облысының  Аягөз ауданында туған, ол 1918-1920 жылдар аралығында БКП(б) мүшелігінен себепсіз  (механический) шығып қалған»,- деген мағлұматпен шектеліп, Ж.Күдерин туралы мәліметтің сақталмағаны туралы хабарлаған.

Ал Марксизм-ленинизм институтының Қазақ филиалының директоры Б.Төлепбаев «КПСС Орталық Комитетіне жолдаған Л.Ж.Күдеринаның хатында айтылатын адамдар туралы» жауабында:

«Алматы. 23 желтоқсан,1987 жыл. Құпия.

Сіздің 1987 жылғы 17 қараша күнгі №426188/03 сұрауыңызға орай мынаны хабарлаймын:

Л.Ж.Күдеринаның КПСС ОК жазған хатында: 30-жылдары қазақ зиялыларының көптеген өкілдері негізсіз репрессияға ұшырағаны, олардың біразы кейіннен ақталғаны, алайда оларға деген теріс көзқарастың әлі де өзгермей отырғаны, сөйтіп, олардың әдеби және ғылыми мұралары әділетсіздікпен ұмытылып бара жатқаны - айтылған.

Осыған орай институт тарапынан: бұл арызда көрсетілген адамдардың біразының мұраларына деген теріс көзқарас, олардың өткендегі саяси әрекеттерімен, «Алашорданың» контрреволюциялық ұйымымен тығыз байланыста және буржуазиялық-ұлтшылдықтың туұстарлары болғандығына тікелей байланысты сақталып отыр. Бұл көзқарас дұрыс па, жоқ па, оған бір жақты жауап беру мүмкін емес, өйткені, Л.Ж.Күдеринаның атап отырған адамдарының (Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Ә.Ермеков, М.Жұмабаев, Х. және Ж.Досмұхамедовтер, М.Дулатов, М.Тынышбаев - Т.Ж.) өмірлік іс-әрекеттері ғылыми тұрғыдан тереңдетіле зерттелген жоқ. Олардың әдеби және ғылыми еңбектері жөнінде лайықты баға да берілмеген. Ал ГПУ-НКВД мекемесінде олардың кеңес өкіметіне қарсы контрреволюциялық әрекеттерін әшкерелейтін құжаттар ғана сақталған. Біз олардың кейбіреулерінің әдеби және ғылыми еңбектерінің үлкен маңызы бар екенін жоққа шығармаймыз. Алайда, мұны, Жазушылар одағы мен Қазақстан Ғылым Академиясының арнайы мамандарынан құрылған комиссияның қорытындысы ғана анықтай алады. Сонымен қатар біз, аталған адамдардың әдеби және ғылыми еңбектерінің маңызы олардың идеологиялық көзқарастарын ақтауға негіз бола алмайтынын да ескертеміз. Бұл мәселені салмақтай отырып, науқанға айналдырмай, жеке-жеке шешу керек. Осы мақсатқа орай Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті не Республика Үкіметі тарапынан арнайы мамандандырылған арнайы комиссия құрылғаны жөн болар еді.

Ал, Л.Ж.Күдеринаның хатында көрсетілген адамдар туралы Институт мынаны хабарлайды: (бұдан кейін жоғарыда аты аталған адамдардың тергеу істері туралы мағлұматтар берілген - Т.Ж.)...

Ж.Күдерин мен Б.Сүлеев туралы институтта дерек сақталмаған. Институт директоры, СССР ҒА-ның мүше-корреспонденті Б.Төлепбаев», - деп жазылған.

Біздің сол «баға берушілердің» қатарынан табылғанымыз да тура осы күндерге сәйкес келетін.

Шындығында да, Жұмахан Күдерин туралы тергеу ісіндегі мәліметтер де тым мардымсыз. Дегенмен де, ұзақ жылдар бойы мұрағаттардан тірнектеп дерек іздестірудің нәтижесіздігіне мойынсына бастаған тұста, мына қамсыздықты қараңыз, кітапхананы іріктеу барысында, тосыннан  аймақаралық «Феникс» қорының демеуімен 1994 жылы Мәскеуде жарық көрген Жұмахан Күдериннің қосағы Татьяна Георгиевна Күдерина-Насонова мен қызы Лариса Жұмаханқызы Күдеринаның «Өткен өмір» (Недалекое прошлое) атты естелік жинағының қолымызға іліккені. Мәтқапылық деген осы. Соған жарыса жазушы Табыл Құлиястың «Айбынды ағартушы еді...» атты Л.Ж.Күдеринамен сұхбат, мақаласы (Астана ақшамы, 2010, 9 қазан) жарияланды. Бұл басылым біздің де тірнектеген деректерімізді кеңейте талдауға, әсіресе, Ж.Күдериннің Воронеждегі бақылауда өткен өмірі мен 1937 жылы 21 мамыр күні тұтқынға алынғанға дейінгі өмірі туралы кеңейте әрі жинақтай пікір қозғауға ұйытқы болды.

Ашық та шынайы әрі ешқандай жасқанусыз, «кеңес өкіметі әйелдердің азапты еңбегі арқылы күн көріп, әйелдердің рухани азабынан социализмнің рахатына батып отыр» деген тура пікірге құрылған, өмірдің улы тамырынан қайсарлықпен тістеп, күйеуінің табасын арқалап, баласын аман сақтау үшін тіршілікпен кектене күрескен әдеби қабілеті бар әйелдің қайсар қаламы қағазға түсірген ашынысты жазба. Кей тұстарындағы бірбеткей пікірлерді Лариса Жұмаханқызының түсініктемесі арқылы жұмсартылған, кей тұстарда бір сәттегі жеке әсерге құрылған үстіріктелмей айтылған сөздерге түсіністікпен қарауға осынау тік мінезді әйелдің кешкен азабы негіз қалайды.

Сонымен, Т.Г.Күдерина-Насонованың естелігіндегі мәлімет бойынша Жұмахан Күдерин 1932 жылдың 26 мамырынан бастап 1934 жылдың 28 наурызына дейін Курскі облысының Льгов ауданаралық ауылшаруашылық басқармасына агроном боп қызмет етеді. Онда да өзіне тән ғылыми негізде еңбектеніп, игі нәтижеге жетіп, сыйлыққа костюм алады.  Алайда 1934 жылдың егістік тұқымын егудің жоспары жасалғанда әлгі жоспарға қарсы болып, дәнді себу тәсілін өзгертуді өтінеді. Директор дегенін істейді, Ж.Күдерин өзінің пікірін мәжілісхатқа түсіріп, оның көшірмесін алады. Көктемгі егіс өнбей қалғанда «зиянкестік жасады» деген желеумен Ж.Күдериннің үстінен іс қозғайды. Сонда әлгі мәжілісхаттың көшірмесін көрсетіп, өзін өзі арашалап қалады. Бірақ қызметтен босатылады, еш жер жұмысқа алмайды, тіпті, селоның жеке малын бағуға да рұқсат бермейді. Аштықтан ісініп, көкжөтелден қан құса бастайды, қысылтаяң шақта М.И.Калининге хат жазады. Калининнің өз қолымен оның бес жылдық мерзімі төрт жылға қысқартылады, ұзамай Воронеж қалалық тұтынушылар одағына аға агроном болып қабылданады. Сол тұста қатты қиналып жүрген Татьяна Григорьевнанмен танысып, оның тауқыметін жеңілдетуге септеседі, мұның соңы жарастыққа ұласып, отбасын құрайды. Бірінші әйелі Бибісара Жанбазаровамен ажырасқанымен де, соттың шешімі болмағандықтан және жеке бас құқығы шектеулі екендігіне байланысты, некеге отыруға рұқсат етілмеген. Айдауда жүріп те ғылыми зерттеулерінен қол үзбеген. Осы тұста етекбасты, тұрмыстық көрініс болғанымен де, Жұмаханның қамалғанға дейінгі өмірі туралы естелігін келтіре кетуді жөн көрдік. Өйткені мұнда жеке адамның кәдімгі тіршіліктегі қам-қарекеті бар:

Т.Г.Күдерина-Насонова: «Біз кейде кешкі асты үйде ішіп жүрдік. Кешке қарай мен іс тігетінмін, не тоқитынмын. Сол кезде біз бір-бірімізге өзіміздің өміріміз туралы айтып беретінбіз. Сонда Жұмахан өз өмірін былай әңгімелеп берді:

- Қызық, адам өзінің қоршаған ортасына қалай тез бейімделеді десеңші. Мен оны өз басымнан кештім, яғни, өз ет-теріммен сезіндім. Мен кәдімгідей жеке меншік иесі болдым. Бірінші әйелім Сара менен кеткенде өзіне керектің барлығын, сабақты инеге дейін қалдырмай алып кетті. Мен оның қолын қақпадым, көзі тойсын дедім әрі бұл көріністің тез аяқталғанын қаладым. Тек менің жеке киімдеріме қол салудан сескенді. Маған қалғаны: түлкінің, қара түркінің, бұлғынның, қасқырдың терісінен тігілген бес тон, салмағы жеті фунт келетін алтын кісе. Оның есесіне шәй ішетін ыдыстан түк қалмады. Сондықтан бір нәрсе алу керек болды. Мен ұсталған заттарды сататын дүкенге бардым да, бірден көзіме түскен күміс самауырға қосымша күмістелген, алтын жалатылған тарелкалар мен кеселерді, сүт құтысын, ваза мен тостағанға арналған торламаларды сатып алдым. Сондай керемет болды, бір рет сатып аласың да өмір бойы ұстайсың. Олардың барлығы сынбайтын және бактериялар жұқпайтын. Содан бастап ұсталған заттардың дүкеніне жиі соғып тұратын болдым. Аса сапалы бес кілем, күмістелген қазақ төсек, мұражайға ғана лайықты теріден тігілген шие түсті, қара қоңыр, қызғылт қамқа халат сатып алдым. Соның ішінде өзіме қатты ұнағаны он екі қырлы перламутты қақпағы, екі қымбат та жайлы қапталған креслосы бар журнал столы болды. Барқыт қалатты, сафиян мәсіні киіп, еш қаперсіз жұмыс істеп отыратынмын.

Ташкенттің Алай базарына кіре берісіндегі Калини көшесіндегі №1 үйде үлкен әйнекті шоланы бар екі бөлмелі кооперативке тиесілі пәтерім болды. Бір бөлмеде - кітапхана, қабырғаға тізілген сөрелер толы талғаммен жинақталған кітаптар. Шоланның бұрышында соңғы техникалық жарақтармен жабдықталған фотолаборатория, су жаңа «Лейка» фотоаппараты. Шоланның қалған бос жеріне жыландарға арналған террариум жасалды. Көптеген таныстарым жыландардан қорқып маған келуден сескенетін. Мен бас алмай жұмыс істедім, үй жағдайы соған мүмкіндік берді. Тәуліктің жиырма төрт сағаты маған жетпейтін, ұйықтауға уақыт болмайтын. Алайда менің көңілім тоқ еді, өнімді жұмыс істедім, күн сайын жаңа ойлар, тың жоспарлар келіп, басыма симайтын.

Кенет бәрі де тып-типыл болды... Мені тұтқынға алды.

Мен түрмеде жеке камерада отырдым. Інжілдегі «азапшыл Иов» сияқты күй кештім. Құдай оған жақ болғандықтан да ол өзіне қажетті нәрселерден бірте-бірте айырылды ғой. Ал менің басыма бар пәле бірден үйіліп төгілді де, мысымды басып жіберді. Мен ол кезде есімнен адасқан да шығармын. Міне, сол кезде барлық ақылым, танымым, түйсігім бас көтерді. Алғашқы күндері нан да, су да татпағам. Содан кейін есім ептеп кіре бастады, менің ешқандай кінәм жоқ емес пе - деген ой келді. Өлу деген сөз, демек, ештеңенің басын ашпай кету емес пе. Қалайда ақталып шығу керек. Қандай тауқымет тартсам да тірі қалу керек, қалай да өмір сүруім керек деп шештім. Тамақ іше бастадым, гимнастикамен айналыстым. Өзімді өзім барынша көп ұйықтауға мәжбүр еттім.

Өзің үйренген әдеттен айырылу - үлкен қасірет.  Бірақ та дүние-мүлік адамның пиғылын бұзады, алаңдатады. Оның әр қайсысын тазалап, қадағалап отыруың керек. Оның есесіне, қазір ештеңем де жоқ, ештеңе де алаңдатпайды, көңіліңді бөлмейді. Міне, қаннен қаперсіз еркін өмір сүретін құс пен жылан сияқтысың.

Деп келе жатты да ол кенеттен үнсіз қалып, маған ұзақ қарап тұрып:

- Татьяна, сен салпаңқұлақ - шпичка емессің бе?, - деді ... - Біз сондай тез жарасып кеттік, сенімен тұру маған сондай рахат. Менің ойымша, егер сен салпаңқұлақ болмасаң, онда құдайдың жіберген періштесі болдың ғой, - дегені», - деп (сонда, 111-112беттер) еске алады.

Бұл - жай ғана дүниеқорлық түйсікті сынау емес, онда «емін-еркін өмір сүретін құстар мен жыландардың бостандығын» аңсаған көңіл ауаны, ғылыми жұмысқа деген құштарлығы, алыстағы ауылға деген сағыныш бар. Соны сүйген жарына астарлап жеткізіп отыр.

«Бүкілодақтық старостаның» дәргейіне сәйкес Ж.Күдерин 1934 жылы жаз айында кесімді мерзімінен бір жыл бұрын бақылаудан босатылады. Алғаш естігенде бар дауысын шығара көзінің жасын ағызып отырып қазақша ән айтыпты. Дауысын енді еркін шығаруға болатынына сенгісі келген сияқты. Воронежден оны Әшім Омаров, Әбілхамит Ақбаев, Мұстафа Бұралқиев және сол кезде Хренов (Орлов) асылтұқымды жылқы заводында директордың орынбасры болып істейтін, бұрынғы ауыл шаруашылық министрі, Воронежге іссапармен келген Кәрім Тоқтыбаев елге шығарып салыпты. Алматыға келген соң Халел Досмұхамедовтің ұлы Әділханның үйінде тұрады. «Овцеводтрестке» бас агроном болып орналасады. Ораз Жандосов оны кейіннен Малшаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына аға ғылыми қызметкер болып ауысуына кықпал етеді. Мұрахаттанушы Б.Нәсеновтің жарияланымға ұсынған Ораз Жандосовтың тергеу ісі кезіндегі жауабында бұл туралы:

«Мен 1935 жылы ұйымның мүшесі, Қожановпен тікелей байланысты бұрынғы алашордашы Жұмақан Күдеринмен қарым-қатынасымды қайта жалғастырып, оны жұмысқа алдым...  1922 жылы Күдерин Ташкентке кетті, кейіннен контрреволюциялық әрекеті үшін сотталды, жазасын өтеген соң, 1935 жылы маған келді»,- деген мағлұмат бар.

Ғылыми-зерттеу институтында Ж.Күдерин «Қастек ауданындағы жайылымның азықтық мүмкіндігін анықтау» деген тақырыптағы ғылыми жұмысқа белсене кіріседі. Фирдауси, Сарым (Сырым) атты ұлдары дүниеге келеді.

Сол тұста тағдыр тауқыметін тартқан бауырларын жияды. Баспанасыздарға қосылып кеткен інісі Хасенді, қарындасы Қуандықты Алматыға алып келеді. Әкесі Маусымбай, ағасы Жүніс, інісі Төлеубек қытайға өтіп кеткен екен. Жұмаханның елге оралғанын естіген інісі Төлеубек 1935 жылы бір кезде алып қашып кеткен әйелі Батым екеуі бергі бетке өтерде шекарада ұсталып, түрмеге қамалып, соққы мен қысымның кесірінен жүре алмайтындай дәрежеде (табанын тілген не аяғын сындырған болса керек) мүгедек болып, қазақ автономиясының 15 жылдық мерекесіне орай босанып шығады. Бірақ махаббаттың табасына ұшырайды, ол түрмеде жатқанда Батым басқа біреуге тұрмысқа шығып кетеді де Төлеубек Жұмаханның қолында қалады.

Міне, бастапқыда осы Төлеубектің Батымды алып қашуынан басталған қазақы тартыс, ақыр соңында, сол Төлеубектің шеттен қашып келуіне байланысты жесір дауының отын өршіткен жарынан да, іздеп келген ағасынан да, өз өмірінен де айырылған қазақы трагедиямен аяқталады. Тағдыр тәлкегіне ұшыраған Төлеубекті ажалына асықтырған қандай түйткіл?

Л.Ж.Күдерина: «1988 жылы, алпысыншы-жетпісінші жылдары Қытайдан қайтып оралған өзімнің туыстарыммен, аға-әпкелеріммен сөйлестім. Төлеубектің Қытайдан СССР-ға қайтып оралауының себебін олар: Төлубек - мұғалім болатын, ал біз онда өз қожалығымыздың малын бағумен шұғылдандық, бұл оған ұнамады. Тұрмысы кедей еді. Ешкіммен араласпайтын. Сонымен қатар, одақта оның әкесі мен ағасы қалған болатын, ол біздің бәріміздің жанымызға бататын. Ол одақтан кеткенде әкесі Маусымбай тұтқында қалған, оның тағдыры туралы біз ештеңе білмедік... Ұлы әкесінің тағдырын білгісі келді (Серікқан Күдерин, Камал Тұрдыбаева) - деп түсіндірді», - деп жазған (сонда).

Бұл - тағдыры тәлкекке ұшырағандардың мәңгілік аңсары. Ол аңсардың өтемі -  жаза ғана болатын. Ол 1937 жылы 13 қаңтар күні қайта қамалып, 36 жасында, сол жылы 11 қыркүйек күні атылып кетеді. Осы оқиғадан мағлұмдар Жер өңдеу шарушылығының (ауыл шаруашылығының) министрі Нығымет Сырғабековтің нұсқауымен Ж.Күдерин қызметтен шығарылады (Н.Сырғабеовтің өзі де «халық жауы» ретінде ұсталып, 1938 жылы 25 ақпанда, Ж.Күдериннен он күн бұрын атылып кетті). Ұзақ сарылып жүріп республика дәргейіндегі еш мекеме қызметке алмағандықтан да, Одақтық химия өнеркәсібі министрлігіне қарасты көксағыз бен таусағызды өндірумен айналысатын «КаучукОРНС» тресіне агроном-нұсқаушы болып орналасады.

Тура осы күндері, яғни, 1937 жылдың қыс айларының соңында Алматыға келген Мағжан Жұмабаев Жұмаханның үйінде қонақта болып, ол аударып жатқа профессор Фроловтың «Менің жануарлармен танысуым» атты кітабінің аудармасымен, әйгілі «Қара дәптердегі» «Жыландар мен дін туралы» жазбасымен танысып шығып, өзара ұзақ пікірлеседі. Осындай екі бірдей «халық жауының» Ж.Күдериннің отбасының мейманы болуы, әрине, тыңшылардың назарынан тыс қалмайды.  Егіс даласында жүрген Жұмахан 21 мамыр күні үйге қайтпай қалады. Түнде есік қағылып, Жұмаханмен бірге тергеушілер қоса кіреді.

Т.Г.Күдерина-Насонова: «Тінту басталды. Жұмаханды бәрімізден оңаша бөлменің бұрышына отырғызып қойды. Өзін қалай тұтқындағаны туралы айтуға рұқсат берді. Сөйтсе, Жұмахан алдын ала келіскеніндей, шекара ауданына рұқсат қағаз алу үшін таңертеңгі сағат 11-де НКВД-ның кеңсесіне келеді. Оған сағат он екіде бастық келген соң келуді өтінеді. Ол комендатурада ілінген қабырға сағатына қарама-қарсы тұрған орындыққа отырып кітабін алып оқиды. Сағат 12-де НКВД киіміндегі үш жігіт келіп оны тұтқындау туралы ордерді көрсетіп, өздерінің соңынан еруді өтінеді.

Тінтуді сондай тиянақты жүргізді. Барлық заттарды ақтарып, қағып, сілкіді. Кітаптар мен қолжазбалардың әр беті ашылып қаралды. Сонымен таң атты. Олар асыға бастады. Тінтудің  хаттамасын жасады. Кір салуға арналған себетті босатуды өтінді. Оған іріктеп алынған қолжазбаларды, кітаптарды, суреттерді салып алды да кетіп қалды. Мен олардың соңынан аулаға шықтым. Машина Мичурин көшесімен бір орам жоғары көтерілді де, Киров көшесіне қарай бұрылып, бұрыш айналып кетті», - деп еске алыпты.

Қайтып тағдыр оларға көрісуді жазбады. Әрине, жоғарыдағы оқиғалардың тоғысуы, әрі, шекаралық аймаққа іссапарға шығуы, қауіпсіздік мекемелерін «қатты алаңдатады» және тұтқындауға оңтайлы сылтауды пайдаланып қалады. Л.Ж.Күдеринаға әкесінің тергеу ісі туралы берілген анықтаманың көшірмесін ұсынумен шектелеміз.

«Іс № ... Күдерин Жұмахан, РСФСР ҚК-нің 58 бабының 7, 8 және 11тармақтары бойынша жауапқа тартылған. Іс 37-жылдың 23 мамыр күні басталған. Облыстық прокурор Құрамшиннің 22/Ү-37 күні пәрмені бойынша тұтқындалды. 22/Ү-1937 күні тұтқындауға анықтама берген - Шабанбеков.

Күдерин Жұмаханды тұтқындау туралы №51 анықтама.

Күдерин Жұмахан Маусымбайұлы, 1893 ж.т., Алматы облысы Аягөз ауданының тумасы, тәргігіге түскен және жер аударылған байдың баласы, партияда жоқ, 1918-19 жылдары Анненковтың ақ бандиттерінің жасағына белсенді түрде қатысқан, «Алаш» партиясының белсенді мүшесі, контрреволюциялық ұлтшыл әрекеті үшін 1929 жылы Ташкент қаласында тұтқынға алынып, 5 жылға Қазақстаннан тыс жерге жер аударылған. Оның туған ағасы, бандиттік қозғалыстың белсенді мүшесі Жүніс Маусымбаев - Батыс Қытайда (Шәуешек қаласында) эмиграцияда жүр, ал екінші інісі Маусымбаев Төлеубек 1934 жылдың соңында Батыс Қытайдан жасырын түрде СССР-дің шекарасын бұзып өтті, ол қазір тұтқында. (Жұмахан Күдерин) 1934 жылы жер аударылу мерзімі біткен соң Алматыға қайтып оралды, 1936 жылы біраз уақыт Малшаруашылығы ғылыми зерттеу институтында агроном болып істеді, ол арадан қуып шығарылған соң, қазір «Качуконостың» қазтресінде агроном болып істейді, Степная көшесінің №64 үйінде тұрады.

УНКВД (ІІХКБ) Алматы облыстық УГБ (мемлекеттік қауіпсіздік басқармасындағы) мәліметтер бойынша: Күдерин белсенді түрде контрреволюциялық әрекеттер жүргізген контрреволюциялық ұлтшыл ұйымның белсенді мүшесі болып табылады. Осы мақсатқа жету барысында контреволюциялық ұлтшыл элементтерді өзінің айналасына топтастырды.

Сол ортада Күдерин:

«Мен кеңес өкіметіне қарсы әрекет жасаған Қазақстандағы және Ташкенттегі астыртын ұйымның жетекшісі болдым, бірақ бізді талқандады, бұл өте қызықты жұмыс еді, бірақ өміріңе үнемі қауіп төніп тұратын. Кім бұған басын тіксе, сол адам өлімнен де қорықпайды», - деп айтып жүрген;

«Газеттерде троцкишіл-зиновьевшіл оппозиционерлер туралы ескі сарынды қайтадан жаңғыртып жаза бастады, олардың қатарына бізді де қоспақ, алайда біздің ұйымның жұмысы зиновьевшілердің бағытына ұқсамайды, өйткені Қазақстанда нақты заң жоқ»;

«Троцкишілер мен зиновьевшілер 1935 жылы әшкереленген болатын, ал енді оларды тағы да қайыра сотқа тарпақ. Мұндай заң тарихта болған емес», - деп айтып жүрген.

... Облыстың бірқатар аудандарында жергілікті контрреволюциялық ұялар ұйымдастырып, оларға бағыт беріп отырды.

Сондықтан да РСФСР ҚК 58 бабының 10 және 11 тармақтары бойынша жауапқа тартылды.

Ж.Күдеринді тұтқындауға рұқсат беруіңізді өтінемін -

УГБ ІҮ бөлімінің бастығы,  лейтенант - (Живгуль)

Орындаушы, сержант - (Б.Г.Якупов)

А-5».

Демек, Ж.Күдерин қабылдауда күтіп отырғанда Шабанбеков, лейтенант Живгуль, сержант Якупов осы ордерді дайындап жатқан болып шықты. Сұрақ, жауаптың бұдан кейінгі бағдары осы бағытта жүргізілген. Оған О.Жандосовтың тергеу ісіне тартылған Алматы облысының аудандары мен колхоз төрағаларының көрсетінділеріне қарап, ол тергеудің заңсыздығына, қинап, азаптаумен жүргізілгеніне еш күмән келтіре алмайсың. Әрі әкесі Маусымбайдың сол кезде шетелге өтіп кеткенін, ал інісі Т.Маусымбаевтің ашық қолға түсіп отырғанын, М.Жұмабаев пен Е.Омаровтың үйіне емін-еркін келіп жүргенін ескерсек, онда «шетелмен байланыс орнатты»,  «контреволюциялық ұлтшыл элементтерді өзінің айналасына топтастырды» - деген айыптарды дәлелдеудің өзі артық сияқты көрінетін.

Қызы Лариса Жұмаханқызының жинақтаған мағлұматы бойынша, 1937 жылы 15 маусым күні бірінші рет сұрақ алынады, 4 тамыз күні екінші рет шақырылады. Ал 28 қазан күні тергеудің аяқталғаны туралы хабарланады. 1937 жылы 11 қараша күні Айыптау қорытындысы жасалады. 1938 жылы 6 наурыз күні айып қорытындысымен танысып, қол қояды. Ертеңінде, яғни, 1938 жылы 7 наурыз күні:

«Кеңес өкіметіне қарсы ұлтшыл террористік-көтеріліске қатысып, шпиондық-диверсиялық қастандықтар ұйымдасытырып, Отанын сатқан халық жауы ретінде» атылды.

Арада бір ай өткеннен кейін, яғни, 1938 жылы 23 сәуір күні: Бірінші дәрежелі аса ауыр қылмыстарды біле тұрып жасырғаны үшін 1902 жылы Тамбов облысының Русанов уезінде туған, орташаның қызы, орыс, орташа білімді Татьяна Георгиевна Күдерина-Насонова Қылмыс кодексінің 58 бабының 2, 7, 8 және 11 тармақтарымен айыпталып, 2 жылға жылға Алматы мен облыс орталықтарынан тыс шалғай аудандарға (өзі Шымкент пен Жамбыл облысын қалаған) жер аударылады. Сөйтіп, екі жасар ұлымен, бір жасар қызын қолтығына қысып, өмір үшін жанталасқан күресті бастайды. Алматыға оралған соң мектепте мұғалім, ботаника институтында қызметші болып өлмеші күн көреді.

 

2.

 

Осы ретте Ж.М.Күдериннің артында қандай мұра қалғанынан мағлұмдар ету үшін  тергеуші Уәли Якуповтың (елуінші жылдардың екінші жартысында мәдениет министрінің орынбасары болған) тінту кезінде толтырған хаттамасынан үзінді келтіреміз. Онда:

«4.Қатира - 4 дана, 5. Түсірілген суреттер мен фотолар - 27 дана, 6. әртүрлі құжаттар - 20 дана, 7. Кітаптар, тізім бойынша - 65 дана, 8.Әр түрлі жазулар жазылған дәптерлер - 30 дана, 9. Әртүрлі жазбалар - 585 парақ, 10. Газеттің ескі қиындылары - 15 дана», - деп көрсетілген.

Соның ішінде қаншама құнды ғылыми зерттеулер ізім-ғайым жоғалып кетті десеңші. Оған Ж.Күдериннің елге қайтып оралған екі жылдың ішінде жазып, баспаға ұсынған мына еңбектерінің тізімі мысал бола алады:

Ауылшаруашылығы өсімдіктерінің аурулары мен зиянкестеріне қарсы күрес, аударма, (басылым көрмеген), 1935,

Өсімдіктердің терминдік атауларының латын, орыс, қазақ тіліндегі салыстырмалы сөздігі, ҚазФАН, 1936, қолжазба күйінде баспаға тапсырылған.

Жыланды қалай үйретуге болады және ол көзімен қалай арбайды, қолжазба күйінде қалған,

Қазақ руларының шежіресі, қолжазба күйінде Ғ.Мүсіреповке тапсырылған.

«Ауыл шаруашылығының машиналары» атты  аудармасы (1936-1937) мен «Қант қызылшасы» (1936-1937) атты кітабінің қолжазбалары баспа редакторы Қартқожа Тоғанбаевқа (Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» романының прототипі) тапсырылған. Қ.Тоғанбаев қолға алынғаннан кейін қолжазба жоғалған. Үкіметтің тапсырмасы бойынша жүргізілген, тоқыма өндірісіндегі мәні зор кендір (көктарақ, қожакендір, сора) талшықтары жөніндегі көлемді зерттеуі де жарық көрмей, ізім ғайып болған.

Өкінішті, алаңға толы аз ғұмырда осыншама ғылыми зерттеу жүргізген ғалымның сан-салалы еңбектері екі бірдей қамақтың (1930-1935,  1937) кесірінен тәркіленіп (аяқталғаны бар, аяқталмай қалғаны бар) қолжазба күйінде  жарық көрмей кетті. Оған Т.Г.Күдерина-Насонованың:

«Біздің тергеушіміз Уәли Якубов екі аптада бір рет сәлемдеме апаруға рұқсат берді, екі айдан кейін кездесуге рұқсат етілді, кездесуде Жұмахан: тергеуші менің үш тиындық (атудың белгісі, бір тал оқтың қазыналық бағасы) құным жоқ екенін айтты - деді әзілдеп. Тергеуші мұны ризалықпен мақұлдады. Сондай кездесудің бірінде мен «Казахстансая Правда» газетінде Алтайскийдің аударуымен басылған ...дың «Жыландар туралы» өлеңіне назар аударуын өтіндім. Өлеңді оқығаннан кейін ашу қысқан Жұмахан қалшылдап кетті, демек ол өлең оның материалының негізінде жазылған болып шыққаны ғой. Сөйтсем, тінту кезінде алынған жыландар мен дін туралы жазған материалдары жинақталған «Қара дәптері» жоғалып кетіпті. Тексерткенімде тінту кезінде жасалған тізімінде жоқ болып шықты. Тергеушінің іздегеніне қарамастан, ол дәптер сол күйі жоғалып кетті», - деген өкініші дәлел.

Ал қысылған кезде тергеуші Уали Якупов қайтарып берген сирек кітаптарды Ж.Күдериннің Ташкентте оқытқан шәкірті С.Кеңесбаевқа ұсынған. Соның ішінде «Салыстырмалы сөздіктің» қолжазбасын да өткізеді. 5 жыл өткеннен кейін академик: «Қолжазбаның уақыты өтіп кеткен. Маңызын жойған», - деген сылтаумен, 640 сомға бағаланған сөздіктің қолжазбасының ақшасын төлемей, Сарым Жұмаханұлы Күдеринге қайтып берген. Ал бұл ғалымның 70 баспатабақтық фразелогиялық түсіндірме сөздігі әр тұста жариялым көргені белгілі. Ол еңбектің обалын да өзімен бірге ала кетті.

Қара дәптер. Дін мен жыланның арбауын көркем тәсілмен салыстырып жазылған сатиралық шығарма. Бұл шығарма ғылым мен тәжірибенің, қаламгерлік пен ғалымдықтың түйсіну шегінде орындалған еңбек. Ол Орта Азия Мемлекеттік университінің қабырғасында жүргенде жыландардың өміріне, олардың мінез-құлығына бақылау жасап, байқағандары мен жүргізген тәжірибелерін шақпақ жолды қара тысты дәптерге түсіріп отырған. Ол үшін Ж.Күдерин өзінің пәтерінде жыландардың ордалы жымын (террариум) ұстаған.  «Қара дәптер» аталып кеткен бұл дәптердегі жыланжардың арбау әдістері мен барлық бағыттағы діни уағыздар мен зікірлерді жарыстыра отырып, философиялық, танымдық, психологиялық салыструлар жасаған. Әрі ғылыми, әрі танымдық, әрі көркемдік маңызы терең, орындалуы тосын бұл «Қара дәптерге» С.Сейфуллин пікір білдіріп, «Көкшетау» дастанында Жұмаханның атын атап өткен. Айдаудан қайтып келген кезде онымен М.Жұмабаев та танысып, оның бұл туындысына жақсы пікір білдірген. Бұл туынды екінші реткі жүргізілген тергеу тұсында тәргіленіп, жоғалып кеткен. Сол дәптермен бірге Ж.Күдериннің өмірінің соңғы жылындағы еңбектері жарияланбай қалған.

Өкінішке орай, қазақ жаратылыстану ғылымдарының алғашқы қарлығашының бірі, зерттеулерінің өндірістік мәні бар, нақты қолданымға түскен, күні бүгінге дейін жолға қойылмаған және аттары мүлдем ұмытылып бара жатқан өсімдіктер мен зоологиялық терминдердің атауларының авторы Жұмахан Күдериннің есімі ғылым саласында ғана емес, сонымен қатар бірнеше рет әр түрлі жобалар арқылы басылым көрген Алаш туралы энциклопедиялардан да орын алмай келеді. Жаратылыстану туралы оқу құралдары мен аудармалардың авторы. Оның бір мысқалын марқұмның қызы өз қаржысы есебінен тоқсаныншы жылдардың басында бастырып шығарды.

Жұмахан Күдериннің өзі түгілі бір жасқа толар-толмаста әкесінен жетім қалған ұлы Сарым Жұмаханұлы Күдерин де қазақ ұлтының рухани тарихынан алатын орыны ешқашанда ұмыт қалатындай жөні жоқ тұлға. Сарым Жұмаханұлы Күдерин - қазақтың тұңғыш кәсіби альпинисі, 1962 жылы 25 жасында альпинизм саласы бойынша СССР чемпионы атанды. Ал 1963 жылы 14 шілде күні 11сағат 20 минутта Кавказ тауының Сванетия шыңдарының Чатын -Тау мұздағында 6 адамнан тұратын Лев Мышляевтің командасының құрамында қаза тапты. Сарымның есімін мәңгі қалдыру мақсатында Алматы аңғарындағы шыңға Күдериннің аты берілді. Ал оның шәкірттері Э.Ильинский, Ю.Голодов, В.Хрищатый 1982 жылы кеңестік тұңғыш құраманың қатарында Гималайды бағындырды. Шәкірттері өздерінің тұңғыш жаттықтырушысы Сарымның суретін ала барып, Эверес шыңын ұшар басына ескерткіш ретінде белгі етіп қалдырды. Рухы асқар да асқақ Сарымның денесі Чатын-Таудың мұздағында мәңгі қалды. Ұлының рухына жыл сайын тағзым етіп тұрған анасы Т.Г.Күдерина - Насонованың өсиеті бойынша Лариса Жұмаханқызы Күдерина мен немерелері анасының күлін Сванетияның асуынан асып барып мұздақтың түбіне жерлейді. Денесі қай жерде қалғаны белгісіз әкелерінің де прортрет тақтасын сонда ескерткіш етіп орнатады. Міне, өр рухты намыс иесінің рухы да әлемнің ең биік шыңдарында асқақтап тұр.

Алаш жасағының майдангер сардары, алаштың тәуелсіз ғылым идеясын мақсатты түрде тікелей өндіріспен байланыстыруға ұмтылған, бүгінде аты алаш қайраткерлері туралы анықтамалардың өзінде аталмай жүрген, аягөздік, үржарлық жерлестері де ұмытқан әмбебап ғалым, тағдыры кеңестік жазалау жүйесінің «қара дәптеріне» жазылған Жұмахан Маусымбайұлының тағдыры, міне, осындай. Тек сенімді жардың, Сарым және Лариса сияқты намысты үрімінің әке әруағы алдындағы тағзымының нәтижесінде ғана, артында із қалдырғаны көңілді жұбатады. Қаламгер Табыл Құлиястың мәліметінше, қазір Лариса Жұмаханқызы Мәскеуде тұрады, Россия Академиясының мүше-корреспонденті, аймақаралық «Феникс» қорының президенті. Әкесі туралы отыз жылдан астам жиған деректерінің басын біріктіріп, дербес кітап құрастыруды ойластырып жүр. Жұмахан Маусымбайұлы Күдериннің тауқыметті тағдыры сонда толық ашылады, ғалымның еңбектері жинақталып, дербес басылымға ие болады - деген үмітпен әфсанамызды аяқтаймыз.

(Жалғасы бар)

«Abai.kz»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377